• Ел мұраты
  • 17 Желтоқсан, 2022

ҚАМЫСЫ ӘУПІЛДЕКТІҢ ИРЕК-ИРЕК

Серікқали ХАСАН,

«Ақиқат» журналының  бөлім редакторы

Шамасы, сондағы сол кітаптарды сұрауға бірден-бір басты бір себепші болып жүрген де әнші Мәрленнің бір өзі ғана болса керек, Ария апай енді: «Ал, енді өзің әрі қарай бәрін түсіндіріп айта қойшы», - дегендей болып, тек бір Мәрленге ғана қарағыштай бере ме, қайдан?! Ал, Мәрлен болса, сонда тіптен-ақ көздері жайнап, өзі де енді тым пысықсына үн қатып:

– Апай, бізге қазақтың халықтық әндері нұсқасының әр жылдардағы жинақтары, сол халықтық әндерге қатысты айтылып жүрген әлдебір аңыз, шежірелер мен арғы-бергідегі сондай әндерді орындаушылардың шеберліктеріне қатысты сыр шертетін кітаптар мен кітапшалардың бәрі де қажет-ақ Біз соңыра солардың бәрін де қарап, тек соның ішіндегі ең бір өзімізге қажеттісін ғана таңдап алар едік, - дей берді.

Хе-хе, аңыз, ертегі, не әлдебір шытырман оқиғалы кітаптар мен қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің хорестоматиялары болса да, бір сәрі-ау, ал, халықтық әндердің жинақтары және оларды халық алдында орындаудағы өнер иелерінің өздеріне тән әншілік шеберліктері, тағысын-тағы сол атақты әншілердің жеке өздері туралы жазылған кітаптар болса еді дейді. Ха-ха, оқымысты, профессор! Оның сондағы бұл айтып жатқандарын сол кітапханада қаншама жылдардан бері жұмыс жасайтын егде жастардағы кітапханашы апайдың өзі де қапелімде жөндеп түсіне алмай, сәлд ыңғайсызданғандай болып:

– Тәйірі-ай, балақан, сен өзі қалай-қалай дейсің?!.. Ондай кітаптар осы бізде бар ма екен, өзі?! – деп күмілжіді.

Мәрлен болса:

– Апай, кешірерсіз, мен бірде алдағы емтиханға даярланып жүргенде, халықтық әндер жинағын тап осы сіздің кітапханаңыздың әлдебір сөресінен көріп едім, тек, әттең, әзірге соны мен кезінде осындағы қай тұстан көргендігімді қапелімде өзімнің есіме түсіре амай тұрғаныды-ай?! – деп тақылдауын әлі де бір қоя алар емес.

Кітапханашы апай тек сол кезде ғана барып, өзі де бір нәрселерді, жоқ, әлде кезінде осындағы өзінің кітапханасын ішін әрі-бері ретке келтіріп жүргенінде, дәл сондай болмағанмен, соған ұқсас бір кітаптарға өзінің де тап болғандығын есіне түсіргендей болды ма, қайдан, кенет әлгі жерде оқыс ойланып қалғандай кейіп танытты да, сосын жалма-жан:

– Ә, тоқтай тұршы... қазір... қазір, балақан... – деп, ал, өзі түптегі әлдебір кітап сөрелерінің ең шеткі жағындағы кітаптардың арасына дейін барып, сондағы әлдебір тозығы жеткен көне кітаптарды асығыстау ақтара бастап, сәлден соң, әрі қарай тағы асығыс жылжыңқырап, бір уақта әрі қарай енді біржола жоғалып кетті де, жоқ-ау, сол екі ортада әлдеқайдан бір құшақ әртүрлі мұқабалы үлкенді-кішілі кітаптарды әкеліп, ақборпық шаңын столдың үстіне бұрқ еткізе қойып:

– Ал, енді осылардың арасынан өздеріңе керегін таңдап аларсыңдар! Ән-әуен, халық композиторлары мен әншілерге қатысты бұнда өзге ештеңе де қалған жоқ! – деп, өзі әлдебір шаруаларымен әрі қарай тағы асығыс кетіп қалды.

– Аһ!.. – деді бұл сонда анадай жерден іштей оқыс бұрқ ете қалып.

Әлгіден бері бұның өзі де анық көріп тұр, кітапханашы апайдың әзірге бұған көңіл бөліп, не сол тұрғанда, өзіне нендей кітаптар керек екендігін сұрауға тіпті де шамасы келер емес!

Іште бұл кезде бұлардан басқа артық-ауыс ешкім де жоқ еді, сондықтан, бұл енді өзінің әлгінде бұнда осыншама алқынып-жұлқынып, асығып келгендегі шаруасын еш бітірмей, қайтадан тез тысқа қарай шығып кетудің тағы еш ретін таппай, іштей біртүрлі қиналып қалды.

Сол екі ортада Мәрленнің жаңағы шетінен түрлі-түсті, бірқатарының сыртында тағы да түрлі-түсті бояулармен айқыш-ұйқыш етіліп жазылған ноталарына дейін менмұндалаған кітаптарды әлгіден бері өзімен бірге асығыстау ақтарысып, бірге қарасып тұрған Ария апайға:

– Апай, ең бастысы, бұнда бірқатар халықтық әндердің жинақтары бар екен... Бұлардың бірқатары, әрине, кезінде қолға ұстай-ұстай жыртылған, ал, кейбірінің беттері мүлдем жоқ... Ноталары да әндерді жаттаудың кезінде әбден аяусыз айғыздалған... Түсінікті, шамасы соған қарағанда, бұл кітаптар бұрын да талай мәрте қолға көп ұсталып, өз кезінде талайлардың оның беттеріне осыншама шұқшия үңілгендіктері, жоқ-ау, тіпті, сол тұста солардың өздерінің осындағы көп әндерді жаттап, сахнаға шығарғылары келгендіктеріне дейін де байқалып-ақ тұр... – дей келіп, Ария апайға жақындай түсіп, одан әрі тағы тақылдап: - Кезінде солардың өздері де көп жұмыстанған екен, бірақ, байқаймын, апай, бұндағы кейбір әндер бертіндегі елге мәлім атақты концерттерде, не радиоларда да тап онша көп орындалмаған, ол енді факт, міне, қараңызшы, апай, әрі осындағы қаншама ән текстері, олардың ноталық әуендеріне дейін маған қазірдің өзінде-ақ тіптен-ақ та қатты ұнап тұр... Алақай, іздегеніміз табылды, апай, мен енді осы кітаптардың бәрін де алайыншы... Үйде тағы өздеріне біраз үңіле қарап, кейбірін, бәлкім, соңыра өзімше айтып, үйреніп көрейін!.. – дегендіктеріне дейін де естіп қалды.

Жоқ, тек сол ғана ма?! Бәрі де осы кітапхана, кітап дегеннен ғана шығып жатыр емес пе?! Арада енді тағы апта өтпей жатып, Арғымақов бірде өзінің кластас-достарымен бірге, орталықтағы қос қабатты кеңсе үйінің қарсысындағы ауыл кітапханасына барып, сол жерден әлем ертегілерінің жинақтарын алмақ болған кезде, өзінің қасында мектеп көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүрген бірқатар әнші ұл-қыздар және үстіне ақшыл түсті, қысқа жеңді көлек киген Ария апай бар, Мәрлен тағы да сол кітапхананың өнер бөліміндегі тағы талай кітаптардың шаңдарын бұрқыратып, әлгіден бері соларды осыншама әрі-бері ақтарысып, ара-арасында қасындағылармен өзара асығыс-үсігіс шүлдірлесіп жатқандығын да көріп қалды. Тек сол кезде ғана, бұл олардың алдағы жаңа бір концертке мұқият және жан-жақты даярланып жүргендіктерін де түсіне қалды. «Аһ, солай де, тек әнші Мәрлен алдағы жаңа бір концертте өзінің бұл ауылдағы тыңдаушыларын өз әншілік талантымен тағы да қатты таң қалдырып, әбден-ақ мәз еткісі келіп жүр екен ғой! Опыр-ай, оның бұрынғы атақты әні елге танымал «Әупілдек» қана еді ғой, ал, енді ол тағы қандай жаңа әнді меңгергелі жүр?!» - дегендей бір оқыс ойы да жылтың ете қалып, соның артынша тағы іштей: «Хе-хе, бұрынғы бұрынғы ма, жоқ, енді біздің әнші Мәрленнің әдетте халықтық әндерді ерекше құлпыртып айтатындығынан бүгінде бүтіндей ауыл тұрғындары да әбден-ақ хабардар болып үлгергендіктен, соңыра оның мына жаңа концерттегі жаңа бір әндерін тыңдауға ауылдың барша атақты адамдары мен үлкендеріне дейін шақырылып, ендігі жерде Мәрленнің атағы үсті-үстіне тағы тіптен де аспандатылғалы жүр екен ғой!» - деп, сол алдағы жаңа концертке деген өзінің әлдебір қызығушылығы да арта қалмасы бар ма?!

Ауыл клубы, соңыра онда өздеріне орын жетпесе, сол үлкен залдың қай тұсына барып, сондағы әбден тозығы жеткен тақтай еденнің үстіне қалайша тізерлеп отыра қалып, сол күнгі концертті қалайша еш алаңсыз көруге болатындығына дейін де есіне түсіргендей еді-ау; бірақ, соның артынша тағы әрі-бері ойланып қараса, бұл кезде оқу жылы да әбден аяқталып қалған болатын, сондықтан, бұл алда мектепте жаңа бір тәуір концерт қоюдың ешқандай да ретін көре алмады. Олай болса, бұған енді бұнда одан әрі босқа әуреленіп не керегі бар?! Шынында да, соның артынша-ақ бұл әлгі бір жаңа концерт деген ұғым, не Мәрленнің соңғы кездері кітапханаларға жиі барғыштап, әр жолы да өзі Ария апайдың қасынан бір елі де қалмай, тым қатты жүгіргіштеп жүргендігінің бәр-бәрін тіптен өзінің есінен де шығарып алмады ма?! Алайда, сол жылғы күзде ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай, мектеп клубында қойылған мектеп өнерпаздарының ұжымдық концертінде, әрі десе, сондағы алғашқы бір-ер нөмір, онда да ұстаздарға арналған Мұқағали, Фариза, Жұмекен, Тұманбай, Қадыр сынды атақты ақындардың талайғы жақұттай-ақ жарқыраған жыр жолдары мәнерлеп оқылғаннан кейін, оныншыда оқитын ақ бантикті жүргізуші бойжеткен келесі әнді орындайтын Мәрленнің есімін ауызға алғанда, аһ, бұл сабазың сонда оны: «Бұл өзі шын сол әнші Мәрлен бе, жоқ, әлде басқа біреуі ме?» - деп, өзі артқы жақтағы орындықтардың бірінде отырғандығына қарамастан, алға қарай тағы біршама еміне түсіп, сахна төріне қайта-қайта шұқшиып, қарағыштай да берген еді ғой. Жоқ, сөйткенше болмай, бұның жанында отырған балалардың бірі өзін иығымен сәл түрткіштеп:

– Әне, қарашы!.. Мынау тоғызыншы «Б»-дағы Мәрлен ғой!.. Оны жуықта ғана аудандағы көркемөнерпаздар байқауына қатысуға кетті деп еді. Ие, ол енді мына концертке де үлгеріп келген болды-ау, тегі?! – дей қалды.

– Байқауға?

– Иә, ол сол жолғы сынақта өзінің атақты «Әупілдек» әнімен топ жарып, сондағы бас жүлдені жеңіп алыпты дегенді де естіп үлгергенбіз. Кәне, тыныш-тыныш!..

Сол екі ортада концертті жүргізуші Мәрленнің көптен бері өзінің атын шығарып жүрген атақты «Әупілдек» және «Гауһар тас» әндерін орындайтындығын хабарлап болғасын, оның таяуда ғана аудандық оқушылар үйінде өткен өнер байқауында аталмыш әндерімен сондағы өз бәсекелестері арасынан суырылып алға шығып, сондағы нота бейнелі бас жүлдені олжалап, бұл жетістігімен өзі оқитын мектептің мәртебесін тағы біраз биіктете түскендігін тілге тиек етуі-ақ мұң екен, Мәрленнің өзі сондағы сахна төріне әлі шығып үлгермей жатып-ақ зал толы көрермендердің арасынан:

–   Мәрлен, Мәрлен!..

– Әлақай, Мәрлен!.. – деп (онда да, көбісі оқушылар еді), бүтіндей залды у-шуға бөлеп, біреулері өздерінің аяқтарымен еденді үсті-үстіне тасырлатып, ендігі біреулері артқы жақтан желпілдетіп, «ыш-ыш-ш» деп,  ысқырып та үлгерді.

Бұл Мәрленнің анада кітапханалардан шықпай, әр жолы да Ария апайдың қасынан тыбылып жүргендігінің сырын да енді ғана ұққандай болды, демек, Мәрлен кешегі күндері ауданда да жүлделі орын алып, өнердегі қанатын тіптен-ақ қатайта түскен болды ғой!

– Мәрлен, Мәрлен!..

Мәрлен бұл жолы да сахнаға кестелі бүрмелі, қошқар мүйізді ою-өрнектері бар қазақы кәстөм киіпті, бірақ, биыл өзінің баршама бойы өсіп, денесі толысып, иықты да бола түскен соң, оның үстіндегі ұлттық киімін үйірме жетекшілері Мәрленнің үстіне қонымды, әрі лайықты етіп, арнайы  қайта тіктірсе керек. Мәрлен өзін сахнада ұстауға және алдағы өзі шырқайтын әннің табиғаты мен әуен-ырғағына сәйкес, өзін жоғары тым көңіл күйде ұстауды да шебер меңгеріпті.

Кеше ғана аудан орталығында болып, сондағы жер-жерден жиналған өзі сынды талайғы талантты ұл-қыздардың арасында әуезді әні, күміс көмейден сыңғырлап шыққан әсем үні, өзіне дейінгі талайғы әншілер орындап, әрқайсысы өз кездерінде хал-қадерлерінше нұрландырып, кәдімгідей бір сәулелі шақтарына дейін жеткізген әнді орындаудағы шеберлік сырларымен үздік деп танылып, маңдайы тіптен-ақ жарқырап келген соң, ол сол күні де сахнаға жайраңдап, бірден жүгіре басып шықты; бір тек сол сахнадағы жас талантты әнші Мәрленді көргендері үшін ғана қуанып, әрі жағалай тегіс қол шапалақтап, өздерінше осыншама мәз болысып жатқандардың қарасынан қапелімде көз сүрінгендей де еді. Байқайды, бұл жолы күміс пернелі баянда сүйемелдеуші Сұңғат ағай да Мәрленнің орындайтын әнінің табиғатына сәйкес, үстіне ұлттық өрнектермен әспеттелген қысқа жеңді кеудеше мен шалбар киіп, басына тымақ тәрізді, төбесінде желпілдеген әшекейі бар жұқалтаң келген бас киім киіпті. Бірақ, өзі әлсін-әлсін Мәрленге қарағыштап: «Ал, кеттік!.. Ал, бастайық!..» - дегенді де аңғартып қойып, бірден баянның ән әуенімен үндес үнін аңылдатып-ақ қоя берді.

Мәрлен әлі де өзінің бабында екен. Ол бұл жолы да шарықтатып, әуелі «Әупілдекті», содан кейін, бұларға мүлдем бейтаныс «Қоғалы» әнін қалықтатып ала жөнелді.

–Бозбеткейлі-ай, ендеше,

бозбеткейлі-ай, ахау,

Бозбеткейден, ендеше, мал кетпейді-ай, – дей келіп, дауысын одан әрі де үдетіп, тіптен-ақ шарықтата түсіп:

– Қоғалы-ай,

Қоңыр салқын соғады-ай, - дегендегі асқақ ән сені де қаралай қиялға шомдырып, арман қанатына қондырғандай-ақ еді-ау! Аһ, аһ, Мәрлен сол кездің бәрінде де өз туған ауылы, өз туған өлкесінің табиғаты, сондағы өзіне таныс өзен-көлдер, қырқа-белестері, өрісі от жайылымдары мен жайлауларын елестетіп, өзінше бір биік армандарға қарай құлаш сермеп, тағы да шексіз қиялға берілді. Ол одан басқа жер жәннатын білмейтін де еді! Бұл әнші Мәрленді содан кейін де әр кездері мектеп дәліздерінде, не ауладағы саялы бақтың арасында, кейде көшеде кетіп бара жатып та, тым жақын жерден әлденеше рет көрген болатын. Сондайда ылғи да оны сонадайдан өзінің көзі шалысымен-ақ бірден оқыс елең етіп, қашан ол өзінің қасындағы қатар-құрбыларымен бірге өзінің жанынан өтіп кеткенге дейін де одан бір көз айыра алмай:

– Мәрлен сол кетіп бара жатқан ұл-қыздардың қайсысымен қалайша сөйлесіп, өзін тағы қалайша еркін ұстайды екен? – деп, қалай да бір ретін тауып, оның өзіне сонадайдан ұзақ таңырқай қарап тұрған кездері тағы көп. Жоқ, Мәрлен соның бәрінде де өте қарапайым, өзін үнемі өзінің қасындағы өзге қатар-құрбыларымен бірдей көріп, бірдей әзілдесіп, бірдей қалжыңдасып, тағысын-тағы бірдей сыңғырлаған күміс күлкінің шуағына да көміліп бара жататын.

Бұл кезде әнші Мәрленнің есімі бүтіндей ауыл-аймаққа дейін мәлім болып, ауылдағы еңбектеген баладан еңкейген кәрілерге дейін де Мәрлен десе-ақ болды, солардың бәрі де бірден оқыс елең ете қалмайтын ба еді?! Иә, осындай кезде Мәрленнің есімі тек сахна, ән, аккардеон, баян, өзге де әдетте ол халықтық әндерді шырқатып тұрғанда, оны сүйемелдейтін музыкалық аспаптармен ғана бірдей аталатын еді ғой, ал, бірде бұл кешкілік Көпқұдықтан бидонмен су әкеле жатып, бір тұстан әлгінде ғана өрістен қайтқан ауылдың қойларын айдап:

– Әйт, әйт!.. – деп, қолындағы кішкене таяғын жоғары сермеп, әлдебір қатардағы өзге қойлардан алшақтап, далаға жайылып бара жатқан арық тұсақтарға дауыстай жөнелген, әрі жүріс-тұрыс, қимыл-қозғалысы мен дауысына дейін өзіне таныс Мәрленді тағы көріп қалды.

Басында күнқағары бар жаңа қоңыр кепка, үстінде жеңі жоқ ақшыл көйлек, бұтында балағы түрілген жұқа қара шалбары бар, бір иығына ішіне оны-мұны, ішім-жемдерін салып, ендігі ортайыңқырап қалған ала дорбасын асыныпты. «Мәрлен?!» Демек, бұл күні ауылдың күнгей жақ беткейіндегі көшелердегі тұрғындардың (олардың арасында бұлардың үйі де бар еді) қойларын  өріске шығарып, қашан қоңыр кешке дейін бағудың кезегі Мәрлендерге тап келген болды ғой?! Қой бағудың кезегі, ха-ха, ол саған тіптен де оңайлықпен берілетін шаруа емес қой! Соның алдында ғана бір рет өзінің ағасының қасына ілесіп, қой бағудың кезегі өздеріне келгенде, отарды айдап, өріске онымен бірге бұның да барғандығы бар еді. Онда да, бұған: «Сен қой бағуға ағаңмен бірге бар!..» - деген ешкім болмаған.

Ағасы өріске көпке ортақ қойды жайып, алысқа ұзайтындығы, сонау дарияның жағалауына, одан әрі көлдің етегіне дейін баратындығын естіп, сол күнгі кешкі дастархан басында отырғанда:

– Ертең қой бағуға мен де барайыншы?! – деп, осыншама байбалам салып, сол күні өз ағасы бұны өзінің қасына ертіп, ал, ата-анасының өзін сол күні қой бағуға ағасымен бірге баруына келісімдерін бермеуге қоймастарына мәжбүр еткен де бұның өзі еді-ау.

– Ие, жарайды, торсыққа шалапты көбірек құйып беріңдер! Соңыра бұл қой қайырысуға көмектесер! Өзі де көгалды дала, өрісі от жайылымда біраз жүгірісіп, серуендеп қайтсын! Кейінірек тағы бір кезегі келгенде, сол қойды бағуға бұның өзі де шықпай ма?! Үйрене берсін! – деп, ағасы сонда бұның әлгіндей тілегіне тіптен де қарсылық білдірмеген соң, «бұл  бақытты» сол күні бұның өз басынан қалайша кешкендігін көрсең ғой!.. Ең алғашқы сәтсіздік, мәселен, сол күнгі таңсәріде ұйқысы қаныңқырамай, тіптен көздерін де аша алмай, қаралай ыңыранып, өзінің жылы төсегінен әрең тұрып, әрі осыншама қиналып жүріп, еріншектеніп киіне бастамады ма?! Әлгінде ғана жұмсақ жастығынан басын көтере алмай: «Кішкене жата тұрайыншы!.. Сәл кешірек шығайықшы?!» – деуге тағы ұяты жібермей, «бұл бәлеге» өзінің әу баста қалай ғана ұрынғандығын біле алмай, ақыры сол күні өзінің ағасының соңынан ілби басып, далаға шыққандығы ше?! Бұл кезде таң жаңа ғана сібірлей атып келе жатқандықтан, далада әлі қоңыр салқын леп бар еді.

Мезгіл жаз кезі болғанмен, дала ызғарлы, денеңді біртүрлі тоңазыта түскендей-тін. Бұлар шарбақтағы өздерінің жеті-сегіз қойларын ауладан шығарып, ауыл сыртына жиналып жатқан өзге қойларға апарып қосты да, бір сүт пісірімдей уақыт бойына өзге тұрғындардың қойлары түгел жинақталып болуын тосып, былайғы кездерде бұзаулар жайылатын көгалды далада тағы біраз кідіре тұрды, сосын күн көзі ұясынан енді ғана арайланып шығып келе жатқан шақта, бір отарлы қойдың соңынан еріп, ағасы екеуі шалғайдағы сонау өрісті бағытқа алды.

Әу баста өзіне ерекше бір қызық болып көрінген қой бағудың азабын бұл, әрине, сонда көрді ғой. Қойлар бір жерге тұрақтамайды, үнемі жайыла жайылып, не олай, не бұлай қарай ығып, кете береді. Бұлар үнемі сол қойдың соңынан еріп, талайғы бел-белес, сай-саладан асып, сондағы өзен, көлдердің етектеріне жеткенде де, ол жерде қойлары тағы бір орынға тұрақтамай, өздерін әрі қарай тағы біраз салпаңдатқандығын енді қайдан ұмытсын?! Бұндайда қойлар бытырап, өздерінше емін-еркін жайыла берсін, соңыра кеш түсіп, үйге қайтарда, өздерін бері қарай бір-ақ қайырармыз деуге тағы болмайды! Қойлар сөйтіп, әп сәтте-ақ сай тасындай-ақ болып, шашырап жүргенде, әлдебір сай-сала, сонадайдан қарауытқан үңгір, жыралардың бөктерлерінде отардан адасып, тіптен шығандап, мүлдем жоғалып кетуі де ғажап емес-ті! Сондықтан, бұлар сол күні қашан күннің көзі баяулап, қоңыр кеш түсе, ауылды бағытқа алғанша да, аяқтарына бір тыным, тыныштық деген болмай, әрі ыстық далада күнұзағына әрі-бері шыпқылап, әбден-ақ сілелері құри жаздамады ма?! Жоқ-ау, ең бастысы, бұндай кезде әлгі тәңертең үйден алып шыққан тамақтары мен шалаптары да мүлдем сарқылып, енді қайтадан өздерінің қарындары ашып, тіптен шөл қысып, еріндері тағы қаралай кеберсіп, іштері осыншама шұрқырағандығы былай тұрсын, қаралай өздерінің бастары мең-зең болып, одан әрі тағы ұзақ жол жүріп, «апыр-ай, ауылдың қарасы көрінгенше, әлдебір шөп-шөңге, жыңғыл жықпылдарына сүрініп, жығылып құламасақ, жарар еді?!» деп, қам жегенде, көздерінен тіптен ыстық жас та атқылап шығып кете жаздамайтын ба еді?! Жоқ, тек сол ғана ма?!

Түз далада қой жайып жүргенде, сені бұндайда қаралай қорқыныш сезімі билеп, жолай әлдебір сай-ала, бел-белес, жыра, өзен аңғары, не әлдебір үңгірлер мен жалпиған індерден түз тағылары шыға келіп, не әлдебір улы жыландар мен кесірткелер оқыстан тап беріп, шағып ала ма дегендей қауіп те қатар өршіп, сені тағы ағыл-тегіл азапқа салатын. Жоқ-ау, бұл сол кезде өзінің ағасының қасында жүріп те, сондай азаптарды өз басынан кешсе, ал, мына Мәрлен сол күні ауылдың бүтіндей бір отар қойын өрістетіп, ауылдан ұзатып бағуға бір өзі ғана шығып отыр емес пе?!

Жоқ, бәлкім, ол бұл жолы қойдың кезегіне бірінші рет емес, бұған дейін де талай рет барған шығар-ау?! Бірақ, ол енді неге жалғыз?! Неге оның қасына өзінің ағалары мен інілерінің бірі ілесіп шықпаған?! Жо-жоқ, бұл жерде Мәрлен өзі де жалғыздықты, тек осылайша қой соңында кең далада оңаша жүргенді қалағандығын да еш жоққа шығаруға болмас! Жастайынан-ақ халықтық әндерді шырқап, өзінің әншілік талантын қалың көпке әр қырынан тынытып, бүтіндей ауылдың мақтанышына айналған Мәрлен сол халықтық әндердің адам өмірінің ең бір сәулелі шақтары мен ең бір телегей теңіз сезім, терең толғаныстармен ажарланған кезеңдерін арқау етсе де, үнемі тек бір осынау туған жер, туған өлке, қазақтың қаншама кең-байтақ өлкесіндегі небір таулы, көлді, өзендер мен жайылымдарға толы, аң-құстары және шоршыған балықтары мол аймақтарымен өте-өте тығыз байланысты болып келетіндігіне дейін ерекше мән берген болды-ау!.. Кім білген, бәлкім, оның сол халықтың арғы дәуірлердегі сан ғасырлық өмірі, не кезең-кезеңімен келген талайғы ұрпақтарының тұрмыс-тіршілік, қам-қарекеттері, өмірге деген ерекше бір құштарлықтары, тағысын-тағы ғашықтық, махаббат, адалдық, достық, шат-шадыман көңіл күй, мәрттіктерімен-ақ нұрланып, қапелімде қарапайым сөзбен еш айтып жеткізгісіздей ағыл-тегіл әсер-қуанышқа ұласқан әндеріне деген ең алғашқы бір ынтық көңіл, ерекше бір қызығушылығы да өзінің осынау туған жерінің сұлулыққа толы көрік-келбеті мен жаныңды қаралай сазға бөлеп, әлдебір аңсарлы әсер-сезім, әуен-ырғақтардың жетегіне ергізіп, өзгеше бір арман-қиялдарға қарай жетелей жөнелетін құдірет-күшін өзінің бар жандүниесімен сезінгендіктен де, солайша болып қалыптасып, дәл солайша өрістей қалмасына кім кепіл?! Демек, сөз жоқ, бұлар баяғыдан бері өзіне осыншама таң қалып, әлі күнге дейін өз бойындағы әншілік дарын-қабілетінің табиғаты мен ішкі жұмбақ әлеміне терең бойлай алмай, ылғи да тек бірыңғай таңдай қаға таңырқасып келе жатқан Мәрленнің өзіне ең алғашқы музыка әліппесін үйретіп, оңашада өзін ән шырқап көруге тәрбиелеп, одан әрі де өзін әншілік өнердің терең қайнарларына қарай бойлай түсуіне баулыған ең алғашқы музыкалық ұстазы, ең алғашқы бір өзін үнсіз мұқият тыңдап, үнсіз қолдап-қолпаштаған көрермен-тыңдаушылары, ең алғашқы бір кең де, сән-салтанатқа толы концерт залы мен биік сахнасы да өзінің осынау туған ауылының іргесіндегі үнемі ауылдың қойлары, өрістегі өзге де сиырлары, бірен-саран төбе көрсететін жылқылар мен түйелер жайылып жүретін кең даласы ғана болған болды ғой! Мінеки, күні осы уақытқа дейін бұларға мүлдем белгісіз болып, үнемі өздерін әнші Мәрленге таң қалдырып, тағы талай ауыздарының суын құрытумен ғана келе жатқан көп құпиялардың сыры қайда жатыр десеңші?!

Бұл сол күні Мәрленнің далаға қой бағуға баратындығы және өзінің сол кезде дарияның етегіндегі шалғынды кең қолтықта жалғыз болатындығын білмей, көп жәйттерді мүлдем өткізіп алғандығына да қатты өкінбеді ме?! Эһ, бұл соны сәл ертерек біліп, соңынан бұқпантайлап           барып, ол оңашада қой жайып жүрген кең даладағы әлдебір жыңғыл жықпылдарының арасында тағы бұқпантайлап отырып, оның әлгіндей оңашада қалайша қиялданып, құлашын тіптен кеңге сермеп, әншілік дарын-қабілетімен бірден көкке шалқытып, жаңа бір бұрын ешқашан орындалмай, әбден ұмытыла жаздаған халықтық ән-әуендерді шарықтатқандығын тым жақын жерден бір көріп, тым құрыса, оның бойындағы әншілік өнердегі жарқыраған таланттың қалайша томағасын сырып, тым-тым биіктерге қарай қалайша еркін самғай жөнелетіндігінің сырын да біршама ұққандай болар ма еді?! Аһ, бұның бәрі дәл солай болғанда, артынша бұның әнші Мәрленнің бойындағы әлгіндей жарқыраған талантына дәл өзіндей-ақ таңырқап, үнемі оған біртүрлі жасқана қарап, жоқ, онда да, көп ретте  онымен әдетте көшеде, мектеп ауласында, не дәліздерде де емес, тек бірыңғай мектеп акт залының биік мінберінде әлдебір өздеріне сырын алдырмас сиқырға ұқсап, ән шырқап тұрған кезінде кездестіруге құмаратып жүрген өзге ұл-қыздарға да айтары аз болмас еді ғой!

Тек сол кез ғана емес, бертінде ер жетіп, бұның өзі де өнер әлеміне терең бойлап, ән өнерін, соның ішінде, әсіресе, халықтық әндердің сахнадағы өмірін жан-жақты құлпыртып, гүлдендіре түскен өнер шеберлерінің талайының талант қырларын әр қырынан ашып көрсетуге бой алдырған шақтарында да, Мәрленнің әншілік таланты тым ерте бүр жарып, ел-жұртқа да тым ерте танылып, әлден-ақ ауыл арасында «тума талант», «өнер жұлдызы» атандырған құдірет те сол туған жер, өскен ортаның қадір-қасиетінде екендігін таңғы анық түсінбеді ме?! Ал, сол жолы, сол жолы... өзгелері және бұның өзі де тек үнемі сахнада, тек сондағы қалың көптің алдында үнемі шарықтатып ән шырқап, бір-ақ сәтте өзінің бар жандүниесімен бірден өзгеше бір әлемге еніп, одан әрі өзі де мүлдем жұмбақ жанға айнала бастаған қалпында ғана көріп, ал, ол былайғы кездерде өздерінің естеріне түссе-ақ, не оның есімі шырай топтың алдында ауызға алынса-ақ болды, оны бұлар әрдайым өз қиялдарында тек бірыңғай алақандарына ғана салып, аялауға ғана үйренісіп қалғандықтан, бұл қашан да сол әнші Мәрленді әдетте тек ән шырқап, өзі де ән болып қалықтап, ән болып ғұмыр кешу үшін ғана жаратылған ғажайып жан еді-ау деп, оны одан басқа қалпында көріп, не оны өздерінің көз алдарыңа басқаша елестету еш мүмкін еместей-ақ көріп жүрсе, ал, ол бір кездегі бұның өзі және ауылдың өзге де кезегі келіп, қой бағуға шыққан ересектері мен қатардағы көп ұл-қыздарындай-ақ болып, күнұзақты өрісте қой жайып, үнемі «әйт», «шәйт» деп, қой қайырып, әрі жалғыздан-жалғыз осыншама арып-ашып, ауылға сол күні тым кештетіп, шаққа дегенде жеткендігіне көндіге және соны қапелімде жөндеп түсіне алмағандай болып, осыншама ағыл-тегіл толғанысқа берілгендігін қайтерсің?!                                             

Жо-жоқ, бұл сонда өзінің су толы бидонын сүйреткен арбасының тәртесін бірден жерге қоя салып:

– Бұл сен бе едің, Мәрлен?! – деп, жалма-жаны оның қасына дейін жетіп барып, оған сол жағынан қой қайырысуға жәрдемдесіп, не бір сәт өзінің көңілінен шығып, әрі қарай да сөйлесіп, жұғыса кетудің орнына, өзінің сондағы көнелеу арбасын әлдебір тұстағы шоқалақты жермен одан әрі де дүрсілдете сүйретіп, қашан енді ауылға дейін жетіп, сондағы көшеге кіреберістегі құм-таудың етегінде асыр салып, әлгіден бері осыншама шуласып, ойнап жүрген балаларға:

– Эй, балалар!.. Әй-и!.. Әй-и, әне, қараңдаршы!.. Әне, анау біздің атақты әншіміз Мәрлен ғой!.. Бүгін өздерінің қой бағатын кезегі келген-ау, шамасы?! Мәрлен өрістен қой айдап келе жатыр!.. Мәрлен, Мәрлен!.. – деп дауыстай жөнелгендігіне тағы не дерсің?!

Аһ, сондағы ең бір өкініштісі, әлгі осыншама шуласа ойнап, ұлы дүрмекке бой алдырып, өздерін әлдебір замандардағы осы ауылдан, не осы өңірден шығып, есімдері аңызға айналған әлдебір атақты батырлар, таусоғар палуандар сынды сезініп, небір қуанышты сәттерді бастан кешіп жатқан балалардың ортасында, тым құрыса, сондағы біреуі әнші Мәрленнің есімін құлақтары шалғасын-ақ:

– Ә?.. – деп, әлгіндегі бұл өзінің қолын жалаулатып сермеген жақтағы сонадайдан өзінің қолындағы сабау-таяғына сүйеніп, қарауытып тұрған Мәрленнің сұлбасына көз салып:

– Бүгінгі қой бағудың кезегі соларға тап болғасын, ал, ағалары мен інілері Көкбастаудағы шабындық алқабына шөп шабуға кеткесін, сірә, ата-анасы өріске Мәрленді жұмсаған болды ғой! Ие, дұрыс екен! Тек қойлардың арасындағы қозы, лақтары ауылға түгел келсе, болды ғой!.. – деген біреуі болса екен-ау, тегі?!

Мәрленнің өзі сондағы бұл жағдайдан мүлдем бейхабар болса да, сондағы бұның әлгінде ғана ерні кезеріп, өрістен әбден шаршап-шалдығып, енді тәмам үйге жетіп, өзінің алдына қойылған ыстық тамағын шала-пұла ішіп, төсекке жата кетуге асықса да, қашан тұс-тұстан иелері келіп, өздерінің қойларын алдарына салып, үйлеріне қарай түгел айдап әкеткенше, қойдың арғы шетінде ақ таяғына сүйеніп, әлі ұзақ кідіріп тұрған Мәрлен үшін бұл қапелімде ұяттан кірерге тесік таппай, екі беті әбден от боп жанып, тіптен де жыларман бола жаздамады ма?!.

Тағы да сол баяғы өз қиялында әлгіден бергі осыншама ағыл-тегіл әсердің толғанысынан сәл есін жиып, бір сәт өзінің жан-жағына ақырын көз салса, жо-жоқ, бұл әлгі Мәрлен ән шырқап тұрған сахна ешқандай да Алматыдағы Орталық концерт залы, не атақты Опера және балет театры да емес, әлдебір алыс өңірдегі бір аудандық, жоқ, әлде сондағы жергілікті ауылдың орталығындағы бүгінде жұртшылық мәдениет үй деп атайтын байырғы бір шағындау ауыл клубының қос қапталындағы көкшіл мақпал перделері белінен бүре байланған шағындау ғана сахна екен! Жә, мейлі, онысын да қойшы, хе-хе, сен, бәрінен бұрын, бұл жердегі өзін әбден-ақ сағындырған әнші Мәрленнің ғажайып әсерге толы әндерін ғана айтсайшы! Әлі де сол бағы оның осыдан ондаған жылдар бұрынғыдай арқыраған әншілігі өз табиғи қалпында ғана сақталыпты! Ол әуелі «Ойкөкті», одан кейін «Әупілдекті» шырқағанда, шағын клубтың ішіндегілердің маңдайлары мен қос самайларынан шып-шып етіп, тағы да ыстық тер шығып, әлгіден бері осыншама әнге елітіп, осыншама алқынып-жұлқынып отырған қалың жұрттың көздері тіптен жылтың-жылтың етіп, ал, сол екі ән аяқтала бере:

– Мәрлен, жарайсың!..

– Мәрлен, Мәрлен!..         

– Мәрлен, тағы бір ән! Тағы бір ән!.. – деп, бірден дүркірете қол соғып, шуылдасып ала жөнелгендіктерін қайтерсің?!.

Арғымақов соның бәрін де тым таяу тұстан өз көзімен көріп, өз құлағымен анық-айқан естіп тұр еді. Әнші Мәрлен өзінің байырғы ауылдасы, баяғыда ауыл мектебіндегі өздерімен қатарлас оқыған әнші бала, оның үстіне, манадан бергі әлгі осыншама «Мәрлен, Мәрлен» деп, дуылдата қол соғып, соншама үзіле үн қатқанда, қапелімде өз дауыстарына өздері қақалып-шашалып, қаралай тұншыға жаздаған тыңдармандардың жүздері де өзіне енді біртүрлі таныс, әрі тіптен-ақ ыстық болып көрінгенмен, қазіргі Арғымақов саған енді баяғыдағы қарапайым ғана ауыл баласы, не бертіндегі бозбала, одан кейінгі сыптығырдай ер жеткен жігіт шағындағы Арғымақов та емес қой! Бүгінде бұның өзі осынау тау бөктеріндегі әсемдігіне көз тоймас Алматы қаласында тұрады, әрі нәнбай қаламгер деген аты тағы бар, жо-жоқ, бұл енді әлгі жерде аса дарында әнші Мәрленді өзінің баяғыдағы табиғи жаратылысынан-ақ бар әншілік қабілет-қарымымен әлі күнге дейін ауыл сахнасында ән шырқап, кейде бір ауылдан келесі бір ауылға, әрі кетсе, бір ауданнан келесі бір ауданға қарай «гәстрөлдетіп», әлдебір жергілікті маңызы бар мерекелік іс-шаралар мен жекелеген қалталылардың отбасылық, әлде әулеттік кештерінде ғана өнер көрсетіп жүрген әнші Мәрленді бұл батпан құйрықты тірліктердің арасынан суырып алып, алдағы бір даңғыл өнер жолына салып жіберуге де жан салуы қажет емес пе?!

Ол үшін бұған, ең алдымен, өзінің әнші Мәрленге қатысты білетіндіктерін, әрі оған, оның әншілік дарын-қабілеті, хе-хе, ол ол ма, оның бүтіндей шығармашылық репертуарындағы осы кезге дейінгі барлық шырқалған, жо-жоқ, тіпті, кейде ілуде бір көрермендер алдында щарықата шырқалса да, іле үлкен мерекелік сахналардан қайта жоғалып кететін қазақтың қасиеті бөлекше халықтық әндерінің өнер әлемінде екінші тыныс алып және дәл сол сәттен бастап, үсті-үстіне әбден тағы құлпырып, тым ерекше жайнап сала беретіндіктеріне дейін айтып, сонымен бірге, дәл сол материалында әнші Мәрленнің өнердегі тағдыр талайына қатысты бірден дабыл қағып, елдің бас мерзімдік басылымдарының біріне көлдей етіп жариялатуы да қажет емес пе?! Эһ, Мәрлен, Мәрлен! Арғымақов өзінің сонау бір алыста қалған шаттығы мол балалық шақтағы көрген-білгендерін осымен нешеме бір жүз, жоқ, әле нешеме бір мыңыншы рет зор сағынышпен еске алып, әнші Мәрлен туралы жазуға өзге дүниелерінің бәрін бір өзінің жағына қарай ысырып қойып, бұрын да әлденеше рет талпыныс жасап көрген еді!

Көбінесе түн ұйқысын төрт бөліп, кейде таңға дейін де жазу столының басында көз ілмей отырып, мәселен, соның бәрінде де Арғымақов оны үнемі өзінің көз алдына дейін елестетіп:

– Мәрлен-ау, осы біздің жасымыз қатарлас бола тұрып, біз екеуіміз кезінде бір ауылда тұрып, қалайша достасып, үнемі бірге ойнап, бірге жүрмедік екен?! – деп, сол сәт оның өзіне шағынғандай-ақ болып отырып, ал, келесі бір сәттерде: - Аһ, Мәрлен, Мәрлен-ай, біз осы жүрген біз екеуіміз сол кезден-ақ өмірдегі айнымас достарға айналғанда, ендігі бүгінгі мына мен де сен туралы, әрі сенің сол бір атақты әндерді сахнадан жұрт алдында шырқауға алдын-ала мұқият даярланып жүргендегі және сол әндерді кейін ғажайып дауыспен тамылжыта орындап, әр жолы да зал толы көрермен-көпшіліктің зор қошаметіне бөленіп, одан әрі тағы бір жаңа әндерді өзінің бар халықтық-фольклорлық нақыштарымен әрлеп, ха-ха, өзіңнің бұрынғы орындаған әндеріңнен де әдемілеу етіп орындауға деген талпыныстарың мен жалпы өмірдегі ән өнері, әншілік шеберліктер хақындағы талайғы телегей-теңіз ойларың мен небір толғанысты сәттеріңе қазіргіден әлдеқайда көбірек хабардар да болар ма едім?!» - дейді тағы.

Мектептегі кластары бөлек болып, әрі өзі сол кезде бұлардан бір класс төмен оқығанмен, Арғымақов ылғи да өзінің маңдайында қарлығаштың қос құйрығы секілді, екіге айырылған ұзын кекілі бар, өзі тіптен ұқыпты, әрі үнемі таза жүретін Мәрленді бұрыннан да сырттай жақсы білетін еді ғой, бірақ, сол бір жылдарда бұлардың мектебінде, соның ішінде, бұның өз класында да қырдағы малшылар мен егінші-механизаторлардың ұл-қыздары көптеп оқитындықтан, бұл сол Мәрленнің өз ауылдарының байырғы тұрғындарының бірінің баласы екендігін мүлдем білмейтін. Өйткені, әдетте мектепке сырттан келіп оқитын ұл-қыздардың бәрі бірдей орталықтағы ауыл клубының іргесіндегі шатырлы, тақтайдан биіктетіп тұрғызылған ауласы бар, терезелерінің алдарына жас теректер отырғызылған жатақханада жатпай, бірқатары ауылдағы өздерінің әлдебір ағайын-туыстарының үйлерінде жатып оқитын.

Бұл тек сол Мәрленнің кезінде осы ауылда туып-өскендігі мен оның ата-анасы да осы ауылда және бұлардың Балықшылар көшесімен қатарлас, негізінен іргедегі көлге жақындау Көшпенділер көшесінде тұратындығын бертінде ғана білді емес пе?! Оның өзіне ұқсаған, мектепке жасы енді ғана ілігіп, сол кезде күнұзақты әліппе жаттаудан қолы бір боса алмай жүрген інісі мен бір апасы және бір ағасы да бұлардың мектебінде оқитын.

Мәрлен алғаш мектеп клубының сахнасында атақты «Әупілдекті» шырқап, талантты әнші ретінде танымал болғаннан кейін ғана, рас, ендігі жерде бұлар да ол туралы көбірек білуге тым қатты ынтығып, тіптен-ақ әуестене бастамады ма?! Мәрленнің анасы – жұқалтаң келген, орта бойлы, ішінде шағын-шағын қызылды-жасылды гүлдері бар орамалын жазық маңдайының үстінен орай байлап, артына түйе байлаған, жасы отыз-отыз бестердегі қоңырқай жүзді апай еді, қашан көрсең де, оның ылғи өзінің анасының қасына еріп, інісі екеуі дүкеннен әлгінде ғана сатып алынған дорба-дорба азық-түліктерін арқаланып, кейде аяқтарын өзінің бір жанына қарай шойтаңдата басып, жол жиегімен әрең жүріп келе жатқандықтарын бұл да талай рет көрген еді. Дегенмен, Мәрленнің анасы көбінесе үй шаруасында болғасын ба, ол кісі былайғы кездерде бейсеует көп көзге де түсе бермейті. Ал, Мәрленнің әкесі көптен бері ауылдағы шаруашылықтың шеберханасында ағаш шебері болып істейтін. Ол кісінің «шебер Жырлан», «есікші Жырлан» деген де лақап аты бар еді. Сірә, Жырлан ағайдың шеберханадағы күнделікті жұмыстары тым қатты қызу, тіпті, кей кездері оның үйге түскі тамаққа келуге де мұршасы болмай жата ма, қайдан, әсіресе, жаз кездеріндегі түскі мезгілдерде Мәрлен ылғи да қоңырқай түсті бір шағын дорбаға салған тамақтары мен сырлы құтыдағы айран, не шалабын арқаланып, сол әлгі әкесі жұмыс істеп жатқан ауыл сыртындағы дөң басына шоғырланған шеберхана ауласына қарай асығып бара жататын. Сонда, дейді, сондағы шеберханаға бара жатқанда емес, қолындағы ыдыс-дорбасы енді біршама жеңілдеп, шеберханадан ауылға қайтып келде жатқанда, Мәрлен ылғи да көңілденіп, өзінің аяқтарын тіптен адымдай басып, жолай әлдебір көңілді әндерді әуелетіп, өзін тым еркін сезініп келе жатқандығын тап бір өзі көрмесе де, бұл кезінде өзі жақсы білетін көше балаларынан талай рет өз құлағымен-ақ естіген. Бірақ, соның бәрі де ешқашан бұған оның әдетте сахнада ән щырқап тұрған қалпындағысындай-ақ әсер еткен емес-ті. Эһ, Мәрлен, Мәрлен! Ән және әнші!..

Мәрленнің сондағы телегей теңіз шабыт құшағындағы ән шырқап тұрған қалпына қарап, сенің де бір сәт сол бір жұмбақ сырлы әннің рухы, жаны, сөлі мен оның сондағы халықтық рухани қайнарлармен терең ұштасып жатқан түр-келбет, болмыс-бейнесіне дейін дәл бір өзіңнің көз алдыңа дейін елестетіп көруіңе де болатындай-ақ еді-ау! Жоқ, кейде сондағы ғажайып ән мен әлгі сахна төрінде тұрған әншіге дейін тұтастай бір бітімге айналып, өзгеше бір жұмбақ әлемге де еніп кететіндей-ақ қой, тегі! Пай-пай, оның сыртында қапелімде сөзбен бейнелеп айтып жеткізу еш мүмкін емес, бірақ, дәл сол бір сәттердегі ол шырқап тұрған әнге, тұтастай ән әлеміне, сондағы ән рухы, дәл сол халықтық әннің жаны мен сөліне қатысты, дәл сол кең залдағы барша көрермендерді ерекше бір сүйіспеншілікке бөлеп, әлгіден бері осыншама қызықтырып, әбден-ақ таңырқатып тұрған тағы басқа жәйттеріне дейін де жетерлік-ақ емес пе?! Өзі де ғажайып жан, мынау деген дархан өмірде тым сирек кездесетін ғажайып дауыстың да иесі еді ғой!.. Былайынша айтқанда, дәл сол сәттерде де бұның ойында әнші Мәрленнің фотосуреттерінен бөлек, оған және оның әншілік дарын-қабілетіне қатысты  деген нәрселердің бәрі де жеткілікті-ақ еді, әрі солардың бәрі де бұның өз тарапынан талай рет алдын-ала іштей пісіріліп-түсіріліген де болатын. Иә, Арғымақов үшін бұл дүниеде бір кездегі өзінің талантты ауылдасы, сол атақты әнші Мәрлен бұл дүниедегі әнші біткендердің бәрінен де мықты, солардың бәрінен де күшті болатын. Еш қайталанбастай ғажайып әнші, жақұттай-ақ жарқыраған тума талант та бір тек соның өзі ғана емес пе еді?! Бұндай табиғи дарын иесін Арғымақов содан былай, тіпті, сондағы өз мектебі мен ауыл клубындағы барша ауыл өнерпаздары өздерінің бар өнерлерін салатын мақпал перделі биік сахна тұрмақ, бертінде өзі облыста және астаналық қалада тұрған жылдарында атақты театрлардың сахналарынан талай мәрте көрген небір үлкенді-кішілі концерттер мен сондағы халықтық әндерді сан түрлі ноталарға салып, әрі сан түрді әуен-ырғақ, тағы нешеме бір түрлі нақыштарымен әрлеп, шарықтата шырқағандардың арасынан, тым құрыса, бір рет кездестіріп көрді ме екен десейші?!

Сол әнші Мәрленнің, сондағы оның өз қабылдауындағы әншілік бейнесін бұл ендігі жерде өз өмірінің ақырына дейін де дәл сол баяғы әншілік өнердің биігіне шырқап шыққан қалпында ғана сақтап қалғысы келетін. Бұл да бұның өмірдегі бір биік арманы еді. Тек сөйткенде ғана өзінің талантты Мәрленнің өнердегі ертегіге бергісіздей ғажайып ғұмырын тағы талай жылдарға дейін ұзарта түсетіндігіне өзі де іштей кәміл сенгендей болатын! Солай, сондағы сол сенімі бұның өзіне әрдайым бір үлкен күш-жігер сыйлап, шығармашылықтағы шабытын да тым қатты асқақтата түскендей-ақ емес пе?! Иә, бір кездегі сол атақты әнші Мәрлен әр жолы осылайша өзінің есіне түскенде, сөз жоқ, бұл әдетте дәл сол бір шалғайдағы өз туған ауылындағы орта мектептің өздері оқып жүрген кездегі жатаған шығын клубының аядай ғана сахнасын жүзінші, әлде мыңыншы рет тағы да өзінің көз алдына дейін елестетіп әкеле қоятын. Қарапайым, әрі шағындау ғана сахна! Бәлкім, бұл бертінде қызмет барысында, редакциялық тапсырмамен елдің әр қиырындағы талайғы облыс, қала, ауылдарда болып, сондағы қаншама мектептердің клубтары мен жаңаша қалыптастырылған акт залдары деп аталатын концерттік сахналарын көргенде де, дәл бір кездегі алыс бір түкпірдегі өзіне таныс ауыл ішінде кезінде тек жәй қатардағы көп үйлердің бірі ретінде салынған өз клубтарының аядай ғана сахнасындай, шағындау, бірақ, өзіндік аңызы, өнердегі киесі бар сахнаны еш жерден де көре алмаған шығар?! Бірақ, сөз бар ма, оның осы жүрген бұлар үшін өзіндік қадірі мен қасиеті тіптен де ерекше еді ғой!

Арғымақов өз оқушылық өмірінің әр кезеңдерінде сол бір көзге ыстық қастерлі шағын сахнадан ән шырқаған талай ондаған мектептес, әрқайсысы әртүрлі мінез-құлықты, әр кезде өздерінің өнердегі әртүрлі қырларымен танылған ұл-қыздарды да өте-мөте көп көрді. Олардың арасында бұның өз кластастары, не бұлардың өздерінен төменгі кластар мен жоғары кластардың оқушылары, тіпті, кезінде өзінің мектептегі өмірінде достасып, қашан онжылдықты бітіргенше, үнемі иықтасып, бірге жүрген талайғы қатар-құрбылары да бар еді. Эһ, сол бір күндерде мектеп клубы сахнасында осы заманғы және халық композиторларының жастық, балалық шақ, бозбала кез, оқушылық өмір, ғашық жүрек, ұстаздарға, туған жер, өскен ортаға арналған тағы қаншама ғажайып әндер шырқалмады десейші?! Оларды сонда мектептің жас әншілері осыншама әрі мен сәнін келтіріп, қаншама рет құйқылжыта орындамады десеңші?! Мектептегі «әнші бала», «әнші қыз» атанғандардың  қатарында, тіпті, сол кездегі мектепте оларға деген сый-құрметтің де бір шегі болмайтын. Олар қашан да ұстаздардың аялы алақандарының жылуын ерекше қатты сезінетін еді. Олар кезекті концерттерге қатысып, ән шырқардың алдындағы даярлықтардың кездерінде міндетті түрде сабақтан босатылып, әрі өздері сондайылықты еркіндікте, кеңдікте де жүргендей болатын. Опыр-ай, әсіресе, солар кейін мектеп сахнасындағы кезекті бір концерттердің кезінде әдеміше киініп, осыншама жарқырап шыға келгенде, сонда бұлардың өздері де оларды мүлдем танымай қалатын еді-ау!

Оқушылық өмірдің өз тұсында бұлар үшін тым ұзақ болып көрінгендігі сондай, сол бір ойын-күлкі, қызығы мол жылдарда мектептегі ең танымал, ең талантты, ең бір аңызы бөлекше әншілер де көп болатын, бірақ, жасыратын несі бар, солардың ешқайсысы да дәл сол кездегі өз қатарлас-тұстасы әнші Мәрлен секілді, бұның есінде осылайша мәңгілікке жатталып қалған емес-ті. Бір емес, екі емес, аһ, осымен қаншама рет... Жоқ-ау, бірде шығармашылық іссапармен елдің әлдебір қиырында жүргенде, сондағы қаншама ауыл, қалаларда болып, кейде сондағы табиғат аясына шыққанда, әсіресе, не ұзақты жол үстінде кетіп бара жатып, жан-жағындағы көгалды далаға көз салғанда, тағы бірде әдеттегідей Алматыдағы тау бөктерінде демалып, серуенге шыққанда, онда да, көп ретте сонау асқары биік тауға, сол алып таудың ұшар басындағы сонау көкпен таласқан шың-құздарына тіптен үңіле қарағанда, жоқ-ау, тіпті, көп ретте үнемі Алматыдағы Опера және балет театры мен Орталық концерт залдарының алдарынан өтіп бара жатқанда да, бір кездегі атақты әнші Мәрлен талай мәрте Арғымақовтың есіне түсіп, ол сол кездегі өзін және өзінің әндерін, сол арқылы алыстағы өз туған ауылын, сондағы барша ауылдастарын да сағындырмады десейші?!

Мәрленнің сондағы жағалай отырған көрермен жұртшылыққа әлсін-әлсін көз салып қойып (осы жолы да сахнада ғажайып бір әнді жоғары кәсіби деңгейде шырқап тұрғандығы ғана болмаса, бұл кезде ол да әлгіден бергі өзін осыншама құлшына сүйемелдеумен болған көкжасыл баянның сазымен бірге тағы да әлдебір өзіндік арман-қиялдардың шырқау биігіне қарай көтеріліп), ал, келер бір сәттерде іле:

– Қамысы Әупілдектің мүше-мүше,

Сарғайдым осынау көлдің суын іше! – деп, терең сазды, кең тынысты халықтық әннің телегей-теңіз иірімдеріне енді тіптен еркін сүңгіп, одан әрі де тереңдетіп кете барды. Ха-ха, тек сол ғана ма?!

– Қос қанат құсқа біткен, маған бітсе,

Барар ем қалқа жанға әлденеше! – дейді әнші тағы да осыншама шарықтата түсіп.

Ой, шіркін-ай!.. Шіркін-ай, шіркін-ай!.. Арманшыл жүрек, асқақ сезім, асыл жандар-ай!.. Өмірдегі көп қадір-қасиеттердің сырын ұқтырып, былайғы кездерде тым қарапайым жандардай-ақ болып көрінетін адамның өзін ә дегенше-ақ болмай, қапелімде қол жеткізбестей биіктерге дейін шырқатып жіберетін құдірет те тек осы бір өнер әлемі, өнер тілінде ғана жатыр емес пе?! Әсіресе, әлгіндей әннің құдірет-күшінде тіптен-ақ шек бар ма?! Әндегі осындайылықты бір жұмбақ сырға толы сөздерді ән әуенімен талайғы жүректерге дейін жеткізе білу үшін де сол әлгі ғашық жүрек, асыл жан бұл өмірде қашама рет махаббат машақатын бастан кешіп, өзінің талайлы тағдырын да небір қиямет-қайым тірліктерге араластырмады десейші? Әлгі ғашық жүрек, сондағы өз сүйіктісін өзінің шын жүрегімен сүйіп, соған өзінің бар өмірін арнауға дейін бар асыл жан кешкілік ымырт үйірілген шақтарда қаншама рет сол Әупілдектің тыныш жағалауына дейін келіп, сондағы жапырақтары білеудей-білеудей қалың нар қамыстардың арасынан өзінің жүрек төрі, құштар көңілінің түкпіріндегі асылын іздеп, тағы қаншама рет шарқ ұрмады десейші?! Ал, сол әнді әлгіден бері сондағы талай жүректерді елжіретіп, осыншама ағыл-тегіл әсерлі сезімге бөлеп, осыншама тамылжыта шырқап тұрған жас талантты әнші – ғашық жүректі жігіт, тіпті, сол әлі ғашықтық, махаббат дегеннің не екендігін, оның бұл өмірде қандай болып, адам біткенді тағы қандайылықты азапқа салатындығынан әлі мүлдем бейхабар бозбала ғана болса ше?!. Ол сол тұрғанда, өзінің әлгі әнді соншалықты дәрежеде әсерлі етіп, тым-тым шырқау биіктерге дейін көтере шырқағанда, қарапайым өзінің кәсіби шеберлігін көрсетуге ғана жан салып баққанмен, залдағы қалың көрермендердің арасында отырған өзі қатарлас, не өзінен сәл төменгі кластарда оқитын қатар-құрбыларының енді ғана бүршік атып келе жатқан ғашықтық жүректерінің шырағын тұтатып жібергендігін, дәл сол сәттен бастап, алда бір ерекше қызу тірліктер, ғашықтық, махаббат, өмір үшін күреске толы күндер, мазасыздық... тағы талайғы небір ұйқысыз түндер басталарын білсе етті-ау?! Жоқ, оның бәрі де әзірге тек бір тұспалдар ғана еді ғой, алайда, әлгіндей ғажайып әндерді шырқап, сондағы барша жүректі ең бір ыстық ақыласқа бөлеп, өзі де солардың қолдау-қолпаштауларын көріп, осыншама шаттанып, алғыстарын алған талантты жас әншіге соның ертесіне-ақ мектептегі талай қатар-құрбыларының құттықтау, достық лебіздерге толы ұшбу хаттары да жауып кетпесіне кім кепіл?!

– Түседі қайғылыға қара тұман,

Кім білер сол тұманның ашыларын?! – Әнші осы сәтте өзінің қос қолын сәл жоғарыға қарай апара беріп, неге екендігі қайдан, сол сәт ол өзінің жан-жағына бейнебір әлдекімдерден, не әлдебір жанашыр жандардан өзіндік бір көмек, қолдау, әлде өзіне деген әлдебір жанашырлық пен аянышты ғана күткендей-ақ болып, кейде өзінің үнін де жиі-жиі дірілдете бастап, келер бір сәттерде бір орында ұзақ кідіріп, үнсіз тұрып қалды.

Ол кезде бұлар оның бәрі бар-жоғы бір сәттік көңіл күйдің әсері екендігін, сәлден соң, сондағының бәрі де қайтара өзгеріп, тіптен де құлпырып-ақ сала беретіндігін қайдан білсін?! Әншінің жүрегі шаншып, іштей зарлы, мұңды бір үні шырқырай естіліп, енді одан әріге Мәрленнің жас жүрегі де шыдай алмай, өз-өзінен солқылдап ала жөнелер ме екен деп, өздері де осыншама қалтырай дірілдеп: «Аһ, уһ!..» – деп, тыныстары тарыла түспеді ме?! Жоқ, сондағы бұлғаңдап, қолын тербетіп тұрған Мәрленнің де әні емес, әп сәтте-ақ әлдебір трагедиялық опералық қойылымның бас кейіпкері секілденіп, өзгеше бір болмыс, өзгеше бір түр-тұлғаға айналып шыға келді емес пе?!

«Кім білер сол тұманның ашыларын...», - деген созылмалы әуен сөздерін сол екі ортада бұл іштей сан рет қайталап: «Мәрлен бізге өзінің осынысымен нені аңғартып тұр?!» - деп те ойламады ма?! Балалардан бір естігені бар-ды, Мәрлен осыдан бір-ер жыл бұрын, жазғы каникулдың кезінде іргедегі Айдын-көлге көше балаларымен бірге суға түсуге барып, солармен өзара жарыса сүңгіп жүргенде, бірде өзі күтпеген жерден әлдебір қалың балдырға оратылып, қапелімде өздігінен тұра алмай, әлденеше рет су жұтып, суға кетіп қала жаздапты деп... Бұл тосын оқиға сол күні-ақ барша көше балаларының да құлақтарына дейін жетіп, әлгілер енді жалма-жан топтасып келіп: «Мәрлен, Мәрлен?! Сен де өткен жылғы жатақхана балалары сынды суға кетіп қала жаздадың ба?! Сонда қалай, сен қорықтың ба, өкіріп жыладың ба?! Өзіңді сол кезде сен қалайша сезіндің?! Аман қалуға деген іштей бір үмітің болды ма?!» - деп, осыншама тәптіштей сұраса, сонда Мәрленнің өзі сол екі ортада бейнебір өз басында ештеңе де болмағандай кейіп танытып, тек жәй ғана жымыңдап, күле береді дейді... Ал, одан бұрын, сірә, бұл жаңа оқу жылы енді ғана басталған кездердің бірінде-ау, Мәрлен өзінің көнелеу көгілдір «ПВЗ» велосипедімен ауыл сыртындағы тақтайдай теп-тегіс, тек айналма бұлтарыстары көп керуен жолында балалармен осыншама жарысып келе жатып, велосипедтен құлап, мертігіп те қала жаздапты... Сондағы өзінің қатты жарақаттанып, оң қолын ауыртып, әп сәтте тізесінен қып-қызыл қан саулап қоя берген ғой!.. Өзімен бірге велосипед айдап, әрі-бәрі серуендеп, өзара жарысып жүрген ұл-қыздар, тіпті, сол кезде маңайдан өтіп бара жатқандардың бәрі де келіп, әлгі жерде осыншама үйме-жүйме бола қалмай ма?! Басқа балалардың бірі болса, бұндайда: «А-а!..» - деп, аяқ астынан айқай салып, өзгелерді жедел түрде көмекке шақырып, әбден-ақ қақсап қоя берер еді ғой. Ал, ол өйтпепті... Ернін сәл жымқырып, тістеніп, көздерін тас қып жұмып, үнсіз ғана қиналыпты!.. Оның үстіне, өзін бұрын тек сахнада ән шырқап, қалың көпшіліктің үлкен қолдау-қөшеметтеріне бөленіп тұрғандығы арқылы ғана білетін өзге жұрттың енді кеп, әне, әлгіндей тым қатты тіміскіліне қалғандығын көрмейсің бе?! Ал, артынша әлгі жерге ауылдағы «Жедел жәрдем» көлігі жетіп, ең алғашқы ем-домын жасап, Мәрленнің өзін ауруханаға алып кетіпті...

Мәрленннің өзі ғана емес, оны сырттай болса да, жақсы білетін бұлар үшін де бір азапты сәттер осы кезден басталған еді ғой. Соның артынша көше балаларының арасында: «Мәрленнің аяғына қатты зақым келіпті. Ақсаңдап, қапелімде аяғын баса алмай жатқан көрінеді», -  дегендей әңгімелер де айтыла бастады. Осы сөздер Арғымақовты тіптен де қатты қинады. Мәселен... бұлар үнемі сахнадан ән шырқап тұрған қалпында ғана көретін тума талантты... ол... ол енді өздігінен жүре алмай, үнемі осылайша ақсаңдай берсе, соңыра акт залындағы биік санада жұрттың алдына бұрынғыдай жүгіріп, қалайша желпілдеп шыға келмек?! Арғымақов сол бір күндерде соны қапелімде өзінің көз алдына еш елестете де алмады. Мәрлен, Мәрлен!.. Іштей қатты  толқып, сол тұрғанда, өзінің көздерінен ыстық жасы да ытқып шығып кете жаздамады ма?! Бұл өзінің соңғы жылдардағы мектептегі қөңілді көп күндері, небір арманға толы шақтарының да өзге емес, дәл сол Мәрленге, оның сондағы ғажайып әншілік талантына қатысты болып келгендігін сонда ғана бір ұқты. Аһ, аһ, ол әдетте ән шырқап тұрғанда, кең залдағы осыншама сықап отырған өзгелерін қайдан, ал, сондағы әлгі ән әуенімен бірге қалықтап, бұл да небір шексіз, шетсіз армандарға құлаш сермейтін еді ғой! Жасыратын несі бар, бұл сол кезде дәл сол Мәрлендей әнші болмаса да, өз арманының жетігіне еріп, дәл сондағы Мәрлен ән шырқап тұрғандағыдай еркін қиялдап, өз биіктеріне қарай да емін-еркін биіктей бермейтін бе еді?!

Бұл сол кезде өзінің алда қолға қалам алып, жазуға деген бір ерекше құштарлық сезімдерін оятып, өзі де тіптен-ақ шығандап кетпейтін бе еді?! Аһ енді соның бәрі де бір далада қала бергендей ме?! Жоқ-ау, соңғы күндерде бұның сол кездегідей ақ қанатты небір тәтті армандарын еске алғанда, соған енді қапелімде өзі де сенбей, қапелімде дүн-дүниенің бәрі қараң қалғандай да әсер берілетіндігін қайтерсің?! «Мәрлен, Мәрлен!» - деді сол кезде бұл ұйықтап жатып та, оны өзінің есінен әліге дейін бір шығара алмай. Ал, ол сол кезде әлі де жергілікті аурухана төсегінде жатыр еді ғой. Жоқ-ау, сол бір түндерде оны көргендер, тым құрыса, сол ауылдағы оны білетін, онымен күнделікті аралас-құралас болып жүрген балалардың арасында бір сәт Мәрленнің халін сұрап, ауруханаға барғандар болып па екен?! Ха-ха, болғанда қандай! Бейнебір сондағы соның бәрін естіп тұрған Арғымақовтың өзінен басқалардың бәрі де аурухана төсегіне таңылып жатқан Мәрленнің жанында болып, осыншама оның халін сұрап, оның тезірек сауығып кетуіне тілектерін де білдіргендей еді-ау. Аһ, Мәрлен, Мәрлен! Бұл жердегі ең бастысы, оның сондағы мүлдем ойламаған жерден мүгедек болып қала жаздап, ол тек арада бір-ер жетідей уақыт өткен соң ғана үйіне шығарылғандығында еді ғой... Бәлкім, сол кездегі жаны азапқа түсіп, қиналған шақтары қайтара бір есіне түсті ме, Мәрлен жаңа сахнада да әнмен бірге ауырып, әнмен бірге солқылдап, қайсыбір сәттерде өзінің көз жасын да аяусыз-ақ төгіп тұрғандай еді!.. Сондайлықты бір толғанысқа толы сәт те болмады ма соның өзі?!.   

Тыңдармандар сонда оған осыншама ошарыла қарап, бейнебір сол отырған өздерін ол қандай оқиға болса да, өмірде шын болған оқиғаның көзі тірі куәгерлеріндей-ақ сезініп, одан әрі тағы тіптен іштен тынып, тек бір әліптің артын ғана баққандай да бола қалғандықтарын қайтерсің?!

-Еріксіз Әупілдекті мекен еттім... – Осыншама әсер, осыншама шалқар шабыт құшағында шарықтата әндетіп келіп, дәл сол бір сәтте бейнебір өзінің де салы суға кеткендей-ақ болып, «аһ» ұрған ғашық жүректің сондағы шырқыраған үні енді осынау әнмен бірге одан сайын тағы тіптен шарықтай түсіп, сондағы талайларды, соның ішінде, әсіресе, дәл сол отырған бұның өзін де әбден егілтіп, көзден ыстық жасын шығарғандығын енді бұл неге жасырсын?! Эһ, сол баяғы кез баяғы кез бе еді, тәйірі, ал, қазіргі сахнадағы әнші Мәрлен бұл кезде нағыз бір өмірдегі дарынды әнші ғана емес, таланты әлдеқашан-ақ бүр жарып, нағыз бір алып бәйтерекке де айналып үлгерген ғажайып әртіс еді-ау!..

Арғымақов оны өзінің баяғыдан бері жақсы білетіндігін, керек десең, олардың ауылдағы қарапайым ғана жатаған сары үйі, сондағы көріксіздеу ауласы, ауылдағы қарапайым жұрттан еш айырмасы жоқтай-ақ болып көрінетін ата-анасы, оның бір шаңырақтағы бірге туып-өскен бауырлары, тағысын-тағы тату достары, қаншама жылдар бойына күнделікті өзімен бірге ойнаған ұл-қыздар, жо-жоқ, оның бәрін былай қойғанда, Мәрленнің былайғы сахнадан тыс кездерде де, өз үйінің ауласында, не ауылдағы көгалды далада ән айтып жүретіндігіне дейін де зор сағынышпен есіне алды.

Оның үйін ауылдағылар оның сол бала кезінде-ақ «Әнші Мәрленнің үйі» деуді де үйреншікті әдетке айналдырған. Мәрленнің үйі келесі бір кең, жағалай ағаштар өсіп, бұтақтарының бастарында құстар өзара үнемі шуласып жататын кең көшенің ортаңғы тұсында болғанмен, бірде оның ата-анасының бұлардың үйінде осы ауылдағы ең қадірменді деген жандармен бірге қонақтықта болғандығы да есінде. Бұл қысқы боранды күндердің бірі еді.

Бұлар әдетте үйіне қонақтар келген кезде, ауызүйдегі кіші бөлмеде қонақтардың өздері қатарлас ұл-қыздарымен бірге ойнап, өзара әңгімелесіп отырғанмен, сол күні үйге шақырылған қонақтардың бәрінің де назары бірден әнші Мәрленнің ата-анасына ғана ауып, солардың әрқайсысы әр тұстан:

– Балаңыз әлден-ақ өзінің әншілігімен ауыздан ауызға ілігіп келе жатыр ғой. Білетіндер оның алдағы өнердегі болашағы бұдан да кемел деседі. Бұл дегеніңіз бүтіндей ауыл үшін де тіптен-ақ үлкен қуаныш қой! Кешегі жас күндеріңізде бұндай өнер сіздердің өз бойларыңыздан байқалып па еді?! – деп сұрай қалғандықтарына дейін де естіп қалмасы бар ма?!

Сірә, бұл сондағы олардың өздері үшін де мүлдем тосын сауал, не бұл төңіректе олардың  өздері бұрын да талай мәрте өзара сөз етіскендіктерімен, дәл осы күнгі қонақтықтың үстінде айнала отырғандар өздерінен тап бұлайша сұрай қалады деп еш ойламаса керек. Мәрленнің әкесі келбетті, кескекті, сергек ойлы Жырлан ағай дастархан басындағыларға көп күттірмей, сәлден соң, сәл тамағын кенеп:

– Осы отырған мен де, қасымдағы жұбайым да осы жерлікпіз! Біз өз ата-анамыз бен олардан бұрынғы үлкендерді де көре қалдық, олардың өздерінен бұрынғылар, олардың арғы жағындағы ата-бабаларымызға қатысты небір аңызға бергісіз әңгімелерін де сол бала жастан-ақ естіп өскенбіз. Олардың арасында даңқы талай жерлерге дейін жеткен жаужүрек батырлар, сол бір жорықты жылдарда темірден түйін түйген ғажайып шеберлер, сегіз қырлы, бір сырлы ісмерлер, тіпті, өздерінің сол тұстағы отты жырларымен есімдері ел есінде мұқият сақталып, рухани жәдігерліктері бертінде талай мәрте газет-журналдарда жарық көрген жыраулар, ақындар, мың бұралған бишілер, домбыра шанағында ойнаған айтулы күйшілер де болыпты... Өз бойларына өздерінен бұрынғылардың өнерін дарытқан тағы қаншама ағайын-туыстар, жақын-жекжаттар бертінге дейін де кездесіпті, бірақ, сіздер ғафу етерсіздер, сол кезде өзінің бұндай әншілік өнерімен көзге түсіп, көптің жүрегін жаулаған әншілер тіптен де болмапты!.. – деп, қинала жауап бергендігін естігенде, сол сәт жағалай отырғандардың өздері де бір-біріне қарасып, әбден-ақ таңырқаса бастамады ма?!

Ол ол ма, сол жүргенде, бұлар сырт құлақтан Мәрленнің сол ата-анасы, ауылдағы өзге де етжақын деген ағайын-туыстары, әрі оның өзінің бірге туған бауырлары Мәрленнің әншілігі, мектепішілік танымалдылығы мен ауыл арасына да осыншама атағы шығып жүргендігіне ерекше мән беріп, оның қашан да көңілді жүріп, әрдайым уақытылы демалып, не уақытылы тамақтанып, көп ретте оңашада кітап оқып, ара-арасында оңашаланып, түпкі тыныш бөлмелердің бірінде әуелетіп ән шырқауына да көп көңіл бөледі екен дегенді еститін. Оның сыртында өздерінің өнерге етене жақындығы өз алдына, Мәрленнің ата-анасы үнемі үйдегі қабырғаға ілулі тұрған кішкене радиоқабылдағыштан үнемі Алматыдан және облыс орталығындағы әуе толқыны арқылы берілетін концерттер мен сондағы небір тамаша халықтық әндерді әбден өзінің кемеліне келтіріп, осыншама құйқылжыта орындайтын әншілердің талантты дауыстарына, олардың сондағы әнді шырқағандағы әуен-ырғақ, иірім-қайырым, қайсыбір тұстардағы әуелетіп, кең тұрғыда шалқыта түскендегі дауыстарының ұзақтығы мен көмейлеріндегі әлдебір жұмбақ сырларға ерекше қызығушылық танытып:

– Мәрлен, Мәрленжан-ау! Сенде де осындай атақты әншілерге ұқсаған бір ғажайып сырлы үндер бар. Тек, әттең, әттең, бұл әншілер кәсіби тұрғыда өте білікті, әрі тәжірибелі болғандықтан да, еш қымс етіп, бір толқу дегенді білмейді-ау, өздері!.. Жо-жоқ, Мәрлен, әлі тым жас болсаң да, сенің де олардан еш алып тұрған жерің жоқ! Қайта сен әлі бұл өмірде жас болғандықтан, соңыра сенің өз өнеріңмен өзгелерден біршама озатындай да мүмкіндіктерің баршылық қой! Мектептегі Ария апайларың мен өзге де ән тыңдай, сол әннің ғажайып сырларына терең бойлай білетін тыңдармандар да әлден-ақ саған қатысты үнемі солай десіп жүр ғой! Тәубә-тәубә, осы жолыңнан танба! Бұйыртса, соңыра сен де мынау дегендей бір әнші боларсың! Күнде осылайша радиолардан ән шырқап, жер-жердегі барша тыңдармандарды күнұзақты осылайша ағыл-тегіл қуанышқа кенелтіп жүрсең, бізде одан өзге тағы қандай арман болсын?! – дегенге дейін де айтып отыратын көрінеді.

Соның бәрі әр жолы осындайды құлақтары шалған сайын, бұларды да осыншама еліктіріп, қашан сол талантты әнші Мәрленнің өзін тым жақын жерден қайтара бір көргенге дейін де асықтыра түспейтін бе еді?! Эһ, Мәрлен, қайран дара дарын-ай! Сенің баяғыдағы ауылда шырқаған сол бір әуені ешқашан естен кетпестей әндерің қандай еді?! Әсіресе, өзінің әрі мен сәні тіптен де бөлекше, сондағы талайғы тыңдаушыларыңның ауыздарын аштырып, солардың бәртін де әбден қатты таңырқатқан «Әупілдек», «Қоғалы», «Көкой» ше?!. Сондағы сол кең залдағы осыншама сықап отырған көрермендердің үлкен-кішісі бірдей іле дүркірете қол соғып:

–Мәрлен, Мәрлен!.. – деп дауыстағандықтарын тағы қайда қоярсың?!

Эһ, Мәрлен, Мәрлен; міне, бұның баяғыдан бері талмай айтып, өзін елдің үлкен сахнасына дейін жеткізе алмай, осыншама әуреге түсіп келе жатқан асыл тұлғасы енді қайда?! Ол, тіпті, бүгінде әлі де сол баяғы ауыл арасында, не көрші ауылдардың бірінде жүргендігі ғана болмаса, бұрынғыдай жер жарған атағы мүлдем ұмытыла да жаздамады ма?! Соның бәрін көріп, біле тұра, сенің енді бұл жерде мүлдем үндемей қалуың жәй бір жауапсыздық қана емес, нағыз бір барып тұрған қылмыс та еді ғой! Эһ, қайдасың, қазақ өнертанушылары?! Қайдасың, қайран даңқты қазақ әншілері?! Қайдасың, талантты Мәрленнің бағын жандырар киелі қазақ сахналары?!

Арғымақов сондайда өзінің алдында жатқан ақ қағазға осыншама тесіле қарап отырып, тағы да терең бір ойларға берілетін. Әлгінде ғана өзі келіп құйылып тұрған осыншама көп сыр, тағы көптеген мұң-шер енді мүлдем ғайыпқа да сіңгендей еді-ау. Амал не, сондағы өзінің кеудесіне бір-ақ сәтте осыншама лықсып келіп, әбден үпірлеп-шүпірлеп тұрған ойларының бәр-бәрін енді өзінің алдында жатқан ақ қағазға лық еткізіп, ақтарып салардай-ақ болғанмен, қапелімде бұның онысынан тағы жарытымды ештеңе шыға қоймайтын. Бір жолы өзі бұл тіптен де қатты қиналды. Бұл өзі ертеңгілік сәт болса да, бір сәрі-ау, тәйірі! Сол баяғы тау бөктері. Түс әлдеқашан-ақ ауып, енді бұл кезде кешкі намаздыгер шақта та таяп қалған еді. Күн көзінің қызара бөрткен шапақтары маңайдың бәрін әсем нұрға бөлеп, бейнебір ашық аспан астындағы алып сахнаның алтын зерлі перделері енді ғана айқара ашылып, алдағы өз көрермендеріне бір ғажайып көркем қойылымды көрсеткелі жатқандай-ақ, сені де осыншама еліктіріп, дымыңды әбден-ақ құрыта түскендей болатындығын қайтерсің?! Бұлай демеске тағы амалы жоқ, бұл сол күні кешкілік Алматыдағы Опера және балет театрында отырғанда да, бір сәт сахнадағы әлдебір көркем бейнені сомдап тұрған атақты әнші емес, баяғыда ауылдағы атақты әнші Мәрленді тағы бір мәрте өзінің көз алдына дейін елестетіп, іле өзінің әлдебір ішкі арман-қиялдарына да ерік бергендей болды. Есінде, тағы бірде, - бұл өзі мамыр мерекесіне орай ұйымдастырылған ауыл клубындағы бір үлкен концерттің кезі еді-ау, - Мәрлен сонда сахнаға әдеттегідей бірден жарқ етіп, шыға келгенде, өзгелерін қайдан, ал, бұл дәл сол күні залдың іші көрермендерге кәдімгідей-ақ сықап, тіпті, кейде өздеріне іштегі ауа жетпей, әбден тымырсықтанып кеткен соң, жалма-жан сыртқы емен есік айқара ашылып тасталынып, үлкенді-кішілі тыңдармандардың бәрі енді алдағы әсем безендіріліп, жоғарыға түрлі-түрлі шарлар мен жалаушалар ілінген, арғы төрінде өз туған өлкеміздің кең даласы, бел-белестері, өзен-көлдер мен жылдағыдай қырдағы дала қызықтары басталғалы, әрі-бері жүгірісіп, ендігі біреулері кешкілік әткеншек теуіп, сондағы небір қызықты іс-шараларды ұйымдастырып, өзгеше бір ажарлы ойын-қызық, ән мен биге толтырғалы жатқандықтары сондағы түрлі-түсті майлы бояулармен бейнеленген сахнаға бұрын тек мектептің ғана әншісі болып, мектептегі оқушылар, ұстаздар қауымы мен ата-аналардың ғана көзәйіміне айналып жүрген Мәрлен бұндай үлкен сахнаға өзінен жастары анағұрлым үлкен, бірқатары өзінің ата-анасынан да қартаңдау атақты ауыл әншілері – ағайлар мен апайлармен бірдей ән шырқатып, көрермендер де оны дәл бір сол ауылдың өзге атақты әншілеріндей-ақ қуана қабылдап, ал, ол сондағы әнді бастап үлгермей жатып-ақ, бұрын тек мектептің атақты әншісі болып, мектепте ғана аты шығып жүрген әнші бала Мәрленді, оның ауылдағы ата-анасы, өзге де бауырлары, көрші-көлемдері мен ағайын-туыстарын білетіндіктеріне дейін де өзара күбірлесіп, сөз етісе қалмасы бар ма?!

Жоқ, тіпті, ол ол ма, сол отырғанда, алдыңғы қатардағы ауылдың бірқатар беткешығар тұлғалары:

– Өй, бұл бала бір тек біздің онжылдық мектептің ғана емес, бүтіндей аудан мектептері өнерпаздары арасында да аты шығып жүрген талантты әнші бала ғой!

– Дауысы өте жақсы дейді өзінің. Әнді жақсы білетін адамдар бұл баланы әлден-ақ әннің бақыты үшін ғана жаратылған талантты бала десіп жүр ғой! Тіфә-тіфә!.. – дегендеріне дейін де құлағы шалмады ма?!

Эһ, сонда бұның да бірден сахнадағы Мәрленге болысып: «Мәрлен, Мәрлен! Тағы да таңырқат! Мына өзіңе кереметтей құрмет сезімдерін білдіріп, өзіңді әлден-ақ өздерінің төбелеріне шығарып отырған ересектердің де әбден-ақ көңілдерінен шыққайсың! Қысылма, Мәрлен, өзіңнің бабыңмен шырқат!..» - деп, іштей тағы тағат таппай, қашан ол сондағы өзі орындайтын әнді бастағанша, қапелімде не істерге білмей, өзінің жаны да тіптен-ақ шығып кете жаздамады ма?! Жоқ, Мәрлен, бұлардың сол атақты Мәрлені, бұл кезде бүтіндей мектептің бір үлкен мақтанышына айналған әнші Мәрлен бұл жерде де өзін тым қарапайым, әрі өте-мөте салмақты-ақ ұстады. «Мына зал өзі неткен үлкен зал еді? Алдыңғы қатарда ауылдың ылғи бір бетке шығар үлкендері де отыр екен ғой! Ойпыр-ай, мына менің бұл әнім соңыра бұл кісілердің зор талғамына сай келіп, көңілдерінен шыға қояр ма екен?!» - деп те қиналмастан, электрлі пианинода, бір жағынан, аккардеон мен домбырашылардың сүйемелдеуіндегі әуеннің сондағы әрбір жіңішке ырғақ, әрбір іркіліс, толғаныстарына дейін мұқият құлақ асып, кенет өзі де осыншама тербетіле толқып, бұрын мектеп сахнасында, жоқ-ау, тіпті, ауылдағы қаншама мерекелік концерттердің кездерінде де, бір рет орындалмаған, жоқ-ау, тіпті, бұлардың көпшілігі бұрын мүлдем бейхабар болып келген қазақтың атақты «Бір бала» деген халықтық әнін әуелетіп, шырқап-ақ ала жөнелді.

Пай-пай, сол күнгі ауыл сахнасы да әнші Мәрленге, сондағы күміс көмей Мәрленнің көрермендер жүрегін өзгеше баурап, ерекше бір әсер-толғаныстарымен тіптен әлдебір қияға қарай жетелей жөнелген құпия сырлары көп әлгі бір ғажайып әніне, не сол бір ән әлеміндегі өзінше жайнап, құлпыра түскен көңіл күйге де арналғандай еді-ау! Эһ, сен, бәрінен бұрын, сондағы сахна төріндегі суретші қолымен бейнеленген туған жер, туан өлкенің табиғаты, оның әрбір бел-белес, шөкім-шөкім бұлттары, жел тербеген жусаны, ғажайып бір үнмен сайраған құстары, қырдағы құлпырған ауыл өмірі, жағалай тігілген киіз үйлер, әр тұстағы үлкенді-кішілі әткеншектер, жағалай жайылған мал, әлдебір тұстардағы төбе басындағы тайға мінген бала, іргедегі өзен-көлдер мен сондағы әрбір жас жүрекке дейін бір-ақ сәтте бейнебір ертегідегідей-ақ болып құлпырып, тіптен-ақ жайнап кеткендігін айтсайшы!

– Елдің көркі, ақ тоты бір баласың,

Қай дұшпан көзі қиып жамандайды. - Бар-жоғы екі-ақ жол: бұрын-соңды бұндай қысқа шумақты әнді сахна төрінде дәл бір Мәрлендей етіп құлпырта орындағандар болып па?! Екі-ақ жолда сен енді қапелімде не айтып, сол екі-ақ жолда өзін мықтымын деп есептейтін әнші де өзіне тән әншілік ерекшелігі мен дарын-қабілетін тағы қалайша кең тұрғыда танытып үлгерсін?! Жо-жоқ, Мәрлен дәл осынау екі-ақ жолдың өнбойындағы бар бояу, бар әсемдік, оның бар керемет сазы, бар шексіз сырдың бәрін өз дауысындағы әнмен де ерекше ажарлап-ақ тұрған жоқ па?!

– Айналайын қарағым келдің қайдан

Алма мойын ала үйрек ұшар сайдан. – Бұл кезде Мәрлен тіптен-ақ аталмыш ән рухы, әлеміне дендей еніп, одан әрі өзі де сонда,ғы құйқылжыған әннің өзі болып қалықтап, тым-тым қоз жеткізбестей биіктерге қарай да самғап кете барғандай болған еді-ау.

Жұрт біткен соның бәрінде де сахнадан ұдайы көз айыра алмай, әлгіден бергі әуезі бөлек асқақ әнге мұқият құлақ түріп отырған болатын. Әркім сонда әрқалай армандап, әркім әрқалай өзіндік бір ой тереңдеріне де берілгендей еді-ау. Ал, сонда бұл өз өмірінде бірінші рет Мәрленнің ауылдағы өз қатарластарынан әлдеқайда ерте есейіп, тым ерте ер жетіп, өзі де бір жұмбақ жанды ғашық жүрекке айналып кеткендігін көрмеді ме?! Сонда сен оған, бір жағынан, үлкен бір қызығушылықпен, әрі, бір жағынан, әлдебір аянышпен де қарағандай едің-ау!

– Угай-ай,

Ән салшы-ай

Бір бала-ай!.. – Шын сыршыл, шын, ғашық жүрек әдетте тек осылай ғана үн қатып, тек осылай ғана өзінің қос қолын арман құшағында әлдебір үлкен үмітпен көкке қарай көтергендей болмай ма?! Мәрлен де сөйтті! Мәрленнің жүрегі езіліп, өзінің көздерінен ып-ыстық жас та шыққандай болмады ма, сонда?! Бірақ, Мәрленнің бұл өмірдегі асыл арманы, алдағы алар биік, асқар шыңдары тым-тым алыста алда еді ғой! Ол тек бұндайда бірден ән образына еніп, сондағы халықтық әнді, бәлкім, бір замандарда аттары осыншама аңызға айналған атақты Керей мен Жәнібек хандар, олардан кейінгі елдің тағы бір бағына айналған Қасым хан, Есім хан, Тәуекел хан, Хақназар хан, не бертіндегі Абылай ханның тұсындағы ел іші тыныш, халықтың мейманасы асып, көңілдері тіптен-ақ тасып отырған кезеңдердің бірінде Жайық, Жетісу, Есіл, Сыр бойы, Ертістің бойындағы қалың қазақтың ортасында, сондағы ең бір қадірменді деген әулеттің тойында ең алғаш рет жұрт назарына ұсынылып, дүйім қазақтың жүрегінен ерекше орын алған әннің өз табиғаты, өз жаны мен рухын да танытқандай-ақ болмады ма?! Сол жүргенде, ха-ха, бұл Арғымақовтың өзі де бұл өмірдегі тап бір қара жаяудың өзі емес еді ғой.

Әнші Мәрленді күні осы уақытқа дейін осылайша үнемі өзінің есінен шығара алмай жүріп, бұл кейде: «Осы біздің Мәрлен бір рет «Әупілдекті» айтып, көпке танымал болып, енді тек ылғи да сол секілді халықтық әндерді ғана орындауға тым қатты құмар-ақ. Жоқ, ол өзі осыншама жап-жас болып тұрып, әрі осыншама көңілді, бұл ауылдағы барша балалардың бәріне де өте-мөте түсінікті, әр жолғы әндерінің сөздеріне дейін де осы жүрген біздің бәрімізге етене таныс осы заманғы композиторлардың әндерін неге шырқамайды?! Ондай композиторлар, олардың да ішіндегі ең бір атақтылары, кереметтей бір танымал әндері барлары тағы аз ба еді?! Оның сыртында, біздің өз туған өлкемізден шыққан, үнемі облыстық радиодан әндері үздіксіз беріліп тұратын жергілікті композиторлардың да талайғы тәуір дүниелері бар емес пе?! Жоқ, ол ылғи да өздерін (не әні, не сөздерін) кім шығарғандығы белгісіз және соны қашан шығарғандығы, қалың қазақ арасында қашаннан бері орындалып келе жатқандығы мүлдем белгісіз немесе әлдебір естен жоқ ескі замандардан бері келе жатқан, кейде өздерінің айтылуы, сазы, мәнеріне дейін бертінде тіптен көп өзгеріске ұшырап, енді мүлдем басқаша бағытта шырқалатын халықтық әндерді ғана шырқағанды қалай береді?! Осының бір сыры, себебі бар ма, осы?! Әттең, соңыра бір реті келгенде, оның өзінен осыны бір дұрыстап тұрып сарар ма еді?!» – деп те ойлайтын. «Халықтық әндердің аңызы, олардың халықтық шығармашылықтағы өзіндік шежіре-сырлары дейді, ха-ха, бейнебір музыкалық фольклоршылар сынды да сөйлей ме-ау, өздері, қалай?!» - деп жүріп, бертінде Арғымақовтың өзі де кілт ойға қалмасы бар ма?!

Арғымақов ол кезде мектептегі ең көрнекі тұсқа ілулі тұратын атақты «Мектеп айнасы» қабырға газетінің редакторы болатын. Дәл сол жолғы концерттен кейін, бұған ағымдағы оқу жылы аяқталып қалғандығына қарамастан, алда қабырға газетінің жаңа бір санын шығару және онда әнші Мәрленге арнап, оның сол бір күндердегі өнердегі өрелі өрісі, қазірдің өзінде-ақ әншілік шеберлікті жетік меңгеріп, нағыз бір кәсіби өнерпаз болып үлгергендігі хақындағы толғаныстарын қағазға түсіріп, арнайы бір мақала да жазғысы келді. Бұның бұл ұсынысын мектеп директорының оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасары Дәріс апай сол кезде тіптен қуана құптап: «Алда өзіңнің әлі тапсыратын емтихандарың бар ғой. Өзіңе қиын болмай ма?!. Мейлі, өзің біл. Егер, соңыра өзіндік жаңалығы бар осындай бір нөмірді шығара алсақ, тіптен де ғажап болар еді-ау», - демеді ме?!

Артынша газет жарық көрді. Онда Дәріс апайдың Мәрленнің ән өнеріндегі болашағы мол екендігіне үлкен үміт артқан, ал, музыка пәні мұғалімі Ария апайдың Мәрленнің әншілік шеберлігі және репертуарының шығармашылық жағынан әлден-ақ өте бай екендігіне қатысты талдау мақаласы мен бұның әнші Мәрленнің өзінің замандас, қатарласы ретіндегі небір ақжарма тілектерге толы бір шағын мақаласына дейін жарық көріп, қабырға газетінің жоғары жағына Мәрленнің әр кездердегі акт залында әуелетіп ән шырқап тұрғандағы фотосуреттері жапсырылды. Ал, бұның сондағы өз мақаласында Мәрленді алда өнердегі үлкен болашақ күтіп тұрғандығы, оны алда өздерінің облыстарындағы атақты әншілер ән шырқап, талайлардың көңілдерінен шығып жүрген үлкен сахнаға дейін жетіп, сол жағында әншілік шеберлігін әрі қарай тағы жетілдіріп, түптің-түбінде Алматыдағы Орталық Концерт залы мен Республика сарайындағы ең қастерлі сахна төріне дейін жететіндігіне деген зор сенімін білдірумен бірге: «Мәрлен, сен халқымыздың әнге деген құштарлығы мен өз арман-тілектерін ән арқылы жеткізіп, ән арқылы да алға үлкен арманмен қарағандықтарын өте жақсы түсінесің. Жоқ, сен тек соны тереңнен түсініп қана қоймай, соның бәрін өз әндеріңмен қалайша тіптен-ақ жандырып, осыншама құлпыртып та айтасың?! Сен енді тезірек ер жетіп, Алматыдағы үлкен сахналарға да тезірек жетуің қажет! Сені ондағылар тез танып, бірден сондағы ән патшалығының алтын тағына отырғызып, одан әрі де сенің тек бірыңғай ән патшалығында ғана ғұмыр кешуге жеткізер еді», - дегендей талайғы қиялдарға толы сөздер де бар еді.

Аһ, бұлар сол кезде қалайша арманшыл болды десейші?! Сонда өзінің әншілік өнерімен дүйім жұртқа кең тұрғыда танылып, сондағы бүтіндей ауылды бір өзіне ғана табындырып, өзін ұдайы қатты сағындырып қойған әнші Мәрлен емес, тек бұлардың өздері секілді де болып көрінбейтін бе еді?! Содан бір-ер жыл бұрын ғана, бұлардың мектепте жоғары кластарға арналған хрестоматиялық кітаптағы «Қыз Жібек» лиро-эпостық дастанында көрсетілетін оқиғалар негізінде бір шағын пьеса қойғылары келгендігі бар еді. Сол кез тағы да зор сағынышпен өзінің есіне түсе қалғандығына не дерсің?! Оқушылардың күшімен ұйымдастырылған шағындау бір драмалық пьесалар, онда да, көбінесе бір актілі, не қысқа интермедия тұрғысындағы ойындар мектеп сахнасында бұрын да әр кездері көп жүргізіліпті. Олар кейде клубтағы сахнада, кейде класс ішінде де, не кезекті мектептегі мерекелік концерттердің арасында да қойыла беретін. Мектептің бұлардан бұрынғы жоғары кластарында, не олардан да бұрынғы түлектерден бері жалғасып, біртіндеп жұмысы тіптен тағы жақсы жүріп, бірде сәл кенжелеңкіреп қалған «Жас домбырашылар» үйірмесі де бар еді. Бұл мектеп қабырға газетінің редакторы, әрі сол үйірменің сол кездегі белсенді бір мүшесі де болатын. Содан бұрын да үйірме мүшелерінің ұйымшылдық танытуларының арқасында, ұстаздар күні мен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Халық театрларының репертуары» атты хрестоматиялық кітапта ұсынылған пьесалар негізінде екі бірдей комедиялық қойылымды сахнаға шығарып, сол кезде бұлар да көрермендердің тарапынан кең тұрғыдағы қолдауға ие болып, өздерінің сондағы қиялдары, шығармашылыққа деген қызығушылықтары тіптен тағы өршелене түскен еді-ау.

Ақыры сол жас драмашылардың бір кезекті басқосуында бұның ақырын өзінің орнынан көтеріліп:

– Достар, біле білсеңдер, осы ана атақты «Қыз Жібек» жырының өзі-ақ әлден сахнаға осыншама сұранып-ақ тұр ғой!.. Содан біз шағындап бір қойылымды әзірлеп көрсек қайтеді?! – дей қалмасы бар ма?!

–Қыз Жібек дейсің бе?!

– Сол атақты дастандағы Қыз Жібек қой, ә?! – деді сонда жағалай отырған ұл-қыздар да бірдей елең-жұлаң етісе қалып.

Түптеп келгенде, бұл атақты «Қызы Жібек» лиро-эпостық дастаны көркем шығарма ғана емес, жоқ, ол әлде аңыз, әлде бұл өмірде шын-ақ болып өткен тарихи оқиғалар тізбегі де дерсің-ау, тегі! Кезінде мектепте де, үйде де бұл өз басы осы бір атақты аңыз-дастанға қатысты небір ертегіге бергісіздей-ақ көп жәйттерді өз құлағымен естімеді ме?! Әсіресе, үлкендер жағы соның бәрін тіптен де құлпырта айтатын. Шынында да, қызық-ау, өзі, тегі?! Өткен, жоқ, тіпті, сонау он сегізінші ғасырда ару Жайықтың бойындағы қалың қазақтың арасында болып өткен, әрі сол тұстағы алысты-жақынды жерлердегі талайлардың да жүректерінде өзінің айырықша бір ізін қалдырып өткен оқиға деседі! Ұзақтау, тіпті, өзі бірнеше бөліктен тұратын сол халықтық дастандағы осыншама сарқырай құйылған щумақтардың мән-маңызы, ажар-көркі, бояу-бедеріне сен тіптен қатты қызыға, әрі шұқшия үңілгенде, дәл сол тұстағы ата-бабалардың қырда, сонау ұлы дарияның бойындағы қалың шабындық, сондағы көгалды дала, не сол маңайдағы орман-тоғайлардың арасында ұйыса өмір сүріп, бақытты да, шалтты ғұмыр кешкендіктерін дәл бір өз көзіңмен көргендей-ақ зор әсер-күйге бөленетіндігің ше?!

Арғымақов өз ғұмырында, жоқ, тек кешегі ауылда өткен оқушылық, бозбалалық, не қаладағы студенттік-жастық шақтарында ғана емес, бертінде, нағыз бір шығармашылық ізденістерге толы және кемелді кезеңдеріндегі кезекті бір іргелі ізденістері мен ағымдағы тынымсыз жазуларының кезінде де көнеден жеткен халықтық аңыз-ертегі, батырлар жырларын да көп оқып, осыншама үңіле зерттемеді ме?! Солардың бәрі де өзінше бір кесекті, іргелі, әрі өзіндік көркемдік қасиеттері ерекше дүниелер болағанмен, дәл бір «Қыз Жібек» дастанындай қашан да өзіңнің көңіліңнен бір шықпай, өмірдің әр кезеңдерінде,  әрқандай қуанышты, шуақты, шабытты кездерінде үнемі есіңе түсіп, сені дәл бір өз көркемдік құдірет-күшімен баурай жөнелетіндей даралықты бұл өз басы әлі күнге дейін де кездестіріп көрмеді емес пе?! Жоқ-ау, өзгесін айтпағанда, дәл сол алыста қалған балалық шақта, дәл сол алыстағы туған ауылда, бәлкім, өзге бір кең шаңырақта, не сондағы қыр төсіндегі ашық аспан астындағы сахнада да емес, өз үйіндегі естен кетпестей қуанышты күндердің бірінде үйге келген қонақтардың арасындағы әдетте қолына көне қоңыр домбырасын ұстаған жыршылардың ауыздарынан сол атақты аңыз-дастандағы оқиғалар сырына қатысты естігендері де көп емес пе еді?! Бұны сол күні, жоқ, соның алдындағы бірнеше тәулік бойына әлсін-әлсін есіне түсіп, іштей ағыл-тегіл шабыт құшағына бөленіп жүріп, алда мектеп сахнасында аталмыш ұлы рухани жәдігерліктің оқиғалары негізінде бір шағын сахналық қойылым әзірлеу туралы ойға жетелеген жәйт те соның әсерінде жатпасына кім кепіл?! Бірақ, мына бір жәйт тіптен де өзінің есінен кетпейтін. Бәлкім, бұл сыр тек қазақтың ұлы махаббат дастанынан, не соған арқау болған ару Жайық өңіріндегі оқиғалар сырына ғана тән шығар?! Жырда да Қыз Жібектей бұл дүниеде сұлулығына ешкім тең келмес жас бойжеткеннің ауыл-аймағы мекен ететін Ақ Жайық өңірі ғана емес, оның ауылы, сол ауылды айнала қонған өзге ауылдарға дейін де өзгеше бір мақам, тіпті, өзгеше бір көркемдік өрнектерімен де ерекшеленбейтін бе еді?! Ең қызығы өзгелер де, сол ауылдағы өзге өңірлерге сапарлап барған жандарға дейін де өз ауылдарына «Қыз Жібектің ауылы» дегендей бір мақтанышта болатындықтарын қайтерсің?! Жібектей арудың ауылына деген ізет те, құрмет те ерекше! Осының бәрі жырдағы махаббат дастанының алғашқы парақтарында-ақ анық-айқын сезіліп-ақ жататын. Қанша дегенмен, бұл кез сол дәуірдегі қазақ пен қалмақ ауылдарының тым жақындау шоғырланған, әсіресе, көңілдеріне әлдебір желік кіріп, өздерінің қайдан келіп, қайда бара жатқандықтарына дейін естерінен шығарған қалмақ қосындары мен олардың хандарына дейін есіріп, әлсін-әлсін өздерімен іргелдес-қоңсылас отырған қазақ ауылдарын басынғандай, әлдебір қара күш, жоқ-ау, тіпті, өздерінің қарулы жасақтары мен жойқын шабуылдаушы, жазалаушы әскерлерінің көптігін алға тартқандай болып, тиісерге, шабуға, талап-тонауға қаралай себеп таппай, осыншама тепсініп-ақ тұрған кезі де еді ғой! Мүмкін, бұл қазақ тарихындағы атақты «ақтабан шұбырындының» кезіндегі жағдай, не соның аз-ақ алдындағы өзара әбден шиеленісіп, ушығып-ақ тұрған кездердің де бірі болмасына кім кепіл?! Оһ, сондағы махаббат сырын, Жайық бойындағы қазақ ауылының тірліктегі үрдістеріне терең бойлап, Қыз Жібек-ару, Қыз Жібек-сұлудың ертегідей-ақ болып құлпырған көрік-келбеті, Жібек-арудың маңайының да кереметтей көркемдік әдістермен жырланатын терең тылсымдарына үңілемін деп отырып, бұның өзі де сондағы қазақ тарихындағы талайғы қасірет сырының іздерін көргендей болмады ма?! Бұрынғы жыршы-домбырашылардан естігендері өз алдына, бертінде тарихи дастанды мектеп кітапханасынан жаздыртып алып, тіптен бас алмастан, оны сан рет қайталап оқығандағы көңілге түйгендері ше?! Сол кезді, сол дәуір оқиғаларын арқау еткен қазақтың өзге үлкенді-кішілі жыр-дастандарында қалмақтардың қазақ ауылдарына дүркін-дүркін шабуылдар жасап, алдарындағы бар мал-мүлкі, өзге де қымбат бағалы дүниелеріне дейін тартып әкетумен болғандықтары хақында, тіпті, бейбіт отырған қазақ ауылдарына әбден бас көтертпей қойғандықтарына қатысты да, талай қайғылы оқиғалар суреттелсе, ал, мына «Қыз Жібекте» іргесінде қырғидай-ақ болып, қарқылдап, қалмақ қосындары отырса да, ару Жайықтың бойындағы Жібегі бар қазақ ауылы бәз-баяғысынша шат-шадыман күй кешіп, тып-тыныш өмір сүріп жатады. Сірә, соның бәрі де сұлулығы мен ақылдылығы айшылық жерлерге дейін жеткен атақты Қыз Жібектей аруы бар ауылға аш көз қалмақ қосындарының батылы жетіп, беттей алмай, әбден-ақ сілелері құрып отырғандығынан да хабар бергендей емес пе?! Ал, одан әрі... сондағы шым-шытырық оқиғалардың одан арғы өрбуі ще?! Байқайды, бұның сондағы үйірмелестері бұның әлгі айтқандарына тіптен-ақ қатты қызыға бастады. Ха-ха, сондағы бұған да керегі сол емес пе еді?!

Бұл өз күштері, мектеп акт залының сахнасындағы өз мүмкіндіктеріне орай, сол атақты дастанның негізіндегі қойылымды барынша тартымды, әрі қызықты етіп көрсетуге қатысты тағы да көп ойланып, көп толғанды. Оны айтасың, соңыра өз үйірме мүшелерінің арасында алдағы бұл қойылымдағы қай рөлде кім ойнайды, кім соған лайықты, не олар соңыра өздерін қойылым кезінде тағы қандай өнерлерімен қөрсетулері қажеттігіне қатысты да көп жәйттерді барынша елеп-ескергендей болды. Тек соны енді тездету керек, тездету керек! Бұндай қойылым сахнаға шығар болса, бұл оған даярлық кезіндегі қызықтардан бөлек, аталмыш дастанды әуелі қайтара бір мұқият оқып шығып, оның сценарийін тағы кім жазады, кейін оны бәрі тағы бірге отырып талқылап, сол кезде кім тағы қандай өзіндік ұсыныс-тілектерін айтады, ең бастысы, қашан ол сахнаға шыққанға дейінгі қиындықтар мен қызықтардың бәрін өзінің бір мақаласына арқау етіп, ха-ха, тіпті, соның ішінде басты рөлдерде ойнайтындардың кейбір жекелеген есте қаларлықтай ой-пікірлері, қойылымдағы ең бір өзекті, алдағы пьесаның идеялық мазмұнын әр қырынан аша түседі деген тұстарға қатысты сұрақтарға қайтарған жауаптары, қойылымның сахнадан көрсетілуі, тағы басқа көрермендер пікірлерінің бәрін де қамтып-ақ жазар еді.

–Тек соңыра бұл қойылымды даярлауға біздің жетекшіміз Ария апай рұқсат етер ме екен?! -  дейді әлгінде ғана көңілдене бастаған балалар енді аяқ астынан сәл күмілжи үн қатып.

Аталмыш бастаманың жолашары әзірге бір тек Арғымақовтың өзі ғана болғандықтан, бұл да енді өзінің орнынан тез жұлқына көтеріліп, әрі бірден тездетіп, сондағы ұзын дәліздің бойымен жүгіре басып, ортаңғы тұстағы есігі алдындағы қабырғаларға алқызыл гүлдері бар құмыралар ілінген мұғалімдер бөлмесіне барып жетсе, ондағылар:

–Апайларың өзінің сабағы аяқталып, әлгінде ғана үйіне қарай кетіп қалған, - дейді.

Қап! Арғымақов өзінің бармағын тістеп, қаралай тағы өкініп те қалғандай болды. Жоқ-ау, түптеп келгенде, бұл тек жәй кезекті бір драмалық қойылым ғана емес, атақты «Қыз Жібек» дастаны, өздері кезінде талай рет таласып-тармасып, осыншама қызыға оқыған, елге осыншалықты ағыл-тегіл аңыз болып тараған, әрі халықтық-фольклорлық туындыдан туындап отырған көркем-сахналық дүние де болып тұр емес пе?! Өздері сол жүргенде, жеті-сегіз қаралы ұл-қыздар ғана еді ғой. Бәрі де кезінде мектеп сахнасында көрсетілген қойылымдардағы әртүрлі рөлдерде ойнап, әбден ысылып, қалыптасқан болатын. Ең қызығы, сол жүргенде, бұлардың әрқайсысының да көңілдеріндегі: «Жақсы, апай соңыра бізге бұл қойылымды сахналауға өзінің рұқсатын бере қойғанмен, бірақ, алда әлі бұл пьесадағы басты рөлдер кімдерге бұйырмақ?! Сондағы драмалық қойылымдағы бақ құсы кімнің басына қонғалы тұр, өзі?!» - дегендей сауал да әбден-ақ өршіп алып бара жатқандай емес пе еді?!

Ақыры қыздар жағы әлгі жерде тым қатты дегбірсізденіп:

– Оның не қорқатыны бар, тәйірі, бұл өзі атақты, әрі бүтіндей біздің мектебімізді де дүрілдететіндей бір айтулы сахналық қойылым болғалы тұр емес пе?! Балалар, әлі күн кешкіре қойған жоқ қой, кәне, біз енді осы қалпымызбен бәріміз бірге сол Ария апайдың үйіне барайық!.. Алда ғажайып бір оқиға болғалы тұрғандығын ұмытпайық, достар, ха-ха, байқайсыңдар ма, Ария апай бұны естісе, өзі де әбден-ақ қуанады ғой! – деген соң, шынында да, бәрі бірігіп, бірінің соңынан бірі шұбырып, дәл сол Ария апайдың ауыл бағының оң қапталындағы көк қақпалы, есігінің жоғарғы жағына жұқа тақтайшадан құстарға ұя салынған, ақ шатырлы үйіне дейін де келіп жетті.

Бұлардың бағына орай, бұл кезде Ария апай өзінің үйінде болып шықты. Тек ол енді есік алдына шығып, бұлардың өзіне алда бір жаңа пьесаны сахналауға рұқсат етуін өтінуге келгендіктерін естігенде, әлгі жерде ол да бірден:

– Не туралы? – деді бұларды сол жүргенде, бір шикілік жасағалы жүрген жоқ па екен деген күдікпен, көздерін тіптен бадырайта қарап.

Ол кісінің сондағы бұл ыңғайын да біршама түсінуге болатын. Бірақ, бұл жерде енді әуелі қыздар жағы бірінші болып сөз бастады. Олар өз тараптарынан сол алдағы саханалық қойылымның ең бір қызықты-ау деген тұстарын ғана тілге тиек етіп:

– Оның енді бұл жерде тап бір анаукерім қорқа қоятындай ештеңесі де жоқ, апай! Бәрі де сол атақты лиро-эпостық дастандағыдай, бәрі де тек бір сондағы текстегідей-ақ болмақ!

– Тек біз бұл жерде оны алда әлі сахнаға қоюға біршама ыңғайлаймыз, негізгі текстен гөрі, басқаша бір қысқа нұсқасын да жасаймыз! Ол өзі көп уақыт та алмайды. Біз бұл қойылымды бар-жоғы бір сағаттан асырмаймыз, көрермендер де еш жалықпайтын болады.

– Ал, оның сценарийін Арғымақовтың өзі жазғысы келіп, осыншама құлшынып-ақ тұр апай! Өзінің жақсы бір идеялары да бар, соны енді тезірек төгілдіртіп қағазға түсіргенше де асығып, ол әзірше тек бір сіздің әлдебір ақыл-кеңесіңіз, не оның идеялық-көркемдік жағына байланысты қайсыбір ұсыныс-тілектеріңізді білуге де асығып тұр, – деп, тұс-тұстан тағы жамыраса бастады.

Ха-ха, әне, бұның бәрі жаңа өзі де әдетте кітаптарды көп оқитын, әсіресе, фольклорлық рухани жәдігерліктерге үнемі үлкен бір қызығушылықпен қарайтын Ария апайдың өзіне де тым қатты ұнап-ақ қалды емес пе?! Әдетте бұларға тіктеп қарап, өзінің ойындағыларын еш бүкпесіз бірден тіке айтатын апайдың өзі де енді сәл кібіртіктеп, іштей әлдебір толғаныстарға берілгендей болып, келер бір сәттерде көздері тіптен-ақ жайнап кеткендігін сондағы тым таяу тұстан бұлардың өздері де анық-айқын көріп-ақ тұр еді.

Тек ол кісі әзірге сәл езу тартып, қапелімде олай-бұлай деп, батырып бірдеңе деуге асықпай, ернін сәл жымқырғандай болды да, сосын:

– Жоқ-ау, балқандар, мен бұл жерде сендерге олай-бұлай деп, қапелімде не дейін?! Егер, өздеріңнің қолдарыңнан келсе, алда неге бұны өзінше бір сахналық қойылымға айналдырмасқа?! Болады ғой! Мен де солай деп ойлаймын, балалар! Мен сендердің жаңағы айтқан әңгімелеріңе қарап, өздеріңнің талғамдарыңның тіптен зор екендігіне, халықтық мұраға осыншалықты бір құрмет, әрі үлкен сүйспеншілікпен қарағандықтарыңа шексіз риза болып тұрмын! Алайда, «Қыз Жібек»-тей атақты халықтық дастанды сахналағанда, оған тек бірыңғай тарихи дерек, не өткен замандағы ел басынан бір оқиға ретінде ғана қарамай, ондағы көркемдік пен сұрулықтың биік өре, жоғары әуендегі келісімдерін де қамтуға тырысқан жөн ғой! Аһ, білесіңдер ме, бұл... бұл тіптен де қиын шаруа ғой, балалар! – деп, тағы да оқыс елеңдеп, іштей бір мазасыздық күйге түскендей кейіп танытып, ал, өзі сәл үнсіздіктен соң, бұларға қайта бір жалт бұрылып: – Бұндай қиындықтан бізді тек ән ғана құтқаруға тиіс, балалар! Түсінесіңдер ме, балалар, ән, ән!.. Әнсіз алда ешқандай Қыз Жібек те, ешқандай бір драмалық қойылым да жоқ!.. Оның өнбойындағы бар әрі мен сәні, адам жанын соншама елітіп, кереметтей бір қызығушылықтар туғызып, рухани ләззат беретін тұсы да тек сол ән ғой!.. – деді.

– Ән?!

– Ән дейсіз бе, апай?!

Осы сәт Арғымақов та іштей қиналып, өз-өзінен тағы күмілжи қалды:

– Ән, ән?!

Ария апайдың қызбаланғандығы соншалық, ол енді қайта тез іліп әкетіп:

– Балалар, қалай десек те, бұл жерде ән өз-өзінен-ақ осыншама сұранып тұр ғой?! Иә, алда бұндағы біздің басты бір ұтатын жеріміз де ән, ария ғой!.. Түсінесіңдер ме, балалар, онсыз енді мүлдем болмайды!  деді тіптен де кесіп-пішкендей қылып.

Бұлар әлгі жерде тағы өзара шуласып кетті. Арғы жақтан Ария апайдың үйіндегілер, ол кісінің жолдасы, балаларына дейін әлсін-әлсін есіктен сығалап, өздеріне тынымсыз қарағыштай бергендерімен, сондағы бұлар да қапелімде еш тоқтай алмай, тағы да тұс-тұстан Ария апайға жамыраса үн қатып:

– Ән-ария дейсіз бе, апай?!

–Кәдімгі ария ғой?!

– Ол да осы ән секілді қылып айтылмайтын ба еді, апай?! – десе де, өздерінің сондағы ең бір қиналыңқырап қалған жері де дәл осы тұс еді. Бірақ, бұларды сондағы бұл қиындықтан құтқарып, тығырықтан тез арада әрі қарай алып шығып, бірден жол көрсеткен де Ария апайдың өзі болмады ма?!

 

923 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз