• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ҚҰТ ДАРЫҒАН ҚОСТАНАЙ

Ақылбек ШАЯХМЕТ

Қостанай – Қостанай облысының әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы. Қостанай облысы 1936 жылы 29 шілдеде бұрынғы Қостанай мен Торғай губернияларының негізінде құрылған. Облыс орталығы – Қостанай қаласы 1879 жылы құрылған. Жер аумағы 196 мың км². Қостанай облысы солтүстік-батысы мен солтүстігінде Ресейдің Орынбор, Челябі, Қорған облыстарымен, шығысында және оңтүстік-шығысында Қазақстанның Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарымен, оңтүстік-батысында Ақтөбе облысымен шектеседі.  Қазақстандағы аса ірі темір, әуе және автомобиль жолдары тораптарының бірі. Батыс Сібір ойпатының дала белдемі алып жатқан оңтүстік-батыс шетін құрайтын Қостанай жазығының орталық бөлігінде орналасқан. Тобыл өзенінің, оған Әбілсай мен Қостанай деген салалары құятын биік жарқабақты жағада орналасқан.

Қостанай – осы атыраптағы байырғы елді мекендердің бірі. Оның іргесін 1897 ж. Ресей патшасының жарлығына байланысты қазақтың жергілікті руларынан тартып алынған «Қостанай» атты қоныста, Еділ бойы мен Орынбор губерниясынан көшіп келген орыс шаруалары қалаған. Алғашқыда «Николаевка» деп аталды. 1893 ж. Қазақстанның құрамында болған бұрынғы Торғай жаңадан ендірілген уездік аумақтық-әкімшілік бөлінісіне сәйкес оған «Қостанай» атауы берілді де, Қостанай уезінің орталығына айналды. 1912-1913 ж. Оңтүстік Сібір теміржолы магистралінің Челябинск-Троицк-Қостанай тармағының салынуына байланысты Қостанай Ресейде өнеркәсіптік дамуы бойынша біршама ілгері тұрған Орталық Ресей аудандарымен тікелей сауда-саттық байланыстар жасауға мүмкіндік алды. Соның нәтижесінде Қостанай Солтүстік Қазақстандағы ірі сауда орталықтарының біріне айналды. Қостанайдың іргесіндегі Затобол кентінің атауы туралы кей деректерде «Солтүстік Қазақстанда тұрақтамақ болған шаруалардың бір шоғыры асау Тобыл өзенінің оң жақ жағалауына аз-аздан қоныстанады. Алғашында алты отбасы тұрақтаған шағын қоныс ХІХ ғасырдың аяғы, XX ғасырдың басына қарай сегіз жүз түтінге дейін жетеді. Ол Қостанайға және Тройцкіге балық, нан, ет керуенін және қара малды жеткізу бөлімшесіне айналады. Алыс жолдан шаршаған жолаушылар мұнда пана мен жылу табады. Елді мекеннің айналасындағы жерлер құнарлы болғандықтан, оған шаруалар бидай, картоп, қара бидай өсіреді. Жергілікті жерлерге қоныстану жоспарсыз жүріп, жер бөліп алуды әрбір жаңа қоныстанушы өз бетімен жүзеге асырғандықтан, қоныс аударушылар алғашында өз қонысын Самодуровка деп атайды. Қоныстанушылардың таңданарлық еңбекқорлығы мен табандылығына тәнті болған уез басшылығы Қостанайдағы жаңа кенттің пайда болу фактісімен келісіп, өзін-өзі басқару жүйесіндегі елді мекен ретінде тіркейді» – делінеді. «Затобол – Тобылдың арғы бетіндегі елді мекен» деген сөзден туып отыр. Ал шынтуайтына келсек, бұл құнарлы, шөбі шүйгін, шабындығы қалың жерді ата-бабамыз «Құтты алап» деп атаған.

Бұл туралы классик жазушы Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» повесінде мынадай дерек кездеседі. «Тобыл өзенін төмен қуалай жүріп отырсаң, бір ауылдан кейін екінші ауыл кездесіп, Қостанай қаласына жеткенше екі болыс елдің басынан кіріп, аяғынан шыққандай боласың. Әсіресе жерін айтсайшы. Ат шаптырым жерді алып жатқан кең алаптар Тобыл өзені тасыған кезде теңіздей боп кетеді. Май ішінде тасыған су қайтып, июнь ішінде сол алаптар мың түрлі-түсті жоңышқамен безенеді, июль ішінде қыбырлаған адаммен толып, жарқылдаған орақты көресің. Үй орнындай жерден бір кебен шөп беретін «Тобылдың құтты алабы» атанған жер – осы. Алаптың шөбі байдың малына сұлыдан да жұғымды. Кедейдің малына мұның шөбі бұйырған емес: кедейдің байға қарызданбай жүрген күні бар ма, алаптан алған 10 шөбі сол қарызын өтеуге кетеді...» (Б.Майлин. «Ел сыры». Алматы: Жазушы, 1994 ж.) Бұл екі дерекке қарап отырсақ, құнарлы жерге қызыққан шаруалар жергілікті халықтың шабындық алқабына қоныстанып, оған бау-бақша егіп, там салып қана қоймай, өздерінің ат қою рәсімімен Тобыл өзенінің арғы жағындағы елді мекен, яғни Затобол деп атап кеткені ап-айқын көрінеді. Ал бұл өлкенің Самодуровка аталуы туралы жазушы Жайсаңбек Молдағалиев («Жомарт жүрек» Алматы: Өнер, 1990 ж.) былай дейді: «Самодуровка Тобылдың шығыс бетіне орналасқан, уездік қаланың қалқаны секілді, ылғи аннан, мұннан қашқан, не адамның, не Құдайдың есебінде жоқ жатақтар мекені болатын. Қыр елінен қалаға келушілер ол мекенді айналып өтіп, Тобыл өзенінің паромына басқа жақтан келіп мінетін. Өйткені, мұндағы жатақ бұзақылары көлденең көк аттыны өткізбей, не тонап жіберетін, не сабап жіберетін. Сол мінезіне лайық ресми Затоболовка аты өзгеріп, Самодуровка болып кеткен».

Жазушы Ыбырай Алтынсаринға арналған «Алғашқы қоңырау» атты кітабында: «Кедей-кепшіктің, жетім-жесірдің қара сирақ жетімектерін тышқан аңдыған қара жапалақтай қағып алып, Тобылдың суына бір батырып алады да, православиеге кіргізе салады. Тіпті, осы Қыпшақ жұртында Тобылдың Әбілсай аталатын иіріміне және бір форпостың қалана бастаған кезі еді. Өзеннің күншығыс бетіне көшкен бейбастақ әскерлердің мекенін орыстар «Самодуровка», қазақтар «Дорақ қала» деп атай бастаған. Ашытпа араққа тойып алған әскерлер атты қазақ кездессе, анадайдан мылтық атып, тымағын түсіріп, сабап жібереді, әйел жолықса, абыройын төгеді» – деп жазады. Патша әскерлері жергілікті халыққа қырғидай тиюмен бірге, қоныстанушы шаруаларды да мүсіркей қоймаған. Халықтың жаздайғы жиған өнімдерін тартып алу, зорлық-зомбылық көрсету үйреншікті іске айналған. «Самодуровка» атауы осы шындықты сипаттап-ақ тұр. Қарап тұрсақ, «Затоболовка» атауының мағынасы бұлдыр. Орыс тілінде де мәні аз. Егер «тобол» сөзінің түп төркінін Тобыл өзенімен байланыстырсақ, атаудың о бастан бұрмаланғанын байқаймыз. «Құтты алап» деген тамаша жер атауының тәрбиелік мәні де зор, тарихи маңызы да жоғары.

   Біз «Абай» порталында жарық көрген «Тарихи атаулар қайта оралу керек» атты мақаламызда жер-су атаулары төңірегінде ғылыми және тарихи деректерге сүйене отырып зерек жандар көкейіне түйсін деген оймен пікірімізді ортаға салғанбыз. «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» – деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, осы екі заманға дәнекер болатын бүгінгі күн біздің алдымызға ауыр да абыройлы міндет қойып отыр. Өткен заманнан қалған қоқыс көп. Батпандап кірген аурудың мысқалдап шығатыны рас болса, кешегі отаршылдықтан басталып, бүгінгі күнге жалғасқан орыстану саясатын тоқтатып, жөнсіз өзгертілген жер-су аттарын қалпына келтіру оңай шаруа емес. Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланыс-ты «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр... Облыстағы 4 қаланың екеуінің атауы орысша. Рудныйдың байырғы атауы – Сарыбай. Лисаков қаласының орнында бұрын Наурызбай деген елді мекен болған...

Қостанай облысының картасына көз салсаңыз, зорлықпен таңылған атаулар аяқ аттаған сайын жолығады. Никитинка, Степановка, Михайловка, Суриковка, Костряковка, Рязановка, Давыденовка, Константиновка, Татьяневка, Янушевка, Докучаевка, Малороссийка, Варваровка, Нечаевка, Крыловка, Свердловка, Ливановка, Успеновка, Диевка, Москалевка, Тимофеевка, Анновка, Буденновка, Маковка, Славянка, Каменка, Лютинка, 24 Белояровка, Харьковка, Тимирязевка, Барвиновка, Новониколаевка, Новопокровка, Новонежинка, Новошумновка, Воскресеновка, Ершовка, Миролюбовка, Святогорка, Милютинка, Валерьяновка, Банновка, Костряковка, Подгородка, Тавриченка, Затоболовка...

Не мағынасы жоқ, не жер тарихына қатысы жоқ осындай атаулар құмырсқадай құжынап жүр. Қазақ ұғымына сай деген кейбір атаулардың өзі Шакировка, Шадыксаевка болып бұрмаланған. Бұл жалғауы «скаға» біткендердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Владимирский, Бауманский, Ленинский, Приуральский секілді жалғауы «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек. Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кісінің күлкісі келеді. Мәселен, Әулиекөл ауданында әлгінде аталған Шакировка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шопан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Шакировка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі: «озат шопан Шәкірдің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар» деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен. Қазақ даласында осы күні Затобол, Заречный, Притобольский, Приреченский секілді зорлап жапсырылған жер атаулары көбейіп кетті. Бұл сөздердің мағынасы Тобылдың жағасы, сырты, өзеннің жағасы немесе маңайы деген ұғымды білдіретіні аттарынан-ақ көрініп тұр. Қасиетті жер атауын қайтарып беруді талап ететін мезгіл жеткен тұста жеткен жерімізді салмақтап, асылдарымызды ардақтап жатсақ, бұл – елдіктің белгісі. Тәні өртке шарпылған, санасы дертпен уланған, жанары жаспен суланған халықтың тілі әлі күнге тоқалдан туған баланың күйін кешіп келеді.

Қостанай – ежелден қалыптасқан жер атауы. Алайда, осы Қостанай атауының қашан, қалай қойылғаны туралы алып қашпа әңгіме көп те, жүйеге түсірілген зерттеу жоқтың қасы. Осыған орай, әсіресе, орыс тілінде сөйлейтін ағайындар, білместіктің кесірінен Қостанай атауын орыстың «кусты», яғни, бұта сөзімен  шатыстырады немесе толып жатқан ақылға қонбайтын қисын айтады. «Танай деген кісі болған екен, соның Тобыл жағасында жыртық қосы болған екен... Қостанай – Танайдың қосы деген сөз болу керек» – деген «ертегіні» және айтады. Қостан деген жігіт болған, жер аты соның есімімен аталған деген «қиялға» негізделген әңгіме тағы бар.

Қостанай Орынбор және Торғай облыс-тары губернаторының жоспарында Ордабай қаласы деп көрсетілсе, 1879 жылдан бастап Қостанай деп аталады. 1893 жылы қаланың аты Ново-Николаевск болып өзгертілген. 1895 жылы Қостанай атауы қайтарылған. Бірақ, орыс тіліндегі нұсқасы Кустанай тек 1997 жылдан бастап Қостанай деген қазақша атаумен дұрыс жазылатын болды.

Қостанай – ғасырлар бойы қалыптасқан, ана тіліміздегі мән-мағынасы сақталған төл атау. Сондықтан да, оны ең алдымен туған жер тарихымен байланыстыра қарау керек екенін естен шығаруға   болмайды.

Жазушы Ақселеу Сейдімбек «Күмбір-күмбір күмбездер» атты кітабында («Жалын» баспасы,1985 жыл) Асан-қайғы есімін осы өңірмен байланыстыра қарайды. Торғайдың шығыс бөлігінде орналасқан Ұлытаудың басында Асан-атаның бәйбішесі Тана-әже жерленген. Оның басындағы ескерткішті халық Ақ мешіт деп атайды. Автор Қостанай қаласының аталуын да осы Тана-әженің құрметіне койылған Тана және Танай деген есімге ие болған   егіз   қыздың   есімінен   іздейді.

Өнер зерттеушісі, сазгер Қайыржан Мақанов «Бізге беймәлім баян немесе Қайғы атауы қайдан шыққан?» деген мақаласында («Қостанай таңы»,17.11.2009 жыл): «Ауылдың жанында Қайғы деген шағын көл бар. Одан әрі Күйік деген сулы қопа бар. Асан қайғының бір баласы өліп, Асанның көз жасынан Қайғы көлі, ал екінші баласы өлгенде Күйік қопасы пайда болыпты дейді ел ішінде» – деп жазады. Данабике Байқадамова («Аңыздың айғағы бар»,«Лениншіл жас», 16.08.1984 жыл) мақаласында әкесі Байқадам Қаралдыұлының «Қайғы Қарасуы бұрын Асан қайғы Қарасуы делінетін. Қазір Қайғысы ғана қалды. Қоныс іздеген ел данасы Асан желмаямен жүріп осы Қарасудың басына түнеді деген әңгіме бар. Асан саналы, көреген адам болған. Одан ел билеген хандар да ақыл сұраған.  Қайғыдағы ауылдың «Асан келді, Абат жерленді» деген сөздері құлаққа әбден сіңген» деген сөздерін келтіреді.

Филология ғылымдарының кандидаты Бақыткүл Мамиева «Асан қайғы туралы аңыздар» деп аталатын әдістемелік құралында (Қостанай, «Шапақ» баспасы, 2009 жыл,75 бет) «Мұндай аңыздың бірі Қостанай қаласының аталуына байланысты да айтылады. Аңыз мазмұны бойынша, Қостанай маңын жайлайтын қыпшақ руына жау шапқанда, егіз қыз батырлық көрсетіп, ерлікпен қаза табады.  Асан ата қыздарды жоқтап: «қос танам-ай!» – деп жылайды. Содан қаланың аты Қостанай аталып кетеді» деп жазады.

Осы автор Қостанай өңірінен жазып алынған аңыздың бірінде Асан Науырзым маңындағы Бестарау деген жерде жыланмен достасады. Бір күні Асанның баласы аңға шығып, әкесіне дос жыланның баласын абайсызда өлтіреді. Қайғы шеккен Асан дос жыланына келеді. Жылан Асанның баласы екенін білмей қалғанын айтып, қатты өкініп, бірге қайғырады.Осы жер кейін Бестарау деп аталады, Ол жер кейін Қайғы деп аталған деген дерек келтіреді. (ҚР ҰҒА сирек қолжазбалар қоры.  № 910 бума, № 5 дәптер).

Асанның Тана-әжеден туған батыр ұлы Абат туралы аңызда айтылатын Жыланды, Қызбел таулары осы күні Қостанай облысына қарасты Науырзым ауданының аумағында орналасқан. Осы уақытқа дейін Қайғы атын сақтап отырған ауыл тұрғындары күні кешеге дейін қара суға зар болғаны рас. Ауыз судың тапшылығынан әбден таршылық көріп қалған ел ауыл үстімен өткен көлденең көк атты жолаушыға сусын да бермеген кездері  болса керек, «Қайғыға қайырылма, кара жолдан айырылма» – деген әзіл де болса шын айтылған сөз сол жылдардан қалған. Ал осы маңайдағы тағы бір тарихи жер атауы Бестамақ. Жазып алушы Бестарау деп қате жазып алған болуы мүмкін.

Аңызға сенер болсақ, желдей ескен желмаясымен жер түбіне келген Асан ата түгін тартсаң майы шығатын құйқалы жерді көріп: «Шіркін, шөбі мол екен, әттең, суы жоқ екен!» – деп аса таяғымен қара жерді бір соғып қалғанда, жер астынан су атып шыкқан екен дейді. Қызбел тауының бауырында осы күні де Қарасу аталатын көл бар. Бұл көлдің пайда болу тарихы Асан атаның батыр ұлының   есімімен   байланысты.

Ел аузындағы тағы бір аңызда ертеде өмір сүрген хан ел-жұртына: «кім қорықпайды, кім қызғанбайды, кім өкпелемейді?» деген үш сауал тастағаны айтылады.

Оған жиналғандар:«Абат ешкімнен қорықпайды, Абат ешкімді қызғанбайды, Абат ешкімге өкпелемейді» деген жауап қайтарады. Мұны естіген хан Абатты үш сыннан өткізеді.

Алғашқыда өзінің қырық жігітін жұмсап, Абатты оңашада қоршап алып,  шайқасуды    бұйырады.

Бұл сыннан батыр мүдірмей өтеді. Тосыннан тиген жауға қаймықпай қарсы шауып, бетін қайтарады. Оның қайсарлығын көрген қолбасшы жігіттеріне тоқтау салып, кері қайтады. Көргендерін ханға  келіп жыр қылып айтады.

Екінші жолы хан өзінің жырынды қуын қиянат қылмаса да Абаттың әйелінің қойнына барып жатуға жұмсап, ол болса батырды сынағысы келген ханның ұйғарымы бар екенін айтып, Абаттың келіншегін көндіреді. Жорықтан оралған батыр үйіне кіріп келсе, әйелінің қасында бейтаныс жігіт жатқанын көреді. Жігіттің бір қолы әйелінің мойнының астында қалса керек. Сонда Абат: «Шіркін-ай, ер жігіт әйелдің астына қолын сала ма екен», – деп ұйқыларын бұзбай, ақырын әйелінің басын көтеріп, жігіттің қолын үстіне салып қойып, алаңсыз ұйықтай береді. Ертеңіне аман-есен ханға оралған жігіт болған жайды айтады.

Үшінші рет хан Абатты асқа шақырып, қонақасы кезінде оны көзге де ілмейді, қараша үйлердің біріне кіргізіп, кәделі табақ тартқызбай, алдына ішек-қарын салынған табақ қойғызады. Абат алдына қойған тамақты жеп алып, рахметін айтып, жүріп кетеді.

Мұның бәріне қатты қайран қалған хан батырды шақыртып алып, жөнін айтып, аталған үш қасиетке ие болуының себебін сұрайды.   Сонда Абат   былай   деп жауап   қайтарады:

Қорықпайтын себебім, бірде жортуылда жүргенде бір қоян кездесті. Қоянды бір атпен қусақ та ұстайтын едік, 300 адам қамалап ұстаймыз деп тұрғанда, сол қоян бізден есебін тауып, құтылып кетті. Япыр-ай, тағдыр қырын қарамаса, ажал жоқ екен ғой, – деп қорықпайтын   болдым,  – дейді,

Асқа өкпелемейтінім, бірде бір жеті жол жүріп, оралып келсем, шешем күнде ішетін үш мезгіл тамағымды дайындай берген екен, сол сақтап қойғанынан бір мезгілге есепетелген асты зорға тауыстым, бұл тамақ деген де жай көңіл екен ғой, бұған өкпелеу – пенделік екен деп тоқтадым, – дейді.

Әйелді қызғанбайтыным, бір жылы сапарға шықтық, жиырма бес жігіт едік, ортамызда екі әйел бар еді, бір күні екеуі ұрысып жатыр екен, не деп жатыр, – деп құлақ қойсам, біреуі екіншісіне: «мен он екі еркекке ас қамдаймын, сен он үш еркекке ас дайындайсың, маған бір байыңның артықтығын сес қыласың ба?» депті. Сонда қанағатсыз жандарды бір еркек болып қорғап үлгірудің өзі мүмкін емес екен деп ойладым» дейді.

Абат батыр туралы айтылған әңгіменің осыдан сәл өзгертілген нұсқасы «Жалын» баспасынан 1985 жылы жарық көрген, филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов құрастырған «Өлген қазан» жинағында   жарияланды.

Қалай болған күнде де Абат басы деп аталатын жер де, аңыздарда айтылатын басқа географиялық атаулар да бар.  Қостанай атауы Тана-әженің құрметіне қойылған  қыздардың   есімдерімен   аталуы   әбден   мүмкін.

Тарихқа ақын көзімен  қарайтын болсақ, ендігі ойымызды жыр тілімен   жалғайық:

Бұл жердің ежелгі аты Қайғы деген,

Өзінің түп негізін әйгілеген.

Қайғыда  қасірет  жоқ, қуаныш  көп,

Өскен  ел өркендерін  жайды  дер ем.

 

Бұл   Қайғы өткен күннің   шежіресі,

Көп   сырға,  араласаң,  кезігесің.

Бел  шешіп, шалғынына  аунап    жатып,

Қадірлеп  басыңды иер жерің осы.

Әрине,   жоқтан бар зат жасалмайды,

Өзендер су жоқ жерден бас алмайды.

Жүйткітіп   желден   жүйрік   желма

ямен,

Жүріпті   саяхаттап  Асан-қайғы.

        

Қызбел мен Жылаңдының арасында,

Дейтін жер Абат басы бар осында.

Асанның   сүйікті   ұлы   Абат   батыр,

Қазақтың   жерленген бе даласында?

 

Қазаға   аңғал    батыр   ұшырайды,

Аңыз   қып ел айтады осы   жайды,

Ағыпты   тау басынан  Үлкен қайғы,

Сәл төмен және ағыпты Кіші қайғы.

 

Міні жоқ бұл мекеннің өз басында,

Тұр,   бірақ,   қайғы  деген сөз басылмай.

Мына көл «Асан, Абат, қайдасың?» –

деп,

Жоқтаған   қалың елдің  көз жасындай.

 

Көзіндей  кешегі  өткен  Тана-әженің,

Сабырмен ағып жатқан жоқ өзенім.

Тек  қана Қайғы деген көл қалыпты,

Ал оған қажеті жоқ дәреженің.

 

Кеткен  соң өзен  орнын мың із көміп,

Сөз теріп, ел аузынан  сыр іздедік.

Қайғыда көптен бері жөнелтеді

Адамды су  сұраған қымыз  беріп.

 

Сәл тоқта! Қайда тартып барады

өлең?

Мен оның түйініне жаңа келем,

Ұл да көп содан бері Асан деген,

Қыз да көп кең даламда Тана деген.

 

Бұлдырап көз алдымнан бала кезім,

Елжіреп ет-жүрегім барам өзім.

Шұрқырап құлын-тайдай  бірге  ойнаған,

Білмеймін,  қайда   жүрсің, Тана-көзім?!

 

Бағатын қонағының қас-қабағын,

Қалмайтын   құрақ   ұшқан  досқа  жаны,

Арудың сыңғыр  қаққан сырғасындай,

Ел  қалай ұмытады  қос Тананы?!

 

Құшағы  содан  бері  досқа  дайын,

Жемейтін  ел аманда  босқа уайым,

Тіп-тік боп қарағайдай тұр асқақтап,

Тобылдың  жағасында  Қостанайым.

Қостанай қаласының бұрынғы орнын, Тобыл жағасын қыпшақ рулары қоныс қылған. Олай болса қаланың атауы да қыпшақтың ару қыздарының аттарымен аталған деуге негіз бар.

Журналист Қуаныш Орманов «Алтын дала» (Казинпресс, 2006 ж.66 бет) кітабында тағы бір нұсқаны мысалға келтіріп: «Ежелден Тобыл жағасында ұзын қыпшақ тайпасы Алтыбас руының ұрпақтары тұрған. Оның басшыларының бірі – Алтыбастың үшінші ұлы Тіней болған (Алтыбастың бес ұлы болған: Табын, Тазша, Тіней, Қармыс және Хафизолла). Ал Тінейден Сатай, Санай және Құндыз атты үш ұл тарайды. Құндыз – Ыбырай Алтынсариннің арғы атасы. (Тіней-Құндыз-Көбек-Тастемір-Жаңбыршы- Балқожа-Алтынсары-Ыбырай). Ал Тінейдің ұлдары Сатай мен Санай туған өлкені жаулардан қорғаған, бүкіл өлкеге даңқы шыққан батырлар болған. Аңыз бойынша, бұл жерлер сол батырларға тиісті болса керек. Сол кезден бері халық бұл өңірді екі батыр, екі ағайынды Тінейлер жері деп атап кеткен. Яғни, Қостіней жері. Уақыт өте келе, Қостіней өзгеріп, Қостанайға айналған. Бұл да шындыққа ұқсайды емес пе?» – деп жазады. Бұл жерде автор Көбек пен Тастемірдің арасындағы аталарды ұмыт қалдырған. Бірақ, Қостанай өңірі ежелден қыпшақтар қоңысы болғаны дау туғызбайды.

Қазақстанның халық жазушысы Мә-риям Хакімжанова Қостанайға келген сапарларының бірінде қазіргі Қостанай қаласы орталығындағы Ұлттық банк ғимараты орналасқан үйді нұсқап, осы арада ертеде бейіт болған, онда қыпшақтың өмірден ерте кеткен екі қызы да жатыр. Қалаға алғаш қоңыстанған мұжықтар бүйірін таянып, жоқтау айтқан әжені көріп, одан «бұл жердің аты қандай?» – деп сұраса, ол «қос танам-ай! – деп жылай берген екен, содан қала Қостанай атанған деген әңгімені айтқаны да есімде қалыпты. Кейінірек сол бейіттің жанына  Ақ мешіт салынғаны белгілі.

Халық ақыны Омар Шипиннің:

«Қостанай Тобыл өзен жағасында,

Аты еді бір моланың о басында.

Бір мыңда осы жерге қала түсті,

Сегіз жүз сексен жылдың шамасында» – деген өлеңі бар.

Бұл жерде қазақтың өз балаларын ботам, қозым, құлыным, танам  деп атайтынын та есте ұстаған абзал.                                                                   

Тана – көз тимес үшін  көбінесе қыз балалардың қамзолына тағып қоятын әшекей. Әжелері балаларын танам деп сүйгенде, осы тана ойында болуы мүмкін екенін де жоққа шығаруға болмайды.

Бірақ, ел аузында жиі айтылатын егіз қыз туралы аңыз шындыққа бір табан жақын секілді.

Бұқаралық ақпарат құралдары бетінде кейінгі кезде жер-су атауларына байланысты  «тисе терекке, тимесе бұтаққа» дегендей неше түрлі қисынсыз болжамдар жазылып жүр.

Қостанай аумағындағы көптеген жер атаулары орысшаға «жетік» біреулердің  жер аттарын қазақшалауынан қате айтылып келгені рас. Әулиекөл деген жер аты орыс босқындарының қоныстануынан кейін сол арада жеті көлдің болуына байланысты Семиозер болып аталған болатын. Оны сол жердің кейбір тұрғындары қазақ тіліне сөзбе-сөз аударып алып, біраз уақыт Жетікөл деп те атап жүрді. Сол секілді Жітіқара қаласының аты біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келді.  Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісіңше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.

Жетісуды Семиречье, Көкшетауды Синегорье деп аударып алған орыс тілдестер Жітіқараның екінші бунағындағы «қара» деген сөзді де өздерінше өңдеп, Джетыгора деп те жазғанын білеміз. Сондай жазулар қалааралық автобустардың бүйірінде «мен мұндалап» тұратын.

Қазақ топономиясындағы сын есімдерге келсек, қазақ ұғымында қасиетті болып есептелетін «үш», «жеті», «тоғыз» сандарына байланысты қойылған атаулар да жеткілікті. Мәселен, Тоғызақ. Оны кейбір басылымдар Тоғұзақ деп жазып жүр. Шын мәнісінде, ел аузындағы әңгімеге қарағанда,  атаудың түбірі тоғыз. Бір шайқаста тоғыз ұлы бірдей қаза тапқан қыпшақ жұртының  ақылман қариясы: «тоғыз-ақ» деп бармағын шайнап жібергеннен кейін туған  атауда тарих шындығы жатыр.

«Ғылым» баспасынан 1989 жылы жарық көрген «Орталық Қазақстанның жер-су аттары» деген кітапта берілген тізімде Жітіқара атауы  сан есімдік топономиялық атаулар қатарына жаңсақ жатқызылған. Қазақ Совет Энциклопедиясының 4-ші томында қаланың аты Жетіқара деп көрсетілген.

Осы қателердің салдарынан кейін қалпына келтірілген қала атауы көбінесе, әсіресе, орыс тілінде қате айтылады. Теледидар дикторлары Житикараны ысырып қойып, баяғыша Джетигора деп саңқылдайды.

Қазақстанның оңтүстік-шығысында Доланқара деп аталатын тау бар. Бұл атаудың алғашқы бунағы Долан моңғол тілінде долоон, яғни жеті деген сөз. Белгілі ғалым Э.Мурзаев өз зерттеуінде осы атаудың екінші бунағындағы «қара» сөзін славян тіліндегі  гора (тау), ауған тіліндегі гор (тау), албан тіліндегі гур (тау), армян тіліндегі қар (тас), көне үнді тіліндегі гирис (тау), хинди тіліндегі гар (қамал), грузин тіліндегі гора (тау) сөздерімен салыстырады. Әрине, ана тіліміздегі «қара» сөзі тау деген ұғымды білдіруі мүмкін. Бірақ, біз білетін Жітіқарада жеті тау жоқ, жалғыз-ақ тау бар. Қазақы ұғымға салсақ, Жалғызтөбе. «Қараймын қарайғанға мал ма екен деп» басталатын халық әнінде айтылғандай, бұл сөздің басқа мағынасы да жеткілікті.Осы сөздерге зер салсақ, «жыты», «жіті» деген сөздер бажайлап қара, анықтап қара дегенді,  ал екінші бунақтағы сөз кәдімгі көру, қарау дегенді білдіреді емес пе?! Яғни, Жітіқара атауын сан есімнен емес, сын есімнен іздеген абзал.

Шоқан Уәлихановтың бес томдық шығармалар жинағының 1-ші томының 152 бетінде «Жыты» сөзіне түсінік берілген. Онда: «Жыты-тез, шапшаң, қолма-қол. Жыты қара – тез хабар алатын қарауыл орны (см. киргизско-русский словарь. Издание второе. Оренбург, 1903, стр 89)» – деп атап жазылған.

«Қозы Көрпеш –Баян сұлу» жырындағы:

«Алыс болып Баян қыз бара алмайды,

Жыты хабар жарына бере алмайды.

Жұртын жиып, Қарабай ойлатса да,

Сан кісіден бір кісі таба алмайды» – деген шумақтағы «жыты» сөзі осы мағынаны білдіреді. Яғни, Жітіқараның алғашқы  атауы Жытықара болуы да ықтимал.

Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: « Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двухдневную езду, а Джанебек-тархан – по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков», том 3,152 бет)» – деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны  көрініп тұр.

Қостанай өңіріндегі атақты Әйет өзенін орысың да, қазағың да Аят деп жазып жүр. Аят – қасиетті сөз, құранның аяты. Ал өзен аты қазақ тілінде Әйет, орыс тілінде Айет болып жазылуы керек. Әйет осы өңірді қоныс қылған қыпшақ тайпасының бір бұтағы, кісі есіміне байланысты қойылған атау. Нұрхан Ахметбековтың «Жасауыл қырғыны» дастаны «Сазды Әйет, Сарыарқада Түйемойнақ» – деген жолдармен басталады. Жырдағы жер атаулары Әйет өзені мен Түйемойнақ – қазіргі Таран және Денисов аудандары орталықтарының  түп атауы.

Жақында тарихи әділет орнады. Таран ауданы Бейімбет Майлин атындағы аудан болып аталатын болды. Ал аудан орталығы Әйет деген бұрынғы тарихи атауына ие болды.

Тобыл өңірінен табылған тарихи жәдігерлер де аз емес. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік уни-верситетінің археологиялық тобының жұмысы нәтижесінде Қазақстанның археологиялық картасында қола дәуірінің тағы бір ескерткіші – Қаратомар қорғаны немесе қорымы пайда болды. Қостанай облысындағы Қаратомар су қоймасының суы шайып кете жаздаған қорғанның 4 мың жылдық тарихы бар. Қостанай мемлекеттік университеті археологиялық зертханасының қызметкерлері бас болып тарихшы студенттер оқу тәжірибесі ретінде 2009 жылы кіріскен жұмыс нәтижелі болды. Енді оны түбегейлі зерттеу жобасы қарастырылуда. Қорғанның биіктігі - 3,5, диаметрі 34 метр. Зертхананың ғылыми қызметкері Ирина Шевнинаның сөзіне қарағанда, біздің дәуірімізге дейін 2000 жыл бұрын орнатылған қорғаннан жас баланы жерлеген орын табылған. Ал әрқайсысы 16 шаршы метрді алып жатқан төрт шұңқыр қорғанның астында жатқан көрінеді. Сонымен бірге көптеген ыдыс, қола бұйымдар, қару-жарақ, жебе ұштары табылыпты. Жер астында жатқан қайың және қарағай ағаштарының осы уақытқа дейін бүлінбей сақталғаны мамандарды қайран қалдырды.

Аталмыш қорым Ресейдің Челябинск облысындағы әйгілі Арқайыммен жас-ты болып отыр. «Қостанай облысының мәдени мұрасы» деп аталған 2007-2009 жылдарға арналған аймақтық бағдарлама үш жыл бойы жүзеге асырылды. Осы бағдарлама аясында көне ескерткіштерді сақтап қалу жолындағы жұмысқа қаржы бөлінді. Аталған бағдарламаны орындау үшін облыстық бюджеттен 6 миллион 537 мың теңге қаржы беріліпті. Бірақ, қыруар жұмысқа бұл аздық етті. Қостанай облысы аумағында орналасқан мұндай қазыналы орындар аз емес. Әулиекөл ауданындағы Бестамақ қойнауынан табылған Сынтасты-Арқайым дәуіріне жататын жауынгер бейіті, сол арада көмілген жылқы сүйегі, қола балта мен қыш құмыралар, қайтқан кісінің қолындағы қола пышақ кезінде археологтарды қатты қызықтырған болатын.

Арқайым – 1987 жылы Қостанай облысына таяу маңда, Ресейдің Челябинск облысына қарасты  аумақтан табылған көне қала. Оның жасы 4800 жылдан асады.  Арқайымның маңайынан археологтар 22 қала тауып отыр. Арқайымда болған кезімде мынандай жыр шумақтары туған болатын:

Бабамыз Балқан тауын жайлағанда,

Шылбырын Ұрымға әкеп байлағанда,

Шыққанын Арқайымнан білді ме екен,

Сауал көп ойға терең бойлағанға.

Жер бар ма Арқайымға жететіндей,

Шағын бір Сарыарқаның бекетіндей,

Асханасы –  қазақтың дастарханы,

Баспанасы –  киіз үй макетіндей.

Қаласы – шақырайған күн көзіндей,

Шатыры – мешіттердің күмбезіндей.

Бойы мен тұлғасына қарап тұрсам,

Адамы сықылды ғой құдды өзімдей.

 

Отырар, Сауран менен Сығанақтың

Жүргенде қорғанынан сығалап  күн,

Сол нұрдан қуат алған батырлардың

Тегінің кім екенін сұрамаппын.

 

Ғұндар ма Мағжан айтқан Күннен

туған,

Дунайда қыпшақтар ма бетін жуған?!

Жетіпті ерліктері осы күнге,

Өтіпті аттан түспей ағын судан.

 

Бүгінде үміт, күдік арбасуда,

Күніңді босқа өткізсең, арға сын ба?!

Арқаның даласында тамыр жайған

Сол өмір мыңжылдықта жалғасуда.

Қаржы тапшылығынан археологиялық аса құнды мекендер әлі күнге дейін мемлекет қорғауына алынбаған. Денисов ауданындағы (Түйемойнақ) тарихи орын – Первомай мекенін жергілікті тұрғындар бау-бақша өсіретін орынға айналдырған. Рудный қаласы (Сарыбай) маңайындағы Андронов мәдениетінің Сарыарқадағы эталоны болып есептелген Алексеев мекені де мәдени ескерткіштер тізіміне енгенімен қорғауға алынбаған, оның үстіне жағажайда орналасқаннан кейін көненің көздері күннен күнге шайылып, бағалы жәдігерлер жойылып бара жатыр. Тобыл өзенінің оң жақ жағасынан табылған, «Тобыл ойшылы» есебінде белгілі болған аспанға телміріп отырған адам бейнесі мүсіні Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақтаулы тұр. Оны 1977 жылы Қостанай қаласы маңынан, Тобыл өзенінің оң жақ жағалауынан В.М.Елисеев  деген механизатор жер жыртып жүргенде кездейсоқ тауып алған. 1978 жылы облыстық өлкетану мұражайы қызметкерлері ресейлік археолог Геннадий Борисович Здановичты арнайы шақыртып, оған осы мүсінді көрсетеді. Ғалым мүсінге «қола дәуіріндегі мүсіншінің қолынан шыққан, әлемдік өнердің үздік туындысы» деген сипаттама береді. Мүсіннің жасалу мезгілі біздің дәуірімізге дейінгі ІІ мыңжылдықтың ортасы деген болжам айтылады. Енді дәл осы мүсіннің айнытпай жасалған көшірмесін көрші Ресей ғалымдары Арқайымның символы есебінде насихаттап жүр. Бір ғажабы, олар бұл мүсіннің қайдан және қай жылы табылғанын да айтпайды, бірақ, Арқайым туралы буклеттер мен фотоальбомдарда, тағы басқа құжаттарда оны кеңінен пайдаланады.

Қазақ жерінен табылған және қазақ елінде сақталған түпнұсқа көрші мемлекеттің бұйымы есебінде жан-жақты насихатталуда. Ресейлік ғалымдар «Тобыл ойшылы» деп мүсінді өз атымен де атамайды, Тобыл жағасынан табылғанын да мойындамайды, оған «аспанға телміріп отырған адам» деген ат қойып алған және оны Арқайымнан табылған жәдігер деп есептейді.

Британ мұражайында бұдан 2000 жыл бұрын жасалған коньки сақтаулы тұрғанын білеміз. Ал 1948 жылы Қостанай қаласының маңайында біздің дәуірімізге дейінгі қола ғасырда жасалған алты жұп коньки табылған. Олар жылқы сүйегінен, анықтап айтсақ, жылқының сирағынан жасалған екен. Ал оны аяққа байлайтын кәдімгі қайыс жылқы терісінен жасалған. Тарих ғылымының кандидаты А.Хазанов мұндай  конькилердi жасауға жылқының  тiлерсек сүйегi алынған деген пiкiр айтыпты. ХIII ғасырда  Сарыарқа даласында болған саяхатшы Гильом Рубрук: «Олар аяқтарына егелген сүйектердi байлап алып, қатып қалған қардың үстiмен сырғиды да, тiптi құстар мен аңдарды қуып жетiп ұстай алады» – деп жазған.

Тарих қойнауына үңілсек, қарақан басын қору үшін киілетін дулыға кейін тәжге айналды. Корона деген сөздің түрік тіліндегі төркіні – қору екені белгілі. Тас қамалға қамалғандарда қорған болған қорған деген сөздің де түбірі қорғану. Орыстың конь сөзінің мағынасы атқа қону, яғни салт атпен жүру дегенді білдіреді. Яғни, коньки (қон, ки) – атқа мінгендей қон және аяғына ки деп тұрған жоқ па? Ақынның бейнелі сөзімен айтсақ:

Асқанда талай кезеңнен,

Жасырам оны несіне?!

Сырғанақ көрсем өзеннен,

Сырғытпа түсер есіме.

 

Сырғанап жүрген балалар

Көлдегі қаздай қалқиды.

Ертеде біздің бабалар

Сырғытпа деген конькиді.

Адамдар осы құрылықта

Жер қазып жүріп күрекпен,

Алыпты тауып сырғытпа,

Жасалған мықты сүйектен.

Танытып шебер білігін,

Қалыпқа өлшеп кіргізген.

Жылқының қашап жілігін,

Қайыстан таспа тілгізген.

 

Сырғытпа бізді жел күні

Шығарған талай белеске.

Орыстың сөзі белгілі,

Конь деген – жылқы емес пе?

 

Бір бірін өрге сүйреген,

Қылмаған қажет шегені,

Қазақтың сөзі – ки деген,

Аяққа байла дегені.

 

Дәуірлер өткен сан қилы,

Есіне сақтар көптен ел.

Тапқан ғой ойлап конькиді

Шана мен шаңғы тепкен ел.

Қазақ  конькиінің тағы бір түрі сойшаңғы деп аталған. Оны көбінесе аңшылар пайдаланған. Сойшаңғы жылқының жіліншігін екі бөліп, екі басын қайқайтып егеу арқылы жасалған.

Яғни, қазақтар көк мұзда сырғанайтын сырғытпа немесе сойшаңғы деп атаған конькидің өзі қазақ даласында,  Тобыл жағасында табылып отыр. Бұл кездейсоқтық емес. Тобыл ойшылы түп негізін көне заманнан алған, тарихы Қыпшақ дәуірінен бастау алатын жәдігер.

Жас Алаш» газетінде ( № 79, 3 қазан, 2013 жыл) мынандай бір хабар жарық көрді: «Осыдан он мың жыл бұрын Алтай тауын мекен еткен қазақтың арғы тайпасының аяғында ағаштан жонылып, жылқының терiсiмен қапталған қар шаңғысы болған. Демек, қазақ ойлап тапқан соң ғана шаңғыны өзге ұлт кәдесiне жаратқан.

Тарихшы ғалымдардың сүбелi зерттеуiнен кейiн 2007 жылы Гиннес рекордының бас штабы «Адамзат тарихында қар шаңғысы алғаш рет Алтай тауының сiлемiнде пайда болған» деген куәлiктi Қытайдың Алтай қаласына табыстады. Алтай сол заманда қазақтың арғы бабасының құтты қоныс, атамекенi болғаны және анық».

Көп болған-ау бұрын да

Қазағымның амалы,

Шаңғы деген, шынында,

Шананың бір табаны.

 

Шаңғы ағаштан жонылған,

Теріменен қапталған.

Қиыннан жол салынған,

Шаңы жоқ деп ат қалған.

 

Үйір болсаң жасыңнан,

Жүреді өзі жетекке.

Сырғанап тау басынан

Әкеледі  етекке.

 

Қыста мұндай көлікті

Білмейтін жан таппайды,

Жауса-дағы қалың қар,

Шаңғы қарға батпайды.

 

Бөгет болмас қар мына,

Сүйен жеңіл таяққа.

Жүрем десең омбыда,

Шаңғы байла аяққа.

 

Шана және шаңғы сөздерінің (орыстар сани дегенді де осы сөздерден алған) түбірінде «шаң» деген сөз жатуы мүмкін. Яғни, қарда жүретін аяққа сеп болатын көлік шаң қалдырмайды.

 Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, шана да, шаңғы да, сойшаңғы және сырғытпа деп аталған коньки де қазақ даласына көктен түспеген, басқа елден келмеген, ата-бабаларымыз оларды ойлап тауып, кәдеге жаратқан.

2001 рет

көрсетілді

85

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз