• Ел мұраты
  • 26 Қаңтар, 2022

ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНЫҢ ХРОНИКАСЫ

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының академигі, осы саланың «Алтын Жұлдыз» сыйлығының иегері, журналист-жазушы Қайсар Әлім есімі қалың оқырманға «Міржақыптың оралуы», «Мықшеге», «Мәңгілік шер», «Махаббат жыршысы», «Сыздамашы, жүрегім!», «Кәусар», «Безінген ләйлек», «Алашшыл жүрек», «Сейілмейтін мұң», «Мекке, Мәдинам менің!», «Қазағын оятқан», т.б. кітаптарымен және 8 томдық шығармалар жинағымен жақсы таныс. Осы орайда қарымды қаламгердің шығармашылығына бір сәт үңіліп, кейбір өзекті жайттарды сана сарабына салып, безбендеп көрдік. 

Қаламгерлер арасында эпистолярлық жанрды еншілеп алу, жазудың қасиетін пір тұтумен қатар мұқияттылықты айғақтайды. Оның үстіне жалқау адамның ісіне жатпайды. Эпистолярлық жанр өткеннің еншісі, ескіліктің қалдығы тәрізді көрінетіні де жалған әсер. Әсіресе жазба әдебиеті кеш жетілген қазақ руханияты үшін эпистолярлық жанр өте құнды. Ертеректе жазу-сызуы дамымаған, ауыз әдебиетін есте сақтау жады бойынша теңдесі жоқ, санасы эпикалық қазақ халқының кесек ақын-жазушыларын архивте қолжазбалары құтаймағандықтан жоққа шығару фактілері кездесіп қалуы бір шеті сондықтан болса керек. Эпистоляр ең маңызды әдеби жанр екені даусыз. Қас-қағым ұшпа сәттің тарихын, психологиялық құбылысын, ақпарат-дерегін, маңызын, қуат-күшін жадқа тұтып, жылнама қылып ұстап қаларлық керім құдірет эпистолярлық жанрға тиесілі. Оның екі түрі – хат және күнделік болса, белгілі қаламгер Қ.Әлім  8 - сыныптан бастап күнделік жазған екен. Көрнекті тұлғалармен хаттасулары да өзіндік арнамен қызықтыра желі тартады.

Оқырман қауымға ақпаратты үшінші жақтан емес, бірінші жақтан қабылдап алған артық. Қайсар Әлім – Міржақыптың жиені, күнделігінде 1992 жылы қыркүйекте Міржақыпты нағашым деп атайды. Оның Міржақып әлеміне байланысты бірқатар туындылары кітап болып басылып шыққан.  Сүйекті тақырыбына арналған «Алаш қызы» атты пьесасы 2021 жылы «Жұлдыз» журналында жарық көрді. Міржақыптың қайраткерлігі, туған елінің азаттығы үшін күрескерлік болмысы суреттелген.

«М. Дулатовтың сүйегін туған жері – Жанкелдин ауданының Бидайық ауылына 1992 жылдың 18 қыркүйегінде әкеп жерледік.  Оның басына кесене тұрғызылып, мұражайы ашылды. Бірақ көңілді алаңдата беретіні – бұл ауылдың болашағы жоқ секілді. Бүгіндері отыз шақты ғана отбасы тұрады. Түбі олар да үдере көшсе не болмақшы? Сонда кесене мен мұражайдың жағдайы не болмақ? Мұражайды Қызбелдегі М.Дулатов атындағы орта мектептің мұрағаттарына қосқан дұрыс болатын шығар» («Қызбелдің Қайсары», 314-315 бет).

Ел үшін еңіреген ерлердің басы қайда қалмаған. Алаштың бас көтерер азаматтарын жаппай құртуға күш салған репрессияның уыты ұлт тағдырына зардабы адам айтқысыз болды. 1992 жылдың күзінде Торғай облысынан жабдықталған арнайы экспедиция Міржақыптың сүйегін Карель АКСР-інің Сосновец стансасындағы қабірден алып, туған жеріне жерледі. Міржақып өлген соң 57 жыл өткенде – тәуелсіздіктің алғашқы сәтінде елдестері бұрын қимылдағаны алаш арысының тірісінде танбаған отаншылдық қасиетіне тағзым тәрізді сезіледі. Расында бұл XX ғасырдағы қазақ тарихы, қазақ халқының басынан өткен күрескерлердің жазмышы, елдік трагедияның жылнамасы. Орнында бар оңалар деп құдайдан үміт етумен күн кешкен халқымыздың асыл ұлдарына құрметін, сүйіспеншілігін айғақтайды.

8 қазан 1995 жылы Арқалықта Міржақыптың 110 жылдық тойында кесене, музей ашылып,  міржақыптанушы жапондық ғалым  Уяма Томохико 80 жастағы Гүлнар Міржақыпқызымен, оның ұлы Нұрлан, немересі Дулатпен ере келген.

Қайсар Әлімнің шығармашылығы туралы қазақтың көптеген ақын-жазушылары, журналистер баспасөзда әр жылдары байсалды дүниелер жазып жариялапты. «Қызбелдің Қайсары» атты кітабына шоғырланған.  Қаламгердің қандай тың тақырыптарға барғаны, журналистік жауапкершілікке мығымдығы, жазушылық сыры, әдебиеттанушылық қырлары молынан қозғалған. Оларды қайталамас үшін нысана қылып эпистолярлық кітабын таңдап алдым. 

Автордың жарты ғасырдан асатын өмір жолы әрі шығармашылық болмысын сипаттайтын «Өз өрмегім» атты қос кітап бірнеше онжылдықтарды орайтын күнделік беттерінен түзілген. Бұл әрі автобиографиялық деректі баян, творчестволық сыр. Сонымен қатар, автордың өз айтуынша, күнделік – үлкен жазудың жаттығуы сияқты. Оның қос кітабынан түйгенім, бұл кісі елдің қамын қаузап, сол үшін бұқара халықтың мұң-мұқтажын елемей, аз уақыт билігін теріс пайдаланған кейбір жемқор әкімдермен жиі қақтығысқа түседі екен. Қара басының қамын күйттеп, тайсалып қалатын  жалпақшешейің ол емес. «... Оның өнегесі қандай болды? Өзіне келістіріп коттедж салғызды. «Тойота» машинесін мінді. Оған еліктеп агропром төрағасы жапон көліктерінен басқаны менсінбеді. Облыста мәшине талапайы, мемлекеттің дүние-мүлкін талан-тараждау етек алды...». («Өз өрмегім», I кітап, 51 бет); «(30.05.1992 ж.) Торғай, сенің жағдайың қиын екен ғой. Түрлі келімсек кадрлар облыс ашылғанда биік орынтақтарды иемденіп, кейін жеке мүдделерін күйіттеп болған соң табанын жалтыратады екен-ау. Осындай масылдық пиғылды басшылар ондап саналады екен. Бәрі де сүліктей сорғыш, лауазымын пайдаланып қалғыш. Мысалы, обкомның бұрынғы екінші хатшысы П-ның Алматыда үйі болған, Арқалықтан тағы бір үй иеленді. Менің бір өткір фельетонымнан кейін Семей жаққа бір қызметке ауысып кетті. Т. деген облыс әкімінің орынбасары да майшелпекке бөгіп болған соң өзге өңірге  зытты». (52 бет). Әлеуметтік қоғам шындығы осы, елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүріп жатыр, бірақ одан азайған кесапаттық, парақорлық көрінбейді. Жазушы  кәсіпкерлердің республикалық «Іскер –  2005» жүлдегерлерін марапаттау кешін көріп, бір кештің шығыны бір ауылды бір ай бойы асырар еді деп қарадай күйінеді. Уайымы елдің жағдайы. Халық қазынасын бекер шашудан жиренеді. Бірақ байлыққа мастанған, өздерін ақсүйек, таңдаулы санап үлгерген нувориштер мұндай сынға пысқырып қарамайды. Әйгілі сатирик Крыловтың мысалында басып жей беретін семіз мысық сияқты: «А Васька слушает да ест». Пендеге мейманасы асқандық әсте оңай тимейді, ондайлар өзінен төмен санайтындарды елемейді, бірақ бәрін реттеп тұратын құдайдың бұлтартпас өз заңы бар. Кармасы ұлғайса ұрпағының келешегіне нұқсан келтіруі мүмкін. Автор оларды шәниген қылмыскерлер, мемлекет байлығын аламанша асап, ұртына, қойын-қонышына тыққыштаған ұры, жемқор, құбылғыш, өтірікші, қиянатшыл, айлакер, жақын-жуығын жарылқағыш деп жақтыртпай атайды. Қоғамды көзбояушылық, енжарлық жайлап, өнер киесін елемейтін, өздерін жарнамалаудан аспайтын, өсіп-өнген ауылынан қашатын, туған халқына еш жақындығы жоқ жатқа айналғанын талмай әшкерелейді. «Заманның азғаны ғой» деп налиды, қызметі жоғары дөкейлермен тайсалмастан арбасады – «Менің де жылан көзін аңдығандай үнсіздігім шыдамын тауысты білем...». Қазақ қоғамы нарыққа кіргелі көптеген өзгерістер көз алдымыздан өтуде. Сүйінтері мен күйінтерінің ара салмағын кім таразылайды?! Абайдың надан, парақор болыс, ояздарды сынағаны сияқты жазушы кейбір әкіреңдеген әкімдерді, орынбасарларын көп сынайды. «Әкімдер «әлемін» халықтық көзқарас тұрғысынан әшкерелеп  жазған Қайсар  тәрізді көрген-білгенін, адалын айтып, сараптай білетін тақуа журналистер болмаса, оларды кім көзге шұқып жатыр. («Қызбелдің Қайсары», 312 бет). Өйткені екіжүзділікке жаны қас. Немкетті, тоғышар адам емес, көгі мықты. Басшылық тұтқасын ұстаған адамдар қара басының қамынан аспауына наразылығы зор. Бір директорды сынаймын деп соның тарапынан қасақана ұйымдастырылған теперішті де көргені бар. Бірақ алған бетінен әділдікті ұрандатып қайтпайтын. 

(10.01.1999ж.). Бұл күнгі қос ақпарат бір-біріне сұмдық керегар – бай мен кедейдің арасы жер мен көктей жылдам бөлініп шыға келгенін әйгілейді, қоғамды жайлаған алақол әділетсіздікке  назаланады. Қорғалжын қорығында аң атқан шенеунік тікұшақтан құлап, күйігін емдетуге Израильге емхана-ұшақпен ұшқанына 60 мың доллар үкіметтен бөлінген. Ал ауыл монтері баған басында токқа түсіп, жартылай күйген денемен ауруханада жатқаны, өзі істейтін кәсіпорын көмектеспегені, 6 баланың ауызынан жырып, бар малды сатқаны туралы «Астана ақшамы» газетінде басылған мақаланы психологиялық параллель етіп әдейі қатар келтірген. «Артынан білдік, екі аяғы, жамбасы ойылып күйген, оң қолы қолтығынан кесілген әлгі электрмонтеріне ешқандай көмек көрсетілмепті. Бұл неткен қатігез қоғам еді!». (I-210). Шенеуніктері шімірікпестен елдің ортақ қазынасын опыра беретіні сол халықтың осалдығы, оның түбі жұт.

Күнделік замандастардың тіршілігін, портретін айқын танытса, барлық эпизодтар астаса келе тірі ағза сияқты тұтас полотноны құрайды. Тұтаса келе жанды тұлғаға айналып кетеді. Ол күнделігін тараушаларға бөліп, жеке-жеке ат қойған. «(26.08.1995ж. Көкемді көшіру» деп аталған тұсында ауылдар қаңырап, қазақ қалаға жаппай көшіп жатқанын суреттейтіні қандай күшті психологиялық деталь! Қос ағасының өмірінен алынған мезет. Үлкен ағасы Едірестің 9 жылқысы жоғалып кетіп табылмайды. Ол кісі: «Жә, жылқы жоғалса садақа. Балалығым өткен бел жайлауларды тағы бір көзбен шолғаныма қуанып жүрмін. Мен еріккеннен көшіп отырмын ба, сол? Осы жазда ғана отыз үй бас сауғалап қоныс аударыпты. Кеше гөр, туған жер!» дейді. Нағыз қазақы дүниетаным. «Көкемді көшіруге осы барғанда сәлем берейін деп Сабыр ағамның үйіне кірсем, ол кісі қой кезегіне кеткен екен! Рия жеңешем айтады: «Мен өлгенде келмей-ақ қойсын», – деп қой бағуға кетіп қалыпты. Шал інісінің көшкенін қимайды екен! Көшуіне қарсы екен! Қайтсін, қия ма?..». (I-103). Туған жерден мәжбүрліктен көшу процесі тұтас қазақ елін өрттей шарпыды.Ел-жұрттың мүшкіл халіне автордың жаны күйзеледі. «Ауыл нарық қыспағында. Ауыл азып, тозған. Ауыл қамығулы. Ауыл көзіне ауру түскен екен... Енді қайтіп күн көрер ел байғұс! Алдымен Еліне ері берешек, қарыздар болуы керек емес пе?!». (I-114). «Қоғадан білте жасап та жарыққа жаритынбыз» дейді үйдегі кейуана. Ауылда жағалай таршылық. Жұрттың қолында ақша жоқ. Не керегінің бәріне мал салады. Қорада тышқақ лақ қалатын түрі жоқ бұл бетімен» (I-137). Ашаршылық, нәубет – конфескелеу, колхоздасу науқанына ұрындырған қазақты әуелде малдан айырудан басталған. Құдай оңдап, ғасырдың соңындағы өлара кезеңнен қазақ жұтап шықса да, қиыншылықты тартса да, күйреп түспей, біртіндеп шаруасын түзегендер көбейе бастаған. Кедейшілікке тұтылғандар аз емес. Жазушы-журналист мұның уақытша қиыншылық екеніне сенгісі келеді.

«05.09.1998 ж. Рулық белгілер өрескел белең алғаны қатты ойлантады. Оңтүстік өлкенің бірінде ауыл-ауыл болып өз руларының съезін шақыра бастапты. Қоғамды шайқалтатын атжалманның арты айықпас зобалаңға ұласпаса не қылсын?!». Астанаға алғаш қоныс аударғандардың арасында пәтер бөлудегі алақолдық пен рулық, жерлестік ишара жымдасып жалғасқан екен-ау. Бұл оң таңдау болдырмас, озық, жақсы, білікті мамандардың жолын жабатын жегі құрт сияқты кесел. Түбінде азаматтық қоғамға, әлеуметке, мемлекетке зияны шаш етектен. Қайсар аға М.Н. деген жерлесін  әсірерушылдығы үшін мінеп, қатесін бетіне басқан. (18.04.2015 ж.) Бұл автор кітабында өз руының «жерін» карта сызып, жобалап шегендеп, бір ауылдың тұтас мекенін бөле-жарып меншіктейді. Неткен сорақылық! Мұндай басбұзарлық құқықты оған кім беріпті?!  Ұсақтануға ұрынудан қашанғы ұтыла бермекпіз?! Неліктен надандар үлкен ракурсты, шынайы кеңістікті көре алмай, космостық дүниетанымға жарымай діңкелейді? Ұлт кемеңгері Абай рулық дәуірде өмір сүріп, өз уақытының тар шеңберіне әзиз басы сыймай аласұрып, отаршылықтан күйзелген халқын бір тұтас көріп, елдік  ізгі мұратты жаны аңсап: «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» деп тебіренген жоқ па еді! 

Күнделік – айнытпас айғақ. Совет одағы құлап, азаттық таңы атқан соң қазақ қоғамының айнасы тәрізді – мозаикалардан құралып біртұтас қалып түзейді. Ақмоланың Астанаға, Елордаға айналу тарихы журналистің қалт жібермес қырағы көзімен жазылған. Бас қаланы ауыстыру арқылы Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мемлекет болашағы үшін стратегиялық маңызы зор іске бастауын автор ғасыр тойы деп атайды.

(19.12.1994 ж.). Алматыда «Егемен Қазақстан» газетінің 75 жылдық салтанатты тойын жылнама қылып жазған. «Сахна төрінде отырғандарға ынтыға қарап, жыға тануға талпынамын. Олар бір шоғыр, қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан кәдуілгі алыптар» дей келе, бұрынғы бас редакторлар С.Байжанов пен Б.Қыдырбекұлы, Ш. Мұртаза, Ә.Кекілбаев және Қ.Найманбаев, К.Смайылов, Ш.Елеукенов, т.б. «Жиналысты «ЕҚ» бас редакторы Нұрлан Оразалин ашты». (I -79).

Осы деректі оқып есіме түсті. 1999 жылы көктемде Сапар Байжанов қайтыс болғанда елден «Абай» журналының бас редакторы Ырысхан Мұсаұлы және мен ардақ тұтқан асыл ағаны соңғы сапарына шығарып салуға барған едік. Қоғамдық формация ауысып жатқан өтпелі кезең, жеті айлап жалақы төленбейтін. Ырысхан аға жол қаржысын тауып берді. Күләш тәтем: «Мынау «Егемен Қазақстан» газетінің 75 жылдық тойында төл редакциясы сыйлаған, Сапар ағаңның аяғы тиген кілем. Қарашаңырақ берген, қасиеті бар, кілемді сен ал» деп қайтарымда Семейге беріп жіберген еді. 20 жылдан соң сол ақшыл кілем ескіргенде көзім қимай, зорға тастадым. Дүние тозады, талантқа қамқорлығын риясыз жасайтын ағаларыма ризашылығым тозбайды.

Қазақ халқының дүниетанымына тән өліге құрмет, аруақ сыйлау, ата-бабасының ізгі қасиеттерін ұлықтап, сана-сезімін селт еткізген сәттерді жазушы суреттей білуі ерекше тартымды. Күнделік парақтары жүрек культін ашады: «– Жүрегім тулайды, – деп Мәмила бетін бұрып әкетеді» («Өз өрмегім», I-13). Мектеп бітіруші жас қыздың соңғы қоңырауда айтқаны;  30.05. 1965. «Жүрек лүпілдейді. Соңғы кезде тіптен әсерленгіш болып кеткендеймін» – бозбала Қайсардың мамандық таңдауы; «Жүрегім үзіліп кетердей дүрсілдей соқты» – өзінің орта мектепті бітіріп, ауылынан алғаш ұзап шығарда анасымен қоштасқан қимас сәті;  күнделіктен анасына деген балалық өшпес махаббатын, ана аруағына деген құрметін жиі білдіреді;  «Жымиғанда көзі қандай жайнап кетеді. Ғажап! Сол терең сиқырлы көз адамды біртүрлі мазасыздандырады екен. Жүрегіңді лүпілдетіп жібереді екен» – 12. 02.1966 ж.  Болашақ жарын  алғаш көрген сәтін суреттегені;  «Мен: «Жүрекке жазылды» деп оны мүсіркеген болдым. ...Басшының бейшарасы деген осы-ау. Шымбайына батқан бір ауыз сөзге буынып өлуге бар» – бұл күнделікке 30.09.1994 жылы түскен белгі. Әділетсіз әкімге ызаланып жазылған, оның аты-жөнін анық жазған, әлеуметтік әшкерелеу. «Жүрегім іспетті! Жүректі кір шалмауы тиіс, жүрек ысталмауы тиіс!».Бұл жұмыс үстелі туралы. «(27.10.1999 ж. «Жас Алаштың» бүгінгі санынан жүректі «солқ» еткізген хабар оқыдым», (I-255). Аудандық газетке басшы болып тағайындалған біреуді кәсіби маман емес, қаламы сырдаң, шорқақ, өрісі тар, «есеп» мінез, қаражаяу деп ренжиді. (18.07.2009 ж. «Келін түсіру оңай секілді ме қалай? Босағаңнан тағы бір бала аттайды ғой.. Ал қыз беру... Жүрек суырады...Жә, бақытты болу үшін, жүрекке күш түспегенде қайтсін!...Ата-ананың қимағандығынан қызымыздың қызығы еселеніп, бақытты, баянды бола түссінші!». (II-119). Бұл автордың өз қызын  ұзатқандағы әкелік сезімі мен тілегі.

«Сағыныш деген немене екен, осы? Бұл – ықылас-ынтаның, ыстық сезімнің өте асқынған шағы емес пе екен? Өткен күндеріңнің жалына байланған өте нәзік қоңырау шығар, бәлкім. Бірдеңені ойлай бастасаң дыз етіп, шылдыр ете қалады. Сағыныш сырын мен осылай түсінемін. Сағыныш – ой ойлатады, арман қуғызады. Алды-артыңды безбендетеді. Әлде, сағыныш өмірге не бір әсемдік толқын туғызатын қуатты құрал ма екен?». («Өз өрмегім», I-21-22 бет); «...Сәбит аға сөз алып...Қызбелдегі ата-аналарымызды еске алып, сағынышты сөздер айтты. Осы тұста мен шыдамай кетіп, қорсылдап жылап жіберсем керек. Ішімді бұрыннан буып жүрген ауылға деген сағынышым аға сөзінен соң тіпті еркімді алған ғой. Ағам ала көзімен жақтырмай қарады маған». (I-26). Тамаша лирикалық толғау, таза логика. Сағыныш сезім иррациональды, ал оның тамыр соғысы дәл табылған. Автор күнделік жазғанда лирик әрі романтик болып шалқиды, көзі көрген, көкейіне түйген өмір шындығын түк жасырмайды. Әрине, күнделік беттерінде советтік дәуір атрибуттары болуы қалыпты құбылыс. Қазір ішінара орын алып жатқан теріс құбылыс – өткеннің бәрін тұтас мансұқтау обал әрі ақымақтық. Ол дәуірдің жақсысын жақсы, жаманын жаман дей білген жөн. Автор ондай жазбаларын өшіріп әуре болмағаны шыншылдығы. Әйгілі актер Серке Қожамқұлов Қайсарға өткір мінезіне сүйсініп,  жас күнінде «тасыр бала» деп ат қойыпты. Автор хронологияға, корреспенденцияға өте ұқыпты.

Қайсар аға үйлену тойын бейнелеп жазған: «Алтынмен қолтықтасып залға кіргенімді білемін. Сезім де басқа шабады екен. Шарап ішкендей мең-зең болып кетіппін. Бір кезде жар-жар айтылып, шашу шашыла бастады». (I-40).  Маған осы тектес прозалық түйіндер қызық көрінді. Сөздің қисынымен қиюласуына мүдделі қаламгер – өзінше «жыраудың төкпесіндей»... Тілбұзарлар көбейген мына заманда ана тілдің қаймағы бұзылмаған қалыбы көз тартады.

Алаш арыстарының тұяғы, қазақ халқы үшін аса құнды жер тақырыбын өмірден озғанша көтеруден, күресуден таймаған Сапабек Әсіпов туралы автор жиі жазған, сол арқылы оның ұлтжандылық, қайраткерлік, кісілік портретін айқын танытады. Ол кісі сүйікті інісіне: «Қайта қоныстанған қазақтар жер үлесінен қағылып отыр» деген проблемалық мақалаң жақсы жазылған екен. Қазақтың сорына (Сәкеңнің сорына десең де жарай береді) мәселенің мәнін сен сияқты түсініп, жанашырлықпен жазатын қаламгерлер қатары әзірге тым сирек қой», – деп хат жазған (17.04.2002).  («Қызбелдің Қайсары», 299 бет). Екеуі Қостанай облыстық  газетінде қызмет істеген жылдардан бергі сыралғылар еді.

 Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев туралы мөлтек сырлар, бауырмалдық сезім күнделік беттерінде жиі кездеседі. «(31.07.1992 ж.) Әнуардың театрмен қоштасуы» – біртуар актер Әнуар Боранбаев киноға түсіп жүргенде бақайын бөрене жаныштап, қақсап ауыртып, ақыры сол аяғын тізесінен жоғары кескізуге душар болған. Дарынды адамдарға көз тигіш, тым сұқтана қарайтын күншілдер жоқ емес. Жарқырап жүретін талантты адам өзінің кей сәт қорғансыз екенін аңдамай да қалады. Үлкен әдебиет пен өнерде құрбандық жиі кездеседі. Суреткерлік қасиет үшін төленер ірі төлем тәрізді мистикалық құбылыс. Себебі ол түп-түзу оңай жол емес, бақталастық пен күншілдік таңдаулы өнер иесіне есе теңдік бергісі келмейтін аса қатерлі жолдан аумайды. Актер қауымға киноға түсудің қауіп-қатері, денсаулыққа тигізер зияны аз емес. Қырғыздың мықты киноактері Сүйменқұл Чокморов және «Көксерек» фильмінде Құрмаштың рөліне түскен 9 жасар Қамбар Уәлиев күзде бір дубльді түсіру үшін тау өзеніне түсе берген соң бүйрегіне суық тиіп, өмір бойы зардабын тартқаны өз алдына, жабысқан дерт екеуін мерзімінен бұрын алып тынған.

Әнуар Боранбаев «Операция алдында өз театрына – М.Әуезов атындағы академиялық драма театрына барып, кірген бетте шыдамай, сахнаға жата кете домалап, өкірік-өксігін тежей алмай, «енді қайтіп шығармын ба бұл жерге?» дегендей, егіліп қоштасса керек. Бұл трагедияны көріп тұрғандар шыдамай толқып, беттерін басыпты. «Аяғыңнан айрылар болсаң да, актерлік қасиетіңе берік екенсің» деп бір қарт сахнагер еңкілдеп қоя беріпті...», (I-55). 14-19.12.1999 ж.). Әнуар дүниеден озған күні күңіреніп,  ақтық сапарға шығарып салу сәтіндегі эмоциясын:. «М.Әуезов атындағы драма театрында Әнуармен қоштасу болды. Фойеде екі сағат бойы халық көз жасын тыя алмады» дейді (I-277). Қайсар Әлім жерлес досы туралы «Актер тағдыры» атты танымдық-портреттік кітап жазды. Бұл кітаптың шапағаты отау көтерер тұста екі жасқа тиіп, қызын алысқа ұзатқысы келмей қисайған шымкенттік құданы райынан қайтарып, Әнуардың немере інісінің үйлену тойына оң әсері еткені туралы дерек тіпті қызық, киноға сұранып тұрғандай. ( II-196).

Күнделік-кітаптарда жазушының өмірбаян деректері, творчествосы, қайраткерлігі сайрап тұр. Хаттардан қилы тағдырлар білінеді. Гүлнәр Міржақыпқызының Қайсарға жазған хатында Жүсіпбек Аймауытовтың ұлдарына қатысты күйікті ақпар бар, ащы өмір шындығы.  Ол кісі: «Жүсіпбек ағам-ай, екі ұлының мүшкіл халін білмей кетті-ау» деп 1999 жылдың 31 шілде күні қабырғасы қайыса қайғыра жазыпты.

Қаламгер Қайсар Әлімнің атақты жазушы Әзілхан Нұршайықовпен достығы орасан. «Ал, ол кісінің мені тәнті етерлік бір қасиеті – аса кішпейілдігі мен болмашы нәрсеге, қарапайым құбылысқа соншалықты мән беретіндігі. Мұны мен үлкен жазушының журналистік үлкен мінезі деп білемін». (I-44). Психологиялық портрет. Әзілхан аға елгезек, кішіпейіл мінезімен баурап алатыны рас. Ол Әзағаң почтамен салып жіберген 50 000 теңге байғазыға балаша қуанады.

Спортқа ден қойған қаламгерлер біздің арамызда сирек шығар. Автордың журналистік машығына спортты қосақтап алғаны үлгі тұтарлық. «Ал қос ұран өмірлік серігім: «Ни дня  – без физкультуры!» және «Ни дня – без строчки!». Алла қуат берсе, осы қос кәнілігім алға сүйрей беретін тәрізді». (II-235). Бұл автордың өзіне берген анық мінездеме.

Қайсар Әлімнің афоризмдерінен: «Ұғыспаудың өз заңы бар – дұрысты бұрыс деу!», «Баланы өбектегенің – Ертеңді көбіктегенің!» дегені көкейіме қонды. Күншілдерге ақ қара, қара ақ болып көрінеді. Себебі, біз, қазақтар, тым балажан халықпыз, әсіресе, ұл баланы дұрыс тәрбиелемейді. Жалғыз бала деп тым есіртіп жібереді, сонысымен өскенде отбасын асырауға, еңбекке икемсіз, жауапкершілікті сезінбейтін еркетотай, тоғышар, масыл қылып тастайды.

Жазушы Совет үкіметінің кері насихатын сынайды. «(06.06. 2016 ж. Біржан салдың «Қозыкөш» әнінің мәтінін Иса Байзақов талапқа сай етіп: «Ән салшы бір бала» деп бұрмалады. Дұрысы: «Ән салшы бір ғана». Үлебай шығарған «Дударай» әні ұлттар достығына бейімделіп Мәриям Жагорқызының шығармасы болып кетті. Әлі күнге солай хабарланып жүргені қынжылтады». (II-242).

«Ауылым көшіп барады қозы көшке, / Қозы көште болған іс түседі еске. / Угай-ай, / Ән салшы-ай, / Бір ғана-ай! / Қос етек, бұраң бел, / Қуалай соғар қоңыр жел. / Көш бойында қалқам-ай,  / Бір ән салшы, / Өмір бойы шықпастай жүрсін есте. /Бола бергім келмейді қайыруға, / Не демейді жау-дұшпан айыруға, / Жау-дұшпанның сөзіне ерме, қалқам, / Қоңыр қаздай шығайық жайылуға». Композитор, өнертанушы, жазушы Илья Жақанов бұл әнді Сарыарқа жұртына белгілі, Торғай өңірі шырқайтын, атынан да, затынан да айрылған ән деп атайды. («Мәдениет» журналы, №5. 2019). «Мен Арқа елінен «Әннің аты бұлай емес еді, сөзі басқа еді» деген сөздерді жиі естідім. Әсіресе, Көкшетау жағынан. Біржан салдың еліндегі сырлы көкіректі зерделі жандар әннің өз сөзін ұмытқандарына қынжылып, «О, ол кешегі көш қызығының, жайлаудың, қыз-бозбаланың әні еді ғой!» деп мысы құритын. «Қозыкөш» – Біржан салдың ұмытылған әнінің бірі».

Күнделікте қазақ қоғамының бет-бейнесі терең ашылған. Ел алдында жүрген әнші қыз-келіншектер әдеп сақтамаса сынға ұрынарына қынжылыс біраз айтылған. Себебі, соңғы жылдарда шоу-бизнес өкілдері қазақ қоғамының қаймағы болып саналды. Материалдық дүниені руханияттан жоғары қойып, кітап оқудан қалған кейбіреулер соларға қарап бой түзейді, соларды ғана зиялы қауым санап, пір тұтуға айналды. Байлық, құрмет, кісілік соларға ауды. Тек әртіс, әншілер пірге айналған ел рухани құлдырайды, потенциалы азаяды. Қоғамды жаңғыртатын шынайы ғалымдар мен суреткерлер тасада қалады. Таяз әншілер қазір ханға сәлем бермейді, дәлірегі, керек адамдарға ғана сызылады. Шалқып, қалқып, өздерін ұлттық элита санап жүргені күлкілі һәм аянышты. Әлеуметтік желілерге ішкен-жегенін, киген киімін, дәулетке мас болған кездерін қылға тізіп сала береді.

«(21.11.2016 ж. ...Қазақтың ұлттық абзал қасиеттерінің жоғалуын дақпырт, бәсеке, сепеті жақсылық, сату салдарына айналдырып жіберген секілдіміз. Мұсылмандықта мұны «рия» дейді екен. Жақсылықты риямен жасау – мүсәпірліктің ең сұмдығы». (II-339). Қазақта «риясыз» деп адалдықпен жасалған істі айтады. 

Автор біздің постсоветтік қоғамға сын көзімен қарайды. Кей тұсын  өз отбасының мысалымен ашық салыстырып сынайды. Әсіресе тілге қатысты пайымдаулары ерекше ықылас тудырады. «Міржақып мұңын мұңдаған қасиетті қазақ тілі! Содан бері 80 жыл өтсе де басына бақ қонбай келеді. Ертеңің не болады?», (I-272-273). Бұл бір әулеттің басындағы проблема емес, қазақ халқының бастан кешкен қиыншылығының да себеп-салдары екені даусыз.

Қайсар ағаның немерелері білімді, жан-жақты, патриот болып өсіп келе жатқаны аңғарылады. Хоккейші, биші, оқымысты, биікке ұмтылатын ұрпақ екені айқын көрінеді. Немерелерінің есімдері кілең әдебиет әлемінен болып шықты – Қаламқас, Тоғжан, Әйгерім, Зере, Мәди, Мағжан, Әлихан, Міржақып... Абай мен Мұхтар шығармашылығына сүйіспеншілігі ерекше, соның әсері деп ұғуға болар. Әрине, күнделік болған соң ауызекі, отбасылық сипаттағы әңгімелер де кездеспей қалмайды. Ол оқырманға онша қызық та болмас, бірақ әулет үшін маңызды деректер екенін ұғамыз.

Күнделікте ақын-жазушылардың портреттеріне қосымша дерек беретін штрихтар бар. Және олар ізгілігі таныла түскен тұлғаларға оқырман тарапынан қызығушылық оятады. Ал мына пікір ерекше құрметімді оятты. Міне, тектілік!  (03.06.2016 ж. С.Балғабаев: «Ал Орекең (жазушы Оразбек Сәрсенбай) болса өз еңбегін ешкімге бұлдаған емес; мерейтойым болатын еді, соған байланысты маған анау керек, мынау керек деп жоғары-төменгі орындарды жағалап, біреуден бірдеңе сұрапты дегенді көргем де, естіген де емеспін. Басқаны былай қойғанда, тіпті, Орекеңнің өз ауылына ат басын бұруы да өзгеше еді; ешкімге білдірмей барып, ешкімге байқатпай қайтып кететін». (II-240). Меніңше, қазақтың өсіп келе жатқан қаламгер жастары Оразбек Сәрсенбай ағамыздан үлгі алу керек, аламандыққа ұмтылып, ел-жұртқа салмақ салып, алақан жаюдың еш сүйкімі жоқ.

Осы күнделіктен замандас жазушылардың Дүкенбай Досжановты қағыта беретін, ол туралы анекдоттар шығарып айтарын оқып, мұны теріс қабылдадым. Бұрын ауызша естігенмін. Жемісі мол ағашқа тас атады. Дүкенбай ағаның прозасы тегіс қас үлгі емес шығар. Қазақтың ірі жазушысы Дүкенбай Досжановтың қаламынан «Қымыз», «Көкпар» тәрізді таза классикалық проза туды. Құмдағы қойшылар туралы жазған повесі қандай! Шедевр! Әдебиетте неліктен бұлай болуының психологиялық астарын түсінгенде бір күрсінесің де қоясың.

(23.11.2007 ж. «Абайдың балағына жармасқан») деп аты айтып тұрғандай Абайға ауыз салған Қанағат Жүкешев сияқтылар біздің қоғамда бар ғой. Ол Абайды ауыл-аймақ, республика деңгейінен асырмайды, әлемдік мәртебені қимайды. Абайдың уақыты енді туды. Жер дүние Абайды жаңа тануға көшті. Бірақ бұл кісінің Абайға қатысты теріс көзқарасын өзгерткенін кейінгі сұхбаттары білдірді. Тілге, қаріпке сыни пікірлерінің жаны бар. Қазақ тілінің жанашыры екенін танытты. Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң болып шығады.

Кейіпкеріміз журналистік қызметінде дәм тартып, жер шарының бірқатар елдерін аралапты, әр сапары бір-бір құнарлы эссеге айналған. Солардың бәрі құнттай боп дәптерлерге түскен. Келешек шығармаларының алтын арқауы іспеттес қой...Автор қазақтың қас жақсылары, тектілері туралы тың деректерді тауып, нысандарын таңдап жазды. Қазақ қоғамына Тәуелсіздік әкелген оң өзгерісті, ел елге қосылған құт – көші-қон қуанышын сүйсіне жариялайды. Қазақ халқы нығая түсуі керек. 15.08.1992 ж. Арқалық әуежайында Баянөлгей қазақтары ұшақтан түскен сәтін қандай тебіреніспен суреттейді. «Мен шыдамай кетіп, бір бөрікті шалдың бетінен сүйіп алдым». (I-55).  «Есің барда елің тап» – көне дәуірлердің шындығы. Сең қозғалғанда, Шығыс Түркістанды мекендейтін қазақтар өз ортасына түп көтеріле түгел көшіп келмегені алдағыны болжай алмайтын жайбасарлықтан болғанын енді біліп өкінеміз. «Өз өлтірмейді, жат жарылқамайды» дегенді айтып кеткен бабалар өсиетін әспеттеу керек еді.

Торғай өңірінің топонимдері «Туған жер атаулары» деп берілген. («Өз өрмегім», II-39). «Балалық шақ Қоңыраулы өзенінің жағасында өтті.  Бұл өзен, бізге жас кезімізде, өте ұзын Орал мен Жайық өзендері сияқты болып сезілетін. Өзеннің бойындағы жерлерге Саға, Тампай құлақтары, Шамай түбектері, Ұзын Қарасу, Шолақ Қарасу, Тәуте көңі, Шөгірбай көңі, Оспан көңі деген атаулар берілген» дей келе, жер атауларын бір бетке жетеқабыл географиялық деректерімен айқындап бергені ел мен жерге деген перзенттік сағыныш, сүйіспеншілігі.

Бүгінде 75 жасқа толып отырған жазушы Қайсар Әлімнің  қазақ қоғамының хроникасы дерлік, «Өз өрмегім» атты екі кітабына осылайша қысқаша шолулап пікір білдірдік. Оның қамтылмаған тылсым жақтары қаншама? Дәтке қуаты, әйтеуір, секірмелетіп болса да сараптап шыққан сыңайлымыз. Автор мұнымен шектелмей, күн құрғатпай толтыратын ежелгі дағдысымен  күнделіктерінің тағы төрт томын баспаға әзірлеп қойыпты. Тек күнделіктер ғана емес, Міржақып Дулатұлы туралы роман-дилогиясына нүкте қою мақсатымен  індете жазып жатыр екен. Ал  аға-досы Ә.Нұршайықов өмірінің зайыбынсыз өткен он жылын қамтитын  «Әзілхан Халимадан соң» хикаятын таяуда ғана  тәмәмдапты...

          Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,

                                                    жазушы

822 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз