• Ел мұраты
  • 18 Қыркүйек, 2021

Жаңа оқу жылында өзгеріс көп

2021 жылдың 1 қыркүйегінде Қазақстанда 7 475 мектеп оқушыларға есігін ашады. Бұл осы білім ордаларында 3,4 миллион бала оқитын болады.   Жаңа оқу жылы Қазақстандағы мектептерде дәстүрлі форматпен басталмақ. Бірінші қыркүйекте жаңа оқу жылының басталуына арналған дәстүрлі салтанатты шара далада өтеді. Мұндай салтанатты жиында бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» табысталады.

  Мектептерге тек Ashyq қосымшасы арқылы кіруге болады. Білім және ғылым министрі өткізген брифингте айтылғандай, мұндай қадам  педагогтер, қызметкерлер мен ата-аналар арасында инфекция таралуының алдын алу үшін жасалып отыр.  Ұстаздар мен мектеп қызметкерлерінің барлығы коронавирусқа қарсы екпе салдырған болуы керек. Екпе салғызуға қарсы көрсетілімі бар және соңғы үш айда коронавируспен ауырған адамдар ғана вакциналаудан босатылады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой балалардың вакцина салдыруы ерікті түрде болатынын айтты. Брифинг кезінде «Бала мектепке баруы үшін вакцина  міндетті болмай ма?» деген сұраққа  А.Цой бәрі тек ерікті түрде, ата-анасының келісімімен болатынын  айтты.
Білім министрлігі оқу мекемелері үшін жаңа ереже енгізді. Талап мынадай: оқушылар мен мұғалімдердің бетперде тағып жүруі; оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің дене қызуын тексеру; бөлмелерде дезинфекциялау және кварцтеу жүргізу; білім беру мекемесін дезинфекциялау құралдары-мен жабдықтау;  жұмыс режимі мен ауысымды алдын ала анықтау, оқу процесін әлеуметтік қашықтықты сақтау арқылы ұйымдастыру;  сыныпта бір уақытта болатын адам саны 40-50%-тен аспауы керек; қоңырау мен асханаға бару уақытын түрлі уақытта ұйымдастыру;  бір сыныпты бір кабинетте оқыту;бұқаралық, мәдени және спорт шараларын өткізуді шектеу; сабақ кестесін санитарлық талаптарды есепке ала отырып дайындау. 
 Білім министрлігі аптасына бес күн оқуға кеңес берді. Себебі мұндай оқу процесі балаларға да, педагогтерге де ыңғайлы. Алайда, жекелеген білім беру мекемелері карантин шектеулері есебінен бес күндік форматқа уақытты сәйкестендіре алмаса, онда сенбі күндері сабақ өткізуіне болады. 
2021-2022 оқу жылында қазақстандық оқушылар мектеп формасынан босатылды. Форма киген абзал, ал ата-ананың мүмкіндігі болмаса, балалар классикалық стильдегі киіммен баруына болады.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бірінші қыркүйектегі дәстүрлі салтанатты шара далада өтеді. Бұл жиында бірінші сынып оқушыларына «Әліппе» табысталады. Бір кездері оқу жүйесінен алынып тасталған «Әліппе» ата-аналар мен көпшілік қауымның сұранысымен осы оқу жылынан бастап қайта оралды. Бірінші сынып оқушылары бірінші және екінші тоқсанда осы кітаппен оқиды. Үшінші тоқсаннан бастап «Ана тілі» пәні енгізіледі.
Коронавирус анықталған жағдайда жекелеген білім беру нысандары қайтадан қашықтан оқуға ауысуы мүмкін. Мұндай мектептерде карантин енгізу бір инкубациялық кезеңде (14 күн) анықталған науқастар санына қарай белгіленеді.Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтердің  Республикалық тамыз конференциясының пленарлық сессиясында мұғалімдерді өзіне тән емес функциялардан және артық тексерулерден босату бойынша шаралар қабылданып жатқанын айтты.  Сондай-ақ  «Педагог мәртебесі туралы» Заң  аясында  мұғалімдердің еңбек жағдайы жақсартылып, еңбекақысы артты. 2022 жылғы қаңтарда балабақша, мектеп және колледж педагогтерінің еңбекақысы тағы 25 пайызға артады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төрт жылда педагогтердің еңбекақысы 2 есе өседі. Жаңа оқу жылынан бастап педагогтер жұмысқа конкурстық негізде қабылданатын болады. «Егер бұрын-соңды педагогтерді жұмысқа директор қабылдаса, ендігі кезекте қабылдау нақты және біліктілік талаптары бойынша конкурс арқылы электрондық форматта өткізілетін болады»  деді министр Асхат Аймағамбетов. Және де биылғы қыркүйектен бастап білім беру ұйымдары директорларын тағайындаудың жаңа жүйесі енгізіледі. 

Дина ИМАМБАЕВА

639 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз