• Ел мұраты
  • 24 Қараша, 2022

ҰЛЫ СЕЗІМГЕ СЫЗАТ ТҮСПЕСІН

ХХІ ғасыр босағасын аттаған тұста Қазақстан елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап кеткен бауырларымыз бен олардың ұрпақтары егемен ел болып, көк байрағы желбіреген өз Отанына, қазақ жұртына орала бастады. 1990 жылдары бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап, «елім», «қазағым» деп көш түзеді. Кезінде «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша шешілетін мәселелер оларды бір нүктеде шоғырландыру сияқты тағы басқа мәселелердің бәрі түгелдей қайта қарауды талап етеді», – деді Н.Назарбаев. Қандастарымыздың мәселесі түбегейлі шешілуі маңызды екендігін ескертіп, «Алыстағы ағайынға ақ тілек» хатын жолдады. Оның мақсаты – тағдыр тәлкегімен төрткүл дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастарымызды атажұртқа жинау еді. Шетелден оралып жатқандардың дені – жастар. Олардың әрқайсысы әр отбасының арқа сүйер азаматы, аяулы қыздары. Олар ұзақ жылдар бойы атажұртына оралуды аңсап жүрген бауырларымыздың ұрпақтары.

Ұлт алдындағы, ұрпақ алдындағы ең бір сауабы мол саясаттың құрамдас бөлігі – тіл, діл, дін, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, ұлттық бірлік сияқты өзекті мәселелер болса, оның бірқатары оңтайлы шешімін тауып келеді. Елге оралған қандастарымыз бен олардың ұрпақтары демографиялық жағдайымызға игі әсерін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар салт-дәстүріміз, тіліміз, діліміз жаңа деңгейге көтеріліп, ғылым, білім салаларына да жаңа буын, жаңа толқын легі келіп қосылды.

Өкінішке қарай, «әттеген-айлар» да кездесіп жатады. Біз әр қилы мемлекеттерден қоныс аударған оралман қауымының тілінен, салт-дәстүрінен, өздері туып-өскен бөтен жұрттың әсер-ықпалын жиі байқаймыз. Бөтен ел, басқа болмыс, әйтсе де қандастарымыздың бойында қоғамды тану, білімге деген құштарлықтары басым. Басқа елден келген адам қашанда жасқаншақтау келетіні, жалтақтап төңірегіндегілерден мейірім, жылы сөз, жылы қабақ күтетіні, моральдық демеу, ақыл-кеңес беретін адамды қажет ететіні белгілі. Әлеуметтік ортаға еркін бейімделіп кетуіне кедергінің бір ұштығы осында болуы керек. Ет-жүректері елжіреп, адал ниеттерімен туған елім, жерім деп келген бауырларына қазақ жеріндегі жерлестері де, яғни, жастарымыз бауырмалдық танытып, моральдық жағынан демеп жіберсе, қолдау көрсетіп жүрсе қандай керемет болар еді! Екінші себеп, тікелей мемлекеттік тілмен байланысты, яғни, алыс-жақын шетелдерден көшіп келуші бауырларымыздың орыс тілін білмеуі. Сондықтан да, солтүстік пен шығыстағы облыстарға оралмандардың көп тұрақтамай, қазақы ортасы бар оңтүстік аймақтарға жақын орналасуы – осындай тілдік және психологиялық кедергілерді байқатады. Алыстан келген оралман бауырларымыздың тарихи жағдайы да мүлдем басқаша. Олар – байырғы бай қазақ тілінің қаймағын бұзбай қайтадан өзімізге әкелушілер. Демек, олармен бірге қазақ тілі, ата-баба салты ғана емес, тәжірибе мен әлемдік өмір көшіп келе жатыр деуге болады. Қандастарымыздың жат елде жинақтаған, түйіндеген, игерген мәдени құндылықтары бізге өте қажет. Мысалы, Қытай Халық Республикасынан келген қазақ қытайдан, Моңғолиядағы қазақ моңғолдан көп нәрсе үйренеді. Бұл – байлық,  бұл – дереккөз, қазақ еліне қызмет ететін қатпарлы қазына. Президентіміз еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдың өзінде-ақ оралмандар мәселесін мемлекеттік деңгейде шешуді қолға алды. Өткен уақытқа қарайтын болсақ, Н.Ә.Назарбаевтың 2003 жылы Қазақстан халқына Жолдауы көптеген жаңа бағыт, тың мазмұндарды қамтығаны белгілі. Соның бірі, 2015 жылы Қазақстанның халық санын 20 миллионға жеткізу еді. Бұл жай сандық көрсеткіш емес, оның астарында үлкен әлеуметтік-саяси мән бар, себебі, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қорғайтын, әлеуметтік дамуын ілгерілететін күш, яғни, негізгі ұлт – қазақ халқы.

Қазақ диаспорасы мәселелерімен айналысатын ғалымдардың пайымдауынша, оралмандар нарықтық қатынас ортасында туғандықтан, жастайынан соған бейімделген. Олар басқа ортадан, сырттан келіп, өз кәсібін ашып, отбасын асырап, ұрпақ тәрбиелеумен бірге басқа да ондаған, тіпті, жүздеген адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуде. Оған ел-жұрт куәміз. 30 жыл ішінде елге 1 миллионнан аса қандастарымыз оралған болса, солардың арасынан талай кәсіпкерлерді мысалға келтіруге болады. Күнделікті қоғамда болып жатқан жаңалықтарды естиміз, оралмандар тарапынан өткізіліп жатқан іс-шараларды көріп, тәнті болудамыз. Оралман жастардың мекен еткен елдеріндегі қалыптасқан тұрмыс-салттарына байланысты тәрбиесін, кәсіпке, нарықтық қатынасқа бейімделу деңгейінің жоғары екендігін ескермеске болмайды. Мысалы, Моңғолиядан келген қыз балалар кесте тоқу, киім, бас киім тігуге шебер болса, ұл балалар қолөнер, әшекей бұйымдар жасаудың хас шеберлері деуге болады. Қытай Халық Республикасынан келген жастар аспаздық өнерге бейім, әр түрлі дәмдеуіш қосылған тағамдары тіл үйіретініне бәріміз қанықпыз. Ал, ұл балалар жағы техника тілін жетік меңгерген, ағаштан ою ойып, әр түрлі бұйымдар жасаудың шебері, сонымен қатар мал шаруашылығының да қыр-сырын жақсы біледі. Қытайдан, Монғолиядан келген жастарымыз мата-тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіптерді жете меңгеріп, экономикамызға тек пайдасын тигізуде.

Бүгінгі таңда мемлекеттік бағдарламалар аясында айтылып жүрген мәселе – шағын қалаларды дамытудың бір жолы – шағын және орта бизнесті дамыту болса, оралмандардың айналысатын кәсіп түрлеріне қарай орналастырып, өз жеке кәсібін ашуға мол мүмкіндіктер жасау керектігі айтылған. Осылайша, атажұртқа оралған бауырларымыз – елдің жүгін бірлесе көтеріп, біздің экономикамызды, бизнесімізді дамытуға қосылатын қозғаушы күш. Әңгімеге арқау болып отырған тағы бір нәрсе – Қазақстанда білім алып жатқан оралман жастарды оқыту мен оларды жаңа ортаға бейімдеудегі кейбір тілдік мәселелер мен әлеуметтік жағдайлары. Жыл сайын жаз айларында өрімдей жастар атамекендеріне, еліне деген сағыныш, тебіреніс пен толғаныстарын арқалап келеді. Олар бүгінгі таңда ұмытыла бастаған, тіпті кейінгі кезде көрінбейтін қос бұрымды, қолаң шашты, биязы мінез қаракөз қыздар мен қазақы қалпын сақтаған өр мінезді, қажымастай қайратты қазақтың өрімдей жас жігіттері. Жастардың басым бөлігі ҚХР-дан келген. Қазақстанға олар білім алу үшін келеді. Аталмыш елден келген жастар ұлттық тілімізге, дәстүрімізге, дінімізге сызат түсірмей, көзінің қарашығындай сақтап келген. Олар атамекенімізде білім алсақ, елімізбен қауышсақ, атажұртымызды көркейткен үстіне гүлдендірсек, ұлттық жадымызды жаңғыртсақ деген патриоттық ниет пен сезімде келеді. Ұзақ жылдар бойы ата-баба топырағынан жырақта жүрсе де, ана тілін, ұлттық салт-дәстүрін ұмытпаған. Елге оралған қандастарымызды ойландыратын да, толғандыратын да мәселелер жоқ емес. Біріншіден, басқа болмысты қабылдаған бала бөтен елде өмірінің 19-20 жылын өткізді, бұл аз уақыт емес. Мекен еткен елдің ұлтқа тән ерекшелігі, жат жердің жақсы-жаман жақтары кімге болса да әсер етпей қоймайды. Екіншіден, қазақ тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін жаңғыртып, жаңартып, басқа да ұстанымдарын толықтырып жатқан оралман жастарды мазалап, қиындық туғызып отырған – әліпби, жазу мәселесі.

Атажұртым деп жалындап, жанып келген жастардың көптеген қиыншылықтарға, психологиялық кедергілерге кездесетіні жасырын емес, әсіресе құжат тапсыру кезеңдерінде, себебі құжат атаулының бәрі орыс тілінде. Ресми тілді білмегендіктен, еркін ақпарат ала алмайды. Бұл кедергі олардың қоғамға тез араласып кетуіне кері әсерін тигізеді. Кімнің болса да білім алудан бұрын алдында тұратын мәселе – жүрген ортаның тыныс-тіршілігімен танысып қалыптасу болып табылады. Сырттай қарағанда ұсақ-түйек қана қиындық болып көрінеді, дегенмен, атажұртындағы жастармен етене араласып кеткенге дейінгі аралықта алшақтық, тосырқаушылық сезімдерінің туындауы даусыз. Осындай моральдық жағынан азды-көпті кедергінің болуы заңды және оны ескермеуге болмайды. Ұстаздық тәжірибемді саралай келе, оралман шәкірттерге дәріс бере жүріп, олардың бойынан байқағаным мен ойыма түйгенімді, орайы келгенде ой тастағанды жөн көрдім. Қазақ даналығында «Ырыс жұғысады, ақыл ауысады» деген бар. Оралман жастарымыз өз Отанында өмір сүріп жатқан жастармен жақын араласып өмір сүруінің қандастарымыз үшін де, жергілікті жастарымыз үшін де пайдалы тұстарын ескеру керек. Қазіргі таңда кейбір жергілікті ұл-қыздарымыздың бойынан да, ойынан да қазақы болмыстан гөрі «батыс мәдениетіне» еліктеушілік басым екенін байқаймыз. Сонда деймін-ау, шетте жүрген жастарымыз, яғни, қаракөз қандастарымыз қалай ғана ана тілін ұмытпай сақтап қалғанына таңырқамасқа лажың жоқ. Бұл – ерлік! Ал, жергілікті жастарымыз түгілі, жасамыстарымызға да «қолда барда алтынның қадірі болмайды» дегім келеді.

Білім кілті – шығармашылық ізденісте. Оралман жастарымыздың (ҚХР-дан келген) сөз байлығы, сөздің майын тамызып, құлақтың құрышын қандырып салатын әні, күмбірлетіп домбыраның құлағында ойнаған күйі, мың бұралып билейтін биі, суырыпсалма ақындығы кімді болса да елең еткізбей қоймайды. Бұл – мақтаныш!

Оқыту процесінде олардың білімге құлшыныстары, ғылымға деген құштарлығы, мәдениет, әдебиет, өнерге ықыластары, жаңалыққа жаны құмар ізденімпаздықтары, еңбексүйгіштіктері кез-келген адамды сүйсіндіреді, қарап тұрып ырза боласың. Осы айтылған жақсы қасиеттер әрбір жастың бойынан табылып жатса, ақыл жұғысып, ырыс ауысқаны осы емес пе?!

«Әр елдегі қазақ әр елдің тілін мықтап игерсе, ол – білім. Он шетел тілінде сөйлесе тіпті жақсы, бірақ он шетел тіліне орап, ана тілін тұншықтырып көміп тастасақ, ол – кешірілмес күнә. Сол себепті де, мемлекеттік тіл біздің мемлекетімізді құлатпай ұстап тұратын бір мықты діңгек екенін ұрпақтарымыз біліп өсуге тиіс», – деген еді Н.Ә.Назарбаев. Жер шарын мекендеген жүздеген ұлттар мен ұлыстарды, елдер мен халықтарды ойлантатын ең негізгі мәселенің бірі – туған тілдің тағдыры мен қолдану аясы.

«Үнінен, тілінен, жерінен, дінінен айырылған халық жер бетінен жойылып кетеді» деген ұлы бабамыз Әбу Насыр әл-Фараби сөзін ескерсек, жаһандану жағдайында әрбір қазақты толғандыратыны хақ. Иә, өткенсіз болашақ жоқ. Өткенімізге үңілсек, қазақ халқы тарихтың талай тауқыметін де, қасіретін де тартқан. Әйтсе де, жер бетінен жойылып кетпеді, тарих тасасында елеусіз қалмады. Шектеудің шеңгелінен шыға алмай, бөтеннің бодауында болсақ та, ұлттық болмысымыздан ажырамадық, ұлтқа тән құндылықтарымыз сақталып қалды. Оған дәлел де жоқ емес. Қалада қазақ мектебіне жарымағанымен, ауылда көнекөз қариялар тілін де, дінін де, салтын да, дәстүрін де дәріптеді, санасынан да сызып тастамады, соның арқасында қазақ қазақтығын сақтады. Санада сақталған салт-дәстүрдің орнының ерекшелігі сол – қазақтың ән-күйі, өнері өлген жоқ, бір сөзбен айтқанда, рухымыз сөнбеді.

Сөз басында айтқанымдай, қазір жаһандану үрдісі жүріп жатыр, яғни, оның мағынасы – тұтастану дегенді білдіреді және ол екі сипатта жүреді, әлемдік және мемлекеттік деңгейде. Қазақты тұтастандыратын нәрсе – ұлттық сана-сезім. Оралман бауырлар қай елде тұрғандарына қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сана бүкіл қазақты біріктіреді.

Ұлттық тарихымызды ширек ғасыр зерттеп келе жатқан ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор Н. Мұхаметханұлы: «Қай елде, қандай тілдік ортада жасағанына қарамастан, қазақтың бәрі – бір қазақ. Олардың кез-келгенінде қазақтың дархандығы, жомарттығы, бауырмалдығы, сәнқұмарлығы сияқты жақсы қасиеттерімен бірге дарақылық, мақтаншақтық сияқты ұнамсыз қасиеттеріне дейін бар. Сондықтан, біз бір менталитетті қазақты бірнешеге бөлмей, ұқсастықты, ортақтықты, бірлік пен тұтастықты әлемдегі бүкіл қазақтың бірден-бір Отаны – қазақ елі, қазақ жері екенін дәріптеп, оған қызмет ету – исі қазақ баласының борышы екенін іштегі, сырттағы бүкіл ағайынның санасына сіңіре білуіміз керек», – дейді. Иә, шынында да солай. Ең керегі – қандастарымыз қасымызда болып, бірлігіміз жарасып, кездескен қиындықты жеңу үшін ауызбіршілікте болып, бір-бірімізден кемшілік іздемей, жақсылығымызды ғана көріп, қуанып жүрсек, өз туған топырағымызда іргеміз сөгілмей ұлт болып ұйысып, бірлік пен берекенің жалауын бірігіп көтеріп өткенге не жетсін, шіркін!

Адамдар арасын алыстататын да, жақындататын да жағдайлар қоғамда болады. Біз мұндай нәрселерден аулақ болып, басымызды біріктіретін, бар қазақты тұтастандыратын тұстарымызды іздеуіміз керек.

Ел аузында «жүз рет естігеннен, бір рет көрген артық» деген бар. Бірнеше жыл бұрын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шетел азаматтарына арналған дайындық факультетінде (сол кезде), ҚХР-дан, Моңғолиядан келіп, білім алушы шәкірттерге дәріс берген едім. Айтарым көп, тоқетеріне тоқталайын. Жылдар өте келе оралман жастар тіліндегі ерекшеліктер, оның себептері, ана тілінің сақталу құпиясы қызықтырды, толығырақ білсем деген осы қызығушылық ғылыми тақырып таңдауыма итермеледі. Себебі, Қазақстаннан тыс жерлерде өмір сүрген қандастарымыздың тіл айшықтарын зерделеу – ұлт кешегісі мен болашағына аса қажетті мәселе. Сонымен, қазақ диаспорасының тіліне қатысты «Оралмандардың ауызекі сөйлеу тіл ерекшеліктері» атты тақырып бойынша ғылыми жұмысымды аяқтап, кандидаттық диссертация қорғадым. Көп ұзамай, ғылыми жұмысымның аясында Қытай Халық Республикасы Үрімжі қаласына іссапармен барып қайтқан едім. Іле-шала 2012 жылы «Түркі халықтары мен мемлекеттерінің тарихи-мәдени мұрасы және интеграциялық үдерістері» бағдарламасы бойынша «Еуразиялық полиэтникалық кеңістіктегі қазіргі түркі тілдерінің даму үдерістері» атты ғылыми ұжымдық монография авторларының бірі болдым. Ғылыми жобаны жазу барысында іссапарда болған күндері жинақтаған мәліметтер мен түйіндеген ой-пікірлер, көзбен көріп, өз құлағыммен естіген сыр-сұхбаттар, қытай жеріндегі қазақ ғалымдарының ғылыми еңбектеріне қатысты айтылған тұжырымдар басшылыққа алынып, соның негізінде ғылыми жобадағы нақтылық пен дереккөз ретінде ықпалы зор болды.

«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, ҚХР-дағы қазақ диаспорасы тілдік ахуалына тоқталайын. Қазақ тілі тарихи себептермен шекара аттаған тілге айналды. Ел екіге бөлініп қоныстанғанымен, тегі бір тамырдан тараған ортақтықтар бар, дегенмен, екі елдің қоғамдық мәдениетінің, географиялық ортасының ықпалы болмай қоймайды. Қытай қазақтарының тіліне көңіл бөлген біршама қазақ ғалымдарымен кездесіп сұхбаттасудың сәті түсті. Солардың бірі – Шыңжаң тіл-жазу комитетінің доценті, ғалым Нұрғабыл Сұлтаншәріпұлы мырза. Ол – «Жоңго Шыңжаң қазақтары мен Қазақстан қазақтары тілінің фонетикалық өзгешеліктері» атты ғылыми еңбектің авторы. Ғалым бұл еңбегінде екі аймақ халқы тіліндегі біршама дыбыстық ерекшеліктеріне тоқталып, белгілі бір дәрежеде тілдік айырмашылықтар қалыптасқанын тілге тиек етеді. Қытай жерінде өмір сүріп жатқан басқа да қазақ ғалымдарының бірқатарымен кездестім. Олардың пайымдауынша, Қытайда тұратын қазақтар тілінде аса үлкен ала-құлалық жоқ.

«Әлемнің әр жерінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуының бірден-бір куәсі – оның сақталған тілі» деген тіл зерттеуші ғалымдар пікіріне, ҚХР-дағы қазақтар негізінен тілдік тұтастығын сақтап қалған деген тілге қатысты айтылған тұжырымға өз тарапымнан қосылып, толықтырғым келеді.

Сол кездегі іссапар барысында Үрімжі қаласында мектептерді аралап, оқытушы-ұстаздармен пікір алмастым. Қаракөз балалар сабақты қытайлармен бірге оқитын көрінеді. Қытай тілінің қиындығынан бәрін түсініп қабылдай алмайды, осы жағдайдан соң үлгермеушілік туындайды. Ұлттық мектептерде ана тілінен басқа сабақтар қытай тілінде жүргізіледі. Қытайдағы қазақтардың тіл тағдырына бұл мәселелерден басқа да факторлардың әсері баршылық. Ең бастысы – шет жерде жүрген қаракөз жастарымыздың атамекендеріне, қазақ еліне деген сағыныштары, ықыластары бір сәт те толастар емес. Иә, қандай да бір нәрсенің қадір-қасиетін өз басыңа түсіп, өз жаныңа батқанда ғана түсінесің. Ол – шындық!

Қай мемлекетті алмайық, әр елдің өзіне тән салт-сана, әдет-ғұрпы бар, өз заңы, өз мүддесі бар. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды», – деп еді ұлы Абай. Демек, қазақтың қайда да қазақ екенін ескерсек, Отанын аңсап, елім деп еңіреп, қазағым деп соққан жүректерінің сағыныш лүпілін түсінуге болады. Мен оны осы жолы іссапарда жүріп терең түсініп, өзім арқылы сезіндім. Қазағымның дархандығын, пейілінің кеңдігін одан да терең, одан да жоғары бағаладым. Өз топырағымда, өз шаңырағымда жайқалып, еркін тыныстап, еркелеп жүргенім үшін өзімді шексіз бақытты санадым.

Қандастарымыз қай елден келгеніне қарамастан, ұлтым – қазақ деп сезінетін болса, осы сезім бүкіл қазақты біріктіреді. Ұлы сезімге сызат түспесін! Әр қазақтың санасында ұлтына деген адалдық болса, салт-дәстүрімізге қанық, дінімізге берік болсақ, бойымызда намысымыз болса ғана бірлігіміз жарасқан мәңгілік Қазақ елі боламыз!

Рыскен ӘБІШЕВА,

Алматы қаласы

179 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз