• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК ЖОЛЫНДАҒЫ МІНДЕТТЕРДІ АРҚАЛАЙ БІЛДІ

Талас ОМАРБЕКОВ,

«Ақиқат» журналының 1991-1998 жж. бөлім редакторы, тарих ғылымдарының докторы, профессор

– Талас Омарбекұлы, сіз қызмет еткен тұстағы «Ақиқат» журналының келбеті қандай еді?

– Еліміз тәуелсіздік алған соң көптеген басылымдардың оқырмандары тарихи тақырыпта жазылатын мақалаларға жаңа көзқарасты, жаңаша ойлауды талап ете бастады. Олардың арасында «Ақиқаттың» орны бөлек болатын. Өйткені, журнал осы уақытқа дейін коммунистік партияның Қазақстандағы басты басылымдарының бірі ретінде негізінен саясатқа қатысты мәселелерді біржақты жағымды тұрғыдан баяндайтын бағытты берік ұстанып келді.  Бұрын «Қазақстан коммунисі» деген атпен елдің бәріне мәлім болған бұл журналдың атауының өзі енді оқырманды үркітетін болды. Осындайда журналды тәуелсіздік психологиясына бейімдеп қайта құру, оны бұрынғы тоталитарлық құрылыстың мәселелерін сын көзбен пайымдайтын жаңа оқырманның сүйікті басылымына айналдыру қиынның қиыны еді. Осындай ауыр жұмысқа мұрындық болу үшін журналды басқаруға Камал Смаилов келді. Ол кісіні оқырмандар бұрынғы «Парасат» журналының бас редакторы ретінде мойындап үлгерген еді. «Парасат» журналының да, «Ақиқат» журналының да жаңа атауларын қойған осы Камал Смаилов болатын.

О бастан-ақ Камал Сейітжанұлы «Ақиқат» журналын мазмұндық тұрғыдан түбірінен өзгертіп, қайта құруды қолға алды. Осындай күрделі үдерісті жүзеге асыру үшін ол кісі журнал жұмысына ғалымдарды көптеп тартты. Әртүрлі салада тартымды мақалаларымен көрініп жүрген, қаламы ұшқыр жаңаша тұрғыдан мәселеге баға бере алатын азаматтар шақырылды. Мысалы, әдебиет мәселелерін ғылыми тұрғыдан ұлттық көзбен талдап жазатын Құлбек Ергөбек, белгілі ғалым, сол кезде Мұхтар Әуезов мұражайының директоры болып қызмет атқаратын Тұрсын Жұртбаев, философиядан бүгінгі күні елге танылған және Парламентте сенатор болған  Ғарифолла Есім, экономика саласынан нарықтық қатынастарды терең талдап жазатын Нұрахым Райханды, тарих саласынан мені шақырып, журналдың әдеби қызметкері ретінде қабылдандық. Соңынан біздің бәріміз өзіміз басқаратын салалар бойынша бөлім меңгерушісі болып шыға келдік. Камал Смаилов  бізге барлық жағдайды жасап, жеке кабинеттер берді. Сонымен бірге біз, бұрынғы негізгі қызметімізді де атқара бердік. Сонымен бірге, аталған кісілердің бәрі баспасөз бетінде өз бағыты бойынша зерттеу мақалаларын жариялап жүргендіктен, мұндай ұсынысты қуана қабылдады. Өйткені, «Ақиқат» журналы республикалық қоғамдық-саяси басылым ретінде, әсіресе, тіл-әдебиет және қоғамдық ғылымдар саласында ғылыми еңбектерді көптеп басатын журнал еді.

– Тәуелсіздікті жаңа алған тұста басылымда алғаш көтерілген өткір тақырыптар қандай?

– Камал Смаилов аптаның белгілі бір күнінде бізді жинап, журналдың жаңа санын дайындауға белсенді қатыстыратын. Мұндайда әркім өзінің пікірін емін-еркін, көсіле баяндайтын еді. Ғалым-зерттеушілердің ұсыныстары көбіне бас редактордан қолдау тауып, өмірге жаңа ғылыми зерттеулер келіп, олар журналдың келесі санында жарияланып жататын. Әлі күнге дейін мені Камал Сейітжанұлының ізденімпаздығы, сыпайылығы мен мәдениеттілігі және қарапайымдылығы қатты таңдандырады. Ол кісі міндетті түрде редакция қызметкерлерінің әрбір мәжілісіне өзіндік ұсыныспен келетін.Аса қиын тақырыптарды олардың әлі де жаңаша зерттеле қоймағанына қарамастан журналда көтеруді ұсынатын. Әсіресе, бұл Қазақстан тарихының мәселелеріне қатысты еді. Осы тұста ұлт-азаттық қозғалысындағы тарихи тұлғалардың тағдыры, ислам дінінің тарихына байланысты көзқарастар, Алаш қозғалысының күрделі тағдыры, қазақ байларын кәмпескелеудің және қазақ шаруаларын зорлап отырықшыландырудың мәселелері, 1929-1931 жж. кезінде бандиттік, контрреволюциялық деп бағаланған халық көтерілістері, «сталинизм» тұсындағы саяси қуғын-сүргіндер, тың игерудің ауыр экологиялық және демографиялық зардаптары тәрізді аса күрделі, «ақтаңдақ» мәселелер енді журнал бетінде ашық айтылатын және жарияланатын болды.

Белгілі бір бағыттағы зерттеулерді қолға алған, кеңестік кезенде айтуға рұқсат етілмеген мәселелерді көтеріп жүрген ғалымдармен сұхбат өткізу, дөңгелек үстел ұйымдастыру әдеттегі мәселеге айналды. Мұның өзі журналдың оқырмандарын шұғыл арттырды. Бұрын колхоздар мен совхоздардың, оқу орындары басшыларының күшімен таралым жинайтын журнал, енді жаңа тәуелсіз қоғамдағы шынайы оқырмандарын тапты. Қазақ зиялылары бұл журналды іздеп жүріп оқитын басылым ретінде мойындады және оны жоғары бағалап тани бастады. Енді «Ақиқатта» мақала жариялау айтарлықтай тартымды болды. Қазақ зиялыларының «Ақиқатта» жарияланған мақалаларды ғылыми конференцияларда, әртүрлі отырыстарда талқылап отырғанының талай куәсі болдық. Осылайша, «Ақиқат» шын мәнінде өзінің атына заты сай бағалы басылымға айналды. Ғалымдарға ғылыми дәреже және атақ беретін республиканың Жоғарғы аттестациялық комиссиясы көп кешікпей-ақ журналды ғылыми танымдықбасылым ретінде мойындап, онда жарияланған мақалаларды ғылыми еңбектер тізіміне кіргізді. Осыған байланысты диссертация қорғауға талаптанған ізденушілер өздерінің еңбектерін «Ақиқат» журналында жариялауға тырысатын болды. Яғни, «Ақиқат» республикамыздың қоғамдық-саяси және әлеуметтік ғылымдар саласындағы көптеген ғалымдар мен ізденушілердің ғылыми еңбектерін қалың оқырманға таныстырып, оларға ғылымның бұралаң жолында жаңа табыстар тіледі. Осының бәрі «Ақиқатты» ғылыми басылымдар қатарына көтерді.

– Журналдың қалың оқырман жүрегіне жол табуының сыры неде деп ойлайсыз?

– «Ақиқат» күрделі ғылыми мәселелерді жұртшылыққа түсінікті, тартымды және әдеби тілмен баяндай білгендіктен, оны ғалымдар ғана емес, қарапайым қазақ азаматтарының көбісі қызықты журнал ретінде жоғары бағалайтын болды. Айта кету керек, «Ақиқаттың» бұл табысы Камал Сейітжанұлынан кейін бас редактор болған Сарбас Ақтаевтың, Жұмабек Кенжалиннің, Ахат Жақсыбаевтың тұсында жақсы үрдіс тапты. Әрине, әр редактордың өзіндік ұстанымы, жұмыс стилі болатындықтан, «Ақиқаттың» бағытында да өзгерістер болды. Десек те журнал өзінің алғашқы бас редакторы – Камал Смаиловтың негізгі ұстанымын – халықтың ұлттық санасын және тарихи білімін көтеру жолын ту етіп ұстап, осы бағытпен өркендей берді.Журналды қалыптастыруға редакцияда ұзақ жылдар бойы бас редактордың орынбасары қызметінде болған белгілі қазақ жазушысы Марат Мәжитовтың еңбегі аса елеулі. Ол ғалымдардың еңбегіне түсіністікпен қарап, мүмкіндігінше олардың жазу стилін сақтауға және мақаланың ғылыми мазмұнын жоғалтпауға барынша күш салатын. Бас редакторларымыз да оған үлкен сенім көрсетіп, мақалаларды өңдеу мәселесіндегі барлық жауапкершілікті осы Маратқа жүктейтін.

– Мерейтойға орай айтар тілегіңіз...

– «Ақиқат» журналы саяси-қоғамдық басылым ретінде Қазақстанның тәуелсіздікке барар жолындағы ауыр міндеттерді арқалап, өзінің борышын адал өтеген басылым болып табылады. Оны оқыған қазақ азаматтары тарихпен тәрбиеленіп, ұлттық санадағы ауытқулардан бас тартып, қазақ деген халықтың рухани және саяси мақсаттары үшін күресу рухында тәрбиеленді. Ол тәуелсіз Қазақстанның бірнеше ұрпағын осы бағытта баулып, жас ұрпақтың жаңаша ұстанымға деген көзқарасын берік қалыптастырды. Әрине, әр дәуірдің және әрбір тарихи кезеңнің өзіндік бағдары және жаңа міндеттері көрініс беріп отыратыны белгілі. «Ақиқат» та осынадай құбылмалы кезеңдерден өткен, қазақтың тәуелсіз ойлау жүйесін насихаттап және қолдап келе жатқан қасиетті басылым. Оның алдында тұрған міндеттер шынында да аса ауқымды. Осыны түсіне отырып, өзіміздің сүйікті журналымызға қиын да күрделі ұлттық мүдденің мәселелеріне адал қызмет ете беруге тілектестігімізді тағы да білдіргіміз келеді. «Ақиқаттың» 100 жылдығы құтты болсын!

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Дина ХАЛЫҚ

1549 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз