• Ел мұраты
  • 25 Қараша, 2022

ТІЛ БІРЛІГІНСІЗ ҰЛТ БІРЛІГІ МҮМКІН ЕМЕС

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде тіл мәселесін саяси ойынға айналдыруға болмайтынын орынды атап өтті. Иә, шын мәнінде тіл  және тәуелсіздік дейтін ұғымдар бір-бірімен етене тығыз байланысқан дүниелер.  Тәуелсіздігімізді қалай ардақтасақ, тілімізді де солай құрметтеуіміз керек. Осы орайда мына бір жайт еске түседі. Сонау тоқсаныншы жылдары қазіргі Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласында  Алаштың ардақты перзенті Сәкен Сейфуллиннің жүз жылдық мерейтойы өтті. Соған қатысқан халқымыздың қайсар ұлы Қасым Қайсенов жиналған қауымның жарқын жүзін көріп: «Бұл – тойдың басы. Еліміз үшін жақсы күндердің бәрі алда» деп еді.

Қаскеңнің бұл сөзінен нені аңғаруға болар  еді? Ол сөздің ар жағында: «Айналайындар, талай ғасыр аңсап, тағатсыздана күткен Тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Бұл тілмен айтып жеткізгісіз керемет қуаныш. Халқымыз бұдан былай алаңсыз, өз қалауынша, шат-шадман өмір сүретін болады. Бақыт дегеніміз міне, осы!» деген жүрек лүпілі байқалып тұратын.

Бар асылымыз, ардағымыз дейтін Тәуелсіздігіміз жылдан жылға нығайып келеді деп айта аламыз. Әрине, мемлекетіміз әлі жас. Азуын айға білеген, дербестіктің жалауын әлдеқашан желбіреткен танымал мемлекеттерге қарағанда отыз жылдан астам мерзім көп те емес. Бірақ соған қарамастан атқарылған жұмыс жетерлік. Әрине «әттеген-ай» дейтін тұстарымыз да болған шығар. Алайда оған таңдануға болмас. Үш жарым ғасырға жуық бодандықтың күйін кештік. Қазақстанда тұрып «Мен қазақпын!» деп кеуде керіп айтудың өзі мүмкін болмады. 1986 жылы желтоқсанда жастар алаңға шығып, өз ойларын бейбіт түрде білдіріп еді, тұтас халық сол мезетте-ақ «қазақ ұлтшылдығы» деген атты арқалап шыға келді. Республикамыздың тірлігі сырттан да, іштен де қатаң қадағаланып, бақыланды. Шындығын айтқанда, ұлт, жұрт болып жойылуға аз-ақ қалдық.

Осындай жағдайда жеке ел болып түтін түтету қайбір жеңіл тиетін еді. Тәжірибе аз. Есесіне үйренеріміз көп болды. Мұндайда бәрі де ойдағыдай болып кете алмайтыны анық.

Тәуелсіздікті алу бар да оны баянды ету бар. Екіншісінің де салмағы зілбатпан. Осының растығына өткен отыз бір жылда көзіміз анық жеткендей. Ел, ұлт болып қалыптасу оңай емес екен. Бір ғана қазақ тілі мәселесін алайықшы. Заң жүзінде мемлекеттік мәртебеге ие тіліміз өзіміз кезінде «ұлы» халық деп баға берген халықтың тілінің тасасында қалып келеді. Ал тілдің ұлт үшін қандай орны бар екені көкірегінде сәулесі бар жанның қай-қайсысына да түсінікті болуы тиіс. Тіл болмаса ұлтпын, елмін деу жай нәрсе. Бірақ осыны қандастарымыздың едәуір бөлігі терең сезінбейтіндей. Біреулер билікті кінәлайды. Жақсы, олардың да кінәсы бар делік. Оған дауа жоқ. Бірақ қазақ тілі қазақтың өзіне керек емес пе? Неге біз өзіміз қазақша сөйлемейміз? Әлде төбемізде: «қазақша сөйлеуге болмайды, онда күнәһар боласың» деп төніп тұрған біреу бар ма? Олай деп тұрған ешкім жоқ.

Сөзіміздің түйінін айтқанда, тіл бірлігі болмай, ұлт бірлігі болуы мүмкін емес. Ұлт бірлігі болмаса әрбір халықтың басты байлығы саналатын Тәуелсіздікке оңбай нұқсан келетіні белгілі жай. Құдайым одан сақтасын дейік.

Тіл дегеніміз ел көңіл бөлер іргелі істердің бірі ғана. Мемлекет болғаннан кейін жүзеге асырылар шаруа аз болмайды. Оны саусақпен санап шығу да мүмкін емес. Демек алдымызда қыруар іс тұр. Соған үлес қосу қазақпын, қазақстандықпын дейтін әркімнің абзал борышы.

 

***

Мемлекеттің міндеті – әр азаматының бойына өз еліне, өз Отанына деген мақтаныш сезімін ұялату. Бұл ретте мемлекеттік қызметшіге жүктелер жауапкершілік орасан. Ең алдымен елге, ұлтқа берілгендіктің, адалдықтың, жұртына пайдалы іс-қимылдың үлгісін солар көрсетуі тиіс. Егемен болмай, ел болмас дейміз. Бүгінде егеменбіз, елміз. Төрт құбыламыз түгел. Ендігі мақсат Тәуелсіздіктің тұғырын нығайту жолында белсенеді қарекет ету, сөйтіп біз де жер бетіндегі ешбір елден кем емес екенімізді төрткүл әлемге паш ету. Тәуелсіздігіміздің ғұмыры мәңгілік болсын!

Е.СЫЗДЫҚ

 

179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз