• Ел мұраты
  • 30 Сәуір, 2022

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ҚАЛЫПТАСУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІН ҚАЛАЙ ЗЕРДЕЛЕЙМІЗ?

Үмбетқан Сәрсембин,
 философия ғылымдарының кандидаты


Қазақ мәдениетінің де әлемдік мәдениеттен алатын өзіндік орны бар. Қазіргі жаһандану заманында қазақ ұлтының мәдени құндылықтары, ежелден бері келе жатқан өркениет өнімі ретінде ерекше қолдауға ие болып отырғандығы анық. Ұлттық мәдениетіміздің ерекшеліктерін зерделеуде ескеруді қажет ететін мәселелер де жоқ емес. Соның бірі, яғни бүгінгі мемлекет алдында тұрған негізгі міндет тарихтағы ата-баба жетістігін құр мақтан тұтумен шектеліп қалмау керек. Екінші мәселе, ұлт мәдениетінің бойындағы дүниелерді игеруде ел болашағын қоғам болып зерделеу, қауіпті нәрселерді ескеру және әр адамның болашақ алдында ұлттық мүддесіне өзінің жауапты екендігін сезінуі маңызды дүниелердің бірі болуда. Әр адам ұлтының төл мәдениетіне күш беріп отыратын дүниелерді еңсеруде, оның  бүгінгі қоғам алдында тұрған негізгі мәселе екендігін білуі керек. Жаһандану әлеуметтік құбылыс ретінде үнемі алға жылжу үстінде. Осы жаһанданумен бірге адамзат қоғамы да өзгеру үстінде. Өзгеріс ғылымы дамыған, экономикасы жетілген әрі орныққан аймақтардан күш алғандықтан, оның өзге мемлекеттерге де әсер етпей қоймасы анық. Қазақ хандығы құрылған уақыттағы ел басқарған тұлғалардың даналығына қарап, сол кездің өзінде ел болашағына тарихи зерде биігінен қарауда адамзаттық мәдениеттегі прогрессивтік өзгеріс, сол әлемдік жаңа өзгеріс шеңберіндегі ұлттық мүддеге қатысты мәселелердің қазақ ойшылдарының руани мұраларында орын алғандығын байқаймыз: 
...Ай, Жәнібек, ойласаң, 
Қилы, қилы заман болмай ма?
Суда жүрген ақ шортан 
Қарағай басын шалмай ма?
Мұны неге білмейсің!?.. 
Асанқайғының өз заманында хан мен халыққа айтқан төрелігі ғасырлар бойғы тарихи сананың желісіне айналған дүниелерді қозғап кеткен. Соның бірі бабадан балаға қалатын мұра ұлттың территориясын, мәдениетін сақтау ісі, ұлтты сақтайтын жаңа дүниелерді жасау (қалыптастыру) болған.

Демек қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін негізгі феномен осы, яғни ұлттық мүддені қорғауға негізделген тарихи сана қашанда ерекше орынға ие. Осы себептен де тарихи сананы тұлғалықтың негізгі феномені деп айтамыз.

Қазақ мәдениетіндегі ойшыл адамдардың қалыптасу дәстүрін зерттеуде, оның айшықты белгісі болып табылатын ұғымның бірі бұл ұлттық мүдде. Ұлттық мүддені түсіну үшін оған үнемі қарама-қарсы тұратын жаһандану ұғымын, жаһандану құбылысының ерекшеліктерін зерделеу қажет. Жаһандану дегеніміз бұл әлемдік мәдениет кеңістігінде жаңа дүниелердің пайда болуы, қалыптасып жатқан жаңа дүниелер ғылымның, саясаттың нәтижесінде пайда болады. Жаһандануды ілгерілетіп отыратын ғылым мен саясат, экономикадағы бәсекелестік болған. Жаһанданудың ұлттың мәдениетіне кері әсері, ол дәстүрлі мәдени игіліктерге ескі деген көзқараспен қарайды, жаңашылдықты іске асыруда бұрыннан келе жатқан ұлттардың мәдениетіндегі тәжірибелерге, әр халықтың ұлттық мүддесінің талаптарына бағынғысы келмейді. Жаһандану экономикасы мен ғылымы күшті елдерге пайдалы, белгілі бір елдер үшін оң нәтиже беріп жатқан дамудың бір түрі, жаңа тәсілі болғанымен тарихы мен территориясы бай елдер үшін күрделі мәселеге айналатындығы даусыз. Осы себептен Асанқайғы мемлекетті қарағайға, ал жаһандануда орын алатын әлемдегі саясатты шортанға теңеген. Асанқайғының жаһандануға қатысты пікірі бүгінгі біздің заманымызда уақыт шындығына айналды.

Асанқайғының толғауы тарихтың бас кезінде орын алған мәселе күйінде қалған жоқ, кейінгі уақыттарда қазақ хандары мен ойшылдарының ұлттық мүдде тұрғысындағы көзқарастарының негізгі бағдарына айналғандығы белгілі. Асанқайғының Жәнібек ханға қойған сауалын, Абылай хан өз тұсындағы ойшылдарға да қойды.

Болашақтың шындығына ақыл көзімен қараған қазақ ойшылдары, қазақтың хандары мен батырлары оған төтеп берудің жолдарын үйреткен. Ұрпақтың ұлт еркіндігі үшін күресуінде қажет тәжірибелерді қалдырып отырған. Бұны қазақ мәдениетіндегі интеллектуалдар болмысына тән, әсіресе олардың қалыптасу ерекшеліктерін зерделеуде қажет негізгі дүниелердің бірі деп айтамыз. Себебі зиялылық, ұлт пен оның тұлғаларының интеллектуалдық болмысына тән сезімталдық қасиеттер, тарихи сана мәдениет өрісіндегі тұлға феноменін зерттеудің негізі болып табылады. Осы рухани негіздер арқылы алаш тұлғаларының қалыптасу ерекшеліктерін ғана емес, олардың бүгінгі ұрпаққа, ертеңгі буынға қажет тәжірибелерінің де түбірін толығымен зерделейміз.

Қазақ қоғамы үшін ұлт еркіндігі, мемлекеттің тәуелсіздігі қашанда құнды дүние болған. Бұның бейбітшілік уақыттың өзінде тұлғалардың ой таразысына салынып отырғандығын көреміз. Ұлттың тарихи зердесінің үлкен бөлігіне айналған. Осының салдарынан қоғам болмысының да ұлттық сипатқа ие болғандығы бәрімізге белгілі. Үйдің іргетасы қандай берік болса, оның қалған бөлігінің де берік, ұзақ уақытқа жететіні секілді ұлттың санасы қоғамға берік орныққан кезде, оның қоғамы ғана емес, мәдениеті, мемлекетінің де берік өмір сүретіндігі анық. Өз талғамына берік мемлекеттің адамының да танымы терең келмек. Осыны қазақ хандары білсе керек, түркілік мәдениеттің өзінде ойшылдардың рухани мұраларында қоғамды біріктіруші негіз халықтың мәдениеті мен тарихы, тарихи сананы күшейтіп отыратын тәрбие екендігі жиі айтылған. Қазақ жыраулары мен билерінің де даналығынан осыны байқаймыз. Яғни жеке адамның болмысы елдің болмысымен үнемі сабақтас, тағдырлас екендігі түсіндіріледі.

Қазақ мәдениетінің тарихи кеңістігінде, тарихи сананың символына айналған талант иелерінің идеяларынан түйеріміз адам үшін де, қоғам үшін де еркіндік бұл ұлттың еркіндігі, ұлттың еркіндігі бұл оның дербес мемлекетінің болуы. Ұрпақ өз болашағын мемлекеті арқылы қалыптастырады, осы себептен қазақта мемлекетті үлкен отбасыға теңеген, мемлекет бұл ұрпақтың ұлт ретінде өмір сүретін ортақ үйі іспеттес.

Қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктері дегенде алдыменен осы мәселені ескеруіміз керек. Тарихтан келе жатқан өсиет пен өнеге  жаңа буын ішінен тұлғалар дәстүрін жалғайтын ұрпақтың қалыптасуына әсер етіп отырған. Мемлекет, тәуелсіздік ұлттың өз қолында болған кезде өзінен күш алады, ал кешегі отаршылдық тұсында, кеңес өкіметі кезінде барлық салмақ халықтың өзіне түсті. Бірақ ұлттық сананың күштілігі сондай, ел тәуелсіздіктен қол үзгенімен ұрпақты ұлттық мүдде құндылықтарын қорғауға бағыттауда тәжірибеден қол үзбеген. Алаш зиялыларының қалыптасуы осы шындықтың куәсі. Ахмет Байтұрсыновтың өзі жазып кеткендей:

Кім біліп, ер еңбегін сезіп жатыр?

Кім шыдап, жолдастыққа төзіп                                                                    жатыр?

Сасық ми, салқын жүрек, санасыздар

Алаңсыз ақ малтасын езіп жатыр.

Сынайтын, жақсы менен жаманды                                                                               өлшеп,

Құлдықтың қолдарында кезі жатыр.

Кешегі кеңшілікте керек қылған

Бостандық болмаған соң безіп                                                                       жатыр.

Ұлттық интеллигенция өкілдерінің қалыптасу ерекшеліктеріне қарап қашанда қоғамның рухани тамырларының бірі ұлттық сананың өзі болатындығын ұғынамыз. Шынымен де алаш зиялыларының тұсында отаршылдық саясат қазақ қоғамының болмысын түбегейлі өзгертіп отырғанымен, қоғам ішінде ұлттық санадан ажырамаған адамдардың көптеп болғандығы анық. Соның негізінде ой өрісі жоғары, ұлттық намысы мол адамдар қоғам алдына, тарих сахнасына шығып отырған.

Тарихқа қарайтын болсақ күні кешеге дейін, ұлтымыздың жоғалтқаны көп болды. Ұлт өзін-өзі жоғалтпау үшін күресетіндігін де ұлт зиялыларының тағдырынан көруімізге болады. Ұлтты жоғалтпау үшін өмірін сынға тігудегі тұлғалардың көздеген мақсатын енді түсініп жатырмыз. Себебі біз жоғымызды түгендеп жатқан елміз. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жыл болды, осы отыз жылдың ішінде негізгі бет бұрыс ұлттың тарихы мен мәдениетіне қатысты негізгі деректерді жарыққа шығару болуда.

Қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктерін зерттеуге қатысты мәселеге келер болсақ, өткен ғасырдың басында өмір сүрген алаш зиялылары, олардың рухани тұлғасы ұлттың тарихы мен мәдениетінде ерекше құбылысқа айналғандығы белгілі. Қазақ тарихының барлық кезеңінде интеллектуалдар дәстүрі ерекше орынға ие болған. Жаңа қазақ жырауларының идеяларына тоқталып отырған жайымыз да сол.  Алаш зиялылары да тарихтың бастапқы кезеңінен қалыптасқан, қазақтың тұлғалар дәстүрін жалғаушылар болған. Екінші жағынан алаш зиялылары өз заманында әлемде орын алып отырған жағдайларға көңіл бөлген, өзгерістерді білген, зерттеген адамдар. Адамзат қоғамында орын алып отырған жаңа өзгерістерге баға беру үшін, алдыменен, оны жасап отырған мемлекет пен оның тұлғаларын, ғылымын, саясатын, тарихты терең білу керек. Осы себептен Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған тұлғаларымыз жаңа өркениетті қалыптастырып, оның  болашағына бет бұрып жатқан елдердің философиясын, мемлекетті басқару тәсілдерін жетік білген. Алаш зиялыларының жан-жақты болуының арқасында қазақ қоғамы түгелдей жойылған жоқ, тәуелсіздігіне қайта қол жеткізе алатын деңгейде қалды. Тарихты, жаңа уақыттың жағдайын қатар зерделеп, қатар білудің нәтижесінде олар мәдениетін де сақтап қалды.

Ұлт сақталуы үшін алдыменен не нәрсе керек екендігі тарихтан белгілі. Тіл, діл, жер, дін, мәдениет және бұларға ие болатын ұрпақ, ұлттың мемлекеті болуы қажет. Алаш тұлғаларының қай-қайсысы да осы ұлт игіліктеріне ара түсуде тарихында, өздерінің бойында бар мүмкіндігін толығымен пайдалана алған. Басқа халықтардың интеллектуалдарынан кем түскен жоқ. Өздерін өзгеге де мойындата білді. Сондықтан да біздің ойымызша, ұлттың тарихы мен мәдениетінде ерекше орынға ие алаш интеллигенциясының тұлғасын зерделеуде бүгінгі қоғам оны үлгі ретінде тұтынуда, алдыменен олардың қалыптасу ерекшеліктерін, феномен тұлғаларды қалыптастырып, қоғам алдына шығарудағы халықтың да ерекшеліктерін білуі тиіс.

Айтып өткендей, қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктері бір уақытпен шектелмейді. Олардың табиғаты, тұлғалану ерекшеліктері, ұстанымы ұлттың болмысымен қашан да тығыз байланысты. Дәлірек айтсақ, алаш интеллигенциясының қалыптасуына ұлттың болмысы, тарихи уақыт жағдайлары тікелей ықпал етіп отырған. Ерте дәуірден бастау алатын  қазақ мәдениетінің өрісінен, тарихи уақыт орамындағы орын алып отырған кедергілерге қарамастан, онымен үздіксіз күресудегі ұлттың рухын да байқаймыз. Болашаққа деген үлкен талпыныс қазақтың болмысында үзілмеген, іштей жалғасып отырған. Ахмет Байтұрсыновтың «Анама хат» өлеңінде айтылған мына бір сөздер бүгін бізді осындай ойға жетелейді:

Қарағым, дұғагөйім, қамқор анам!

Арнап хат жазайын деп алдым                                                                      қалам.

Сені онда, мені мұнда аман сақтап,

Көруге жазғай еді хақ тағалам!

Бара алмай, өтірікші болып әбден,

Семейдің түрмесінде отыр балаң.

Мал ұрлап, кісі өлтірген айыбы жоқ,

Өкімет – өр зорлыққа не бар шараң?!

«Үмітсіз шайтан болсын» деген

                                                          сөз бар,

Жолдар көп жәннетке де

                                              тарам-тарам.

Оқ тиіп он үшімде ой түсіріп»!

Бітпеген жүрегімде бар бір жарам.

Алаш зиялыларын қоғам алдына шығарған әділетсіздік, осы әділетсіздікті олардың өздері ғана емес, олардан үлкен адамдар да көрді. Әділетсіздіктің зардабын көзбен көріп, көңілге тоқыған баланы адамгершілік мұқалтқан жоқ, керісінше онымен күресуге жетелей түскен. Бұны да қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін шындықтың бірі деп қарауымызға болады. Ана мен баланың арасындағы өрбіген ойдың негізінде, қоғамдағы қасақана қолдан жасалған қиындық жатыр, қиындық қасақана қолдан жасалса әділетсіздік, онымен күресудің күш алары анық.

Қарапайым қазақы өмірдегі бала тәрбиесі, ұлттық ойын түрлері, тұрмыс тәжірибелері бұның барлығы сананың болашақ ұлттық сипат алуына бағытталады. Кейде бұған қатысты мынадай ойдың да туындайтыны белгілі. Ата-бабаларымыз өмірдің, тұрмыстың, уақыттың қиыншылықтарына қарамастан, рухани тереңдікті қалай сақтап отырған? Жеке адамның рухани қалыптасуында алдыменен оның өзіндік санасының дұрыс қалыптасып отыруының бірден-бір кепілі ұлттық тәрбие, осы ұлттық тәрбиедегі ұлттық құндылықтарға басымдық берілуі болған. Балаға жастайынан ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігін үйретудің өзі, қоғамға үлкен пайда әкелетіндігін осыдан көреміз. Адамды тәрбиелеу, қоғамды біріктіріп, рухани дәстүрді сақтап отыру үшін оның болмысына әсер ететін құндылықтар бар.

Ұлттың болмысында және елдің рухани өмірінде басты қызмет атқаратын құндылықтар, жеке адам мен қоғамның азаматтық санасын қалыптастыруға бағытталады. Осы азаматтық сананың биік көрінісі батырлық. Осы себептен қазақ қоғамының рухани өмірінде адамды тәрбиелеудің негізгі құралы сананы тәрбиелеу, адамға дұрыс бағыт беретін тәжірибелерді иелену болған. Адам мен қоғамға қажет тәжірибелерді сақтауда ұлт руханияты ерекше рөл атқарған. «Батырлар әңгімесінің құны қандай деген мәселеге келсек, мұнда айту тиіс: бұрынғы жаугершілік заманда халық тән есебінде болған да, батырлар жан есебінде болған. Сондықтан батырлар турасындағы әңгіме халықтың жаны, рухы турасындағы әңгіме. Батырлары қандай болса, халықтың рух жағы да сондай болған» - деп жазып кеткен Ахмет Байтұрсынов өзінің «Әдебиет танытқыш» атты еңбегінде. Бұған қарап, қазақтың ұлттық интеллигенция туралы ұғымын да көруге болады. Халық болмысы тән есебінде зерделеніп отырса, ал тұлғалар бұл халық болмысына жан, рухани мән беретін феномен есебінде көрінген. Шынымен де тән болмаса жан да, жан болмаса тән тағы өмір сүрмейді. Қазақ халқының әлеуметтік танымындағы интеллектуалдар қызметі елдің мүддесін қорғау ғана емес, болашақ қорғауда қажеті мол тәжірибені қалдыруға ұмтылысында.

Қиыншылығы мол уақытта ұрпақтың ішінен онымен күресетін, күресуде туындайтын қиыншылықтарға төзе білетін адамды шығарудың өзі оңай шаруа емес. Батырды немесе кемеңгер ғалымды шығару үшін де оның өскен ортасында батырлыққа, рухани тереңдікке негізделген сана болуы тиіс. Қоғамның қалыптасуы, соның ішінде тарихи сана, қоғамның тарихты білуінен шығатын ұлттық сана, осы ұлттық сананың үлкен мәдени құбылысқа айналуы ұлт руханиятының үлкен жемісі, жеңіске ие болуы. Ана тілінің, дәстүрдің қызметі осы ұлт руханиятының негізінде жүзеге асып, сақталып, кейінгі уақытқа табысталып отырады.

Интеллектуал адамдардың қалыптасуы және қоғам алдына шығып, ел мүддесіне қызмет етуі үшін ұлттың болмысы терең, бірегейлігі сақталуы қажет. Ұлттық бірегейліктен, қоғам болмысының тереңдігінен, мәдениетінен азаматтық бірегейлік қалыптасып отырады. Ұлттың мәдениетінен туындайтын бірегейлік жеке адамның, соның ішінде ұлттық болмыстың тұлғалану ерекшеліктерін негіздеп тұратын сананың түрлерін де анық көрсетіп отырады. Ол атап айтсақ өзіндік сананың дұрыс қалыптасуына әсер ететін, қазақтың күнделікті өміріндегі балаға көп айтылатын сөзі «ұят болады», «обал болады», «жаман болады» деген ұғымдар болған. Бұндай жиі қайталанып отыратын сөздер, ауыз екі қарапайым сөз орамында жиі естіліп отырғанымен, жеке адамның санасына, содан кейін қоғамдық санаға дұрыс әсер ететін көмекші құрал екендігін түсінесің. Балаға ненің ұят, ненің дұрыс, ненің бұрыс, ненің обал, ненің адал іс пен адал ас екендігін әуелі ата-ана үйретпесе кім үретеді? Сондықтан да қазақ қоғамының рухани өмірінде, ата-ананың қоғам алдындағы міндеті баланы шынайылыққа, адалдыққа, іскерлікке тәрбиелеу болған. Бала дұрыс тәрбиеленуі үшін қоғамдық ортада да дұрыс талғам, әдеп ережелері болуы тиіс. Дарақылық алдыменен жастардың мінезіне кері әсер етеді. Бұл айтылып отырғандардың барлығы да, қазақ мәдениетінің тұтас жүйесін құрайтын құндылықтардың қалыптасуы мен сақталуына ықпал етіп отырған. Ұлттық сана биігіндегі басты мақсат, елдің ұстанымы жақсы ортаны, жақсы ұрпақты қалыптастыру, жақсы істі жалғастыру болған. Жақсылықтың басында қашан да тәрбие мен білімнің жүрері анық, бұның басты өнімі деп интеллектуалдар қызметі мен болмысын айтамыз. ХҮІІІ-ХІХ ғғ. өмір сүрген қазақ жырауларының бірі Шал ақын сомдап кеткендей:

Жақсының жүрген жері той болады,

Ақыл жоқ, кей адамда бой болады.

Көрмеге қандай жаман болса дағы,

Парасат кей шаһбазда ой болады.

Жамандар тыңдамайды жақсы сөзін,

Сүйресең де жақсы іске бұрмас өзін.

Надандар асыл білмес сутас көрсе,

Гауһардай-ақ айырмас сонан көзін.

 

Адамды жөн білетін дана деп біл,

Істерін жалқау жанның шала деп біл.

Құр жасы елулерге келсе дағы,

Білімсіз сондай жанды бала деп біл.

Қазақ мәдениетінде ұрпақты кісіліке тәрбиелеуде отбасы институтының негізгі рөл атқарғандығын ұмытпау керек.

Қазақтың рухани өмірінде, ұлт тарихының бастапқы сәтінде қалыптасқан дүниелер, ұрпақтың жадына сақталып, тұлғалық деңгейдің қалыптасуына әсер етуші күшке айналып отырған. Қарапайым отбасындағы үлкен адамдардың тарихты білуі ұлттық ерік-жігердің сақталуына, ұлттық рухтың жоғалмауына ықпал еткен. Алаш зиялыларының өздері жазып кеткендей, тарих қазақ қоғамында шежіре мағынасында зерделенген. Кез келген ересек адамның тарихи санасы, танымы ұлттың тарихи жадына бағынады, оның жалғасуына қызмет етуі тиіс. Себебі көшпелі тұрмыстағы өмірдің, ұлттың жоғарғы игіліктеріне негізделген өзіндік ережелері бар. Бұл ережеден ұрпақ айналып өтпеуі тиіс. Ұлттың өміріне қажет жоғарғы игіліктер жаңа дүниелермен бірге, тарихтың тәжірибесі мен тұлғалар тағылымын қатар зерделеп, меңгеріп отыруды қажет етеді. Атап айтсақ, ұлтты сақтайтын оның дербес мемлекетінің сақталуын қамтамасыз ететін құндылықтар қашанда жер, зерделі ұрпақ, тіл мен мәдениет. Бұлар ұлттың негізгі игіліктері болып табылады. Бұл игіліктерді әр ұрпақ-буын бәрінен де жоғары қоюы тиіс. Тарихи сана негізінде қоғамға үйретілетін өнеге, тарихи таным қазақ мәдениетінде осы құндылықтарды негіздеуден құралғандығын байқаймыз.

Қазіргі қазақ ұлығы

Жаман иттен несі кем –

Жемтік көрсе, қан көрсе,

Айрылар мүлде есінен.

Сендер атқа мінген соң,

Тандыр болып суалды

Шалқар көлдей несібем – деген кешегі отаршылдық заманда өмір сүрген кемеңгер тұлғаларымыздың бірі Дулат Бабатайұлы.

Тарихи уақыт құбылыстарымен қатар, атамекен табиғаты да, ұрпақтың интеллектуалдық деңгейде қызмет атқаруына үнемі әсер етіп отырған. Қазақ болмысы бұл табиғатпен етене араласқан тұрмыс, сол тұрмыстың өрісінде атамекен табиғатын сезіну, таза ұстау, құрмет тұту, қорғау және негізгі құндылық ретінде түсіну жатыр. Әсіресе дүниетанымдық тәжірибелер қазақтың ұлттық болмысының қазығына айналған. Ұлттық құндылықтардың жоғарғы түрі жердің (территория) өзін атамекен деп қабылдау, осы негізде қалыптасқан ұлттың өзіндік санасы ұрпақты тұлғалыққа бастап отырған. Қазақ руханияты ұлттың барлық болмыс-бітімін, оның қалыптасу негіздерімен қатар, тарихи өмір сүру жағдайын бейнелеп, негіздеп, тәжірибелерін қоғамға ұсынып отыратын дүние. Руханият дегенде тек қана өнер туындыларын, өнер түрлерін ғана емес, ұлттың дүниетанымдық тәжірибелерін, дербес мәдениетін қалыптастырудағы игіліктерді, әсіресе оларды біріктіріп, бір арнаға тоғыстыра түсетін ұлттың интеллектуалдық болмысын, яғни рухани жүйе парасат жүйесін айтамыз. Себебі тарихи уақытты басынан өткізіп отырған қазақ халқының барлық рухани дүниелері,  ұлттың рухы мен оның әр адамының парасатты өмір сүруін қамтамасыз етуге негізделіп отырған.

Қоғам қай күнде де адамдарының парасатты әрекетіне мұқтаж. Жеке адам мен халықтың парасатты әрекетінің танымдық қасиеттерден шығатындығы белгілі. Адамның танымдық қасиеттерінің негізінде сананың қасиеттері жатыр. Сезімталдық, түсінік, икемділік, пайым, естілік, ақыл-ой бұның барлығы адам санасының ерекше қасиеттері болып табылады. Осы қасиеттер арқылы адамның өзіндік санасының қалыптасуы, оның іс-әрекетіне тікелей әсер етіп отырады. Осы себептен қазақтың ұлттық тәрбиесінде бесік, бесік жыры, ертегі, аңыз әңгімелер баланың танымдық қабілетін тәрбиелеудің негізгі құралы болған. Құралы дұрыс болмаса кез келген заттың дұрыс қалыптаспайтыны секілді, тәрбиедегі тәсіл өмірдің тәжірибесінен өтіп отырмаса қоғамның мәдениетінің қалыптасуы қиын. Осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлт руханияты тарихи уақыт сынынан өтіп отырған барлық ұлттық құндылықтардың жиынтығы, интеллектуалдар тәжірибесін құндылыққа айналдырып, әрбір жаңа уақыт тұсында қоғамның жағдайларына байланысты, оны ұрпаққа ұсынып отыратын дүние. Бұнда қоғамның барлық саласына, адам өміріне қажет білім түрлері мол. Осы себептен тарихта ұлт руханияты философияның тарих пен психологияның, мәдениеттің, тіпті ғылымның да қызметін атқарған.

Бұған көңіл бөліп отырған себебіміз, ұлт руханиятынан тәлім-тәрбие алып өскен адам ерте бастан-ақ, санаға жақсы әсер ететін ұғым түрлерін жинақтайды. Адамды төл болмысымен біріктіріп отыратын ұғымдар оның танымында орын алған сайын, сол адамның әлеуметтік ортаға, рухани өмірге деген қызығушылығы жоғары болмақ. «Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ» деген түркі кемеңгерлері. Соның ішінде Әл-Фараби тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы дейді. Жүсіп Баласағұнның сөзіне сүйенсек, адамға білімнен бұрын тәрбие берілуі тиіс, балаға білімді үйретуде алдымен түсінігін, қабілетін шыңдау қажет, яғни «білік білсең төрден орын аларсың». Әрине, бұл жерде тәрбие ісі тек қана түркі-қазақ мәдениетінде ғана бар, басқасында жоқ деген түсінік тумауы керек. Бұл мәселе әр ұлттың өмір сүру жағдайына байланысты орын алып отырады. Қазақтың тарихи өмірінде табиғат, дәстүр, ұлттық қажеттіктер тәрбиенің рөлін ерекше қажет етті. Бұндай қажеттілік әр халықтың өмірінде орын алған. Солай болуы тиіс. Себебі адамның табиғаты үнемі рухани тәрбиені қажет етеді. Жаңа айтып өткендей, сана неғұрлым ұғым, ерік қасиеттерін негіздеу арқылы  тәрбиеленген сайын, адам мен қоғамның болмысына ортақ пайдасы мол рухани табиғат осы ұлттық табиғат арқылы қалыптасады. Көшпелі тұрмыстағы ұлттың тұлғалық болмысының қалыптасу себептері мен ерекшеліктерін осыдан да байқаймыз. Сонымен қатар бұл құбылыс бүгінгі дәуірде, жеке адамның тұлғалық қалыптасуы мен ұлттың өркениетке қол жеткізуіндегі қоғамдық санаға әсер етуші күштерді қайта бағалауға ықпал етері сөзсіз.

Жеке адам мен ұлттың тұлғалық қалыптасуына әсер етуші күштер, сол халықтың болмысы мен тағылымы негізінде орын алған сайын, қай заманда болмасын, оның мемлекетінің дамуына қажет ақыл-парасат өрісі дұрыс қалыптасып, сақталып отыратындығы анық. Тарихи уақыт кеңістігіндегі адамзат мәдениетінің даму ерекшеліктеріне де осы тұрғыдан қарайтын болсақ, ұлттық интеллигенция өкілдерінің қалыптасу ерекшеліктеріне тән ортақ шындыққа көз жеткіземіз. Адам баласы өзінің тұрмысын жеңілдететін құралдарды жасағанымен,  оны тиісті жерге жұмсайтын, өзін-өзі басқаратын ақыл-парасаты болмаса түбінде өзі құралға айналары сөзсіз. Осы себептен болар, көшпелі тұрмыстағы ел мәдениетінде жан, ақыл мен парасаттылық, тәрбие, тарихи сана, рухани тереңдік, тілдің байлығы, жауынгерлік, тектілік, даналық, кісілік жалпыға ортақ игілік болып танылған.

Жанды жетілдіру, сананы тәрбиелеу, ақылдылық, парасаттылық мәселесі барлық елдің философиясында зерттеліп отырған. Адамды мәдениетке тәрбиелеу ісі, соның ішінде өзін-өзі тану принципі  рухани әлем арқылы жүзеге асатындығы барлық елдің философиясында бар. Қазақ философиясында жан адамның тіршілік ету қасиетімен бірге, оның кісілік болмысының мәртебесін айқындайтын қасиет тұрғысында танылған. Жанды түсіну бұл өмірдің мәнін зерделеуден құралмақ. Адам неғұрлым ортасына зердемен қарауда, оның өзінің санасына тәуелсіз қырларына да көз жеткізбек. Өмірдің сан түрлі қырларындағы иррационалды құбылыстар, адамның өмір болмысын терең білуіне жетелеп отырғандығы анық. Сондықтан да болар, қазақ даналығында көңіл, ақыл мен мінез үнемі ойшылдар тарапынан талқыланып отырған. Шал ақын айтып кеткендей:

Екі арыстан жабылса – дәуді өлтірер,

Ажал жетсе – аурусыз сауды өлтірер.

Қаныпезер бұзақы жігіт болса,

Тыныш жатқан еліне дау келтірер...

 

Жаманға дәулет бітсе – ауа айналар,

Жақсыға дәулет бітсе – бақ айналар.

Басына жазатайым бір іс түссе,

Арасы дос пен дұшпан айбайланар.

 

Жақсыны алыс, жаманды жақын                                                                   деме,

Жақсы атансаң, біреудің, қақын                                                                      жеме.

Жақсымын деп біреудің, қақын жесе,

Жаман адам сол болар, мақұл деме.

Қазақ тарихындағы тұлғалар болмысына қарайтын болсақ, қалыптасу ерекшеліктері алдыменен рухани қасиеттері арқылы көрініп отырса, өздерінің рухани өмірі, жеке басы қиындыққа бетпе-бет келгенімен, олар елдің болашағы деген елдік ұғымнан қол үзбеген. Өздері көрген қиындық, елдің тағдырына ара түсудегі күрестің кейінгі ұрпаққа игілік болып оралатындығын зиялыларымыз білген. Бұдан тарихтың барлық кезеңін басынан өткізуде, ұлттың игілігіне айналып отыратын санаға ұрпақтың үлкен жауапкершілікпен қарағандығын байқаймыз.

Сонымен қазақ зиялылары кімдер дейтін болсақ, оған ұлт тарихының бастапқы кезеңінде-ақ ортақ қасиетке ие болып, идеалға айналып отырған  адамдарды айтамыз. Олар батырлар, билер, жыраулар, ойшыл ақындар, ойшыл ғалымдар. Осы атауға ие барлық алаш интеллигенциясының өкілдері ұлттық мүддеге қызмет етуде бір-бірінен алшақ кеткен жоқ. Керісінше бірінің ісін бірі қолдап, ұлттың рухы мен санасының жаңа деңгейге  көтеріліп, жаңаша сипат алуына әсер етіп отырған. Сонымен қатар, қазақ зиялыларының қалыптасу ерекшеліктерін негіздейтін нәрсе, олардың барлықтарының бойында батырлық, ақындық, кемеңгерлік қасиеттің болуы. Батырлық көп жағдайда адам бойындағы қасиеттердің, ұлт игілігіне жарап отыруына әсер еткен. Батырлықтан ұрпақ қол үзген сәтте ұлттың болмысындағы күш әлсірей бастайды. Өткен ғасырда өмір сүрген зиялыларымыздың бірі, діни ойшыл Ғұмар Қараш айтқандай:

Батыры жоқ, байы жоқ,

Дәулетсіз жұрттың жайы жоқ.

Күні қараң малсыздың

Жұлдызы жоқ, айы жоқ.

Жігер, қайрат тағы жоқ,

Жігерсіздің бағы жоқ.

Адалдық, ақтық бұ да жоқ,

Санасыздар көңілі шат

Бұл күйіне өзі тоқ....

Батырлық пен кемеңгерлік жанның тілеуінен шығатын қасиет. Бауыржан Момышұлы, «ерлік жүректен шығуы тиіс» – деген. Адам бойындағы күш-жігер ақылға бағынған сайын, оның батылдығының кез келген ортада күш алары даусыз. Батырлық әділеттілікті, шынайылықты жақтайды, шындықты ғана даттайтын қасиет.

Қазақ интеллигенциясының қалыптасу ерекшеліктері ұлттық өнер түрлерімен де тығыз байланысты. Батырлық өнер, күй мен сөз өнері шешендік қазақ интеллигенциясының болмысына тән қасиеттің үлкен бір бөлігі саналған. Өмір болмысына даналықтың зердесімен қараған, қоғам өміріндегі орын алған әлеуметтік жағдайларға баға берген халықтың сезімталдық қасиеттері өнер туындылары арқылы ұрпақтың танымына жетіп отырған. Өнер ұлттың ішкі әлемінен туатын дүние. Оның да бойында жанның ерекше қасиеттері, биік сана өрісі жатыр. Өнердің ұлт игілігіне айналып отыруы ұрпақтың рухани қалыптасуына ұлттық тәрбиенің тікелей әсер етуімен байланысты. Қандай өнер туындысы болмасын, оның тоғысатын жері ұлттық мүдде. Өнер бойындағы тарихи сана желісі негізінен ұлттық құндылықтарды, оны қорғаушы адамды дәріптеу, тағылымын есте сақтау және табыстаудан құралған. Осы жолда ерекше көзге түсіп отыратын нәрсе интеллектуалдылық. Сондықтан ұлттық мәдениеттегі өнер түрлері, халықтың өскелең ұрпақты тұлғалыққа тәрбиелеу жолындағы әдеп ережелері және елдің мүддесін қорғаудағы кісілік қасиеттерімен тығыз байланысты. Ол жекелеген адамдарды, жалпыға ортақ ізгілік пайда әкелетін қызметінің шеңберінде жаңа тәжірибені де қалыптастыра алады.

Ұлттық өнердің түрлеріне қарап, оның қоғамның, ұлтжанды адамдардың басын біріктіріп отырудағы бірнеше қызметін көруге болады. Мәселен қазақтың мәдениеті мен тарихының бастапқы кезеңіндегі ұлттық құндылықтарды қалыптастырушы ұрпақ бар. Оны жалғастырушы ұрпақ тағы бар. Бұның қалыптасуы мен тарихтың әрбір жаңа кезеңіндегі жалғасын тауып отыруы ұлттық санаға тәуелді. Осы себептен ұлттық өнер түрлерінің қашан да көтеретін, тарихтың биігінде қалдырып отыратын биік туы бұл ұлттық рух. Интеллигенция ұлттық рухтың басты өнімі. Мәдениетіміздегі интеллектуалдар дәстүріне қарап, ұлттық рухтың ұлттық сананың қашанда қозғаушы күшіне айналып отырғандығын анық көреміз. Ұлттық рухтың биік көрінісі ұлттық құндылықтардың қоғам игілігіне айналып отыруында жатыр.

Ұрпақты ұлттық құндылықтармен тәрбиелеу, шынайы өмірге бағыттап отыру ісі, шын мәнінде оның жұзеге асуы халық санасының бақытты санаға айналғандығын көрсетеді. Бұндай кезде  қоғамдық ортада шынайылық басым көрінеді, тарихтың шынайы өмірі қоғамнан шынайылықты талап етеді. Ал шынайылықтың негізінде шындық, шыншылдық бар. Ұлттың рухани мұраларында тарихи өмірдегі қиыншылықтардың шынайы түрде сипатталауы, оның қайталануында сол қиындыққа төтеп беретін ұрпақтың қалыптасуына ықпал еткен. Әділетсіздікпен күресіп, қиындыққа төтеп берген ұрпақ, бұл қазақтың батырлары, ойшыл адамдары болды. Ұрпақтың қиындыққа төтеп беруінде, ұлт руханиятының бойында сақталып отыратын қасиеттің бірі бұл тектілік, даналық. Бұны қазақ зиялыларының болмысына тән жалпыға ортақ қасиет деп айтамыз. Тарихи уақытта ұлт тұлғасы атану оңай болмағандығы белгілі.

2085 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз