• Ел мұраты
  • 27 Қазан, 2022

ҚАНДАСТАР БІЛІМІНЕ ҚАМҚОРЛЫҚ

Қандастарымыздың атамекенде білім алу жайы қашанда маңызды сауал болып табылады. Осы мәселеге назар аударып, біршама зерттеп көрген едік. Қазіргі таңда қандастар үшін қабылдау емтихандарының форматына қатысты Заңнамаға сәйкес білім беру гранттары Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) нәтижелеріне сәйкес білім беру бағдарламаларының нақты топтары бойынша конкурстық негізде беріледі екен.

Ресми деректерге сүйенсек, қандастар үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының жалпы көлемінің 4%-ы (2265 грант) мөлшерінде жоғары оқу орындарына түсу үшін қабылдау квотасы көзделген. Осы квота шеңберінде 2012 жылдан бастап 2021 жылға дейін 8000-нан астам қандас қабылданыпты. 2020 жылдан бастап жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мақсатында қандастар үшін ҰБТ алғаш рет электрондық форматта ұйымдастырылып, ол тестілеуді қашықтан шетелде тапсыруға мүмкіндік берген екен.

Жалпы, ағымдағы жылы онлайн-тестілеуге 1143 қандас қатысса, 796 қандас немесе ҰБТ-ға қатысушылардың жалпы санының 69%-ы білім грантын алды, өткен жылы бұл көрсеткіш 76% деңгейінде болған (2021 жылы конкурсқа 70 мыңнан астам талапкер қатысты, конкурсқа қатысушылардың жалпы санының шамамен 65%-ы гранттармен қамтамасыз етілді).

Мемлекетіміздің ұтымды саясатының арқасында 2020 жылдан бастап SAT, АСТ және IB халықаралық стандартталған тестілерінің балдарын ҰБТ балдарына ауыстыру шәкілі енгізіліп, аталған сертификаттары бар адамдар ҰБТ тапсырудан босатылуы да айтарлықтай жеңілдік болып саналатыны сөзсіз.  Тиісінше, стандартталған тест сертификаттары болған жағдайда қандастар ЖОО-ға ҰБТ-сыз түсуге мүмкіндігі бар. 2020 жылдан бастап диаспора өкілдері ҰБТ тапсырмай дайындық бөлімдеріне ЖОО-ға дайындық бөлімдеріне қабылдаудың бекітілген қағидаларына сәйкес әңгімелесу нәтижелері бойынша қабылданатыны қандастарға қатысты жағымды жаңалық болып отыр.

Әдетте, жыл сайын жоғары оқу орындарының дайындық бөлімдеріне мемлекеттік стипендиямен және жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жайы қалай жүзеге асып отыр деген заңды сауал туындайтыны жасырын емес. Бұл орайда мынадай ақпаратпен бөліскіміз келеді. Мәселен, Қытай, Өзбекстан, Моңғолия, Ресей, Тәжікстан және Түркіменстаннан 1000-нан астам қандастың қабылдануы жоспарланып, дайындық бөлімінің бағдарламасы бойынша қандастар қазақ тілін, жалпы білім беру пәндерін оқып, ҰБТ-ға толыққанды дайындық курсынан өткізілмек екен. Магистратура мен докторантураға квотаға қатысты 2019 жылы Орталық Азия елдерінің шетелдік азаматтарына, оның ішінде Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдарға арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылған мәлім. Стипендиялық бағдарлама бойынша қандастар тек бакалавриатқа ғана емес, сонымен қатар жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларына да әңгімелесу нәтижелері бойынша түсетінін атап өткеніміз жөн. 2021 жылы стипендиялық бағдарлама бойынша 132 қандас қабылданды, оның ішінде бакалариатқа – 100, магистратураға – 22, докторантураға – 10. Сондай-ақ, үш жыл ішінде академиялық ұтқырлық аясында Франция, Литва, Ресей Федерациясы, Қырғызстаннан 33 қандас қабылданды. Үкіметтік келісімдер шеңберінде қандастарды тарту туралы Қазақстан тарапы 13 елмен үкіметтік келісімдер жасағаны да қуанышты жаңалықтың бірі. Ел Үкіметінің келтірген деректері бойынша, келісімдер аясында Ауғанстан, ҚХР, Моңғолия, Тәжікстан азаматтары үшін дайындық бөлімдерінде қандастарды оқыту қарастырылыпты. Бұдан басқа, 2021 жылы үкіметтік келісім шеңберінде алғаш рет Қазақстан тарапы «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», «Инженерлік ғылымдар», «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Педагогикалық ғылымдар», «Өнер және гуманитарлық ғылымдар», «Әлеуметтік ғылымдар», «Бизнес, басқару және құқық» даярлау бағыттары бойынша бакалавриат және магистратура бағдарламаларына 2022 жылдан бастап Қырғыз Республикасының азаматтары болып табылатын ұлты қазақ адамдар үшін 20 білім грантын бөлу жөнінде шаралар қабылданған екен.

Айта кетейік, шетелде қандастарды оқытуға қатысты «Абай институты» (www.abai.institute) диаспора өкілдерін оқыту және қазақ тілін Қазақстанда және шетелде ілгерілету үшін әзірленгені де өз білім саласын дамытуға өз септігін тигізетіні анық. Атап айтқанда, екі жыл ішінде жеті мемлекеттің 160-тан астам өкілі онлайн-режимде білім алған. Ал 2020 жылы «Отандастар» қоры әлемнің 30 еліндегі диаспора өкілдеріне мемлекеттік тілді онлайн оқытуды ұйымдастырған. Бүгінгі күні курстарда 780 адам оқиды екен.

Сонымен қатар, «YouTube» бейнехостингіне 30-дан астам онлайн сабақ жүктелді, speaking club ұйымдастырылып 336 сертификат берілді. 2022 жылы Қазақстанның шет елдердегі мекемелерінің жанынан 8 елдің (Омбы (Ресей), Орынбор (Ресей), Лондон (Ұлыбритания), Горган (Иран), Стамбул (Түркия), Анкара (Түркия), Берлин (Германия), Париж (Франция), Ұлан-Батыр (Моңғолия), Нью-Йорк (АҚШ) 10 қаласында қазақ тілін офлайн режимде оқыту курстары іске қосылады деп күтілуде.

«Шетелдегі қазақ диаспорасы үшін қазақ тілін оқыту жөніндегі әмбебап басылым бар ма?» деген сауал төңірегінде зерттеу жасағанымызда, бүгінгі таңда А1, А2 деңгейлері бойынша басылымның контенті қазақ, орыс, түрік, ағылшын тілдерінде әзірленгені көз жеткіздік. Және ол Абай институтының онлайн-платформасында орналастырылған. Абай институты 2021 жылы онлайн режимінде қазақ тілі оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырды, оған 238 адам қатысты, оның ішінде Өзбекстаннан – 122 адам, Моңғолиядан – 50 адам, Ресейден – 42 адам, Германиядан – 8 адам, Түркиядан – 4 адам, Ираннан – 3 адам, Мажарстаннан – 2 адам, Ұлыбританиядан – 2 адам, Бельгиядан – 2 адам, Франциядан – 2 адам, Польшадан – 1 адам. Сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары шетел университеттері базасында қазақ тілін оқыту орталықтарын, кафедраларын ашу бойынша жұмыс жүргізуде. Сонымен, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Беларусь ұлттық техникалық университетінде Абай атындағы Қазақ тілі, тарихы және мәдениеті орталығын, Алламе Табатабаи университетінде (Иран), Қытайдың оңтүстік-батыс университетінде, Nigde Omer Halisdemir университетінде (Түркия), Ферғана мемлекеттік университетінде (Өзбекстан) ұйымдастырылған «Тhe Iran-Kazakhstan Academic and Cultural Center» мәдени-білім беру орталығын ашты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті келесі серіктес жоғары оқу орындарында қазақ тілі Қазан федералдық университетінде, адам Мицкевич атындағы поляк университетінде, Низами атындағы университетте, Нүкіс мемлекеттік педагогикалық университетінде, Әзірбайжан мемлекеттік университетінде, Манас атындағы Қырғыз-түрік университетінде оқытылады. Бейжің шет тілдер университеті жанындағы Қазақстан орталығында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде қазақ тілін оқыту бойынша оқулықтар, сөздіктер, оқу құралдарын құрастыру бойынша бірлескен жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, Шанхай шет тілдер университетінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы іске қосылған. Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетінде Торайғыров университетінің қаражаты есебінен Қазақ тілі мен мәдениеті орталығы жабдықталып, қазақ тіліндегі ғылыми-әдістемелік және көркем әдебиеттермен қамтамасыз етілген екен.

Қандастарды әдістемелік тұрғыдан қолдау мәселесі де еліміздің назарынан тыс қалмағанын мына бір жайттан білуімізге болатындай. Мәселен, білім беру ұйымдарына және отандас балаларға 2020 жылы «Даналық әліппесі» оқу құралының 980 данасы жіберілген екен. 2003 жылдан бастап «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында жыл сайын жақын және алыс шетелдердегі, соның ішінде Моңғолиядан, Қытайдан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Ресейден, Ұлыбританиядан, Германиядан, Мажарстаннан, Франциядан, Швециядан келген қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары ауысымға қабылданып келеді. Аталған орталыққа келген балалар қазақ халқының тарихы мен мәдениетін зерттейді. 2004 жылдан бастап шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерінің балалары қазақ тілі мен әдебиетінен жыл сайынғы «Қазақстан – ата жұрт, қасиетті ана тілі» халықаралық олимпиадасына қатысып, атамекен туралы білімдерін дамытады. Пандемияға байланысты 2020, 2021 жылы бұл қашықтық форматта өткізілген. Олимпиада Қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгерген дарынды балаларды анықтауды, олардың қазақ тілі мен әдебиеті, қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен өнері бойынша танымдық қабілеттерін арттыруды, әлемнің түрлі елдерінде тұратын қазақ жастары арасында достық байланыстар орнатуды көздейді, сондай-ақ қазақ диаспорасы өкілдері арасында қазақ тілін меңгерудің маңыздылығын арттыруға бағытталған. 2021 жылғы XVIII Олимпиадаға әлемнің әртүрлі елдерінен 261 үміткер қатысты.

Бұдан басқа, мүдделі мемлекеттік органдарға шетелде тұратын қандастармен ақпараттық жұмысты күшейту, 2022 жылдан бастап «Qazaq TV» телеарнасында қазақ тілін оқытатын бағдарлама ашу мәселесін пысықтау, Өзбекстан мен Моңғолияда қандастарға әдістемелік қолдау көрсетілмек.

Асқап  ДӘУРЕН

 

1015 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз