• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

ҚАМЫСЫ ӘУПІЛДЕКТІҢ ИРЕК-ИРЕК

Серікқали ХАСАН, 
жазушы, «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналының бөлім редакторы

Баяғыда өздерінің балдай тәтті балалық шағында бұл оның мектептегі үзіліс кездерінде өз кластастарымен бірге аула ішінде шалдыр-гүлдір әңгімелесіп, кейде өзара әлденеге таласқандай болып, быж-тыж етіп, үнемі өзінің қолдарын сілтелеп, өзара әлденеге салғыласып бара жатқандығын, жоқ, кейде ауыл іргесіндегі көгалды далада өздерінің бұзаулары мен қозы-лақтарын бағып, тағы бірде Көпқұдықтан өздерінің темір доңғалақты шағын қоларбаларымен бидон толы ауыз су алып келе жатқандығына дейін де жиі көретін; сөйткен Мәрлен күндердің бір күнінде бүтіндей онжылдық мектептің жатаған сары клубының биік сахнасына шығып, музыкалық сүйемелдеумен керемет қылып ән шырқайды деп кім ойлаған?! 

Оның үстіне, бұл әдеттегідей кластың жоспарлы есеп беру концерті де емес, сол жолғы ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылған өнерпаздар ұжымының бірлескен үлкен концерті болатын. Жоқ, әлде бұл олардың бұрынғы есеп беру концерті кезіндегі дәл осылайша сахнаға шығып, әуелетіп ән салғандығын көрмегендіктен, соған дейінгі көп қызықтан қаралай құр қалып жүр ме екен, тәйірі?! «Мүмкін, мүмкін, солай да шығар-ау, бұл, тегі?!» - деді бұл сонда өзіне-өзі сәл басу айтқандай да болып. Бірақ, әлі күнге дейін де өзінің көз алдында, Мәрлен сонда өзінің үстіне дәл бір ілуде бір жазғы маусымдарда әлдебір қиырлардан келіп, ақылы ойын-сауық кештерін ұйымдастырып, бұрын-соңды ел естімеген әлдебір ғажайып көңілді әндерін шырқап, би билеп кететін кәсіби әртістер құсап, өзінің үстіне қазақы ою-өрнектерге толы қысқа жеңді көкшіл кеудеше, бұтына да дәл сондай сирек кездесетін матадан келістіре тігілген кең балақты шалбар киіпті. Аяғындағы сүйір тұмсықты қара бітіңкесіне дейін де сонда оның  өзін тым еңселі етіп көрсетіп, өз бойына әбден-ақ жарасып тұр. Шашын сулап, әдемілеп қайырып, бойын кәдімгідей тік ұстапты. Арғымақов сонда:

-Бұл сол әлгі ілуде бір бізбен бірге көшеде асық ойнап, кейде Көксайдан жуа теруге бірге барғанда, үнемі өзінің көшелестерінің қастарынан қалмай жүретін Мәрлен бе, жоқ, әлде басқа ма? – деп ойланып үлергенше-ақ болған жоқ, әлгінде ғана концертті жүргізуші бойжеткеннің оның аты-жөні мен қай кластың оқушысы екендігін анық-қанық етіп айтқандығына дейін де есіне түсті.

Жоқ, Мәрлен тек сол жолы ғана емес, мектеп сахнасында бұрын да талай мәрте осылайша таңырқата ән айтып, өзінің әншілік дарын-қабілетімен кең танылып жүрген бала болды ғой. Тек соны бұның сол жолы өз өмірінде бірінші рет көріп, осылайша тым жақын жерден танып-біліп тұрғандығын айтсайшы!.. Ол аз десең, дәл сол жолғыдай өзіне тән мәнермен тамылжыта ән шырқап, сондағы барша зал толы көрермендерді бірден-ақ өзіне қарай баурап, ән әуенімен бірге өздерін де осыншалықты шарықтатып, талайлардың жүрек төрінде айырықша бір із қалдыру үшін сенің өз бойыңдағы табиғи дарын-қабілетіңнен бөлек, алдын-ала тағы алдағы шырай топтың алдындағы үлкен сынаққа ұзақ даярлану, сондағы зор талғам-талаптардан еш сүрінбей өтуің де қажет емес пе?! Ұстаздар, өнерпаздар, бұндайдағы концертке тікелей жауап беретін музыканттардың қолдап-қолпаштауларының өзі де өз алдына бір үлкен асу-белес екендігі тағы белгілі. Демек, Мәрлен кезінде бұл сынақтардың бәрінен еш сүрінбей өтіп, тіпті, сондағы әлгіндей концерттік бағдарламадағы басты нөмірлердің біріне лайықты әндерді шырқауына бола-ақ көптің ықыласына бөленіп үлгергендігі анық еді. Жоқ, әлде оның сондай бір киесі, не өзгелерді бірден-ақ өзіне дәл осылайша жалт қаратып, қалай да бір өзіне баурап алатындай әлдебір сиқырлы қасиеті болды ма екен, қайдан, бірде мектеп дәлізінің түпкі жағындағы, жарығы да солғындау бөлмесіне шоғырланған кітапханасына ертегі кітаптарын алуға барғанда, өзінің қасында мектептегі музыка пәнінің ұстазы, әрі мектеп көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі, өзі де ысқырма, сыбызғы, сазсырнай сынды музыкалық аспаптарда шебер ойнайтын, өзі де мектептегі талайғы мерекелік концерттерге қатысып, көрермендердің зор қошаметіне бөленген Ария апай бар, Мәрлен сондағы кітапханашы апайдан қазақтың халық әндерінің сондағы кітапхана қорында сақталған барлық жинақтарына дейін сұрап жатқандығын естіп қалды.

Шамасы, сондағы сол кітаптарды сұрауға бірден-бір басты бір себепші болып жүрген де әнші Мәрленнің бір өзі ғана болса керек, Ария апай енді: «Ал, енді өзің әрі қарай бәрін түсіндіріп айта қойшы», - дегендей болып, тек бір Мәрленге ғана қарағыштай бере ме, қайдан?! Ал, Мәрлен болса, сонда тіптен-ақ көздері жайнап, өзі де енді тым пысықсына үн қатып:

-Апай, бізге қазақтың халықтық әндері нұсқасының әр жылдардағы жинақтары, сол халықтық әндерге қатысты айтылып жүрген әлдебір аңыз, шежірелер мен арғы-бергідегі сондай әндерді орындаушылардың шеберліктеріне қатысты сыр шертетін кітаптар мен кітапшалардың бәрі де қажет.-ақ Біз соңыра солардың бәрін де қарап, тек соның ішіндегі ең бір өзімізге қажеттісін ғана таңдап алар едік, - дей берді.

Хе-хе, аңыз, ертегі, не әлдебір шытырман оқиғалы кітаптар мен қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің хорестоматиялары болса да, бір сәрі-ау, ал, халықтық әндердің жинақтары және оларды халық алдында орындаудағы өнер иелерінің өздеріне тән әншілік шеберліктері, тағысын-тағы сол атақты әншілердің жеке өздері туралы жазылған кітаптар болса еді дейді. Ха-ха, оқымысты, профессор! Оның сондағы бұл айтып жатқандарын сол кітапханада қаншама жылдардан бері жұмыс жасайтын егде жастардағы кітапханашы апайдың өзі де қапелімде жөндеп түсіне алмай, сәлд ыңғайсызданғандай болып:

- Тәйірі-ай, балақан, сен өзі қалай-қалай дейсің?!.. Ондай кітаптар осы бізде бар ма екен, өзі?! – деп күмілжіді.

Мәрлен болса:

-Апай, кешірерсіз, мен бірде алдағы емтиханға даярланып жүргенде, халықтық әндер жинағын тап осы сіздің кітапханаңыздың әлдебір сөресінен көріп едім, тек, әттең, әзірге соны мен кезінде осындағы қай тұстан көргендігімді қапелімде өзімнің есіме түсіре амай тұрғаныды-ай?! – деп тақылдауын әлі де бір қоя алар емес.

Кітапханашы апай тек сол кезде ғана барып, өзі де бір нәрселерді, жоқ, әлде кезінде осындағы өзінің кітапханасын ішін әрі-бері ретке келтіріп жүргенінде, дәл сондай болмағанмен, соған ұқсас бір кітаптарға өзінің де тап болғандығын есіне түсіргендей болды ма, қайдан, кенет әлгі жерде оқыс ойланып қалғандай кейіп танытты да, сосын жалма-жан:

-Ә, тоқтай тұршы... қазір... қазір, балақан... – деп, ал, өзі түптегі әлдебір кітап сөрелерінің ең шеткі жағындағы кітаптардың арасына дейін барып, сондағы әлдебір тозығы жеткен көне кітаптарды асығыстау ақтара бастап, сәлден соң, әрі қарай тағы асығыс жылжыңқырап, бір уақта әрі қарай енді біржола жоғалып кетті де, жоқ-ау, сол екі ортада әлдеқайдан бір құшақ әртүрлі мұқабалы үлкенді-кішілі кітаптарды әкеліп, ақборпық шаңын столдың үстіне бұрқ еткізе қойып:

-Ал, енді осылардың арасынан өздеріңе керегін таңдап аларсыңдар! Ән-әуен, халық композиторлары мен әншілерге қатысты бұнда өзге ештеңе де қалған жоқ! – деп, өзі әлдебір шаруаларымен әрі қарай тағы асығыс кетіп қалды.

-Аһ!.. – деді бұл сонда анадай жерден іштей оқыс бұрқ ете қалып.

Әлгіден бері бұның өзі де анық көріп тұр, кітапханашы апайдың әзірге бұған көңіл бөліп, не сол тұрғанда, өзіне нендей кітаптар керек екендігін сұрауға тіпті де шамасы келер емес!

Іште бұл кезде бұлардан басқа артық-ауыс ешкім де жоқ еді, сондықтан, бұл енді өзінің әлгінде бұнда осыншама алқынып-жұлқынып, асығып келгендегі шаруасын еш бітірмей, қайтадан тез тысқа қарай шығып кетудің тағы еш ретін таппай, іштей біртүрлі қиналып қалды.

Сол екі ортада Мәрленнің жаңағы шетінен түрлі-түсті, бірқатарының сыртында тағы да түрлі-түсті бояулармен айқыш-ұйқыш етіліп жазылған ноталарына дейін менмұндалаған кітаптарды әлгіден бері өзімен бірге асығыстау ақтарысып, бірге қарасып тұрған Ария апайға:

-Апай, ең бастысы, бұнда бірқатар халықтық әндердің жинақтары бар екен... Бұлардың бірқатары, әрине, кезінде қолға ұстай-ұстай жыртылған, ал, кейбірінің беттері мүлдем жоқ... Ноталары да әндерді жаттаудың кезінде әбден аяусыз айғыздалған... Түсінікті, шамасы соған қарағанда, бұл кітаптар бұрын да талай мәрте қолға көп ұсталып, өз кезінде талайлардың оның беттеріне осыншама шұқшия үңілгендіктері, жоқ-ау, тіпті, сол тұста солардың өздерінің осындағы көп әндерді жаттап, сахнаға шығарғылары келгендіктеріне дейін де байқалып-ақ тұр... – дей келіп, Ария апайға жақындай түсіп, одан әрі тағы тақылдап: - Кезінде солардың өздері де көп жұмыстанған екен, бірақ, байқаймын, апай, бұндағы кейбір әндер бертіндегі елге мәлім атақты концерттерде, не радиоларда да тап онша көп орындалмаған, ол енді факт, міне, қараңызшы, апай, әрі осындағы қаншама ән текстері, олардың ноталық әуендеріне дейін маған қазірдің өзінде-ақ тіптен-ақ та қатты ұнап тұр... Алақай, іздегеніміз табылды, апай, мен енді осы кітаптардың бәрін де алайыншы... Үйде тағы өздеріне біраз үңіле қарап, кейбірін, бәлкім, соңыра өзімше айтып, үйреніп көрейін!.. – дегендіктеріне дейін де естіп қалды.

Жоқ, тек сол ғана ма?! Бәрі де осы кітапхана, кітап дегеннен ғана шығып жатыр емес пе?! Арада енді тағы апта өтпей жатып, Арғымақов бірде өзінің кластас-достарымен бірге, орталықтағы қос қабатты кеңсе үйінің қарсысындағы ауыл кітапханасына барып, сол жерден әлем ертегілерінің жинақтарын алмақ болған кезде, өзінің қасында мектеп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген бірқатар әнші ұл-қыздар және үстіне ақшыл түсті, қысқа жеңді көлек киген Ария апай бар, Мәрлен тағы да сол кітапхананың өнер бөліміндегі тағы талай кітаптардың шаңдарын бұрқыратып, әлгіден бері соларды осыншама әрі-бері ақтарысып, ара-арасында қасындағылармен өзара асығыс-үсігіс шүлдірлесіп жатқандығын да көріп қалды. Тек сол кезде ғана, бұл олардың алдағы жаңа бір концертке мұқият және жан-жақты даярланып жүргендіктерін де түсіне қалды. «Аһ, солай де, тек әнші Мәрлен алдағы жаңа бір концертте өзінің бұл ауылдағы тыңдаушыларын өз әншілік талантымен тағы да қатты таң қалдырып, әбден-ақ мәз еткісі келіп жүр екен ғой! Опыр-ай, оның бұрынғы атақты әні елге танымал «Әупілдек» қана еді ғой, ал, енді ол тағы қандай жаңа әнді меңгергелі жүр?!» - дегендей бір оқыс ойы да жылтың ете қалып, соның артынша тағы іштей: «Хе-хе, бұрынғы бұрынғы ма, жоқ, енді біздің әнші Мәрленнің әдетте халықтық әндерді ерекше құлпыртып айтатындығынан бүгінде бүтіндей ауыл тұрғындары да әбден-ақ хабардар болып үлгергендіктен, соңыра оның мына жаңа концерттегі жаңа бір әндерін тыңдауға ауылдың барша атақты адамдары мен үлкендеріне дейін шақырылып, ендігі жерде Мәрленнің атағы үсті-үстіне тағы тіптен де аспандатылғалы жүр екен ғой!» - деп, сол алдағы жаңа концертке деген өзінің әлдебір қызығушылығы да арта қалмасы бар ма?!

Ауыл клубы, соңыра онда өздеріне орын жетпесе, сол үлкен залдың қай тұсына барып, сондағы әбден тозығы жеткен тақтай еденнің үстіне қалайша тізерлеп отыра қалып, сол күнгі концертті қалайша еш алаңсыз көруге болатындығына дейін де есіне түсіргендей еді-ау; бірақ, соның артынша тағы әрі-бері ойланып қараса, бұл кезде оқу жылы да әбден аяқталып қалған болатын, сондықтан, бұл алда мектепте жаңа бір тәуір концерт қоюдың ешқандай да ретін көре алмады. Олай болса, бұған енді бұнда одан әрі босқа әуреленіп не керегі бар?! Шынында да, соның артынша-ақ бұл әлгі бір жаңа концерт деген ұғым, не Мәрленнің соңғы кездері кітапханаларға жиі барғыштап, әр жолы да өзі Ария апайдың қасынан бір елі де қалмай, тым қатты жүгіргіштеп жүргендігінің бәр-бәрін тіптен өзінің есінен де шығарып алмады ма?! Алайда, сол жылғы күзде ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай, мектеп клубында қойылған мектеп өнерпаздарының ұжымдық концертінде, әрі десе, сондағы алғашқы бір-ер нөмір, онда да ұстаздарға арналған Мұқағали, Фариза, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр сынды атақты ақындардың талайғы жақұттай-ақ жарқыраған жыр жолдары мәнерлеп оқылғаннан кейін, оныншыда оқитын ақ бантикті жүргізуші бойжеткен келесі әнді орындайтын Мәрленнің есімін ауызға алғанда, аһ, бұл сабазың сонда оны: «Бұл өзі шын сол әнші Мәрлен бе, жоқ, әлде басқа біреуі ме?» - деп, өзі артқы жақтағы орындықтардың бірінде отырғандығына қарамастан, алға қарай тағы біршама еміне түсіп, сахна төріне қайта-қайта шұқшиып, қарағыштай да берген еді ғой. Жоқ, сөйткенше болмай, бұның жанында отырған балалардың бірі өзін иығымен сәл түрткіштеп:

-Әне, қарашы!.. Мынау тоғызыншы «Б»-дағы Мәрлен ғой!.. Оны жуықта ғана аудандағы көркемөнерпаздар байқауына қатысуға кетті деп еді. Ие, ол енді мына концертке де үлгеріп келген болды-ау, тегі?! – дей қалды.

-Байқауға?

- Иә, ол сол жолғы сынақта өзінің атақты «Әупілдек» әнімен топ жарып, сондағы бас жүлдені жеңіп алыпты дегенді де естіп үлгергенбіз. Кәне, тыныш-тыныш!..

Сол екі ортада концертті жүргізуші Мәрленнің көптен бері өзінің атын шығарып жүрген атақты «Әупілдек» және «Гауһар тас» әндерін орындайтындығын хабарлап болғасын, оның таяуда ғана аудандық оқушылар үйінде өткен өнер байқауында аталмыш әндерімен сондағы өз бәсекелестері арасынан суырылып алға шығып, сондағы нота бейнелі бас жүлдені олжалап, бұл жетістігімен өзі оқитын мектептің мәртебесін тағы біраз биіктете түскендігін тілге тиек етуі-ақ мұң екен, Мәрленнің өзі сондағы сахна төріне әлі шығып үлгермей жатып-ақ зал толы көрермендердің арасынан:

-Мәрлен, Мәрлен!..

- Әлақай, Мәрлен!.. – деп (онда да, көбісі оқушылар еді), бүтіндей залды у-шуға бөлеп, біреулері өздерінің аяқтарымен еденді үсті-үстіне тасырлатып, ендігі біреулері артқы жақтан желпілдетіп, «ыш-ыш-ш» деп,  ысқырып та үлгерді.

Бұл Мәрленнің анада кітапханалардан шықпай, әр жолы да Ария апайдың қасынан тыбылып жүргендігінің сырын да енді ғана ұққандай болды, демек, Мәрлен кешегі күндері ауданда да жүлделі орын алып, өнердегі қанатын тіптен-ақ қатайта түскен болды ғой!

-Мәрлен, Мәрлен!..

Мәрлен бұл жолы да сахнаға кестелі бүрмелі, қошқар мүйізді ою-өрнектері бар қазақы кәстөм киіпті, бірақ, биыл өзінің баршама бойы өсіп, денесі толысып, иықты да бола түскен соң, оның үстіндегі ұлттық киімін үйірме жетекшілері Мәрленнің үстіне қонымды, әрі лайықты етіп, арнайы  қайта тіктірсе керек. Мәрлен өзін сахнада ұстауға және алдағы өзі шырқайтын әннің табиғаты мен әуен-ырғағына сәйкес, өзін жоғары тым көңіл күйде ұстауды да шебер меңгеріпті.

Кеше ғана аудан орталығында болып, сондағы жер-жерден жиналған өзі сынды талайғы талантты ұл-қыздардың арасында әуезді әні, күміс көмейден сыңғырлап шыққан әсем үні, өзіне дейінгі талайғы әншілер орындап, әрқайсысы өз кездерінде хал-қадерлерінше нұрландырып, кәдімгідей бір сәулелі шақтарына дейін жеткізген әнді орындаудағы шеберлік сырларымен үздік деп танылып, маңдайы тіптен-ақ жарқырап келген соң, ол сол күні де сахнаға жайраңдап, бірден жүгіре басып шықты; бір тек сол сахнадағы жас талантты әнші Мәрленді көргендері үшін ғана қуанып, әрі жағалай тегіс қол шапалақтап, өздерінше осыншама мәз болысып жатқандардың қарасынан қапелімде көз сүрінгендей де еді. Байқайды, бұл жолы күміс пернелі баянда сүйемелдеуші Сұңғат ағай да Мәрленнің орындайтын әнінің табиғатына сәйкес, үстіне ұлттық өрнектермен әспеттелген қысқа жеңді кеудеше мен шалбар киіп, басына тымақ тәрізді, төбесінде желпілдеген әшекейі бар жұқалтаң келген бас киім киіпті. Бірақ, өзі әлсін-әлсін Мәрленге қарағыштап: «Ал, кеттік!.. Ал, бастайық!..» - дегенді де аңғартып қойып, бірден баянның ән әуенімен үндес үнін аңылдатып-ақ қоя берді.

Мәрлен әлі де өзінің бабында екен. Ол бұл жолы да шарықтатып, әуелі «Әупілдекті», содан кейін, бұларға мүлдем бейтаныс «Қоғалы» әнін қалықтатып ала жөнелді.

-Бозбеткейлі-ай, ендеше, бозбеткейлі-ай, ахау,

Бозбеткейден, ендеше, мал кетпейді-ай, - дей келіп, дауысын одан әрі де үдетіп, тіптен-ақ шарықтата түсіп:

-Қоғалы-ай,

Қоңыр салқын соғады-ай, - дегендегі асқақ ән сені де қаралай қиялға шомдырып, арман қанатына қондырғандай-ақ еді-ау! Аһ, аһ, Мәрлен сол кездің бәрінде де өз туған ауылы, өз туған өлкесінің табиғаты, сондағы өзіне таныс өзен-көлдер, қырқа-белестері, өрісі от жайылымдары мен жайлауларын елестетіп, өзінше бір биік армандарға қарай құлаш сермеп, тағы да шексіз қиялға берілді. Ол одан басқа жер жәннатын білмейтін де еді! Бұл әнші Мәрленді содан кейін де әр кездері мектеп дәліздерінде, не ауладағы саялы бақтың арасында, кейде көшеде кетіп бара жатып та, тым жақын жерден әлденеше рет көрген болатын. Сондайда ылғи да оны сондайдан өзінің көзі шалысымен-ақ бірден оқыс елең етіп, қашан ол өзінің қасындағы қатар-құрбыларымен бірге өзінің жанынан өтіп кеткенге дейін де одан бір көз айыра алмай:

-Мәрлен сол кетіп бара жатқан ұл-қыздардың қайсысымен қалайша сөйлесіп, өзін тағы қалайша еркін ұстайды екен? – деп, қалай да бір ретін тауып, оның өзіне сонадайдан ұзақ таңырқай қарап тұрған кездері тағы көп. Жоқ, Мәрлен соның бәрінде де өте қарапайым, өзін үнемі өзінің қасындағы өзге қатар-құрбыларымен бірдей көріп, бірдей әзілдесіп, бірдей қалжыңдасып, тағысын-тағы бірдей сыңғырлаған күміс күлкінің шуағына да көміліп бара жататын.

Бұл кезде әнші Мәрленнің есімі бүтіндей ауыл-аймаққа дейін мәлім болып, ауылдағы еңбектеген баладан еңкейген кәрілерге дейін де Мәрлен десе-ақ болды, солардың бәрі де бірден оқыс елең ете қалмайтын ба еді?! Иә, осындай кезде Мәрленнің есімі тек сахна, ән, аккардеон, баян, өзге де әдетте ол халықтық әндерді шырқатып тұрғанда, оны сүйемелдейтін музыкалық аспаптармен ғана бірдей аталатын еді ғой, ал, бірде бұл кешкілік Көпқұдықтан бидонмен су әкеле жатып, бір тұстан әлгінде ғана өрістен қайтқан ауылдың қойларын айдап:

- Әйт, әйт!.. – деп, қолындағы кішкене таяғын жоғары сермеп, әлдебір қатардағы өзге қойлардан алшақтап, далаға жайылып бара жатқан арық тұсақтарға дауыстай жөнелген, әрі жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысы мен дауысына дейін өзіне таныс Мәрленді тағы көріп қалды.

Басында күнқағары бар жаңа қоңыр кепка, үстінде жеңі жоқ ақшыл көйлек, бұтында балағы түрілген жұқа қара шалбары бар, бір иығына ішіне оны-мұны, ішім-жемдерін салып, ендігі ортайыңқырап қалған ала дорбасын асыныпты. «Мәрлен?!» Демек, бұл күні ауылдың күнгей жақ беткейіндегі көшелердегі тұрғындардың (олардың арасында бұлардың үйі де бар еді) қойларын  өріске шығарып, қашан қоңыр кешке дейін бағудың кезегі Мәрлендерге тап келген болды ғой?! Қой бағудың кезегі, ха-ха, ол саған тіптен де оңайлықпен берілетін шаруа емес қой! Соның алдында ғана бір рет өзінің ағасының қасына ілесіп, қой бағудың кезегі өздеріне келгенде, отарды айдап, өріске онымен бірге бұның да барғандығы бар еді. Онда да, бұған: «Сен қой бағуға ағаңмен бірге бар!..» - деген ешкім болмаған.

Ағасы өріске көпке ортақ қойды жайып, алысқа ұзайтындығы, сонау дарияның жағалауына, одан әрі көлдің етегіне дейін баратындығын естіп, сол күнгі кешкі дастархан басында отырғанда:

-Ертең қой бағуға мен де барайыншы?! – деп, осыншама байбалам салып, сол күні өз ағасы бұны өзінің қасына ертіп, ал, ата-анасының өзін сол күні қой бағуға ағасымен бірге баруына келісімдерін бермеуге қоймастарына мәжбүр еткен де бұның өзі еді-ау.

-Ие, жарайды, торсыққа шалапты көбірек құйып беріңдер! Соңыра бұл қой қайырысуға көмектесер! Өзі де көгалды дала, өрісі от жайылымда біраз жүгірісіп, серуендеп қайтсын! Кейінірек тағы бір кезегі келгенде, сол қойды бағуға бұның өзі де шықпай ма?! Үйрене берсін! – деп, ағасы сонда бұның әлгіндей тілегіне тіптен де қарсылық білдірмеген соң, «бұл  бақытты» сол күні бұның өз басынан қалайша кешкендігін көрсең ғой!.. Ең алғашқы сәтсіздік, мәселен, сол күнгі таңсәріде ұйқысы қаныңқырамай, тіптен көздерін де аша алмай, қаралай ыңыранып, өзінің жылы төсегінен әрең тұрып, әрі осыншама қиналып жүріп, еріншектеніп киіне бастамады ма?! Әлгінде ғана жұмсақ жастығынан басын көтере алмай: «Кішкене жата тұрайыншы!.. Сәл кешірек шығайықшы?!» - деуге тағы ұяты жібермей, «бұл бәлеге» өзінің әу баста қалай ғана ұрынғандығын біле алмай, ықыры сол күні өзінің ағасының соңынан ілби басып, далаға шыққандығы ше?! Бұл кезде таң жаңа ғана сібірлей атып келе жатқандықтан, дала әлі қоңыр салқын леп бар еді.

Мезгіл жаз кезі болғанмен, дала ызғарлы, денеңді біртүрлі тоңызыта түскендей-тін. Бұлар шарбақтағы өздерінің жеті-сегіз қойларын ауладан шығарып, ауыл сыртына жиналып жатқан өзге қойларға апарып қосты да, бір сүт пісірімдей уақыт бойына өзге тұрғындардың қойлары түгел жинақталып болуын тосып, былайғы кездерде бұзаулар жайылатын көгалды далада тағы біраз кідіре тұрды, сосын күн көзі ұясынан енді ғана арайланып шығып келе жатқан шақта, бір отарлы қойдың соңынан еріп, ағасы екеуі шалғайдағы сонау өрісті бағытқа алды.

Әу баста өзіне ерекше бір қызық болып көрінген қой бағудың азабын бұл, әрине, сонда көрді ғой. Қойлар бір жерге тұрақтамайды, үнемі жайыла жайылып, не олай, не бұлай қарай ығып, кете береді. Бұлар үнемі сол қойдың соңынан еріп, талайғы бел-белес, сай-саладан асып, сондағы өзен, көлдердің етектеріне жеткенде де, ол жерде қойлары тағы бір орынға тұрақтамай, өздерін әрі қарай тағы біраз салпаңдатқандығын енді қайдан ұмытсын?! Бұндайда қойлар бытырап, өздерінше емін-еркін жайыла берсін, соңыра кеш түсіп, үйге қайтарда, өздерін бері қарай бір-ақ қайырармыз деуге тағы болмайды! Қойлар сөйтіп, әп сәтте-ақ сай тасындай-ақ болып, шашырап жүргенде, әлдебір сай-сала, сонадайдан қарауытқан үңгір, жыралардың бөктерлерінде отардан адасып, тіптен шығандап, мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес-ті! Сондықтан, бұлар сол күні қашан күннің көзі баяулап, қоңыр кеш түсе, ауылды бағытқа алғанша да, аяқтарына бір тыным, тыныштық деген болмай, әрі ыстық далада күнұзағына әрі-бері шыпқылап, әбден-ақ сілелері құри жаздамады ма?! Жоқ-ау, ең бастысы, бұндай кезде әлгі тәңертең үйден алып шыққан тамақтары мен шалаптары да мүлдем сарқылып, енді қайтадан өздерінің қарындары ашып, тіптен шөл қысып, еріндері тағы қаралай кеберсіп, іштері осыншама шұрқырағандығы былай тұрсын, қаралай өздерінің бастары мең-зең болып, одан әрі тағы ұзақ жол жүріп, «апыр-ай, ауылдың қарасы көрінгенше, әлдебір шөп-шөңге, жыңғыл жықпылдарына сүрініп, жығылып құламасақ, жарар еді?!» деп, қам жегенде, көздерінен тіптен ыстық жас та атқылап шығып кете жаздамайтын ба еді?! Жоқ, тек сол ғана ма?!

Түз далада қой жайып жүргенде, сені бұндайда қаралай қорқыныш сезімі билеп, жолай әлдебір сай-ала, бел-белес, жыра, өзен аңғары, не әлдебір үңгірлер мен жалпиған індерден түз тағылары шыға келіп, не әлдебір улы жыландар мен кесірткелер оқыстан тап беріп, шағып ала ма дегендей қауіп те қатар өршіп, сені тағы ағыл-тегіл азапқа салатын. Жоқ-ау, бұл сол кезде өзінің ағасының қасында жүріп те, сондай азаптарды өз басынан кешсе, ал, мына Мәрлен сол күні ауылдың бүтіндей бір отар қойын өрістетіп, ауылдан ұзатып бағуға бір өзі ғана шығып отыр емес пе?!

Жоқ, бәлкім, ол бұл жолы қойдың кезегіне бірінші рет емес, бұған дейін де талай рет барған шығар-ау?! Бірақ, ол енді неге жалғыз?! Неге оның қасына өзінің ағалары мен інілерінің бірі ілесіп шықпаған?! Жо-жоқ, бұл жерде Мәрлен өзі де жалғыздықты, тек осылайша қой соңында кең далада оңаша жүргенді қалағандығын да еш жоққа шығаруға болмас! Жастайынан-ақ халықтық әндерді шырқап, өзінің әншілік талантын қалың көпке әр қырынан тынытып, бүтіндей ауылдың мақтанышына айналған Мәрлен сол халықтық әндердің адам өмірінің ең бір сәулелі шақтары мен ең бір телегей теңіз сезім, терең толғаныстармен ажарланған кезеңдерін арқау етсе де, үнемі тек бір осынау туған жер, туған өлке, қазақтың қаншама кең-байтақ өлкесіндегі небір таулы, көлді, өзендер мен жайылымдарға толы, аң-құстары және шоршыған балықтары мол аймақтарымен өте-өте тығыз байланысты болып келетіндігіне дейін ерекше мән берген болды-ау!.. Кім білген, бәлкім, оның сол халықтың арғы дәуірлердегі сан ғасырлық өмірі, не кезең-кезеңімен келген талайғы ұрпақтарының тұрмыс-тіршілік, қам-қарекеттері, өмірге деген ерекше бір құштарлықтары, тағысын-тағы ғашықтық, махаббат, адалдық, достық, шат-шадыман көңіл күй, мәрттіктерімен-ақ нұрланып, қапелімде қарапайым сөзбен еш айтып жеткізгісіздей ағыл-тегіл әсер-қуанышқа ұласқан әндеріне деген ең алғашқы бір ынтық көңіл, ерекше бір қызығушылығы да өзінің осынау туған жерінің сұлулыққа толы көрік-келбеті мен жаныңды қаралай сазға бөлеп, әлдебір аңсарлы әсер-сезім, әуен-ырғақтардың жетегіне ергізіп, өзгеше бір арман-қиялдарға қарай жетелей жөнелетін құдірет-күшін өзінің бар жандүниесімен сезінгендіктен де, солайша болып қалыптасып, дәл солайша өрістей қалмасына кім кепіл?! Демек, сөз жоқ, бұлар баяғыдан бері өзіне осыншама таң қалып, әлі күнге дейін өз бойындағы әншілік дарын-қабілетінің табиғаты мен ішкі жұмбақ әлеміне терең бойлай алмай, ылғи да тек бірыңғай таңдай қаға таңырқасып келе жатқан Мәрленнің өзіне ең алғашқы музыка әліппесін үйретіп, оңашада өзін ән шырқап көруге тәрбиелеп, одан әрі де өзін әншілік өнердің терең қайнарларына қарай бойлай түсуіне баулыған ең алғашқы музыкалық ұстазы, ең алғашқы бір өзін үнсіз мұқият тыңдап, үнсіз қолдап-қолпаштаған көрермен-тыңдаушылары, ең алғашқы бір кең де, сән-салтанатқа толы концерт залы мен биік сахнасы да өзінің осынау туған ауылының іргесіндегі үнемі ауылдың қойлары, өрістегі өзге де сиырлары, бірен-саран төбе көрсететін жылқылар мен түйелер жайылып жүретін кең даласы ғана болған болды ғой! Мінеки, күні осы уақытқа дейін бұларға мүлдем белгісіз болып, үнемі өздерін әнші Мәрленге таң қалдырып, тағы талай ауыздарының суын құрытумен ғана келе жатқан көп құпиялардың сыры қайда жатыр десеңші?!

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

243 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз