• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

МЕМЛЕКЕТ ЖАНЫ — ХАЛЫҚ

Асқап ЖАНҚАРА, жазушы

Мемлекет және халық. Бұл екі ұғым ежелден бері адамзат баласының ой-санасын тербеп, осы тақырып төңірегінде әртүрлі тұжырымдардың, теориялардың өмірге келуіне себепші болғаны сөзсіз. Халық барда мемлекет бар. Мемлекет барда халық бар. Бір-бірінен ажырағысыз екі үлкен ұғымның түпкілікті мәні мен мағынасын дұрыстап ұғынып алмай алға жылжу да мүмкін еместей көрінеді.

Мемлекет – жер шары бетiнде өзiнiң дербес территориялы кеңiстiгi бар, басқа көршi елдермен шекарасы айқындалған заңды да зайырлы сырт ел мойындаған дербес ел.

 Халық – жер шары бетіндегі сол бір дербес кеңістікте қаншалаған мың жылдан берi ата-бабасынан ұрпақ жалғап, жасап келе жатқан адамдар тобы, яғни ұлт. Сонымен бірге бiз мемлекет деген отбасы деп те айтамыз. Яғни, мемлекет отбасынан құралады деймiз. Бұл ақиқат. Отбасы болмаса мемлекет болмайды. Ал бiрақ, адам болмаса отбасының да болмайтындығы белгілі. Мәселен, Қазақстан (қазақ мемлекеті) шамамен 19 миллион жан саны бар, үш жарым миллионның үстiндегi отбасынан тұрады деп айтуымызға болады.

Ендеше бізге мына бiр ақиқатты байқау да қиын емес. Айталық, мемлекет пен халықтың байланысы құдды адам жаны мен тәнінің байланысындағы етене тұлғалықты калыптастыратынындай бір-бiрiне тәуелдi, бiрінен-бiрiн ажыратуға болмайтындығы. Осы тұрғыдан жансыз тәннiң жерге көмiлiп жойылатынындай, халықсыз мемлекеттiң де өмiр сүрмейтiндiгi ақиқат екендігін білеміз. Сондықтан, тәннің, яки адам денесiнiң тiршiлiгi жанмен, ал мемлекеттің тіршілігі халықпен болады деймiз. Ендеше мемлекеттің жаны – халық екен. Бұл ретте мемлекеттiң жаны болып тұрған халық сауатты болса, мемлекеттің сауатты болғаны; халықтың дене қуаты күштi әрi қабілетті болса, мемлекеттің қуатты, өркениетті болғаны; халық бай болса, мемлекеттiң де бай болғаны. Олай болса, бір елдегі халықтың әл-ауқаты, экономикалық қозғалыс тіршілігі жоғары болса, мемлекеттiң яғни сол елдiң де әл-қуаты, экономикасы өміршеңдік күшi жоғары болатындығын байқау қиын емес. Әрi бұл байланыс бiр-бiрiне ықпал жасап, бiрiн-бiрi өркендетiп, дамытып отыратын құдыретті категориялық қозғаушы күш. Сондай-ақ, дәлелдеуді қажет етпейтiн бiртұтастық, яки философиялық ақиқат.

Халық пен мемлекеттің байланысы осылай болды. Ал ендеше биліктің алатын орны қандай деген заңды сауал туындайды.  Менің түсінігімде, билiк сол мемлекеттiң жаны болыптұрған халықтың басы. Жоғарыда айтқанымыздай, мемлекеттің жаны болып тұрған халық сауатты болса, онда сол халықтың басы болып тұрған биліктің сауатсыз болуы мүмкін емес.  Билiк халықтан бiр есе жоғары сауатты, яғни халықтың қаймақтары, серкелерi, халықтың биiк тұлғалары болуы керек.  Өйтпегенде, ол өзінің басшылық рөлін атқара алмайды.  Себебі бас – ойлайтын ми, көретін көз, еститін құлақ. 

Біз халық пен мемлекеттің байланысын жан мен тәннің байланысы дедік және халықтың әл-қуаты, жұмыс тіршілігі мемлекетті қуаттандыратындығын әрі бұл байланыстың бір-біріне ықпал жасап, бірін-бірі өркендетіп отыратындығы дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат дедік. Бұл сөздің жоғары ғылыми көзқарас екендігін ескертемін.  Алайда, бұл сөзiмiздiң делелдеудi қажет ететiн жағының да болуы әбден ықтимал.

 Ендеше мен «Сен өз көзіңмен көріп, қолыңмен ұстап па едің?»  дегендей, көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап келген бір елдің дамып, өркендеуін мысалға алып, мемлекет пен халықтың байланысын азды-көпті оқырманға түсіндіріп, баяндауды жөн санап отырмын.

Өткен өмірбаянымнан сыр шертер болсам, мен Қытайдағы аш-жалаңаштықты басымнан өткізген адаммын.  Мен ғана емес, қазір жасы 60-70-терге келген өзім сияқты Қытайда туып-өскен көп адам ондағы аш-жалаңаштықты бір кісідей көрді.

1960 жылы 10 жас шамасындағы кезiм. Бастауыш мектептiң 2-ші сыныбында оқимын. Отырықшы ауылда кiсi үйiн паналап жүреміз. Түс әлетінде оқудан қайтқанда, бір топ бала жүгiрiп отырып астық жинайтын қамбаға келетiнбiз. Сонда астыққа жауапты Қаби деген адам бiздiн әрбiрiмiзге көк кесемен бiр кесе тас-топырақ араласқан бидай беретiн (шамасы 150 г. мөлшерiндегi бидай болуы керек деп ойлаймын). Біз бидайды тұрған үйімізге алып келiп, тасын терiп, топырағын желпіп тазалағаннан кейiн, бақырға салып қуырып, пiсiрiп сосын қайнаған қарасуға (шайға) сеуiп жеп, қорек ететінбіз. Ал кешкі ас үшiн тағы да сұйық қатықсыз бiр шыны бидай көже беретiн. Осы аштыққа шыдамай қырдағы мал баққан үйiмiзге қашып кеткен күндерiмiз де болды. Үйге барсақ, үйде де жейтiн тамақ жоқ, жейтiндерi сол тас-топырақ. Бидай мен көк арпа, ұн атаулы болмайды. Онысы айдың аяғына жетпей таусылып, айдың аяғында бірнеше күн аш жүретiн күндер өтiп жататын. Дәл осы 60-61 жылдардағы ашаршылық Қытайда өте ауыр болды. Аштан өлген адамды да көзіміз көрді.  Бүкіл Қытай елінде қанша адам аштан өлгені белгісіз, ондай істерді үкімет әрқашан жария етпей жасырын ұстайтын.

Қытайдағы аштық біз тұрған өңірде және басқа жерлерде болсын, негізінен 1958 жылы халықтың қолындағы малын үкімет тартып алып, байлық капиталын ортақтастырғаннан кейін басталды. 1958 жылдың оныншы айларынан бастап Қытайда, отырықшы ауыл халқына бір жерден тамақ берді.  Сол күндерден бастап халық аштықта өмір кешті.  Сол 1958 жылдан 1978-1980 жылдарға дейiн Қытай халқы 20 қанша жыл уақыт iшер ас, киер киiмге жарыған жоқ.

Қытай коммунистік партиясының төрағасы əрі бас хатшысы Маузыдуң билік жүргiзген 30 жыл уақытта (1949 жылдан 1979 жылға дейiнгi уақыт) Қытай халқын тырп еткізбей, «Тап және таптық күресі» атты болат шынжырға қосақтап, халықты біріне-бірін бақылатып, мықтап ұстады.  Халықта еркін тірлік мүлдем болған жоқ.

1958 жылы малды коммунаға (үкіметке) өткізген кезде, 150-200 бас қой, 5-6 жылқы, 4-5 түйе, шағын болып осындай малды коммунаға өткізген адамдар «Жоғары орта шаруа», одан көбірек мал өткізгендер «бай», ал 6-7 жүзден жоғары, мыңға дейін қой, 50-60-тан 100-ге дейiн iрi қара (жылқы, түйе, сиыр) өткізгендер iрi бай шаруа, мал иесi деп қаралды.  Ал коммунаға өткізер ешқандай малы жоқ немесе 10-15-тей ғана ұсақ мал өткізген адамдар кедей, тақыр кедей саналды.  Осылайша Қытай үкіметі 1958 жылғы халықты өзінің бұрынғы қолындағы мал-байлығына қарай жікке, топқа бөлді.

Халықтың осы топтардағы «кедей шаруа, пролетариат» деп қаралған Қытай билігінің бекітіп нұсқау беруімен, аудан, гүңші, ферма, ауыл, қыстақ дәрежелі орындарға түрлі әкімшілік міндет, қызметке орналастырылып, басқару қызметтерін қолдарына алды. Адамдар тобындағы орта шаруа, жоғары орта шаруа, бай, ірі бай, мал иесі аталғандар, «қанаушы, ірі қанаушы таптар» деп қаралып, олар да дәрежесіне қарай бөлініп, адамдар арасында жиіркенішті тап, жартылай жиіркенішті тап деп қаралды да, олардың халық арасында, қоғамдық ортада адамдық құны болған жоқ. Олар құл ретінде кедейлердің ақырып-зекіріп теперіштеуінде, қадағалап бақылауында қасіретті күн кешіп жатты.

Бүкіл Қытай ақпарат саласы, Қытай компартиясын Маузыдуңды үздіксіз ұлықтап, көкке көтеріп, мақтаудың ақпарат саласындағы күшінің зор болғаны соншалық, «адам тіліне аспандағы бұлт азады» дегендей, адамдардың сана-сезімі уланды да, Маузыдуңды «Ерекше адам, құтқарушы, халықтың жүрегіндегі күн, халықтың құдайы» деп, табыну халықтың жүрегіне біртіндеп сіңді. 1958-1959 жылдарда халық алдындағы майдандарда «партияға, социализмге, Маузыдуң идеясына қарсы элементтер, оңшылдар» деп аталған адамдарды, одан тыс 10 жыл, 15 жыл, 20 жылдық мерзімге, тіпті жаза кесіп түрмеге кетіп жатқан адамдарды өз көздерімен көрген халықтың Маузыдуңды, қытай қызыл үкіметін мақтап құдай тұтпасқа амалы да жоқ еді. Оның үстіне ол кездерде қытай халқының 90% ауыл-қыстақта тұратын болғандықтан өте кедей әрі мектеп бетін көрмеген сауатсыз, надан болатын. Сондықтан да адамдардың былайғы қоғамдық өмірден хабары жоқ. Ой-өрісі тар болғандықтан қызыл үкіметтің жалған коммунизміне айрандай ұйып алданып, Маузыдуңға, Қытай компартиясына тек мақтау айтумен күн кешіп жатты. Осылайша халық, әсіресе, «мал иесі, бай, ірі бай» тобына жатқызылған адамдар, «құдайдың ажалынан бұрын қытай атып тастамай темір тордың түбінде шірімей, осы дүниеде, тірі жүре берсек болды» деп аш-жалаңаш болса да, ауыз ашпай Маузыдуңды мақтап, зыр жүгіре берді.

Маузыдуң билік жүргізген дәуірде, халық «күрес» деген сөзден көз ашпады. Сол кезде, 1957-1958 жылдарда, Қытайда «оңшылдарға қарсы күрес» деген күрес қимылы бүкіл елде, аудан ауылдарға дейін жүргізілді.

Маузыдуң социализм жолын, яғни Маузыдуң идеясын «солшыл» идея деп қарап, Маузыдуң идеясын құптайтындар солшылдар, ал «оңшылдар» олар социализмге, Маузыдуң идеясына жат көзбен қарайтындар дегенді ойлап тауып, «оңшылдарға қарсы күрес» деген күрес жүргізді. Іс жүзінде бұл Маузыдуңның Қытайдағы «зиялы қауым» деп қаралатын бір бөлім адамдарға «сендер көсемсімей, ауыздарыңды бағыңдар. Менің сөзіме қарсы бір ауыз да емеурін білдіруші болма, жаныңды бақ» деген ескертуі, сондай-ақ халық арасындағы озық ойлы адамдарды бір рет жаныштап жоюдың жолы еді. Өйткені, сол кезде Қытайдағы аз санды оқыған, көзі ашық адамдар Маузыдуңның саясатына көзқарас білдіріп, ішінара пікірлер көрсететін сынды көзбен қарап, сынап-мінейтін мәселелерді қытай қызыл үкіметі байқағаннан кейін Маузыдуң сол 57-58 жылдарда, мектептерде үкімет орындарында, «оңшылдарға қарсы тұру күресін жүргізу» деген қимылмен бір бөлім көзі ашық адамдарды жаныштап, сол арқылы өзінің көзқарасына қарсы келетіндердің аузын жауып, тұншықтырып жоюды ойластырды. Сөйтіп, ел ішінде жаппай қимыл өрістетіліп мектеп, мекеме, үкімет орындарында түрлі халықтық жиналыс өткізіліп, адамдарды біріне бірін айдап салып, айтақтап өзара жұлыстыру әрекетін жасағандықтан олар біріне бірі пікір беріп, бірінің бірі мәселесін әшкерелеп сөйлеген сөзі, жазып-сызған мақала, өлеңдеріне дейін тексерілу жүргізіліп, «еркіндікті жақтау, пұл табу, мал табу, байлық жарату, көп ішіп-жеу» тағы басқа жазылымдары болған адамдарға түрлі жақтардан тексеру жүргізіп, зиялы, көзі ашық жандардың тілді, ауызды, ойшыл, білімділерін қатаң тексеріп, әсіресе, бұның ішінде айтылмыш «мал иесі, бай» адамдардың балалары болса, солардың ішіндегі Маузыдуң идеясына бірер пікір көрсетіп қалғандарының алдын 15-20 жылға түрмеге айдады. Енді бір бөлімін «оңшыл» деген жаламен қызметінен кетірді. Университетте оқып жатқан студенттердің бір бөлімін оқудан шеттетті. «Оңшылға бейім» деген қалпақ кигізген студенттерді дипломсыз ауылға қайтарды. Осылайша, Маузыдуң 1958 жылдары халықтың қолындағы малын жиып алудың алдында, халыққа үгітшілік істеп, біздің жұмысымызға кедергі болады деген ашық ойлы, сауатты адамдарды бірінші рет жайғастырып, оларды ауыз ашпай, Маузыдуңды мақтайтын күйге келтіріп, жаныштап алды. Ол кезде олар халық арасында өте аз санды адамдар болғандықтан қоғамдық сипат алу деңгейіне жетпей үндері өшті.

Бұл арада 1965 жылдан 1975 жылға дейінгі 10 жыл уақытта Маузыдуң өз қолымен алауын жағып, отын тұтандырған Қытайдағы «мәдениет төңкерісі» сынды айтылмыш алапат, адам сенгісіз қимыл-әрекеттер бұл ұзақ әңгіме.

Жоғарыда айтқанымыздай, қытай ком-мунистік партиясы халықты жікке, топқа бөліп басқару тәсілін «тап және таптық күрес» деп атады. Сондай-ақ «таптық күрес мемлекет билігінің арқауы» қытай коммунистік партиясы осы таптық күрес арқауына сүйене отырып, билік жүргізеді деп үгіт жүргізу арқылы халықты біріне бірін бақылатып, тырп еткізбей ұстады. Осы түзім 1958 жылдан 1978 жылға дейін, яғни 1980 жылдарға дейін жалғасты.

1976 жылы Маузыдуң қайтыс болды. Мемлекет бойынша аза білдірді.

1978 жылы қытай компартиясының «үшінші жалпы жиыны» деген мемлекеттік жиналысы болды. Сол жиналыста, аталмыш «ұлы мәдениет төңкерісінде» Маузыдуң тарапынан қызметі тоқтатылып, зауыттарға еңбекке қуылып жіберілген Дың Шяупиң билікті қолына алып, «Қытай елінде ендігәрі айтылмыш «таптық күрес» дейтін түзім (саясат) өмір сүрмейді. Таптық күрес жойылды» деп мәлімдеме жасады. Бұл сөзді естіген халық алғашында не сенерін, не сенбесін білмей дал болды. Сөйтсе де, біртіндеп еркіндік келгенін сезіне бастады. Бүкіл қытай қоғамы басқаша бір түс алған қоғамдық бейнеге ауысып, өзгеріске бет алды.

Қытай үкіметінің ақпараты, газет-журнал, радиолары «идеяны азат ету» деген үгіттер жүргізіп, мәлімдемелер жариялаумен болды. «Бұдан былай өлшеп берілетін тамақ, астық билеті, мата билеті, шай билеті дейтін қаптаған қалың шектеулер өз күшін жояды, еркін жұмыс істеп, тұрмыс-күйлеріңді жақсартыңдар. Сендерді қыспаққа алатын, түрлі тосқауылдар қойып, еріктеріңді шектейтін үкімет жоқ. Маузыдуң өлді. Енді қорықпаңдар. Маузыдуңның таптық күрес сынды идеологиясынан азат болыңдар. Маузыдуң тамақ береді, 15 келі ұн аламыз деген ойдан арылыңдар» деген сөздерді таратты. 20 жыл бойы тырп етпей, қол-аяғы, еркі әбден құрсауланып қалған халық өздігінен тіршілік жасап көрмегендіктен, дербес жұмыс істеп кете алмай, қорынып: «үкіметтің мына саясаты шын ба, өтірік пе? Ертең тағы біреуі қайта шыға келіп: «сен капитализм жолымен жүрдің» деп тепкілеп, басымызға кешегі мәдени төңкерісте «төрт қырлы капитализм жолымен жүрген ұқықтылар» деген адамдарға кигізген шошақ төбелі қалпағын кигізіп, қудалап жүрмесін» деп, тепсе темір үзетін жас азаматтар үкіметтің «кредиттен төмен өсімді қарыз ақша алып сауда істеңдер, түрлі жұмыс көзін ашып, жағдайларыңды түзеңдер, ауқатты болыңдар» деген үгіт-насихатын естіп, біле тұра бір жағынан қорқып, екінші жағынан ешбір жұмыстың ыңғайын тауып істей алмай, бірнеше жылды бос өткізіп алды. Әбден тұралап, буылып, үрейге тұншығып қалған халықтың санасын ояту қиын болды.

1984 жыл келгенде Дың Шияупиң билік жүргізген қытай үкіметі 1958 жылы халықтың қолынан коммунаға деп жиналып алынған малды қайтадан өздеріне қайтарып берді. Ауылдарға ортақтастырылған егістік жерлер де адам санына қарай жеке отбасыларына бөлініп берілді. Бұл деген сөз, Қытай компартиясының 26 жылдан кейін, яғни Маузыдуң билік жүргізген дәуірдегі саясатынан 180 градусқа бұрылып, мемлекет басқарудағы билік бағытының түбегейлі өзгеруі еді.

Дың Шяупиң қытай халқына: «Біз, қытайлық ерекшелігі бар социалистік қоғам құрамыз, қытайлық ерекшелігі бар социализм жолымен жүреміз» деген үндеу тастады. Бұл Диң Шяупиңнің «біз социализм жолынан мүлдем бет бұрмаймыз, социализмнің құдайсыздығын, құдайдың орнына жеке адамды қою идеясын мүлдем жоймаймыз. Біздің құдайымыз Маузыдуң өлгенімен, ол кристалла әйнектің ішінде жатыр. Белгілі бір уақыттарда оның рухы тірілуі де мүмкін.  Десек те, біз бұрынғы дәстүрлі социализм жолын немесе социализмнің билікке байланған жоспарлы шаруашылығы мен жеке адамдардың еркін қимыл жасап еңбек етіп, ауқатты болып баю жолын шектейтін түзімді қолданбаймыз. Әр адамның жеке ойы, қарым-қабілеті, өзіндік көзқарас тіршілігі бойынша еркін шаруашылық жүргізетін жолменен жүреміз» деген сөз еді. Мінеки, осылайша қытай билігі 1980 жылдардың басында социализмнің билікке байланған шырмауы мен күрмеуі қалың жоспарлы шаруашылығына өзгеріс жасап, халықты құрсаулаған темір торды талқандап бұзды да, еркін капиталистік шаруашылықты жолға қойып, халықтың жұмыс жүргізуіне шексіз еркіндік беріп, мемлекет халыққа, саясаттық және экономикалық қолдау жасағандықтан еркін шаруашылыққа ойысқан қытай елі бір жағынан адам санына қарай бөлініп берілген егістік жеріне астығын егіп, енді бір жағынан адам басына қарай бөлініп берілген малын бағып, әл-ауқат қамдаудың сыртында 80-жылдардан 90-жылдарға қарай кейде сүрініп, кейде жығылып, жалғаны бар, жақсысы бар, түрлі жеңіл өнеркәсіптік тауар өндірумен шұғылданып, әралуан тұтыну бұйымдарын өндіріп базарға шығара бастады. Енді біреулер тәуекелшілдік жасап, төмен өсімді кредит алып, өндірген затты сатып алып, халыққа сатып саудамен шұғылданып, жаңа кәсіп түрлерін дөңгелентіп жатты. Дәл осы кезде, яғни 90-жылдарда, Кеңес Одағы ыдырады да, қытайға іргелес жатқан бүкіл Орта Азия халқы қабыршағы жаңа жарылып жарық дүниені көріп, жем іздеп шырылдаған торғайдың балапанындай күйге түсті де, ауызын арандай ашып, Қытайға қаратты. Сонымен қытай халқының шын-жалғаны аралас жеңіл өнеркәсіп тауары бүкіл Орта Азияға, тіпті Еуропаға дейін іркіліссіз ағылды. Міне, осылайша қытай халқының өндірген резеңке араласқан жалған байпағы мен жалған шақайы бүкіл Орта Азия мен Еуропаға жол тартып, базарларынан орын алды.

Сонымен қатар дәл осы кезде Орта Азия даласынан Еуропаға дейінгі ұлан-байтақ далада шашылып жатқан мың-миллиондаған тонна темірді қытай елі сол жалған шақай, байпақтың ақшасына өте арзан бағада, яғни бір жұп резеңке құнына бір тонна таза, сапалы темірді айырбастап алды. Қытай әрі қарай осы темірден әртүрлі ірі, жеңіл тұрпатты күш көлік техникасын жасады да, оны Орта Азия халқы мен Еуропаға дейінгі халықтарға қымбат бағада сатумен болды. Осындайлық іс-қимыл, әрекетпен Қытай небәрі он жыл шамасында талай уақыттан бері тұралап қалған экономикасын дүниенің алдыңғы легіне бір-ақ шығарып, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін күрт дамып, әлем бойынша экономикасы 2-ші орындағы Жапония елін басып озып, сол орынға өзі жайғасты...

Ендеше Қытайдың екпіндеп алға озуының түпкілікті сыры неде? Осы сауалдың төңірегінде ой қозғап, жауап беріп көрейік.

1.Мемлекетке байлықты кім жаратты? Жауап: халық.

2.Қытайдың тұралаған экономикасы дүниенің алдыңғы қатарына қалай шықты? Жауап: халықтың ешқандай шектемесіз еркін еңбектенуі арқылы.

3.Қытайдың осындай қысқа мерзімде байлыққа қол жеткізуінің тағы да қандай сырлары бар? Қытай халқы қалай байыды? Жауап: 1980 жылдарда Қытай зиялылары «Қытай елі дүниенің дамыған елдерінен 100-150 жылға немесе одан да көп жылға артта қалды» деп айтатын еді. Дың Шяупиң билік жүргізген сол 80-жылдарда Қытай билігі «халықты қарны тоқ, киімі бүтін дәрежеге жеткізсек» деген бағытты белгіледі де, нәтижелі реформаларды іске асыруға кірісіп кетті. Атап айтқанда, аса жоғары әрі сауатты билік жүргізді. Мұндағы ең түйінді мәселе – халықтың жұмыс жүргізу еркіндігінің шектеуге ұшырмауы. Нәтижесінде қытай халқы ешкімге тәуелсіз болып, өзінің ақыл-парасатын жұмсап, еркін шаруашылық жүргізуге жұмылды. Сондай-ақ Қытайдың бүкіл саясаты халықтың әл-ауқатын жақсартуға ойысып, орын-дәреже бойынша айтқанда Бейжіңнен ауыл-қыстаққа дейінгі мемлекет аппараты біртұтас халықты жұмыспен қамту, халыққа жұмыс тауып беру мәселесімен тікелей шұғылданды. Қытайдың ішкі саясаттағы осы бағыты, атап айтқанда, Дың Шяупиң идеясы халықтың қимыл тілегімен үйлесті. Бұл бағыт ел дамуының бірінші қозғаушы күшіне айналды.

Осы орайда мына бір сөзді қоса кеткім келіп отыр. Қытай халқы немесе Қытайдағы қандай да бір жеке тұлға кез келген бір кәсіпті қолға алып, шаруашылық жүргізу үшін біздегідей көрінген есікті қағып, рұқсат қағаз іздеп әуре-сарсаңға түсіп көрген жоқ. Жеке адам әуелі өз кәсібін істей бастайды. Егер де қолға алған кәсібі ойдағыдай жүрсе ғана аудан, қала орындарындағы «Өнеркәсіп саудасын басқару» мекемесіне барып, үкіметтің белгілеген мөлшерлемесіне сәйкес салық төлейді. Әрі қарай үкімет ол адамды барша халыққа жарнамалап, қолдау көрсетеді. Яғни, «пәлен деген ауылда осындай азамат жұмыс бастап, кәсібін дөңгелентіп жатыр. Сендер одан үлгі алыңдар» деп үндеу таратады.

Ешкім оның кәсібіне кедергі жасап, айыппұл салып, көпе-көрінеу тосқауыл қоймайды. Заң рұқсат берген кәсіпке ешқандай тексеру де жүргізілмейтін.

Қытайдың дамуына үлкен жақтан ықпал еткен екінші қозғаушы күш ол бүкіл дүниеге есікті айқара ашып, шетелден озық техникалы өндіріс заводтарын кіргізу, дамыған елдердегі осы заманғы зауыт-фабрикаларды қытайға әкеліп құру, орнату арқылы болды. Қытай билігі осы тәсілмен Қытайдағы жұмыс таба алмай сандалып жүрген сан-мындаған жұмысшыларына жұмыс тауып, орналастыруды қолға алды. Ол кезде, атап айтқанда, 80-жылдар және 90-жылдардың басында Қытайда миллиондаған  адам жұмыс таба алмай, тамақ тауып жеуге зар болып жүрген еді. Шетелден ірі кәсіпкер шақыру, зауыт құру бағытымен Қытай үкіметі дамыған Америка, Германия, Жапония сияқты елдердің капиталистеріне, ірі кәсіпкерлерге жұмыс істеп, байланыс орнатып «Сен зауытты бізге құр, біз саған тиімді жағдай жасаймыз. Бізде арзан еңбек күші бар, бізде жұмыс істесең саған пайда еселеп түседі» деп шетел кәсіпкерлерін өзіне тартты. Осы саясаттың нәтижесінде, шетелдегі дамыған озық техникалы зауыт, өндіріс күші Қытайға сан-мыңдап орнап құрылды. Бірақ, шетелден Қытайға сол зауыттарда жұмыс істейтін бірде-бір жұмыс күші кірген жоқ. Қытайда құрылған сан-мыңдаған зауыттың еңбеккерлері 100 пайыз Қытай азаматтары болды. Әуелгі тоқтам осылай жасалды. Сонымен Қытайдың миллиондаған адамы жұмыс тауып, қызметке тұрды, кәсіп тапты. Сондай-ақ, осы зауыттарда өндірілген заманауи тұтыну бұйымдары Қытай базары арқылы бүкіл дүниеге тарады да, табысы осы елге құйылып жатты.

Осылайша, социализмнің темір шынжырына маталып, қаншама жыл темір торға қамалып, еркін жұмыс істей алмай келген қытай халқы өз бетінше еңбектеніп пұл тауып, баюдың жолына түсті. Табиғатынан демалуды білмейтін, тынымсыз жұмыс істей беретін халық тапқан пұлы өз қалтасына кедергісіз түсетінін көргеннен кейін ұйқы да, күлкі де көрмей, құмырысқаша еңбектене, өз басына және мемлекетіне шексіз байлық әкелді.

Мінеки, Қытай елі сіңірі шығып тұралаған тақыр кедейліктен небары он жылдың айналасында қарыштап дамып, дүниенің алдыңғы легіне осылай шықты.

Ендеше, біздің мемлекет пен халықтың байланысы туралы айтқан сөзіміздің ғылыми негізі бар ма, жоқ па?

Қадірлі оқырман, сіз өзіңіз ой жүгіртіп зерделеп көріңіз.

Қытайдың қысқа уақыт ішінде әл-ауқатын жақсартуына, дамуына септігін тигізген өзге де түрлі күштер болды. Бұл арада, әсіресе оқу-ағарту, ғылым-білім саласына мемлекеттен ерекше басымдық беріп қадағалағандығын, оқулықты сапаландырып, оқытуға реформа жүргізгендігін, оқу-ағартуға қаржыны еселеп бөлгендігін айтуға болады.

Оқу-ағарту мәселесінде, біріншіден, ғылым-білімге бөлінген қаражат еселеп артты. Екіншіден, Мау Зыдуң дәуірінде шетелге қашып кеткен оқымысты ғалымдарды Қытайға қайтадан шақырып, оларға жоғары жалақы төледі. Үшіншіден, оқытушылардың кәсіби білімі және дипломына оқытушылық еңбек өтіліне қарай ғылыми атақ белгілеп, ол атақ-дәрежесіне орай жалақысын тағайындап, сол арқылы оқытушылардың білім беру саласында тұрақты қалуына, кәсібіне төселіп жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Төртіншіден, жоғары мектепке оқушы қабылдауда түрлі әдіс-тәсіл, ереже-түзім белгілеу арқылы өте әділ, қатаң тәртіппен емтихан алып, оқушыларды сараптаудан өткізді, білімге қатаң талап қойып, жоғарыдан төменге дейін мектептік басқару жұмысын жүйелендірді. Мұндағы мақсат – білім саласында қатаң тәртіп орнату, жалғандықты, көзбояушылықты жою болды. Мінеки, бұл Қытайдың дамуындағы үшінші фактор.

Ендеше, біз бұл мақаламыздың «мемлекет және халық» деген тақырыбына сай мына бір қорытындыны баса айтамыз. Егер бір елдегі халық, мемлекет, билік өзара бір тұтастығын сақтап, үйлесімді жұмыс істейтін болса, онда бұл елдің экономикасы, әл-ауқаты жоғары көтеріліп, халқы байыйды. Керісінше билік, халық, мемлекет біртұтастығын жоғалтса, ондай жағдайда ел тозады. Біріншіден, халық пен биліктің біртұтастығы бұзылады да, арасы алшақтап, халық билікке қарсы шығады. Билік өзінің қолдаушысынан айырылып, ырықсыз күйге түседі.

Сондықтан, мемлекет билігі яки билік тұтқасын ұстаған әр басшы адам мемлекет,  халық  және  билік  арасындағы осы ғылыми байланысты толық түсіне білуі керек. Бұл байланысты түсінбеген мемлекет басшысы, яғни билік аппараты мемлекетті басқара алмайды. Атап айтқанда, мемлекет билігін ұстаған тұлға ең алдымен халқының әл-ауқатын арттыруды ойлап, осы ірі мақсатты сауаттылықпен жүзеге асыруы керек. Егер осы іс шешілсе онда мемлекет басқарудағы қалған жұмыстың шешім табуы қиынға соқпайды.

Мемлекет билігін ұстаған адамның ең әлсіз буыны, отбасының және жақын туыстарының көлеңкесін пайдаланып, мемлекет қазынасына қол сұғуын тежей алмауы. Билік ұстаған адамның бұған жол беріп, көпе-көрнеу билік төңірегінің мемлекет қазынасына тұмсық сұғуы мемлекетті құртатын нағыз паразит құрт есепті. Бұны көріп-біліп отырған халық билікті қолдап, билікпен бірауыздылық көрсете алмайды. Билікке қарсы көтеріледі, атап айтқанда, мемлекеттің жаны болып тұрған халық оған төзбейді. Қарсылық тудырады. Ошақтың үш бұтының біреуі тыныш тұрмаса қазан тыныш тұра ма?! Қазан шайқалады, құлайды. Бұл нені білдіреді? Бұл мемлекеттің әлсіреп құлағанының, нақтырық айтқанда, халықтың көтеріліс жасап, билікті аударып тастағанын білдіреді.

Қорыта айтқанда, халық, мемлекет, билік үшеуі саяси орын жақтан бүтіндей тең дәрежелес тұратын үш тұлға; бұл бір қазанды көтеріп тұрған ошақтың үш бұты сияқты. Егер біреуі толық рөл көрсете алмаса қазанның қисайып құлайтыны ақиқат. Осы тұрғанда біз мына ақиқатты баса көрсетеміз.

Қазақстан мемлекетінің билік жүйесіне қарата айтқанда, кешегі советтік социалистік жүйедегі билікті, халықтан жоғары қоятын тек бір адамның сөзі ғана ең жоғары орында ұсталып, тыңдалатын. Билік жүйесіндегі барлық ақпарат билік басындағы бір адамның ғана сөзін ұлықтап, қолпаштап көкке көтеретін. Ол сөздің мемлекет пен халықтың мүддесі үшін маңызы зор. Маңызсыздығы ескерілмейтін. Ал халық арасындағы не бір озық ойлы адамдардың халық мүддесіне, мемлекет мүддесііне айтылған келелі кеңестері елеусіз қалдырылатын, елеп-ескерілмейтін, тіпті билік басындағы адамдар жәй халықтың мемлекеттің жұмысында несі бар деп, халықты ескерусіз қалдырып, осыдан бастап халық пен биліктің екіге жіктелуі туылып, халықтың түсінігінде, мемлекеттің жұмысы тек биліктегілердің, президенттің шаруасы дейтін түсініктің қалыптасуы. Ал биліктегілердің де, мемлекетті халықтан бөле қарап, мемлекет басқаруды өзінің жеке шаруасына балап, мемлекетті өзінің жеке игілігіндегі мүлкіндей қарайтын көзқарастың қалыптасуы қатарлы себептерден жәй халық мемлекет ісі туралы сөйлеу, мемлекеттің ісіне ой жүгіртіп, көзқарас айту, пікір білдіру біздің шаруамыз емес, біздің сөзімізді тыңдайтын адам жоқ, мемлекеттің ісінде біздің не шаруамыз бар деп қарайтын қоғам қалыптасқан болса, онда ол елдің ісі ілгері баспайды. Ол ел құрдымға бет алады. Бұл құдды бас ауруы асқынған, түбінде өлетін адам бейнесіндегі құбылыс, дәлірек айтқанда дәл соның өзі. Жәй адамдардың көзқарасы, түсінігі бойынша бұл сөз жәй қарапайым бір сөз. Бірақ бұл аса жоғары ғылыми ұғым.

Ендеше, бүгінгі Қазақстанның билік жүйесі кешегі құрдымға кеткен кеңестер одағының сүрлеуімен жүрмеуі тиіс деп есептеймін. Атап айтқанда, бүкіл халық кешегі кеңестер одағы кезіндегідей, билік басындағы бір адамның аузына қарап, оны жаратушыдан да жоғары қойып қастерлеп қарайтындай, социалистік жүйенің барлық жиіркенішті мерездерін, індет ауруларын Қазақстандағы бүгінгі билік өзінің бойынан мүлдем алып тастауы керек.

Бұл дегеніміз, бүгінгі Қазақстанның билік аппараты, яки халықтың басы болған билік құрылымы, атамзаманнан халықты құлдықта ұстайтын хандық жүйе идеологиясынан да бағытын 180 градусқа бұрып, «билік», «халық», «мемлекет» – осы үш ұғымның тұтас тұлғалық бірлігін қалпына келтіріп, осы үш құрылымның саяси орнын теңдік категориясын сақтайтын ел құру керек деген сөз.

Қанша заман тұтас адамзат тарихынан қордаланған халық, мемлекет, билік арасындағы философиялық ақиқат, яғни осы үш жүйенің ғылыми бірлігі бүгінгі күні соны дәлелдеп отыр.

Тұтас халықтың ақыл-білімінен асатын ақыл-білім жоқ. Тұтас халықтың күшінен асатын күш жоқ, мемлекетті тек халық қана құтқара алады. Мемлекетті тек халық қана ауқатты да, қуатты да ете алады. Ал, билік тек халықты дұрыс ұйымдастырып, халыққа сеніп, мемлекетті көркейтіп, гүлдендіруге халықты жұмылдыра алса, халыққа дұрыс жол көрсетіп бағыт-бағдар бере алса болғаны.  Атап айтқанда, атам заманнан қалыптасқан халықты құл орнына төмен дәрежеде ұстайтын, қара халық деп қарайтын социалистік идеологияның жасырын жауыздығы мен түрін өзгертіп қолданған жүйесі бұл заманда ендігі әрі өмір сүрмеуі керек. Үйтпегенде бұл ел – ел болмайды. Құрдымға кетіп тағы да басқаның боданына, құлына айналуы ықтимал. Тіпті, бұл қауіп бүгінде көрініс беріп тұр. Ендеше, Қазақстан, Қазақ елі дұрыс ел болып дамуы үшін, басқаға бодан болмауы үшін не істеуі керек? Айталық мемлекеттің қазіргі бас аппараттық құрылымын қайта өзгертіп құрып, халықтың басы болған билік жүйесіне кемелді заң қабылдап, билік жүйесін сол заңмен белгілеп, бекітіп жұмыс істейтін ету керек. Қазақ елі сонда ғана мәңгілік бола алады.

841 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз