• Ел мұраты
  • 28 Ақпан, 2022

ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛА БІЛЕЙІК...

 Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ, 
«Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының Бас редакторы

Қазір біз ел болып, қоғам болып саясаттағы, экономикадағы, әлеуметтік саладағы көп мәселелерді қайта бағамдап, қайта парықтауға көштік. Бұл әбден орынды нәрсе. Өйткені қоғамның алға жылжуына, сартап болған сананың бір сілкінуіне, басқаша көзқарастардың қалыптасуына түрткі болатын жайттар қаралы қаңтар оқиғасымен бірге есік-тереземізден еніп кетті. Жан-дүниемізде бір өзгерістің жүріп жатқаны анық. Адами-азаматтық құндылықтар тұрғысынан қарағанда да әлі де сан сауалды өзімізге және қоғамға, елге, билікке қатысты қойып, кейбіріне жауап тауып, кейбіріне жауап таппай, алабөтен ізденіске түсетініміз де рас. Ресми биліктің жауабы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» арнасының тілшісіне  берген сұхбатында айтылды. Президент «мемлекеттік мүдде» деген сөз тіркесін бірнеше рет қайталап айтты. Оған дейін де осы сөзге ерекше екпін беріп, бірқатар салмақты ойларына тұздық еткенін білеміз. Мемлекеттің барлық мәні мен мағынасы осы сөзде ұйысып тұрған жоқ па. Шынтуайтына келгенде «мемлекеттік мүдде» туралы тәуелсіздік алған жылдардан бері айтылып келе жатыр. Әсіресе, қазақ ұлтшылдары мемлекеттік мүдде қалыптаспай елде жөні түзу реформа жасау мүмкін емес екенін талай шегелеп айтты. Әрине, көптеген ұсыныстар, көзқарастар елеусіз қалдырылғанымен, мемлекеттік мүдде ұғымы ой-санамыздан бір сәт те кетпегені анық. Демек, біз алдағы уақытта осы ұғымның мән-жайын бүгінгі уақыт талаптарын ескере отырып, жіліктеп-талдауға білек сыбана кірісуіміз керек. Мемлекеттік мүдде осы елде өмір сүріп жатқан әрбір қоғам мүшесі үшін қымбат, қастерлі құндылыққа айналғанша еңбектенуіміз қажет. Мүдде айқын болмаған жерде бос кеңістікті санамызға жат, мүлдем басқа құндылықтар иемденіп кететінін пайымдай білуіміз керек. Өкінішке қарай, мемлекеттік мүддеге осы уақытқа дейін дұрыс көңіл бөлінбей келді. Осы ұғымның өзі нені білдіреді, оның мақсат-мұраты қандай, мемлекеттік мүдде қалай, қайтіп жүзеге асады, ол қоғамда, отбасында қалай көрініс табуы керек деген мәселелер бойынша ортақ ұстаным, белгілі бір позициялар шоғыры да сүт бетіне шыққан қаймақтай нақты және түсінікті дәрежеде айқындалмады. Енді соның бәрін реттейтін, жөнге келтіретін шақ туды. Алтын уақытымызды жіберіп алсақ, тағы да өкінішті жайттарға ұрынарымыз хақ.

 

***

Азаматтардың әкімшіліктен рұқсат алмай-ақ шеру өткізуге заң жүзінде мүмкіндік туғалы біздің қоғам саяси тұрғыдан бір қадам болса да алға жылжығанын байқауға болады. Шеру өткізу – билікке өз талап-тілегіңді жеткізудің, жоғары биліктің назарын аудартудың өркениетті жолы. Батыс елдерінде мұндай шерулердің түр-түрі өтіп жатады. Үлкен даңғылдарда халықтың қалың қарасы жүздеп, мыңдап бой көрсетіп, өздерінің үндерін, билікке қояр талаптарын көлденең тартады. Бірақ, бейбіт шерулердің барлығы сол күйінше бейбіт аяқтала бермейтінін елімізде орын алған «Қаңтар қасіреті» байқатты. Бейбіт шерудің өзін өз мақсат-мүддесіне пайдаланып кететін зұлым топтар болатынын көрдік. Осындайдан сақ болуымыз керек. Әлеуметтік желілерде таралған бейне жазбалардан кейбір өңірлердегі азаматтардың, жастардың «бұзақылыққа жол жоқ» деген сөздерін естіп ішіміз жылып қалды. Сол жастар бейбіт шеруге шығу арқылы өздерінің нақты позицияларын жеткізді. Әрі қарай жағдайдың ушығып кетпеуіне мән берді. Жалпы, көпшілік жиналған жерде, әсіресе, ондай жиында эмоциялар басым болып кетсе, заңға бағыну, ортақ мәмілеге келу, беделі бар деген кісінің сөзіне құлақ асу бола бермейтінін де байқадық. Қысқасы, бейбіт шерулердің өзін берекесіздік, ынтымақсыздық жайлап кететінін аңғардық. Қазақ қашаннан аталы сөзге тоқтаған халық. Қара қылды қақ жарып, әділін айтқан және өз ойын шешен сөзбен жеткізген азаматтарға көпшілік қауым ден қойып, сілтідей тынған уақыттарды да көрдік. Демек, бейбіт шеруде қарапайым халықтың мүддесін көпшілік атынан анық, айқын жеткізетін азаматтар болмаса, ондай шеруді берекесіздік жайлап кететінін түйсіну қиын емес. Әй-шәй жоқ, әйтеуір бейбіт шеру осы екен деп құр босқа даурыға беру, аталы сөзге тоқтамай, нақты талаптарды айқындамай, аттандай беру де қисынға келмейтіні белгілі. Әрине, көш жүре түзеледі. Болашақта біз де бейбіт шеру өткізудің өзіне тән мәдениетін, салтын үйренерміз, меңгерерміз. Бейбіт шеруде қанша мәселе күн тәртібіне қойылу керектігі де айқындалмаған дүние тәрізді. Мәселен, мың адам шығып мың мәселені алға қойса, олардың барлығын шешуге биліктің де, мемлекеттің де қауқары жетпейді ғой. 

***

Бойында жалыны бар, күш-қайраты тасып тұрған мемлекетшіл жастардың жігерін құм ететін бір дүние бар, ол – жасы келген кісілердің әлі де билік орындарында отырып, жастарға жол бермеуі. Жастар деген ұғымды біз бұл жерде шартты түрде қолданып отырмыз. Өйткені елудің ар-жақ бер жағындағы білікті де, білгір ел азаматтары да көп жағдайда мемлекет ісінен тыс қалып жататынын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Алпыс бес, жетпістен асып кеткен адамдардың ресми қызметке ата-бабасынан қалған мұрадай жабысып, айырылмауы қоғам дамуын тежеп ұстайтыны жасырын емес. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі заманда осы заманның, осы уақыттың барлық білімдерін жан-жақты меңгерген азаматтар мемлекет құру жұмысына белсенді араласуы қажет. Басқа жол жоқ. Билік тарапында әлдебір ауыс-түйістер орын алса, жастар келіп пе екен деп елеңдей қарайтынымыз да қоғамның «ақсақализм», «шализм» үдерістерінен жалыға бастағандығынан болар. Әрине, біз елдегі ақсақалдық институтына ешқандай да қарсы емеспіз. Айналасына тағылым айтып отырар ақсақалдардың көп болғанын қалаймыз. Бірақ, билік басында, билік орындарында жастарға ешқандай жол бермей, ешқандай мүмкіндік бермей, бәрін бір өздері билеп төстейтін, жетпіс-сексенге дейін жылы кресолаларынан ажырағысы келмейтін «лауазымшыл ақсақализмге», тұлабойын шенеуніктік психология жайлаған шализмге қарсымыз. Бүгінгі білімпаз, ақылды, мықты қазақ жастарының шетелге кетіп жатқаны да осындай себептерден. Жасы әлдеқашан жеткен, баяғыда бейнетінің зейнетін көріп, жайбарақат өмір сүруге тиіс басшы ақсақалдар біз өмір көргенбіз, тәжірибеміз мол, бізді ешкім де алмастыра алмайды деген алдамшы ойдың жетегінде болмауы керек. Орыстар айтқандай, незаменимых не бывает. Сондықтан да, уақытымен келіп, уақытымен кеткен де дұрыс. Қоғамның осындай жаңа үрдісін қалыптастыруға атқарушы биліктің өзі терең мән беріп, күш салуы керек.

***

Әлеуметтік наразылықтардың туындауы және олардың ұзақ уақыт бойы шешімін таппай келуі  – елдегі экономикалық саясаттың шикілігін көрсетеді. Бір қызығы, болашақтан мол үміт күттіретін жап-жақсы бағдарламалар түзіледі, бірақ орындалу жағына келгенде ылғи да бір кедергілер кесе-көлденең шығады. Атқарушы билік осындай кесе-көлденең келген кедергілерді (кейде қолдан әдейі жасалған кедергілерді де), созбаққа салынып кеткен тиімсіз жұмыстардың тамырына түбегейлі балта шауып, ретке келтіріп отыруы керек. Жүгенсіз кеткен жемқорлық, жең ұшынан жалғасқан парақорлық халыққа арналған игіліктерді бір сәтте жоқ қылып жібереді.

***

Елімізде жүріп өткен «Қаңтар оқиғаларынан» көңілге түйетін жағдай өте көп. Ең алдымен айтарымыз бұл – қазақ мәселесі. Әр қазақ өз елінде отырып жат жұрт сияқты күй кешіп қалмауы керек. Әр қазақтың ата-бабасы, егер тарихқа зер салатын болсақ, киелі қазақ даласының әр пұшпақ жері үшін жан алысып, жан берісті. Ұрыс даласында қазақ тапқан батырларымыз қаншама. Бүгінгі қазақ солардың жалғасы, ұрпағы. Егер де өз ата-бабасының жеріндегі қазына-байлықты отыз жыл бойы өзгелер иеленіп, қызығы мен рахатын да солар көретін болса, әрине, ол қазақтың жанына батып, ашуын келтіретіні сөзсіз. Жеріміздің байлығын қазақтың игілігіне жаратуда әділеттілік принциптер орнауы керек. Қазақтың жағдайы жақсармай, елдегі рухани-әлеуметтік ахуал да түзелмейді. Басқа ұлт өкілдері туралы айтып отырғаным жоқ. Шынтуайтына келгенде, олардың әлеуметтік жағдайлары қазақпен салыстырғанда көш ілгері. Бүгінгі үйсіз-күйсіз, жүдеп-жадап жүрген қазақтың хәлі – қоғамдық өмірдің барометрі іспетті. Шынайы көріністі соған қарап-ақ топшылай беруге болады. Біздің тәу етер тәуелсіздігіміз әлдебір олигархтардың қалтасын әрі қарай қампайта беруіне емес, қазақтың бақытты өмірі үшін жұмыс істеуі керек. Несиеге азық-түлік алатын халықтың жағдайын Үкімет ойламаса, басқа кім ойлайды? Үкіметті де, атқарушы билікті де таңдайтын, сайлайтын халық болғаннан кейін халықтың да «дат, тақсыр» деуге толықтай ақысы бар. Нәтижесі жоқ реформалармен халықты алдай алмайсың, алдап та керегі жоқ. Барлығы шынайы, таза, ашық жүргізілуі керек. «Халық айтса, қалп айтпайды» деген сөзді ел-жұртпен жұмыс істейтін әрбір шенеунік кеңсесінің қабырғасына бадырайтып жазып, іліп қоюы керек.

783 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз