• Ел мұраты
  • 28 Қазан, 2021

Ми – рухани қайнардың қуат көзі

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор

«Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, игеру заңдарын білу ғана емес, тіл ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой фәлсәфәсін де меңгереді».

 Жүсіпбек АЙМАУЫТҰЛЫ

Адамзаттың екі мың жылдық та-рихы өзінің жүрісінен жаңылғандай, бұрын-соңды болмаған, күтпеген оқыс оқиғалар көбейген ерекше бір дәуірді бастан кешіріп жатыр. Осы уақытқа дейін табиғатты өзіне «бағындырып», «адамға табын, жер енді!», «өмірді тұрмыс билейді» деп келген адам баласының іс-әрекетіне күдік келтірер құбылыстар көбейе түскен түсініксіз бір кезеңге кіріп кеткендейміз. Өмірде болып жатқан өзгерістерді пайымдауға осы уақытқа дейін жинақтаған білім-ғылымымыз, тәжірибеміз дәрменсіздік танытып, адам баласы өзі өмір сүріп отырған қоғамдық ортаны өзі қиратуға мәжбүр болып, енді оның орнына қолайлы қандай құрылыс орнатарын білмей, дал болуда.

Адамның, ол тіршілік жасап жатқан өмірдің, жаратылыстың құпиялары адамзат баласының алдында тұрған мәңгілік проблема ретінде есте жоқ ескі замандардан-ақ ғұламалардың шешімін табуға ұмтылған негізгі проблемаларының бірі болып келеді. Жер бетінде тіршіліктің пайда болуы жайында күні бүгінге дейін түрліше пікірлер бой көрсетті. Кванттық физика саласында соңғы кездерде ашылған жаңалықтар жаратылыстану ғылымдарымен бірге қоғамдық ғылымдарға да, оның ішінде адамның жан, ойлау, сөйлеу жүйесін ғылыми тұрғыдан дәйектей түсуге мол мүмкіндіктер ашып отыр.

Өткен мыңжылдықтың соңына қарай ашылған бұрыннан белгілі заттың қатты, сұйық, газ тәрізді және плазмалық күй деп аталатын төртеуінен басқа физикалық вакуум, энергиялық-ақпараттық өріс, абсолютті «ештеңе» деген атауларға ие болған тағы да үш деңгейінің ашылуы біздің дүниетанымымызға үлкен өзгерістер әкелді. Мұндағы алғашқы төртеуі материалдық әлемді бейнелесе, соңғы үшеуі «нәзік әлем» деңгейі ретінде қабылданды. Жалпы, философтар материалдық әлеммен бірге рухани әлемнің де бар екендігін атам заманнан айтып келе жатқанымен де адам өмірін тұрмыс билейді деп, негізінен, материалдық құндылықтарға басымдық беретін. Енді жаратылыстану ғылымының, оның ішіндегі кванттық физиканың соңғы жетістіктері «әлемді «абсолют», яки, жоғарғы сана, жоғарғы күш, көркемдеп айтсақ, Құдайдың ақпараттық өріс арқылы билейтінін дәлелдеп отыр. Мұны ғаламдық ақпараттар ағыны – ол ақпараттардың ішінен өзіне керектілерін адамның қабылдауы – олардың адам миында трансформациялануы – қайтадан ғарыштағы ақпараттық өріске шығуы түрінде түсіндіруге болады.

Ғаламдық ақпараттық өрістің қозғаушы күшіне айналған адамның кез келген ойы ғарыштағы «сана өрісінде» сақталып, сонымен бірге әлемді «абсолют», яки, жоғарғы сана, жоғарғы күш ретінде әлемді ақпараттық өріс арқылы билейді (Қараңыз: Ә. Әшіров. Сана экологиясы. Алматы, 2020).

Адамның болмысы тән мен жанның бірлігінен тұрады. Бұл жерде тән жанның үйі іспеттес. Үйі (тәні) жақсы болса, ішіндегі тұрғынның (жанның) да жайы жаман болмайды. Осы екеуін біртұтас организм етіп тұрған ми мен жүйке жүйесі. Ми адамның санасын жүйке жүйесі арқылы денесімен байланыстырып, тұтас организмді қажетті ақпараттармен қамтамасыз етіп, оның қалыпты жұмыс істеуін қадағалап отыратын автоматтандырылған орталық іспеттес.

Қазақтың алғашқы «Психологиясын» жазған Ж. Аймауытов адам миының қызметін былайша түсіндіреді: «Жүйкелер саласы дегеніміз – ми, жұлын, сол екеуінен тарайтын барлық бұтақтар. Бұлардың ішінде ең маңыздысы ми болады. Мида еш өзгеріс болмаса, жан күйі де болмайды. Мидағы өзгерістер алуан-алуан болады. Сондықтан оның нәтижесі болған жан күйі де түрлі-түрлі болады. Ми кінәраттанса, жан күйін де кешіре алмаймыз. Олай болса, барлық жан күйінің кілті ми қолында екен. Бұрынғы психологшылардың «жан» деп, миды айтқаны дұрыс сықылды. Ми дегеніміз – күллі денедегі қызметтерді басқарып тұратын бір кіндік (орда). Жүйкенің барлығы мидан тарайды. Кейбір жүйке сырттан алған хабарын миға жеткізіп тұрады: кейбірі мидың берген бұйрығын шетке тастап жүреді, миды телефон станциясына ұқсатуға болады.Пәлен үйдің нөмірімен қос деп, станцияға сылдыратсаң, ол дереу қосып береді. Бірақ мидың одан гөрі айырмасы бар. Станция қаласа, тілеген тараумен өзі сөйлесе алады. Ми олай емес, сырттан, шеттен хабар алмай, өз бетімен бұйрық бере алмайды. Миды орда үкіметпен салыстыруға болады...

Жүйкелердің миға хабар берулерін арызшы (кіндікке шабушы) деп, мидан бұйрық тасушыларын орындаушы (кіндіктен тараушы) жүйкелер деп, атауға болады. Кіндікке шабушы жүйкелер сыртқы сезімдерді алуға себеп болатындықтан, оларды кейде сезуші деп те жүргізеді. Кіндіктен тараушы жүйкелер денедегі еттерді аралап, соларды қозғаушы жүйкелер деп те жүргізеді» (Ж. Аймауытов. Бес томдық шығармалар жинағы. Төртінші том. Алматы, «Ғылым», 1998, 63-бет).

Ой дегеніміз – ақылдың іс үстіндегі көрінісі, ойлану барысында пайда болатын идея. Мидың ақпараттарды қорытып, жұмыс істеуі кезінде туын-дайтын ойлар, идеялар адамның өмірге деген сенімін, көзқарасын қалыптастырып, оның өз ортасындағы өзіне лайықты орнын алуына көмектеседі.

Ми мен ой бір-бірімен тығыз байланыста, бірінсіз бірі жоқ. Миды жұмыс істететін – ой; ой болмаса, ми жұмыс істемейді. Ойлану барысында ойда нәзік тербелістер – ой толқындары пайда болады; демек, ойдан энергия туындайды. Сол сияқты ми болмаса, ой да сыртқа шыға алмай, іште өлер еді. Мидың жұмыс істеуі барысында ой қуаттанып, энергетикалық кеңістікке айналып, өмірдің аса маңызды факторына айналады.

Ми қабылдаған ақпараттардың сыпатына қарай, ойлар позитивті, не негативті болады. Ойлану барысында энергияға айналған осы ойлар эфирлік тербелістер арқылы кеңістікке тарап жатса, екінші жағынан, тартылыс заңына орай, сол толқындағы басқа да өзіне ұқсас ойларды өзіне қарай тарта түседі. Біздің қандай толқында қандай ойларды таратып жатқанымызға байланысты ол ойлар позитивті де, негативті де болуы мүмкін. Бұдан шығатын қорытынды біз жақсы ойлардың жетегінде жүрсек, миымызда позитив ойлар көбейіп, оң шешімін тауып жатады; оң ойлар оң энергияға айналып, жігерлендіре түседі; мұның соңы денсаулықты нығайтып, қоғамдық ортадағы жолыңды аша түседі. Ал жағымсыз ойлар негатив ойларды тартып, адамды шаршатады. Жақсы ойлар жақсылыққа қарай жетелейді; жаман ойлар түптің түбінде жаманшылыққа апарып соқтырмай қоймайды.

Осы айтқанымызға орай, өмірде болған мына бір адам сенбейтіндей, оқиғаға назар аударайық. Оқиға Өзбекстанда болады. Әке-шешесі ертерек қайтыс болып кеткен бір үйдің бес баласы ең үлкен ағасының арқасында өсіп, жетіледі. Ағалары жақсы қызмет істеп, іні-қарындастарын оқытып, қарындастарын ұзата бастайды. Оның бар арманы жастайынан өмірде кездескен не бір қиындықтарға қарамастан, жетім қалған қарындастары мен інілерін қатарларынан кем қылмай, жоғары оқу орнын бітіртіп, үй қылып, жұрт қатарына қосу болады. Сөйтіп жүргенде бір күні оқыс оқиғадан жазым болып, оқ тиіп, өлі мен тірінің арасында ауруханаға түседі; ота жасалып, үш күн ес-түссіз жатады. Сол кезде не болғанын ол кейін былайша айтып беріпті:

 «Қызық. Анадай жерде, дәрігерлер маған операция жасап жатыр. Оны өзім сырттай көріп тұрмын. Бірақ ешқай жерімнің ауырғанын сезбеймін. Кетіп қалайын десем, операция үстелінде жатқан өзімді қимаймын. «Мен кетіп қалсам, ана дәрігерлер өлтіріп қояр» деп ойлаймын. Дәрігерлер бір-біріне бірдеңе деп айтып жатты, бірақ олардың дауысы маған есітілмейді. «Мен шынының арғы жағында тұрған соң есітпей тұрмын-ау» деп ойлаймын. Бір кезде аппақ киінген, арқасында қанаты бар періште қыз келіп, «сені ана жақта әкең шақырады» дейді. Әкемді қатты сағынған екем. Операция үстеліндегі өзіме де қарамай, «қайда?» деп періштенің соңынан ұштым. Керемет әдемі бақтардың үстімен ұшып келеміз. Бақта жүрген адамдар бізді байқамайтын секілді. Бәрі өз-өзімен әндетіп, көңілді жүр. Бір кезде аппақ бұлттың арасына кіріп кеттік. Мен әкемді көруге асығып, шыдамым таусылып келем. Бір кезде керемет бір салтанатты сарайдың ішіне келіп кірдік. Сарайдың әдемілігі көздің жауын алады. Жан-жағыма қарап келе жатып, періште қыздың қайда кетіп қалғанын байқамай қалыппын. Не істерімді білмей іздей бастадым. Қарасам, анадай жерде анам келе жатыр. «Апа» деп тұра ұмтылдым. Құшақтамақ болып едім, анам «бізге қазір құшақтасуға болмайды» деп мені тоқтатты. «Мұнда не істеп жүрсің?» деп сұрады. «Әкем шақыртыпты» деймін. Анам ренжіп, «сен қазір бала-шағаңа, әлі тұрмыс құрмаған қарындасыңа қажетсің. Әкең күте тұрады. Қазір жылдам қайт» деді. «Апа, мен қайтар жолды білмеймін ғой» деймін. Бір жағынан әкемді көрсем деген қимастық та бар сияқты. «Ана есіктен шықсаң, сол жерде жол көрсетуші тұр» деді. Есіктен шықсам, басқа бір періште қыз тұр екен. Ол жол бастап мені бағана өзім кеткен аурухананың операция бөліміне әкелді. Бірақ дәрігерлер жоқ. Жалғыз жатырмын. Өзімнің қасыма келіп отырдым. Ол маған құшағын жайды. Екеуміз құшақтаса кеттік. Сол кезде ояндым...» (Н. Бекмұратова. «Алаш айнасы»). Бұл жердегі басты мәселе о дүниеге барып келген жігіттің тіршілікте өзінің бауырларын жетілдіруді көп ойлауы болып отыр: «сен қазір бала-шағаңа, әлі тұрмыс құрмаған қарындасыңа қажетсің». Міне, сана-сезімде әбден бекіп қалған осы ой өлген адамды қайта тірілтіп, бауырларына көмектесу үшін өмірге қайта оралып отыр...

Сөздің шашыраңқы, бірді айтып, бірге кетіп, жүйесіз шығуы да ойдың жүйесіздігінен, тұрақсыздығынан, не көптілділіктің салдарынан бірнеше тілде қатар ойланудан туындап жатады. Өйткені, әрбір тіл өмірді өзінше түсіндіреді, ойлау жүйесі де оның сұрыпталып сыртқа сөйлем болып шығуы да өзгеше. Сондықтан да ең алдымен, дұрыс ойлана білу – аса маңызды. Ол үшін жақсы нәрселерді ана тілінде ойлау – өмірдегі жолыңды аша түсетін бірден-бір амал. Алдына дұрыс мақсат қоя білген адам мақсатына жете алады. «Не ексең, соны орасың», «Не іздесең, соны табасың» деген сияқты мақалдар осы мәселенің шешімін толық түйіндеп береді. Ал қазақ тілінде ойланбайтын, сөйлемейтін жерде қазақтың тілі, рухы, болашағы жайлы әңгіме көтеру – бос әурешілік.

Осындай қасиеттерімен бірге адам – жер бетіндегі, одан қалды галактиканы да қамтитын ғаламдық құрылыммен тікелей байланыстағы құрамдас бір бөлшегі. Әлемде, ғарышта болып жатқан түрлі құбылыстардың барлығын да ғасырлар бойы дамып, биологиялық жетілудің шыңы саналатын адамның аса сезімтал органдары арқылы үздіксіз қабылдап, сол әсерден туындаған позитив, негатив ақпараттар өз кезегінде ғаламға тарап жатады. Осы процесте адамның миы шешуші рөл атқарады. Адамның миы түрлі жолдармен жинақталған ақпараттардың қорытылуы барысында пайда болған «жаңа» ойларды бір жағынан, өзін қоршаған кеңістікке қайта таратып жатса, екінші жағынан, олардың өзіне сәйкес келетіндерін денедегі сезім мүшелері арқылы магнит сияқты өзіне тартып, үздіксіз жұмыс істеп жатады. Бұл жерде ең маңыздысы адамның санасында қандай ақпараттардың сақталғанына байланысты: жанға жағымды ақпараттар жинақталған ми ғаламдық толқындардан өзіне сай келетін, негізінен, позитив хабарларды қабылдап, таратса, керісінше жағдайда негативті сыпат алады. Жақсы адамдардың айналасына нұр шашып тұратынының, қасынан кеткің келмейтінінің, ал кейбіреулермен сөйлеспек түгілі, жанына жоламай, қашық жүруге ұмтылуыңның басты себебі – осы.

Бұл жерде адам бүкіл болмысымен толқын ағыны сай келетін ақпараттарды өзіне тартып, оны ой елегінен өт-кізіп, қайта тарататын біртұтас биологиялық қабылдағыш, таратқыш рөлін атқаратындығын байқау қиын емес. Сонда адам – ғаламдағы түрлі толқындарда тарап жатқан ақпараттарды қабылдап, ой өңдеуінен өткізіп қайта тарататын түрлі электромагниттік толқындарды жұмыс істейтін станция ретінде көрінетін ғаламдағы аса күрделі биологиялық жаратынды. Осындай аса күрделі жұмыстарды жүзеге асыратын адамның миы ғалам мұхитындағы өзіне қажетті қуатты ойларды, идеяларды өзіне тартып тұратын, оларды энергия көзіне айналдырып, адамның өміршеңдік қабілетін, дүниетанымын күшейте түсетін алып магнит-организм іспеттес.

Ғалымдар ақпараттар ағынында адам миының атқаратын осындай аса маңызды қызметіне орай, бүкіл ғалам адам баласы ойларының жүзеге асуы барысында пайда болған (Ронда Берн. Тайна. Москва. 2019, 31-бет) деген тұжырымға келіп, тұрақтаған сияқты.

Мидың атқаратын қызметі, құпиясы – біз білетіннен, ойлағаннан аса күрделі. Ми адамның саналы өмірінде кісі таң қаларлықтай сан түрлі қызметтер ат-қарады. Түсінуге ауырлау соғатын осыншама жұмыстардың барлығы жүйке жүйесі арқылы жүзеге асады. «Мидан он екі неріп шығып, адамның денесіне тарайды. Бұлардың аты мынау:

1) Иіс жүйкесі (нерібі) – бұның ұшы танауға тарайды, иіс сездіретін неріп.

2) Жарық жүйкесі(нерібі) көздің ішіне кіріп,тор болып жайы-лады; көздің көруі осы неріптен.

3) Көз қозғар жүйке (неріп).

4) Ұршық жүйке(неріп).

5) Үштаған жүйке (неріп) – адамның жағындағы шайнаушы етті қозғалтады және бет-ауыздан, тістен миға сезім тасиды.

6) Бұрушы неріп – көздің домалағын бұрып қозғалтады.

7) Бет неріп – беттегі ым беретін етті қозғалтады.

8) Есту жүйесі (неріп) – құлақтың құрышына барып, адамға дыбысты естіртеді.

9) Жұтқын жүйке (неріп) – тілге жайылады, дәмді сездіреді.

10) Кезеген жүйке (неріп) – жұтқыншаққа, көмейге, өңешке, өкпеге, жүрекке, ішек-қарынға, бүйрекке жайылады, қозғалтушы және сездіруші неріп.

11) Үстеу жүйке (неріп) – арқаның бір бөлек етін қозғалтады.

12) Тіл асты жүйке (неріп) – тілдегі етті, мойындағы бір қатар етті қозғалтады (Х. Досмұхамедұлы. Адамның тән тірлігі. Алматы, 2019, 242-243 беттер). Адам денесінің барлық жеріне орналасқан жүйке талшықтары сезініп, қабылдаған ақпараттар мида қозғалысқа түсіп, қимылға айналады. Сөйтіп, «Адамның ақылы, санасы, зейіні, ойы, көңілі, қайғысы, қуанышы, құмары, қайраты, еркі секілді адамды адам қылып тұрған қасиеттің бәрі үлкен мидан пайда болады. Адамның тірлігінің саналы болу себебі үлкен мидан» (сонда, 453-бет).

Қазіргі ғалымдар адам организмі 12 жүйеден тұратынын айтады: орталық жүйке, жүрек-қан тамырлары, қан жасау, тыныс жолдары, ас қорыту, т. б. жүйелердің барлығы бірдей үйлесіп, адам организмінің қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді. Осы он екі жүйенің, яғни бүкіл адам организмінің жұмысын қадағалап, оны миға жеткізіп отыратын осы орталық жүйке жүйесі. Орталық жүйке жүйесі дегеніміз – адам организмінің өн бойында орналасқан миллиардтаған, триллиондаған жүйке клеткалары. Жүйке жүйелері адамның біртұтас денесіне жан кіргізіп, оның сыртын вибрациялық толқындар арқылы қорғап, өмір сүру ортасымен байланыстырып тұрады. Әдетте біздің «аурасы жақсы», немесе «аурасы нашар екен» деп, ол адамның рухани болмысынан хабардар болып жатуымыздың себептері осында жатыр.

Мысалы, болып жатқан келеңсіз құбылыстардың электромагниттік толқындары кеңістікке тарап, адам ор-ганизмінің эмоционалдық тербе-лістеріне негатив әсер етіп, мұның өзі жүйке жүйесі арқылы миға беріліп, стресті жағдай туғызады. Берілген сақтандыруды дер кезінде қабылдап, тиісті шара қолданбаса, мұның аяғы ойлау, энергиялық қуат жүйесін бұзып, депрессияға, не болмаса, ауруға апарып шалдықтыруы мүмкін.

Мида орналасқан тіл орталығы жүйке жүйесі арқылы адамның бүкіл ағзасын (организмін) басқарып, қозғалысқа келтіріп отырады. Мұның барлығы сөз арқылы жүзеге асады. Тіпті, жай ғана айтыла салған сөздің өзі де адамның денесін қырағы қадағалап, мидың берген бұйрығын тікелей жүзеге асыра бастайды. Егер де сіз «көңіл-күйім болмай тұр, қанбасым көтерілейін деп, тұр-ау» десеңіз, жүйке жүйесі мұны сол сәтте бірден қабылдап, бүкіл ағзаға «қанның қысымын көтеруге дайындалыңдар, орталықтан (мидан) осындай бұйрық беріп жатыр» деп, хабарлайды. Ар жағында адам шынымен ауыра бастағанын сезеді. Бұдан шығатын қорытынды әр адам сөйлегенде ойланып, ауру шақырмай сөйлеу – денсаулықтың қарапайым бір кепілі екендігі. Басқаша айтқанда, тіліне иелік еткен адам денсаулығына да иелік ете алады.

Сонымен, жүйке клеткалары арқылы ми адамның бүкіл тіршілігін басқарып отырады. Мысалы, сіз дүкенге азық-түлік алуға баратын болдыңыз дейік. Мұның алдында жүйке жүйелері организмге судың, не болмаса, сол сияқты басқа да қажетті дәрумендердің, қоректердің жетпей жатқандығы жайлы миға хабарлайды; ми бұл ақпараттарды ойға, сезімге айналдырып, адамға белгі-хабар береді; су ішкісі, не қарны ашқанын, не бірдеңенің жетіспей жатқандығын сезінген адам тамақ әкелу үшін дүкенге барады. Бір жері ауырып, дәріханаға дәрі алуға барған адам да жүйке жүйелерінің осы сияқты қызметінің нәтижесінде барып, ауырған ағзаны тыныштандыру үшін осындай әрекет жасайды. Демек, біздің әрбір іс-әрекетіміз тікелей мидың нұсқауымен жасалады. Бұдан шығатын аса маңызды қорытынды мидың жұмысын адам емес, керісінше адамды ми басқарады.

Әлем – біртұтас; адам да сол біртұтас дүниемен тығыз байланыстағы құрамдас бір бөлшегі. Әлемде артық тұрған нәрсе жоқ; тұтастығы соншалық, жер бетінде өсіп тұрған бір тал шөпті жұлсаң, не болмаса бір түп ағашты кессең, соның өзінің Жер-Анаға жай адам байқай бермейтін әсері болады екен. Мал баққан атам қазақтың «бір қозы туылса, бір түп жусан артық шығады», «әркімнің өз несібесі бар» деуі де сондықтан болса керек. Демек, әлемнің тепе-теңдігі барлық уақытта сақталып отырған.

Әлем ылғи да қозғалыс үстінде дамып, өзгерістерге ұшырап отыратындығы белгілі. Өзгеріс үстіндегі әлем аясында адамдар да өмір сүріп жатыр. Ал осы бүкіл әлемді үздіксіз қозғалысқа келтіріп отыратын алапат энергия қайдан шығып жатыр деген сияқты сауалдар алдан көлденеңдейді.

Адам ойланып, ми келіп түскен ақпараттарды қозғалысқа келтіре бас-тағанда, электромагниттік сәулелену жүріп, қуаттанған ой таңбаланып, ақпараттық кеңістікке (торсионное поле) шығады. Жарықтың жылдамдығынан да жылдам тарайтын ойдың өзі де торсионды құрылым құрып, кеңістік, уақыт, жылдамдық жағынан шексіз өмір сүреді (Қараңыз: Полина Сухова. Ключ ко всеи дверям. Аудиокнига. 2020).

Ғылым мен техниканың дамуы барысында пайда болған жаңа тех-нологиялар ойланған адамның ойларын сөзге айналдырып жазып алуға қол жеткізген. Мұндай әдістерді тілі байланып, аяқ-қолы істемей қалған мүгедектердің туыстарымен, қоршаған ортасымен байланыс жасау істерінде пайдалану қолға алынып жатыр. Бұл бағытта жұмыс жасап жатқан Илон Масканың «Neuralink» компаниясы мен Американың Стэнфорд университетінің ғалымдарының жетістіктері назар аударарлықтай. Төменде ойдың сөзбен жазылған мәтініндегі әріптердің таңбалануы (Hi-Nevvs.ru).

Соңғы зерттеулер адам ойының еш-теңеден бір нәрсе жасай алатын құдіретін дәлелдеп отыр. Олардың айтуынша, ылғи да қозғалыста болатын әлем кеңістігі қуатқа толы. Осы кеңістікке ойдың әсер етуі барысындағы өзгерістерден энергияға толы материя пайда болған. Сол себепті де жер бетінде «өлі» нәрсе жоқ: жол жиегінде әншейін жатқан қара тастан бастап, қара судың да, ұшы-қиыры жоқ сар даланың да, көк аспанның да, жарқыраған күннің де, айлы түннің де, бәрі-бәрінің де өзіне ғана тән, қасиеттері, ортаға әсер етер энергетикалық қуаттары бар. Сонымен бірге өмірдегінің барлығы ойдан бастау алып («...все в жизни начинается с мысли». Луиза Хей. Здоровья счастья. Москва, 2008, 10-бет), ойдың қуаты барысында заттанған энергияға толы жаңа дүниелер өмірге келіп жатыр. Осылайша, әлемдік тіршіліктің бастауында ой тұр.

Адам баласын тіршілік әлемінің биік шыңына шығарған да – ой, ойлау. «Ойлау адам өмірінде аса қымбат орын алады. Ойлау болмаса, адам басқа жануарлар сықылды заттарды құр жадына, есіне ғана алып, жат бір көрініс ұшыраса, оны шеше алмайтын, оған түсіне алмайтын бір жан иесі ғана болар еді. Келешекте не болатынын, тұрмысы қалай өзгеретінін білмейтін бір саңылаусыз соқыр болар еді. Адам ойлау арқасында ғана заттардың, көріністердің араларындағы байламдарды белгілеп, оларды бар қылған себептерді табады. Келешекте оларға не болатынын ойлап шығарады, келешекті болжай алады. Қысқасы, ойлай білетін адам – шын мағынасындағы адам» (Мағжан Жұмабаев. Көп томдық шығармалар жинағы. Үшінші том. Алматы, «Жазушы», 2003, 160-бет).

Лондон университетінің профессоры физик Дэвид Бом мен Стэнфорд уни-верситетінің профессоры, кванттық физиканың атақты ғалымдарының бірі, әрі нейрофизиолог Карл Прайбрагдтың анықтауынша, ми – жер беті голо-графиясының голограммасы; түсінікті тілмен айтқанда, көзге көрінбейтін түрлі электромагниттік толқындардың ерекше тәсілмен жасалынған көрінісі. Адамның миы ойлау барысында бізді қоршаған әлеуметтік ортамен, табиғатпен тығыз байланыста болып, өзі де өзгеріп, сонымен бірге өмірде, табиғатта болып жатқан құбылыстарға да тікелей әсер етеді. Олай болса, адамның сөзі – оның ойының өлшемі, сана-сезімінің сыртқы көрінісі.

Соңғы зерттеулер қоғамның өмірінде, табиғатта болып жатқан құбылыстардың барлығын дерлік, адамның санасындағы өзгерістермен тікелей байланыстырады. Бұдан шығатын қорытынды – өмірде күніге көріп жүрген қызықтар да, қиын-дықтар да өз ойларымыздың жемісі. Ой – біздің денсаулығымыздан бастап, бар байлығымыздың, жетістіктеріміз бен кемшіліктеріміздің қайнар бастауы. Біз өмір сүріп жатқан қоғамдық орта – біздің осы уақытқа дейінгі ойлаған ойларымыздың жүзеге асып, заттанған көрінісі.

Ғалымдар адамзат қоғамында туындап жатқан негатив ойлардың, сол ойлардың салдарынан туындап жатқан әлеуметтік қақтығыстардың барысынан пайда болған теріс энергияның атмосфераға, табиғатқа да әсер ете бастағанын айтып жүр. 1988 жылдың 8 желтосанында Спитак (Армения) қаласында болған жойқын (күші 7 баллдық) жер сілкінісінің бір себебін осының алдындағы Армениядағы әлеуметтік толқулармен байланыстырады. Бұған сенбейін десең, Қарабақ соғысынан кейін елдің ішкі қоғамдық-саяси жағдайы бұрқ-сарқ қайнап жатқан Арменияда тағы да (17.02.2021) күшті (6-7 балдық) жер сілкінді.

Қазір халықаралық жағдайдың ушыға түсуінен, коронавирустың өріс алып бара жатқанынан әлемнің жалпы әлеуметтік ахуалының нашарлай түсуінің куәгері болып отырмыз. Осыған орай, ауа райының өзгеріп, табиғат апаттарының көбейе түскендігі байқалады.

Әр адам алған біліміне, тәрбиесіне, ортасына, заманына орай, өз шама-шарқын, мүмкіндіктерін саралап, ой елегінен өткізіп барып, соларды жүзеге асыру үшін алдына қолымнан келеді-ау деген мақсаттар қояды. Тартылыс заңы бойынша, ми өзіне қажетті ақпараттарды электромагниттік толқындар арқылы бойына тартып, түрлі ойлар тұтаса қорытыла келіп, идеяға айналып, адам осы арманын жүзеге асыруға бүкіл өмірін арнайды. Демек, әр адам өз тағдырын, өз өмірін өз ойлары арқылы өзі жасайды. Сенің бүгінгі өмірің – сенің кешегі армандаған ойларыңның заттанған көрінісі. Ал болашағың бүгін не ойлап, нені қиялдап жүрсің, не істеп жүрсің, соған байланысты. Өйткені, адамның ойы әрдәйім сыртқа шығып, заттануға ұмтылып тұратыны – өмір заңы. Адам жақсы ойларға көбірек берілсе, оның позитив ойлары сол сәтте-ақ оның айналасына көңілді атмосфера жасайды; ал егер де сәтсіздікке ұшырап, күйіп-пісіп, былапыт сөздермен ауыз былғанып жатса, негатив ойлар төбесіне «қара бұлтты» төндіре түседі. Қазақтың ұлы ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Жақсылық көрсем де өзімнен, // Жамандық көрсем де өзімнен» дейтіні осы себептерден болса керек.

Кейбіреулер өмірде жолы ауыр болып жүргенін біреулерден, не болмаса тағдырынан көреді. Ал философтар болса, кездескен қиындықтарды өмір сабақтары, ал ол сабақтарды қалай оқу әркімнің өз еркінде деп түсіндіреді. Австрияның атақты психологы Фрейд «Тағдырыңызды жазатын қалам өз қолыңызда! Мен қиындықты түзетуге тырыспаймын. Мен ойымды түзеймін. Сонда қиындық өздігінше реттеледі» – деп жазыпты.

«Ой – сөздің бұлағы» дейді халық даналығы. Сол қайнарбұлақ мидан қандай ойлар атқылап шығып жатса, сенің сөздерің де солай. Қазақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Бұл жерде адамның ойын дәнге теңесек, өмірің соның өнімі, айналаңда болып жатқандарың барлығы да сенің ойларыңның жүзеге асқан көрінісі болып шығады. Адамның ойлары күшті, әлсіз, позитив, негатив болып келулеріне орай, айналасындағы адамдарға, әлеуметтік, табиғи ортаға да әсер етіп, түрлі өзгерістерге бастап жатады. Өз өміріңе ойлана көз жіберсең, одан сен өмірдегі өз орныңды, адам ретіндегі өзіңнің қандай жан екендігіңді, жетістіктерің мен кемшіліктеріңді, не істеп, не қойғаныңды, нені бітіріп, нені бітіре алмай жүрген жайыңды көрер айна іспеттес. Үйімізде тұрған айна арқылы біз сыртқы түрімізді көретін болсақ, ойлану арқылы ішкі жан-дүниемізді, адами болмысымызды толық тани аламыз. Сыни көзбен қарау арқылы жетіспей жатқан жерлерін қалпына келтіру жағын ойластырамыз.

Көп адамдар өмірде көріп жатқан тұрмыс тапшылықтарын біреуден көреді. Олардың ойынша, бақуат тұратындардың барлығы дерлік – оңбағандар, алаяқтар, қулар, арамтамақтар, елімізде адал еңбекпен баю мүмкін емес. Осылай ойлау арқылы ондай адамның ойында көп ақша, байлық жаман деген тұжырым қалыптасады да ми иесін жамандықтан сақтандыру мақсатымен байлығы, ақшасы мол жерлерді айналып өтуге бағыттап отырады екен.

Сондықтан да байлықты, қал-талыларды мансұқтап емес, олардың істегені менің де қолымнан келеді; мен де ақшаны жақсы көремін; менің адал еңбекпен тапқаным байлардың шылқыған байлығынан ешбір кем емес; байлардың барлығы сараң, арам емес, олардың ішінде де адал еңбегімен байығандар жеткілікті; біздің елде де кез келген адамның байып кетуіне мүмкіндіктер бар, бар мәселе оның жолын табуда жатыр; мен де адал еңбегіммен байимын деген сияқты жақсы ойлар – адамды байлыққа бастар бірден бір тура жол.

Сонымен, әр адам күнделікті тіршілік барысында өз ойлары арқылы өз өмірін, тағдырын өзі жасайды; сондықтан да өзге емес, ол өз өміріне тікелей өзі жауапты. Ойлы адам өмірін дұрыс жолға салып, қоршаған ортасымен үндестікте бақытты өмір сүрсе, ойланбай істелінген істердің аяғы опындырмай қоймайды. Сондықтан да адам үшін негізгі қағида - не істесең де ойланып істе. Жақсы ойлардың жетегінде жүру бақытты өмірдің басты шарты екендігін ғұламалар айтудайын айтып кеткен. Ислам әлемінің атақты ғұламаларының бірі Айд әл-Қарни иманды, бақытты болуға ұмтылған әрбір адам барлық уақытта есте ұстар мынадай қағидаларды алға тартады:

«Жаман ойлардан алыс бол және әр нәрсенің жаман жа-ғын ғана ойлаудан сақтан»;

«Егер біреу саған жаман сөз айтса, оның сөздері саған емес, өзіне зиян алып келерін біл, сондықтан ол туралы ойланбай-ақ қой»;

«Әр нәрсенің жаман жағын емес, жақсы жағын ойла. Өйткені, жақсы көңіл-күй – бақыттылықтың кепілдігі»;

«Басқалардың жақсы жақтарын көруге, әрі бағалауға тырыс»;

«Өткен нәрселерді көп еске алып, жоқ жерден қайғыны қозғап, мұңая беру – ақымақтық»;

«Өмірге оң көзқараспен қара және бізді сақтаушы, қорғаушы, кешіруші, сүюші, қамтамасыз етуші, түзу жолда алып барушы және бізге шексіз жақсылықтарды беруші, жақсылық қалаушы Жаратқанға ғана тәуекел ет» (Айд әл-Қарни. Мұңайма! Бақыттың бұлағы және қайғы-мұңның дауасы. Алматы, 2019, 9-20 беттер).

Ұлы Абайдың «Ойға түстім, толғандым, Өз мінімді қолға алдым, Мінезіме көз салдым, Тексеруге ойландым» деуінің астарында терең ойлар жатыр.

Адамның өзін қоршаған ортаны танып білуі, білім-ғылымның барлығы ойлаумен жүзеге асатын болса, ол дыбыстық, «заттық» формадағы сөз арқылы ғана мүмкін. Демек, сөзсіз ойлау жоқ; өз кезегінде ойсыз сөз де жоқ. Былай қарағанда, екеуі бір бүтіннің екі жағы сияқты: ой – ішкі мағынасы да, сөз – сыртқы түрі. Ой мидан «сыртқа шығып», адамды қозғалысқа келтіріп, бағыт-бағдар беруі үшін сөздің дыбыстық формасына еніп, «заттанады» екен.

Демек, ой мен сөз – біртұтас. Ой мықты болса, сөз де мықты; сөз өткір болса, ой да өткір. Сөз – адам. Ойы мықтының сөзі де мықты, сөзі мықтының өзі де, ісі де мықты; нашар сөйлесе, ойы да нашар, өзі де әлі ақыл-ой, парасат жағынан әлі піспеген деуге болады. Ойы жүйелі адамның сөзі де, істеген ісі де жүйелі. Қалай болса солай сөйлеу ойдың әлі белгілі бір жүйеге түспегенін білдірумен бірге оның істеген істерінен берекесіздіктің белгілері бой көрсетіп тұрғанын да байқайсыз. Сонымен, адамның бүкіл тағдыры оның миындағы ойларға, сол ойлардан ойлану үдерісінде қалыптасқан сана-сезіміне тікелей байланысты екен: ойы жақсының сөзі де  жақсы, ісі де, мінез-құлқы да, өзі де - жақсы.

Адам ойындағысын айтады. Ой мида жақсы қорытылған болса, сөз де жақсы шығады, ойланып, не айтарын жинақтап алмаса, сөздері де шашыраңқы, бір нәрсені айтып жатып, басқа жаққа кетіп қалады. Жылдам, тез ойлайтын адамның сөзі қысқа да түсінікті, тартымды келеді. Демек, адамның сөзі тікелей мидың қызметіне байланысты, оның үстіне бақылауында болады екен.

Адамның санасы мен материалдық әлемнің арасындағы өзара байланыс өмірді басқаша түсінуге жол ашты. Сонда адамның миындағы сана-сезім көзге көрінбейтін, аса қозғалмалы түрдегі энергия болып отыр. Мұның өзі шынайы өмірде болып жатқан оқиғаларға, жеке адамның тағдырына біздің алға қойған мақсаттарымыздың, армандарымыздың, ой-қиялдарымыздың, идеалдарымыздың, қорқыныштарымыздың, т.б. қалай әсер ететіндігін ұғынуға, яғни, мида қорытылған ойдың, идеяның қалай заттанғанын түсінуге көмектеседі.

Адам өзін қоршаған ортамен өзара тығыз байланыста болғандықтан да өмірде бейтарап қала алмайды. Адам өзінің қабілетін, мүмкіндіктерін анықтап, қолынан келетін, ойлаған жоспарларын жүзеге асыру үшін іске кіріседі; сөйтіп, өзі де өзгеріп, сонымен бірге қоғамдық дамуды жүзеге асырушының біріне, бір бөлшегіне айналады. Қоғамда өмір сүріп отырып, одан тысқары, бейтарап тіршілік жасау мүмкін емес. Сен бұл өмірдегі өзіңе тиесілі жұмыстарды атқармасаң, қоғам сенімен айналысатын болады. Өйткені, қоғамда жүріп жатқан оқиғалардың барлығы дерлік мыңдаған, миллиондаған байланыстар арқылы адамдардың барлығына әсер етеді. Тіпті, адам о дүниелік болып кеткенде де артында қалған байланыстары (жақсы сөздері, өсиеттері, ойлары, істері, т.б.) өміршеңдік танытып, ұлттық, туыстық, идеялық, жерлестік деген сияқты түрлі бағыттарда жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа кетуі мүмкін. Ұлылардың миымен қорытылып шыққан адамдардың бақытты өмір сүруіне көмектесетін ұлы идеялар мәңгі жасайды. Жалпы, адам баласына жасалған жақсылық та, жамандық та ұмытылмайды. Тепе-теңдік заңы бойынша, жақсылығың жақсылық болып, жаманшылығың жаманшылық болып қайтады; өзіңе үлгермесе, ұрпақтарыңа тиесілі болады. Айналамыздағының барлығы да адам ойларының бізге дейін «сыртқа шығып» жүзеге асқан, яғни заттанған көрінісі. Біз де сол ойларымыздың жетегінде еңбек етіп, өмір сүріп жатырмыз.

 Адам екі түрлі әлемде өмір сүреді. Оның біріншісі адамның алған білімі, тәжірибесі, тәрбиесі, өскен ортасы барысында қалыптасқан сана-сезімі, шіркін, осылай болсайшы деген ойларының қиялдағы елесі болса, екіншісі – дәл қазіргі кезде адамдар өмір сүріп жатқан шынайы тіршілік. Әдетте екеуі бір-біріне сәйкес келе бермейді. Ақылды адамдар қарама-қайшылығы, жақсылығы мен жамандығы мәңгілік күреспен қатар жүріп жататын қым-қиғаш өмірде адаспай, өз жолын дұрыс тауып жүре алады. Адамды бақытты қылатын да, бақытсыздыққа душар ететін де сыртқы жағдай емес, адамның өз ойы, ішкі жан дүниесі. Адамның тағдыры сыртқа шығуын күтіп, оның «ішінде» тығылып жатқан ойларының «қолында». Өмірдегі қиындықтар түрлі жағдайлармен іштен шыққан теріс ойларының «шақыруының» салдарынан туындап жатады.

Өмірде жиі кездесетін бей-жай күй кешіп, мазасызданып, көңіл-күйдің құлазуы, жол болмауы сияқты жағдайлар адамның электромагниттік толқындардың негативтік жиілігінде жүргендігінің хабаршысы іспеттес. Мұндай жағдайларда адам ойланып, сақтана білуі керек. Адамның мықтылығы қандай да бір сын сәттерде өзін ұстап, яғни ойын бағындырып, өз өмірін, тағдырын қауіпті жерлерде ақылмен қорғай білуінен көрінеді. Нағыз адам – Абай жырлағандай, «Жасынан түсін билеп, сыр бермеген».

Адамның бүкіл ғұмыры бақытқа жеткізер тура жолды іздеп, ойланумен өтетіндей; қанша қуса да асау ойлар сағым қуғандай, жалынан ұстатпай, жеткізбейтіндей... Ойдың мұндай қасиетін С. Сматаев былайша бейнелепті: «Адам ойының тұңғиығына бойлау – кез келгеннің қолынан келе бермейтін тірлік». «Ойнақтар ойым он саққа, //Тау-тасты кезген тазы боп. //Күйсек те, //Үсіп тоңсақ та, //Беретін үміт жаныма от» (Софы Сматаев. Көңіл күнделігі. «Қазақ әдебиеті», 12.02.2021)

Күнделікті тіршілік барысында адамның келісімінсіз, яғни миынан кеңістікке шыққан ойының «шақыруынсыз» ешкім оның алдынан шығып, кесе көлденеңдемейді. Жақсы ойлардың толқынына шыққан позитив ойлар дұрыс ойлы адамдарды шақырса, негатив ойлар жолы болмай жүргендер мен келеңсіз оқиғаларға қарай бастайды. Бастағы жақсы ойлар адамды жақсы жолмен жүруге қарай бағыттап, жақсылармен кездестіріп, жақсы оқиғаларға араластырса, жаман ойлар теріс жолға салып, қырсық шалғандардың арасынан бір-ақ шығарады. Сонда адамның тура, немесе теріс жолға түсуі оның ойларына, ойлай білу қабілетіне, алдына нақтылы мақсат қойып, ойларын арманына жетуге жұмылдырып, басқара білуіне, ең соңында күрескерлік рухына тікелей байланысты екен. Адам ойланғанда, өз өмірін біртіндеп жасап, тағдырын да өзі шешіп, бақытына қарай бұрып, басқарып жатады («Несчастным или счастливым человека делают только его мысли, а не внешние обстоятельства. Управляя своими мыслями, он управляет своим счастьем». Фридрих Ницше).

Абайдың «Он жетінші сөзінде» «Не дүниеге, не ақиретке не пайдалы болса, не залалы болса, білетұғын – мен, сенің сөзіңді ұғатұғын – мен, менсіз пайданы іздей алмайды екен, заладан қаша алмайды екен, ғылымды ұғып, үйрене алмайды екен...» деген ақылға ғылым «Ей, ақыл! Сенің айтқандарыңның бәрі де рас. Сенсіз ештеңе табылмайтұғыны да рас. Жаратқан тәңіріні де сен танытасың, жаралған екі дүниенің жайын да сен білесің. Бірақ сен сонымен тұрмайсың, амал да, айла да сенен шығады. Жақсының, жаманның сүйенгені – сен; екеуінің іздегенін тауып беріп жүрсің, соның жаман... Ақыл, сенің қырың көп...» (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Аудармалар мен қара сөздер. Алматы, «Ғылым», 1977, 152-153 беттер) деген тоқтам айтыпты. Бұл жерде адамның адам болып өмір сүруінің бірден-бір шарты ретінде ақыл-ой атқаратын қызметтердің барлығы да ойлау арқылы жүзеге асатындығын айтып тұр.

Ойлану адам баласының атам заманнан бері ұлттық тілінің дамуымен бірге пайда болып, дамып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан, өзгеге ұқсамайтын ұлттық сана-сезімнің жеткен жетістігі; ұлттық болмысының көрінісі. Сондықтан да адамның ойлануы ана тілінде қалыптасқан. Сондықтан да көп тіл білуді қажет ететін қазіргі заманда адамның өз ана тілінде ойланып, өз тілінде сөйлеуі маңызды болып отыр. Өзге тілдерді тек басқа ұлт өкілдерімен қарым-қатынас жасау, шет тілдеріндегі ақпараттық, ғылыми материалдармен танысу үшін пайдаланған жөн. Тіл ауысқан жағдайда адамда бұрыннан қалыптасқан белгілі бір ойлану жүйесі толық іске қосылмай, үстүртін жүреді, екі тілдегі екі түрлі бағыттағы ойлау машығы бір-біріне кедергі келтіреді.

Бақытты адам ешкімге емес, өзіне ғана, дұрыс шешім шығарып, әбден қалыптасқан ойлау машығына ғана сенеді. Жақсы адамдармен кездесіп, жылы сөйлескеннің өзі, жақсы хабарлар естігеннің өзі, өзімен-өзі қалып, жақсы ойлардың жетегінде жүргеннің өзі, жақсы ойларынан туған жоспарларының жүзеге асып жатуының өзі сияқты толып жатқан факторлар адамның рухын көтеріп, жігеріне жігер қосып, өзін өзі бақытты сезінуіне жағдайлар жасайды. Жақсы адамның өміршең ойларының әрқайсысы  бақыттың жарқын жолына қарай бастап, оның болашақтағы зәулім сарайының кірпіштерін біртіндеп қалайды. Бақытты адамның мықтылығы оның көп ізденіп, білімі мен өмірлік тәжірибесін ұштастырып, дұрыс ойлай білуінде, ақылының асылдығында жатыр. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрселерменен оздым ғой демектің барлығы да – ақымақтық» (Абай (Ибраһим) Құнанбаев. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. Екінші том. Аудармалар мен қара сөздер.  Алматы, «Ғылым», 1977, 154-бет). Заманына орай, ұлттық, халықтық идеялармен суғарылған, ел мүддесіне қызмет ететін озық, өміршең ойлармен қаруланып, ол идеяларын жүзеге асыра білген адам – нағыз мықты адам.

     Қаншама адам болса, соншама ой бар. Адамға күш-қуат беретін де осы өміршең ойлар; олар  барлық уақытта да сыртқа шығар жол іздеумен болады.  Өміршең ойлы адамдар өмірде табыспен өмір сүреді. Қоғамда қандай ой басым болса, сол ойлар үстемдік құрады. Ойлардың, идеялардың бір арнадан шығып жатуы қоғамның тұрақтылығына алып келеді. Мұны жүзеге асыратын – адамның сана-сезімінен туындап жататын ойлардың энергетикалық қуаты. Сөйтіп, ойдың күштілігі  адамның бойын кернеп, рухын көтереді; ең күшті адам – рухты адам. Көптің көңілінен шыққан ой мыңдаған, миллиондаған адамдардың санасын билеп алып, алапат күшке айналады.

Әрине, мұндай мақсаттарды алға қо­йып, оны іске асыру оңай шаруа емес. Бұл ең алдымен, саналылықты, айтқанын, қолға алғанын орындамай қоймайтын қайтпас қайсарлықты, рухы күшті мінезді қажет етеді. Бұларды жүзеге асыру үшін сіз бойыңыздағы бұрыннан бар қасиеттерге қайта ой жүгіртіп, қолыңыздан келетін мүмкіндіктеріңізді қайта қарастырып, осылардың барлығын алға қойған мақ­сатыңызға қарай жұмылдыра білуіңіз керек. Бұл ойдың жүзеге асуы  сіз адамдармен тіл табыса алатын, бірге жұмыс істей алатын, сөзін өткізе алатын, олардың да көңілінен шығып,  риза қылып жүретін, қандай қиын жағдайда да одан шығар дұрыс жолды таба алатын, мақсатқа жетпей тынбайтын, күрескер, іскер, жақсы адам екендігіңізге іштей сенімді болуыңызды қажет етеді. Бұл жердегі мәселе аспандағы айға ұмтылу емес, күнделікті тіршілікте адам істегенді басқалардың  да істеп, атқара алатындығы жайлы болып отыр.  Адамды мақсатына жеткізетін – оның ойы. Тіпті, адамды адам етіп қалыптастыратын да – оның ойы.

     «Ұяң ойлар ұялшақ адамды жасайды.

Сенімді ойлар – сенімді адамды жа­сайды.

Мықты ойлар – мықты адамды жасайды.

Мақсатты ойлар – мақсатты адамды жасайды.

Жүзеге аспайтын ойлар – өмірге бейімделмеген адамды жасайды.

Әлсіз ойлар – әлсіз адамды жасайды. 

Егер де адам өзін-өзі аяй берсе, ол әрдайым өзін аяп жүретін болады.

Энтузиазмға толы ойлар – белсенді адамды жасайды.

Мейірімділік – мейірімді адамды жа­сайды.

Сәттілік туралы ойлар – табыскер адамды жасайды» (Джон Кехо. Түйсігіңмен ойлай біл. 46-бет).

Өмір – жақсылық пен жамандықтың ешуақытта тоқтамайтын күресінен тұрады. Бұл жолдағы адам өмірінде барлығы да кездесуі мүмкін. Сәтсіздіктерге ұшырау да өмір заңы. Сәтсіздік мәселенің әлі жан-жақты ойланылып, дұрыс шешімінің табылмағандығын, ізденістерді басқа бағыттарда жалғастыру қажеттігін  білдіреді. Демек, сәтсіздік жаңаша ойлауға, басқа да амалдарды қарастыруға жетелейді. «Түйсігіңмен ойлай біл» деген кітап жазған  Джон Кехо «Бір Жетекші  инвестициялық  компанияның  құрылтайшы  директоры менімен  негізгі  орындаушыларды  жұмысқа алу  құпиясымен  бөлісті. «Біз  осы  өмірде  үлкен  сәтсіздікке  ұшырамаған  түлекті  жұмысқа алмаймыз. Біздің ойымызша, өмірде үлкен сәтсіздікке ұшыраған адам, міндеттерін  орындайтын,  әрі  шешім  қабылдай  алатын  болады. Сәтсіздіктер жеке тұлғаның өсуіне себеп болады» – деп жазыпты (сонда,  88-бет).

Әр адамның, әрбір ұлттың бойындағы рух тікелей оның тіліне, сол тілде қалып­тасқан сана-сезіміне, ойлана білу қабілетіне  байланысты. Тіл мықты болмай, адам рухты бола алмайды; ал рухты адам жігерлі, күрескер, өміршең келеді. Тілі мықты болмай, ұлт мықты бола алмайды; өйткені, ұлттық рухсыз халықтың ұлт ретіндегі өзіндік болмысын сақтай білу иммунитеті,  қабілеті әлсіз болады. «Халықтың тілі – оның рухы, ал халықтың рухы болса, ол – оның тілі» («Язык народа есть его дух, а дух народа есть есть его язык». В. фон Гумбольдт).

Тілдің мықты болуы ұлттық сана-сезімнің, ұлттық идеологияның күшеюіне кең жол ашады; мұның өзі ұлттық рухтың салтанат құрып, ұлттың өміршеңдік  қабілетін арттыра түседі. Белгілі бір елдегі білім-ғылымның, мәдениеттің, ұлттық дүниетанымның, ұлттық сана-сезімнің, ұлттық болмыстың даму деңгейі ұлттық рухтың жағдайын да аңғартады. Білім-ғылымы, мәдениеті дамыған елдердің интеллектуалдық қуатымен бірге рухани қуаты да жоғары болады. Әрбір ұлттың ең алдымен, тілін сақтауға, дамытуға ұмтылатындығы, ал отаршылдардың тілді тұншықтыруға әрекет ететіндіктері осы себептерден болса керек. Ұлттық сана дегеніміз  –  бұл  ұлттық энергия. Ұлттың мықты болмағы осы ұлттық энергияның, ол өз кезегінде ұлттық сана-сезімнің жай-күйіне тікелей байланысты.  

Адам шын ниеттенсе, ойындағы алапат күштің бағытын  өзгерту, басқара білу арқылы өз тағдырын қолына алып, өзіне өзі иелік ете алады.  Ой адамды жақсылыққа, ұлы істерге  қарай жетелейді, бойына күш-қуат береді, қиындықтардан алып шығады. Әрине, бұл кез келген адамның қолынан келе берер іс емес, оқу, іздену, еңбектену арқылы сауатты да қажырлы, мінезді адамның адамының ғана қолы жететін іс. Өмірде жолы болмағанға заман, билік, тұрмыстың қиындықтары  кінәлі емес. Дұрыс ойламаған адамның өзі  кінәлі. Жақсы  өмір сүру үшін ең алдымен, өзің өзгеріп, содан соң ойыңды өзгертіп, дұрыс ойлап,  алға дұрыс мақсат қоя білу керек. Дұрыс ой бойға қуат беріп, жігерлендіріп, алға қарай жетелейтін болады (Қараңыз:  Д. Кехо. Подсознание может всё! 1980).

Б.Брехт «Адам – өз ойының өнімі. Не жайлы ойлайды, солай қалыптасады» десе, Ю.Лотман: «Ой – адам жанының өз-өзімен сұхбаттасуы», «Тарих – адамзаттың  «жады», «Тіл – ой» деп жазыпты. Кейбіреулер «ылғи да жолым болмайды, тағдырым ауыр» деп шағымданып жатады. Ғалымдар бұлай болудың басты себебін мұндай адамдардың ойында көбіне күдік, сенімсіздік жүретіні, осындай жағымсыз ойлардың қоршаған ортадағы негативтік толқындарға сәйкес келіп, адамды өмірдің келеңсіз жақтарына қарай жетелейтіні, сонымен бірге айна­ладағы негативтерді өзіне қарай тартатыны сияқты жағдайлармен түсіндіреді (Ронда Берн. Москва, 2009, 43-бет).

Ми – саналы адам өмірінің бастаушысы, орталығы, негізі.   Ми қызметінің сан түрлі құпиясы әлі толық ашылған жоқ. Солай бола тұра адам қажет кезінде мидың көмегімен өзін-өзі шаршағанда қуаттандыру, құлазыған көңілін көтеру,  ауырғанда онымен күресетін иммунитетін күшейту, жаурағанда бойын жылыту, денесін  шынықтыру секілді  т.б. толып жатқан қызметтерін пайдалана алады. Осы сияқты қасиеттері мидың адамның саналы түрдегі рухани өмірін қамтамасыз етіп отыратын бірден-бір энергия көзі екендігін де көрсетеді.

Ғалымдар адамның ойы мен сезімінің ДНҚ-ға әсер ететіндігін (Джо Диспенза) дәлелдеген. Сонда адамның күнделікті тіршілік барысында ойлаған,  айтқан, ес­тіген, көрген, білген нәрселерінің бар­лығы дерлік ойдың энергетикасы ар­қылы тұқымқуалаушылық (генетикалық) аппаратына да әсер етіп, сақталып қалады екен. Бұл дегеніміз, сіз осы уақытқа дейін өмір сүрген ата-бабаларыңыздың ДНҚ-сында сақталған адами болмысының бүгінгі көрінісісіз. Генетикалық аппаратта жақсы қасиеттер көп сақталса, жақсы адамсыз да, керісінше болса, айтуға ауыз бармайды. Қазақтың текті жерден келін алып, текті жерге қыз беретіні осы жағдайларды ерте кездерден-ақ білетіндіктен болса керек. Сондықтан да отбасындағы бала тәрбиесінде, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасында ниеттің дұрыс болып, жақсы сөздер айтылуының бүгінгі күн үшін де, болашақ үшін де маңызы зор. «Не ексең, соны орасың» дейді қазақ. Біз нені ойласақ, қалай сөйлесек, өмірден соны алады екенбіз. Өмірдегінің барлығы материалдық және материалдық емес болып, екіге  бөлінеді. Материалдық дегеніміз, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын зат болса, материалдық емес,  көзбен көріп, қолмен ұстай алмайтын абстрактылы ұғым. Табиғаты түрліше болуына  қарамастан, екеуінің де қуаты бар; екеуі де энергия шығарады. Бар заттан энергия шығады деуге сенуге болады. Ал жоқтан бар жасау, яғни ойдан энергия туатынын дәлелдеу  аса күрделі мәселе.  Міне, осы бір күрделі мәселені жүзеге асыратын – мидың қызметі. Таңба, дыбыс, т.б. түріндегі ақпараттарды ми қабылдап, оны ойға, одан идеяға, одан сөзге айналдырады. Айтылу арқылы сыртқа шыққан сөз адамның іс-әрекетіне айналып, нәтижесінде материалдық құндылықтар өмірге келеді. Демек, адамның жасаған әрбір қадамы, іс-әрекеті – оның миында әбден пісіп-жетілген ой-пікірлердің  бастауы болумен бірге оның жүзеге асуы да. 

Сонда ми адамның дұрыс өмір сүруіне қажетті жағдайлар жасап, дұрыс  бағыт-бағдар көрсетіп отыратын көмекшісі сияқты да көрінеді. Мисыз адамның қайшылықтары қым-қиғаш заманда тура жолды тауып, бақытты   өмір   сүруі   неғайбыл.

Ғалымдардың анықтауынша, мидың салмағы адам денесінің 2 пайыздайын (орта есеппен 1,5 килограмм) құрап, жал­пы адам организмі қуатының 20 пайыздайын пайдаланады; күніне ол 12 ваттық электр шамының күндіз-түні жанып тұрғандығындай энергия  жұмсайды. Бір-бірімен байланысқан 100 миллиардтай клеткадан, тағы осы шамалас нейрондардан, байланыстардан  тұратын адам миындай күрделі нәрсе жоқ. Мидың 80 пайызын су, қалған қатты жерінің 60 пайызын май құрайды. Сондықтан да адамдардың суды көбірек ішіп, майлы тамақты азырақ жеуі мидың қалыпты жұмыс істеуінің бірден-бір шарты болып есептеледі.

Мидың басты қызметі – ойлау. Ми оны қалайша жүзеге асырады? Ой қалай пайда болады? Адам миының үлкен не кіші болуының интеллектуалдылық қабілетке әсері бар ма? Осы сияқты көптеген сауалдарға ғылым күні бүгінге дейін жауап бере алмай келеді.

Американдық ғалымдардың теориясы бойынша,  кез келген ой біздің денеміз қабылдаған белгілі бір ақпараттар мен әсерлердің өзіндік тербелістері барысында пайда болады. Басқаша айтсақ, адам ойы – мидағы нейрондардың қозғалысы нәтижесінде пайда болатын электр зарядтарының өзгеше бір түзілісі. Адамның миы түрлі ақпараттарды қабылдап, оны өңдеп, ойға, ойды ойлауға түсіріп, өңдеп, саралап, сөзге айналдырғанда, адам таң қаларлық  операциялар атқарады. Мидың осындай қызметтерінің арқасында адам ақылды да саналы өмір сүріп жатыр.

ХХІ ғасыр – ақпараттық технология дәуірі: «...адамзатты ақпараттық технология арбап тұр. Бұл – біздің тағдырымыз, тіпті мемлекетіміздің оң бағытта дамуының, әлемдік бәсекеге түсудің кепілі десек те болады. Қай салада болмасын, ақпараттық технологияны міндетті түрде қолданады. Қазақстан да бұл дамудан кенже қалмауы керек» (Р.Өскенбаева. Адамзатты ақпа­раттық технология арбап тұр.  «Ана тілі», 21.11.2019). Осылайша ақпараттар шабуылына ұшыраған дәуірде осыншама материалдарды қорытып, оны адамның игілігіне айналдырудың өзі оңайға соқпай тұр.

Мидың адам өміріндегі маңызына, ойлауға қатысты мынадай ерекшеліктері бар:

Адамдар басымен жұмыс істеуі керек. Көп жұмыс істеген ми өзін жақсы сақтайды. Ақылдылар ұзақ өмір сүреді.

Өлген жүйке талшықтары қайта қалпына келмейді деген сөз жалған. Ми үздіксіз  жұмыс істеуі арқылы жүйкені де, өзін де сауықтырады. Ол үшін барлық уақытта да ми қалыпты жұмыс істеп тұруы қажет. Қара жұмыстың өзі ми клеткаларын жетілдіре түседі. Жұмыс істемеген ми әлсірей береді.

Мидың барынша қатты жұмыс істеуі ол үшін қажеттілік. Мидың қиын жұмыстарды атқаруы оған ем қабылдағанмен бірдей.

Бір мәселені адам ойланамын дегенше, ми 30 секундтің ішінде оның шешімін тауып, адамға жібереді. Сонда шешімнің иесі кім? Ми ма, адам ба?

Ми – әлі күнге дейін толық зерттелмеген, құпиясы көп өзінше бір әлем. Әсіресе мидағы түпсана ешкімді ішіне кіргізбей,  жұмбақ  күйі жатыр.

Ми біздің бас қорабымыздың ішінде орналасқанымен де оны «менікі» деп, айтуға онша келе бермейді. Өйткені, ми бізді қоршаған ортадағы ақпараттарды өзі қабылдап, өзі қорытып, өзі шешім шығарып, бізге дайын қорытындыларды жіберіп отырады. Ал адам өмірдегі обьективтік, субьективтік жағдайларды,  сол мидағы дайын қортындыларды жүректің алдынан өткізіп, бәрін ескеріп, бәрін тексеріп барып, бір тоқтамға келіп отырады.

Мидың бір мәселенің шешімін табу үшін ұзақ жұмыс жасауы, тіпті түнде де «ұйықтамай», осымен айналысуы  барысында ұлы жаңалықтар ашылып, оны адамға «хабарлауы» мүмкін. Әдетте, біз адам ұйықтаған кезде ми да демалады деп, ойлаймыз. Шынтуайтында, ми түні бойы «ұйықтамай» адамның ағзалары күні бойы қабылдаған, тіпті бұрыннан жатқан ақпараттарды белгілі бір жүйеге келтіре отырып, талдап, өңдеп, олардан ой қорытындыларын дайындайды екен. Мысалы, химиялық элементтер таблицасын Менделеев түсінде көріп, «ашқан»;  иммунолог Це Вен арахиске аллергияға ем болатын дәрінің формуласын түсінде көрген; атақты гольфист Джек Никлаус ұйықтап жатып гольф кезінде ойын таяғын дұрыс ұстамайтындығын байқап, кемшілігін жөндегеннен кейін барып, жеңістері жалғаса түскен; атақты әнші Пол Маккартнидің атын шығарған әні «Yesterday»-дің әуенін түсінде естіген; т. б.  

Жалпы, түс көру – дені сау адам үшін қалыпты жағдай. Өңінде көрген әсерлі оқиғалардың, ойлары мен арман-тілектерінің түске кіруі – үйреншікті әдет.  Бірақ адам оның көбісін ұмытып қалады. Мұндайда қазақ «түс – түлкінің боғы» деп қоя салған. Ал ерекше бір толғандырып жүрген мәселеге қатысты түс көрсе, оны түс жори алатын белгілі бір тәжірибелі адамдарға жорытқан. Өйткені, түстің өзіне ғана тән «көріністерін» кез келген адам «оқи» алмаған, «оқыса» да жори білмеген. Кей жағдайларда ми өзіндегі бар ақпараттарға сүйене отырып, жеке адамның, не болмаса, елдің алдында күтіп тұрған жақсылықтар мен қиыншылықтардан да хабар беріп отырған. Мұның озық үлгілері ауыз әдебиеттерінде көп сақталған. 

Мидың ұйқы кезіндегі қызметін білім беру саласында пайдаланудың озық тәжірибелері бар. Психологтар  шешімін таба алмай жүрген мәселені түс көру арқылы  шешуге көмектесетін амалдарды ұсынады. Ол үшін жатар алдында проблеманы ақ қағазға қысқаша түсіріп, оны бірнеше рет қайталап оқып, соны ойлап жатып ұйықтауға кеңес береді. Ұйқыдан ояна сала түсіңде көргендерді ұмытпай тұрып қағазға түсіріп болған соң, асықпай отырып,  ойланып оқы; сонда түсіңде көргендеріңде мәселенің дәл шешімі болмаса да, онда, әйтеуір мәселеге қатысты бір астарлы ой, белгі, не болмаса, меңзеулердің болатынын  айтады. 

Соңғы зерттеулер түс көрудің жалпы мидың саулығына пайдалы жақтарын да анықтап жатыр. Түс көрген кезде мидың белдеме қатпары мен орталық бөлігі белсенді бола түсетіні анықталды. Тіпті, қорқынышты түс көрудің өзі  өмірде  күйзеліспен күресуге, қиын жағдайлардан шығуға  көмектеседі екен («Alashainasy.kz»).

Мидың адамға жіберген кейбір ақпа­раттары жалған да болуы мүмкін. Оның жаңылысуы көбіне өзіндегі ақпараттардың жетімсіздігінен, толық болмауынан болады. Мысалы, бір адамның бір жаман қылығын көріп, ол адам туралы теріс пікір қалыптасуы мүмкін; сонымен бірге тура сол адам туралы кейіннен оң хабарлар көбейе түссе, бұрынғы пікір де өзгеріп жатады. Бірақ та әбден орнығып қалған алғашқы пікірді өзгерту үшін мидың біраз жұмыс жасауына тура келеді. Жақсысы мен жаманы қатар жүретін қым-қиғаш өмір туралы ақпараттардың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін адам ойланып барып шешеді.  

 Өмірдің күрделілігі соншалық, кез келген адамға дәл баға берудің өзі оңай емес. Тіпті, ұлылар бұл жалғанда бағасын ала алмай, о дүниелік болғанда барып, өзіне лайықты бағасын алып жатады. Тіпті, ұлы болып туылғанның өзінің  тірісінде ұлы болып танылуы екіталай; болмауы да мүмкін. Бұл мәселе мидың ыңғайлы ортада жетілуіне тікелей байланысты. 

Ми адам көрген, естіген, сезген  ақ­параттардың барлығын да өзінде сақ­тайды. Сондықтан да жамандықтан қашып, жақсы жерлерде жүріп, жақсы адамдармен араласқанның, жақсы кітап оқығанның, жақсы әуен тыңдағанның, жақсы кино көргеннің, жақсы тамақ­танғанның маңызы зор. Керісінше болса, ми да келеңсіз ойлардың жетегінде жүреді. Томографиялық зерттеулердің нәтижелеріне қарағанда, басқаларға қарағанда, жасампаз адамдардың миы белсендірек жұмыс істейді екен. 

Әдетте біз адамның іс-әрекетінің барлығы оның өз билігінде деп ойлаймыз. Шындығына келгенде, керісінше, адам мидың басқаруында болады. Адам миында орналасқан «биологиялық компьютер» бұрындары қабылдаған ақпараттары бойынша, ұдайы жетілдіріп жасап отыратын бізді қоршаған өмірдің моделімен өмір сүреді. Ми өзі жасаған осы модельдің ылғи да шынайы өмірмен сәйкес келетін, келмейтіндігін анықтап, сәйкес келсе, адам осы бағытымен өмірін жалғастыра береді де, келмесе, оны сәйкестендіру үшін тағы да қосымша ақпараттар жинай бастайды. Тіпті болмаса, түсіп жатқан жаңа ақпараттарға негіздей отырып, қоршаған ортаның жаңа үлгісін жасайды; яғни, өмір туралы жаңа көзқарастар, жаңа түсініктер пайда болып, мұның өзі адам өміріне өзгерістер алып келеді. Демек, адам миы қабылдаған ақпараттарды қорытып, жасаған өмір туралы дайын модельдер, түсініктер адам өмірінің негізгі бағыттаушы күшіне айналады.

Қазақта «ойшыл» деген сөз бар. Ой­шылдар әдетте қалың халықтың алдыңғы толқынының арасынан шығып, ұлттық, әлемдік білім-ғылымға, тәжірибелерге сүйене отырып, сандаған ақпараттарды, ойларды, идеяларды қорыта келіп, дәуір биігінде тұрып, болашақтың түйткілді мәселелерін шешудің жолдарын көрсетіп отырады. Алты алаштың көсемі Ә. Бөкейханның кезінде «Қиналып тапқан ақылды толғатып сөзге  аудардым. Енді бұл сөзді іс қылмақ, оқушы жұртым, қазақ өз мойныңда!» – деп, кейінгі ұрпақтарға сөз қалдыруы да осындай  жағдайларға байланысты болса керек.  «Көсемі бар ел бақытты» деген сөздің айтылуы да тегін емес шығар.

Қазақтар «асыл сөздің  атасы – ой», сөзден қаһарлы, қуатты күш жоқ  екенін ерте кездерден-ақ біліп, есте жүрсін деп айтқан небір айшықты сөздері мақал-мәтелге айналып, бүгінгі күнге жетіп отыр:

«Ой – сөздің бұлағы».

«Ой – сөздің сандығы».

«Оқ жарасы бітер

Сөз жарасы бітпес».

«Сөз сүйектен өтеді,

Таяқ еттен өтеді».

«Адамның сөзі адам өлтірер».

 «Айтылған сөз – атылған оқ».

«Аңдамай сөйлеген,

Ауырмай өледі».

«Асыл сөз алмасты  да кеседі».

«Қылыш бірді жайратар,

Тіл мыңды жайратар».

«Қаһарлы сөз қамал бұзар».

«Қылыш біреуді шапса,

Тіл түменді шабады».

«Қатты сөз жаныңды қара тастай езер».

«Орынсыз сөз орға жығады».

«Сөз де бір ойланбай айтқан –

Оқ та бір көздемей атқан» 

Ал адам өмірінің әлеуметтік бағыты, мазмұны мидағы ақпараттардың қандай сыпатта екендігіне тікелей байланысты.  Бұл жерде мида жинақталған, қорытылған ойлардың, идеялардың адам өміріндегі бастаушылық, негізгі рөлі айқын көрінеді. Қажетті ақпараттары жеткілікті қамтамасыз етілген болса, ми қорытып шығарған ойдың қолынан келмейтіні жоқ. Тіпті, ауру адамды небір жазылмайтын ауыр кеселдерден жазғаны жайлы аңыздармен бірге өмірде болған жәйттер де жеткілікті.

Әдетте «ұлттық сана-сезім», «дүние­таным», «өмірге көзқарас» деген сияқты тіркестерді жиі қолданамыз. Жалпы адамның өмірді танып білуі, көзқарасы, өмірлік азаматтық бағыты оның миында жастайынан қалыптасқан ақпараттарға, түсінікті тілмен айтқанда, қандай тілде сөйледі, қандай тәрбие алды, қандай оқу орнында білім алды, қандай қоғамда өмір сүрді деген сияқты көптеген факторларға тікелей байланысты. Мидағы ақпараттардың дені ұлттық сыпатта болса, ол адамның ұлттық сана-сезімі басым, ал басқа ортада өссе, басқаша сыпатта көрініс табады. Ұлттық сана-сезімі кемнің ұлттық болмысы да кем. Сондықтан да әрбір ұлт өзін-өзі сақтап қалу үшін ұлттық даму жолына ерекше мән береді. Қазір басты бағыты ұлттарды жоюға бет алған жаһандану дәуірінде «тіл шапқыншылығы» барған сайын өршіп жатыр. Міне, осындай әлемдік алпауыттардың адамның, ұлттың ең бір «жанды жері» тілімізді жоюға  жармасып жатқан жағдайында  бұл мәселе барынша өткірлене түсуде.

Қазақ үшін аса маңызды ұлттық са­на-сезімнің  қазіргі жай-күйі жайлы айт­қан Түркияның Ыстамбұл қаласында тұратын қандасымыз, тарих ғылымының докторы, Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қараның «Сана тәуелсіздігі болмай, бір елдің өркендеуі мүмкін емес» деген пікірі назар аударарлық. «Біз қазақ халқы жеке ел болып саяси тәуелсіздікке қол жеткіздік. Саяси тәуелсіздікке бір күнде қол жеткізуге болады. Бірақ сана тәуелсіздігі бір күнде келмейді. Ол үшін уақыт өтуі керек. Ол уақытты ғалымдар мен саясаткерлер қысқарта алады. Кейде сол сана тәуел­сіздігінің келмеуі де мүмкін. Ал сана тәуелсіздігі болмай, бір елдің өркендеуі мүмкін емес. Бірақ саяси тәуелсіздік сол сана тәуелсіздігіне жетудің ең бірінші шарты болып табылады. Былайша айтқанда, 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігімізді жариялап, күллі Алаш жұрты көксеген арманымызға жеттік. Қазақ елі осылайша тарих сахнасында сонау ата-бабаларымыз салып кеткен сара жолмен көш керуенін қайта түзей бастады. Жеке ел болып, еркіндіктің дәмін татып жатырмыз. Бірақ та мұнымен толық тәуелсіздік алдық деп айта аламыз ба? Жоқ, тек санамыз тәуелсіз болған жағдайда ғана мұны айта аламыз.

Сана тәуелсіздігі дегеніміз – халықтың өз-өзіне сенуі, болашағына сеніммен қарауы. Өз халқының басқа ешбір халықтан төмен емес екеніне сенуі. Халық өзіне толық сенген жағдайда ғана толық тәуелсіздікке қол жеткізе алады. Өйткені өзіне сенген халық тіліне, діліне, мәдениетіне, ғылымына, салт-дәстүріне, тіпті елдің экономикасына ерекше қарап, оны әлемдік деңгейге көтеруге тырысады. Ал сана тәуелсіздігі болмаған халықта өзіне сенбеушілік пайда болып, болашағын өзге халықтардан, өзге елдерден іздейтін болады. Айталық, ондай жағдайда халық өз ұрпағын қаршадайынан ана тілінде емес, шет тілдерінде тәрбиелей бастайды. Сөйтіп, ұлын, қызын немесе немересін жат тілдегі балабақшаларға береді. Тіпті бұғанасы қатпаған баланы Лондонға апарып тәрбиелегісі келеді. Біз бұл жерде ана тілін судай білген жеткіншек балалардың шет тілінде немесе шетелдерде білім алуын айтып жатқан жоқпыз. Біз ана тілін білмей жатып, өзге тілдерге елігіп жатқандар туралы айтып отырмыз. Сайып келгенде, саналы іскер азаматтарымыз капиталдарын, ақшаларын өзге елдерге аудармай, туған еліне жұмсауы керек еді. Ақшасы өзінен асып жатса, оны шетелдерге тасып жатпай, өркениетті Батыс елдеріндегідей, түрлі мақсаттарда қайырымдылық қорларын ашып, елінің, жас ұрпақтардың өсіп-жетілуіне күш жұм­сап жатуы керек. Санасының басқа бір ұлттың таным-түсінігіне ауып кетіп, тәуелді болғандығын адамның өзі көп жағдайда сезбейді. Айталық, баласын өз ана тілінде емес, өзге бір тілде оқытып жатқандар мұның өз халқына сенбеушіліктен туын­дағанын білмейді. Өзінің барлық ойлау жүйесі өзіне табиғи көрінеді. Вирустан құтылу үшін адам компьютерге антивирус қоймай ма? Сол секілді сананы сауықтыру үшін де бір «антивирус» керек.

Күнделікті тіршілік барысында көз айналамыздағылардың бәрін қамтып, «көре» алмайды; тек өзіне қажетті, қызық­тыратын  ақпараттарды ғана қабылдап, оны миға жеткізеді. Ал ми болса, өзіне түскен осы ақпараттарды қорыту барысында жетпей жатқан жерлерін толықтырып, ой қорытындыларын жасай береді. Қажетті ақпараттар түсіп жатса, бұрынғы ой қорытындылары «қайта қаралып», толықтырылған жаңа ой тұжырымдары дайын тұрады. Мидағы осы алдын ала дайын тұрған шешімдер адамның мінез-құлқынан, тәртібінен бастап, күнделікті іс-әрекетіне, өмірлік бағытына дейін жетекшілік жасайды. Бұл жағдай адам қатты ашуланып, ойлануға мұршасы болмай жатқан шақтардағы іс-әрекеттерінен айқын көрінеді; қиын-қыстау кездерде адам ми шапшаң ұсынған  ой бағытында «автоматты» түрде әрекеттер жасайды екен.

Адамның миы 90 миллиард (кей деректерде 100 млрд.) нейроннан, 180 триллионнан астам синапстан (нейрондық байланыстар) тұратын алып құрылым. Ми өзіндегі ақпараттарды 3 млн. жылға дейін сақтай алатын мүмкіндікке ие. Бұрындары негатив әсерлерден өлген жүйке талшықтары қайтып қалпына келмейді деп саналған. Бір топ американ ғалымдары 1998 жылы бұл тұжырымның негізсіз екендігін, адам өмір сүріп тұрғанда, жүйке талшықтарының жаңғырып отыратындығын дәлелдеді.   

 Миллиондаған локальды процес­сорлардан тұратын қуатты есептегіш машина секілді ми аталатын теңдесі жоқ күрделі құрылымның басқару орталығы жоқ. Адам күнделікті тіршілік барысында осыншама күрделі биологиялық құрылым мүмкіндігінің тек 10-ақ пайызын пай­даланады екен.  Сондықтан да ол өзіндегі бар ақпараттарды ғана қорытып, сол негізде ешкімге тәуелсіз шешімдер жасап отырады. Мидың тағы бір ерекшелігі – оған жаңа ақпараттар түскен сайын немесе адам бір мәселе төңірегінде ойланған сайын жаңа нейрондық құрылымдар пайда болып, дами беретіндігі. Өкінішке қарай, адам жаратқан сыйлаған осыншама мүмкіндіктерді өз өмірінде пайдалана бермейді.

Адамның миы туралы әлеуметтік же­лілерден алынған мынадай қызықты деректерді келтіре кетейік:

– Адам көрген түсінің 90 пайызын ұмытып қалады. 

– Мидан шыққан нерв импульсі сағатына 274 шақырым жылдамдықпен қозғалады.

– Адам миы бір күн ішінде түрлендіретін электр импульстері бүкіл әлемдегі телефондардағыдан қарағанда, әлдеқайда көбірек.

– Адам өмірінің соңында орташа есеппен 150 триллион бит ақпаратты есінде сақтайды.

– Адам денесіндегі нерв импульстері шамамен секундына 90 метр жыл­дам­дықпен қозғалады.

– Адам миында 1 секундта 100 мың химиялық реакция орын алады.

– Адам миында туылған сәттен бастап 14 миллиард жасуша болады. Оның саны өмір бойы ұлғаймайды. Керісінше, 25 жастан кейін ол күніне 100 мыңға азаяды. Бір парақты оқуға жұмсаған бір минуттың ішінде шамамен 70 мың жасуша өледі. 40 жастан кейін мидың деградациясы күрт жылдамдап, 50-ден кейін нейрондар кеуіп, мидың көлемі кішірейеді.

– Адамның миы орта есеппен тәулігіне 6200 ойды қабылдап, іске қосады.

     Адам қорқынышты жағдайға түскенде, біреумен ұрысқанда, бүкіл организмнің сезім, ақпарат қабылдауы автоматты түрде тежеледі; ми біреумен пікір таластырғанда 10 пайыз, ойыңды дәлелдеу барысында 90 пайыз жұмыс істесе, сөйлемей, тыңдап, ойланып тұрған кезде толық - 100 пайыз іске қосылады екен.

Ұнатпайтын танысыңызды көргенде, оның жанынан тез кеткіңіз келіп тұрады. Оның себебі бір жағынан, сезім мүшелері адамды негатив энергиядан қорғап тұрса, екінші жағынан, өзі де әбден қалжыраған әлсіз күйде. Оның үстіне стресс тудырған теріс энергетиканың әсерінен жалпы организм әлсіреген; позитив эмоцияның жоқтығынан адамның ағзасындағы өзін-өзі қуаттандыру көздері жабылған.

Адамның ағзасы 63 триллион клеткадан тұрса, тіршілік барысында солардың барлығы дерлік сезім мүшелері арқылы энергия көздеріне айналады. Осыншама қуат бұлақтарын сақтай білген, пайдалана алған адамның барлық уақытта да дені сау, көңілі көтеріңкі, өміршең, жасампаз келеді. Демек, адам дегеніміз – тән (ағзалар) мен жанның (ойлау қабілеті) бір-бірінен ажыратуға келмейтін аса күрделі біртұтас жаратындысы.

Адамның есту қабілетін бүйрек пен қуық, сөйлеуін жүрек пен ащы ішек, көруін бауыр мен өт, иіс сезінуін өкпе мен тоқ ішек, ойды жүйелеп айтуын талақ, қарым-қатынас жасауын омыртқа, жасампаздығын жыныс органдары қуаттандырып отыратындығы анықталған. Бұдан шығатын қорытынды адамның тән саулығы мен жан саулығы бір-бірімен өте тығыз байланыста: жүйке жүйесіндегі келеңсіздік онымен тікелей байланыстағы адам ағзасына да әсер етіп, ауру туғызып жатады; сол сияқты ағзадағы ауру да онымен байланыстағы сезім мүшесіне әсер етіп, депрессия жағдайын туғызады (esotericblog.ru).

Екі бөліктен тұратын мидың сол жақ­тағы жартысы негізінен, логикалық, оң жақтағысы шығармашылық ойлауға жауапты болғанымен де көбіне бірлесіп жұмыс істейді; адамның сөйлеуін мидың 20-дан астам, ал көрген нәрсесінің түсін, түрін, қозғалатын, қозғалмайтынын анықтауға 20-дан астам бөлігі қатысып, қамтамасыз етеді екен. Алдымызда тұрған нәрселерді көзіміз көру жүйкелері арқылы қабылдаса, оны ми ретке келтіріп, адамның қолдануына ыңғайлап, оған мән-мағына береді.

Ал адам өмір атты шексіз мұхитта адас­пай, дұрыс жолмен жүріп, бақытты тіршілік етуі үшін барлық уақытта дерлік мидың алдын ала дайындап қойған ой шешімдерін пайдаланып отырады. Қажет болған жағдайда адам мида дайын тұрған шешімдердің ішінен өзіне керектісін 2-30 секундтың ішінде таңдап ала алады екен. Ал мида шешім қабылдауға қажетті ақпараттар болмаған жағдайда адам «жол таппай» қиналатын болады.

Ми ақпараттарды қабылдағанда, оның эмоциялық жағы маңызды рөл атқа­рады. Негативті ақпараттар ағынында, олар­дан сақтана білу бағытын қарастырса, позитивте керісінше, осындай жағдайларға бастайтын жолдарды ойластыра бастайды.  Демек, ми түскен ақпараттарды өңдеу барысында адамды жамандық атаулыдан сақтандырып, жақсылыққа қарай бағыттау үшін күре­седі екен. Сондықтан да адам жақсы эмоциялардың жетегінде көбірек жүрсе, ми оны жақсы істерге қарай бастайды; бәле-жәледен аулақ жүргіңіз келсе, жаман ойлардан аулақ жүргеніңіз абзал.

Мидың негізгі міндеті  адамның қалып­ты өмір сүруі үшін қоршаған орта туралы қабылданған қажетті ақпараттарды қоры­тып, дайындап, беріп отыру болса, мұның ішінде оның өмірін сақтау ерекше орын алады. Сол себепті де ми адам өміріне зиянын тигізетін негативті жағдайларды өзінде ұзақ сақтайды. Сондықтан да жаман ойлардың туу себептерін айқындап, одан бойды аулақ салып отыру аса маңызды.

Жаһандану дәуірінің өзіндік басты бір ерекшелігі – адамдардың үздіксіз ақпараттар шабуылына ұшырауы. Ақпараттар ағы­нының астында қалған адамдар оның пайдалы жағынан гөрі зияны көп негативтік әсеріне көбірек ұрынып, милары түкке керегі жоқ «қоқысқа» толуда. Халықты саналылыққа емес, керісінше, надандыққа тәрбиелейтін әртүрлі бағыттағы жалған наным-сенімдерден тұратын «тобырлық мәдениет» пайда бола бастады. Әлемді алақанында ұстағысы  келетін белгілі бір масондық топтардың билеуге оңай болуды көздейтін тобырларды тәрбиелеуі негізінен, жалған ақпараттарды тарату негізінде жүргізілуде.

Күндіз-түні түрлі ақпараттық құралдар арқылы құйылып жатқан хабарлардың ақ-қарасын айырудың өзі оңайға түспей жатыр. Адам өміріне қауіп төндіріп келе жатқан не бір қауіп-қатерлер туралы хабарлардың шынайылығын анықтау адамдардың біліміне, өмірлік тәжірибесіне, өмірлік бағытына тікелей байланысты. Ақпараттық шабуылдардан жан-жақты білімдар, болашаққа, ұлтына, халқына деген сенімі мол оптимист саналы азаматтар ғана аман шыға алады. Мұндай жағдайда мида позитивтік ақпараттардың мол болуының маңызы зор.

Ой дегеніміз – жай көзге көрінбейтін, жылдамдық, қашықтық, кедергі сияқ­тыларды білмейтін  тек адамға ғана тән жаратқанның ерекше бір құдіретті энергиясы; «шындықтың субьективті көрінісі немесе біздің құбылыстарға деген көзқарасымыз» (А. Салиев. Ой туралы ілім. Қазіргі түркі философиясы. 20-том, Алматы, 2009, 427-бет). «...Егер сыртқы сөйлеуде ой сөзде жүзеге асса, онда сөз іштей сөйлеуде ойды туғызып, өзі өледі. Іштей сөйлеу, негізінен, таза мағыналармен ойлау болып табылады» (Выготский Л. С. Избранные психологические  произведения. М., 1950, 350-бет).

Сөздің құдіреті сол, сен – кеше ойлаған ойыңның, істеген ісіңнің нәтижесісің;  бүгін не ойласаң, ертең бүгінгі ойыңды жүзеге асырып жатқан адамсың. Демек, адам мидың тай қазанында пісіп жетілген ой-пікірлерді сөз арқылы сыртқа шығарып, заттандырып, іске қосушы екен.

Адам бір мәселенің шешімін табу үшін осыған қатысты ақпараттардың бар­лығын іске қосып, ойланады. Ойлану барысында  адамның миы түрлі ойларды әр жақтарынан қарастыра отырып, солардың ішінен сәйкес келетін біреуін негізге алады да оның жетіспей жатқанын жеткізіп, не болмаса, артық жерлерін  алып тастап дегендей,  сіз пайдалануға оңтайлы ой қорытындысын ұсынады. Қазақтар мұны «ақыл» дейді.

«Ақылды адам», «ақылы көп» деп, жата­мыз. Сонда, көп білетін адамның барлығы бірдей ақылды емес. Білімді болумен бірге сол білгендерін іс жүзінде қолдана білетін, өмірден түйгені, тәжірибесі мол, парасатты адамдар ғана ақылды адам бола алады. Көп біліп, «аузымен орақ оратындар», бірақ қолынан ештеңе келмейтіндер де баршылық.

Ақылды адамдар көп сөйлемейді; көп тыңдайды; тыңдаумен бірге оның айтқандарын ой елегінен өткізіп отырады; тыңдағанының өзі сөйлеп отырғандай әсер етеді; жаман сөз айтпайды; айтысып, дауыс көтеріп жатпайды; ақымақтыққа бармайды, келіссе де , келіспесе де жүйкеңе тиіп кетпей, жай ғана әдемі түсіндіреді; ақымақпен түсінісу қиын болса, онымен еркін сөйлесіп, түсінісе аласың; ең соңында оның дұрыс айтып отырғанын ұғынасың.

Адам нені ойласа, соны айтады, соны істейді. Адам – өз ойының құлы, өз ойының тұтқыны. Адамның өмірінде болып жатқан өзгерістердің барлығы да – оның ойлаған ойларының, сөйлеген сөздерінің жемісі, жүзеге асуы. Украинада В.Зеленскийдің президент сайлануы осы айтқан пікірімізді нақтылай түседі. Мамандығы актер Владимир Зеленский «Халық қызметшісі» атты көпсериялы украин телехикаясында басты кейіпкер та­рих пәнінің мұғалімі Голобордконың  ролін сомдайды. Телехикаядағы оқиғалар желісінің соңында мұғалім Украинаның президенті болып сайланады. Бұл теле­хикая украин телеарналарынан бірнеше рет көрсетіліп, қалың көпшіліктің көңілінен шығады. «Шіркін, біздің болашақ президентіміз осылай болсайшы» деген идеал бейне жүрек түкпірінен орын алады. 2019 жылы Украинада президент сайлауы өткенде, оған телесериалда президенттің бейнесін жасаған киноактер В.Зеленский де қатысады. Бір қызығы президент сайлауы барысында В.Зеленскийдің өмірі де дәл сол телехикаядағыдай өрбіп, нәтижесінде ол 70 пайыздан аса дауыс алып, Украинаның президенті болып сайланады. Сөйтіп, киноактердің мен президент сайлауына түссем, президент болсам, халықтың алдында былай сөйлер едім,  мынадай іс-әрекеттер жасар едім деп, күндіз-түні ойланып, сөйлеген сөздері өмір шындығына айналды.

Ой мен сөзде өзгерістер болғанда, адам өмірінде де өзгерістер туындайды. Сондықтан да адам өмірінде ой жетекші рөл атқарады. Ойы жақсы адамның сөзі де жақсы, ісі де жақсы, тірлігі де өрге басып,  қоғамда алатын орны да биіктей  береді. Сондықтан да алдына үлкен мақсат қойып, биіктерге ұмтылған адам өмірін ең алдымен, өз  сезіміне, өз ойына, өз сөзіне ие болудан бастауы керек. Сонда ғана ол адамның алмайтын қамалы, шықпайтын биігі болмайды. 

 

 

 

 

755 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз