• Ел мұраты
  • 18 Қыркүйек, 2021

Ақсақал сөзі – танымның көзі

Бүгінгі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған іс-шаралар легі көптеп атқарылуда. Осы орайда айтарым, менің ойымша қазақ даласында ежелден қалыптасқан үлкен институттың бірі – Ақсақалдар институтын жаңғыртуымыз керек. Экономика ғылымдарының докторы, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, Қазақстан экономикалық ғылымдар академиясының академигі Орақ Жолмырзаұлының «Aқиқат» Ұлттық қоғамдық-саяси журналының 2021 жылдың ақпан айындағы №2 санында жарияланған «Ақсақалсыз ел болмас» деген көлемді мақаласын оқығаннан кейін, бұл мәселе менің де бұрыннан ойыма алып, көкірек сарайымда тербетіп жүрген тақырыбым есебінде санама қайта қозғау сап, аталмыш идеяны аша түсуге себі тиер ме екен деп, қолға қалам алғызды.

Соңғы кездері «ақсақалдар азайып кетті, дені дұрыс, ұлағатты әңгіме айтатын абыз қариялар сиреп барады» деген пікірлерді жиі естиміз. Осы мәселеге байланысты сөзімнің басын «білім» және «білімді» деген екі ұғымнан тарқатсам деп отырмын. Себебі, ақсақал қандай болу керек деген сұрақ «Ақсақал» сөзіне құлағын түріп, Ақсақалдарын танығысы келетіндердің баршасының көкейінде тұрғаны ақиқат. Олай болса «Ақсақал» атты көрегендер: білімді мұрат тұтқан, жан дүниесін білім нәріне суарған, өн бойынан елім, жерім, халқым деген аңсар аңқып тұратын, көкірегінде Кісілігі қанасынан асып-төгілген тұлғалық сипатта болуы керек деп топшылаймын.

Адамзат баласының әр біреуінің кез келген мәселеде өз түсінік-пайымы, көзқарасы мен ұстанымы болады. Мысалы, әлгі айтқан білім әлемі туралы мәселеге келсек, оны адамдардың басым бөлігі қоғам дамуы үшін қажетті сапаның бастау көзі деген көзқараспен түсініп-пайымдап, адам бойына қажетті күш тұрғысында ұстанып, кәдесіне жаратады. Білімді деген сөз – жекелеген адамдардың қандай мамандық төңірегінде жүрсе де, олардың сол салалардағы өзге бір адамдардан ерекшелігін, ой-өрісі мен тұлғалық деңгейі тұрғысынан айырмашылығы мен артықшылығын аңғартатын ұғым.

Біздің қоғамдағы көпшілік қауымның түсінігі бойынша білімді адам: иманды, көзі ашық, тигізетін пайдасы мол болғандықтан, қоғам дамуын жеделдететін қасиеті бар азамат. Бірақ сол білімді адамдардың қалың ортасында: саясаттың «жілігін шағып, майын ішетін», кез келген есікті еппен ашып тонаумен айналысатын, қырып-жою өнерін меңгеріп, адамзатты қасіретке тірейтін дәрі-дәрмектер мен қарулар өндіріп, оларын ел ішіндегі өз «билігімен» мемлекетке «ықпалын» жүргізіп, іс тындыру үшін өте шебер пайдаланатындарды да білімсіз деп айта алмайсың. Оларға бұндай білім, әлгі аталғандай қиямпұрыстық әрекеттерді ұйымдастырушы қауымның «ережелеріне» сай үйретілген. Демек осы жердің өзінен-ақ, білімдарлардың мақсаттарына жетуге ұмтылатын екі тобын байқаймыз. «Ақылдыларды» да осындай ақылын пайдалы іске жұмсайтын, жұмсамайтын деп екі топқа бөле аламыз.

Енді жасамыс адамдар тобына келсек, оларды да жастарына қарап топ-топқа бөліп, көбіне бәріміздің құлағымызға сіңісті болып кеткен: жігіт ағасы, мосқал, шал, қария, ақсақал деген атаулармен атап жатамыз. Бұл орайда Үлкендік, Кісілік, Ақсақалдық хақындағы осы күнгілердің пікірлері мен ең соңы 1920-1950 жылдар аралығында дүниеге келген, біздермен замандас ұрпақтардың түсінігі бір-бірімен қабыса бермейтіндіктен, ол ұғымдардың қасиеттерін бір-бірінен ажыратып, ұлттық сананы кемелдендіре түсуге қозғау бола алатын құдіретін де, ой-санасынан өткізе қозғайтын тұлғалар бүгінде өте некен-саяқ. Жетес би айтып, Орақ Жолмырзаұлы бізге жеткізіп отырған: «Адамның сәні – өнер-білім ақылы, Жердің сәні – жеміс-өнім дақылы, Сөздің сәні – өнегелі өткір нақылы, Пікірдің сәні – ең пайдалы мақұлы» деген ұлағатты тәрк еткен қазіргі заманда, «60-қа келгеннен емес, 6-ға келгеннен ақыл сұрайтын» халге жетіп, «мақұл» дейтіндерден гөрі, «әрі тұр» дейтіндердің шет жағасын көбіміз өз орталарымыздан-ақ байқап, тәкит те жеп жүрген шығармыз бәлкім.

«Ақсақал» тақырыбы, баға жетпес, этномәдениеттілікті өз орнына қояр, іргелі тақырып. Себебі: «өнер, білім, ақылдылық та; жеміс-өнім дақылдың – еңбек арқылы жайқалып, жердің сәнін кіргізетінін ұрпақтың санасына сіңіре алатын қабілет те; сөздің сәнін келтіріп, өнегелі өткір нақылымен ұрпақты санаға шақыратын білгірлік те; мақұлдай отырып, сәнді пікірімен жөнге жетелей алатын икемділік те», - Ақсақалдардан табылған бағзы замандарда. Олар: ықыластыны, ақылдыны, кішіпейілдіні, шыншылды жүзінен-ақ біле алатындығымен; өтірікшіні, ұрыны, наданды, өзімшілді тұрқынан-ақ айыра білетіндігімен; жетімнің, кедейдің, жесірдің қасіретімен бірге бауырларын сыздата ауыра алатынымен; сабырлы, қарапайым, жомарт мінез тумысынан екендігін тани алатындығымен; мешкейліктің, ұйқышылдықтың, жалқаулықтың, езбеліктің түп сағасы жатырдан екенін тап баса алатындығымен; Алла жолын ұстанып, салт-дәстүрді жетік білетіндігімен Ақсақал деп танылып мойындалған.

Ал осы қоғамда «Ақсақал сөзі» не үшін керек болып жатыр? Себебі, «Ақсақалдықтың» қожыраған іргесін қайта орнына келтіре алғанымызда ғана: басшыны қосшы қолдайтын; үлкенді кіші сыйлайтын; әкені бала, шешені қыз тыңдайтын; ұстазды шәкірт бағалап; үлкендіктің, кісіліктің, ақсақалдықтың бәсін біле алатындай қоғам орнайды, Мөңке билер айтқан:

...Кер заманның кезінде –

Айнымалы, төкпелі биің болады.

Ай сайын бас қосқан жиын болады.

Ертеңіне сенбейтін күнің болады...

 ...Жаман-жақсы айтса да,

Өзінікі жөн болар.

Сөйткен заман кез болар,

Түзелуі қиын болар,

Ей, түзелуі қиын болар-ау! Қиын болар!... – деп күңіреніп кеткеніндей, Жәнібек Кәрменовтің:

...Аспан – шала, бұлт – шала,

Жер де көктей солмасын.

Халық – шала, ұлт – шала

Қоғам шала болғасын! – деп «шалаларды» сынағанындай, сөз түзелсе, бұ заманды да түзейтін, ата-бабалар армандап кеткен дәуір қайта оралар еді-ау дегендіктен қолға алынуы қажет. «Aқиқат» қоғамдық-саяси журналында «Ақсақал сөзі» айдарының көтеретін мәселесі де сол.

Олай болса «Іске сәт!» дей отырып, біз ұлықтағымыз келіп жатқан Ақсақалдармен қоғам санасып, әлеумет арасында «Ақсақалдар сөзі» тыңдалу үшін не істелмек керек? Ол үшін «Шариғат», «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сынды Ұлы Дала заңдарымен қорғап қана салты мен дәстүрлерін құдіретті еткен со бір замандардағыдай, осы заманның Конституциясынан бастау алатын заңдарымен қорғалатын, Орақ Жолмырзаұлы ұсынып отырған, болашақта құрылуын қоғамның өзі сұрап тұрған «Ақсақалдар алқасы» сүйеніп қарекет жасай алатын, «Ақсақалдар кодексі» аясында ұлтымыздың мемлекет мойындайтын «Салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының ауқымын» қалыптастыруға тиіспіз. Оны әлемнің кейбір мемлекеттеріндегідей мектепке дейінгі мекемелерден бастап, мектеп, колледж және жоғарғы білім ордаларында пән ретінде оқыту бағдарламасы жасалып, бекітіліп, күшіне енгізілсе ғана, бүгінгілер ақсақалдарын танып, олардың қасиетін түсіне отырып мойындайды. Сонда барып сөз білерлеріміз, өздерін АҚСАҚАЛ ретінде, ешкімге жалтақтамайтын дәрежеде сезіне алады. Сол кезде барып, АҚСАҚАЛ тақырыбы жабыла жазылатын ғылыми тақырыпқа айналады. Сол кезде ғана бұл тақырып профессор Орақ Әлиевтың «Ақиқат» журналының 2020 жылғы мамырда шыққан №5 нөміріндегі (Бейкәсіби абайтанушының ой-толғауы) ретінде жазған, «Абайға апарар жол» деген мақаласындағы көтерген «Қазақтану» (қазақты танып-білу) ілімінің бір саласы ретінде, сол  ғылыми тақырыптардың арқауы бола алады. Сол кезде ғана итальян жиһангездері Карпини мен Рубруктың қазақ дәстүрлері туралы есебін тыңдағаннан кейін Рим папасы ІV Иннокентийдің, Ұлы Даланы уысында ұстап отырған Ақсақалдарынан сескеніп мойындағаны сияқты, мемлекеттік тұрғыда этнопедагогикалық ғылыми дәйектемелер мен тұжырымдар, теориядан іс-қимылға көшіп, өзінің кейбір функцияларын орындауға кірісе бастар еді.

Жалпы адам баласы «Авестада» айтылып кеткен барлық кер замандардан тәкит жеп: қайта-қайта құлай беру арқылы – тұрып кетуге; өмір жасы өксіп жылай беру арқылы – ешкімге мейрімі түспес ішмерез болуға; тапқаны таянғанына жете бермейтін жоқшылық тауқыметтері арқылы боздай-боздай – өз бетінше отығуға; қатыгездерден «таяқ жей-жей» таяныш болар адам таба алмағандықтан – өз бетінше күресе алуға машықтануға; т.б. әрекеттер жасай алуға «жетім қозы сияқты түңіле жүріп қарын тойғызуға» үйрене берген ғой. Сондықтан бізге де, «Ақсақалдарсыз» өмір сүрген кезеңдердегі ащы сабақтардан санамызға сәуле түсіріп, филология ғылымдарының докторы Т.Еңсегеновтың «Авеста – түркілерге ортақ мұра» атты монографиясында «Әрбір заттың, болмыстың архетипі бар. Ұлттық намыс, жігер, ары бар саналы адам рухани байлығының түп-төркінін табу үшін тарихтың жеті қабат қойнауынан да әріге, архетиптерге үңіліп, содан бері қарай зерттейді», – дегеніндей, осындай жанкештілікпен Ақсақалдарымызды тануға кірісіп, оларды өздерінің мәртебелі тұғырларына, төрлеріне отырғызып, «көп жиылып бас болмайды, құм жиылып тас болмайды» деген салыстырмалы теңеуді ұғына отырып «түзу сөз» айтқызып, «қоғамды түзеуге» Оларды кірістіретін кез келді!

Себебі мемлекет «біле» алмайтын жайттарды, сот билігі айта алмайтын соңғы шешімдерді әр әулеттің, әр ауданның, әр аймақтың Ақсақалдары арқылы анықтатып, айтқызып, қазақ қоғамында етек алып кеткен әлеуметтік сұрқиялықтарды өз орнына қоятын мезгіл жетті! Қазақстандағы барлық ұлттың мәдени орталықтары өз халқының тілі мен ділін, әдеті мен ғұрпын, салты мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, білімі мен тарихын ұрпақтарының санасына құюда белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Тек жалғыз ұлт, мемлекет құраушы ұлт – қазақ ұлты ғана «төркінінде жүрген қыз сияқты төсегін жинамай», күн өткен сайын ұрпағын «импорттық» салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарға «тұншықтырған үстіне тұншықтыра» түсуде.

Қоғамда міне осындай шындық бар! Бірақ, Қадір Мырза-Әли айтқан «балтаның астындағы» шындық жолының шырғалаңын ұғып, шыдамдылықпен жүріп өтіп мақсатқа бастай алар тұлғалар өте аз. Ақиқатпен өмір сүру, қасқырлардың апанында аман жүре алатындай айламен ғұмыр кешкенмен бірдей. Ал, осылай болуы мүмкін бе?.. Оның жолы біреу-ақ! Ол жол – түлкінің тоқсан айласын меңгеру. Бірақ сондай айламен жүруге бірен-сарандардың ғана ебі болғанымен, мемлекетті ұстап тұрған халықтың басым бөлігі саналатын топтың Ары жете бере ме...

Бұл «балтаның астындағы шындық пен тақтың үстіндегі өтірік» арасындағы қарама-қайшылықтардың тайталасы «әлімсақтан бері» болып келген. Бірақ осы қарама-қайшылықтарды ер адам түзде жүргенде, ІХ-Х ғасырдан бері түпнұсқада араб тілінде 1929 жылға дейін 900 жыл бойы білім алып, ислам ілімімен сусындап келген асыл аналарымыз, беліне қанжары мен семсерін қыстырып, ерттеулі атын үй іргесіндегі кермеге байлап қойып, сыртқы жаудан да, ауыл арасындағы ала-көз ағайыннан да ошағын қорғай, баласын туып, оларды тәрбиелей жүріп-ақ отбасы экономикасымен (қазіргі тілмен айтқанда отбасы кәсіпкерлігімен) қоса айналысып, дамытып орын-орнына қоя білген. Соның арқасында Кеңестік үкімет орнағанша Ақсақалдардың ақ батасымен қиылып, бірде-бір рет бұзылмаған некелер, шайқалмаған шаңырақта қазіргі тыныш заманда құйын соққандай ойран болып, тірідей жетім қалатын балалар қаптап кетті; жесір қалып көрмеген, ішімдік татып, шылым тартпаған әйелдер тірі жесірліктің қамытын киіп, түнгі клубқа аңсары ауа беретін ауруға шалдықты; отбасына асығу, баласын сағыну, күйеуін көсем тұтыну адыра қалды; қазіргі «көсемдеріміз» тоқалымен мақтанатын болды. Олардың сондай еркін өміріне тұсау салар, біз айтып отырған «Ақсақалдар қауымдастығы» да жоқ. Осылайша, «тәк» дейтін ақсақалдан «құтылып», «әй» дейтін әжеден «тұра қашып» жүрген осы кездері, «кемпірден қашқан ауылдарда» сол балалардың жүрегіне, аңсарына, езіліп өсіп келе жатқан ғұмыр жолына үңіліп көрген адамдар болдыма екен?! Төрт-бес түгелі екі әйелден туған ұрпақтың тату болғанын қай тарихтан оқып көрдік?! Бүгінде бір әке-шешеден туған ұл-қыздардың өздерінің татулығы сұраққа айналып бара жатқанда, ақ жағалы «тұлғалардың» бұл қылығы «Ақсақалдық» атты шыңға жетіп, ел-халқына көшбасшы бола алар көп тұлғаларымыздың санасын шідерлеп, ауызына қақпақ болып жатқан жоқ па екен, осы?! Ақсақалдық арқылы іске асырылатын билік тетігін іздеусіз қалдырған өрескелдіктің бірі осы жайттар.

Ата-бабаымыз ұрпақтарын билікке, шешендікке, ұлықтыққа, батырлыққа кешеге дейін, «Кеңестің таңы» атқанға дейін машықтандырып келген. Бірақ Ұлы Даланың бұл құндылықтары Кеңес идеологиясына ыңғайлы болмағандықтан, бай-манаптар мен қожа-молдалардың қосағында, небір асылдарымыздың тұқымына тұз құйылып, ұрпақтар сол саясатпен тәрбиеленіп, Ақсақалдықты айдалаға тастап жойды.

Біздің санамызды саяси отарлаушылар әйел заты бұзылған қоғамда мемлекетін басып алып билей беру түкке де тұрмайтынын білгендіктен де осы әдісті таңдады. Біздің әйелдеріміз не себепті осы саясаттың құрбаны болды? Себебі орыс мемлекетінің тілін әлі меңгермегендіктен өздерін мәдениетсіз сезінген, оның үстіне берісі 1700 жылдардан бастап діни білім мен діни білімділердің қудалана бастауынан қазақ даласын бұ жағынан да сауатсыздық жайлай бастады. Осындай себептерден қазақ әйелдері ислами білімнен мақұрым бола бастап, шетелдіктердің «теңдік» деген сөзін жүректеріне жақын тұтып, жылы қабылдады. Ақырында, әйелдер отбасы құндылықтарына енжар, бойкүйездікпен қарай бастады.

Адам неғұрлым білімсіздене бастаса, олардың психологиясын ауыздықтап, өркениеттен оқшаулау да оңайлана береді. Отаршылар қазақ даласындағы осы психологиялық ахуалды, осы кезеңдерде өте сәтті пайдаланды. Оның үстіне, кеңес өкіметі орнаған соң білім беру стратегиясы марксизм-ленинизм идеясымен суарылғандықтан, әйелдер ұрпағының бүкіл тәрбиесін мектепке басы бүтін тапсырып, кеңес өкіметінің қызметін «адал» атқару үшін отбасы мен бала-шағасын ойлаудан «құтылды».

Сексен жылға созылған осы идеология «әуелі өзіңді, отбасыңды жарылқа» деген қасиетті құран сөзін ұмыттырып (олар өзі диуана адам ешкімге пір болмайтынын, өзінде жоқ адам ешкімді жарылқай алмайтынын білді), тек «Ленин үшін! Сталин үшін!» деген оймен өмір сүргізді. Исламның «өзіңді жарылқа» деген хадисінің орнына мәңгүрт болған халық кеңестің «барлығымыз үшін» деген моралін іске асыруға жанын салды. Тәуелсіздік кезінде әуелі өзіне, өзінің айналасы мен туған-туысқандарына емес, әлдекімдерге қол ұшын созып, «арқадан әкім қаққанға мәз болып», «қазақтардың бәрі диуана болып, отбасымызға пір бола алмай» осындай азып-тозған күйге жеттік. Азып-тозуымыздың тағы бір сыры осында. Енді қайтпек керек?

Осы сұраққа жауап беру үшін аз-кем пәлсапалық ойларға зер жүгіртіп көрейікші. Табиғаттану ілімінде жылы ауа жерден көтеріледі. Салқын ауа жоғарыдан төмен түседі. Екеуінің тоғысында әлсіз, кейде аласапыран құйын желдер болып, суды да, нуды да шайқап, әлек-шәлек етеді. Табиғат, адамзат, т.б. жаратылыстар аз-маз зардап шегеді. Бірақ парасатты адамдардың ойы және іс-әрекеттерімен құйыннан болған зардаптар орнына келеді. Құрлық пен теңіз, мұхит жағалауларында да, мұхиттар мен теңіздердің әлдебір жерлерінде де, кең дала мен сахараларда да осындай табиғат ирімдері болып тұрады. Осындай иірімдер мен құйындардан ата-бабаларымыз «бисмиллә рахман рахим» деп аман қалып отырған. Адамзат баласының көкейі мен тілінің ұшынан әр уақытта шүкіршілік пен тәуба айту кетпегендіктен, қоғамдағы сан түрлі аласапырандардан аман-есен келесі бір дәуірге өтіп отырған. Ата мен әкенің, әке мен баланың, ата мен немеренің, ене мен келіннің, ана мен қыздың, жалпы ең жақын туыстардың қарым-қатынасында да табиғаттағыдай әлсіз кейде аласапыран пікір қарама-қайшылықтары, пікір саналуандығы болып отырады. Бұл табиғаттағы заңдылықтар сияқты әрбір отбасында болып отыратын психологиялық құбылыс.

Сондықтан да хадис шәрифтерде: қара жерді қақ айырғансып, үнемі  міндетсініп жүретіндерді; қолына болар-болмас, толар-толмас пәпке ұстай сала тәкаппарланып шыға келетін адамдарды; ақша үшін ант-су ішіп иманын садақа ететін адамдарды Алла тағала жек көреді деп айтылады. Олай болса тағы бір хадис шәрифтегі: «Адамның өзі жаман болса, ахиретте тегінің үстемдігі оған пайда бермейді» – деген өсиетті баршамыз есте сақтап, «Мақтануды, мақталуды, мадақталуды жақсы көру адамды соқыр, әрі керең етеді. Өз айыптарын, кемшіліктерін көрмейді. Дұрыс сөздерді, өзіне айтылған шындықтарды, насихаттарды естімейтін, айтқандарды дұшпан көретін болады» деген өсиеттен сабақ алуымыз керек. «Доспен пікір таластырып (өз дегеніңнен қайтпай қасарысып) достарыңды азайтпай, дұшпандарыңмен таласып дұшпандарыңды арттыра бермей», асықпай іс ету керек. «Күнә істегенде дереу тәубе етіп өкінуге ғана асығу керек». Іс-әрекет еткенде асықпай сабырмен ету керек. Сонда ісің оңға басып, алған ілімің сіңімді болады. Сондықтан терең білім иелері болғандықтан «Салихтар, жақсылар әбігерлік пен қиыншылық бермейді». Ар ілімін меңгерген немесе осы ілімге бет бұрып, ниет еткен әрбір ұлымыз ұлықты, қызымыз қылықты болып, өзі түгілі, салихтар мен игі жақсылар сияқты айналасындағыларды да қиыншылықтарға душар етпес еді. Ар ілімін меңгеру, осы жолға ден қоя отырып түсу, әуелі отбасынан басталады. Ал, отбасыға бас-көз болып отыратындар әр қоғамда да Ақсақалдар болып есептелген.

Жақсы. Онда Ақсақалдар деп кімдерді тануымыз керек? Меніңше, Ақсақалдық: жасы келген, жоғары қызмет істеген, тұрмысы жақсы, ақ сақал мен мұрт қойған адамдарға ғана емес, тұлғалық деңгейіне: оның өмір танымына; жеті жұртты терең білуіне; қоғамды дамытушы күштерді саралай алушылық қабілетіне; салт пен дәстүрдің құдіретіне сөзсіз мойын ұсынатын саналылығы мен сезімталдығына; діни терең білімі мен оны жүрегімен қабылдай алған имандылығына, т.б. қасиеттеріне сай келген адамдарға лайық дәреже.

Тағы бір көкейден кетпейтін мәселе, Би мен Ақсақалдықтың аражігі қандай? Меніңше Ақсақал қамтитын қызмет аясы Билер атқаратын істер ауқымынан кеңірек. Яғни Билік – Ақсақалдықтың ішкі бөлігіне кіретін қызмет аясы іспеттес. Сондықтан «Ақсақал сөзінің» пәрменділігін әр кез ескеріп, жетілдіріп отыру да осы «Ақсақал сөзі» идеясының аясында жүзеге асырылып отыруы қажет.

Әпсаналарға зер салсақ, елді шөлден ақсақалы құтқарып, патшасын жөнге салыпты; алтын құрсақ аналар ақсақалы бар елге тән бопты; «сынған қол жең ішінде, жарылған басы бөрік ішінде» ақсақалы бар елдерде бітіпті; «өзінікі өзекке тепсе де» ақсақалы бар елде кетпепті. Ол бір есті заманда бұлай іс етіп отыру, ездіктің емес елдіктің белгісі еді десіпті! Ал арыдан бері басталған ақсақалдық жөннің кетуі, Құнанбайдың айдалып, «Қан мен тердегі» Сүйеудің бебеуінен соң ыдырапты. Оларды бүйтіп пәс еткен, жат дінділердің «екпіні» еді.

Олай болса, біздің қазіргі әңгіме етіп отырған Ақсақалдық мәртебемізді қайтадан ізгі жолға салып, еңсесін қазіргі қоғамға лайықтап қайта тіктеуіміз үшін, республика ақсақалдары ақсақалдық сөзімізді түзеп, танымның көзіне айналдырудан бастауымыз керек! Сонда ғана «Ақсақалдар көшінің» керуені бабалар салған дәстүрге бет бұрары сөзсіз!

Шарафадин Алтынбайұлы,

ардагер ұстаз, ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Қазалы ауданының Құрметті азаматы 

 

590 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз