• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

АЛЫПТАРДЫҢ ІЗІН БАСҚАН

Осы кезде Жүкеңе қатысты көп жәйттер менің де есіме түсті. Мәселен, мен оның есімімен алғаш 1980 жылы Алматыға оқуға түсуге келгенде танысыппын. Сол кез өзімнің әлі күнге дейін де есімде. Өзіміз атақты ҚазМУ-дың тау бөктеріндегі жаңа қалашығындағы бесінші жатақханада жатамыз. Қалашықтың да жаңадан салынып, әлден-ақ көз қызықтырып жатқан кезі еді. Ол кезде осы күнгі көп қабатты бас оқу корпусы енді ғана ірге көтеріп жатқан болатын. Біз үшін бұндағының бәрі де қызықты. Әлемде, әсіресе, сонау Мәскеуде осындай университет қалашығы бар екен, небір атақтылардың бәрі кезінде сондай қалашықтардағы университетте оқып, білім алыпты деседі. Соған қызығамыз. Ойпыр-ай, осыдан университетке түссек, біздің де осындай бақытты сәттерді бастан кешетіндей жөніміз бар екен ғой дейміз. Ой-хой, оны айтасың, әлі құрылысы бітпесе де, осындағы университет қалашығының өз атақтылары да баршылық. Қай-қай факультеттің де ең танымал деген студенттерінің есімдері үнемі ауызға алынумен болатын. Ал, біз университеттің журналистика факультетіне оқуға түсуге келгендіктен, көбінесе өзімізге жақындау, өзіміз үлгі ететіндей атақты студенттерге қатысты сөздерге ғана мұқият құлақ түреміз. Әлі күнге дейін есімде, менің сондағы журфакты әлі бітірмеген, бірақ, әлден-ақ осындағы болашағынан үлкен үміт күттіретін атақтылардың ішінен Жұмабек Кенжалиннің есімі үнемі ауыздан түспейтін. Осындағы сақа студенттер, жазғы маусымда қабылдау комиссиясында жүрген, не факультетте, университет қалашығы маңындағы жұмыстарды атқаратын жігіттердің бәрі де бір тек соны айтады.

– Бізде жақсы оқитын, белсенділігімен де көрініп жүрген жақсы студенттер көп, бірақ, әзірге солардың ішіндегі ең бір мықтысы осы Кенжалин, – дейді.

Уақыт не деген зымыран еді десеңші?! Бұл сонау 90-шы жылдардың аяқ кезі болатын, содан бір күні, жылдағыдай елдегі баспасөзге жаздырту маусымы басталған кезде, «Қазақ газеттерінің» президенті Кенжалин редакциядағы басшыларымызға хабарласып, «келер жылдың газет-журналдарына жаздырту жұмысын ендігі жерде бәріміз бірлесіп атқарамыз, әр редакция бір-бір адамнан бөлсін, ертең біз Алматы облысының Райымбек ауданындағы оқырмандардың арасына барып, кездесулер өткіземіз» депті. Бұл шығармашылық топқа «Жұлдыздың» жауапты хатшысы ретінде мен қосылдым. «Қазақ газеттеріне» қарайтын «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналынан бас редактордың орынбасары Марат Мәжитов, «Ана тілі» ұлттық газетінен жауапты хатшы Ертай Айғалиев, «Қазақ әдебиеті» газетінен жауапты хатшы Еркін Жаппас, сондай-ақ, «Мысль» журналы мен «Ұйғыр авази» газетінен де бір-бір өкілден болды. Бірнеше машинамен жолға шықтық. Жолда келе жатып, бір анықтап білгеніміз, біздің бұл кездесуімізді Алматы облыстық әкімшілігінің өзі ұйымдастырыпты. Соған қарағанда, кеше ғана қазақ басылымдарының басын құрап, ірге көтерген акционерлік қоғамның жұмысына мемлекеттік құрылымдағы әкімшіліктегілер де үлкен жанашырлықпен қараса керек. Шығармашылық делегациямыздың басшысы Жүкеңнің өзі, қасында облыстық әкімшіліктің баспасөзбен байланыс мәселелерімен шұғылданатын тағы бір өкілі бар. Біздің алғашқы кездесуіміз ұлттық поэзиямыздың алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған ауылынан басталды. Ұлы Мұқаңның мұражай үйін тамашалап, жергілікті мақатаевтанушылар мен Мақатаевтың қазақтың қара сөзін қастер тұтатын жерлестерінің оның рухани мұраларына, Мақатаевтай марғасқаны алғаш елге танытып, оның шығармашылығына рух берген қазақ баспасөзінің қара шаңырағы дерліктей іргелі басылымдарға деген құрмет сезімдерін көргенде, біздің кеше ғана Алматыда отырып: «Бүгінде жер-жерде әртүрлі газет-журналдар ашылып, жұртты еліктіріп әкетерліктей әрқалай жарнамалар жасап, біздің байырғы жергілікті оқырмандарымызды орта жолдан бұрып әкетіп жатқанда, алдағы күндеріміз қалай болар екен?» – дегендей дүдәмал ойларымыз да бірден-ақ екіге жарылды. Біз осы ауылда-ақ осы кезге дейін өз байырғы оқырмандарымызды қалайша қатты сағынсақ, олардың да кешегі қызу нарықтық өмірдің осыншама алқынып-жұлқынып келген тұсында, өзімізден көз жазып, сарғая сағынып қалғандықтарын көріп, қуанышымыз тағы да қойнымызға сыймады. Біздің көбіміз Жүкеңді акционерлік қоғамның президенті ретінде алғаш осы ауылда танып, осындағы кездесулердің кезінде оның әр қырынан да жарқырап көрінгендігінің куәсі болдық.

Ертесіне Райымбек ауданының орталығындағы зиялылармен де үлкен бір кездесу кеші ұйымдастырылды. Осында Жүкең тіптен-ақ еркін көсілді. «Қазақ газеттері» тек бірыңғай әкімшілік құрылым ғана емес, ол бүгінгі қазақ басылымдары мен қазақ оқырмандарының арасындағы алтын көпір, біз сол ұлы миссияны мүлтіксіз атқарып шығуымыз керек» деді. Дәл сондай мақсатпен ел арасына шыққандығын да сөз етті. «Ұлы Ахмет Байтұрсынов кезінде «газет – елдің құлағы, көзі, тынысы» деген еді, соны өзіміздің дәл қазіргі жағдайымызға сәйкестендіріп айтсақ, бүгінгі қазақ басылымдарының көзі, құлағы мен тынысы – оның оқырмандары, оны мен мына сіздердің бүгінгі біздің акционерлік қоғамымызға қарасты байырғы қазақ басылымдарына деген құрмет сезімдеріңізге қарап айтып отырмын. Құдайға шүкір, біз де осы тұрғанда, жерге қарап отырғанымыз жоқ. «Ана тілімізді» Мереке Құлкенов, «Жұлдызды» Мұхтар Мағауин, «Ақиқатты» Ахат Жақсыбаев, «Мысльды» Әбдеш Қалмырзаев, «Ұйғыр авазиін» Юлдаш Азаматов сынды азаматтарымыз басқарады. Алда біз өзіміздің газет-журналдарымызды заман талабына сай, жақсы, мазмұнды, әрі мағыналы, жұртшылық әрдайым қызыға оқып, өзінің ақылшы-досы, рухани өміріміздің айнасы ретінде көріп, білетіндей дәрежеде шығарғалы отырмыз. Ең бастысы, ендігі жерде газет-журналдарымыздың бұрынғыдай жергілікті оқырмандарына айлап, апталап жүріп, шаққа жететін жағдайы болмайды. Біз бұл мәселені де дұрыстап жолға қойып жатырмыз», – дей келіп, акционерлік қоғамның министрліктегілер арқылы біраз игі шараларды қолға алып жатқандығын жеткізді.

Содан бері арада тағы қаншама жылдар өтті, бірақ, менің қазақ журналистикасының алыбы Жүкеңмен алғаш рет бетпе-бет жүздесіп, қоян-қолтық араласып жұмыс істеуім сонау 90-шы жылдардың соңғы кездерінен басталып еді. Жүкең, әрине, бір кездегі ардақты алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовты көрген, олармен аралас-құралас та болған емес, бірақ, соған қарамастан, өз туған өлкесінен түлеп ұшқан сол ұлылардың бойларындағы көптеген жақсы қасиеттер Жүкеңнің де бойынан табылатын. Кенжалин ешқашан ешкімге дауыс көтеріп сөйлемейтін, сөйте тұрып, өзінің айтқанын істететін, адамды жөнімен жұмсай да, ақылға көндіре де білетін. Ол әдетте бір шаруаны алға тартып айтса-ақ болды, оны қалай да орындау сенің өзің үшін де бір үлкен міндеттей-ақ болып тұратын. Сонымен бірге, ол қандай шаруаны қолға алса да, еш дабыралатпай, ақырындап қана атқара беретін. Сондайдағы әрбір қолға алған істерінің аяқсыз қалған кезі болған емес. Мен ол кезде «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болып істейтінмін. Рас, бертінде Жүкеңмен жақсы-ақ аралас-құралас болып кеттік. Ал, күнделікті жұмыс барысында жиі кездесіп, редакциямыздың жағдайына байланысты мәселелерді бірге шешіп жүретінбіз. Бірде Жүкең мені өзіне шақыртып алып: «Қазақ газеттері» жанынан бір жаңа журнал шығарғалы отырмыз. «Жұлдыздағы» қызметіңді атқара бер, бірақ, мен соны ұйымдастырып, алғашқы санын шығаруды саған тапсырамын», – деді. Мен келісімімді бердім. Бағытына қарағанда, бұл журнал елдің әр деңгейдегі мәслихаттарының жұмыстарын қамтып жазуға тиісті сыңайлы. Мүмкін, болашақта қос палаталы ел Парламентінің өміріне де араласатын шығар?! Жүкеңнің бағыт беруі бойынша, авторлар іздедік, материалдар ұйымдастырдық. Әзірше өзімізге ең жақындаулары ғой, Алматы облысындағы мәслихаттармен байланысқа шықтық. Жұмыстың беті бері қарап келе жатты. Жүкең, тіпті, бұл журналдың атын «Халық кеңесі» деп қоюды ұсынды. Мезгіл күз кезі болатын, әрі «Халық кеңесі» журналының жарыққа шығуы елдегі Президент сайлауымен тұспа-тұс келгендіктен, біз бұл мәселені де қамтуға тырыстық. Журнал Жүкеңнің жоспары бойынша уақытылы әдемі болып шықты. Өзі де разы болды. Жүкеңмен бірге бірнеше рет Елордаға іссапарға барған кездерім де өзінше бір шежіре деуге тұрарлықтай-ақ. Сол жылдардың бірінде ел басылымы – «Егемен Қазақстанның» 80 жылдық мерейтойына «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты әр басылымнан бір-бір өкілден баратын болды. «Жұлдыздан» мені қосты. Сондағы Жүкеңнің қатты қуанғаны есімде. Өзінің «Егеменде» істеген жылдарын, сондағы жақсы аға, тәлімгер-ұстаздарын, әріптестеріне дейін сағына еске алумен болды. Елордада бізді Алматыдан барған өзге делегациямен бірге «Егемендіктер» өте жақсы қарсы алды. Жақсы бір жерге орналастырды. Ертесіне Елорданың орталығындағы Конгресс-Холда «Егеменнің» 80 жылдығына арналған үлкен салтанатты кеш ұйымдастырылды. «Егемендіктер» өз газеттерінің бұлақ-бастауында тұрған, кезінде қабырғалы басылымның аяқтанып, елдің бетке шығар бас басылымына айналуына даңғыл жол салған ардақты алаш қайраткерлеріне үлкен құрмет көрсетіп, сахнаға солардың үлкейтілген портреттерін салғызып, іліп қойыпты. Бұның өзі де үлкен әсерге бөлегендей еді. Сондағы жиынның кезінде осы тойға арнайы келген «Қазақ газеттерінің» делегациясына да сөз берілді. Біз Жүкең бастап, «Қазақ газеттеріне» қарасты басылымдардың өкілдері сахнаға көтеріліп, әрқайсымыз бір-бірден құттықтау сөздерімізді, әріптестік тілектерімізді жеткіздік. Артынан той иелерінің орталықтағы үлкен бір мейрамханаға ұйымдастырылған мерейтойлық дастарқандарына қатысып, әбден разы болдық. Жүкең болса, тіптен-ақ қуанышты, әрі сол тойдың үстінде ертесіне өзінің 60 жылдық мерейтойын өткізгелі отырған атақты жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ-станның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев өзінің өкілі арқылы хабар беріп, «Қазақ газеттерінің» «Егеменнің» 80 жылдығына келген өкілдері ертесіне менің мерейтойлық шарама орай жайылған дастарқаныма да келсін депті. Жүкең сол күннің кешінде-ақ біздің пойызбен Алматыға кейін қайтатын билеттерімізді кассаға қайта тапсырып, билеттерді арғы күндердің біріне алдыртты. Әбіш ағаның мерейтойы ертесіне Елорданың орталығындағы «Интер-Континентал» мейрамханасында есте қаларлықтай-ақ болып өтті. Еліміздің талайғы бетке шығар тұлғалары мен қабырғалы қаламгерлерінің көбісімен сонда дастарқандас болдық. Төрдегі үлкен столда дана келбетті маңдайы жарқырап, Әбіш ағамыз, оның оң жағында сол тұстағы елдің Премьер-министрі Қасым-Жомарт Тоқаев отырды. Бүгінгі республика Президенті, өзі де көрнекті қазақ жазушысының баласы Қасым-Жомарт Кемелұлының сондағы Әбіш аға туралы ешқандай ресмилікке салынбай, шығармашылық адамының, соның ішінде, Әбіш Кекілбаевтай ұлттық әдебиетіміздің көзі тірі классигінің шығармашылығын әріден жетік білетіндігін байқатып, өнегелі сөздер айтқандығына дейін есімде мұқият сақталып қалыпты. Бұның бәрін осыншама тәптіштеп айтып отырған себебім, сол жолы Әбіш ағаның мерейтойының жоғары деңгейде өтуіне оның көп томдық шығармалар жинағын өзі басқаратын баспасынан кітап етіп шығартып, сол тойға үлгертіп әкелген Мереке ағамыз қандайылықты үлкен еңбек сіңірсе, Жүкең сол жолы біздің Әбіш ағаның тойына да қатысып, осындайылықты өнегелі сөздерді тыңдауымызға барынша жанын салып бақты. Бұның бәрі Кенжалиннің ұйымдастырушылық шеберліктері мен басшылық қызметіне байланысты ғана жәйттер болса, оның республикалық «Ақиқат» қоғамдық-саяси журналын басқару кезіндегі іс-тәжірибесінің өзі де – өз алдына бір бөлек әңгіменің тақырыбы. Осы тұста Жүкеңнің ел зиялыларының бас басылымына екі мәрте бас редактор болып тағайындалғандығын да атап айтқым келер еді. Алғашқысы 1996-1998 жылдардың аралығын қамтыса, екіншісі 2007-2009 жылдардың аралығы болатын. Осы арадағы тағы бір айта кететін жағдай, Жүкеңнің бұған дейін «Социалистік Қазақстанда» («Егемен Қазақстан») әдеби қызметкер, «Зерде» журналында («Білім және еңбек») жауапты хатшы, бас редактордың міндетін атқарушы болып істеп, бертінде «Халық кеңесі», «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттерін басқарғандығы да бұқаралық баспасөз бен қалың оқырмандардың арасындағы тонның ішкі бауындай тығыз байланыстың кілтипандарын егжей-тегжейлі танып-біліп, бұқарашылдық сипаттың кенінен өріс алуына деген ұмтылысын да күшейте түсті. Ұзақ жылдардан бері бәріміз «ұлт журналистикасы» деген бір қазанның ішінде бірге қайнасып жүргендіктен де жақсы білеміз, Кенжалин басқарған қай-қай басылым да, алдымен, өзінің эстетикалық талғам-таразысының биіктігі, өзге басылымдарға қарағанда, өзінің оқырмандарға біртабан жақындығымен-ақ ерекшеленіп отырды. Кезінде Құрманбек Сағындықов, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Нұрмахан Оразбеков, Темірхан Медетбек сынды танымал ағаларымыз басқарған «Ақиқат» журналы Кенжалиннің басшылығы тұсында тіптен жаман шыққан жоқ, оның да белесті кезеңдері жетерлік-ақ, оның үстіне, Кенжалин осында алғаш бас редактор болып келгенде, басылымның мазмұндық, тақырыптық, идеялық, жанрлық, көркемдік жағы ғана емес, дизайндық кескін-келбетін өзгертіп, тәуелсіз ел оқырмандарының талғам-талаптарына сай болуына үлкен мән берілгендігін де ешкім жоққа шығара алмас, бірақ, Жүкең екінші рет «Ақиқаттың» бас редакторлығына «Қазақ газеттерінің» басшылығы қызметінен келді. Біз «Қазақ газеттері» деген бір үлкен мекеменің қарамағында көптен бері бірге қызмет жасап, ағалы-інілі болып, өзара сыйласып келе жатқандықтан да жақсы білетінбіз, Жүкең негізінен жазудың адамы еді ғой, сондықтан, ол ұзақ жылдардан бері тек бірыңғай басшылықта жүріп, жазуды, өзінің әу бастан сонау туып-өскен Торғайында-ақ қалап алған қаламын серік етіп, шығармашылықпен тереңдетіп шұғылдануды қатты аңсайтын. «Басшылардан сұрансам да, тек өзімнің сүйікті «Ақиқатыма» ғана сұранамын» дегенді жиі айтатын. Сол тілегіне тек арада бірнеше жыл өткен соң, 2007 жылдың соңында ғана қолы жетті. Мен бұрын Жүкеңнің «Ақиқатыма» қайта барсам дегендігін тек жәй ғана көңіл үшін айтыла қалған сөзі шығар-ау деп ойлаушы едім, жоқ, сөйтсем, қаламдас ағам «Ақиқатқа» келгенде, шын-ақ қуанды. Араға, тіпті, уақыт салмай, соңғы он жылдан бері «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болып жүрген мені өзіне бас редактордың орынбасары етіп қызметке шақырды. Қаламдас ағаң «бір жерде көп отырып қалдың ғой, кел, өсіремін, шығармашылықпен айналысуыңа да жағдайың болады» деп тұрса, сен ондай ұсыныстан қалайша бас тартарсың?! Жүкең басқарған «Ақиқаттың» шығармашылық табысын белгілі жазушы, талантты журналист, Қазақстан Республиксы Президенті сыйлығының иегері, «Қазақ газеттерінің» сол кездегі Бас директоры – Редакторлар Кеңесінің төрағасы Мереке Құлкенов ағамыз да дер кезінде бағалап, қолдап-қолпаштай білді. Оны Жүкеңнің өзі кәдімгідей бір ризалық сезіммен айтып отыратын.

Жүкең өз басы өмірінің ақырына дейін де қаламын қолынан тастамай өтті, әсіресе, ол өз өмірінің соңғы жылдарында өндіртіп, өте көп жазды. Көп жәйттерді ғылыми тұрғыда пайымдады. Ол өз өмірінің әр кезеңдерінде де соңына қарап, артына үнемі жақсы атын, өнегелі істерін қалдыруға ерекше мән берді. Жүкеңнің сол бір асыл тілегін кезінде өзі оқыған, өзінің жақсы атын шағарып, алдағы үлкен жолға ақ тілекпен шығарып салған университет дер кезінде іліп әкетіп, ел журналистикасының ертеңі – әлі университет қабырғасынан түлеп ұшып үлгермеген болашақ жас журналистерге: «Енді атақты Кенжалиннің қаламынан шыққан дүниелер қазақ баспасөзінің беттерінде бұрынғыдай жарқырап жиі көрінбейтін болды-ау», – дегізбей, университет жанындағы журналистика факультетінде саясаттану ғылымының кандидаты Жұмабек Кенжалин атындағы арнайы пәндік кабинет жасақтады. Сол күнгі Кенжалин атындағы арнайы кабинеттің тұсаукесер рәсімінде менің де болғандығым бар еді. Арада көп уақыт өтпей, жуықта ғана әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Жұмабек Кенжалиннің шығармашылығына арналған халықаралық ауқымдағы ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның шығармашылығы мен ғылыми пайымдарына ғалымдар тарапынан лайықты бағасы берілді.

Сол жылғы күз, сол сапардағы Талдықорғанның азып-тозыңқырап, көшелердегі көп қабатты үйлердің есік-терезелеріне дейін үңірейіп тұрғандығын көргендегі жан қиналысымыз ше?! Содан бері бұл жағдай біздің әрқайсымыздың да есімізден бір шықпайтын. Жүкең де, біз де: «Талдықорғанды аздыруға болмайды ғой. Талдықорған жер жаннаты – Жетісудың жүрегі ғой», – дейтінбіз. Бұндайда бізді қолдайтындар, Талдықорғанды Жетісудың ең ірі, ең әдемі қаласы ретінде көргісі келетіндердің қатары да аз емес еді. Сірә, сосын ба екен, бертінде Талдықорған қайтадан облыс орталығы болып, Алматы облысының орталығы сонда көшірілерде, Алматыдағы бұрынғы Орталық алаңда үлкен бір салтанатты жиын өткізіліп, сол жиынға өзіміз арнайы қатысып, артынша әкімшілік тарапынан бөлінген автобустармен бір топ жазушы, журналистер, ғалымдар болып, Талдықорғанға дейін барып, жаңа облыс орталығының жаңаша құлпырған сәулетті ғимараттарын, көшелерінің тіптен-ақ жайнап кеткендігін көріп, қуанып қайтқандығымды қалайша ұмытармын?!

Сондағы сол алтын күз бертінде Жүкеңнің де үнемі есінен шықпай, өзінің бір әңгімесінде:

– Мен көп жылдар бойына басшылық қызметтерде жүрдім ғой. Жазудан сәл алшақтаңқырап қалдым. Мен өзімнің қандай қауырт шаруалардың кезінде де жазудан қол үзбеуім қажеттігін сол жылғы күздегі Жетісудағы ұзақ сапардың кезінде түсіндім, – дегендігі де есімде.

Сол жылғы күзден кейін де арада тағы талай алтын жапырақты күздер өтті ғой. Алматы күздерінің әрқайсысы тарихта шын-ақ алтын әріптермен жазылып қалатындай-ақ күздер емес пе?! Әйтсе де, сол жылғы күз...Жүкеңмен алғаш бір ұжымда табысқан, тұңғыш рет онымен бірге Жетісу өңірінде сапарлас болған, оның сондағы талайғы қызықты да, танымдық-тағлымдық мәнге толы әңгімелерін тыңдаған, біздің бертінде әріптес, әрі ағалы-інілі жолдас ретіндегі түсіністігімізді арттыра түсуге басты негіз қалаған күз...

Өзі де осыншама ертегідей-ақ болып құлпырған кез еді-ау!

Серікқали ХАСАН,
жазушы, журналист, Қазақстан
Жазушылар одағының мүшесі,
«Ақиқат» журналының
бөлім редакторы

 

1383 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз