• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

АХМЕТ ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ  МЕМЛЕКЕТТІК СЫЙЛЫҚ қай күні өмірге келер екен?

Биыл аяулы Ахаңның, атақты композитор, танымал дирижер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың туғанына 115 жыл толып отыр. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп, Абай атамыз жырлағандай, Ахаң туралы сөз қозғау, Ахаң туралы әңгіме өрбіту – өзі өмір сүрген кезең ғана емес, тұтас бір ғасыр, қазақ музыка өнерінің ғажайып кезеңдері жайында сөз қозғау. Ахаңның ұшан-теңіз еңбегінің жемісін бүгінгі заманауи қазақ өнері мен мәдениеті молынан көріп келеді деп айтсақ, артық болмас. 

Ахмет Жұбанов Орта Азия елдері арасынан тұңғыш болып музыка саласынан Еуропадан (1932 ж.Римский- Корсаков атындағы Санкт-Петербург консерваториясы) білім алып, тұңғыш өнер тану ғылымының докторы, академик атанған бірегей тұлға.

Артына қалдырған өлшеусіз еңбегі мен атқарып кеткен істері ұлтымызға қыруар пайда келтіріп, халқымыздың мерейін үстем етіп келеді. 2006 жылы Ахаңның 100 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде тойланды. Туған топырағы Ақтөбе өңірінде ұлан-асыр той өтіп, облыс орталығында ескерткіші ашылды. Республика ауқымында неше түрлі ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар ұйымдастырылып, нүктесі ЮНЕСКО-ның штаб пәтері Париж қаласында қойылды. Әрине, осының бәрі Ахаңның әруағына тағзым етіп, құрметіне жасалған әрі келешек ұрпақ үшін тағылымға толы атқарылған келелі іс болды.

Кейін арада бес жыл өткен соң, көкейімде көптен бері жүрген ойымның толғағы жетіп, идеям республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің 2011 жылғы 17 санында (3233) жарық көрді. Бұл менің «Ұлы тұлғаның атында неге Мемлекеттік сыйлық болмасқа?» деген бастамам болатын. Енді осы идеям қалай газет бетіне шықты. Сол туралы баяндайын.

 2010 жылдың аяғында «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясына арнайы барып, мақаламды редактордың орынбасары, белгілі қаламгер ағаның қолына тапсырдым. Ол кісі бір шолып шықты да: «Жарайды, келесі жылы Ахаңның туған күні қарсаңында (29 сәуір) шығарамыз» деп алып қалды. Мәз болып мен кеттім. «Өлмеген құлға келді жаз» дегендей, 2011 жылға да жеттік. Ақпан айында бір хабарласып қойдым ағама, алаң болма шығарамыз дейді. «Жарайды» деп мен жүрем. Сәуір айыда басталды. Жазушы ағам болса:  «Алаң болма, жөндеп қойдым, шығады» дейді. Сонымен не керек, сәуір айының 28-і, таңертең редакцияға келейін. Ертең газеттің шығатын күні әрі Ахаңның туған күні. Қабылдау бөлмесінің қақ ортасында газеттің бас редакторы, барша қазаққа танымал Жұмабай Шаштайұлы ағамыз бір кісімен сөйлесіп тұр екен. Сол жылдары ағамыз телевидениеде «Үзеңгі жолдас» деген хабар жүргізетін. Белгілі қаламгерлер мен саясаткерлердің қатысуымен өтетін мағыналы хабар болған соң, біршама халық көріп, ағамыздың танымалдығы үстем боп тұрған кез еді.  Сөздерін бөлмейін деп, сәл кідіріп тұра тұрдым. Редактор әлгі кісімен сөзін аяқтап, кабинетіне қарай бұрылғаны сол еді «Ассалаумағалейкум, аға» сәлем бердім. Сәлемімді қабыл алып: «Маған келдің бе?» деп сұрады. Аз-кем сөйлескен соң, кабинетіне шақырды. Келген шаруамды айттым. Бас редактор дереу орынбасарын шақыртып:  «Мына жігіттің мақаласы қайда, алып келіңіз» деді. Жалт бұрылып шыға жөнелген орынбасары, көп ұзатпай бір беттік мақаламды қолына ұстатты. Жұмаға бір шолып шықты да: «Тақырыбын неге олай қойдыңыз? Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаевтан кем бе дегеніңіз бе?» деді. Менің қойған тақырыбым «Қай қазақтан кем еді?» болатын. «Білмеймін аға, кім қалай түсінеді» дедім. «Тақырыбын өзгертеміз, келісесіз бе?» деп сұраулы жүзбен маған қарады. Мен болсам «Әрине, аға» деп басымды шұлғыдым. Дереу жауапты хатшысын шақыртып, менің көзімше ертең шыққалы тұрған газет санындағы материалдарды бір түгендеп, бір материалдың орнына менің мақаламды салғызды. Айналайын ағатайым сонан соң маған қарап «Алаңдамаңыз, ертең шығады» деп шаруаны тындырып тастады. Мен болсам рахметімді жаудырып, көтеріңкі көңіл-күймен сыртқа беттедім. Расында ертесіне, дәл Ахаңның туған күні «Құрманғазы оркестрін жаратушы» деген атпен мақалам жарқ ете қалды. Осы күнге дейін Жұмабай ағама деген ризашылығым шексіз. Сонымен мақала шықты. Көпшілік қауым, әсіресе өнер мен мәдениетке қатысты жандар орынды бастама деп мақұлдап жатты. Қазақ кәсіби өнерінің майталмандары идеямды қостап газетке жазып, қолдау білдірді. Атап айтқанда: КСРО Халық артисі, Социалистік Еңбек Ері, профессор Бибігүл Төлегенованың «Ахаңның еңбегі қандай құрметке болса да лайық!» деген тақырыппен Ана тілі газетінің №31 (1185) санында, ҚР Халық артисі, профессор Базарбай Жұманиязовтің «А.Жұбанов атында сыйлық тағайындалса» деген пікірі  «Ана тілі» газетінің сәуір айындағы санында (2013 жыл), журналист Дәуіржан Төлебаевтің «Ұсыныстың мәнін ұқпағандай» деген жазбасы «Ана тілі» газетінің №46 (1200) нөмірінде, Сәлімгерей Садықовтың «А.Жұбанов есімін ұлықтай білейік» деп аталған мақаласы «Ана тілі» газетінің №12 санында (2014 жыл) жарық көрді. Ақтөбе өңірінен Ахаңның шәкірті, белгілі композитор, Ахмет Жұбанов атындағы халық аспаптары оркестрінің негізін қалаушы Қайырғали Қожамбаев ағамыз, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің директоры Имагулов Аманжол, Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияның директоры Елубай мырзалардың бастамамды қолдап жазған мақалалары да осы баспасөз бетінде жарияланды. Ахаң жайындағы бастамамды қолдап, газет бетінен орын беріп отырған «Ана тілі» газетінің сол кездегі Бас редакторы Самат Ибраим ағамызға, бас редактордың орынбасарлары Нұрперзент Домбай мен Дәуіржан Төлебаев інімізге («Ақиқат» журналының қазіргі Бас редакторы) алғысым шексіз. Самат ағамыздан соң газет тізгінін қолға алған талантты ініміз, бүгінде Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан Ахаңа деген құрмет белгісіндей екі бірдей көлемді сұхбат-мақаламды басты. Менің басты ойым Ахмет Жұбанов туралы болғандықтан айтуға тұрарлық тағы бір жаңалық: биылғы жылдың қаңтар айының 5- ші жұлдызында Ақтөбе қаласындағы А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжіне жұмыс сапарымен Мәдениет және спорт министрі  Ақтоты Райымқұлова ханымның келуі. Әңгіме барысында колледж басшысы Аманжол Исмағұлов мырзаның «Ахаңның атында мемлекеттік сыйлық тағайындалса» деген ұсынысын жақсы қабыл алып, қойын дәптеріне түртіп алғанын естіп, қуанып қалдық. Әгәрәки Ахаңдай ұлтына қалтқысыз еңбек еткен адамның атында Мемлекеттік сыйлық тағайындалса, бұл сыйлық жыл сайын төрт аталым бойынша берілгені дұрыс болар еді.

Олар Ахаңның тер төгіп, нәтижелі еңбек еткен салалары: 1) Дирижерлық; 2) Композиторлық; 3) Ұстаздық; 4) Музыканттық.

Бәлкім, бесінші қылып опера әншісі аталымын да қосса артық болмас еді. Қай заманда болсын халыққа рухани байлық сыйлап, ұрпаққа эстетикалық тәрбие беретін өнер адамдарына деген құрмет пен марапат, осындай сыйлық түрінде болса, нұр үстіне нұр болар еді. Иә, Ахаңдай асыл азаматтың рухына тағзым етіп құрмет көрсетілгені, өнеріміз бен өнерпаздарымызға деген қамқорлық болар еді...Өйткені, олар, Алмас Алматов ағамыз айтқандай «Өнерге бір күнде, бір күнге келген жоқ!». 

Мақсат ТІЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстан Республикасының

 Мәдениет қайраткері

618 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз