• Ел мұраты
  • 22 Қыркүйек, 2021

АЛАШТЫҢ «АҚИҚАТЫ»

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ,
«Ақиқат» журналының 
Бас редакторы

Қадірлі оқырман! Биыл қыркүйек айында еліміздегі ірі медиахолдинг – «Қазақ газеттері» ЖШС-не қарасты «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналына мерейлі 100 жыл толып отыр. Осынау қуанышты сәтпен журналдың барша оқырмандарын, бұрынғы және бүгінгі қызметкерлерін шын жүректен құттықтаймыз! Өздеріңіз жақсы білетіндей, ғасырлық жолды жүріп өткен журналдың түп негізгі тарихы Орынбор қаласынан 1921 жылдың 15 қыркүйегінен бастау алады. Ол кезде «Қызыл Қазақстан» деген атпен жарық көрген басылымның алғашқы бас редакторы мемлекет және қоғам қайраткері, публицист Абдолла Асылбеков болды. Журналда қазақ ұлтының тарихынан, әдебиеті мен мәдениетінен, ғылымы мен білімінен ойып тұрып орын алған белгілі тұлғалар қызмет атқарды. Ораз Жандосов, Смағұл Сәдуақасов, Нәзипа Құлжанова, Нығмет Нұрмақов, Ұзақбай Құлымбетов, Ғаббас Тоғжанов, Ерғали Алдоңғаров және тағы да басқа ел ардақтыларының қолтаңбасы қалған басылым өз заманының үнін жеткізіп, ұлт баспасөзінің айнасы бола білді. Уақыт өте келе басылым атауы бірнеше рет өзгергені мәлім. 

 

Атап айтқанда, «Ауыл коммунисі», «Коммунист», «Қазақстан большевигі», «Қазақстан коммунисі» деген атпен жарық көрді. Идеологиялық тұрғыдан алғандағы осынау күрделі кезеңдерде де басылым заманына сай қоғамдық ойлардың қозғаушы күші бола білді. Тарихқа, әдебиет пен мәдениетке, экономика, т.б. салаларға қатысты өзекті тақырыптардан шет қалған жері жоқ. Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні», Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі», Бейімбет Майлиннің «Шұғаның белгісі» туындыларының осы журнал бетінде жарық көруі де басылымның ұлт әдебиеті мен руханияты алдындағы парызын да адалынан атқарғанын  түйсінуге болады. Жүз жылдық аясында жарық көрген мақалаларды ой елегінен өткізіп, зерделеп шығу – ұлтымыздың рухани болмысын жан-жақты танумен пара-пар дүние. Журналымыздың осы санында белгілі журналист Жанболат Аупбаевтың «Қазақстан коммунисі» журналы кезінде сол тұстағы бас редактор Кәкімжан Қазыбаевтың қайраткерлігі мен бастамашылдығының арқасында жабық болып келген мұрағаттардан тарихи маңызы бар дүниелердің журнал нөмірлерінде қалай жарияланғаны жөнінде жазған мақаласы беріліп отыр. Сол жылдары әйгілі «Бесеудің хаты», Тұрар Рысқұловтың хаты, Сәтбаевтың Сталинге хаты және өзге де жұртшылық көзінен таса болып келген тарихи деректер жарық көргенінің өзі ойлы оқырман үшін басылым сыйлаған қымбат олжаға айналғаны сөзсіз.

Еліміз өз Тәуелсіздігін жариялаған 1991 жылы басылым мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі журналист Камал Смайыловтың ұсынысымен «Ақиқат» болып өзгеріп,  бұрынғы идеологиялық құрсаулардан арылып, азаттықтың желдей ескен емін-еркін рухына сай құлашын кеңге жайды. Қоғамдық формациялар өзгеріске түсіп, мемлекет алдынан жаңа міндеттер туындай бастаған шақта «Ақиқат» қоғамдық ойдың көшбасшысы ретінде мемлекетті дамытуға қатысты сүбелі тұжырымдарды, салиқалы пікірлер мен баянды көзқарастарды ортаға салды. Осылайша тәуелсіздік кезеңінің «Ақиқатын» басқарған бас редакторлар – Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Жұмабек Кенжалин, Ахат Жақсыбаев, Нұрмахан Оразбек, Темірхан Медетбек, Самат Ибраим, Мұхитдин Салқынбаев, Аманхан Әлімұлы азаттығымызбен бірге қалыптаса бастаған жаңа қоғамдық қатынастар, нарықтық экономика, мемлекеттік құрылыс, сол уақыттардағы қиыншылықтарды еңсеру, тығырықтан жол табу, құндылықтардың өзгеруі, халықтың рухын ояту мен жігерлендіру бағытында «Ақиқат» журналының әрбір санында ұлт үшін зәру болған тақырыптарға кеңінен жол ашты. 

Мысалы, өтпелі кезеңдердің бірінде, яғни 1996 жылы «Ақиқат» журналының бетінде басылымның бөлім редакторы Болат Бабақұлы «Замана желі қалай-қалай еседі?» деген тақырыппен уақыт тынысын бедерлейтін тамаша мақала жазды. «Тәуелсіздік бәрінен ұлы, бәрінен қымбат», «Өмір және нарық», «Экономикалық қауіпсіздік идеологиясы», «Ендігі әлеуметтік жарылыс отын кім тұтатады?» деген тақырыпшаларды арқау ете отырып, өткен тарихта кеткен еселеріміз бен тәуелсіздік заманындағы жаңа сапалық қоғамды қалыптастыру, ұлттық тұрғыдағы даму көкжиектеріне иек арту мәселелерін тереңінен қозғады. Болат Бабақұлы отандық өндіріс орындарын шетелдіктер алып жатқанын, олар келе салып жергілікті мамандарды менсінбей, жұмыстан қуғанын былай деп күйіне жеткізді:  «Жезқазған түсті металл» акционерлік қоғамын басқаруға «Самсунг» корпорациясы алды. Сол-ақ екен, оңтүстік кореялық кәріс ағайындар кәсіпорынға келді де, күллі қазақ инженерлері мен мамандарын басшы қызметтен түре қуып шықты. «Ау, мырзалар, бұларыңың қалай?!» дегендерге пысқырып та қарамады. Өйткені, келісімшартта «қазақ мамандарына тиіспеуі», «қазақ мамандарын тәрбиелеуі», «ертең кәсіпорын тиісті иелеріне қайтарылғанда олар өндірісті мүлтіксіз басқара алатындай болуы» жөнінде ешқандай бап-тармақ жоқ» деген Болат Бабақұлы осы ойларының арналы жетегін жалғай келе: «Әлбетте, нарық заңы қатал. Ол өз жолымен, өз соқпағымен жүреді. Солай десек те елде қаптап жүрген шетелдіктерді көріп көңілге күдік ұялайды. «Ау, бұл не қылған батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан құйрық!». Шетелдік алпауыттар Қазақстанға соншалықты неге құмар, неге құштар бола қалды? Ертең еліміз де, жеріміз де солардың қанжығасында кетпей ме? Әйтеуір бір үміт, бір күдік. Кейде үміт, кейде күдік жеңеді. Ал үміттің біржола жеңіп, күдіктің біржола семуі үшін бізге не керек? Бізге экономикалық хауіпсіздік керек! Қазақстанның әрбір азаматының еліміздің ертеңіне, мемлекетіміздің болашағына, Атыраудан Алтайға дейінгі жеріміз бен суымыздың басы бүтіндігіне нық сенімін ұялатар экономикалық хауіпсіздік идеологиясы керек. Экономикасы мықты елдің тәні де сау, жаны да сау. Экономикасы мықты елдің егемендігі мен тәуелсіздігі де баянды» деп алдағы уақытта орын алуы мүмкін көп жайттан сақтандырған. Осы орайда ұлт баспасөзінің өрелі міндеті – ұлтқа, елге, қоғамға, мемлекетке төніп тұрған сын-қатерлерді тамыршыдай тап басып, қалың оқырманның зердесіне дәл уақытында жеткізе білуімен тікелей байланысты. Болат Бабақұлы осындай мәселелерді қопара жазды. Соңғы кездері қазақтың ұлттық мүдесіне келгенде билік тарапынан самарқаулық бар екенін, Президентіміз бен Үкіметіміз, Үкіметіміз бен Парламентіміз, Парламентіміз бен халқымыз таяу арада ұлттық мүддемен тығыз үйлесетін мемлекеттік идеологияның кешенді бағдарламасын жасауы қажеттігін баса айтқан. Міне, атына заты сай болған «Ақиқат» күлбілтелемей мәселенің ақиқатын батыл айтып, індете зерттеп, жарияға жар салып отырғаны басылымның оқырман алдындағы бедел-абыройын одан сайын биіктетіп, көтере түсті.

«Ақиқат» журналының халықтың патриоттық көзқарасын орнықтыруда, елге, атамекенге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда еткен еңбегі аз емес. Бұған дәлел журнал беттеріндегі патриоттық намысты оятатын рухты ойлардың көптеп жазылғаны. Мәселен, қарымды қаламгер, жалынды публицист Әбдеш Қалмырзаев өз уақытында былай деп ой сабақтады:
«...Біз өз еліміздің қадірін жете сезінбейміз. Бір күн қарнымыз ашса, бір-екі ай жалақы кешігіп қолға тисе, бірер сағат жарық болмай немесе газ жанбай қалса, үкіметті де, елді де іске алғысыз етіп, жазғыра жөнелеміз. Ойдағы-қырдағы жағымсыз сөздермен еліміздегі хал-ахуалды одан сайын сүмірейтіп, оған қара күйе жаға саламыз. Сонда біздің намысымыз қайда, бір мезеттік ашығуға бола, бәрінің шаңырағын ортасына түсіріп, жер-дүниені іске алғысыз етеміз, шыдам танытпаймыз. Кемшілік, жөнсіздік, жолсыздық жоқ емес, толып жатыр...Бірақ соған бола өз елімізді, өз Отанымызды тәрк етуге бола ма, сонда біреу бізге жақсы Отанын бере ме?». Мансапқа жеткен адамдардың астамсып кететінін де Әбдеш ағамыз журнал бетінде орынды тілге тиек етті. «Тағы бір адамдар таққа мініп алған соң, кешегі бірге жүргендерінен бір күнде жеріп шыға келеді. Жаңа мансап оған жаңа мәртебе, жаңа сапа бергендей сезінеді. Бұрынғы ескі ортамен араласу оған өзін кемсітумен бірдей көрінеді» деп мәселенің түйінін дөп басты. Әбдеш Қалмырзаев өз мақаласында нағыз қаламгер ретінде халықшылдық позицияны ұстанып, елдік мүддені қорғады. «Халықты ешкім ұзақ алдай алмайтынын» тұжырымдады. Тарихтан әдемі мысалдар келтірді.

«Ақиқат» журналы қашанда, қай кезде де қоғамдық ойдың мінбері ретінде қызмет атқарып келе жатқаны белгілі. Осы орайда қоғамдық ойдың көшбасшыларын белгілі бір тақырып аясында сөйлетіп, пікір алмасуға,  ұлттық дәрежедегі мәселелерді қалың көпшілікке байыбына барып жеткізуге жақсы мүмкіндік тудырып отырды. Соның бірі – «Редакциядағы кездесу» деп аталатын айдар. Осы айдар аясында көптеген мәселелер әңгіме арқауына айналды. Соның бірі ел мен жер мәселесі еді. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдары – Жұмағали Ысмағұлов, Сапабек Әсіпұлы, Алдан Айымбетов, Камал Смайылов, Сарбас Ақтаев, Мақаш Тәтімов, Ахат Жақсыбаев, Ғарифолла Есім Тәуелсіздігімізді баянды етуге қатысты, ел мен жерді сақтауға қатысты, ұлттық қауіпсіздігімізді орнықтыруға арналған қадау-қадау мәселелерді ортаға салған. Жұмағали Ысмағұлов: «Ел басқару ісі оңай шаруа емес. Бұл бағытта ойдағыдай ілгерлеу үшін ел билігінің тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрлерін қазіргі замандағы демократия үрдістерімен ұштастыра алатын сындарлы басшылық жүйесін, басқарудың шынайы бұқарашыл ұлттық мектебін қалыптастыру қажет. Бұл саланы, әсіресе, мансапқорлық пен төрешілдік сияқты ескі кінәраттардан таза ұстау басты назарда болғаны жөн» десе, Алдан Айымбетов: «Мемлекетаралық қатынастардың да болашағы бұлыңғыр. Жерімізге көзін тігіп тұрған Қытай мен Ресей алпауыттарының арасында жеріміздің тұтастығын, буыны қатпаған мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалу мәселесі ерте ме, кеш пе бой көрсетуі өте ықтимал. Ол екеуін былай қойғанда, Өзбекстанның да қоқан-лоққысы қырық есекке жүк болатын түрі бар» деген келелі ойын жеткізді. Жазушы Сарбас Ақтаев қандастар мәселесін қозғап, оларға жасалып жатқан жағдайдың жоқтығын тілге тиек еткен. Ал демограф Мақаш Тәтімов болса, ең басты тәуелсіздік – демографиялық тәуелсіздік екенін, ұлтымыздың саны өспей, тәуелсіздігімізді түгендеу мүмкін емес екенін айтты. Міне, көріп отырғанымыздай, осындай ардақты ағаларымыз елге, жерге, халыққа деген жанашырлық көзқарастарын «Ақиқат» журналы арқылы байыпты жеткізіп, қалың бұқараға терең ой салды.

Бүгінгі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Сыртқы істер министрі болып тұрған тұсында «Ақиқат» журналында «Қазақстанның сыртқы саяси бағыты: оны жүзеге асырудың кейбір қырлары» атты мақаласы жарық көрді. Онда Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанның сыртқы саясатына кәнігі дипломат ретінде көзқарасын жеткізіп, қол жеткізген табыстарымыз бен әлі де жетілдіре түсетін жайттарға егжей-тегжейлі тоқталған. Көп векторлық саясатымыздың әр бағытына қатысты пікір-пайымдарын ортаға салды. Осының өзі-ақ «Ақиқат» журналының еліміздің басты бұқаралық ақпарат құралдарының бірі екенін айғақтаса керек-ті. Қасым-Жомарт Кемелұлы өз мақаласында таяушығыстық бағыт белсенділікті қажет ететінін, дипломатиямыздың азиялық бағыты Президент Н.Ә.Назарбаевтың сыртқы саяси бағытын жүзеге асыру ісі тапсырылғандар үшін практикалық қызметтің негізгі арқауы болуы тиіс екенін тілге тиек етті. Қазіргі бар үрдістерді үнемі бақылап отыру керектігін айтты. Шын мәнісінде еуразиялық мемлекет болып табылатын Қазақстан өз саясатында еуропалық бағытты да ескеруге тиіс екенін уәждеді. «Бағыттардың қайсысы басымдау сипатқа ие болуға тиіс екендігі жөнінде сөз жарыстырудың мағынасы жоқ. Қазақстанның күш-қуаты мен артықшылығы оның осындай әртүрлі саясатты жүргізуге шамасы келетіндігіне негізделеді. Сыртқы саяси стандарттардың (үлгілердің) осындай форматына дейін біз әлі жетілген жоқпыз деп қара аспанды төндіре берудің қажеті жоқ. Сонымен бірге біз барлық нәрсеге және барлық жерге де қатысуға тиіспіз деп санап, гигантоманияға да салынбаған дұрыс. Басқаша айтқанда, тиісті сыртқы саяси акцияларды біздің еліміздің шын мәнісіндегі әлеуметімен дәлме-дәл салыстыру қажет. Ал бұл үшін барлық дипломаттарға саяси көрегендік, тапқырлық және қазіргі жағдаяттарды түсіне білудің бірегейлігін көрсету керек. ...Біздің түсінігімізде Қазақстанның халықаралық саясаты дегеніміз – бұл, сондай-ақ, әртүрлі мемлекеттер мүдделерінің спектрлік бейнеленуі. Белгілі бір бағытқа басымдық беру дипломатияның біржақтылығына, тек қана бір державаға көңіл бөлуге алып келмеуге тиіс. Егер біз осындай саясат жүргізетін болсақ, онда өзімізді еліміздің әлемдік істердегі өз позициясын нығайту перспективасының болмайтындығына, тұйыққа алып келген болар едік. Қазақстанның күші – оның ең бастысы тәуелсіздік пен егемендік болып табылатын өзгермейтін құндылықтарды сақтауға ұмтыла отырып, жылжымалы тәсіл қабілетіне ие болатындығында. ...Өзім ешқашан де шегінбейтін менің ұстанған мұратым – ол басшылықтағы демократиялық пен талап қоюшылықты нәзік түрде үйлестіре білу. Сыртқыісмині – бұл осы мекемеде таяқпен орнататын, адамның жеке басын езіп-жаншитын тәртіп болуы мүмкін емес ерекше ұйым. Мен бас ал десе, шаш алатын, қабырғасын қақыратып, омыртқасын опыратын тәртіпке мүлдем қарсымын. Талап қоюшылықты – диктаторлықпен, ал тәртіптілікті – басшылық алдындағы жағымпаздықпен шатастыруға болмайды. Дипломатиялық қызмет жүйесіндегі басшылық орындарда отырғандардың барлығынан тап осындай жол ұстануын сұрар едім» деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев. Бүгінгі Мемлекет басшысы мақаласынан осындай үзінділер беріп отырғанымыздың бір себебі – «Ақиқат» журналының сандарында жазылған өрелі ойлардың қаншалықты маңызды болғанын әрі басылым бетінде қарапайым авторлар ғана емес, лауазымы жоғары, елге ұлттық тұрғыда сөз арнай алатын бәйтеректей алып тұлғалардың да мақалалары жұртшылыққа жол тартып жатқандығын жеткізе отырсақ, айып болмас деп ойлаймыз.

Иә, басылым өз сандарында дін мәселесіне де назар аударып отырды. Мысалы, 2003 жылғы №12 санында тарих ғылымының докторы Сапиулла Абдулпаттаевтың «Ислам әлемінің халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолындағы күресі» атты мақаласы жарық көрді. Онда автор Ислам әлемінің дамуына қатысты еліміздегі ахуалды бағдарлай отырып, баға берді. Ислам әлемі Қазақстанға өзінің ажырамас бөлігі ретінде қарайтынын айтты. Осы уақыттарда қабылданып жатқан маңызды актілер мен өзге де құжаттарға тоқталып, сараптамалық тұжырымдар жасады. Ислам әлемі елдері халықаралық қауіпсіздікті нығайту жолында күресе отырып, өркениеттер қақтығысын болдырмау бағытында қажырлы еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті.

Сонымен қатар қазақ қоғамында көп жылдан бері талқыланып келе жатқан тақырыптың бірі – рушылдық мәселесі де «Ақиқат» журналынан тыс қалмады. Философ Әбдірашит Бәкірұлы «Ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады» деген мақаласында «бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді, ендігісі – жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы» деген қаупін жасырмады. Рушылдық жеке мүддені көздеудің құралына айналып, қоғамдық кесел ретінде өршіп бара жатқанынан сақтандырды. «...Қазіргі көші-қон жағдайында локалды (жергілікті) рулық бірлестіктер құру мүмкін емес. Қазір қазақ рулары ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық ұлттар мидай араласып кетті. Сондықтан, оларды баяғы қалыпқа келтіре алмаймыз, әрі ондай қадам мемлекетіміздің дамуын кейінге шегеріп тастайды. Бірақ, заман қалыптастырған бұл ахуал қазақтың «рулық санасына» еш зиянын тигізбек емес. Өйткені, «руын тану» – қазақтың қанына сіңген болмысы. Ендеше, біз рулық жүйенің жаңа мәдени-рухани формада өмір сүруіне үйренуіміз қажет. ...Ендеше, бүгінгі ұрпақтың тарихи миссиясының бір мазмұны «ұлтты біріктіруші» рулық қарым-қатынастардың өз антиподына «ұлтты ыдыратушы» күшке айналып кетпеуін қадағалап отыруда жатыр дер едік!» деген тұжырым жасады Әбдірашит Бәкірұлы.

Бір жылдары Қазақстанда Еуропалық жолға қарай бағыт алсақ қалай болар екен деген мәселелер көтерілгені белгілі. Осы бағыттың ұлтымызға, мемлекетімізге қандай пайдасы бар екенін «Ақиқат» журналының бетінде этнопсихолог Жарас Сейітнұр көтерді. Ол «Еуропаға жол таяқ тастам жерде ме?» деген мақаласында «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының міндеттерінің орындалу мүмкіндіктеріне қатысты тұжырымдамалық көзқарастарын ортаға салды. Жарас Сейітнұр былай деді: «...Қазақшаға еуропалық тілдерден тікелей аударылған ғылыми әдебиеттер мен оқулықтар санын арнайы даярлайтын баспа ісін қолға алмай, бұл мәселе шешілмейтін шығар. Әлемдік білім рейтингісінде жоғары орын алатын Оксфорд пен Кэмбридж университеті деңгейлеріне отандық жоғары мектеп жеткенше, қанша буын алмасуы керек? Әлде бұл орындалмас арман ба? Неге біздің саяси, мәдени және бизнес-элита өз балаларын Батыста оқытуға құштар? Өркениеттік сәйкессіздік қатынаста белгілі бір қолайсыздық тудыруы мүмкін. Жалпы, жоба мен болмыс алшақтығы болмай қоймайтын құбылыс. Алайда, Кеңес Одағы тарағалы бері тарихты Батыс мемлекеттері жасап жатқанын ескеретін болсақ, онда Қазақстан мен еуропалық мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастың жан-жақты дамуына қандай кедергілер болуы мүмкін? Біздің арғы ата-бабаларымыздың (Атилла бастаған ғұндар тегеуріні) Еуропа тарихында елеулі рөл алған кездерін еске түсіретін болсақ, Еуропаға жол бізге соншалықты таңсық дүние емес» деген соқталы ой айтты.

«Ақиқат» журналы қоғам өмірінің әрбір даму кезеңіне сай өзінің әділ бағасын беріп отырғанымен ерекшеленіп отырды. Атап айтқанда, белгілі журналист Сабыржан Шүкірұлы тәрізді авторлар қарымды мақалалар жазып, онда ұлт тағдырына, еліміздің саяси-қоғамдық өміріне қатысты өздерінің түйдек-түйдек ойларын жүрек қылынан шерте отырып, оқырман қауымға ұсынды. Сол Сабыржан Шүкірұлы ағамыз «Қазақ кімге қарыздар? (тәуелсіздікті тектеу)» атты мақаласында өтпелі кезеңдердегі келеңсіз оқиғаларды, қоғамдық санадағы түрлі қарама-қайшылықтарды тарихи тұрғыдан жіпке тізгендей, соқырға таяқ ұстатқандай түсіндіріп бергені қалың қазақ оқырмандарының өз уақытындағы рухани сұранысын өтеп, көптеген сауалдарына жауап бергендей әсер қалдырды. Сабыржан Шүкірұлының мақаласы сол кезеңдегі күйіп тұрған мәселені дөп басып жазуымен назар аудартты. «Мемлекет құрылымын қалыптастырудағы кешеуілдеу, басқару тұтқаларын мемлекеттік өреде ойлау қабілеті жоқ, тек ақша жасай білетін алыпсатар кәсіпкерлердің қолына беру – бізде бар істі сауда-саттыққа айналдырып жіберді. Тіпті, адами қарым-қатынас, кісілік дегендер де осы алыс-беріске тірелді. «Алмасаң, бермесең» кісіліктен қалатын ахуал орнады» деді. «Алаш көсемдерінің жанкештілігінің арқасында ғана қазақ ұлт санатына қосылды, большевиктердің санасуына тура келді, автономиялық, одан одақтас республика дәрежесіне жетіп, жеріміздің негізіне ие болуымыз, бұл – бізге ешкімнің сыйы, жарылқауы емес, өз тұлғаларымыздың күрестерінің арқасы» екенін жазды. «Кім бол, қай ұлттың өкілі бол, қандай мәртебе иеленіп, қанша байлық жисаң да осы қазақтың ұлттығының, қазақтың мемлекеттігінің арқасы екендігін ұмытпағаның жөн. Ал мұны білгісі келмегендердің есіне салып отыру керек, білуін талап ету керек, сезіндіру керек. Тәуелсіздікті бекіту жолы осы болмақ. Өйткені, Тәуелсіздік – ұлттыкі, қазақтың тәуелсіздігі, қазақ атты халықтың тәуелсіздігі. Жеке топтың, партияның, оппозицияның, биліктің тәуелсіздігі емес, жүзден астам ұлт өкілдерінің тәуелсіздігі емес, тек қана Қазақ халқының тәуелсіздігі. Басқаларға тиген жетістік соның арқасы. Өйткені, қазақ мынау байтақ даланың иесі мен киесі» дей келе, Сабыржан Шүкірұлы Қазақстан мемлекеттік тәуелсіздік алғанымен, қазақ халқы өз елі, өз жерінде әлі ұлттық тәуелсіздікке қол жеткізе алмай отырғанын күйіне жазды. Тілін тұтына алмаса, билік тізгіні толыққанды қазақ тілділерге тимесе, баспаналық, күнкөрістік жер ала алмаса, тіршілігі шет елдік алпауыттарға бүтіндей тәуелді болса, тәуелсіздігіміз қайсы?» деген ой айтады. Қазақтың бүгінгі буыны Тәуелсіздік үшін Алаш көсемдерінің аруағына қарыздар болса, енді осы тәуелсіздікті баянды етіп, ұлтты арманға толық жеткізу үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа тізе қоса қимылдау парыз екенін, арналы ісіміз бар, енді тек кем-кетігін түгендеу, бағдарды ұлт мүддесіне, оның бүгініне қарасуды қол алуымыз керектігін уәждейді.

Әрине, біз «Ақиқат» журналының сандарында жарық көрген барлық мақалаға тоқталуды мақсат еткеніміз жоқ. Көктей шолып қана зер салғанда, журналдың өткен жылдарындағы сандарында, ескі тігінділерінде атан түйеге жүк болар қаншама салмақты мақалалардың басылғанына қалың көпшіліктің назарын аудартуды жөн санадық. Өйткені, бүгінгі интернетпен ғана ауызданған, көзін компьютер, смартфонмен ғана тырнап ашқан жаңа ұрпақ «Ақиқат» тәрізді журналдардың өз заманында қаншалықты ықпалды дәрежеде болғанын жетік біле бермеуі мүмкін. Әсіресе, қоғамдық ойдың көшбасшысы, ұлттық өредегі биік пікірлердің қайнаған қазаны –  бүгінде ғасырлық белеске көтеріліп отырған «Ақиқат» журналы екенін түсініп, ұғына білсе, артық болмас еді дейсің.

Бір сөзбен айтқанда, журналдың әрбір санынан біз қоғамдық психологияның сипатын, азаматтардың арман-аңсарын, ұлтқа қатысты дүниелердің баспасөз бетіндегі тұтас панорамасын көре аламыз. Ол мақалалардың қай-қайсысы да өз уақытының жүрек соғысын, тынысын сезіндіретін өлшемдер іспетті. «Ақиқат» журналы оқырман үшін өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті байланыстыратын ұлттық басылым ретінде барды бар деп, жоқты жоқ деп айтып, қара қылды қақ жарған баяғының билеріндей мемлекеттің шешілмей жатқан өзекті мәселелерін назарда ұстай білуімен бағалы әрі құнды. Бұл орайдағы сынның барлығы мемлекетіміздің кем-кетік тұстарын түзейік деген жанашырлықтан туындаған.

Қорыта айтқанда, «Ақиқат» – уақытпен бірге жетіліп, заманмен бірге есейген қажырлы да қайратты басылым. Мұнда қызмет істеген журналистер, бас редакторлар ең алдымен ұлт пен мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қойды. Нені жазса да, қандай тақырыпты арқау етсе де, ұлттық мүддемен орайластырып отырды. Замана тудырған сауалдар, уақыт көші алға тартқан өзекті мәселелер «Ақиқат» назарынан ешуақытта тыс қалған емес.
   Сөз соңында айтарымыз: ғасыр тойың құтты болсын, «Ақиқат»! Елдік сананы заман талаптарымен ұштастырып шыңдай бер, қалың оқырманыңмен бірге адымдай бер, аяулы Алаш басылымы!

 

 

2394 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз