• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ТЕЗЕК ТӨРЕ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЗАМАНЫ

Жандарбек ҚАРАБАСОВ, 

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі    

Егеменді  ел болып, етек-жеңімізді жинап,  әлем көшінің бел ортасында келе жатқанымызға да отыз жылға аяқ басты. Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай «мың өліп, мың тірілген қазақпыз». Осы Ұлы көште қазақ сахарасында небір саңлақтар өмір сүрді. Солардың бірі, бірегейі – Тезек төре.

Кешегі Кеңес үкіметінің идео-логиясының арқасында  Тезек төре сияқты саңлақтарымызды бай дедік, жау дедік, жайдақ атқа теріс мінгізіп атой салдық. Себебі, бай-бағлан, би-болыстарды  халыққа құбыжық қылып көрсеттік. Оларды қара халықтың қанын сүліктей сорған қанаушы тап өкілі, олардан ешқандай игі-жақсылықтың шығуы мүмкін емес-деген қағиданы санамызға сіңірдік.

Шүкір, егемендігіміздің арқасында сең сөгіліп, өткен тарихымызды зерделейтін дәрежеге жеттік. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында: «Біз төл тарихымызда тағдырдың түрлі сынынан әрдайым сүрінбей өттік»-деуінің өзінде көп мән-мағына жатыр. Өткен тарихымыздың терезесінен сығалайтын болсақ, Тезек төре сынды тұлғаларымыз алмағайып заманда өмір сүрді. Бір шеті отарлаушы Ресей мемлекеті, қылышын сүйреткен Қоқан хандығы және көзін алартумен болған Шың мемлекеті. Елу сегіз жас өмір сүрген ол, Албан елінің сұлтаны бола отырып өзінің саясатын ұстанды, қазаққа бүйрегі бұрды, артында қаншама аңыз-әңгімелер қалды. Ол қазақ тарихы мен әдебиетінің төрінен ойып орын алған тұлға десек артық айтпағанымыз болар.

Қазақтың біртуар ұлдарының  бірі  Дінмұхамед Қонаев Тезек төренің рухына бас иген. Оның нұсқауымен жетелі азамат Әріпбай Алыбаев 1970 жылы Тезек төренің бейітін қоршайды.

 

 

 

Қонаевтың: «Мына жерде кім жат-қанын білесің бе? Бұл жерде өзі ақын, өзі батыр,өзі философ осы Жетісудың аға сұлтаны – хан Тезек жатыр. Егер хан Тезек болмаса ақын Түбек те, Сүйінбай да, Бақтыбай да белгісіз болар еді... » (Ә. Алыбаевтың естелігінен).

Дінмұхамд Қонаевтың Тезек төре жайын-дағы төмендегі естелігіне көз жүгіртетін болсақ: «Рас, менде жұмыр басты, екі аяқты пендемін. Мен де ет пен сүйектен жаратылғанмын. Өткен күндерге ой жүгіртіп, әрбір қадамымды таразыға салған жайым бар. Шығыс даналығы: басқыштың төменінен бір-бірлеп басып қана жоғары шығуға болады дейді. Мен биікке осылай көтерілдім. Баз біреудің:

Жанашырың болмаса          

Жатпен жалғыз жүрмеңіз.

Қостаушыңыз болмаса,

Біле тұрып,білмеңіз, – деген сөзіне иланған емеспін, иландырғым да кел-мейді. Илану деген сөз өзіңді-өзің алдау деген сөз. Бәлкім, белгілі мөлшерде осы жерде бұл «гимнге» айналса, оған қоғамдық құрылысты құрбандыққа шалып, жеке адамдарды қолында мөр, билік бар басшыларды сырт айналып өтіңіз деп айтудан аулақпын.

Тезек төре ұрлық қылған бір топ жігітті дарға асқалы жатқанда Кебекбай деген би топ ішінен суырылып:

– Дат! Ау, төре менің бір сұрағым бар депті, – депті.

– Айт

– Айтсам,су басынан тұна ма, әлде аяғынан тұна ма ? –деп сұрапты.

– Аяғынан су тұнатын ба еді, басынан тұнадыда! – деп жекиді. Сонда Кебекбай:

 – Олай болса, төрелігіңе құлдық, елдің төресі бола тұрып алдымен ұрлықты өзің жасайсың. Елде ұрлық-қарлық тиылсын десең, алдымен жазаны өзіңнен бастау керек,– деген екен. Жөн сөзге тоқтамау арсыздық. Мен өзіме қатал сын көзбен қарауға ұмтылдым. Өзімнің өмір жолыма өкінбесем де, халық сенген, партия аманат еткен қызмет мінсіз болды дей алмаймын...» (Дінмұхаммед Қонаев. «Ақиқаттан аттауға болмайды». Алматы, «Санат», 1994 ж. 286-бет).

Албандар мен Суандардың билеушісі Хакімбектің ауыр науқастан қаза болуына байланысты аға сұлтан болуға өзара таласқан Адамсат Ибақов пен Тезек төре болды. Тезектің аға сұлтан болуы тегіннен-тегін емес, ол қазақ ішінен шық-қан ықпалды адамдармен қатар орыс ұлықтарыменде өз дәрежесінде тіл табыса білгені анық. Соның бірі капитан Гутковский еді.

Тезек төренің Албан мен Суан руларына сұлтан болғаны жайына келетін болсақ, капитан Гутковский 1850 жылғы 11 майда  Батыс  Сібір генерал-губернаторы  князь  Горчаковқа жазған рапортында:

 «Аға сұлтан Хакімбек қайтыс болғаннан кейін, Албан болыстарына басшылық жасау Хакімнің өмірінің соңғы жылдарында-ақ барлық істерімен  айналыса бастаған Тезек сұлтанның қолына көшті. Қайтыс болған сұлтанның балалары, олардың ең үлкені Дүрәлі 16 жаста, оның  бауырлары мен туысқандары  Тезекке бағынады. Егер оны Омбыға шақырып, жеке кездесетін болсаңыз, Жоғары мәртебелім, оның ақылы мен қызметіне өзіңіздің  көзіңіз жетеді. Албандардың билері маған Тезекті аға сұлтан етіп тағайындау жөнінде өтініш білдіреді. Хакімбекке Албандар және Суандар бағынышты болатын, бірақ мен Қапалға келгеннен кейін, Қытай шекарасында көшіп-қонатын Суандардың сұлтаны Адамсат Ибақов менен өзінің болыстарына Албандардан бөлек жеке басшылық жасауға рұқсат етуімді жазбаша түрде сұрады. Жалпы  жағдай белгісіз болғандықтан және мұндай рұқсат беруге өзімді құқылы санамағандықтан мен Адамсаттың өтінішін орындаудан бас тарттым. Суандар мен Албандар арасындағы осы кикілжің Хакімбектің орнынан Аға сұлтанды тағайындауда қиындық туғызады, бірақ олардың біріншісі Қытайдың шекарасында орналасқан, ал екіншілерінің Тезектен және Хакімнің туысқанынан ақылы мен жасы халықты басқаруға жететін басқа сұлтандары жоқ. Жоғары Мәртебелім, Албандардың аға сұлтандығына Тезек Нұралиевті тағайындасақ, сұлтандарға біздің атымыздан ықпал етуге оның ақылы мен ықпалы жететіндігі пайдалы болар еді.Қытайлықтарда Тезек сұлтанға өз істері бойынша қатынасады және экспедиция уақытында жолсерік болған бұл сұлтан ешқандай күдік туғызған (РФ ООММ. 366 қор, 1-тізбе, 236-іс) жоқ. Сонымен қатар, жастайынан Ұлы жүзді билеп аға сұлтан болғаны жайында 1879 жылы «Туркестанские ведомости» журналында  Тезек төре қайтыс болғанда жарияланған қыздарының айтқан жоқтауында:

«Отыз беске келгенде

Ұлы жүзді билеген.

Шарапаты болмаса,

Залалы жанға тимеген, – дегеніне көңіл аударсақ  Тезек  төре жастайынан ел басқару ісіне етене араласады. Ол кез шытырман шырғалаңы мен бұлтарыс бұралаңы бар ауыр кезең еді.

«Туркестанские ведомости» атты газетте  «Тезек төре үкіметке әр түрлі қызметтер көрсете бастады және қызметін зор ынтамен атқарғаны үшін жыл сайын марапаттаулар алып отырды» – деп атап көрсетілген. 1848-1849 жылдары құрмет шапандарын және қымыз құятын күміс ожаулар, 1850 – жылы «Ынтасы үшін» атты алтын медаль алған.  Жыл сайын 343 сом ақы алып отырған (Туркестанские ведомости, 14-августа, номер 32, стр 126-128). Келесі бір деректерде Тезек төренің «тәйжі» лауазымын алғаны айтылады. Қытай  үкіметі қазақ ақсүйектерінің кейбіріне тайжі деген лауазым шенінде берген. «Тәйжі» бұрындары моңғол,  тибет сияқты халықтардың хан әулетіне берілсе, Цин патшалығы бұл лауазымды алғаш рет қазақ хандарының ұрпақтарына берді, уақыт өте келе қарадан шыққан ел билеушілеріне де береді. Бұл лауазымды қазақтар арасында 1772 жылдан бастап атала бастаған (48) Тезек  төреге 3-дәрежелі тәйжі лауазымы берілген. (А.Махаева. Тойшыбек би және оның заманы, Алматы, «Баянжүрек» 2006 жыл. 49-50 беттер).

Тезек төре жайлы жағымды деректерді Шоқанның достары, орыс ғалымдары П.Семенов-Тянь-Шанский мен А.Г.Гейнс қалдырып кеткен. Мәселен, Тезек төрені барынша құрмет тұтқан саяхатшы П.Семенов  Тань-Шаньский «Путешествие в Тянь-Шань 1856-1857 годах» атты еңбегінде дулаттар мен албандар арасындағы туындаған бір дауды Тезек төренің шеберлікпен шешкенін таңғала отырып баяндайды. Бұл дау сол жылы Алатаудың бөктеріндегі Талдыбұлақта отырған дулаттардың аға сұлтаны Әли Әділов ауылында өтеді. Талдыбұлақта бұқар кілемдерімен  көркемделген арнаулы  сегіз қанат үй  тігіліп, бір  жағына Тезек төре мен жақтастары албандар, ал екінші жағына Әли Әділовпен оның жақтастары дулаттар жайғасады. Екі жақтан да аузы дуалы би-шешендер, батырлар қатысады.Қаралатын мәселе – албанның жігіті құда түсіп, қалыңмалы төленген дулаттың атақты қазағы Байсеркенің 19 жасар қызы тұрмысқа шығудан бас тартады, екі ру арасында дау туындайды. Албандар жағынан сөз алған Атамқұл,Мамайлар қалыңдықтан айрылу – ата-салтты бұзу,  бүкіл руды масқаралау деп отырып алады. Дулат жақтың биі Жайнақ Қараталов екі жақ құдаласқанда қызымыз бәйбіше болады деп атастырған едік, соған қарамай күйеу жігіт келісімді бұзып үйленіп алды, қызымызды бәйбішенің үстіне тоқалдыққа алмақшы-деп дес бермейді. От ауызды, орақ тілді Жайнақтың шешімін Үлкен Орданың приставы М.Д.Перемышльский де және географ  П.П.Тян-Шанский де құптайтынын айтады. Даудың шешімі осылай тұйыққа тірелгенде, Тезек төре орнынан көтеріліп, өзінің билердің сотына араласуға құқығының жоқтығын айтып, бірақ  бұл даудың өзі  басқарып отырған руға қатысты екенін айта келіп, пікір білдіру міндетті екендігін жеткізеді. Ол күйеу мен оның ата-анасына қалыңмал қайтарылып, құн төленгені, ал бұдан өзге рудың абыройын сақтау үшін қыздың ағасы, осы жиынға қатысып отырған Диқанбай биге де құдаласқан албанның қызынан бас тартқаны, бірақ, оған құнсыз тек қалыңмалы ғана қайтарылғаны дұрыс деп есептейтінін айтады. Төренің ұсынысы бірауыздан мақұлданып, Диқанбай келісімін бергеннен соң, албандық күйеуге 100 жылқы, Диқанбайға 50 жылқы төленеді (Семенов Тянь-Шаньский «Путешествиев Тянь-Шань в 1856-1857 годах. Москва. Гос.издательство географической литературы.1958. стр 160-164).

Орыстың келесі бір шенеунігі Гейнс.А.К 1865 жылдың 31 қазанындағы Тезек төремен алғаш кездесуін өзінің күнделігінде: «Бүгін таңертең бізге албан руының сұлтаны Тезек келді. Ол ұлы жүз ішінде өте ықпалды адам. Ол полковник мундирінде болды. Тезек ұзын бойлы емес, оның жылтылдаған көзі үй ішін тез кезе қарап отырды. Ол тез әрі ақылмен сөйлейді. Біз Тезекті түстенуге шақырдық. 1 қазан. Таңертең Тезекке бардық. Ол өз ауылымен күздеуде отыр. Оның қыстауы күздеуден отыз  шақырымдай қашықтықта. Сұлтанның ауылы Алтын Емелдің асуынан онша  алыста емес, бір қолат аңғардағы бұлақтың басында. Тау сол арадан бірден басталады. Алтын Емелде екі асу бар: біреуі қазір қасында отырған Жаман Алтын Емел; екіншісі солтүстік-шығыстау жатқан Жақсы Алтын Емел, алдыңғысынан жолы жақсылау. Сұлтан ордасының жақын маңына бізге арнап үй тігіліпті. Көп кешікпей Тезек келді. Кішкене күттік те біз оның үйіне беттедік.Оның үй-іші өзге де ауқатты қазақтардың үйінен ерекшеленбейді. Тек кереге басына іліп қойған сан түрлі қарулар бар. Мұнда Тулада жасалған қосауыз мылтық, оқпаны күміспен күптелген өте көне штуцер, қисық қылыш, жебе толы қорамсағымен садақ және екі айбалта ілулі тұрды. Мен барлық қаруды қарап шықтым. Айбалта өте жақсы жасалған. Киіз үйде бізді Тезектің бәйбішесі қарсы алды, оның төрт әйелі бар. Бәйбішенің қасында әдемі, бірақ беті  ұйпаланыңқыраған қызы және сары қытай шапанын  киген бет аузы сатпақтау ұлы отырды. Аман-саулық сұрасқан соң, Тезектің қарындасы Шоқан Уалихановтың жесірінің үйіне кірдік. Біз оған күйеуінің ерте кеткендігіне өте өкінетінімізді, тірі болса, ақылымен және мәліметтерімен бізге өте пайдалы болатындығын айтып, шын жүректен көңіл білдірдік. Жесір, сірә, қайғыдан қайысып отырған болар, бірақ босамады, жыламсырап пысылдамады. Түсі жылы әйел екен...

Тезектің қарындасының күйеуі қа-зақтың біртуар ұлдарының бірі – Шоқан Уалиханов Тезекті жек көрмеген, жөні келсе, оны жақтаған, қорғаштаған. Оған  Шоқанның 1865 жылы, 14 ақпанда Г.П.Колпаковскийге жазған хаты дәлел. Бұл хатында Шоқан қытайлардың Тезек жайлы жазбасын аударып жазады. Онда оның қытай мен орыстың арасындағы ынтымаққа нұқсан келетін әрекетке бармағандығы айтылады.(Бексұлтан Нұржекеұлы, Тезек төре, Жалын баспасы, 113 бет)Тезектің өз замандастарының арасынан тек өзінің шығу тегі жағынан емес, жеке қасиеттерімен көтерілгені анық. Бұл жерде оның төленгіттерінің қолдауы зор болды. Ұлы жүздің басқа ешқандай сұлтаны мен рубасшыларында Тезек төренікі сияқты бір жарым мың адамға жететін отряды болмаған (Ш.Уалиханов, 4 том,  Алматы 1985 ж, 112 бет).

Орта Азияға орыстардың алғашқы жорығының бастауындай болған  Қо-қандықтармен  болған Ұзынағаш шайқасы 1860 жылы 18-21 қазанда Ұзынағаш түбінде,  Қарақастек өзені бойында өтті. Бұл шайқасқа орыс әскері қатты дайындалды. Дулаттардың жартысының қоқандықтар жағына шығуы Г.Колпаковскийді қатты алаңдатты. Соған байланысты ол  Ұлы жүздің  соның ішінде Албан, Суан руларының атқамінерлеріне хат жазып көмек сұрайды, түскен олжаны түгелімен қазақтарға беруге уәде етеді. Г.Колпаковский Алматыға тұтқынға алармын деген оймен Тезек және Жанғазы төре секілді өзі күдіктенген, бірқатар адамдарды шұғыл шақыртады, бірақ олар шайқас аяқталар тұста ғана төбелерін көрсетеді (А.Махаева. Тойшыбек би және оның заманы, Алматы, «Баянжүрек» 2006-жыл. 156 бет). Тезек төре орыс әскерінің құрамында қоқандықтарға қарсы күресіп Тоқмақ, Бішкек бекіністерін алуға атсалысады. Дегенмен Ресей билігіне қызмет көрсеткеніне қарамастан Тезек төре Жетісудағы патша әкімшілігінің «өз адамына» айнала алған жоқ-тын. Өмірінің соңына қарай патша әкімшілігінен қудалау көреді, құпия түрде бақылау қойылады. Г.Колпаковскийдің Түркістан өлкелік әскери басқармасына 1868 жылы 16 мамырда   жазған №168 рапортына көз жүгіртсек: «Бізге келіп жеткен, бірақ әлі тексерілмеген мәліметтерге қарағанда, Ыстықкөл уезіне Жақыпбектің  екі топ әскері келмекші. Оларды біздің бұғылар өздерінің салтына сәйкес күтіп алмақшы. Әсіресе, Жақыпбекке ат сыйламақшы. Осыған байланысты Қапал уезінің бастығы хабарлағандай, поручик Ғазы Болатұлы Уалиханов сұлтан қазақтардың арасында орыс күшіне сенімсіздік тудыратын сыбыс таратуда. Ал, Борохудзир әскери бастығы берген 1868 жылы 10 мамырдағы мәліметте, Жақыпбек Қапал мен Верный уездеріндегі қазақтарға, оның ішінде полковник Тезек сұлтанға орыстарға қарсы көтеріліске шақырған үндеу қағаздарын таратқан. Үндеу қағазына Тезек  сұлтан ниеттес болып, жергілікті болыстарды Көксу,Қарабұлақ сияқты орыстар қоныстанған елдімекендерге маусым айында шабуыл жасауға барынша көмек көрсетуін сұраған. Тезек төренің Іленің жағалауына өткен қоңырбөрік, суан рулары арасында Жақыпбектің осы үндеу хатына орай жүргізген насихаты аталмыш руларға қатты әсер еткен». Патша үкіметінің тәуелсіздікке ұмтылған Шығыс  Түркістандағы түркі-мұсылман халқының азаттық күресінің бір арнаға  тоғысып, күш алып кету қаупі де мазасыздандырды. Тезектің де  Жақыпбекке ниеттес екені және Қытайға көшуге жиналып жатқаны Колпаковскийге Қапал уезінің бастығы, Алтынемел болысы Бейсенбі Медетовтың жеткізген мәліметінің негізінде аян болды. Осы хабардан кейін Жақыпбекпен достық қарым-қатынаста болды деген қазақ, қырғыз билеушілерінің, батырлары мен билерінің басым көпшілігі тұтқынға алынып, түрмеге жабылады да, Тезек төре мен Ғазы Болатұлы Уәлихановтың және қырғыздың Тілекмет, Нұрдәулет, Мұратәлі, Шоңғараш атты манаптарының артынан бақылау қойылады (Д.П.Қожамжарова,  Известия НАН РК,  Серия общественных наук. 2009 г. н-р 6. Стр 108).

Тезек төренің ел басқару ісімен қатар құдай көкірегіне құйып берген өнері –ақындығы. Ол сайын даланың  ақындарын танып білген, сөз таластырған, әділ сөзге тоқтаған, өз кінәсін орынсыз бүркей бермейтін турашыл болса керек.Қазіргі таңда  бізге Тезек төренің Түбекпен, Бақтыбаймен,  Сүйінбаймен және т.б айтыстары, сөз қағытулары жеткен.

Тезек пен Түбек ақынның марқұм Мұқаш Байбатырұлы жырлаған оқиғасы қызықты.

Бір жылқышы жігіт көл жағалап келе жатса, алдынан сайтандай сарыала қаз ұша жөнеледі. Барлап қараса жарқабақта оның  інге ұқсас ұясы бар екен. Онда жатқан үш жұмыртқаның жаңа жарылған біреуінен иттұмсық, жарғақ құлақ күшік сияқты бірдеңе көрінеді. Айнала ұшып кете алмай жүрген итала қазға қарамастан жігіт күшікті орап қойнына тығып, қалған екі жұмыртқаны қалтасына салып атқа қонады. Үйге келісімен жер қазып, інге салып бағады. Алғаш әйелі «ит емес»  деп сенбейді. Ал баласы бауырын көтергеннен – ақ күшікті қолынан тастамай, құдайдың құтты күні бірге ойнайтын болады. Бір қар басып, жыл асқанда әлгі  ит көзіне көрінген аңды құтқармайтын нағыз құмай тазының өзі болып шығады. Бөкен көрсе таңын айырып, таутеке көрсе тілерсегін қырқып, төңіректен қасқыр, қарсақ, түлкі дегенді қоймайды, тіпті құсты да құтқармайды.

Күндердің күнінде құмайдың дабысы Тезек төренің де құлағына жетіп, тазы иесіне ол әуелі «сынап көр» деп, жақын жігітінің бірі Төребайды жібереді. Құмайды бір көргеннен-ақ ұнатқан ол иесін төренің ауылына шақырып кетеді. Хан шақырса кедей байғұста не шара, ізінше тазысын ертіп келіп, сыр-сипатын түгел айтып береді. Осы құмайды ендеше «ханға қи» деп, қолқа салған соң жылқышы жігіт қарғысына отыз қой көгендетіп, ат мініп, түйе жетектеп ауылына қайтады.

Құмай қолына тиген соң сұлтан күмістен қарғы тақтырып, мамық төсекке жатқызып, арнаулы адамға баққызып, оны аңға қосады. Алғыр қыран, жүйрік ат ұстап, саят құруды жақсы көретін төренің даңқын құмай тазы тіпті дүрілдетіп жібереді. Бұл сыбыс атасы Әділдің өзі аса ардақ тұтқан Түбек ақынның құлағына тиіп, тазыны қалап алғалы арнайы жолға шығады. Оның қандай себеппен келе жатқанын алдын ала білген Тезек қарт ақынды сөзден тосып, түлкі бұлаңға салып бұйымтайын бермес үшін әйгілі «Құланаян Құлмамбетті» әзірлеп қояды. Алайда танымал тарлан жасы тоқсанға тақап қалса да шабысынан танбаған екен,  Құлмамбеттің қадамын аштырмай, тарпып тастайды. Айтыстың ауаны қайда ауып бара жатқанын бірден сезген сұлтан:

«Абайла бұдан былай, Құлмамбетім, кәрі айғыр жас айғырды қалай қуды» – деп шыдамай, сөзге араласып «Найманнант түлеп келген» Түбекті қадір тұтатынын айтып, жол-жорасына бір тоғыз, бір қыз атайды.

  Базынасы бар жерде өтетін кәрі көкжал «бір тоғызбен бір қызға ертоқымды тұлпар мен бұлғын ішік және құмайды қос» деп салады. Сонда сұлтан оны:

Тәубаңнан бүйте берсең жаңыласың,

Көрмесең хан Тезекті сағынасың.

Төреден ит алды деп ел күлмей ме,

Құмайды аузыңа алып не қыласың,– деп қағытады.

Үш жүзге даңқы жайылған, діттеген жеріне жетпей тынбайтын Түбек уәжге тоқтамай, болмаған соң Абылайдың аруағын алға салады. Атасының аруағы ауызға алынған соң Тезекте одан әрі салғыласпай:

Қайтеді алды артыңызға қарасаңыз

Тоғызда бір талай мал санасаңыз.

Аруақтан құмай тұрсын құл садақа,

Алыңыз, шыныменен қаласаңыз,– деп қимастықпен құмайын береді. Бұл төренің тектілігін танытатын шын мәніндегі мәрт мінез (Сарбас Ақтаев. Ақиқат ж-ы 5, 1998 ж. 69 бет).

Бақтыбай мен Тезек төренің айтысына тоқталатын болсақ, Бақтыбай он алты жасында Тезек төренің ордасына келіп, домбырасын сабалап :

...Үш жүзге Абылайлап шыққан атың,

Ешкімге білінбеген жаман затың.

Кембағыл алдыңызға келді көдек,

Алла жар білесіз ғой жетім хақын.

Шешен де тіл, шеберде мін бола ма?

Нашардан шығатұғын үн бола ма?

Ақ сүйек хан иемнің тұқымы едің,

Бір аттар босағаңнан күн бола ма?-деп ала жөнеледі.Сонда ашуға булыққан Тезек төре: «Шаңқай түсте ақырып тұрған кім екен  басын кесіп әкелің» – деп екі жендетін жұмсап жібереді. Әлгі екеуі он алты жасар Бақтыбайдың алдына келсе, ол: «Мен Төрені жамандағам жоқ, мақтадым, жазықсыз  басымды неге алады? Басымды алса бір құдай ғана алады – дейді. Оны естіген төре одан бетер ашуланып ақынды ордаға алдырады, екі жендет дедектетіп оның алдына алып келгенде: «мына құдаймен сөйлесіп отырғанның басын алыңдар» – дейді. Сонда Төренің оң жағында отырған Қожбанбет би: «Алла жар, арызыңды айта отыр» дегеніне Бақтыбай: «Алла жар, Бақтыбайдың сөзі құрдас болмағанымен, сөзі құрдас шығар, аз-маз сөйлетіп көрерсіздер пақырыңызды»–деп қасқайып  төре мен биге кезек қарайды. Баланың сөзіне  тоқтаған Тезек төре райынан қайтқандай болып, сөйле, сөйле сөзіңнің түрін көрейін дейді. Ештеңеден тайынатын түрі жоқ Бақтыбайдың сонда Тезек төреге көпшік қойып айтқаны:

... Айналайын, хан Тезек!

Сөйлеші тілім, сөйлеші,

Соры қайнаған сен безек.

Қаңғимын деп қу тілім,

Қу жанға келді бір кезек – деп басталған толғауын айта жөнеледі. Өзіне арналған мақтау өлеңді естігенен кейін Тезек төре: «Бақтыбай, сен нағыз ақын екенсің, оған көзім жетті. Сен  мына Жарылқамыс деген сорлының    мен тартып алған әйелі  алдыңда отырған Дәнекерді мақта»- дейді. Оған қосыла Қожбанбет биде сен Ескелді бидің ұрпағысың, өтірік айтпа, шыныңды айт-деп жармасады. Бақтыбай :

...Қыранда қыран деме ізі шыққан,

Жүйріктің нарқы бөлек түзден

шыққан.

Биеке-ау Дәнекерді мақтамаймын

Секілді бедеу бие бізден шыққан.

...Тайдырды сізді біраз адамдықтан,

Дәнекер адам емес, адалды ұққан.

Міні көп айта берсем таусылмайтын,

Сұм жанын семірткен бұл жамандық-тан – дегенде Дәнекер сұлу көзіне жас алып далаға ата жөнелген екен. Сонда керегеде ілулі тұрған қара домбырасын алып Тезек төре: «Қызталақтың баласы ақын неме екен ғой. Екі ауыз жұмбақ айтамын, шеше алмаса өлгені» деп жұмбақ айтысты бастап кеп жібереді. Тезек:

Сен бе едің, бәрекелді Бақтыбайым!

Бәтшағыр білемісің төрең жайын.

Сен өзің ақын болсаң, осыны біл,

Кім еді толықсыған Күн мен Айың?

Бақтыбай:

 Хан Тезек, тегі Абылай Солтанайым-ай,

Қақ жарған сансыз топты торқалым-ай!

Сөзге келген соң айта салдым

Алла жар, өлемін деп қорқамын ба-ай.

Тақсыр-ау, көзің көріп мақтамаймын

Күн мен Ай жалғыз өзің – шолпаным-ай!

Таптың, бірақ адастың! – дейді.

Тезек бәрі Әділден тарағанымен бәйбіше баласы Солтанмен аты қатар аталғанын ұнатпай, домбырасын қолына алып төпелеп төгілте жөнеледі:

Хан Тезек – үлкен асқар бел емес пе,

Мұхиттың дариясындай көл емес пе!

Солтаның қу жел қайық болған шақта

Хан Тезек мың кісілік кеме емес пе.

Солтаның жәй төмпешік болған кезде,

Хан Тезек сары доңғал дөң емес пе.

Солтаның жерде қалған тері емес пе,

Хан Тезек сілкіп соғар жел емес пе!

Солтаның қотыр тоқты болған шақта,

Хан Тезек бір-ақ қылғыр бөрі емес пе!

Адастың айтар сөзден Бақтыбайым,

Қызталақ, өстіп айтсаң жөн емес пе?!

Дәл осы арада Бақтыбай төрені осал тұстан ұстап, жаңсақ айтқанын еппен ғана білдіреді:

Сөйлеп едім жөнделіп,

Алдыңызға мен келіп

Ұстай алмадың, тақсыр-ай,

Ақылыңды меңгеріп.

Кімнен көрдің кемшілік

Солтанды адал мал қылып.

Өз басыңды таң қылып.

Боқ жейтін итке теңгеріп, – дегенде әділқазы болып отырған Қожбанбет:

 – Алдияр, Бақтыбай жеңіп кетті.

Құранда «пейішке бірінші балық, екінші қой барады» деген. Ал қасқырдың тегі – ит, ол тозаққа ғана барады. Бақтыбай оған сізді қимай отыр, – депті. Сөзден ұтылғанын төренің өзі де мойындапты. Осыдан кейін Тезек төре Бақтыбайға ханшалары (қыздары) туралы айтуын сұрайды. Сонда Бақтыбай:

Ханшалар хан Тезектен туғаннан соң,

Қазақ жоқ бүгін саған беттейтұғын

Бетіңді жұпарменен жуғанан соң,

Беліңді жібекпенен  буғаннан соң,

Ханша деп атақ алдың, сығыр тәңір,

Төреден мына тұрған туғанан соң.

Сонда Тезек төре: «Қожбанбет, мен сияқтанған төре туады, сен сияқтанған би туады. Қайтпай-қажымай, ойындағы сөзінен жаңылмай айтатұғын Бақтыбайдай ақын тумайды. Нағыз айтқыш, батыр Бақтыбай өзіңсің. Сенен кім батыл айтады. Алдыңа қазақ түсе қоймас. Мені әділ төре дейді, басқа ақындар қорықса да, сыйласа да, сен шындықты айттың, сол Әділдің алтын босағасы ашық, жылына төреңе келіп, бір амандасып тұр. Қайыр қош батыр» депті (Айтыс. Бірінші том. «Жазушы» баспасы, 1965 ж.104-124 беттер).

Тезек төре мен Сүйінбай ақын айтысына келетін болсақ, бірде Тезектің Жылкелді, Бапау деген екі ұрысы Найман руына барып, жылқыға тигенде, Найман жылқышылары қуа соғысып, төренің ұрылары жараланып, әрең құтылып кетіпті.

Сол күні Сүйінбай Екей елінің жоғалған жылқысын жоқтап, Алтынемел тауындағы Тезек төренің жайлауына келеді. Келсе, төренің есік құлы алдынан қарсы шығады:

– Төренің үйіне барма, басың кетеді. Жылкелді, Бапау деген екі ұрысы түн қатып, аттан жаңа түсті, қолы сынық, басы жарық. Төре екеуіне долданып отыр, – дейді.

Сүйінбай үй сыртында тұрып, Тезек төренің екі ұрыны өлеңмен жерлеп, зекіп жатқанын естиді.

Тезек төре:

Абылай – арғы затым, атым Тезек,

Жан бар ма өлмейтұғын темір өзек.

Біріңнің басың жарық, қолың сынық,

Ұялмай не деп келдің екі кәзеп.

Апырым-ай, ай да көкте, күн де көкте,

Тақалдық құдай қосса, біз де бекке.

Біріңнің басың жарық, қолың сынық,

Ұялмай не деп келдің хан Тезекке...

Осы кезде: «Ассалаумағалайкум, алдияр!» деп, Сүйінбай хан ордасына кіріп келеді. Жұмсақ құс мамықтың үстінде төңкеріліп жатқан Тезек төре екі ұрысын тастай беріп, Сүйінбайға былай дейді:

 

Мен едім Абылайдың хан Тезегі,

Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.

Ордаға күл мен құтан басып кірген,

Құдайдың бұ да болса бір кезегі.

Атамды шалған қыдыр Абылайдан,

Жақсының көңілі жұмсақ сары майдан.

Шел бүркіті түстенген сары жігіт,

Сұраймын руыңды, келдің қайдан?

 Ақылы хан Тезектіқ кең емес пе?!

Жалпы қазақ баласын тегіс жисаң,

Төренің отыз үйлі жемі емес пе?!

Қара қазақ былшылдап көп сөйлейді,

Тезектің бір дегені ем емес пе?!

Сонда Жылкелді мен Бапау «киіміңді шеш!» деп тап бергенде, Сүйінбайдың Тезек төреге айтқаны:

Ұраным менің – Қарасай,

Мен – Сүйінбай!

Өлеңді Қарасайлап айтамын-ай!

Сәлемге келген кісінің атын алып,

Неден пейілің тарылды, тақсырым-ай!

Ассалаумағалайкум, Тезек төре,

Елден жылқы қоймаған кәзеп төре!

Телі менен Тентекті тыят десе,

Өзің ұрлық қыласың, әттегене! – деп  жауап қатады. Екеуі айтысып біраз жерге барады.

Тезек төре сөзге тоқтап жеңілгенін мойындайды.

– Мен жеңілдім. Бабам Абылайдың тұсында Бұқар жырау өткен екен, атам Әділдің тұсында ақын Түбек өткен екен. Менің заманымда сен кез келдің: мен хан екенмін, сен «сұрқылтай екенсің» деп, бір қасқа тайды сойып құдайы қылыпты. Келесі күні Тезек төре Сүйінбайға түйе бастатқан тоғыз береді. Осы айтыстан кейін екі ақын бір-бірін қадір тұтады. Ел билеген жарты патша Тезек төре Сүйінбайдың  қырғыз Қатағанмен  айтысқанда басы-қасында болады. Қырғыз ағайындарға қазақтарды ертіп өзі бас болып барады. Сөз соңын жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының келесі айтқандарымен тұжырымдауды жөн көрдім: «М.Әуезов «Айтыс өнерінің алтын діңгегі» деп баға берген Сүйінбаймен,атасы Әділдің «сұрқылтайы» болған Түбекпен, Құланаяқ Құлмамбетпен, жалайырдың жүйрігі Бақтыбаймен сөз жарастырып, ой таластырып өмір кешкен Тезекті қазақ әдебиеті ұмытам десе де ұмыта алмайды.Ол осы ақындардың бәрін де сынай білген, сынынан өткен соң сыйлайда білген. Тезек – ел тарихынан да, әдебиет тарихынан да сырт қалмайтын адам».

2648 рет

көрсетілді

6

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз