• Ел мұраты
  • 29 Қазан, 2021

ТУҒАН ЖЕРДІҢ ТІРЕГІ

Қыста да, жазда да біздің ауылға кіре­берістегі жотаның басына тоқтап, жан-жағына таңдана қарап тұрған жолаушыларды жиі көреміз. Себебі, бұл жер айнала-төңіректегі сұлу табиғатты тамашалауға арналған бір биік тұғыр іспетті.

Былай қарасаң, мәңгілік қар жамылған Тәңіртаудың биік шың­дары, былай қарасаң, қос өркеші жайылып, шөккен түйе секілді созылып жатқан киелі Қазығұрт тауы. Ал төменде мырзатеректері көкке шаншылып, бау-дарағы иіліп, үй-жайлары мен қора-қопсыларын көмкеріп қалған Жігірген аулының күнделікті күйбің-күйбің тіршілігі... Тап бір кинодағыдай көз алдыңыздан тізіліп өтіп жатады.

Әне, бір үй нан жауып, бір үй бие сауып, тағы бір үйлер тезек илеп, там сылап, шөп жи­науға кірісіпті. Міне, осынау қарбалас тіршілікке жоғарыдан, жотаның басынан біз де қарайтын болсақ, есімізге ең алдымен, ел тірегі, ауыл жастарының арқа сүйері атанған атпал ағаларымыз оралады.

Өз басым, бүгін Аймен көкем туралы ойлап отырмын. Әдетте ер азаматты ел мақтағанда: «Ақыл-парасаты мол, жаны жомарт, қолынан іс келетін, өз ортамыздан шыққан жігіт» деп бір көтеріліп қалмаушы ма еді. Аймен көкем нағыз сондай азамат.

Қайсыбір жылы көкемнің мектепте бірге оқыған кластастары ауылға жиналып, мектеп бітіргендерінің жиырма жылдығын атап өткенде, алыстан келген қонақ ретінде араларында мен де болғанмын.

Баяғыда Жігіргеннің көшелерін шаң­датып, тай-құлындай тебісіп бірге өскен қатар-құрбы қыз-жігіттер сол күні ауыл шетіндегі биік төбенің басына шығып отырып, балалық шақтарын еске алып еді.

Бір қызығы, біздің өлкедегі тарам-тарам тау шатқалдарын жайлаған әрбір ауыл – ежелден келе жатқан бір-бір рудың қонысы. Сондықтан да, ер балалар ес жиып, етек жапқаннан бастап көрші ауылдың қыздарына көз салып, қырындап, той-томалақ бола қалса, құлағын түріп, елеңдеп жүреді.

Содан күн бата Жігіргендегі ағалы-інілі батыр, жайдақ руларының жігіттері қыр астындағы Көкібелге немесе Майбұлаққа қарай тартады. Себебі, ол жақта батыр, жайдақтармен қыз алысатын бағыс, оймауыт рулары тұрады. Бұл ауылдар ерте заманнан бір-бірімен құда, нағашы, жиен болып келеді. Сол себепті тонның ішкі бауындай жақын болып, бір-бірімен біте қайнасып кеткен.

Бірақ, бойында намысы, күш-қайраты бар жастар ондай-ондай болашақ туыстықтың, құда-жегжаттықтың тізгініне бірден көне қойған ба. Қас қарая өз ауылдарында болайын деп жатқан тойға топырлап келе қалған бір топ баланың алдынан бағыстың немесе оймауыттың балалары шығып:

– Әй, сендер неменеге келдіңдер?

– Біздің қарындастарға қырын­дамақ­шысыңдар ғой, ә?!

– Жандарыңның барында келген жақтарыңа кері қайтыңдар! – деп доқ көрсетеді.

Міне, осындай кездерде:

– Әй, балдар, ертең сендер де біздің ауыл­дағы тойға келесіңдер ғой! – деп жөн сөз айтып, араға түсетін де, екі жақ келіспей қалып, іс насырға шапса, жекпе-жек төбелеске шығатын да осы Аймен көкем.

– О-о, бұл қазір де шымыр ғой! – деп, клас­тастары оған әлі де қызыға қарайды.

Аймен көкем болса, жымиып қоя салады. Жалпы, көп сөзге үйірсектігі жоқ. Одан да Айменді қызу іс, қат-қабат жұмыс үстінде көріңіз. Айтса шегелеп, нақтылап айтады. Өзіне тиесілі жұмысты тап-тұйнақтай етіп атқарады.

Қайсыбір жылы Аймен көкем екі жылдық әскери борышын өтеуге кеткенде біздің ауыл біртүрлі жабырқап, көрші-қолаңның еңсесі түсіп кеткендей болып еді. Бір жақсысы, жаңа танктерді сынақтан өткізу кезінде ерекше көзге түсіп, дивизия командирінен алғыс алған ол ауылға бірнеше күнге демалысқа келіп, бәрімізді қуантып кетті. Одан соң тағы да марапатталып, әскери шені өсіп, тағы да демалысқа келді. Сөйтіп, қай жерде жүрсе де атақ-абыройдан кенде болмайтын көкеміз әскер мен ауылдың арасын мүлде жақындатып жібергендей болған-ды.

Әскерден соң Аймен көкем Алматыдағы әйгілі Зооветке – малдәрігерлік институтқа түсті. Оқу-білім десе ішкен асын жерге қоятын жігіт онында қызыл дипломмен үздік бітіріп шықты.

Баяғыда ауылдың бозбалаларын Көкі­белдегі, Майбұлақтағы, одан ары асып, Қызылатадағы, Қоңырбөріктегі тойларға бастап баратын батыл, ержүрек Аймен кеңшар орталығындағы мектепте өзімен бірге оқыған орта бойлы, қараторы, сүп-сүйкімді Фатима деген қызға үйленді.

Ол жыр-дастандары тек қазаққа ғана емес, көршілес жатқан өзбек, қырғыз жұртына да кең тараған Тасболат ақынның кенже қызы болып шықты. Мамандығы – мұғалім екен. Бойында әкесінен дарыған ақындық қасиет те бар. Реті келген жерде тартынбай, шумақ-шумақ өлеңді төгіп-төгіп тастайды. Жалпы, ауылға, абысын-ажындарына сол қасиетімен де сыйлы болып кетті.

Аймен көкем институтты бітіріп келген­нен кейін ауыл шаруашылығына белсене араласып, осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып келе жатқан тәжіри белі мамандар мен еңбек жолын ендіғана бастаған жастардың арасына алтын көпір бола білді.

Бүгінде пайғамбар жасынан асқан Аймен Жиенбайұлы Өсербаев өзі жүріп өткен еңбек жолындағы ұстаздарын әрдайым ыстық ілтипатпен еске алады.

– Ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл қызмет істеген Балтақара Оразов ағамыз көпшілікпен емен-жарқын араласатын ақкөңіл, кең пейілді кісі еді, – дейді өткен күндерді көз алдына елестете отырып. – Алдына келген адамның ойындағы ісін айтқызбай-ақ түсінетін ондай азаматтар өмірде өте сирек кездеседі. О кісі сөзге шешен, ойға жүйрік болатын. Сол қасиетіне сүйсінген жұрт: «Балтекең сөйлесе, көктегі қалқып жүрген қыран да қалт тоқтап, ұйып тыңдап қалады» дейтін-ді. Біз ол ағамыздан ел-жұртпен қалай араласып, қалай сөйлесуді үйрендік. «Ет жүрегің ел деп соқпаса, сені ешкім түсінбейді» деуші еді ол кісі.

Ал ел ағасы, Отан соғысының ардагері Жолдас Әлханов атамыз бізді әділ болуға, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп, тура жолдан таймауға тәрбиеледі. «Ел алдында ар-ұятың  таза  болсын»  деп  отырушы  еді  үнемі.

Сондай-ақ, Молдабай Ілиясов ағамыздан да көп үлгі алдық. Ол кісінің адамгершілік, қайраткерлік қасиеттері – үлкен мектеп. Әрдайым «Жеті рет өлшеп, бір рет кескенді» ұнататын ұқыпты, елге сыйлы, тәжірибелі басшы болды» дейді толғанып.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Аймен Жиенбайұлы Өсербаев тәжірибелі маман ретінде Қазығұрт аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне ұзақ жылдар бойы жетекшілік етті.

Бірде осы мекемеге жолым түсіп, Аймен көкемді іздеп бара қалмаймын ба. Қара­көлеңкелеу ұзын дәліздің оң жақ бүйіріндегі қабылдау бөлмесінен басын қайта-қайта шұлғып, көз жасын сүртіп шығып келе жатқан бір қарт кісіні көріп:

– Не болды, қария? – дедім көңілім біртүрлі секем алып.

– Ой, айналайын-ай, - деп ол кісі қолындағы беторамалын төрт бүктеп, қалтасына салды да, дәліздегі қаз-қатар тзілген орындықтардың біріне тізе бүгіп отыра кетті. – Өзі бір, жөні түзу бастық екен!..

– Онда неге қамығып қалдыңыз?

– Е-е... бұ адамның кейде қуаныштан да көңілі босайды емес пе. Көптен бері уайымдап жүрген пенсиямның кем-кетігін әп-сәте-ақ реттеп бере қойғаны.

Осы сәтте: «Қайран, Аймен көкем-ай, ел үшін туған азамат қой!» деген ой көңілімді жылытып өтті. Сөйттім де, қарияға қарап:

– Бұлар халыққа қызмет ету үшін отырған жоқ па! Оның несіне таңғаласыз, – деп езу тарттым.

– Өй-и, солайы солай ғой, – деді қария ақырын ғана қолын сілтеп. – Бірақ, бәрі осындай болса, кәніки... «Осы күнге шейін ай қарап жүрдіңіз бе?!» деп зіркілдеп, зәре-иманымызды ұшырғандарын да көрдік қой...

– Жақсы, ата! Сау болыңыз!

– Аман бол, қарағым!

Аймен көкем бұл күнде зейнеткерлік демалысқа шыққан. Асылы, ол жүріп өткен жолдағы асуларға қарасаң, көңілің сүйсінеді. Сондай бір сәттерде ана-а-ау жотаның басындағы жолаушыларға қарап: «Аяғын жерге, арқасын елге тіреп, аянбай қызмет еткен осындай азаматтардың арқасында гүлденді ғой біздің ауылымыз!» дегім келеді.

Нұрғали ОРАЗ

 

456 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз