• Ел мұраты
  • 24 Тамыз, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ НЕГІЗГІ АРҚАУЫ

Ақнұр ОРАЛОВА,

тарих ғылымдарының магистрі

Қай елдің болмасын конституциясы сол елді мекен еткен халық үшін жазылып, халық игілігі жолында қызмет етеді. Сол себепті де, бұл – басты Заңға аса құрметпен қарап, ерекше ықыласты көзқарас таныту – азаматтық іс. Жалпы, қысқаша айтқанда, конституция ол – мемлекет пен қоғамның арасындағы өзара келісімді үйлестіруші негізгі Заң.

Қазақ қоғамының құқықтық әле-мінде ортағасырлық дәуірде «Дала заңының» билігі үстемдік құрды. Дербес мемлекеттілігін құру жолында қазақ қоғамының өмір тіршілігі белгілі бір тарихи-құқықтық мұраларды басшылыққа алды. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығының тарихнамасында «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы»,Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» атты негізгі заңдар дәстүрлі қазақ қоғамының саяси-құқықтық негізін қамтамасыз етті.

Конституция адамзат тарихы мен мемлекет және құқық тарихында кейін қалыптасқан ұғым. Ежелгі Римде «конституция» сөзімен императорлардың жарғылары аталған. Кейінірек ортағасырларда конституция ұғымының сипаты өзгеріп, феодалдардың әртүрлі бостандықтары мен міндеттерін қамтитын құжаттар ретінде танылды. Ежелгі дәуірлерде конституция ұғымы бүгінгі замандағыдай кең мағынада заңдық күшке ие болған жоқ.

Бүгінде өркениетті, дамыған елдердің барлығында мемлекеттің негізгі тірегі – конституциялары қабылданған. Аза-маттық-құқықтық конституциялар жаңа заман дәуірінде, яғни, буржуазиялық революциялар кезеңінде пайда бола бастады.  Мысалы,Еуропа елдерінен алғаш әр жылдары қабылданған АҚШ (17 қыркүйек 1787 ж.) Франция (3 қыркүйек 1791 ж.), Польша (3 мамыр 1793 ж.) конституцияларын айтуға болады.

Қазақстанның құқықтық негізін қалып-тастыруға қомақты үлес қосқан,Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы Конституциялық Заңын жасауға атсалысқан тұлғалардың бірі Сұлтан Сартаев «Қазақ халқы қашан да ақсақалдарды құрмет тұтқан, сол себепті де Конституцияны халқымыз «Ата заң» деп атағанды жөн көреді» деген пікірін алға тартады. Бұл пікір халқымыздың бабалар рухына, өсиетіне деген ерекше құрметін білдірсе керек.

Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев: «Халқымыздың заң үстемдігіне, адамдардың негізгі құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге ұмтылысы төл тарихымызда айқын көрініс тапқан. Озық әлемдік тәжірибені, тарихи және ұлттық дәстүрлерді арқау еткен Қазақстан Конституциясы халқымыздың бірлігі мен мемлекет тәуелсіздігінің берік негізі саналады» деп Ата заңымыз туралы ойын айшықты түрде жеткізеді.

Кеңес дәуіріндегі негізгі заңдарға шолу жасасақ, бұл дәуірде 3 бірдей ресми конституция қабылданған. Олардың әрқайсысы 1918 жылғы10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресей съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш Конституциясы жазылды, бірақ РСФСР Орталық атқару комитеті тарапынан қолдау таппады. Кейінгі негізгі заңдардың (конституциялар) барлығы дерлік РКФСР Конституциясының идеялары мен қағида-ұстанымдарына негізделіп жазылды. 1924 жылы социалистік республикалар біріккенімен, жалпы ортақ конституциясы болмады. Сол себепті, екі жылдан кейін ғана, яғни, 1926 жылы Қазақ АКСР-ның Конституциясы қабылданды. ҚР Ата Заңының І бөлімінің 3-бабында көрсетілгендей, «Мемлекеттік биліктің бірден бір бастауы – халық» [1, 35-б.].  Біздің конституциямызда халықтың үніне, мұң-мұқтажына ерекше назар аударылған. Сол елде тұратын әрбір азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеті саналады.

9 бөлім, 21 тарау, 174 баптан құралған Кеңестік  Социалистік Республикалар Одағы Конституциясының І тарау 1-бабында: «Социалистік Республикалар Одағы – бұл жұмысшылардың, шаруалар мен зиялы қауымның, елдің барлық ұлттары мен ұлыстарының еңбекшілерінің еркі мен мүдделерін білдіретін Социалистік жалпыхалықтық мемлекет» [2, 6-б.]  делінген. Дегенмен, іс жүзінде мұндай әлеуметтік құқықтар мен бостандықтар тек құжат жүзінде қалып, жеке меншік құқығы мүлде танылмады. Осы құжаттың 6 тарау 34 бабы бойынша: «КСРО азаматтарының теңдігі экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени өмірдің барлық салаларында қамтамасыз етіледі [2, 15-б.].

1988 жылдың 1 желтоқсаны мен 1989 жылдың 20 желтоқсаны аралығын-да толықтырулар мен өзгерістер енген Конституцияның преамбуласында: «Азаматтық соғыста жеңіске жетіп, империалистік араласуға жол бермей, Кеңес өкіметі әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жүзеге асырды, адамды адам қанау, таптық антагонизмдермен және Ұлттық араздықты мәңгілікке жойды» делінген. Дегенмен де, қазақ құқығының негізгі мәселелері Кеңестік мемлекеттің саяси ұстанымына сәйкес жүзеге асырылды. Аталмыш конституцияның «Саяси жүйе» атты бірінші тарауының 2-бабында: «КСРО-дағы барлық билік халыққа тиесілі. Халық мемлекеттік билікті КСРО-ның саяси негізін құрайтын халық депутаттарының Кеңестері арқылы жүзеге асырады. Барлық басқа мемлекеттік органдар халық депутаттары Кеңестерінің бақылауында болады және оларға есеп береді». Бұл мәселе бойынша, төл конституциямыздың 3-бабында: «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді» деп көрсетілген. Назар аударатын жәйт, кеңестік кезеңдегі негізгі заңнамалық жүйе мен тәуелсіз Қазақстанның құқықтық жүйелерінің арасында өзара сабақтастық байқалады. Себебі, еліміз алғаш егемендікке қол жеткізген жылдары Қазақстанда Кеңестік құқықтық жүйе қолданыста болды. Уақыт өте келе, елдегі жағдай тұтас өзгеріп, жаңаша демократиялық ұстанымдағы құкықтық институттар мен нормалар қалыптаса бастады.

Одақта құрамдас болған рес-публикалардың конституцияларының мазмұны мен құрылымы жағынан ерекшелік табу қиынға соғады, ұқсастық басым. Мәселен, одақтас республикалардың негізгі заңдарының алғашқы тарауы саяси жүйе («политическая система») тарауымен бастау алады. КСРО конституциясының І бөлім, 1 тарауының 4-бабында: Кеңес мемлекеті, оның барлық органдары Социалистік заңдылық негізінде әрекет етеді, құқықтық тәртіпті, қоғамның мүдделерін, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етеді» [2, 6-б.].«Бұдан шығатын қорытынды, Кеңес билігі Одаққа біріккен республикалардың ешқайсысына да тәуелді дамуға жол ашпай, қатаң орталықтандырылған жүйені басшылыққа ала отырып, ұлттық құндылықтарын жаңғырту мүмкіндігін шектеді. Билік пен басқару жүйесінің үстінен Қазақ КСР Коммунистік партиясы бақылауда ұстады.

Тәуелсіз Қазақ елінің Ата заңының І бөлімінің 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады» - деп жариялады. Міне, 30 жыл бойы қандай да бір істерімізді осы құжат арқылы бағамдап, таразылап келеміз. Бұл құжатта мемлекеттіліктің құқықтық негізін қамтамасыз ететін бірқатар берік принциптер белгіленді. Адам құқығы ең жоғары құндылық ретінде танылды.

КСРО ыдырағаннан соң, Қазақстан тәуелсіз даму бағытына бет бұрды. Осыған байланысты мемлекеттік органдардың барлық  тетігін  түбегейлі  қайта құрудың  және ұлттық құқық жүйесін қалыптастыру-дың объективті қажеттілігі туындады. Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы Қазақстан Республикасы болып қайта құрылды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Республиканың Жоғарғы Кеңесі «Тәуел-сіздік туралы» Конституциялық заңды қабылдады. Құжатта Қазақстан тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет болып жарияланды. Билікті заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлу принципі танылды.

1993 жылдың қаңтарында Жоғары Кеңес тәуелсіз елдің алғаш Конституциясын қабылдады. Бұл негізгі заң объективті және субъективті факторлармен түсіндірілген егемендіктің, саяси дамудың маңызды кезеңін белгіледі.Қоғам саяси және құқықтық таным тұрғысынан мемлекет патерналистік сипат алып, кеңестік идея басым болды. Демократиялық институттар, президенттік басқару формасы енді қалыптаса бастады. Мемлекеттік билікті бөлу принципін жариялай отырып, 1993 жылғы рес-публика Конституциясы оны жүзеге асыруға кепілдік беретін ережелерді енгізбеді. Көп ұзамай Конституцияның осы және басқа да кемшіліктері мемлекеттіліктің одан әрі қалыптасуы мен жаңа құқықтық жүйенің қалыптасуына кедергі бола бастады [3, 243-б.].

Жоғарыда айтылған себептерге орай,ҚР-ның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен түзілген Жаңа Конституция 1995 жылдың 30 тамызында Жалпыхалықтық Референдумнан соң қабылданды. Қазақстанның Конституциясы демократиялық саяси режимді көздеді. 

1993 және 1995 жылдардағы Ата заңдарымыздың бірінен соң бірінің аз уақыт аралығында қабылдануы-ның басты себебі – еліміздің геосаяси жағдайы мен жаһандану процесіне енуіне байланысты мемлекет басшысының құзіреттілігін күшейтуге тура келді.

Әлемдегі басқа да алып мемлекеттердің негізгі заңдарына назар аударсақ, бірқатар құрылымдық ерекшеліктер мен идеологиялық ұқсастықтар байқалады. Мемлекеттік құрылыстың сан түрлілігі мен басқару нысандарының ерекшеліктерін анықтау – конституциялық құқықтың жалпы теориясын, Конституцияның мемлекет пен қоғамдағы рөлі мен беделін арттыруға серпін береді.

Германия, АҚШ, Франция секілді елдер демократиялық бағыт алса, Пәкістанның мемлекеттік басқару жүйесі мұсылмандық құқықтарға негізделген. Ал, Марокко, Испания сынды елдерінде басқарудың монархиялық сипаты сақ-талған. 1978 жылғы 27 желтоқсанда қабылданған конституциясында Испания әлеуметтік, құқықтық және демократиялы ел деп жариялаған. Конституция мәтінінде: «Мен, Испания Королі дон Хуан Карлос І, осы құжатпен танысушы кез-келген адамға бұл конституцияны Кортестердің мақұлданғанын және испан халқы мақұлдағанын мәлімдеймін:» - деген алғысөзінен басталады.

Франция Республикасының қазіргі кезеңде қолданыстағы 1958 жылғы 4 қазанда бекітілген Конституциясының кіріспесінде (преамбула): «Француз халқы 1789 жылғы декларацияда анықталғандай, 1946 жылғы Конституцияның кіріспесінде расталған және толықтырылған адам құқықтары мен ұлттық егемендік қағидаттарына адалдығын салтанатты түрде жариялайды. Осы қағидаттарға, сондай-ақ, халықтардың еркін өзін-өзі анықтау принципіне сүйене отырып, рес-публика оған қосылуға ниет білдіретін шетел аумақтарының халқын, бостандықтың, теңдік пен бауырластықтың бірлескен идеалына негізделген және олардың демократиялық ыдырауын мақсат ететін жаңа институттарды ұсынады»[4, 503-б.].

Ал, төл Конституциямыздың кіріс--песінде: «Тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттік құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және татулық мұраттарына берілген бейбітшіл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзілік қауым-дастықта лайықты орын алуды мақсат ететіндігін» [5, 3-б.] алға тартады.

Бұл тұста назар аударатын жәйт, конституциямыздың бұл жолдары Қазақ мемлекеттілігінің бастауы ежелден тамыр тартатындығын айшықтайды.Табиғатынан еркін, азат қазақ халқының адамзат тарихындағы өз орны, туған жұртымыздың әлемдік ұлы мәдениетке қосқан үлесінің орасан зор екендігін аңғаруға болады. Қазақ қоғамындағы құқықтық қарым-қатынастар халықтың тыныс-тіршілігі мен дүниетанымдық көзқарастарына негізделген.

Қазақстан секілді отарлық езгідегі біршама тарихын бастан кешкен Оңтүстік Азияда орналасқан мемлекеттің бірі – Үндістан.  Үндістан да көп ұлтты мемлекет. Бұл елде әр түрлі тілде сөйлейтін және әлеуметтік-экономикалық дамудың әр түрлі сатысындағы бірнеше жүз ұлт, шағын халықтар мен тайпалар өмір сүреді. Үндістанның ағылшын тіліндегі конституциясы кезінде әлемдегі көлемі жағынан ең ұзақ конституциялардың бірі. 1949 жылдың 26 қарашасында қабылданған (1950 ж. 26 қарашасында заңды күшке ие болған) ең алғашқы басты құжат 22 бөлім, 8 кесте және 395 баптан құралды. Ал бүгінде әлемдегі ең ұзақ та, көлемді конституция ол – АҚШ-тың Алабама штатының 1901 жылы заңды күшіне енген, қазіргі кезеңде қолданыстағы конституциясы.

Үндістанның тарихындағы ең алғашқы конституция 1935 жылы қабылданған «Үндістан үкіметі туралы актісі» болатын. Бірақ, бұл негізгі заңда Үндістанның болашақ саяси мәртебесіанықталған жоқ, ал Британдық Ұлттар Достастығы шеңберіндегі өзін-өзі басқару қағидасы ескерілмеді. Үндістанның саяси күштері Үндістанды басқару туралы Заңның қалыпты сипатына наразы болып, бұл құжатты «құлдық Конституция» деп атады.

Үндістанда бұқаралық халықтың жаппай ұлт-азаттық көтерілістері нәтижесінде Англия Үндістанның тәуелсіздігін 1947 жылы мойындауға мәжбүр болды. Үндістанның тәуелсіздігі туралы Британдық Актіге сәйкес, ағылшын Парламенті мен Үкіметінің Үнді еліне билігі тоқтатылды. Тоқтаусыз орын алған үнді халқының ұлт-азаттық көтерілістері үнді және британдық көзқарастар арасындағы және олардың арасындағы шиеленіс 1935 жылғы заңдағы қағидаттарды толығымен жойып, тәуелсіз демократиялық бағыт ұстанған мемлекет атанды.

1947 жылғы акт Үндістандағы ағылшын әскерлері үшін арнайы юрисдикцияны (мемлекеттің сот және әкімшілік органдарының өздерінің құзыретіне сәйкес істерді қарау және шешу жөніндегі құқықтары) және ағылшын шенеуніктерінің бұрынғы құқықтарының сақталуына жол ашып берді [6, 5-6-бб.]. Яғни, Конституцияның көптеген баптары, осы баптардың өз мәтінінде көрсетілгендей өз дәрежесінде жүзеге аспады. Бұл дегеніміз үнді еліне ағылшын үстемдігі саясатының сарқыншақтары сақталғанының көрінісі.

Тәуелсіз мемлекеттер достастығы ұйымына қатысушы мемлекеттердің конституциялық дамуына  тоқталар болсақ, бұл елдердегі конституция КСРО-ның бұрынғы одақтас республикаларының Конституциясынан айтарлықтай ерекшеленеді.Бұл елдерде конституциялық даму кезең-кезеңімен жүзеге асты. Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде пайда болған осы жаңа мемлекеттердің тәуелсіздігі, егемендігі және еркін өзін-өзі айқындауы туралы декларациялардан бастап, алғашқы посткеңестік Конституциялар қабылдан-ғанға дейінгі күрделі жолды еңсерді. Жаңа мемлекеттердің тәуелсіздігі туралы декларациялар олардың тәуелсіздігі мен егемендігін, өркениетті елдерге тән демократиялық сипатқа ие қағидаттық ережелерге негізделген қысқаша да, маңызды құжатқа айналды[2, 7-б.]. ТМД елдерінің конституциялары бір-бірінен де ерекшеленіп, деморатиялық бағыт алды.

Қазақ құқығының тарихын зерттеп-зерделеу тек «тәуелсіздік» атты ел мұратына жеткелі қолға алына бастады. Халқымыздың төл тарихын зерттеуге «идеологиялық тосқауыл» кедергі туғызғанын бүгінгі тарихтың кейбір айшықталған оқиғалары мен құбылыстары дәлелдеп келеді.     

Қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген халықтар өмірінде көптеген ғасырлар бойы астан-кестен оқиғалар мен өзгерістер болды. Осындай қилы тарих шырмауынан көне дәуірдің мұрасы ретінде ұрпақтар үшін қазақтар екі мәңгі құндылықты сақтап қалды – ол Сөз Құдіреті мен Заң Құдіреті.

Әділеттік құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негіз-делген қазақ құқығы өзінің реттеушілік мәнін ХІХ ғасырға дейін, кейбір жағдайларда ХХ ғасырдың басына дейін жоғалтпай сақтап келді. Қазақ құқығының бұлай ұзақ өмір сүруін өркениеттің шаруашылық-тұрмыстық, дүниетанымдық негіздері қазақтың кең даласында сақталды. Екіншіден, қазақ құқығы халықтың тыныс-тіршілігінің өзегімен қисындас болатын, халықтың өзіне жақын, тәндес, жалпы адам баласының мәңгілік рухани бітім-болмысына, талабына сай болатын[7, 203-б.].

Кез келген демократиялы, өрке-ниетті елдің негізгі қағидалары, мемлекеттік басқару нысаны, әр азаматтың құқықтық жағдайы мен мемлекеттік органдардың мәртебесін ең алдымен Конституцияда бекітеді.

Ел конституциясы тәуелсіздіктің негізгі арқауы. Азат еліміздің Конституциясының басты қызметі – елдің тұрақты және орнықты дамуын қамтамасыз ету, нарықтық экономиканы нығайту, ең маңыздысы – мемлекеттік тәуелсіздікті сақтау. Менің ойымша, бұл қызмет сәтті орындалуда. Алайда, қазақ құқығының тарихы, дәстүрлі құқықтық нормалары, көшпелі өмірдің демократиялық-мәдени құндылықтарын зерттеу кенже даму жолына түсті. Ел тәуелсіздігі бұл мәселені обьективті де шынайы көзқараспен қарастыруға зерттеуші-ғалымдар үшін зор мүмкіндіктерге жол ашты. Бұған дейін Патшалық Ресей, Кеңес үкіметі кезеңдері тұсында қазақ құқығының мәселелері отарлық биліктің ығына қарай жүргізілді.

Алғаш қабылданған егемен еліміздің Конституциясы 26 жыл бойы саяси-құқықтық міндетті орынды атқарып келеді. Ең алғаш тәуелсіздікке қол жеткізген жылдардағы сынға толы кезең-нен де халық бірлігі мен тәуелсіздік тұғырын жығып алмай, аман алып шықты.

Төл Конституция бүкіл мемлекеттік жүйенің, бүкіл қазақстандық заңнаманың қалыптасуына қуатты серпін бере алды, әлі де еліміздің дұрыс бағытта дамуының кепілі деп бағамдар едік. Мемлекеттің әрбір азаматы конституциялық сауатты, тәуелсіз еліміздің негізгі тұтқасы – Ата заңымыздың қадір-қасиеті мен тарихи маңызын саналы түрде түсіне білсе, ол да біздің Мәңгілік жеңісіміз, жетістігіміз деп түсінеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Нұр-Сұлтан: Регис-СТ Полиграф, 2020. – 420 б. – Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде.

2.Конституция (Основной закон) Союза Советских социалистических республик. - Москва, 1990. – 64 с.

3.Конституция государств – участников СНГ. – М.: Издательская группа НОРМА-ИНФРА. - М. - 1999. – 736 с.

4.Конституции 16 стран мира: Сб.конституции стран-членов СНГ, Балтии и ряда др.государств мира/ Сост. Ж.Баишев, К.Шакиров. – Алматы: Жеті жарғы, 1995. - 576 с.

5.Қазақстан Республикасының Конституциясы. – Алматы, 2001. – 52 б.

6.Конституция Индии. –М.: - Изд-во иностр. лит-ры., 1956. – 466 с.

7.Зиманов С. Казахский суд биев – общекультурологическая ценность. – Алматы: Изд-во «Арыс», 2009. – 408 с.

1422 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз