• Ел мұраты
  • 27 Ақпан, 2022

МҰСТАФА ШОҚАЙДЫҢ САЯСИ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ

Қазақ халқы және күллі түркі жұрты үшін аяулы саналатын бір есім бар. Ол Алаш арысы, саяси қайраткер, жалынды публицист, ұлы тұлға Мұстафа Шоқай. Мұстафа Шоқайды тану – кешегі отаршылдық замандағы азаттыққа ұмтылған қазақтың мұң-зарын, асқақ арманын, саяси мұрат-мақсатын тану деген сөз. Мұстафа Шоқайдың болмысы, білім-парасаты, көрегендігі, алымдылығы, ой ұшқырлығы оның шығармаларын оқыған адамды бейжай қалдырмасы анық. Елімізде Мұстафа Шоқай мұраларын кеңінен танып білу, әсіресе, өскелең ұрпаққа насихаттау жұмыстары қолға алынуы керек. Осы ретте баспасөз бетінде М.Шоқай жайында дүркін-дүркін мақалалар жазып, ұлы қайраткердің өмірі мен саяси жолын тынбай зерттеп келе жатқан саяси ғылым докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ағамыздың «Ақиқат» журналына Мұстафа Шоқайдың саяси ой-пікірлерін мақалаларынан іріктеп алып, арнайы жолдауы да мұстафатану бағытында атқарылып жатқан игі істің бірі деп есептейміз. Ғалым Мұстафа Шоқайдың бұл ой-пікірлерін үш томдығының екі  томынан жинастырыпты. Әбдіжәлел Бәкірге шексіз алғысымызды білдіре отырып, құнды жазбаларды қалың оқырман қауым назарына ұсынуды жөн көрдік. Жүрегі елім, жерім деп соққан Мұстафа Шоқайдың ұлттық, саяси көзқарастарымен таныс болыңыздар.    

Бiз, Түркiстан тәуелсiздiгiн жақтау-шылар, елiмiздiң еркi үшiн және жұртымыз Түркiстанның бодандықтан құтылуы үшiн күресемiз. Түркiстандықтарда бұдан басқа жол болмаған. Қазiр де жоқ және бұдан соң да болмайды [1, 21-б.].

                            

Ал бiздiң мұратымыз Түркiстанда түрi жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттiк құрылымға қол жеткiзу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерiнiң нағыз қожасы бола алады [1, 22-б.].

 

Большевиктер іс басына келер алдында (17.ХI.1917) бүкіл Ресей мұсылмандарына және түркістандықтарға өз қалауы бойынша өздерін басқару деген сарында үгіт-насихат жүргізді. Алайда «қызыл сөздерге боялған» мұндай үгіт-насихаттың нәтижесі іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты» [1, 39-б.].

 

Түркістан жастары! Атамекеніміздің ұлттық мүдделері – мемлекеттегі тұрғындар саны мен мемлекет аппаратын реттейтін билік біздің өз қолымызға өтуін талап ететіні естеріңізде болсын! [1, 43-б.].

 

Дүние жүзінде Түркістаннан басқа да көптеген елдер бар. Ол жерлерде де үстем ұлттың озбырлығынан жәбір шеккендер аз емес. Алайда дәл орыстың отаршылдық саясатындай сұмдықтарды тарих әлі көрген жоқ [1, 45-б.].

 

Халқымыздың мәдени және рухани жақтан қол жеткізген жетістіктерінің бәрі тек ұлтшылдық қозғалысына тән [1, 49-б.].

 Қанқұмар коммунистер халқымызға хайуандықпен  зұлымдық істей отырып, ұлтшылдық идеясынан баз кештіре алар ма? Егер кімде-кім бұл өлмес идеяны Мәскеудің күнде өзгеріп тұратын түсі сияқты деп білсе, сөзсіз қателескен болар еді. Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді [1, 49-б.].

 

«Шовинизм» деп басқа ұлттардың мүдделері есебінен тар ұлтшылдыққа бой ұруды, басқа ұлттардың өмірлік мүдделерін тек өз ұлтының мүддесі үшін құрбан етуді айтады. Шовинизмнің бой көрсетуі үшін шовинизммен айыпталып отырған ұлт өзі өмір сүрген елде үстем орынды иемденуі, мемлекеттік билікті қолында ұстауы шарт [1, 50-б.].

 

Мемлекеттік билікті қолында ұстап отырған ұлт қана шовинизмді жүргізе алады [1, 52-б.].

 

Жалғыз құқықты білу, әрине, аз. Ол үшін күресе де білу керек. Керек кезінде  өз құқығымызды күрес арқылы қорғап қалуға әрқашан әзір болуымыз тиіс [1, 54-б.].

 

Әрбір түркістандықты өз ұлттық хұқығымыз үшін күреске шақыру, әрбір түркістандықты білім және құралмен күресе білетін болуға үндеу – біздің борышымыз [1, 54-б.].

 

Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз. Мәскеудің «азабынан» құтылып, ұлт азаттығымызға тезірек жеткізетін бірден-бір дұрыс жол – түрікшілік жолы [1, 60-б.].

 

Түркістанда ұлттық қозғалысты тудырған екі түрлі себеп бар. Оның біріншісі: Түркістан халқы орыстардан мүлде басқа ұлт екендігі. Екіншісі: Түркістанның ұлттық экономикасының мүддесі Ресейге қарсы екендігі [1, 63-б.].

 

Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлттық үкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған. Біздің революционерлігіміз – ұлттық және тәуелсіз Түркістанды әлеуметтік даму жолына түсіру қажетінен туындайды [1, 64-б.].

 

Біздің ұлтшылдығымыз Түркістанда ұлттық үкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған [1, 64-б.].

 

Біз Түркістанның біржола және бүкілдей тәуелсіз ұлттық мемлекет болуы туралы айта да, жаза да аламыз [1, 65-б.]. Кеңес үкіметінің «ұлттық саясаты» басынан аяғына дейін ұлттық езу, қанау саясаты. Түркістандағы «ұлттық республикалар» дегеніміз – «сырты жылтырап, іші қалтырап тұрған» мәнсіз, мағынасыз бірдеңелер екенін кеңес баспасөзінің өзі де теріске шығаруға дәрменсіз [1, 77-б.].

 

Пролетариат диктатурасы жария-ланған елде ұлттардың өзін-өзі билеу мәселесі туралы сөз болуы мүмкін емес [1, 80-б.].

 

Біздің ұлттық мұраттарымыз бен ұлтты құтқару күресіміздің талаптары арасында пәлендей бір алшақтық жоқ [1, 83-б.].

 

Біздің күресіміз ең алдымен ата-мекеніміздегі орыс пролетариаты үстемдігіне қарсы бағытталады. Біздің күресіміз тағы атамекеніміздегі орыс үстемдігінен құтқарып, өз тағдырымызды өз қолымызға алуымызға кедергі жа-сайтындарға қарсы бағытталады. Большевиктер өзара айтысып, қырқыса берсін. Біз оларды бір жаққа қоя тұрып, бәрінен бұрын өзіміздің шын мәніндегі тәуелсіздігіміз үшін күресе беруге тиіспіз [1, 84-б.].

 

Кеңес үкіметі тепкісіндегі халықтардың арасында толассыз бас көтеріп келе жатқан бір халық болса, ол – біздің түркістандықтар екеніне де шүбә болмаса керек. Оған себеп – Түркістандағы орыс большевиктерінің әдеттен тыс езуі мен қанауы, қатыгездігі болып отыр. Түркістан халқы орыс большевиктерінің жекелеген саясатына ғана қарсы күресіп жатқан жоқ, «орыс пролетарлары билігінің» тұтас жүйесіне қарсы күресіп келеді [1, 85-б.]. 

         

Ең алдымен барлық күштерді бір мықты саяси ұйымның маңына топтастыру керек. «Түркістан ұлттық бірлігінің» бірінші кезектегі міндеті және таяу арадағы мақсаты: «1) Түркістанды орыс пролетариаты үстемдігінен құтқару; 2) Түркістанда орыстың кез келген  үстемдігінің  орнауына жол бермеу; 3) Бәрінен бұрын ұлттық, тәуелсіз Түркістан мемлекетін құру болып табылады [1, 86-б.].

 

Біздің ұлтты құтқару жолындағы күресімізде табыстарға жетуіміз бен өз тағдырымызды өз қолымызға алуымыз ұлтымыздың ауызбірлігіне байланысты [1, 87-б.].

Біз тәуелсіз Түркістан үшін керекті барлық қасиетті жас ұрпақтан күтеміз[1, 87-б.].

Әртарапта бытырап жүрген жас түркістандықтарды Түркістанның тәуелсіздік мұраттар жолындағы қасиетті күрес  майданына топтастыру – Түркістан ұлттық ұйымының ең маңызды және маңдай алды міндеті [1, 88-б.].

Көтеріліс – езілген халықтың езушілерге қарсы өшпенділік сезімінің бір бұлқынысы, ұлттық және тәуелсіз Түркістанның рухы мен факторы – жас түркістандықтар [1, 88-б.].
 

Түркістандағы Кеңес үкіметі дегеніміз – орыс жұмысшылары атынан әрекет жасайтын орыс үкіметінен басқа ештеңе емес [1, 98-б.].

 

Түркістандағы Кеңес үкіметі біз үшін ешқашан, ешбір жағдайда ұлттық болып көріне алмайды [1, 98-б.].

         

Біздің мұратымыз – ұлттық тәуелсіз Түркістан. Ұлтшылдық біздің,  соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса,  біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек [1, 99-б.].

 

Бір халықтың тартқан тауқыметі қанша ауыр, көрген қорлығы қанша көп болса, оның бойындағы намысының оянуы және қарсыласу күшінің артуы да сонша тез болады [1, 103-б.].

 

Ұранымыз – «Түркістан түркіс-тандықтардікі!» болуы тиіс. Халқымыздың бақыты мен гүлденуі сонда ғана қамтамасыз етіледі [1, 106-б.].

         

Орыс большевиктері Түркістанды Ресейге тек орыс қаруының күшімен, дүние жүзінде бұрын-соңды болмаған жауыз, қатыгез үстемдікпен байлап ұстауда [1, 110-б.].

Өйткені ұлттық кадр мәселесі біздің ұлттық күресіміздің ең негізгі мәселелерінің бірі болып саналады [1, 112-б.].

Ұлттық тәуелсіздік – бізді дүниеден оқшаулап тастайтын Қытай қорғаны болмайтыны сияқты, ешкімнің құқығына қарсы қойылмайды да. Ұлттық тәуелсіздік – отаршыл озбырлардың езгісінен, талан-таржысынан атамекеніміз бен халқымызды құтқару қозғалысы болып табылады [1, 115-б.].

 

Тіл – тек адамға ғана тән, аса құдіретті құрал. Сондықтан тілді қадірлеудің, әрбір сөздің мағынасын, мәнін ұғып, оны орынды пайдалана білудің мәні зор.Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл. Кешегі Ресей тіліміздің дамуына жол бермеді. Ол кезде біздің ұлттық басылымдар шығару құқығымыз жоқ болатын [1,133-б.].

 

Ресейдің оқу-орындарында, әсіресе техникалық оқу орындарында амалын тауып барып оқып жатқан Түркістан жастары да өз  тілінен шала сауатты, тіпті мүлде мақұрым қалды[1, 133-б.].

 

Асылында халықтың рухани дүниесі (мәдениеті) біртұтас нәрсе. Оны «мазмұнға» және «формаға» бөлуге болмайды. Кез келген рухани мәдениет өзінің мазмұнымен айқындалады [1,134-б.].

 

Социализм – экономикалық теория болумен бірге, ұлттық теория да болып табылады. Барлық ұлттардың барлық жағынан теңдігі қамтамасыз етілмейінше, нағыз социализм туралы сөз болуы мүмкін емес [1,135-б.].

 

Орыс большевиктері социализмді желеу ете отырып, енді екі-үш жыл ішінде біздің ана тіліміз – түрік тілін өзінің тарихи құқығынан мақұрым етуді көздеп отыр [1, 135-б.].

 

Біздің мұратымыз – бөлінбейтін біртұтас Түркістан. Біз келешекте Түркістанымызды бөлінбес біртұтас ұлттық мемлекет түрінде көргіміз келеді [1,141-б.].  

 

Келешектегі тәуелсіз Түркістан үкіметінің ең басты міндеті – байыпты да парасатты саясат жүргізе отырып, бүкіл түрік атаулыны бір қазанда қайнатып, ақырында бір ұлы ұлттық мемлекет түзу болып табылады [1, 141-б.].

         

Біз өзіміздің барлық іс-қимылдарымыз бен бой көрсетулерімізде Мәскеудің қазіргі және ертеңгі диктатурасына қарсы күрес майданына жұмылған ынта-жігерімізді аз да болса басқа жаққа бұратындай ешбір іске бармауымыз тиіс [1, 147-б.].

 

Аз да болса ойлау қабілеті  бар және адамдық қадыр-қасиетін жоғалтпаған әрбір адам өз халқының тағдыры хақында бас қатырмастан, орыс найзасының ұшымен жүргізіліп жатқан «екі беткей» ұлттық саясаттың ырқында кете бармайды. Ресейде бұрынғы  патшалық орыстар, қазіргі қызыл большевик орыстар тарапынан жүргізіліп келген және жүргізіліп жатқан отаршылдық ұлттық саясаттан басқа, қайдағы бір лениндік ұлт саясаты деп  аталатын, «шапағатты саясат» бар деп дәлелдеу үшін, ол адам  ар-ұяттан біржола безген болуы керек [1, 152-б.]. 

 

Біздіңше, белгілі бір мұрат- мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегіне жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп айтуға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады [1,154б.].

 

Зиялылардың міндеті ұлы да қасиетті болуы себепті өте ауыр [1,154-б.].

 

Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіріп, олардың  санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізуде ұлы тарихи міндеттің маңызды бір бөлігі зиялылардың үстіне жүктеледі [1,155-б.].

 

Ұлт – басқаларға тәуелді болмаған, өзінің мекемелеріне ие және өзінің бірыңғай мүддесі бар халықтар жиынтығы [1,155-б.].

 

Дүние жүзінде зиялыларсыз ұлтқа айналған саяси, әлеуметтік халық бұқарасы бірлігі ешқашан болған емес. Сондай-ақ халық бұқарасынан қолдау көрмеген жағдайда зиялы қауым ештеңе істей алмайды [1,155-б.].

 

Халықты ұлт деңгейіне көтеру, яғни оны жат үстемдіктің тепкісінен құтқарып, өз мекемелеріне ие, тәуелсіз бір жеке тұлғаға айналдыру  сынды негізгі мақсатқа жету үшін ұлттық зиялы қауым мен ол өзі тән болып отырған халық бұқарасы арасында бір ортақ сана болуы тиіс. Міне, осы сананы айқындау, яғни халық тілегін дұрыс және анық бір формаға келтіру, аталған мақсатқа жету үшін іс пен әрекет бағдарламасын жасау зиялылардың міндеті [1,155-б.].

 

Зиялылар өз халқына қызмет етудің, халықпен ортақ тіл табыса білудің неғұрлым тиімді жолдарын таба білуі тиіс [1,155-б.].

Батыс тәрбиесін алған зиялылардың  аянышты жері – рухани жақтан өз халқына өгей болып қалуы еді. Батыс тәрбиесі көптеген туыстарымызды халқымыздың жан дүниесіне сіңген, ұлттық тарихымыздың өн бойында жатқан «Шығыс зердесінен» айырды. Олар, яғни Батыс тәрбиесін алған туыстарымыз басқа жақтан жинаған білімдерін өз халқының өмірімен бірлестіре алмады [1,155-б.].

 

Біз бүгін «Шығыс рухы басым болуы себепті мешеу қалған» деп саналатын Түркияда Батыс білімі жергілікті жағдайларға сәйкес сәтті қолданылып жатқанын көріп отырмыз. «Батыс білімін» «Шығыс рухымен» ұштастыру үстіндегі Түркия тәжірибесі біз үшін аса құнды.  Біздіңше, дүние тарихында бұрын-соңды  көтерілмеген жетістіктердің түпкі себептері – Түркия ұлттық күштерінің Еуропа тәрбиесін алған түрік зиялылары мен шығыс зерделі зиялылары түркі менталитетін (Mentalitet) сәтімен үйлестіре алуында жатыр [1,157-б.].

 

Біздің болашағымыз, біздің ұлттық төңкерісіміз бен ұлттық мемлекетіміз жастарымыздың үміті мен сеніміне байланысты [1,160-б.].

 

Мәскеудің Түркістандағы ұлттық саясатының мәні қандай екенін оқырмандарымыз өте жақсы біледі. Ол – атамекеніміз халқының ұлттық сана сезімін тұншықтырып, оның қандай да бір көріністеріне жол бермеу, түрікшілдіктің белгілерін түбірімен құрту болып табылады [1,163-б.].

 

Түркістан түріктерінің ұлттық рухына, түрікшілдік қасиеттеріне қарсы рақымсыз күрес жүргізу – орыс большевизмі мен кеңестік Ресейдің Түркістандағы  ұлттық саясаты қамтып отырған басты мазмұндар, міне, осындай [1,163-164 бб].

 

Түрікшілдік пен кемализмге қарсы күресу – большевик-теоретиктердің ең сүйікті кәсібі [1,165-б].

Большевиктер атамекеніміз Түркіс-танда ұлтымыздың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болады [1,166-б.].

 

 Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсiздiгi болуы мүмкiн бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, бiлмейдi де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесi. Ал ұлттық рухтың өзi ұлт азаттығы мен тәуелсiздiгi аясында өсiп дамиды, жемiс бередi [1,166-б.].

Мәскеу Түркістанымызда түрікшілдікке қарсы күресуде. Ол сол арқылы Түркістан түріктерінің өзінің сүйікті Түркиясына деген сүйіспеншілігі мен махаббатын суытып, ақырында жойып та жіберуді мақсат етеді [1,166-б.].

 

Рухани мәдениет үстем жауын табанда жусатып тастамағанымен, дұшпандарын мысымен басып, өзге халықтардың құрметіне ие бола алады. [1,171-б.]

         

Халқымыз жәй әншейінгі адамдардың жиынтығы емес, өзіне тән мәдениеті бар қауым екенін, сондай-ақ қазіргі жүріп жатқан саяси талас-тартыстар тек «күн астынан бір жағрафиялық орын» алу үшін ғана емес, өз мәдениетін күллі әлемге, соның ішінде Еуропаға да таныту екенін білуге тиіспіз. Біздің ең басты саяси міндетіміздің бірі, міне, осындай [1, 171-б.].

 

Түркістан тек өзінің саяси тәуелсіздігі үшін ғана емес, сонымен қатар түріктің ұлттық рухани мәдениеті үшін де күресуде [1,173-б.].

 

Түркістан түріктері ұлт ретінде құл болғысы келмейді. Олар өз халықтарының мүддесі үшін, тәуелсіз ұлттық мемлекетін құру үшін күресетін болады [1,175-б.].

 

Түркістандықтардың қазір бір ғана тілегі бар. Ұлттық мемлекет түрінде өмір сүрудің қадір-қасиетін бізден гөрі жақсы білетін туысқан Түркиядан біздің ұлттық бостандығымыз бен тәуелсіздігіміз жолындағы күресіміздің мән-мағынасын төмендететін, рүхымызды жасытатын дауыстар естілмесе  екен дейміз [1,176-б.].

 

Адаспау үшін, адаса қалғанда дұрыс жолды табу үшін де білім керек. Біз, түркістандықтар, орыстандыру дәуірін артқа тастап, ұлтты құтқару күресін жүргізіп жатқанымызды естен шығармайық [1,180-б]. Таптық күрес  ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін [1,192-б].

 

Ой еркіндігін құрметтеу бұлжымас заңға айналған батыстың ең демократиялы деген елдерінің өзінде, егер сол ойда қылмыс жасаудың бір белгісі сезілсе, біреудің мүддесіне қауіп төңдіру немесе нұқсан жеткізу сынайы байқалса, онда жаңағы «еркін ойға» заң жүзінде тыйым салынды [1, 204-б.].

 

Орыстың патшалық мекемелері біздің ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктер басқаруы халқымызды ұлттық сезімнен жұрдай  етуге, мұндай сезімді көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр [1, 226-б.].

 

Мемлекеттің іштей біріккен күштерін өздерінің ұлттық тәуелсіздігі жолында Ресейге қарсы күресіп жатқан басқа да халықтардың күресімен үйлестіру лазым. Тығырықтан  шығудың бұдан басқа жолы жоқ. Тек осылай еткенде ғана бостандыққа  және тәуелсіздікке жету мүмкін болады [1, 226-б.].

Ресей – дүние жүзінде ең қомағай, ешқашан тойымы жоқ мемлекет. Ол жерді қанша көп иемденсе, соншалықты араны ашыла түседі. «Тәбет тамақ үстінде ашылады» деген мақал Ресейдің осындай ашкөздігіне байланысты шыққан десе де болады [1, 227-б. ].

 

Жәдитшілдік – адамдардың жеке басын алаламайтын, таптарға бөлмейтін жалпыға бірдей саяси еркіндік пен бостандықты мұрат тұтқан, ұлттық салауатты, алға басар қозғалыс болатын [1, 229-б.].

 

Түркістанды құтқару және тәуелсіз етудің жолын шын көңілмен іздеген әрбір адамды, Түркістанда ішкі күресті болдырмауға тілектес әрбір жанашыр жастарымызды аялайық [1, 235-б.].

 

Ашығын айтқанда, өздерінің тәуелсіздігі жолында күресіп жатқан Түркістан,  Кавказ, Еділ-Орал, Қырым және казактардың жеке-жеке әрекетіне пәлендей бір нәтиже шықпайды. Барлық күшімізді біріктіріп, бірлескен шеп және бірлескен бір тәуелсіз орталық құруымыз лазым [1, 239-б.].    

 

Ұйымдарымыз бытыраңқы. Араларында жүйелі байланыс жоқ. Іс-қимылымызды біріктіру жөнінде мықтап ойланатын уақыт келді. Біздер – Кавказ, Украина, Түркістан, Еділ-Орал, Қырым және егеменшіл казактар – күштерімізді  біріктіріп, бір мықты орталық құруымыз тиіс. Бұл орталыққа біріккен әрбір ұлттық ұйым өз дербестігін сақтай отырып, сонымен қатар орыстың большевиктік немесе большевиктік емес империалистеріне  қарсы күресте  біздің ұлттық бірлігімізді қамтамасыз ететін болады [1, 240-б.]. Біз, «орыс жерінен» бөлініп тәуелсіздік үшін күресуші ұлттар күшімізді біріктіріп, қатарымызды нығайтайық [1, 240-б.].

Большевиктер «отарлық құлдықта» деп санайтын үнділер Үндістанның тәуелсіздігі хақында шетелдіктермен ашық сөйлесе  алады. Ал «Кеңес ұлттық республикасындағы» туысқан халықтар болса «тәуелсіздік» туралы жұмған ауыздарын ашуы мүмкін емес [1, 243-б.].

 

Қазір  бәріміздің бір ғана ортақ мақсатымыз бар. Ол – тәуелсіз ұлттық мемлекет құру [1, 246-б.].

 

Жауымыз күшті. Ол біздің барлық өмірлік мәні бар буындарымызды өз қолында ұстап отыр... Сол себепті біздер армандап отырған мақсатымызға жетудің бір ғана жолы бар десек, ол жол – тәуелсіздік жолындағы барлық күрескерлердің күш біріктіруі [1, 246-б.].

 

 Қазақ, қырғыз, өзбек, түркімен... – бәрі бір кісідей жұмылып Түркістанның ұлттық ұраны астына топтаспайынша, Түркістанның болашағын қамтамасыз ету мүмкін емес [1, 256-б.].

 

Түркістанның болашағы «тәуелсіз Түркістан» ұраны астында Ресейден бөлініп шығып, Түркістан мемлекетін құратын халық бұқарасының қолында. Татарлар мен башқұрт бауырларымыз Түркістан Түрік мемлекетімен қойындасып, қолтықтасып кете алса, түрікшілік пен түрік рухы үшін ұлы табыс болар еді [1, 256-б.].

 

Біз бүгін ұлтты құтқару күресімізде, ұлттық құрылысымызда түркістандықтарды ру, ұлыстарға бөліп, іштен іріткі салатындарды Түркістан ұлтшылдық идеясы мен мұраттарының жаулары деп есептейміз [1, 256-б.].

 

...Қазір қолымызда ешқандай бір билік жоқ. Атамекеніміз дұшпандардың тепкісінде жатыр. Біз қазір билік үшін емес, атамекенімізді қанішер жауларымыздан құтқару үшін күресудеміз [1, 262-б.].

 

Бізді 1918-1919 жылдарда жеңіліске душар еткен нәрсе орыс большевиктерінің қарулы күші ғана емес еді, сонымен қатар өзіміздің ұйымшыл және батыл бола алмағанымыз және ұлттық күресімізді ұйымшылдықпен батыл жүргізе алмауымыздан да еді [1, 262-б.].Түркістанда жарты ғасырға созылған орыс үстемдігі ішкі күштерімізді құлатумен ғана  тынбастан, ұлттық ынтымағымызға да сына қағып үлгерді [1, 263-б.].

 Біздің ұлттық мұратымыз – азат және тәуелсіз ұлттық Түркістан мұраты  - жеке адамдардың әлсіздігі мен Мәскеу диктатурасының террорлығына қарамастан жасай беретін болады. Және біз оған, сөзсіз, сенеміз [1, 272-б.].

 

...Нағыз достардың шын парызы бірінің қателігін бірі көрсетіп отыруы және ықтимал қателіктерден сақтандыруы болса керек [1, 287-б.].

 

Автономия –  біздің басымыздан өткен бір үзік ғұмырымыз. Ол – біздің орыс төңкерісіне, орыс демократиясына сенген аңғал дәуірімізден қалған бір белгі [1, 287-б.].

 

 Ал «Яш Түркістан» – біздің болашағымыз, Түркістанның азаттығы мен тәуелсіздігі жолындағы күресіміздің туы. Күрес туы – бұл әлі жеңістің өзі емес. Тек жеңіске шақыру ғана [1, 287-б.].

 

Біздің саяси және ұлттық азаттығымыз ең алдымен  біздің өз ісіміз. Біз осы ұлы мақсатқа  өз ішіміздегі ынтымақты күшейте отырып,  біздер сияқты ұлтының азаттығы жолында күресіп жатқан  басқа да ұлттар тізе қоса қимылдағанда ғана тезірек жете алатын боламыз [1, 288-б.].

 

Рухани салада маңызды рөл ойнайтын әліп-би мәселесінде де кеңестердің саясаты белгілі. Олар өз тепкісінде отырған түріктерге орыс алфавитін зорлап таңу арқылы түркиялық бауырларымызды бөліп тастауды көздейді [1, 292-б.].

 

Кеңес мектептеріндегі оқу ұлттық мораль, ұлттық сезім және ұлттық рух үшін қандай үрейлі екені жөнінде бұл арада айтып отырудың қажеті жоқ [1, 292-б.].

Пантүркизм, панисламизм – бұлардың бәрі орыс саясаткерлері душар болған «түрік ауруының» көріністері [1, 298-б.]. Кеңес үкіметі өмір сүрген 16 жыл ішінде ешқандай бір оңды істер болмады десек, ол да дұрыс болмаған болар еді. Табыстар  да жоқ емес. Алайда мұндай табыстардың көпшілігі большевиктердің «төңкерістік жоспарларында»  көрсетілгендей емес [1, 339-б.]. Жұмысшы демократиясы дегеніміз  – тарихтың табиғи қажетіне сәйкес бірігіп, бүгінгі саяси демократияның шеңберінде  бола отырып, жалпы жұмысшы табының дербес тап ретінде өзін көрсете алуы болып табылады [1, 343-б.]. Ұлттардың бөлініп шығып, өздерінің тәуелсіз мемлекеттерін құруға дейінгі құқықтары ақыр аяғында «бос сөз» болып шыққаны тәрізді, пролетариат диктатурасының 16-жылында дәріптеліп жатқан «ұлттардың өзін-өзі басқаруы» құқығын қамтамасыз ету туралы айтылып жүрген ұрандар да ақыр соңында «бос сөзден» басқа ештеңе де болмай шығарына біздің сеніміміз кәміл [1, 344-б.].

 

Біз еркін және азат өмір сүргіміз келеді. Біз де Түркия тәрізді ұлттық билікке қол жеткізуіміз керек.  Осы мақсатымызға жету үшін біз өзімізге қарсы  келген күштермен күреспей тұра алмаймыз [2, 11-б.].

 

Біз  түріктерді  нұрлы  болашаққа,  ұлы түрік бірлігіне жеткізетін бірден-бір жол – ұлттық тәуелсіздік мұраттарының жер-жердегі түріктер жүрегіне терең ұялауында және осы бағытта қажымай-талмай күресе білуінде деп түсінеміз [2, 17-18 бб.].

 

Большевизм мен ұлтшылдық бір-біріне ешқашан жанаспайтын екі басқа дүние.  Большевизм ұлтшылдықты теріске шығаратыны тәрізді, ұлтшылдық та большевизмді теріске шығарады [2, 18-19 бб.]. 

Большевиктер өздері негізінен теріске шығаратын ұлтшылдықты кейде мақсатқа жету  жолындағы құрал ретінде пайдаланудан бас тартпайды. Мәселен, большевиктер еуропалықтарға қарсы қою үшін «қытай ұлтшылдығын» таниды және қолдайды. Ағылшындарға қарсы үнді ұлтшылдығын да оңды құбылыс деп санайды. Сонымен бірге оларды мойындай, қолдай отырып, ұлттың ішкі бірлігіне іріткі салуды, ондағы күштерді өздерінің «пролетарлық төңкеріс» идеяларына қарай икемдеуді де ұмытпайды [2, 19-б.].

Біз өз атамекенімізде кемализмді қорғау тұрғысынан шыға отырып, кемализм жеңістеріне, әлдекімдер айтып жүргендей, орыс большевиктерінің материалдық және идеологиялық көмегінің арқасында емес,  ең алдымен түрік қоғамының салауатты ұлттық негіз үстіне құрылуы арқасында, түрік халқының асқан ерлігі, жол бастаушыларының парасаты мен көрегендігі арқасында қол жеткенін – міне, осы даусыз шындықты өз халқымызға барынша ашық айтып отыруды өзіміздің парызымыз деп санаймыз [2, 22-б.].

Біз, түріктер, Түркияға қатысты мәселелерде аса абай болуға тиіспіз. Түркияның төл мүдделерімен, оның ішкі және сыртқы саясатымен қайшы келетін істерге бармауымыз лазым. ...Сол себепті де біз, Шығыс Түркістандағы болсын немесе басқа жерлердегі болсын, барлық түрік тұқымдас бауырларымызды осы бір түйінді мәселені дұрыс түсінуге, ағат басудан сақ болуға шақырамыз... [2, 28-б.].

 

Ұлттық күрестің мүддесі осы күреске белсене қатысқан әрбір жеке адамның мүддесіне немқұрайлы қаралмауын талап етеді [2, 29-б.].

 

Біз саяси қайраткерлерді оның  ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз [2, 30-б.].

 

Қазіргі жағдайда ұлттық қозғалыстарды басқарып, жетекшілік ететін жеке тұлғаларды қорғап қана қоймай, олардың беделін арттыруға да күш салуымыз керек [2, 30-б.].

 

Біздерге – Ресейден бөлініп, өзіміздің тәуелсіз мемлекетімізді құру мақсатында күресіп келе жатқан халықтарға, Ресейге қарсы бағытталған  ұлттық күрестеріміздің мүддесі тұрғысынан қарағанда Кавказ мәселесі айрықша маңызды. Кавказ шебінің күші – бәріміздің күшіміз және әрқайсымызды  жеке-жеке алғанда да – солай болып табылады. Кавказияның өзі де өзара бірлік түзіп қимылдағанда ғана тегеурінді бола алады.  Осындай бірлескен  тегеурінді шеп, міне, бүгін дүниеге келіп отыр [2, 34-б.].

 

Алаш партиясы – Ресей қол астындағы түріктер ішінен  саяси партиялардың ең радикалы еді [2, 90-б.].

Біздің ұлттық талаптарымыз – Түркіс-танды жат жұрттықтардың тепкісінен біржола құтқарып, өз тәуелсіздігімізді өз қолымызға алып, ұлттық мемлекетімізді құру. Большевиктерге қарсы жүргізіп жатқан күрестеріміз – біздің сол мақсатқа жету жолындағы іс-қимылдарымыз бен тәсілдеріміз болып табылады [2, 95-б.].

Кеңес үкіметі өзі қорғаштап-қолпаштап келе жатқан «ұлы орыс шовинизмінің» өктемдігі мен озбырлығын бір сәтке болса да әлсіреткен емес. Ол қазір ұлттық кадрларды дайындайтын ұяларға да орнығып алды [2, 103-б.].

 

Саяси партия дегеніміз – сол халықтың саяси қимылы (әрекеті) және оның өмірі мен болашағының бағыт-бағдарын таңдауы болып табылады [2, 108-б.].

Ол (Әлихан – Ә.Б.)  өз халқына жат пролетариат қозғалысы мен пролетариат диктатурасының кесір-кесапатын жұрттың бәрінен бұрын сезді. Түсінді. Ол Сталинге өзінің осы көрген-білгендерін батыл да ашық айтқан болатын. [2, 109-б.].

 

Асылында, халық арасында тек дін таратушы ғана емес, жат мәдениет таратушылар да миссионерлер болып саналады [2, 111-б.].

 

Поляктар – өзім құтылдым, өзгелер не болса, ол болсын деп әсте ойламайтын, адамгершілігіне қаһармандығы сай ғажайып халық  [2, 117-б.].

 

Атамекенді сүю дегеніміз – өзіңнің жеке басыңның талаптарын қанағаттандыру немесе белгілі бір топтың не бір жеке адамның мүдделерін қорғау дегендік емес. Атамекенді сүю – оның тұтас мүддесіне қызмет ету, осы жолда әрқашан қызмет етуге, керек болса жанпида  қылуға дайын тұру болып табылады [2, 127-б.].

 

Жалпы ұлттық мүдде жеке топтардың мүддесінің жиынтығынан тұрмайды [2, 127-б.].

         

Жалпы халық бұқарасы мен ұлттық мүдде тұрғысынан әділ саясат жүргізушілер кейбір жекелеген адамдарға және кейбір топтарға «жеккөрінішті» болып көрінуі ықтимал [2, 127-б.].

 

Тарих рақымсыз. Ол ғұламаны да, білгірді де, өнер иесін де, хандар мен патшаларды да аямайды. Ол өз заңына қарсы келгендердің бәрін езіп-жаншып жүре береді [2, 128-б.].

 

Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар  мен жеке топтың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің  белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар  ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады [2, 128-б.]. Тіке, жеке және жасырын дауыс беру жолымен сайлау – сайлаушылардың өзі қалаған адамына дауыс беруін қамтамасыз ететін ең қолайлы тәсіл [2, 128-б.].

 

Парламентаризм көпшіліктің мүддесін үкіметтің озбырлығынан қорғайды [2, 128 б.].

 

Алманияның ұлы мемлекет қайраткері Бисмарк: «Әкімшілігінен ынсап кеткен жерде заңнан қайыр жоқ» деген еді [2, 164-б.]. «Біртұтас және азат Түркістан» – біздің кір шалмас қасиетті ұранымыз, міне, осы [2, 168-б.].

 

Ұлт құтқару күресіміздің, «ұлт-азаттық ғасыры» аталған заманымыздың мәні мен маңызын жан-жақты ашып көрсету міндеті түркістандықтардың алдыңғы қатардағы өкілдеріне жүктелетіні өз-өзінен түсінікті [2, 196-б.].

 

Қай кезде де есте ұстауға тиісті бір басты нәрсе бар: өз өміріміз бен өз күшімізді танытатын қуатты ұйымымыз бен белсенді іс-қимылымыз болмайынша, басқалардан көмек дәмету орынсыз... Мұндай күрес, әрине,  ұрыс-соғыс түрінде емес, түсіндіру, иландыру, ұлттық ар-намысты ояту арқылы жүргізілуі тиіс [2, 197-б.].

 

Біз халқымыздың құқығы үшін,  ұлттық мемлекетін құру сәтін жақындату үшін күресеміз. Біз мемлекетімізге қол жеткенін көріп қана қоймай, оны құру істеріне де қатынасқымыз келеді. Біздің үміттеріміз бен армандарымыздың орындалуына ешқандай шүбә келтірмейміз, сонымен қатар  сол бір бақытты күндер біз ойлағандай тез жақындамауына байланысты туған уайымымызды да жасырмаймыз. Сол үшін де біз барлық күш-қуатымыз бен ақыл-парасатымызды атамекеніміздің азат болатын күнін жақындатуға бұдан былай да жұмсай беретін боламыз [2, 213-б.].

 

Үміт, сенім, иман – ұлттық күреске бел байлап кіріскен адамдар үшін аса қажетті қасиеттер. Әрине, жалғыз осылармен ғана жеңіске жете алмайсың. Жеңіске жету үшін осы аталған қасиеттермен қатар білім қуаты керек. Техникалық білімге ие болу, қару-жарақтарды емін-еркін қолдана білу керек. Олай болса, азаттық күреске аса қажет нәрселер – үміт, иман, сенім тәрізді рухани-моральдық факторлармен  бірге ғылыми-техникалық білімнің өзара тығыз бірлігі.  Азаттық күресте бұдан басқа тура әрі қысқа жол болмайтынын зердемізге тоқып, санамызға сіңіріп алғанымыз жөн [2, 214-б.].

 

Түркістан түріктеріне, өз бірлігіміз – түрік бірлігі бәрінен қымбат. Бұл біздің таяудағы жылдарға арнап жасаған өткінші бағдарламамыз болмастан, ұлттық өміріміздің болашағы, мемлекеттік құрылысымыздың негізі болуы керек [2, 214-б.]. Патшалық отаршылдық саясат басқа ешбір жерде  дәл Түркістандағыдай қатігез болмағанын да естен шығармаған жөн. Орыс патшалығы халқымызды қараңғылық пен надандықта ұстауға, материалдық және рухани жақтан әлсіретуге барын салып бақты [2, 234-б.].

 

Бәрiнен бұрын өз қатарымызды, түркiстандық бiрлiгiмiздi күшейтейiк. Түркiстанның жұдырықтай жұмылған ұлттық бiрлiгiн Ресейден айрылу үшiн күресiп келе жатқан басқа халықтардың ұлттық майдандарымен тығыз үйлестiре отырып, орыс империализмiне қарсы қуатты күш ұйымдастырып, бiрге қимылдайық. Орыс империализмiне қарсы күрес майдандағылардың ұлтын, дiнiн, нәсiлiн, партиясын тергеп-тектемейiк, алаламайық. Тек осындай жол ғана бiздi ұлттық азаттыққа жеткiзе алады… Бұдан басқа жолдардың барлығы алдамшы, тұйық… Өзiнiң iшкi бiрлiгiн нығайта алған халықтар ғана тәуелсiздiгiне қол жеткiзе алады. Және оны қорғап қала алады [2, 235-б. ]. 

 

Біздің азаттыққа және тәуелсіздікке бастайтын ең төте  және ең қысқа жол – Түркістан ұлттық майданының ішкі бірлігін барынша нығайту және оны ұлт-азаттық орталықтарымен тығыз үйлестіру. Бұлай болмаған жағдайда азаттық пен бостандық туралы  сөз болуы мүмкін емес [2, 236-б.].

Орыс мектептерінде оқып, орысша тәрбие алған орыс емес ұлт зиялылары, өздері меңгерген ғылым-білімдерін туған халқының игілігіне жұмсай алмай, орыс зиялыларының тобын көбейтіп, орыс білімін толықтыру үшін қызмет етті [2, 243-б.]. Біз бостандық пен тәуелсіздікті жеңіп алуға мәжбүр болып отырмыз. Содан соң біз ұлттық тәуелсіздігімізді құрметтеп қана қоймай, бізбен тең тұрғысы келетін күштермен ғана келісім жасау жөнінде пікір алысулар өткізуге әзір екенімізді мәлімдейміз [2, 252-б.].

 

Кеңестер Одағында орнаған Сталин социализмі – үкіметтің халық бұқарасын қанап-тонауы үшін қызмет ететін саяси жүие екені ешкімге құпия емес [2, 254-б.].

Бұл күнде Қоқан автономиясымен рухани сабақтастық дегеніміз – Қоқан автономиясы тұсында бой көрсеткен, қалыптасқан Түркістан ұлттық бірлігін қайтадан жаңғырту, нығайту болып табылады [2, 275-б.]. Егер біз ішкі бірлігімізді сақтап қала алсақ, дұшпанымыз кім, досымыз кім екенін қатесіз айыра алсақ,  үмітіміз бен сеніміміз еселеп артатын болады [2, 342-б.].

Әлихан бізге ылғи да: «Ұлтқа пайдалы адам болғыңыз келсе, бәрінен бұрын орыс үкіметінің атамекеніміздегі жер саясатын мұқият зерттеп үйренуге тырысыңыздар. Сізге не істеу  керектігін осы саясаттың өзі-ақ көрсетіп береді», -  деуші еді [2, 369-370 бб.].

 

Түрік бірлігі туралы менің қашаннан бері дәріптеп келе жатқан уәжім мынандай: бізге қатыссыз және біздің еркімізбен жоғалып кетпейтін себептермен байланысты біз өзіміз қатысып келген «Прометей майданына» адал болып, соның ішінде  түркістандықтар, еділ-оралдықтар  және қырымдықтар дос-дұшпанның көз алдында бір-бірімізге мәдени-рухани байланыстарымызды нығайтып, әйгілеп жүрейік дегендік еді [2, 383-б.].

Баспаға әзірлеп, дайындаған

саяси ғылымдар докторы, профессор

Әбдіжәлел БӘКІР

Пайдаланылған әдебиеттер: 
1.Мұстафа Шоқай. Үш томдық шығармалар жинағы. І-том. 
2.Мұстафа Шоқай. Үш томдық шығармалар жинағы. ІІ-том. 

2166 рет

көрсетілді

228

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз