• Ел мұраты
  • 29 Сәуір, 2022

Ана тілінің танымдық құдіреті

Ұлдай ЕРЖАНОВА, 
М.Өтемісұлы  атындағы  Батыс  Қазақстан  мемлекеттік                                   университетінің доценті,  филология  ғылымдарының  кандидаты
 

Қазақ тіл білімінде академик Ә.Қайдаров, ғылым докторлары  М.М.Копыленко, Ж.Манкеева т.б. көптеген ғалымдар тілдің когнитивтік  негіздерін зерттеуге атсалысты. Негізін салды деп те айтуға болады. Тілдің  ғасырлар бойы халықтың көкірегінде жатталып, жадында сақталған көне тамырлы сөздерінің тарихына үңіліп, тілдік тұрғыдан табиғатын барлап, жасалу және сақталу жолдарының тілдік құралдарын анықтау, мағыналық даму заңдылықтарын көрсету мен көнеру себептерін ашу сияқты   мәселелерді қазақ тіл білімінің де зерттеу нысанына  айналдырды.   Ғалымдар зерттеулерінің біраз бөлігін тілді ұлттық ой-сана, дүние-таным, мәдениет, тарих, этностық рухты бейнелейтін таңба ретінде қарастыратын-когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану салаларына  біраз  зерттеулерін  арнады.    
 

Ғалым  Ж.А.Манкеева өзінің  «Қазақ  тіліндегі  этномәдени атаулардың  танымдық  негіздері» деген  еңбегінде «Шын мәнінде, өткен ғасырдың өзінде-ақ Батыстың ғалымдары қазақ халқының ұлттық мәдениетін зерттеуге айрықша мән бергені жұртқа мәлім. Солардың қатарында неміс ғалымы, орыс ориенталистерінің ең көрнектілерінің бірі саналатын В.В.Радловтың орны бөлек. Оның «Түркі тайпаларының халық әдебиеті үлгілері» деп аталатын он томдық әлемге әйгілі еңбегінің тұтас бір томы қазақ халқының фольклорлық бай мұраларын, салт-сана, әдет-ғұрпын зерттеуге арналған» деп жазады. Сондай ақ,  ұлт-азаттық көтеріліске қатысып, сол үшін Сібірге айдалған поляк халқының өршіл рухты перзенті А.Янушкевич те қазақ даласын аралап, халқымыздың өмірін, дәстүрін және мәдениетін зерттеген. Оның туған-туысқандарына, достарына жазған хаттарында ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы қазақ даласы өмірінің көріністері, ерекше тұлғалары айшықты бейнеленген. Соның ішінде оған ерекше әсер еткен  –  қазақ халқының сөз өнері болатын.  Ендеше, қазақ   ғалымдарының  өздері  де  төл ана  тілді қолданушы қауымның мәдени өмірімен байланыстыра зерттеудің маңызына  зор  мән  беріп,  тіліміздегі  халықтық танымнан  пайда  болған  этномәдени  атауларын  инемен  құдық  қазғандай, әрбір  жеке сөздің  шығу  тарихына сол  ұлттық  мәдениетіміздің  себебі  болғандығын   айқындап,  зерттеп   берді.  Ол үшін ғалымдардың өткен  дәуірлердің  ескерткіші  болған сол  дәуірде өмір сүрген бабаларымыздың тек рухани дүниесін ғана көрсетіп қоймай, сонымен қатар, бай да көркем материалдық мәдениетін де бейнелеген көне түркі ескерткіштерін, эпостық жырлар мен ежелгі аңыздарды ұзақ  уақыт  парақтап,  зерттеулеріне  тура  келді. Тілдің когнитивтік-танымдық   қызметін  анықтауда  ғылыми-əдістемелік негіз ретінде тілдің  тарихи негізін көрсететін   «Ескі түрік сөздігінің» деректеріне жүгініп, соны пайдалана отырып, көптеген жаңа ғылыми тұжырымдар  жасады. Біз де сол бабалардан қалған мұраларды, тілімізде әлі күнге  қолданылып,  сақталып келе  жатқан біраз  тілдік  ескерткіштерді  осы  мақалада  еске  түсіруді жөн  көрдік. 

Қазақ тілінің жан-жақты қоғамдық, әлеуметтік қызметін негіздейтін, дәлелдейтін, айқындайтын, жаңғыртатын, жандандыратын арқауы сөздік  құрамда  байқалмай  қызмет  атқарады. Сондықтан ұлттық  тілімізге  қатысы  бар лексиканың жалпытүркілік қабаты нағыз коммулятивтік қызмет  атқаратын тіліміздің бай негізгі қабаты болып табылады. Мемлекеттік мәртебеге ие тілде бұл қызметтер ерекше сипатта көне  жазба  нұсқалардағы  атаулардан көрініс тауып жүргенін көреміз. Қазіргі тілде өзгеріссіз сақталған мынандай тіркестерден көрінеді: мысалы, altun: altun kümüš kerjäsiz kelürti «олар алтын мен күмісті көп мөлшерде жеткіз деді»; belbay: altunluy belbayi birlä jiyačka bailady «алтынмен əшекейленген белбеумен ағашқа байлады»; eb // ev // üy // üv: baš mil jayidip  ebimru bardi «бізге жау болған басмылдар менің үйімді  (тұрағымды)шапты»; jalma: jaraqinta jalmasinta jüz artuq odun urti «оның сауыты мен желбегейіне жүзден аса жебе тиді; jelim:ešä kni berginča bu jelimni jesün «есекті бермес бұрын ол жемін жеп алсын; kidiz: ki[d]izig subda soqmiš «киізді суға сап қойды;  ujuq:bir qai bir ujuq čaruq «бір пар шарыққа бір ұйық (шұлық); sünüg:sünü qilič taz... bogda temir berka ort jalin bilan belgurtup «жалынмен бірге сүңгісін(найзасын), қылышын, тəжін, қанжарын көрсетіп;  oq:bir erig  oqun urti «бір кісіге ол оқ тигізіп құлатты».

Мына бір жай көңіл аударарлық:  ескі түркі сөздігінде ton kedip, ton kedim деген плеонастық тіркес  бар. Яғни, көне түркі тілінде тон киетін заттың атауы да, киім соны киюдің немесе қимылдың атауы екен. Демек, тіл дамуы барысында қимыл атауы заттық атауға ауысқан да,  «тон»сөзінің бірте-бірте кең мағынасы тарылып, нақты киімнің бір түрінің атауында ғана сақталып қалған. «Тон» сөзінің көне жазбалардағы кең мағынасы қазақтың ауыз әдебиеті мен жырауларының туындыларында  да сақталған: Жағаласса жыртылмас, Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма?  (Шалкиіз /// Бес ғасыр жырлайды,  41)Жиған малың тәрік етер, Атың, тоның  бүлдыр етер (Бұл да сонда, 42)Қыздарына қызық ала тон   кигізіп, Қырмызыға малдырып... ( Сонда, 97).

Отын: одун (қыр.тат.,қар.) отун (қырғ.) отын (қаз.,ноғ.,қ.қалп.)~утын  (тат.,башқ.). Ошақ: ожақ (қыр.тат.,қар.,ноғ) очоқ (қырғ.) ошақ (қаз.,ноғ.). Отау: отау (қаз.,ноғ.,қ.қалп.) otoo (қырғ.) одақ (қыр.тат.)~утау  (тат.). Ұлтан: ултан (қырғ.,ноғ.,қ.қалп.)~ұлтан (қаз.,тат.,башқ.), Үзеңгі: үзеңги (қ.қалп. ) ~ үзеңгі ( қаз.) ~ үзөңгү ( қырғ. ) ~ үзәңгі (тат., башқ.) ~ үзеңкі ( қаз. диал.) ~ өзенги (қар. ).  Үзік – киіз үйдің жоғарғы жағына, уықтың үстіне, туырлықпен астастырыла жабылатын киіз. Үтік : үтік >üti « үтіктеу» + к;  үшкі : үшкү (қырғ.) ~ өшкө  Көрсетілген нұсқалардағы   негізгі мағынасы – «бұрғы», «уықты тесетін біз» т. б. Яғни, ол – құрал аты. Ал, соның негізінде ажыратылатын түбірі – үс// үш  üs – бұрғылау. Бұл сөздердің барлық тілдердегі аз-кем дыбыстық өзгешелігі болмаса,оның морфо-семантикалық анықтамасында күрделілік сезілмей тұр.

Ғалым Ж.А. Манкееваның   пікірінше, «Көненің көзіндей тілдің қат-қабат қойнауларында сақталып қалған, осы дүниенің сыры мол тіл әлемінің тереңіне үңіліп, тарихымен тұтас қарап, сырын ашу-этнолингвистиканың үлесі. Атап айтқанда, рухани бұлақтарда (халық ауыз әдебиеті, фразеология, мифология, көркем мәтіндер т.б.) этносқа қатысты рухани мәдениеттің тілдік бейнесінің сан түрлі арналар жүйесі қалыптасқан» дейді.  Осы жүйені тіл мен этнос контексінде лингвоэтнографиялық, этномәдени тұрғыдан зерттеген  ғалым С.Жанпейісованың пікірінше, рухани мәдениет лексикасының мазмұнында этнопедагогикалық  дағдылар, құқықтық-әлеуметтік нормалар, әкімшілік бөлініс, басқару жүйесі, билік жүргізу, лауазымдық дәреже тағы басқаларына қатысты құнды деректер айғақталған. Мысалы: жүз, төре, хан көтеру, ала жіпті аттамау, барымта, бақал қыдырту, ат құйрығын кесу, құйрық түю, тұсау кесу, қорықтық құю, қара шығын, қынаменде, айттырып алу, жеңге алу, қол ұстатар, шаш сипар, қырық жеті, құйрық бауыр жесу, тасаттық беру, ақ сарбас // боз қасқа атау, жарыс қазан, үкі тағу, үш тоғыз т.б.

Сол сияқты,  этностық сандық, кеңістік, көлем, уақыт, жас мөлшері т.с.с. құбылыстарының да сапалық тұрғыдан сипаттау дағдысы ұжым мүшелерінің тіршілік ортасының рухани дүниетаным деңгейіне сәйкес қалыптасып, өзіндік метрологиялық жүйе құрайтыны байқалады: соқыр, алты ен, қарын(май), қосақ(қой), лек, танап, сайыпқыран, тастүлек, мұзбалақ, үш қырыққан(түйе), мүшел жас, талтүс, сәскетүс, ақшам, бие сауым, желі бойы жер, кереге бойы т.б.

Сонымен, қазақ тілінің лексикасы – қат-қабат, сарқылмас мол қазына болса,  ол байлықтың ең бір сүбелі қабаты – тіліміздің  бабалар  қолданған, танымнан  пайда  болған  этнографиялық лексикасында сақталып  отыр  екен. Онда мағынасы күңгірттеніп, қолданыстан шығып қалған, өткен өмір мен ескірген әдет-ғұрыпты бейнелейтін, әртүрлі кәсіпке байланысты ұмыт болған атаулар мен сөз тіркестері көптеп кездеседі. Атап айтқанда, мал бағуға, саятшылыққа,зергерлікке т.б. байланысты атауларға және соларға қатысты  сөз тіркестері мен фразеологизмдерде, тіл шеберлерінің дайын үлгілері- мақал-мәтелдерде халқымыздың басып өткен бүкіл ұзақ өмірінің өрнегі жатыр. Мысалы, қазіргі тілімізде қолданылып жүрген мм, см, дм, м, км  (миллиметр, мантиметр, дицеметр, метр, километр) дегендерді дана  халық  өз  тіршілігінен  танып,  біліп,  мынандай  көлем  өлшемдерін шығарған: ине жасуындай, алақандай, жапырақтай, ат төбеліндей,  пұшпақтай,  шүйкедей, ұлтарақтай, қозы өрісіндей,  десте – бір байлам,  бір  уыс,  жұмбаз – қос уыс,  бір құшақ, қолтық – қолдың басы мен қолтық аралығы,  табақтай – тулақтай – мал терісінің көлемі, үй орнындай – киіз үйдің ішкі көлеміндей, бөлтек – бір бөлек, азғана жер, бір тана жер – гектардың алтыдан бір бөлігі, бір атыз жер – гектардың төрттен бірі, бір сала, тақта, мойын жер – ширек гектар, бір кесім жер – гектардың сегізден бір бөлігі, бір қос айдам жер – бір гектар, көлдей – өте көлемді, кең, шақырым – айқайлап шақырғанда дауыс естілетін жер. Салмақ  өлшемдерінен мысалдар  келтірсек: титімдей, титтей,  мысқалдай, тырнақтай,  шүйкедей, түйір,  бір жапырақ – бір жұлым, бір жұтым, бір шайнам, бір тілім, үзім,  бір шөкім,  бір шымшым, бір атым (насыбай),   бір қайнатым (шай), бір асым,  бір торсық (айран), бір саба (қымыз), бір арқа (жүк) қап, қанар, әшмүшке, бір (екі) қоржын басы, пұт. батпан. зіл. т.б. Қашықтық  өлшемдері: иек асты жер, иек артпа жер, әудем жер, қыр асты жер, тай шаптырым жер, аяқ жетер жер, қозы көш жер, құнан шаптырым жер, бір көш жер, ат шаптырым жер, бір лау жер, түстік жер, күншілік жер, ара қоным жер,  ит өлген жер, ит арқасы қиянда, жер түбі, жер мойны қашық, түйенің табаны түсер жер,  алты айшылық жер,  шақырым, дауыс жетер жер, қара көрінім жер, көз ұшындағы жер, қозы өрісіндей жер, бір бауыр, бой жазар жер,  қой өрісіндей жер, қол созым жер, қарға адым жер, қамшы салым жер, таяқ тастам жер, бір дем жер.

Уақыт өлшемдері: Бесін (кіші бесін, құлама бесін). Бесін (кіші бесін, құлама бесін), екінді, дүрек, бір сәт, қас қағым, сүт пісірім, бие сауым, ет пісірім, бір күн, бір түн, бір тәулік,  бір апта, бір жеті, бір жұма, ай, тоқсан, жыл, ғасыр, қыркүйек, отамал, екінді,

Міне,  қандай  тапқырлық  десеңізші... Осылайша дана  халқымыздың  оқуы жоқ  кезде көздерімен көріп, таным арқылы сөздік қорын  жинақтауының  өзі терең  этностық  мәдениеттің  көрінісі болып  табылады.  Абай атамыз айтпақшы: «Ақыл,  Қайрат, Жүрек – үшеуі мықтылықтарына  таласып  болып,  төрелігін  айту  үшін  ғылымға  жүгініпті. Үшеуіңнің  басын   қоспақ- ғылымның  ісі, осы  үшеуің  бір  кісіден  табылсаңдар, қасиетті,  текті  адам ­– сол. Ал үшеуің ала болсаңдар, – мен жүректі жақтадым. Құдайшылық  сонда, қалпыңды таза сақта, құдай тағала қалпыңа қарайды. Кітаптың  айтқаны осы, – депті  ұлы  Абай  атамыз  17-ші қара сөзінде.

297 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз