• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

КӨРНЕКТІ ҒАЛЫМ, ТАНЫМАЛ ТҰЛҒА

Баяғы бала кезімізде адам өмірі таусылмас та алыс ұзақ жол секілді көрінетін. Бертін келе, жас ұлғайған шақта, өмірден көргенің бар, көкейге түйгенің бар, оқып-білгенің тағы бар – адам өмірінің қас-қағым сәт екенін, ата-бабаларымыз айтқандай «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» екенін байқайтын болдық. Әйтеуір, зырылдауық секілді зымырап жатқан заман, ешкіммен есептеспей өтіп жатқан уақыт екенін көріп жүрміз. Ұлы Жаратушының өзімізге өлшеп берген мерзім-уақыты ішінде талай жақсы адамдармен таныс-біліс болып, аралас-құралас жүріп келеміз. Сондай жаны жайсаң азаматтардың бірі академик Бақтияр Өрісбайұлы Сманов дер едік.

Мен Бақтияр Смановты сонау 1990 жылдардың бас кезінен біле бастадым.Ол тұста еліміздің басқару жүйесі Президенттік билікке көшкен еді. Алдында Қазақстан Президентімен республика Министрлер кабинетінің аппараты бірге болатын. Онда 400-ден астам қызметкер еңбек етті. Біз идеология бөліміндеміз, ол Дін істері бөлімінде аға референт, сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді де, кейін екі мекеме бөлінгенде Министрлер кабинетінде жаңа ашылған Дін істері жөніндегі кеңеске жауапты хатшы қызметіне тағайындалды. Қызмет бабында жиі араластық, жақсы қарым-қатынаста болдық. Бір-біріміздің жазу-сызуымыздан хабарымыз болып, өзара пікірлесіп, ақылдасып жүрдік. Сырттай байқайтыным, оның жазбайтын тақырыбы, көтермейтін мәселесі жоқ еді. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Айқын», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Алматы ақшамы», «Ақиқат», «Мысль» сынды белді де беделді басылымдарда оның қоғам және саясат, ана тіліміз бен туған әдебиетіміздің, ата дініміз бен төл тарихымыздың өзекті мәселелерін көтерген әр алуан тақырыптардағы көлемді мақалалары жиі жарияланып тұрды.

Бірде одан:

– Осы сенің мамандығың қандай? Саясаттану, ана тілі мен әдебиетіміздің мәселесі, педагогика мен әдебиетті оқыту әдістемесі, дін тақырыбы мен имандылық иірімдері, тарих пен мәдениетіміз секілді тақырыптарда жазғандарыңды оқып жүрмін. Сонда сені ылғи да «негізі қай мамандық иесі екен деп» үнемі ойлап қоямын.  Мамандығың қайсы осы? – деп сыр тартып сұрадым. Сонда оның:

– Менің негізгі мамандығым – филолог, қазақ тілі мен әдебиетінің маманымын. Ал діннен хабарым болатыны – университетте қосымша араб тілін бес жыл бойы оқып, мемлекеттік емтихан тапсырдым. Бір қызығы ұстазымыз марқұм Лениншіл Зиябекұлы Рүстемов ағай «араб тілін үйренемін десеңдер, Құран сүрелерін жаттаңдар, кейін қартайғандарыңда керек болады» дейтін. Өзі 1937 жылғы қызыл қырғында жазаланған саяси қайраткердің ұлы бола тұра ағамыз сол заманда қысқа сүрелерден жаттағанымызды қирағатпен айтқызып, өзі көзін жұмып тыңдап отыратын. Ара-арасында түзетіп те қойып, аудармасын сұрайтын. Сол кезде он шақты зәмсүрелерді, біраз аяттарды жаттағаным бар.

Оған қоса ауылға барғанда да әкеммен қатар жұма намазға баратын ақсақалдармен араласып, солардың әңгімесін тыңдап, тәрбиесін көріп өстім. Солардың әсері болса керек... Сосын әдебиетті оқыту әдістемесінен қорғауыма университет бітіргеннен кейінгі өзім жұмыс істеген екі жылдағы мектеп тәжірибесі мен Кеңестік дәуірдің 70 жылында Қазақстанда небәрі 7-8 ғылым кандидатының ғана болуы, бірде-бір ғылым докторының болмауы, яғни әдебиеттен әдіскер-ғалым мамандардың елімізде өте тапшы екендігі, бізге аса қажеттігі үлкен ой салды. Ғылымға мен солайша келдім. Ал жарияланымдардың жайына келсек, қай тақырыпты жазу қажет, қандай мәселелерге назар аудару керек немесе не нәрсе айтылмай келеді, соны жазуға тырысамын. Одан соң көбіне басылымдар аяқ астынан өздеріне қажетті, зәру тақырыпты жазуға тапсырыс береді. Олардың да өтініштерін орындаймын. Сондықтан шығар, жазғандарымның жиі жарияланатыны,- дегені бар.

Осылайша, бүгінде 70 жасты бағындырып отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры Бақтияр Өрісбайұлы Смановпен Үлкен үйдің түскі көжесін астана Ақмолаға көшкенге дейін үш жылдай  бірге ішіп, қатар қызмет еттік.  Ол да бір дәурен еді.

Содан жоғары билік Сарыарқа төсіне көшкен соң, біз екеуіміз де әсем Алматының жоғары оқу орындарында жұмысымызды жалғастырдық. Ол әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да қазақ әдебиеті кафедрасында доцент, Қазақ қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінде тарих-филология факультетінің деканы қызметтерін атқарды. Кейіннен Алматы облыстық мұғалімдер кәсібін жетілдіру институтында кафедра меңгерушісі, Республикалық педагог кадрлар білімін жетілдіру институтында директор болды. 2008 жылдан қарашаңырақ жоғары оқу орны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Аппарат жетекшісі, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, кафедра профессоры ретінде еңбек етіп келеді.

Сол жылдардан бері Бақтияр Өрісбайұлымен еңбек жолымыз қайта тоғысып, сыйлас аға-іні болып араласып келеміз. Бүгінде күні кеше ғана қылшылдаған қырықтың қырқасындағы жігіт ағасының, еңбекпен, қызметпен есейіп келе жатқан азаматтың 70 жастың дәмін татқанына куә болып отырмыз. Уақыт қандай жүрдек еді десеңізші! Көзді ашып-жұмғанша отыз жылдай мерзім өте шығыпты. Бірақ, Бақтияр да, біз де сол баяғы қалпымызда сияқтымыз, ел мен жер, қоғам, руханият, білім мәселесі туралы сол баяғы әкір-шүкір әңгіме, әдемі әзіл, қағытпа қалжыңымыз да сол күйі жалғасып келеді.

Ол өмірге келгенде Бостандық ауданы  Оңтүстік Қазақстан облысының қарамағында болғанын, 1956 жылы сұрқия саясаттың салдарынан Өзбекстан асып кеткенін білетінбіз. 1968 жылы оның сонау сол шалғайдағы ауданнан білім іздеп, кезіндегі әсем астана Алматыға келіп, қазіргі әл-Фараби (бұрынғы С.М. Киров) атындағы ҚазҰУ-дің филология факультетін табысты аяқтағанынан, одан Оқу министрлігінің жолдамасымен туған ауылына жақын орналасқан Шымкент облысының Сарыағаш ауданына барып, сол заманның талабы бойынша екі жыл мұғалімдік қызмет атқарып, онда аудандағы халық ағарту бөлімінің әдіскері болғанынан, шартты мерзімі біткен соң Алматыдағы Ы.Алтынсарин атындағы Педагогика ғылымдары институтының аспирантурасына түскенінен де хабардар болатынбыз.

Дәл сол 1975 жылдары Орталық Азия мен Қазақстан Республикаларындағы жергілікті ұлт тілдері мен әдебиеттеріне, оларды оқыту әдістемелеріне арналған докторлық және кандидаттық диссертация қорғау бойынша мамандандырылған Ғылыми кеңестер жаппай жабылып жатты. Аталған ұлттық мәні ерекше мамандықтардан қорғайтын талапкер-ізденушілер жұмыстарын орыс тіліне аудартып, диссертацияларын қорғау үшін Ресей мен Украинаның орталық қалаларына сабылып жатты. Ол кез бәріміз Мәскеуге қарап ауызымызды ашып отырған заман болды. Осындай қиямет қиындықтарға, қасақана қолдан жасалған тосқауылдарға қарамай Бақтияр Өрісбайұлы Мәскеудің нақ өзіне барып, «Қазақ орта мектебіндегі жоғары сыныптарда эпикалық шығармалардың кейіпкерлер бейнесін талдау» атты әдістемелік тақырыпта жазған кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Онда бұрынғы Кеңес Одағы астанасындағы диссертация қорғау жөніндегі докторлық кеңестің ғалымдары қазақстандық жас ғалымның ғылыми еңбегін аса жоғары бағалап, бірауыздан педагогика ғылымдарының кандидаты деген ғылыми дәреже берді. Ол кезде Бақтияр ғылыми-зерттеу тақырыбы бойынша республикалық, Одақтық газет-журналдарда жиі жарияланып, ғылыми ортаға, жалпы жұртқа танылып, «Кейіпкер бейнесін талдау» атты оқу-әдістемелік құралын «Рауан» баспасынан көп таралыммен (1990 ж.) шығарып үлгерген еді.

Сонан әу баста ғылымдағы бағытын дұрыс таңдаған Бақтияр Өрісбайұлы мамандығына әбден берілгендігін танытып, бұдан кейінгі кезеңде де осынау қазақ еліне аса қажет салада бұған дейін жинақтаған мол тәжірибе материалдарын қорыта келе, таңдаған тақырыбын кең көлемде қарастыруға күш салды. Соның нәтижесінде «Мектепте көркем шығарманы талдаудың ғылыми-әдістемелік негіздері» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғап, 2010 жылы педагогика ғылымдарының  докторы деген ғылыми дәрежеге ие болды. Бұл ғылыми-зерттеу жұмысының негізінде әдіскер ғалымның «Ұлағат» баспасынан «Көркем шығарма талдаудың әдістемесі»  атты көлемді монографиясы жарық көрді. Аталған еңбек кейінгі жылдары да қайта басылып, студенттер мен орта мектеп мұғалімдерінің, университет ұстаздарының қажетіне жарап келеді.

Академик Б.Смановтың әр жылдары әдістемелік бірқатар ғылыми еңбектері жарық көрді. Мәселен, «С.Мұқановтың «Ботагөз» романын оқыту», «Көркем шығарманы талдау», «Ғ.Мүсірепов шығармашылығын оқыту», «Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесі», «Мектепте көркем шығарма талдаудың әдістемелік негіздері», «Көркем шығарма талдау әдістемесі» т.с.с.

Бұларға қоса «Молда Қошық датқа» атты тарихи-танымдық іргелі еңбегі баспадан (2016) шығып, ғылыми-жұртшылық тарапынан жоғары бағасын алса, «Ұлттық тәрбие және дін мәселесі» атты (ақын-жазушы Ж.Боранбаевпен бірге жазған) оқу құралы бүгінгі күнде жоғары оқу орындарында пайдаланылып келеді. Оқу құралын жазуда өзінің еліміздің діни істерін басқару саласында жинаған тәжірибесін арқау ете дүниеге келген бұл еңбек бүгінгідей жат діни ағымдар мен секемді секталар қаптап кеткен кезеңде, әсіресе студент-жастар үшін таптырмас пайдалы құрал болды деп ойлаймын.

Оның жалпы білім беретін қазақ орта мектептерінің жаратылыстану-математикалық бағытындағы Х сыныптарға арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығы (авторлық бірлестікте) «Мектеп» баспасынан үш-төрт қайта басылым көрсе, ХІ сыныптарының қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттарына арналған «Қазақ әдебиеті» атты оқу-әдістемелік құралы да аталған баспадан сонау 1999 жылдан бері үш рет қайта басылып шығып, жиырма жылдан астам уақыт бойы республикамыз мектептерінің шәкірттері мен қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімдерінің кәдесіне жарады.

Оның қаламынан жалпы жиыны 450-ден астам әр алуан өзекті тақырыптарды сөз ететін еңбектер дүниеге келді. Олардың ішінде 9 монография, 4 оқулық, 7 оқу құралы, 11 оқу-әдістемелік басылым бар. Ол сонымен қатар жалпы білім беретін мектептегі білім мазмұнының тұжырымдамасын, лицей, гимназиялар мен авторлық атаулы мектептердің нормативтік құжаттарын, жалпы білім беретін мектептерге арналған оқу жоспарларын жасауға қатысып, авторларының бірі болды.

Елімізде Тәуелсіздік құрған 30 жыл ішіндегі негізгі жетістік–қоғамдық-саяси, ұлттық, рухани-әлеуметтік өміріміздегі болып жатқан өміршең өзгерістер мен жағымды жаңалықтардың орын алуы, әсіресе, ұлттық білім беру жүйеміздегі имандылық қағидаттарының еліміздегі бейбітшілік пен келісім тұтастығымен үйлесе дамып қалыптасуы әрбір көзі қарақты азаматтың басты назарында болатыны сөзсіз десек, зерделі ғалымның қазіргі күннің келелі де маңызды мәселелеріне арнап жазған мақалалары, елдік пен азаматтық рух туралы, ел тәуелсіздігінің жемістері мен еліміздің бүгіні мен ертеңі жайлы ой толғаған туындылары назар аударарлық. Бұл тақырыптағы жазбалары қаламгер-ғалымның шынайы азаматтық ұстанымын, ұлты мен туған жеріне, Отанына деген сүйіспеншілігін айқын танытса керек. Айталық, оның еліміздің егемендігін орнықтырып, Арқа төсіне сәні мен салтанаты келіскен шаһар тұрғызған, дамытқан еліміздің көшбасшылары туралы жазған ой-толғаулары мазмұн байлығымен, ой тереңдігімен, білікті талдауларымен, көркем тілімен  оқырмандарының ыстық ықыласына ие болды. Айталық, «Алдаспан», «Елдік пен ерліктің иесі», «Егемендік– еркін елдің мұраты», «Символ смелости и народного духа» секілді бірқатар көлемді мақалалары соңғы жылдары еліміздің басты басылымдары «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттері мен «Ақиқат», «Мысль» журналдарында басылды.

Жалпы қандай да бір тұлға, ғалым болмасын, оның абырой-атағы адами қасиеттеріне негізделеді. Бақтияр Сманов – адамгершілігі мол, қарапайым, қамқор азамат. Жайдары мінезімен, іскерлігімен, парасаттылығымен біздің қоғамымызда үлкен абыройға ие болды.

Бақтияр Сманов әріптесіміздің ерекше атап айтатын адамгершілік қасиеттері көп-ақ. Соның ішінде бөліп айтатын, ерекше назар аударатын қасиеті – досқа адал, достыққа берік болуы. Оның достары көп, ол – достарға бай адам. Кейбір азаматтар қызметі өскен сайын достарын да өзгертіп, жаңалап отырады. Бұл қалай деп сұрай қалсаң, жауабы – осы заманның, уақыттың талабы-мыс. Сонда немене, уақыт достарыңды тек қызмет бабынан ғана ізде дегені ме? «Біреу жаныңа дос, біреу малыңа дос» дегеннің кері болды ғой онда.

Ал Бақтияр Смановтың достасу пиғылы да, дос таңдау принципі де басқа. Осы күнге дейін оның ескі достары еркелеп жанынан шықпайды, олардың қызметін, шен-шекпенін емес, адамгершілігі мен шын достығын бағалайды.

Бақтиярдың тағы бір асыл қасиеті – үлкенді сыйлау. Бұл жөнінде ол алдына жан салмайды  десе де болады және одан көп нәрсе үйренуге болады. Жалпы қазақ үлкенді сыйлап өскен ел ғой, дегенмен, Бақтиярдың үлкенді сыйлауы, оларды құрмет тұтуы ерекше. Мұны саналы сабақ,            айрықша адамгершілік, тіпті Бақтиярдың парасаттылық мектебі десе де болғандай. 

Туған еліміздің жалпы орта білім саласын және жоғары білім жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін  берілген «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру саласының үздігі» төсбелгілері мен Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлық тәрізді марапаттар Бақтияр Өрісбайұлының еңбектегі қол жеткізген жетістіктерінің биік дәрежесін аңғартса керек.

Данышпан Абай айтпақшы, «ақырын жүріп, анық басып», еңбегін далаға кетірмей келе жатқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, Халықаралық білім беру академиясының академигі, Еларалық Шыңғыс Айтматов академиясының толық мүшесі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Бақтияр Смановтың 70 жастың биігіндегі ғалымдық тұлғасы міне, осындай. Оның халқына аянбай қызмет етіп келе жатқанын оқулық, оқу-әдістемелік құралдары мен тарихи танымдық кітаптары, көпжылдық ғылыми-педагогикалық еңбегі дәлелдесе керек. Ғалым тұлғасы осыған қарап бағаланатыны анық.

Раушанбек Әбсаттаров,

ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор

305 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз