• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ ҚОРҒАУШЫСЫ

Қазақ қоғамындағы өзекті әлеуметік-экономикалық мәселелерді қозғап, ішкі-сыртқы саясатты саралап, мәдени-рухани тақырыптарды талдайтын «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси  журналының жүз жылдық мерейтойымен барша оқырман қауымын және редакциялық алқаның құрамындағы кәсіби журналистерді шын жүректен құттықтаймын!

Соңғы бір ғасырлық тарихта еліміздің басынан коммунистік партияның саясаты мен идеологиясынан бастап, ашаршылық пен саяси қуғын-сүргіндер, жеке басқа табыну мен тоқырау, қырғи-қабақ соғыс, қайта құру мен  жариялылық, Қазақстанның тәуелсіздік алуы, демократиялық мемлекет құру, егемендікті нығайту сияқты түрлі қиындықтар мен сынақтар өтті. Сондай қилы заманның куәгері болған журнал кеңестік дәуірде «Қызыл Қазақстан», «Ауыл коммунисі», «Қазақстан коммунисі» деген түрлі атаулармен жарық көрсе, 1991 жылдан «Ақиқат» деп аталып, уақыт жаршысы болып келеді. Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» демекші, жүз жылдық шежіреге татитын «Ақиқат» журналының беттерінде саяси үгіт-насихаттан бастап мәдени-рухани, ағартушылыққа дейінгі аралықтағы материалдар да, Қазақ елінің небір танымал тұлғаларының ел мен жер тағдыры туралы жазған мақалалары, сын-пікірлері мен талдамалық ой-толғаулары да жарық көрді.

 

 

Заман талабына сай жаңарып, жаңа ақпараттық технологиялар көмегімен жаңғырған «Ақиқат» журналының интернет сайты жер бетіндегі барша қазақ үшін қолжетімді, шетелдегі қазақтар да ұлттық журналдың белсенді оқырмандарына айналып отыр.

Қазақстанның ұлттық мүдделерін қорғап, егемендігін нығайтуда «Ақиқат» журналының қосқан үлесі зор. Келешекте де ұлт журналы ақиқаттың жолынан танбай, ел-жұрттың мақсат-мүддесі мен мұң-мұқтаждығы үшін табанды күрес жүргізе беретініне сеніміміз мол. Аманаттың осындай ауыр жүгін арқалаған «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси  журналы мен оның ұжымына қажымас қайрат, шығармашылық табыстар тілейміз!

Сейілбек МҰСАТАЕВ,

саяси ғылымдарының докторы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Саясаттану және саяси
технологиялар кафедрасының профессоры

 

437 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз