• Ел мұраты
  • 28 Ақпан, 2022

ҰЛТТАНДЫРУ ФИЛОСОФИЯСЫ

Қазақстан Республикасында білім саласына қатысты қабылданған заңдар, бағдарламалар, Еуропа және әлемдік деңгейлерде білім жүйесін дамытуға байланысты мақұлданған құжаттар негізінде білім беруді дамыту тұжырымдамаларының мақсат-міндеттері айқындалған.Білім беру деңгейі – экономикалық және ғылыми-техникалық прогрестің бастау көзі, мемлекет пен қоғамның табысты дамуының кепілі. Білім беру саласы елдің бәсекеге қабілеттілігіне, ұлт болашағына және мемлекеттің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Білім беруді ұлттандыру – жалпы ұлт үшін аса маңызды міндеттердің бірі.Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев білім мен ғылымды республикамыздың отыз жылдықта дамуының стратегиялық бағыты ретінде анықтады. «Мен білім беру жүйесіндегі іс жағдайын түбегейлі өзгертуді стратегиялық міндет деп санаймын»; «Ұлттың бәсекелестікке қабілеттілігі бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады», «Білімін дамыта алмаған елдің XXI ғасырда тығырыққа тірелері анық»; «Білім беру реформасы – Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдарының бірі. Бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажет», ‒ деп Елбасының Қазақстан халқына жолдауларында атап көрсеткен.Елбасы еліміздің білім беру саясатының мақсат-міндеттерін, білім беру әлеуетін дамытудың стратегиялық міндеттерін, мемлекет пен қоғамның келісімделген әрекеттерін жүзеге асыру қажеттілігін анықтап берді.

Тәрбие жүйесіне және тәрбиелік қатынастарды құруға үш жаһандық дүниетанымдық жүйелер өз әсерін тигізуде. Олар: космоцентризм, теоцентризм және антропоцентризм. Космоцентризм ‒ өте ертеден келе жатқан дүниетанымдық жүйе. Оның негізіне бастан-ақ Табиғат пен Космосты ерекше дәріптеу алынған. Космоцентризм адамның, қоғамның және табиғаттың дамуының бірдей заңдылықтарының қызметін көрсететін жаһандық дүниетанымдық жүйе деп танылды. Теоцентризм – бұл әлемді жасаушы Құдай, негізін салушы және жаратушы деп ұғынылады. Бұл ілімнің тұжырымдамалық негіздері – Торада, Библияда және Құранда мазмұндалған. Антропоцентризм – әлемдік дүние ортасында Адамды оның билеушісі ретінде қойған жаһандық дүниетанымдық жүйе.

Сонымен, үш дүниетанымдық жүйе тікелей тәрбие жүйелерін анықтап, бірімен-бірі ретімен алмасып отырған. Тіпті, бүгінгі күні де үшеуі белсенді түрде қызмет етуде. Тәрбиелік қатынастарға танымдық табиғат тән. Бұл қатынастар әдіснамалық деңгейде ғылыми ұғым және тәрбие тәжірибесі ретінде негізделген. Өйткені, тәрбиелік қатынастар дегеніміз ‒ ұйымдастырылған таным. Таным олардың мазмұнын анықтайды, ал ұйымдастыру – қатынастарды қалыптастыру ерекшелігі. Тәрбиелік қатынастар ‒ тәрбиеленуші мен тәрбиелеуші Адамның таным барысындағы өзара әрекеттің ерекше қасиеті. Соңғы кезде тәрбиелік қатынастар, тәрбиелік кеңістік, тәрбиелік үдеріс, тәрбиелік үдерісті жобалау әдіснамалық негіздеу нысанына айналып, қарқынды зерттеулер жүргізілуде.

Қашан да әрбір азамат ұлттық дүниетанымы төңірегінде ойланып, өз жобасын құрастырып, оның қисынды іске асуын ойша пайымдап жүретіні бәрімізге мәлім нәрсе. Ұлттық даму тұжырымдамасы ұлттық идеядан бастау алады деп тұжырымдайды. Ұлттық идея жайлы саясаткерлер, тарихшылар, психологтар, мәдениеттанушылар салалы пікірлер айтуда. Бұл орайда ұлттық өркениет Батыс пен Шығыстың өркениетінен нәр алатынын тілге тиек етеді. Ұлттық мектеп қандай мектеп? Қазақ мектебінің қамын жеген ардақты зиялылардан бастап, бүгінгі алаштың ұрпақтарды да ой маржандарын ортаға салып жүр.

Тек ұлттық мектеп деп өз рухани кеңістігімізбен ғана шектелуге болмайды. Әрине, ол ұлттық мектептің мазмұны мен түрі өркениеттік болмақ. Мақсаты – ұлттық сананы, психологияны, ойлау жүйесін, дүниетанымын, парасатын, рухын, бейнесін, сондай-ақ ұлттың инновациялық қабілетін дамыту. Бұл дегеніміз – ұлттың генеалогиялық құрылымы мен генетикалық қорын белгілі бір тұжырымдама негізінде пайымдау. Осының бәрі – ұлттық қауіпсіздігімізді баянды етуге, өркениетте алдыңғы қатарда орын алуымызға себеп болмақшы.

Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: «...әлемде түрлі үрдістер қалыптасуда. Бірақ соның бәрі бірдей ұлттық мүддеге сай келе бермейді. Негізгі қауіп-қатерлер алда. Сондықтан қырағылық сақтай отырып, қиындықтарды еңсеруге әрдайым дайын болуымыз керек», ‒ деді.

Қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз етуде Тәуелсіз мемлекеттің тұрақтылығы мен Қазақстандық заңнаманың мемлекеттік саясатқа қойылатын талаптарының бірі ‒ ол халықаралық құқықтық құжаттарды негізге ала отырып, жеке тұлға қауіпсіздігін сақтау шаралары. «Қазақтан Республикасының баланың құқықтары туралы», «Мемлекеттік жастар саясаты туралы», «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алумен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы», «Отбасы үлгісіндегі балалар ауылы және жасөспірімдер үйлері туралы» және басқа да заңдарда баланың өмір сүруіне, жеке басының бостандығына, қадір-қасиетіне, жеке өміріне қол сұғылмауға, білім алуға, әлеуметтік қамтамасыз етілуіне, денсаулық сақтауға, медициналық көмекке, демалуға, қоғамдық өмірге, мәдени шараларға қатысуға құқықтарын және мүддесін сақтауға кепілдік беретін нақты нормаларға сүйену қарастырылған.

Республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән берiлiп отырғандығы Қазақстан Республикасы Конституциясында, Қазақстан Республикасы «Бiлiм туралы» Заңында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк «Бiлiм беру» бағдарламасында, Қазақстан Республикасы Президентiнiң республика халқына жолдауларында, «Қазақстан Республикасы тарихи сананы қалыптастыру», «Қазақстан Республикасы мәдени-этникалық білім беру» тұжырымдамаларында, «Адам құқықтарының жалпыға бiрдей декларациясында», «Бала құқығы туралы декларацияда» және үкiметтiң құжаттарында, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен ағымдағы басылым беттерiнде айқын аңғарылады. Патриоттық тәрбиенiң күре тамыры Күлтегiн, Тоныкөк, ХI-ХIII ғасырда елi мен жерi үшiн жан аямай күрескен Жалаңтөс, Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, т.б. батырлар ерлігінен бастау алады. Сонымен қатар, ұрпақ бойындағы жауынгерлiк сезiмiн оятып, туған жерге деген сүйiспеншiлiгiн қалыптастыруда негізгі орынға ие.

Мәңгілік ел идеясы тұрғысынан қоғамда патриоттық құндылықты қалыптастыру факторлары: мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен егемендігін сақтау, еліміз бен жерімізді ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап отыру; ұлттың ұлт болып қалыптасуының негізгі белгісі ұлттық тіл, яғни, қазақ тілін ұлтаралық тілдер мәртебесіне жеткізу; мемлекеттік тіл ретінде дамып, қалыптасуын жетілдіру әр азаматтың міндеті болып табылуы қажет; мемлекеттік тіл, ресми және республикада тұратын басқа халықтардың тіліне деген құрмет; ұлттық тарихи және мәдени мұраларға деген сүйіспеншілік пен құрмет; ұлттық экономикалық даму үдерісіне өз үлесін қосу; табиғатты қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру; әлемдік техникалық прогрестің алдыңғы қатарынан көріну, Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 30 елдің қатарына кіру стратегиясына сәйкес кәсіби мамандар қалыптастыруға жағдай жасау, т.б. қамтылады.

Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайту, елімізде асқақ руханият пен азаматтықты өркендету үшін бүкіл қазақстандықтардың күш-жігерін жұмылдыруға қажетті құбылыстың бірі ‒ республикада тұратын ұлттар мен ұлыстардың мәдени-этникалық мүдделерін жүзеге асырудың ықпалды мемлекеттік саясаты болып табылады. Қай халық үшін де барынша маңызды міндет – шынайы мәдени-этникалық ортаны жандандыру мен болашаққа аманаттау, ұлттық тектестікті сақтау міндеті ең алдымен мектеппен байланысты. Бүгінгі ұрпақтың ұлттық рухының мәдени шыңдалуына мектептің рөлінің жоғары екеніне аса мән беріледі. Еліміз егемендік алғаннан кейін Елбасының тапсырмасына сәйкес «Балапан» атты мемлекеттік бағдарлама жасалып, іске асырылды. Аталған бағдарлама төмендегі жеті мақсатты қамтиды:

1.Бала мен ананы қорғау.

2.Мемлекеттік тұрғыда әлеуметтік қорғауды қажет ететін балалар.

3.Мектепке дейінгі тәрбие.

4.Жасөспірімдердің құқық бұзу-шылық және қараусыздықтарын болдырмауға алдын-ала шаралар жүргізу.

5.Дарынды балалар мен жастарға тәрбие мен білім беруге байланысты «Дарын»бағдарламасы.

6.Орта білім беру жүйесін ақпарат-тандыру.

7.Экология саласы бойынша ғылым және білім Халықаралық «ГЛОУБ» бағдарламасы.

«Қазақстан балалары» атты мем-лекеттік бағдарлама өте қарқынды түрде жүзеге асырылуда.

«Болашақ» бағдарламасы маңыз-дылығы Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетімен айқындалады» идеясы негізінде білім беру саласындағы әлемдік озық тәжірибесін игеріп, кәсіби шеберлігін шыңдай алатын, мемлекетіміздің мәдениеті мен экономика салаларында көптеген өзекті жобаларды жүзеге асыратыны, жастардың бәсекеге қабілеттілігін тәрбиелейтінінен көрінеді.

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары аса қажет екенін айтты.

Тұлғаның рухани дүниесін қалып-тастырудың келесі тенден-циялары айқындалды:

– рухани құндылықтарды бағалауға үйрету ‒ білім беру парадигмаларының негізгі элементі;

– адам әлемдік өркениет жағ-дайындағы жалпыадамзаттық құн-дылықтар қатарындағы көшбас-шыға айналады және т.б.

Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педа-гогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша білім алушыларға заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды. Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынды.

Қазақстан Республикасы Прези-дентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы аясында «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың мақсат-міндеттерін жүктеді. Бағдарлама мақсаты: орта мерзімді перспективада республика экономикасының даму қарқынын жеделдету және цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту көзделеді. Аталған мақсаттарды жүзеге асыру үшін төмендегідей міндеттер алға қойылды: өнеркәсіпті және электр энергетикасын цифландыру; көлікті және логистиканы цифрландыру; ауыл шаруашылығын цифрландыру; электрондық сауданы дамыту; қаржы технологияларын және қолма-қол ақшасыз төлемдерді дамыту; мемлекет ‒ азаматтарға; мемлекет – бизнеске; мемлекеттік органдардың ішкі қызметін цифрландыру; «Ақылды» қалалар; байланыс желілерін және АКТ инфрақұрылымын кеңейту; АКТ саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету; орта, техникалық, кәсіби, жоғары білім беруде циф-рлық сауаттылықты арттыру; халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру (даярлау, қайта даярлау); инновациялық даму алаңдарын қолдау; технологиялық кәсіпкерлікті, стартап мәдениетті және ҒЗТКЖ-ны дамыту; «Венчурлік» қаржыландыруды тарту; инновацияға сұраныс қалыптастыру.

Цифрландыруға күш салу адами капитал белсенді түрде дамитын ‒ болашақтың білімі мен дағдылары ерте жастан бастап тәрбиеленетін, автоматтандыру және басқа да жаңа технологиялар есебінен бизнес жұмысының тиімділігі мен жылдамдығы артатын, ал азаматтардың өз мемлекеттерімен диалогы қарапайым әрі ашық болатын жаңа қоғамды құруға әкеледі. Аталған бағыттар экономиканың дәстүрлі салаларының цифрлық трансформациялануын, адами капиталдың дамуын, мемлекеттік органдар қызметінің цифрландырылуын, цифрлық инфрақұрылымның дамуын, сондай-ақ цифрлық технологиялар аясында кәсіпкерлік экожүйені дамыту саласында серпілісті қамтиды, нәтижесінде экономиканың нақты секторында өндіріс модельдерін өзгерту. Бұл бағдарлама нақты технологияларды жедел дамыту есебінен «цифрлық серпілісті» де қамтамасыз етуде цифрлық трансформациялауды іске асырумен байланысты өлшенетін ТНК әзірленіп, белгіленеді (индустрия 4.0 технологияларын енгізу және жаңа өнімнен түсетін түсімнің пайыздық көрсеткіші, қызметкерлерді оқыту және қайта даярлау). Сондай-ақ, білім беру мен еңбек нарығының болашаққа болжау әрекетінде «4К» моделін басқару саласындағы қызметкерлерінің Давостың ондықты төрт кілтті дағдылар жүйесін: сыни тұрғыдан ойлау, креативтілік, коммуникация, координация сынды дағдыларды меңгеруде әлеуметтік және білім ортасында тіл табыса білу, ақпаратпен жұмыс жасай алу, мақсат қойып, уақытты жоспарлай алу, заманауи әлемде келісімге келу, әлеуметтік байланысты орната алу, әңгімелесушіні тыңдай отырып, өзінің көзқарасын жеткізе білу, талдау жасау, қорытынды шығару, тиімді шешім қабылдау бүгінгі күні өмір сүру мәселелерінің тетіктерін іздестіруде оңтайлы дағдылар қалыптасатыны айқын.

Демек, мәдениеттің де, өркениеттің де нақты көрінісі – техника мен технологияны адам қолданатын үлгілер ретінде өндірістік маңызы бар мемлекет пен халық игілігіне арналып, жаһандануға барар жол.

Заманауи білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық деңгейіне сай келуі тиіс. Осыған орай кәсіби білім берудің мақсаты, мазмұны және оның білім беру үдерісінде қолданылатын тәсілдерін жетілдіру, кәсіби білім беру жүйесін реттеудегі ұйымдастыру мәселелері зерттеліп, өз шешімін табуды қажет етеді.

Жаңа заман талаптарына сәйкес жоғары мектеп өз дамуының жаңа сатысында көптеген қоғамдық-әлеу-меттік, экономикалық мәселелерді шешуді қамтамасыз етуі және қоғамға қажетті жоғары білімді мамандарды даярлауды іске асыруы керек.

Еліміздің жоғары оқу орындары қоғамда болып жатқан өзгерістерді ой елегінен өткізіп, сол қоғамдағы қозғаушы, жасампаз күш болуы үшін және интеграциялық үдерістерді, яғни бөлшектелген дүниені біріктіру, бір мақсатқа жұмыс істеу үшін біршама шараларды жүзеге асыруда. Қазақстандағы жоғары оқу орындары үздіксіз білім беру жүйесіне өтіп, білім беру технологиясы мен білімді бағалаудың рейтингтілік жүйесін енгізді. Себебі, әлемдік білім беру кеңістігінде өмір сүріп отырған білім беру жүйелерінің арасында үздіксіз білім беру жүйесі өз артықшылығын көрсетті және біздің жастарымыздың дамыған елдерде кедергісіз білім алуын жетілдіруге мүмкіндік беретін бірден-бір жүйе болып табылады. Бұл жүйенің Лиссабон келісіміне сай жоғары білім туралы құжаттар ретінде танылуына жағдай жасалып жатқаны белгілі.

Қазіргі дамыған қоғамның талаптарына сай барлық сала маман-дарын даярлауда білім берудің жаңа міндеттері орындалып келеді. Білім беру саласында ғылым мен өнердің болашағы мол. Көркем тілмен өрнектелген өнер туындылары арқылы ғылымның жаңа жетістіктерін түсінуге үлкен жол ашылатыны сөзсіз. Бүгінгі таңда білім беру саласы мамандарын кәсіби даярлауда қоғамның әлеуметтік сұраныстарын шеберлікпен, шығар-машылық көзқараспен жеткізу-дегі ұмтылысына жағдай жасау, адамзат сұранысын қанағаттандыратын жаңа құнды идеялардың өріс алуының қозғаушы күш ретінде кәсіби біліктілігі, шеберлігі, кәсіби шығармашылығы іскерлікпен ерекшеленетін маман даярлау қажеттілігі айтылып келеді. Заманауи және әл емдік деңгейдегі қарама-қайшылықтарды, білім берудің жаңа ұлттық моделі деңгейінде өзекті мәселелерді шешуде өнер үлкен қуатқа ие. Өйткені, ғасырдан ғасырға өз мәнін жоғалтпай, қай уақытта да заманның әлеуметтік және рухани талаптарынан туындаған көкейкесті мәселені көтеретін, өнер туындысы көркем құбылыстар мен түрлі ағымдар туралы мағлұматтар беріп, олардың ішкі бірлігі мен үндестігін сақтап, болашақ мамандардың теориялық танымын тереңдетуге септігін тигізеді.

Ұлттық білім беру жүйесінде білім беретін барлық салалардың ұлттық сипаты, рухани мәйегі болатын білімнің мазмұны, оқыту стандарттары ұлтымыздың тағдырын, еліміздің ерекшелігін, халқымыздың менталитетін ескеріп, жастарды табысты білім алуға, ұлтжандыққа тәрбиелеуге бағыттайды. Осы орайда ұлы ғұлама әл-Фараби айтқан өсиеті «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы», Абайдың философиялық ойларында адам тәрбиесіне қатысты айтылған «Нұрлы ақыл, ыстық қайрат, жылы жүрек» білімді ұлт мақсатын айқындай түседі. Осындай мүмкіндігі бар білім жүйесін ғана ұлттық жүйе деп атауға болады.

Бұл жүйенің түпкі мақсаты, ең маңызды міндеті ‒ ұлтымыздың рухани өмірін байытып, халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрпын, сана-сезімін, тарихи және мәдени құндылықтарын қазіргі адамзат өркениеті биігіне көтеру. Білімді ұлт – мемлекет, қоғам, адам мақсаты.

Ұлттық білім берудің ұстанымдарына жататындар: ұлттық сәйкестік, табиғатқа сәйкестік, өркениетке және мәдениетке сәйкестік. Осы сәйкестіктер үйлесімі нәтижесінде ұлтжанды, түсінігі мол зияткер, еңбексүйгіш, ақылды көшбасшы, биік рухты рухани сана иесі, бәсекеге қабілетті кәсіпкер қалыптасады. Ал аталған ұстанымдар мен нәтижелер аясында ұлттық намыс, ар-ұят, рух, обал-сауап, мінез, тәрбиесі мол, өнеге, әділеттілікке ұмтылған есті, үлгілі, әдепті, ұятты, инабатты ұл-қыз білімді ұлт иесі бола алады. Мәдениеттің де, өркениеттің де нақты көрінісі – тәрбиелі адам болса, ұлттың менталитеті мен сауаттылық, ана тілі әуезді, шешен, ақын, тапқыр, алғыр, өткір мінезді қазақтың даналық пен тәлімгерлігі мол білімді ұлт – ұлттандыру философиясын негіздеуде. Философия – әбден жетілген даналық, ал тәлім-тәрбие – философияның негізгі қызметі. Осылайша қазақ мемлекетінің тарихы мен құқықтық негіздері, мемлекеттің мәдени-әлеуметтік сипаты және экономикалық саясаты, қазақ философиясы, халық педагогикасы мен ұлттық психологиясы, тілі мен әдебиеті, ғылыми-жарытылыстану бағытын біртұтас педагогикалық жүйесінде ұлттық тұлғаны оқыту, тәрбиелеу, дамыту және қалыптастыру міндетін айқындайды. Осы ой-тұжырымдар 3-суретте бейнеленді (сурет 3).

Адам өмірінде көшбасшының рөлі баға жетпес құбылыс. Көшбасшы сапаларының қалыптасуы – белсенді қарым-қатынастың, рефлекстік қабілеттің дамуы, адамдарға әсер ету, оларды ниеттестеріне айналдыру, олардың күштерін жалпы әлеуметтік-мағыналы мақсаттарға бағыттап, адам өзінің құндылықтарын сезіне келе, өз шеберлігін шыңдайды. Көптеген ғалымдардың пайымдауынша, «көшбасшы – қоғамның, ұйымның немесе белгілі бір әлеуметтік топтың мақсат-мүддесін толық сезініп, қорғай білетін, бойына саяси қайраткерге лайықты қасиеттерді жия білген адам лидер ретінде танылады. Көшбасшы алға қойған мақсатқа жету үшін белгілі бір әлеуметтік ортада адамдардың күш-жігерін біріктіріп, іс-әрекетін қоғам мүддесіне сай жүргізеді.

Лидерге алғырлық, ақылдылық, қажырлылық, ұйымдастырушылық, жұртқа жағымдылық, сондай-ақ өзіне жауапкершілік ала білу және іскерлік таныта білушілік, т.б. қасиеттер мен қабілеттер тән. Кез келген тарихи кезеңде, қоғамдық-саяси өмірде лидер аса беделді тұлға ретінде танылады.

Лидерлік – өте күрделі феномен.

Лидерлік сапа ‒ белгілі бір псхологиялық қасиеттердің, қабілеттіліктердің және қоршаған адамдармен қарым-қатынас жасай алу дағдыларының жиынтығы. Мұндай сапалар адамға лидерлік функциялар мен қойылған міндеттердің тиімді орындалуын қамтамасыз ете алады. Лидерлік сапаны бірнеше қасиеттерге бөлшектеуге болады, оларды қалыптастырып, дамыта келе, кез келген адам лидер бола алады.

Көшбасшы үшін кәсіби қабілеттер тұлғалық атрибуттармен астасып жатуы керек. Мэмфорд көшбасшысының екшелген танымдық қабілеттері мен тұлғалық қасиеттері – лидер болу әлеуетін күшейтетін факторлар деп бағалайды. Ғалымдар тобы лидердің ашықтығы, сенімділігі, қарама-қайшы жағдайларға төзімді болуы, мотивациясының болуы (күрделі мәселелерді шешуге; өзгелерге ықпал етуге; елдің әл-ауқатын көтеруге деген мотивация) маңызды екенін айтады. Қабілеттерге негізделген лидерлік моделінде көшбасшының тәжірибелі болуы – үлкен мәнге ие, себебі лидер тәжірибе арқылы қалыптасып, шыңдалады дейді ғалымдар. Еңбек тәжірибесі лидердің қабілеттеріне және кәсібилігіне тікелей ықпал етеді. Маңыздысы, лидер жоғары позицияларға көтерілген сайын, ол өте күрделі және ұзақ мерзімді мәселелермен бетпе-бет келіп отырады. Осы мәселелерді шешу кезінде оның тұжырымдамалық әлеуеті күшейе бермек. Ал сыртқы әсерлер дегеніміз экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелер себебінен туындайды. Көшбасшының сан қырлы болмысын біртұтас жүйеге тоғыстыруға күш салған осы «Қабілеттер» моделінің бес критерийі.

 

Шаркүл ТАУБАЕВА,

педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры

 

Гүлнар МҰРАТБАЕВА,

педагогика ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының профессоры

1201 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз