• Ел мұраты
  • 30 Наурыз, 2022

«ТОТЫНЫҢ ӘҢГІМЕСІ»

Әр ғалым өзінің заманына, мінез-құлық ерекшелігіне, тәрбиесіне байланысты өз орнын үлкен еңбекпен табады және біреуінің жолына екіншісінікі ұқсамайды. Ғалымның ғалымдығы да осында болар. Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани – қазақ ғылымында өзінің қомақты орнын алған белгілі қайраткер. Ақжан әл-Машани тұлғасы өзінің замандастары мен шәкірттері тарапынан әжептеуір сомдалды. Бұл жағынан біздің алып қосатын тың деректеріміз жоқ. Сол себепті тарихшы-этнограф ретінде Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машанидың шыққан тегі туралы қолымыздағы мәліметтерді ұсынамыз. Себебі бұл деректер ғалым өмірінің ерекше бір қырын көрсетеді, сонымен бірге қазақ тарихының біз анық-қанығын онша біле бермейтін, оқушылар үшін қызық бір құбылыстарымен танысуға мүмкіндік береді. 

Үлкен ғылымды табиғат берген дарын, соны пайдалана білетін қабілеті бар, іші кең адамдар жасайды. Міне, бұл шамасы олардың бәріне ортақ шарт болса керек. Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы Әмір Темір заманында өмір сүрген Таптазани мен Мірсейіт шәриф сияқты ғалымдар туралы бір әңгіме қалдырыпты: «Бір күні Әмір Темір:

Бұлар сөзге келгенде, бірін-бірі аямай айтысады. Ішінде бірін-бірі қандай көріседі екен? деп, байқау үшін Таптазани жоқта Мірсейіт шәрифке:

Таптазани семіз, зор кеуделі, жуан қарынды күпті кісі екен. Тегін тамақ табылған соң, аясын ба? Ішіп-жеп семіре берген ғой, өзі де тамақ жегенде, он кісінің жейтұғынын бір-ақ өзі жеп қояды. Соның ғылым қай жерінде тұрады дейсің, жұрт басына көтергенмен, әуейіленіп кеткен ғой!- депті. Сонда Мірсейіт шәриф:

Жоқ, олай емес, Құдайдың құдіретінің шеберлігімен ғылым-білімге толық сауыт болсын деп, әдейі арнап жаратқан бір жаны. Егер мұның бойына орнаған ғылым-білім басқа біреуге орнаса, жарылып өлер еді. Құдай білмей жаратты деймісің? Ол бұл заманға екінші келмейтұғын жан!» деген екен. 

Мірсейіт шәриф айтқандай, Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани бұл заманға екінші келмейтұғын жан еді. Ол кісінің бүкіл тіршілігі сонау тоталитарлық, унификацияланған советтік дәуірдің өзінде ерекше болатын. Басқасын айтпағанда сол кездегі қазақ зиялы қауымының ішінде елуге келгенде намазға жығылып, жұма сайын мешітке барып, кафедра бөлмесінде бес уақыт сәждеге жығылу деген болмайтын. Ол кісі намазын қаза қылмаған жан. Кеңес өкіметі тұсында профессордың мешітке барып намаз оқуы – Ақжаннан басқа ешкімнің қолынан келген емес.

Ақжан әл-Машанидың шәкірті Шәмшидин Әбдіраман Машанидың кім екенін, азаматтық ісін он екі бапқа бөліп таныстырды: ол ХХ ғасырдың ортасында Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фарабидің  Отырарда туған Қыпшақ перзенті екенін алғаш дәлелдеп, ұлы бабасын ұрпағымен қауыштырып, мұрасын зерттеуші. Ол Дамаскідегі Баб ас-Сағир зиратынан әл-Фараби қабірін тауып,  құлпытас орнатуға мұрындық болған азамат. Ол ҚР ҰҒА құрылтайшысының бірі. Ол Жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негізін  салушы және Қазақстанда оның мектебін құрушы. Ол Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дың тұңғыш түлегі, алғашқы аспиранты және 50 жылдай үзіліссіз мыңдаған инженер тәрбиелеген ұстаз. Ол жаңа кен орындарын ашушы инженер-геолог (Ақбастау, Құсмұрын, тағы да басқа кен орындарын ашқан). Ол қазақ әдебиетінде ғылыми-көпшілік және фантастика жанры негізінде алғаш көркем шығарма жазушы. Ол «Әл-Фараби» (1970) тарихи деректі романында ұлы бабаның көркем бейнесін тұңғыш сомдаған қаламгер. Ол қазақтың екі ұлы данасы арасындағы рухани байланысын алғаш зерттеп, халқымыздың 1000 жылдық мәдени тарихын көрсетуде ренессанстық «Әл-Фараби және Абай» (1994) монографиясын жазған абайтанушы.  Ол ХХ ғасырдың 40-шы жылдарында-ақ техникалық сөздік түзіп, оқулықтар жазу арқылы техникалық әдебиетте қазақ тілінің зор мүмкіндігін алғаш дәлелдеуші. Ол жаратылыстану ғылымдарын гуманитарлық мазмұн-сипатында ұлттық құндылықтармен сабақтастыра дамытудағы бірегей тұлға.

Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани 1906 жылы Қарқаралы өңірінде «Кіші Қарақуыс» деген таудың бөктерінде туған, бұл жер қазір Нұркен Әбдіров ауылы деген атпен белгілі. Атасы Машан Бөкей ханның үлкен ұлы Шыңғыстан туған Тұрсынның тұсында би болған екен. Тұрсынды ел көбінесе Жамантай сұлтан деген атпен біледі. 1824 жылы құрылған Қарқаралы дуанының алғашқы аға сұлтаны осы Жамантай болған. Ақаңның әкесі Жақсыбек ағайынға қадірлі, еліне сөзі өтетін адам болыпты. «Қарқаралы петициясынан» кейін сол жерде ұстаздық қылып жүрген Ахмет Байтұрсыновты абақтыға отырғызғанда кепілге барып, қамақтан алып шыққан адамның бірі әкем еді» дегенді мен Ақаңның өз аузынан естідім. «Кіші Қарақуыс» Ақаңдардың атақонысы емес, бұл жерге олар кейінірек көшіп келген. Ақаңның үлкен бабасы Тотының «Кіші Қарақуысқа» көшу тарихы толып жатқан әңгіме, оны күні кеше Қарқаралының қариялары майын тамызып айтушы еді. Ол мәселені түсіну үшін сәл шегініп, әңгімені ХVІІ ғасырдан бастауымыз керек.

Тотының әңгімесі

Жоғарыда аты аталған Машан би Бөкей ханның заманында аты шыққан атақты Тоты бабаның немересі болатын. Оның тұқымдарын Қарқаралы жағы «Тоты қалмақ» деп атайды. Ахмадия Әрінов, Әбіл Ақынов жазбаларына қарағанда ХVІІІ ғасырдың ортасына қарай Қарқаралы төңірегіндегі ел білетін ақсақалдар жиналып, «төресіз – ел болмас, төбесіз – жер болмас» деп, ел басқаратын бір төрені Сыр бойынан шақыртып алуға ұйғарымға келген. Осы келісім бойынша 1748 жылы Түркістанға үлкен елшілік жіберіп, Қырық сан Барақ ханның ұлы Бөкейді алғызған. Осы елшілік ішінде Қаракесек ішіндегі Шекшек руының басшысы Нұралы болған.

Ел аузындағы әңгімеге қарағанда, Тоты өзінің екі үлкен ағасы Бұн-бұн, Шибекпен бірге Бөкейге еріп келген. Әбіл Ақыновтың айтуынша, «Бабамыз Тотының ширақтығы Бөкейге де, оның бәйбішесіне де ұнап, олар өз балаларымен қоса бір баласы есебінде тәрбиелеген». Бір әңгімелерде 1748 жылы Қарқаралы өңіріне сұлтан болып келгенде Бөкейдің жасы 22 -де, Тотының жасы 13-те делінеді, ауызша әңгімеге қарағанда Бөкей Тотыдан ересек сияқты. Тотының екі ағасы Сарыарқаны жерсінбей Бөкейдің бәйбішесінен астыртын рұқсат алып, Сыр бойына қайтып кеткен екен-міс. Олардың ұрпақтары Қаратау бойында Созақ, Байқадам сияқты жерлерді қоныстанғаны анық. ХХ ғасырдың басына дейін ол жақтан Қарқаралыға туыстарының аман-саулығын білеміз деп келушілер де, бұл жақтан іздеп барушылар да болған.

Бөкей бес әйел алған адам дейді. Бөкейдің екінші әйелінен Шыңғыс туады. Қазақ арасында әңгіме жатпайды. Бұл әйел көрші бір елдің ханының әйелі екен. Бөкей сұлтан сол елді шапқанда күйеуін өлтіріп, өзін олжаға алған-мыс. Бөкейдің үлкен ұлы болып саналатын Көксал осы әйелдің ішінде келген баласы делінеді. Бөкейдің бірінші әйелі, яғни бәйбішесі Абылай хан нәсілі Қасым төренің қызы Шал ханым, яғни Кенесары мен Наурызбайдың апалары. Шал ханымнан туған Сұлтанғазы мен Әбілғазы Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы күресті. Ол қарсылықтың тарихы, олардың ауыр тағдыры жеке баяндауды қажет етеді.

Тотыға қатысты әңгімелерде Шал ханым аты жиі аталады. Тоты әулетінің шежіресінде «Шал ханым ақылды адам болса керек» дейді. Тотыны келген күннен бастап «мына балада бір жақсы нышан бар» деп, өзіне жақын ұстап жүрген деп айтылады. Осыған бір себеп, бір күні Шал ханым өз нөкерлерімен бірге суға түсіп жүріп қолына, құлағына, білегіне салынатын асыл бұйымдарын су жағасында ұмыт қалдырып кетіпті. Қозы бағып жүрген Тоты сүйікті ханымның асыл бұйымдарын тауып алып, шып-шырғасын шығармай, үйге алып келіп, сандығына салып қояды және бұл туралы ешкімге де тіс жармайды. Күндердің бір күнінде Шал ханым шай ішіп отырып су жағасында асыл бұйымдарын жоғалтқанын, оны іздеп барып таба алмағанын дастарқан басындағыларға айтып отырады. Осы әңгімені үндемей тыңдап отырған Тоты, орнынан тұрып сандықтағы өзінің салып қойған алтын бұйымдарын алып келіп ханымның алдына қояды. Ханымның қуанышында шек болмайды, өйткені бұл кісі ақылдылығына қоса, өте ырымшыл адам екен:

– Айттым ғой, айтып жүр емеспін бе, осы балада тек бар, – деп, баланы маңдайынан, бетінен сүйе беріпті делінеді. Тоты бабамыз үш некелі болған. Бірінші бәйбішесі төре әулетінен екен, аты Еділ, екіншісі Арғын қызы, үшіншісі Гүлғахира Түрікмен деген елдің қызы. Тоты алғашқы екі әйелінен балалар көргеннен кейін, ағаларын іздеп Қаратауға барғанда Гүлғахира анамызбен танысып, сол елде бөгеліп қалады да, қайтарында оған үйленіп, бірге ертіп ала келеді. Бастапқы екі әйелінен Марқабай, Түктібай, Әйтеке, Майлыбай, Тілеубай, Орынбай, Қозыбай туған. Гүлғахирадан Байтемір, Өстемір деген ұлдар туыпты.

Бөкей ханның өзі көзі тірісінде қоныс қылған жері Кент таулары. Қазақ Кент-Қазылық дейді. Ордасы Кәдір сайы деген жерде болыпты. Қарқаралының өз басы ол кезде Қуандық-Алтайларға қарап тұрса керек. Қу-Қазылықты ертеде Ағыс-Қу деп те атайды. 1900 жылы «Дала уалайаты» газетінде жарияланған В.Никитиннің мақаласына қатысты Дөкей Байжұмыр пікір білдіріп, «Кент тауындағы Қызыл Кенішке алдымен Бөкей емес, оның екінші әйелінен туған Шыңғыс сұлтан қоныс тепті» дейді (2, 139-б.). Қалай болғанда да Бөкей бала-шағасы өсіп-өнген соң Кент тауының төңірегіндегі жер тарылып, балалары мен немерелеріне жаңа қоныс іздеп, оларды жан-жаққа орналастыра бастайды. Бөкей баласы Батырды, оның балалары Әшімтай мен Рүстемді Қу-Қазылыққа көшіреді. Деректерге қарағанда Батыр, одан кейін Әшімтай Қырғыз деген елге болыс болған, ал Рүстем Жалықпас деген елді билепті. Олар сол Қу-Қазылық ішінде «Қудың қызыл шілігі» деген жерге, Қостөбе маңына орналасады. Бұл шамасы 1820 жылдарға дейін болған оқиға.

Бөкей өлген соң біраз жылдан кейін, оның немересі Жамантай жанына Тоты ақсақалдың баласы Байтемірді ертіп алып, «Кіші қарақуыс» деген жерді шолып, соның ішіндегі Бақыбұлаққа орнығады. Тоты баласы Байтемірге Қызылсиыр тауының етегінен жер беріп, ол сол жерге туыс-туғанымен қоныс теппек болды.

Кент тауындағы ескі қыстауда отырған Тоты балаларымен, немерелерімен «Кіші Қарақуысқа» жаз шыға көшеміз деп дайындалыпты, бірақ сол қыста ақсақал 90 жастан асып қайтыс болыпты. Шежіреге қарағанда Тоты 1748 жылдары 13 жаста болған болса, онда қайтыс болғаны 1838 жылдары болмақ. Содан балалары әкесін жаңа қонысқа жерлемек болып ұйғарып, жаз шыққанға дейін аманат етіп, мүрдесін Кенттің қарағайының басына кигізге орап, іліп қояды. Ерте кезде қыстыгүні қайтыс болған адамды аманат деп ағаштың басына іліп қоятын, немесе тастан биік қылып сөре жасап, соған салып қоятын дәстүр болған.

Жаз шыға, сәуір айы болса керек, балалары әкелерінің сүйегін сүйреткіге салып, жаңа қонысқа жерлемекке алып келе жатқанда, сүйреткі бірнеше рет сынады, екі рет жөндегеннен кейін үшінші рет сынған жеріне жерленген. Бұл қазіргі Нұркен ауылының жанындағы Тайшық аталатын жер, Қызылсиырдағы жаңа қоныстан он шақырым шамасында. Тотының бәйбішеден туған Марқабай мен Орынбай ұрпағы Түнқатар тауының іші-сыртына қоныстанады, Түктібай мен Қозыбай балалары Үлкен Қарақуысты иемденеді. Тотының Әйтеке атты баласынан тараған ұрпақ Абыралы, Шұбартау жақтан орын сайлайды.

Бізге Тоты тұқымын түгел тарату қажет емес, Байтемір ұрпағына келейік. Байтемірден бес ұл туады: Машан, Алдажұман, Байжұман, Бошан (Тұқы деп атап кеткен), Әзберген. Машаннан Құдабай, Жуасбай (Ақын деп атайды), Аманбай, Қалабай, Әділ, Жақсыбек. Олардың әрбіреуінен тараған ұрпақ бар, бірсыпырасы Қарақаралы маңында, бірсыпырасы Қазақстанның әр жерінде. Жақсыбектен Мағжан, одан Турағұл, Мұрат, Айдар деген ұлдар туады, Ақжан, одан Арарат, Әлішер, Ғабдолла. Жалпы Тоты тұқымынан қазақтың талай белгілі азаматтары шықты. Қарқаралыдағы жергілікті ел Байтемірдің бір баласы Алдажұманның 1924 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Автономия тойында аты-шулы Азынабай балуанмен күресіп, оны жығып бас бәйге алғанын әлі күнге айтады. Қоянды жәрмеңкесіне келіп қалған Қажымұқанға түйе балуандықты күрессіз берген екен дейді.

Қарқаралы қалмақтары туралы

бір ауыз сөз

Шежіреде Қарқаралы жеріне Тоты Қаратау маңынан келген екен дейді. Бұл жерде айтылып отырған әңгіме Сыр бойындағы қалалар туралы болса керек. Түркістан маңындағы Иқан, Қарнақ, Ораңғай сияқты ауылдар Бөкейдің әкесі Қырық сан Барақ сұлтанның иелігі болған. Қыста Сыр бойындағы осы қалаларды қыстайды екен де, жазда Сарыарқаны жайлайды. Бұл дала халқының билеушілерінің мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан дәстүрі. Қазақ қалалары жөнiнде Жоңғарияның Сiбiрге келген елшiлерi «Қазақ Ордасының билеушiсi Тәуке хан, олар қалаларда өмiр сүредi. Үйлерi бекiнiс қабырғалары сияқты кiрпiштен қаланған, олардың қалаларының саны он бiр. Басшылары Тәуке хан тұратын бас қаласының аты Яссы (Түркiстан - Ж.А.), көлемi жағынан бұл орташа қала, бiрақ маңындағы қоныстары, елдi мекендерi өте мол» дейді (5, 1к.,213 б.). 1691 жылға қатысты деректерде Яссыдан басқа бiрнеше қаланың аты аталады: «Сайрам деген қала, үшiншiсi Манкент, төртiншiсi Қарасман, бесiншiсi Шымкент, алтыншысы Текек, жетiншiсi Бабан Елган (?), сегiзiншiсi Хара мурол (?), тоғызыншысы Ташкент, оныншысы Чинак, он бiрiнші қала Шыршық өзенiнiң бойында».

1749 жылы И.Неплюевтiң тапсыр-масымен келген М.Арапов Барақ сұлтан туралы: «ол Ташкент, Иқан, Отырар, Өгiзтау, Созақ қалаларының иесi» дейдi. Тек қана ие емес, сол қалалардан үлкен үй салған, елдiң шаруашылық жұмыстарын басқаратын адам. М.Арапов қалаларды ылғи сарттардың мекендейтiнiн, осы өлкенiң бәрi Бараққа әкесi Тұрсыннан мұраға қалғанын айтады. Жоғарыда аталған қалашықтарды жергілікті ел әлі күнге дейін қышлақ деп атайды, бұл шамасы сонау оғыз дәуірінен олардың көшпелі елдердің қысқы мекені болғаны себепті. Барақтың өзі де, балалары да жауынгер көшпелі тайпалармен ара қатынасы жақсы болғандықтан қыста Қаратау бойындағы қалаларды қыстаса, жазда Сарыарқаның ен жайлауын жайлап жүрді деп есептейміз.

Екінші бір мәселені айта кетпесек болмайды. Тоты Қарқаралы өңіріндегі қалмақтың жалғыз атасы емес, қаракесек ішінде Тоты қалмақтан басқа Қыз қалмақ, Қызыл қалмақ, Бала қалмақ сияқты аталар бар. Олардың тарихын бір жағынан осы өңірді Алтын Орда заманында мекендеген, бірақ исламды қабылдамаған тайпаларға, екінші жағынан ХVІІ ғасырда Алтай мен Тарбағатайдан батысқа қарай қоныс аударған дүрбен-ойраттарға, үшіншіден Кент тауындағы Қызыл Кеніш сарайымен тығыз байланысты қарастырсақ түсінікті болмақ.Есте болатын бір мәселе ХV ғасыр шамасында дүниеге келген «Шаджарат әл - атрак» атты жазбаларда Өзбек хан заманында Арқа жерінде ислам дінін қабылдамағандарды «қалмақ» деп атай бастап еді дейді (8,  206  б.). Алтын Орда заманындағы тарихтың тамаша білгірі Өтеміс қажы да «Шыңғыснаме» кітабында Жошы хан тұқымдарының арасындағы күресті суреттей отырып, «Ұлытаудағы қалмақтар бір белгілі адам қайтыс болғанда сол ауылға «шау-шау» деп жылап, топ-тобымен ат қойып келеді. Әлі күнге дейін осы дәстүрлері бар» деп куәлік жасайды (9, 104 б.).

ХVІІ ғасырдың басынан бастап Шығыс өңірді мекен еткен дүрбен-ойрат тайпаларының шүршіт қысымына шыдамай батысқа жылжығаны белгілі. 1609 жылдары біз ойрат көшінің алдындағы торғауыттарды Орта Ертіс бойынан көреміз. Алтай-Тарбағатайдан батысқа қарай жылжыған бұл тайпалардың алды 1630 жылдары Еділге жетіп қалды да, ал дүрбіт және хошоуыттар аталатын елдері Арқа жеріне орналаса бастаған болатын. Осы кезеңнен бастап қазақ Алтай, Тарбағатай және Жетісудағы қалмақты «қара қалмақ», ал Еділ бойына барып қалғандарын «құба қалмақ» деп атай бастады. Қазақ жерінде қыстап қалғандарын ауыз әдебиетінде «кіші қара қалмақ» деп атайды. Бұқар жыраудың «Кiшi қара қалмақ бұлерде, Бозылардың билiгi, Бұлт бұрқан болысты» деген өлеңi осы топқа қатысты (10, 126 б.).

Құрбанғали Халид шежiресiнде «қара қалмақ тайпасы қытай үкiметiнен тыс қалып Қарқаралы, Қараөткел жағында жүрдi, жалпысы 30 мың үй шамасы. Бұлар да өзара билiкке таласып, нашарлап, бiр бөлiгi қашып Балқашқа тығылды. Сыртынан қоршауда қалған, тұзды суды iше алмай көпшiлiгi шөлден қырылды. Олар өзара соғысып әлсiреген кезде қалғандарын Абылай хан қуып Тарбағатайдан асырғанын айтқамыз»деп, қалмақтардың тағдырының қазақ қолында шешiлгенiн баяндайды (11, 122 б.).

XVII ғасыр соңындағы деректер қалмақ-тардың Сарыарқа өңiрiнде бiршама қоныс тепкенiн мүлтiксiз дәлелдейдi. Тәуке хан заманында Тобыл қаласынан Түркістанға аттанған В.Кобяков елшiлiгi Сарысу өзенiнiң бойында, өткел аузында қалмақ ұлысын кездестiредi. Ең қызығы қалмақ ұлысының адамдары орыс елшiлерiне «мырза Келдейдi Ресей қайтарды, ендi орыс қоныстарын жаулайтын себеп жоқ, ал бұрын мырза Келдей үшiн, кек қайтаруға шаптық» деп түсiнiк бередi (1, 124 б.).

Қалай болғанда да Қарқаралы өңірін-дегі Бала қалмақ, Қыз қалмақ, Қызыл қалмақ аталатын аталардың тарихы осы бір жаугершілігі мол кезеңге барып байланысатыны анық. XVIII ғасырдың 50-60-шы жылдары Жоңғария мемлекеті құлаған соң қазақтар қалмақтың Арқадағы шағын топтарын өз iшiне сiңiрiп алған сияқты. Сарыарқа жерінде қалмаймыз дегені «Үш атамыз өткен тау, Үш мың қара біткен тау, Баян бір аула Қазылық» деп батыс пен шығысқа қарай жылжиды. XVIII ғасыр ортасына дейiн Жетiсу мен Тарбағатай өлкелерін тығыз қоныстанған қалмақтар да қазақ этносының iшiне бiр бөлігi алдымен төлеңгiт болып, екiншi бөлігi бiрден рулардың құрамына ендi.

Қызыл-Кеніш сарайы

Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани туралы айтқанда біз Қызыл Кеніш сарайын қалай қалдырып кетеміз?! Ол кісі тарихты жақсы көретін, өзі де арғы-бергіні білетін адам еді. Бір өкініштісі ол заманда қазақ тарихымен Әлкей Марғұлан сияқты оның жалғыз ғана замандасы айналысты. Жоғарыдағы әңгімеден қалмақ аталардың Кент тауының іші-сыртында мекен еткенін аңғаруға болады. Тотының алғашқы қоныс тепкен жері осы Кент таулары. Қыз қалмақ аталатын атаның көпшілігі ертеде Қасым Аманжолов аталатын ауылда, ол да Кент тауларының баурайында. Бала қалмақтар негізінен Мартбек Мамыраев атындағы шаруашылықта болған. Қызыл қалмақтардың көп жері Жамбыл атындағы ауыл, Саз деген жерлер, бұлар да Кенттен тым алыс деуге келмейді. Осы себептен біз олардың тарихы Кент-Қазылықта орналасқан Қызыл Кеніш сарайымен байланысты болуы мүмкін деген пікірдеміз. Қызыл Кеніш біздің деректерімізге қарағанда 1640 жылдары салынған.

Қазылықта қалмақтардың культтік құрылыстары бар екенін біз «Зая пандитаның өмірбаяны» атты кітаптан білеміз: «...в году овцы (1643г.) его (Зая-пандиту – Ж.А.) пригласили к себе дэрбеты (и хошоутский) Кундулун -Убаши, (там) он совершил торжественное освещение субургана Дайчинг- Хошуучи...Он в году овцы (1643г.) провел зиму у Кундулунг-Убаши в (местности) Хасулаг. Совершив в полном виде молитвенные обряды по случаю Цаган-Сар, он посеял семена добродетели в людях» (7, 45 б.). Дайчинг Хошуучи дербет көсемі Талай-тайшының ұлы болатын, яғни Кент Қазылықта дербеттер мен хошауыттар көрші отырған. Осы жолы ойраттың атақты ғалымы Қызыл Кеніш ғибадатханасының алғашқы кірпішін қалап кетті.

Ал 1645 жылы орыс барлаушылары Сібір воеводаларына Қазылық маңына жүз мыңнан астам адам жиналды, олар орыспен соғысуға дайындалып жатыр деген қорқынышты хабар жеткізді: «преехали де в Тоболеск ис Калмыков служилые люди Минка Семенов с товарыши, а в расспросе сказали: были де они в колмацких улусах у Кунделеня тайджи и у лабы Ирдени убаши и видели в колмацких улусех, что многие колмацкие тайджи с своими калмацкими людьми збираются на урочище Казлык, а собралось де калмацких людей тысяч со 100 ...» (4, т.1.,593 б.). Г.Ф. Миллер «История Сибири» кітабында «В этой связи в Тобольске, на Таре, на Тюмени, в Туринске и слободах начались приготовления. Жителям деревень было предложено укрыться в городах и острогах. Но калмыки не приходили, и, в конце концов, стало ясно, что тревога была напрасной» дейді (6, т.1, 132 б.). Біздің ойымызша 1645 жылы расында да Кент Қазылықта қалмақтың жиыны болды, бірақ ол орысты шабу үшін емес, Қызыл Кеніш ламаистік ғибадатханасын ашу құрметіне жиналған бейбіт адамдар еді.

1697 жылы Қызыл Кеніште Аюке ханның қызы, Сыбан Раптанның қалыңдығы Сетержабтың көші Еділден Жоңғар ордасына бара жатқан жолында қыстап шықты. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде бұл оқиға былай баяндалады: «Қалмақ екі қатын алмайды екен: «Екі қатын алса, ел бүлінеді!» – деп. Қалдан Шерін екі қатын алған екен. Себебі мынау: Он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыттың ханы кәрі Аюке жалғыз қызын қырық жолдас қосып, Қалдан Шерінге жіберген: «Кімге берсе, билігі Қалданда»- деп. Бара жатқан жолдарында қыс ерте түсіп, қар қалың жауып, жүре алмай қалған. Қазақтың бір мергені қыздардың өздеріне тастан үй қалап беріп, түйелеріне тастан қора қалап беріп, аң етімен бір қыс асырап, қыстан шығарған. Қалдан Шеріннің қаһарынан қорқып, қыз тие алмай, мерген ала алмай, жаз шыққан соң, қыздар Қалдан Шерінге қарай кепті. Осы қыздардың бір қыс қыстаған жері Қарқаралы үйезінде Боқты-Кент деген тауларында, тау басында «Қызыл Кеніш» атанған. Біздің қазақ «Қызыл Кеніш әулие» деп, соған да түнеп жүрді. Бұл қыздар Қалдан Шерінге барыпты. Қыз заманындағы жұрттан асқан сұлу екен. Басқа біреуге қимай, Қалдан Шерін өзі алыпты. Қарабас ханым деген атақты ханымы бар екен де, онан туған Ежен жалғыз екен. Қыз салт атты, сабау қамшылы болмай, буаз шығыпты. Еркек бала тауып, «Жолдан қыстырылған сына тәрізді болды», – деп, атын Сына қойыпты. «Сына батыр» атанып жүрген Сына осы кісі» (3, 10 т, 125 б.). Сына батыр жазба деректерде аты жиі аталатын атақты Шуно-Дабо.

Сына батыр тұлғасы ХІХ ғасырдың ортасынан бастап біздің зерттеушілерді қызықтырып келеді. (Қараңыз: Валиханов Ч.Ч. Шуна-батыр (Авантюрист ХVІІІ ст.)//Собрание сочинений в пяти томах. Т.4. Алма-Ата,1985. с.8-13; Пальмов Н.Н. Джунгарец Лоузанг-Шуну в калмыцкой степи//Этюды по истории приволжских калмыков. ХVІІ и ХVІІІ века. В 5-ти ч. Кн.1-4. Астрахан,1926-1932.с. 201-229); Алексеева П. Джунгарском князе Лоузанг-Шуну //Теегин герл (Свет в степи). Литературно-художественный и общественно-политический журнал. Элиста,1999. №8. с.123-126; Избасарова Г.Б. Восстание 1740 года в Башкирии. Карасакал в казахской степи// Вестник Каз НУ. Серия историческая. 2002.№3. с.49-53). Сына батырға (Шуно Дабо) қатысты осы оқиғаны Кент ауылының тұрғыны Ғабдолла Сәрсенбайұлы көзбен көргендей, қолмен қойғандай баяндаушы еді. Құдай рахмет айласын шежіреші қарияға. Аңыздың Ғабдолла Сәрсенбайұлы айтқан нұсқасы біздің «Загадочный дворец в горах Кент-Казылык» аталатын мақаламызда жарияланды (Среднее Прииртышье в контексте проблем истории Евразийских степей. Павлодар, 2007. с.158-193).

Міне, Ақжан Жақсыбекұлы әл-Машани туралы әңгімеміз қазақ тарихының көмескі беттерінен өз түп-тамырын тауып жатады, бұл да тек алпауыт тұлғаларға ғана жарасатын ерекше қасиет болар. Қазақтың бірнеше ғасырлық тарихы тек ауыз әдебиетінің негізінде, қалмақ факторын есепке алу арқылы ғана түсіндіруге келеді. Қазақ өз жерiндегі тас ескерткiштiң көбiн «қалмақтың обасы» деуi де сол себептi. Қазақтың мықты деген хандары мен батырларының алған жарлары қалмақтың қыздары. Біздің ежелгі аңыздарымыз «қазақ пен қалмақ ала биенің сүтіне таласып, өкпелеп бір-бірінен кетісіп қалып еді» дейді. Осы өкпешіл екі халықтың басын Ақжан Жақсылық ұлы әл Машани сияқты ұлы тұлғалардың өмір тарихы қосып отырады.

Жамбыл Артықбаев,

профессор

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Аполлова Н.Г. Присоединение Казахстана к России в 30-х годах XVIII века. - Алматы, 1948.
2. Артыкбаев Ж.О. Кызыл-Кенчский дворец – малоизвестный памятник калмыцкой архитектуры в Центральном Казахстане// Монголоведение, 2002. № 1. с.135-145.
3. Көпейұлы М.-Ж. Шығармалары. 1-20 т. - Павлодар, 2013.
4. Красовский М. Область сибирских киргизов. г.1-3- СПб., 1868.
5. Международные отношения в Центральной Азии. ХVІІ-ХVІІІ вв. Документы и материалы. Кн.1-2. - М., 1989.
6. Миллер Г.Ф. История Сибири.т.1. М-Л., 1937, Изд. 2-е. М., 1999; т.2. - М.-Л., 1941, Изд. 2-е. М., 2000.
7. Норбо Ш. Зая-пандита /Материалы к биографии/. Элиста, 1999.
8. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Извлечения из персидских сочинений собр. В.И.Тизенгаузеном. - М.,-Л., 1941.
9. Утемиш-хаджи. Чингиз-наме. Факсимил. перев. прим. В.П.Юдина. -Алматы, 1992.
10. XV-XVIII ғғ. қазақ поэзиясы. - Алматы, 1982. 
11. Халид Қ. Тауарих хамса (бес тарих). - Алматы, 1992. 

1940 рет

көрсетілді

251

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз