• Ел мұраты
  • 24 Қараша, 2022

РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ТІРЕГІ

Күрделі де қызықты кезеңді бастан кешіп жатырмыз. Күрделі болатыны,  мақсаттың бәріне жеттік деп айта алмаймыз. Талпынудамыз. Ұмтылудамыз. Қол қусырып отырған жан жоқ. Қызықты дейтініміз, жаңалық көп. Елдің өркендеуіне, дамуына қатысты жаңалықтар, жарқын істер. Осыған марқаясың, мерейленесің. Көкірек көзі ояу жұрт түсінуі тиіс. Рухани өміріміздегі бұл жарқын құбылыстар жай ғана ғажайып өзгерістерді аңғартпайды, рухани жаңалық деп баға беруге тұрарлық оқиғалар. Иә, санамыздың сілкінуіне, күш-жігеріміздің тасуына ең алдымен себепкер болатын нәрсе, сөз жоқ, рухани құндылықтарға арқа сүйейтін дүниелер ғой. Осыдан бірнеше жыл бұрын  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» деп аталған бағдарламалар   руханият әлеміне кәдімдігідей серпін бергенін айтуымыз керек. Сол бағдарламалардың аясында қаншама игі істер қолға алынды. Жалпы, бір жайтты баса айтуымыз керек, рухани құндылықтардың дамып, өркендеуі мемлекеттік тұрғыдан қолдау болғанда ғана нәтиже береді. 
Мысалы, Ұлы дала, Ұлы дала елі деп бүгінде жиі айтатын болдық. Кешегі уақыттары бұлай айтылмайтын. Шынтуайтына келгенде, біз тарихымыздың жаңа шамын жақтық, сондықтан бүгін және мәңгілік Қазақстанымыз – Ұлы дала елі, бұл Ұлы жаңғырған дала елі, біздің Отанымыздың көп этникалық бесігі, сүйікті Отанымыздың халықтық  атауы осы – Ұлы дала елі. Бұл  біздің Отанымыздың өткені мен бүгінгісін, болашағын айшықтап тұр. Біздің қазақстандық мінезіміз бен оның негізгі ерекшеліктері – ашықтық, рухани байлық, жүректеріміздің жылуы, қонақжайлылық, бейбітшілікті сүю, даналық пен еңбексүйгіштік сынды қасиеттері көрініс тапқан.

Дала мен қазақ – егіз ұғым. Бұл екеуін бір-бірінен ажырата алмаймыз. Дала – кеңдіктің, жомарттықтың белгісі. Қазаққа да осы қасиеттер дарыған. Қазақтың далаға бауыр басқандығы сондай, ол даласыз өмір сүре алмайды. Кешегі замандарда ата-бабаларымыз ұланғайыр даланы еркін жайлаған. Қыста күнгей жақты қоныстаса, жазда теріскейді мекен еткен. Бір сөзбен айтқанда, дала бос жатпаған. Тіршілік қыз-қыз қайнаған. Демек Қазақ елі – Ұлы дала  елі атауын иемденуге әбден лайық.

Ал енді қарап тұрсақ, көңілге шуақ құйған елеулі оқиғаның бірі – осыдан бірнеше жыл бұрын Ұлттық домбырамызға арнайы күннің белгіленуі еді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл – еліміз үшін ерекше мейрам. Оны ел болып атап өту арқылы халқымыздың рухын көтеріп, танымын арттырамыз. Сондай-ақ, Ұлы дала дәстүрлерін жас ұрпақтың санасына сіңіріп, төл өнеріміздің құдіретін танытамыз.

Шын мәнінде, қазақтың қара домбырасы – ұлтымыздың бойтұмары. Оның үні әрқайсымыздың жүрегімізге жақын. Өйткені, қазақ пен домбыра – бір-бірінен бөліп қарауға болмайтын егіз ұғым. Академик Ахмет Жұбанов «Домбыра – көшпелі елдің көнекөз шежіресі» деп бекер айтпаған. Қастерлі аспаптың қос ішегіне халқымыздың бүкіл болмысы сыйып тұр. Сонау Кетбұғадан бері жалғасып келе жатқан дәулескер күйшілеріміздің мол мұрасы – баға жетпес рухани байлығымыз. Біз төл өнерімізді дәріптеу арқылы асыл құндылықтарымызды ұлықтай түсеміз.

Қазір Жаңа Қазақстанды құруға кірістік, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруды қолға алдық. Өркениетті ел болу үшін жаңа дәуірдің жақсы үрдістерін бойға сіңіру жеткіліксіз. Сонымен бірге, салтымызды сақтап, еңбекқорлық құндылықтарын кеңінен дәріптеп, бабалар жолын берік  ұстанамыз.  Ендеше, жұртымызбен бірге домбыра да мәңгі жасайды. Күй өнері азаттық рухын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырады.    Домбыра әр шаңырақтың төрінде тұрсын!   Он екі пернелі, екі ішекті домбыраны да жат көрмейтініміз әлімсақтан аян. «Нағыз қазақ – домбыра» дейтін Қадыр ақын сөзіне еш бүкпесіз қосыламыз. Домбыра қазақтың қуанышы мен мұңының жиынтығы. Домбыраны сөйлеткенің – қазақты сөйлеткенің. Осыны жан-жүрегімізбен түсініп, ықылым замандардан ажырамастай серігімізге айналған аққу пішіндес аспабымызды көкке көтеріп, аспандатқанымыз, жылдың бір күнін домбыраға арнағанымыз – кемелдігіміздің, көрегендігіміздің айқын белгісі. Домбыраның қадірін білген қазақ ұлттық болмыс-келбетіне де сызат түсірмес деген зор сенім бар.

Ер түріктің бесігі атанған – Түркістан қаласының мәртебесі көтерілуі де күллі түркі дүниесіне оң әсер еткен жаңалыққа айналды. Ол көп қалалардың бірі болмады, қандастарымыз молынан мекен еткен өңірдің орталығына айналды. Облыс атауы да – Түркістан.

Түркістанның киелі жер болатынының бір себебі осы топырақта бүкіл түркі халықтарының рухани көшбасшысы, бірегей дарын иесі Қожа Ахмет Ясауи өмір сүріп, ілім таратқан. Соңғы демі де осы жерде үзілген. Ұлы ғұламаға арнап салынған мавзолей шын мәнінде ортағасырлық сәулет өнерінің  көрнекті ескерткіші.

Кешегі уақыттары ғұмыр кешкен ұлтымыздың сүт бетіндегі қаймақтары – хандары мен билері, батырлары жарық дүниемен қоштасар сәті таянғанда Түркістанға апарып жерлеуді аманаттаған. Мәңгілік мекенінің осы жерден болуын қай-қайсысы да армандаған. Міне, Түркістанның құдіреті! Сол Түркістан енді қайта түледі.  Оның жұлдызы бұрынғыдан да анығырақ, көз жетпес алыс жерден мен мұндалай жарқырайтын болды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарында халықпен жүздесіп, арнайы сөз сөйледі. Сонда Мемлекет басшысы: «Түркістан – бәріміздің мақтанышымыз, екі дүние есігі, ер түріктің бесігі атанған бүкіл әлемге танымал қасиетті жер. Осы киелі шаһардың  төл тарихымызда айрықша орны бар. Түркістан төріндегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – руханиятымыздың мызғымас діңгегі. Сондықтан Түркістанға, жалпы, осы облысқа ерекше мән беруіміз керек. Бұл, ең алдымен, Үкіметіміздің басты міндеті» – деді.  Біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз деуіміз қажеттегін қаперге салды. Үкіметке таяу арада Түркістан қаласына осындай мәртебе беру мәселесіне қатысты лайықты шешім қабылдау жөнінде тапсырма берді. Иә, қастерлі шаһар көне заманнан бері ұлттың ұясы, қазақтың қара шаңырағы болып келеді. Түркістан осы мәртебелі міндетін қазір де абыроймен атқарып отыр. «Сол себепті, мен ата жолын ұстанып, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын Түркістанда өткізуді ұсындым. Онда ел болашағына қатысты өзекті мәселелерді талқылаймыз» деді.

Мемлекет басшысы кейінгі жылдары болған оң өзгерістерді атап өтті. Президенттің дерегіне сәйкес, Түркістанға тартылған инвестиция көлемі  8 есе артқан. 77 мың адамға арналған көп қабатты үйлер салынған. Сонымен қатар шаһар жасыл-желекке оранып, экологиялық ахуалы жақсарған. Тұрғындарды ауызсумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселесі шешілді деп айтуға болады. 2019 жылдан бері облысқа 2 миллионға жуық турист келген. Кейінгі үш жылда аймақтағы өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы саласы 1,5 есе өскен. Облыста 64 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылған.

Мемлекет басшысы елімізде «Еңбек» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтып, оның халық саны көп оңтүстіктің тұрғындарын жұмыс күші аз өңірлерге қоныстандыруға арналған жоба екенін түсіндірді.

– Бірқатар азаматымыз солтүстікке көшіп, тіршілігін жасап жүр. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша жастарға арнап 3700-ге жуық грант бөлінді. Оның 800-ден астамын түркістандықтар иеленді. Ел іргесін бүтіндеп, тұғырын нығайту жолындағы осы маңызды жұмысқа сіздер зор үлес қосып келесіздер. Дегенмен жастардың еңбекке құлшынысын арттыруымыз керек. Біз құрып жатқан жаңа қоғамда еңбек адамы ең бірінші орында тұруы керек деген ұғымды жастарымызға түсіндіру қажет. Себебі отаншылдық дегеніміз, ең алдымен, іскерлік, еңбекқорлық. Құр сөзден ештеңе шықпайды. Азаматтарымыз алдымен отбасына, балаларына қамқор болуы керек. Оларға еңбегімен, алғырлығымен нәпақасын тауып беруі қажет, – деді Қазақстан Президенті. 

Ұлттық құндылықтарға арқау болып отырған тақырыбымызды әрі қарай тұздықтар болсақ, енді мәселе әліпби реформасына қатысты өрбімек.

Күнделікті көзіміз үйренген жазуымыздың басқаша өзгеретіні де жаңалық атаулының көкесі. Алайда бұл дәл бүгінгі таңда қозғалған мәселе емес еді. Осыған дейін де әңгіме болған. Сірә, жеткілікті мән бермегеніміз-ау. Енді жаңа әліпбиге көшетініміз айдан анық.

«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде асығыстық танытуға болмайды. Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің барлық аспектілерін әзірлеу қажет. Латын әліпбиінің ұсынылған үш нұсқасы да жетілдірілмеген болып шықты. Сондықтан бұл проблемада шынайы ғылыми әдіс керек және жеңілдетуге болмайды», – деді Мемлекет басшысы. ҚР Президенті кириллицаны латынға жай ғана ауыстыру төңірегінде сөз болып отырмағандығын айтты.

«Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер тілімізді жаңғырту қажет. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз. Тағы да қайталап айтамын, біз нақты қазақ тілін реформалаймыз. Мұндай ұлтымыз үшін тағдыршешті мәселеде науқаншылдыққа және жеңілтектікке жол беруге болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Естеріңізге салсақ, осыдан екі жылдай уақыт бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша кеңес өткен болатын.

Жиында сол кездегі Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, бүгінгі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов лингвист-ғалымдар мен сарапшылардың қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстарының нәтижесі бойынша баяндама жасаған еді.  Ақтоты Райымқұлова ғылыми тұрғыдан зерделенген әліпби жобасын ұсынды. Жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған.  Асхат Аймағамбетов жаңа әліпбидің мектептер мен білім беру ұйымдарына жүйелі түрде енгізудің алдын ала дайындық кезеңдері, ұстаздарды, оқулықтарды даярлау мен әдістемелік құралдарды жаңарту мәселесі бойынша ақпарат берді. Оның айтуынша, барлық шаралар кешенді түрде кезең-кезеңімен, алдын ала толық дайындық жүргізілгеннен кейін ұйымдастырылатын болады.  

Мемлекет басшысы кеңесте қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, әліпби жобасы ғалымдармен бірге толық зерделеніп, Үкімет жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды. Аталған комиссия отырысының қорытындысы шыққаннан кейін Үкімет жетілдірілген әліпбиді бекіту туралы Жарлық жобасын Президент Әкімшілігіне енгізуі тиіс болатын.

Сол кезде Президентіміз:  «Жаңа әліпби бастамасы – бұл күрделі әрі  шетін мәселе екенін ұмытпаған жөн. Жаңа графиканы енгізу бір күнде я болмаса, тіпті, бір жылда іске аса қоятын жұмыс емес. Әйтпесе, асығыстық бүкіл мәдениетімізге және тарихи болмысымызға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе – кириллицадан латын әліпбиіне аударуда емес, бұл қазақ тілінің ауқымды реформасы деген сөз. Қаржы мәселесін де ескеруіміз керек. Латын әліпбиін енгізу жұмысы  біртіндеп жүзеге асуы керек. Негізінде, бұл графика  жас ұрпаққа арналған деп айтуға болады. Оның игілігін, ең алдымен, солар көруі керек. Сондықтан, бұл үрдіс жоспарлы түрде, біртіндеп іске асырылуы қажет» –дегенді нақты айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және спорт, Білім және ғылым, Ақпарат және қоғамдық даму министрліктеріне ғалымдарды, сарапшылар мен зиялы қауым өкілдерін тарта отырып, жаңа әліпбиді халыққа жан-жақты түсіндіруге бағытталған кешенді ақпараттық жұмыс жүргізу туралы тапсырма берген болатын. Шын мәнінде, тіліміздің тағдыршешті мәселесі көзі қарақты, келешегін ойлайтын жұртшылықты алаңдатары сөзсіз. Әліпби ауыстыру жай ғана нәрсе емес, ол санамызға, болмысымызға тікелей әсер ететін дүние деп қабылдауымыз қажет.

Белгілі тіл маманы Анар Фазылжан айтпақшы, қазақ қоғамы латыннегізді қазақ әліпбиін қоғамдық сананың жаңғыруы ретінде күтіп жүргені анық. Олай болса, бұл ұлттық сана жаңғыруының айқын көрінісі болмақ. Сонымен қатар ұлттық бірегейліктің тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта біршама нығайғанының бір дәлелі.

– Бұл, бір жағынан, бізді қуантады. Бірақ күдік бізде де бар. Себебін жасырмай айтуға тура келеді. 2019 жылдың қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әліпбиді ғалымдар жетілдірсін» деген тапсырма берді. Сол кезде қатты қуандық. Алдында да ғалымдар процеске араласып жүр еді, тіпті оны бастаған да ғалымдар ғой. 1991 жылдан бері көтеріп, айтып жүр. Қоғамның көзқарасын өзгерту оңай шаруа емес. Отыз жыл бойы қоғамның көз­­қарасын эволюциялық жолмен өзгертуде тіл­танушы ғалымдар зор еңбек сіңірді десем, артық болмас.«Әліпбиді ғалымдар жасасын» дегеннен кейін ғалымдар барын салып, бұл шаруаға білек сыбанып кірісті десем, ол да өтірік емес. Қаншама тал­қы­лаулар өткіздік. Әліпби ісінде екі бағытта жұмыс істедік. Бірінші, таза теория­лық бағытта. Әлемдегі латынды қолданған тәжірибелерді саралап, зерттедік. Өзіміздің де қоржынымыз бос емес, толы. Қазақ тілтанымындағы жазу мәселесін зерттейтін, әлем лингвистикасымен деңгейлес сала – грамматология саласы, жазу теориясы немесе жазу кодификациясы дейді. Осы мәселеде кенжелеп қалып отырған жоқпыз. Керісінше, түркітілдес елдер ішінде мектебіміз бар екенін мақтанып айта аламын. Оның басында Ахмет Байтұрсынұлы тұрса, бертінде тілтанымды лайықты түрде дамытқан Рәбиға Сыздықова бар. Осы күні кирилл әліпбиімен жазып-сызуда қазақ жастары, ересектері қате жібермейді. Оны мен арнайы гранттық жоба аясында зерттегенмін. Жастардың фонологиялық ойлау деңгейі деген жоба. Абай атындағы Қазақ педагогикалық ұлттық университетінің 450 студентінен диктант алдық. Қазақ тілінде жазылған диктанттың сауаттылығы орыс тілінде алынған диктанттан әлдеқайда жоғары болып шықты. Ол ненің көрінісі? Ол Рәбиға апайларымыз қалыптастырып кеткен қазақ жазу теориясының, қазақ жазу кодификациясының (әріптерді таңбалау, емле ережелері, орфографиялық сөздікке сүйеніп жазу) дұрыс қалыптасқаны дер едім. Иә, бірлі-жарым мәселе бар да шығар. Хош, Президентіміз тапсырғаннан кейін, халқымыз күтіп отырған соң, өзіміз 1991 жылдан бері бастамашы болып келе жатқандықтан, бұл істі үлкен жауапкершілікпен атқарып шықтық. Алайда жазудың екінші жағы бар. Ол – жазудың практикалық жағы. Математика, химия, физика ғылымын мысалға алайық. Бұл салаларда ойлап табылған ғылыми өнім жұртшылықтың талқысына түсе алмайды да, талқыланбайды да. Ал жазу жалпақ жұртшылықтың талқысына түсуі де, талқылануы да керек. Әліпби мен емле ғылыми ойдың өнімі бола тұра, ол халықтың игілігіне жұмсалатын құрал. Профессор Құралай Күдеринова әліпбиді «жазу индустриясының өнімі» дейді. Сондықтан әліпби қолына қалам ұстаған бес жасар баладан бастап, зейнетке шыққан қарияға дейінгі тұтас халықтың ортақ құралы. Сондықтан халық ол әліпбиді қабылдауы, түсінуі, жазып-сызудың ыңғайлы екенін мойындауы керек. Бәлкім, сіз жасаған дүние теориялық тұрғыдан әбден икемді, дұрыс болып көрінер, ал қолданыста ол жарамай қалуы да мүмкін. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бізде әліпбиге әркімнің де таласы бар болып отырғаны да осы себепті болса керек. Осындай жағдайда біз не істедік? Барлық ұсыныстарға жауап беруге тырыстық. Қазақ қоғамы өз тілінің, ұлтының тағдырына бейжай қарамайтынын ұғып, қуандық. Сол үшін әрбір ұсынысқа жауап беруге ұмтылдық. Бесінші сыныптың оқушысынан бастап тоқсанға келген қарияларымызға дейін өз жобаларын тоқтамай ұсынды. Әлі күнге дейін ұсынып жатыр. Солардың барлығына сараптама жасап, ғалымдарымыз жауап беріп отыр. Ол кісілер бізге хатпен жазса – хатпен, БАҚ арқылы шықса – БАҚ арқылы, әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, сонда келіп түскен сұрақтарға да шама-шарқымызша жауап беріп отырмыз,  – дейді Анар Фазылжан.

Несін жасырамыз, кириллицаға үйреніп қалыппыз. Ажырағымыз келмейтіндей. Бірақ осы әріптің кезінде ұлтымызға күшпен таңылғанын көбіміз білмейтін секілдіміз. Әріпті латынға ауыстыруды өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазір технологияның, коммуникацияның дамыған кезі. Әлемде ағылшын тілінің мерейі үстем... «Дүние жүзіндегі барынша дамыған 30 елдің қатарына қосылуымыз керек» деген мақсатымыз бар.  Осы үрдістердің барлығы жазуға да реформа қажеттігін міндеттейді.Бұл істі ешкім бізге зорлықпен таңып отырған жоқ. Бастама көтеріп отырған өзіміз. Осының өзі өз билігіміздің тізгіні өзімізде екендігінің, қандай мәселені де өзіміз шеше алатынымыздың жарқын көрінісі.

Гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықтың әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударылуы өте құптарлық. Өзіміздің де еш халықтан кемдігіміз жоқ. Ал өзгенің жақсысын бойымызға сіңірсек ұпайымызды жоғалта қоймаймыз. Қайта білгеніміз көбейіп, білім-іліміміз одан сайын толыға түседі. Бұл жаман болып па? Әрине, жоқ. Онсыз да «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» дегенді құлағымызға құйып өскен ұрпақ емес пе едік?!

«Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламалардың қолға алынуы жаныңды жадырататын, алдағы нұрлы күндерге жетелегендей. Себебі түсінікті. Отанға, елге деген құрмет – кіндік қаның тамған жерді, қасиеті бөлек жерлерді құрметтеуден басталады. «Туған жерді сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елді» деп әндететініміз де содан. Өскелең ұрпағымыз «Туған жерді, тарихи жерлерімізді қастерлей білейік» деп тұрса, бұған неге қуанбасқа, игі бастаманы неге қолдамасқа.

Туған жер – қасиетті мекен. Адам ғұмырының өмірі ұмытылмастай есте қалатын кезеңі – балалық шақ осы жерден басталады. Ата-анаңа, бауырларыңа, туған-туысқа деген шынайы сүйіспеншіліктің де бастау алатын қайнары – туған жер. Туған жерін аңсайтын, іздеп тұратын, солай қарай жетуге асығатын жан, ол – жүрегі таза адам.  Мұндай адамдар жаман болуға тиіс емес. Олар сағыныштың, махаббаттың, құрметтің қандай екенін жақсы сезінеді. Осы қасиеттердің барлығы туған жерге деген іңкәр сезім арқасында туындайтыны белгілі. Қазақтың жері тарихи орындардан, ежелгі ескерткіштерден кенде емес. Олар несімен қымбат? Ең алдымен ата-бабамыздың өзі болмаса да, көзіндей. Ұрпақ үшін бабадан артық ардақты кім болатын еді. Адам болып, өмір сүріп жүргеніміз солардың арқасы. Мынау тау мен даланы, көл мен орман-тоғайды аманаттап бізге қалдырған да солар. Демек, біз – бабамызға борыштымыз. Ол борыш бабаның ізі қалған, қол ұшы тиген жерлерді, белгілерді құрметтеу, қасиеттеу арқылы өтелетін болса керек. Ежелгі ескерткіштер дала сырының, ерлік пен қаһармандықтың, тіпті сәулет өнерінің белгісіндей. Талай дәуірді бастан өткеріп, табиғаттың суығы мен ыстығына, дауылы мен боранына төзіп, бүгінге жеткен олардан алар тағлым мол. Ол қандай тағлым дейтін болсақ – ұлт ретінде сенің тамырыңның тереңде жатқаны, батырлық пен ерлік бойға сіңген қасиет екендігі, тәрбиені, салт-дәстүрді ертеден-ақ қалыптастырғаның, намыс пен ар-ожданды алдыңғы қатарға қоятының... Киелі жерлерді қадір тұтудың, бағалаудың, ол жерлерге бас июдің сыры осыдан.

«Ұлы даланың жеті қыры» туралы айтар болсақ, жылқыны қолға үйрету, атқа міну мәдениеті алғаш біздің даладан басталыпты. Олай болса жылқыға қатысты дүниелердің де алғаш Ұлы  далада «кіндігі» кесілетіні әбден заңдылық. Мақалада бұл туралы да айтылады. Әр түрлі материалдан тігілген шалбар, саптама етік, ат әбзелдері – ер-тұрман, үзеңгі, қару түрлері – садақ, қылыш, сауыт біздің жерімізде пайда болған. Тіпті иісі мұрын жарып, тілі дәм үйірер алманың, әсемдік пен әдеміліктің белгісіндей болған қызғалдақтың отаны өз топырағымыз екендігін білгенде шаттанған үстіне шаттана түсесің.

Н.Назарбаев айтқандай, біздің жеріміз материалдық мәдениеттің, көптеген дүниелердің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес. Қазіргі қоғам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған көптеген бұйымдар кезінде біздің өлкемізде ойлап табылған. Ұлы даланы мекен еткен ежелгі адамдар талай техникалық жаңалықтар ойлап тауып, бұрын-соңды қолданылмаған жаңа құралдар жасаған.Бұларды адамзат баласы жер жүзінің әр түкпірінде әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді.Ат үстінде жүрген көшпенділер тақымына басқан сәйгүлігіне неғұрлым еркін мініп жүруі үшін биік ер-тұрман мен үзеңгіні ойлап тапты. Бұл жаңалық салт атты адамның ат үстінде қаққан қазықтай мығым отыруына, сонымен бірге шауып бара жатып, қолындағы қаруын еш қиындықсыз және неғұрлым тиімді қолдануына мүмкіндік берді. Бабаларымыз шапқан аттың үстінен садақ тартуды барынша жетілдірді. Соған байланысты қарудың құрылымы да өзгеріп, күрделі, ыңғайлы әрі қуатты бола түсті. Масағына қауырсын тағылып, металмен ұшталған жебе берен сауытты тесіп өтетін көбебұзарға айналды. Қазақстан аумағында өмір сүрген түркі тайпалары ойлап тапқан тағы бір технологиялық жаңалық – қылыш. Оның оқтай түзу немесе иілген жүзі – ерекше белгісі. Бұл қару ең маңызды әрі кең таралған соғыс құралына айналды. Сарбаз бен оның мінген атын қорғауға арналған сауытты да алғаш рет біздің бабаларымыз жасаған. Еуразия көшпенділерінің айрықша маңызды әскери жаңалығына баланған мұздай темір құрсанған атты әскер осылайша пайда болды. Отты қару пайда болып, жаппай қолданысқа енгенге дейін атты әскердің дамуы біздің дәуірімізге дейінгі І мыңжылдық пен біздің дәуіріміздің І ғасыры арасында көшпенділердің ұзақ уақыт бойы бұрын-соңды болмаған жауынгерлік үстемдік орнатуын қамтамасыз еткен жасақтың ерекше түрі – айбарлы атты әскердің қалыптасуына ықпал етті.

Несін айтасыз, намысты қамшылар, рухты көтерер дүниелер қолға алынып жатыр. Тобықтай сөздің түйіні: «Айналайын, сен қазақ, сен осал емессің, еш ұлттан кемдігің жоқ, сенің бабаларың мықты болған, сондықтан сен де  мықты болуға тиістісің» дегенге келіп тірелетіндей. Бүгінгі таңда дәл осы сөз айтылып жатыр.

Көрермені көп кино өнері туралы да осыны айтуға болар еді. Мысалы, қазіргі замандағы халықтардың тарихи таным-түйсігінде кино өнері ерекше орын алады. Жалпы халықтың санасында фильмдердегі жарқын кинообраздар іргелі ғылыми монографиялардағы деректі портреттерден гөрі маңыздырақ екені сөзсіз. Сондықтан Қазақстанның өркениет тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу  де кезек күттірмейтін мәселе. Аталған жобалар кең халықаралық ынтымақтастық аясында отандық және шетелдік үздік сценаристерді, режиссерлерді, актерлерді, продюсерлерді және заманауи кино өндірісінің басқа да мамандарын тарту арқылы жүзеге асырылса, құба-құп. Атап айтқанда, қызықты әрі мелодрамалық сарындармен қатар, көрермендер үшін танымал фэнтези және шытырман оқиғалы блокбастерлердің элементтерін қоса отырып, жаңа тарихи теле-кино туындылардың жанрларын барынша кеңейте отырып, дамытар болсақ, ұтылмаймыз. Осы мақсатпен Ұлы даланың бай мифологиялық және фольклорлық материалдарын пайдалану жағын неге ескермеске. Ұлт қаһармандарын үлгі тұту үрдісін қалыптастыруға жол ашатын сапалы балалар фильмдері мен мультипликациялық сериалдарды аса қажет ететін өскелең ұрпақтың  талғамы жыл санап артып келеді. Біздің даңқты батырларымыз, ойшылдарымыз бен ел билеушілеріміз – тек Қазақстан ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлем бойынша еліктеуге лайықты тұлғалар екенін мақтанышпен айтамыз.

Қорыта келгенде, көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. Бұл сөз – рух сөзі. Рух сөзі бойымызға тың күш-жігер қосып, сырт көз тамсанар елдік істерге, кемел келешекке жетелей бергей.

Нұрислам ТӨРЕБЕК

133 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз