• Ел мұраты
  • 30 Қыркүйек, 2022

Әлем, түркі дүниесі және Қазақстанның өз даму жолы

Оразалы СӘБДЕН,

ҚР Инженерлік ғылымдар академигі,

 экономика ғылымдарының докторы, профессор

Қазіргі таңда әлем қайда бет алды, біз қайда барамыз деген сұрақ өзекті. Бұған жауап бере алатын қоғамдық ғылымдар дағдарыста. Ғылымның төресі – философия ілімі, дін әлемі, саяси экономия, социология, тарих, экономика,т.б. ғылымдар  ХХІ ғасырдың тасқынына жауап бере алмай отыр. Мұндайда қоғам дамуының парадигмасы өзгеруі керек деген ой келеді. Оны локалды, әлемдік соғысқа жеткізбей, эволюциялық жолмен әлі де жасауға болады. Осы тұрғыда қазіргі жаһандану заманындағы әлемдік үрдісті ескере отырып, үш тұғырлы даму идеясын ұсынамыз.

І. ӘЛЕМ.

Қоғам дамуының жаңа формацияға өту парадигмасы

ХХІ ғасырдың басынан бастап әлемде болып жатқан күрт өзгерістер, 2008 жылғы және 2020 жылғы екі дағдарыс дүние жүзінің астан-кестеңін шығарды десе болады. Бұл қандай феномен, неге мен деген дамыған G7, G20 мемлекеттері, халықаралық ұйымдар мұндайға дәрменсіз болып тұр? Сонда адамзат құрдымға кете бере ме деген сұрақ туады. Мәселе байлықта емес, қыруар қару-жарақта емес, әлемді аузына қаратамын деп, үстемдік жасап келе жатқан АҚШ-та немесе оған қарсылас, таразының екінші жағына шыққан (КСРО-ның орнына) Қытайда да емес.

«Сонда мұның түп тамыры неде?» деген сұраққа ол қазіргі өркениет қоғамының, табиғаттың даму заңдылықтары бұзылып, руханиятсызданып, деградацияға түсуінде. Қоғам қазіргі жаңалықтарға, ғылым мен технология жетістіктеріне даяр болмады, екінші жағынан, капиталистік дамыған мемлекеттер АҚШ-қа қарсы аузын аша алмай, соның тек баю саясатының жетегінде кетті. «Мен» деп мақтан ететін Сократ, Эйнштейн, Шекспир, А.Смит, Маркс, т.б. шыққан Еуропа өркениетінің де қоғамды жаңғыртуға, дағдарыстан шығуға ғылыми дәйекті концепциясы қазірше болмай тұр.  

Осындайда әлем қайда бет алды, біз қайда барамыз деген сұрақ туады. Бұған жауап бере алатын қоғамдық ғылымдардың дағдарысқа түсуін де мойындаған жөн. Жоғарыда көрсеткендей, ғылымның төресі – философия ілімі, дін әлемі, саяси экономия, социология, тарих, экономика, т.б. ғылымдардың ХХІ ғасырдың тасқынына жауап бере алмауында. Мұндайда қоғам дамуының парадигмасы өзгеруі керек деген ой келеді. Оны локалды, әлемдік соғысқа жеткізбей, эволюциялық жолмен әлі де жасауға болады. Маркс адамзаттың әлеуметтік дамуы туралы дұрыс айтқан. Бұған капиталистер мән бермеді.

Қысқасы мұның кілті қайда? Мұның кілті – капитализм мен социализмнің орнына келетін қоғамда, жаңа өркениетте.  Бұл жаңа қоғам – жаңа 7-формация –   интегралды қоғам болмақшы. ХХІ ғасыр ол гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін.  

Менің ойымша, осы шынайы өмірде ескерілмеген идеяны қазіргі жағдайға байланысты кейбір қосымшалармен толықтырып, бүкіл әлем негізге алуға болар еді. Ашығын айту керек, қазір ең жоғарғы билік басындағылардың біліктілігі төмендеу және де олар саясат пен амбицияның, байлықтың жетегінде (Трамп, т.б.), ал білетін ғалымдарды тыңдай бермейді.

Менің ойымша, жаңа интегралды қоғам  осы уақытқа дейінгі цивилизациялық дамудың ең жақсы құндылықтарын ескеріп, әсіресе капитализм мен социализмнің жақсы тәжірибесін алып, алдағы жаңа технология, жасанды интеллект, роботтандыру, адам геномы, т.б. жаңадан туатын әлем жаңалықтарын пайдалану керек. Әрине, интегралды қоғам жұмақ жасамайды, капитализм мен социализмнің теріс жақтары коронавирус ауруы сияқты біздің иммунитетімізге әлі талай теріс әсер береді.

Бұл жерде бізге көмек беретін дүние – адамзаттың көп ғасырлар бойы жинап келе жатқан рухани-мәдени, тарихи құндылықтары, иммунитетін қалыптастыратын тегінің генетикалық күштері. Міне, біз осы әлеуметтік салаларды  сүттің қаймағы сияқты бетке шығарып, үлкен басымдық беріп, инвестиция салып дамытуымыз керек.

Шындығына келсек, тек капиталистер ғана емес, біз де бұл жағына көп мән бермедік. Енді рухани жаңғыру деп, бүгін ғана үн көтерудеміз. Оның өзі кейде бір партияның жалауы сияқты болып қалуда, іс мәнсіз, жүйесіз, тереңдік жоқ.

Осы орайда, бізге ұлы Абайдың, әл-Фарабидің, т.б. шығыс философиясы ілімі көмекке келеді, егер толыққанды айналыссақ. Конфуций  «ең алдымен биліктегілер, тіпті осы дүниенің ұлылары ізгілік пен әділеттікті негізге алса, адамның өмірі кемелдікке жетер еді» деп есептейді. Будда, Лао-Цзы, Конфуций ілімінде қазір біз іздеп жүрген азаматтық қоғамның негізгі қағидалары жатыр. Олар: бірлік, ізгілік, әділеттік, теңдік, жоқтықты бағалау, тәртіп, еңбек, өнегелі өмір т.б. Олар мәңгілік мораль философиясын, ережелерін белгілеген. Абайдың толық адам ілімі де осыған саяды.Қазір әлемге, әсіресе дамыған мемлекеттерге жетпей тұрған жаңа технология емес, керісінше, осы жоғарыда көрсетілген, бір сөзбен айтсам, адамзаттың рухани-өнегелік құндылықтары. Бірақ олар әлемдегі жаңалықтарға байланысты ой-сананың өзгеруімен келеді. Жалпы, әлемдік психологияны өзгертетін уақыт келді.

Әрине, қазір жаһандану заманы болғандықтан, проблемаларды шығыстың не батыстың философиясы, құндылықтарынан ғана емес, оларды әлемдік тұрғыдан қарастырған жөн. Бұған жоғарғы кеңістіктен қарасаң, қазір әлем елдеріне керегі интеграция, мегадипломатия арқылы келісімдік, әлемдік сауда, экономикалық қатынастар, табиғат заңдылықтарын сақтау, жалпы, әлем өркениетінің дамуы мен ноосфералық космосты бірге игеру сияқты макропроблемалар жеткілікті. В.И.Вернадскийдің ноосфералық ғылымының күні тумақ.

Менің ойымша, осы екі концептуалды бағытты: біріншісі – көнеден келе жатқан рухани-адами құндылықтар және екіншісі – ХХ, ХХІ ғасырлардың жаңа үрдістерін бірге електен өткізіп, адамзат пайдасына қолданған жағдайда әлем өзгереді де, түрленеді де, ал оны мекендеген халықтар баянды өмір сүреді. Бүкіл әлем генийлерінің армандап, айтып кеткен қағидаттары да бейбіт, баянды өмір сүру, адами құндылықтарды, табиғат заңдылықтарын сақтау.

Осындай ойдан кейін нақтырақ айтсақ, қазір бүкіл әлемге ортақ қатысы бар бір ғана идеология қажет сияқты. Бұл – жоғарыдағы құндылықтарды ескеретін «гуманистикалық идеология». Ол қоғамдық және өндіріс қатынастарын, адам теңдігін, әділеттікті, келісімдікті, мегодипломатияны, шығыс философиясын, батыс философиясын, ізгілік тәрбиесін қамтитын саясатты қажет етеді.

Ал ХХІ ғасыр жоғарғы гуманитарлық ноосфералық өркениет ғасыры болмақ деген пікірді білдіремін. Бұл жерде әр адамның, адамзаттық қоғамның мүмкіндіктері пайдаланылады деген сөз. Себебі адам өзінің ақыл-ой санасы және тілі арқылы ең жоғарғы биологиялық феномен болып есептеледі.

Жалпы, гуманитарлық идея тек біздің ғана емес, ол әсіресе дамыған елдердің есігін айқара ашқанда ғана барлығымызға прогресс болады. Әлемді мекендеген халықтарды біріктіретін құндылықтар: әлемдік келісім мен татулық, алға даму мен жетілу, табиғат заңымен өмір сүру, ноосфералық өркениетке қызмет ету, адами қасиеттерді ұстау мен ізгілікті азаматтық қоғам құруға талпыну т.б. 

Осыларды айта келе, өркениет дамуына тікелей жауап беретін әлем институттары – G7, G20, БҰҰ, ЕО, НАТО, БРИКС, ШОС, т.б. әлемді тұрақты дамыту үшін бір тұжырымға келгені жөн болар еді. Менің ойымша, алдымызда жаңа өркениет – жетінші жаңа формацияның негізі, ол – интегралды қоғам, конвергентті жол, ал оның ұстанымының бірегейі –  гуманитарлық идеология, қоғамды ізгілендіру, бейбітшілік жол. Бұл биіктікті, ізгілікті қоғамды әлі бір мемлекет те ала алған жоқ. Әрине, бұл алдағы сана ғасырына ұзақ жол, талай буын өзгеру керек.

Әр елдің, әр мемлекеттің өз даму жолы, өз саясаты болуы мүмкін, ол заңдылық. Ал, бірақ, дүниежүзінің галактикалық дамуына келгенде мемлекеттердің өзара қарым-қатынас, келісім арқылы бір ұстанымға келгені жөн. Біз әлі білмейміз, алда ноосфералық дамуда басқа планеталарда тіршіліктің бар-жоғын, бізден басқа цивилизацияның бар екенін. Сол кездерде біздің цивилизацияның абыройына нұқсан келмеу керек деген ойдамын. Қазіргі жаһандану заманындағы әлемдік үрдісті ескере отырып үштұғырлы даму идеясын алға тартпақшымын. Әлемнің тұрақты дамуы тең үшбұрыштың үш қабырғасы  сияқты рухани-технологиялық даму және оларды қамтамасыз ететін қауіпсіздік мәселесінен тұрады (сурет).

Бұл әлемдік үшбұрыш Біріккен Ұлттар Ұйымының назарында болса. Үшбұрыш арқылы біз әлемдік тарихи дамудың тепе-теңдігін сақтап, оның логикасын бақылауымызға болады. Бұл үш тұғыр (руханият, технология, қауіпсіздік) жаңа өркениеттің базалық даму элементтері болып есепте Үштұғырлы дамудың идеясын қысқаша айтсам. Біріншіден, руханият туралы айтсақ, адамгершілік, рухани-мәдени, тарихи құндылықтар, дәстүрлерді сақтауға бағытталған үрдістерді мемлекеттік идеологияны жасаудан бастау керек. Өткен мыңжылдықтағы ыңғайлы өмір сүруді қазіргі өмірмен салыстыра келгенде жаңа өркениетке, жаңа мәдениетке шыдамдылық пен зайырлы плюрализм маңызды болады. Руханиятты жаңғырту мен қоғамды ізгілендірудің  негізгі құраушылары мыналар: өткеннің, қазіргі мен болашақтың тарихы; әлемдік психологияны өзгерту; адамның жаңаша ойлау қабілетін арттыру; рухани-моральдық құндылықтарды қалыптастыру; әлемдік діндерді жаңғырту, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, конфуцийшілдік, т.б.; креативті адам капиталының дамуы барысында әлемдегі халық санының өсуі, қоғамның үйлесімді дамуы.

Осыларды мұқият ескере отырып, БҰҰ бастамасымен жалпы әлемнің азаматтық дамуының жаңа рухани-идеологиялық доктринасын қабылдайтын уақыт жетті. Біз қоғамдық дамуға рухани серпіліс, гуманистикалық пәрмен беру арқылы постиндустриалды өркениеттің  парадигмасын жасай аламыз.

Екінші, технологиялық дамуға келсек, қазір дамыған мемлекеттер жаңа VI технологиялық укладты (ТУ) тез игеруде. Олар: био- және нанотехнология, генді  инженерия, ақпараттық технология, цифрландыру, жасанды интеллект, роботтандыру, космостық технология т.б. 2025 жылдан ары қарай осының арқасында әлемде жаңа VI ТУ, ғылыми-техникалық прогресс қатты дамиды. Әлемдік дағдарыстан шығудың жалғыз жолы –  инновациялық даму жолы, яғни ауқымды халықаралық кластерлік, әсіресе жоғарғы технологиялар бойынша даму бағдарламаларын орындай отырып, инновациялық серпіліс стратегиясын жасау қажет. Жаңа білімге негізделген экономикаға өту керек. Ол үшін ғылым, білім, денсаулық салаларын модернизациялау, қомақты инвестиция салу қажет. Осындай әрекет арқылы жаңа білім іске асып, үдемелі прогреске әкеледі. Жаңа технологияның арқасында әлемде көптеген жаңалықтар пайда болды, әсіресе космосты игеруде, биотехнологияда т.б. Мәселе осыларды халық игілігіне жаратуда.

Қазір әлемде 1,1 млн  робот болса, өндірілген машиналардың 80 пайызын  роботтар жасаған. Аз уақыттан кейін көлік жүргізуші болмайды, адамсыз машиналар сізді керек жерге алып барады. Келешекте 50 миллион адамсыз машиналар 1 миллиард жеке көлігіңізді ауыстырады. Жаңа технологиялардың дамуымен бірге, адамның ішкі жан дүниесі, өмір сүру  құқығының шектелуі ең үлкен мәселе болып көтерілуі тиіс. Мұндай жағдайда адам өзін тыр жалаңаш жүргендей күйде сезінері анық.

Бүгін «адамның жасанды миын» жасап шығару үшін миллиардтаған ақша жұмсалып, 10 жылдан бері нейротехнология саласында ғылыми ізденіс жасалуда. Сол жасанды интеллект, роботтар өмірімізге дендеп енбей тұрып, адам мен машина арасында қандай шектеу болуы керек, соны қазірден бастап анықтап алу керек. Оның жолын қазір іздемесек, кеш қаламыз.

Үшінші қауіпсіздік мәселесі – әлемде тыныштықты сақтаудың кепілі. Себебі ғаламдық қауіпті, дағдарысты, апаттар мен т.б. қауіп-қатерлерді ескеретін жүйе жасақтау арқылы әлемдік қауіпсіздік қамтамасыз етіледі. Әлемді тану серпіні еселеп өсетін ғаламдық ғылыми үрдістің кезеңі келіп жетті. Өкінішке қарай, АҚШ-тың кейінгі онжылдықта әскери шығындары жалпы ішкі өнім бойынша 60 пайыз өскен. Бұл дегеніміз – әлемнің өзге мемлекеттерінің әскери шығындарының 50 пайызы деген сөз. АҚШ, Ресей, ҚХР т.б. мемлекеттердің қарулану бойынша жарысы тоқтамаса, онда үшінші дүниежүзілік соғыстың туындауына әкеп соғуы мүмкін. Бұл өз кезегінде Жер шарының жойылып кету қаупін тудырады. Оған тек өз-өзімізге адами көзқараспен қарап, өркениетті жаңғырту арқылы ғана жол бермеуге болады. Өкінішке қарай, соны түсінбей келеміз.

Осы қауіпсіздік мәселесіне байланысты экономикалық, әлеуметтік, экологиялық, демографиялық, ғылыми-техникалық, ақпараттық, энергетикалық, ғарыштық, азық-түлік, биотехнологиялық (биомикробтар, наноботтар, роботтар) т.б. қауіпсіздіктерді біртұтас етіп қарап, олардың пайдалану критерийлерін және шектеулі көрсеткіштерін жасау керек. Біз бұлардың көпшілігіне жасадық. Мысалы, өндіріс саласын сипаттайтын көрсеткіштер мен олардың шектеулі мүмкіндік мәндері мыналар: өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі – 70, машина жасау – 25, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі ЖІӨ-ге – 25, негізгі қордың тозуы – 40, өңдеу өнеркәсібінің экспорттағы үлесі 40 пайыз болу керек. Осындай шектеулі критерийлер 13 қауіпсіздіктің бәріне жасалып және оларды БҰҰ-да, әр мемлекетте де пайдалануға болады.

Қорыта келе айтарым, әлемнің тұрақты дамуы үшін осы үштұғырлы базалық элементтерді БҰҰ-да жақсылап пайдаланса бейбітшілік орнайды, әсіресе рухани мүмкіндіктеріміз артып, алдағы гуманитарлық ноосфералық өркениетке аяқ басамыз. Үштұғырлы дамуды жаңа цивилизацияның негізгі факторы ретінде  пайдаланып, ХХІ ғасырдың даму стратегиясын жасауға, пайдалануға болады. Гуманитарлық ноосфералық өркениет жасау жер бетіндегі бүкіл адамзаттың басты мақсаты болуы тиіс. Осы мақсатқа қадам жасалды деп есептейміз.

(Жалғасы бар)

1603 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз