• Ел мұраты
  • 16 Желтоқсан, 2022

«АУЫЛ» КЛАСТЕРІ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАРҚЫН ДАМУЫНЫҢ ЛОКОМОТИВІ

Орақ АЛИЕВ,
 «Тұран» білім беру корпорациясының 
вице-президенті, «Тұран-Астана» университетінің профессоры, Қазақстан экономикалық ғылымдары академиясының академигі

 

«Ауылсыз қазақ – ұлт ретінде қазақ емес, ауылсыз Қазақстан – қоғам ретінде  Қазақстан емес!»

 (Авторлық ұран)

 

1. ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ   ҚОҒАМНЫҢ ЖАЛПЫ

СИПАТТАМАСЫ АРҚЫЛЫ

МӘСЕЛЕ ҚОЮ

Қазақстан қоғамы посткеңестік кезең ішінде, өкінішке орай, бұрынғы, тіпті тиімді жұмыс істеген кәсіпорындар, сондай-ақ қоғамның қолайлы ресми және бейресми институционалдық нормалары мен құндылықтары жойылып, ал жаңасы, қалаулысы және күтілетіні, ең бастысы, әлеуметтік жағынан әділі, әлі дұрыс белгіленбеген «аномия» (ауытқымалы) күйінде қалып отыр. Бұл жағдай ҚР Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың екі бірдей сайлауалды бағдарламаларында да, одан кейінгі сөйлеген сөздерінде де  «әділеттілік» ұғымына баса назар аударуына түрткі болды.

Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық қоғам жекелеген «жергілікті табыстарды» есепке алмағанда, қоғамдық өмірдің негізгі бағыттары – идеология, саясат, экономика, өркениет, мәдениет, тәрбие, білім, денсаулық сақтау, ғылым, технология, демография, әлеуметтік жіктелу, мемлекетаралық (халықаралық) қатынастар бойынша өтпелі қоғамның «төмендеуші бағыты» бойынша жүрді. Дәл осы жағымсыз жағдайлар жоғарыда аталған көптеген қоғамдық құрылымдарды Қазақстан Президентінің тапсырмасы бойынша СЖжРА (ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі) құрастырған қазақстандық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі он негізгі ұлттық басымдықтары мен ұлттық жобаларының тізіміне енгізуді түсіндіреді.

Жоғарыда аталған «олқылықтардың» салдарынан қазақстандық қоғам осы уақыт ішінде ғылыми әдебиеттерде, ресми және бейресми ақпарат көздерінде айтылып келе жатқандай, әлемдік экономиканың аумалы-төкпелігімен (турбуленттілігімен) «COVID-19» тудырған қазіргі әлемдік пандемиямен әлденеше рет күшейген тұрақты депрессиялық-дағдарыстық жағдайда болды. Бақытымызға орай, жақын болашақтан жақсылық күте отырып, біздің қоғам осы жағдайларда да өзіне қатысты сауықтыру кепілі болып табылатын «салауатты сын» көрсете білді.

Жоғарыда айтылғандарға сүйене отырып, біздің отанымыз мемлекет дамуының түбегейлі ЖАҢА БАҒЫТЫНЫҢ (теория, тұжырымдама, үлгі, бағдарлама, жоба, тетік) экономикалық жағынан тиімді, әлеуметтік жағынан әділетті және рухани бай мазмұнын әзірлеуге және іске асыруға аса мұқтаж деп айта аламыз. Ол өмірдің көптеген салаларында көпжылдық «Авгий ат қораларын» тазартуға және өзіндік (бірегей) қоғам ретінде ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІКТІ жоғалтудың өте жағымсыз үрдісін еңсеруге бағытталуы тиіс.  

Мұндай бағытты жүзеге асыру үшін біздің билік құрылымдарымызға соңғы уақытқа дейін саяси ерік-жігер жетіспеді. Дегенмен, тұтастай алғанда, 2019 жылдан бастап мемлекеттің жоғары билік құрылымдарында оң ілгерілеушілік байқалды: «Жаңа экономикалық бағытты» әзірлеу ұранымен қоғамды жандандыру және қайта құру жөніндегі лайықты идеялар мен жобаларға мүдделі сұраныс пайда болды.

Осы жағымды  жағдаятты таза субъективтік-психологиялық және зияткерлік-рухани тұрғыдан, ал ең бастысы, болжамды жаңа бағыттың «әділеттілік» түйінді сөзінің мағынасын аса дұрыс қабылдай отырып, саяси экономия маманы, ғылымтанушы және білімтанушы (эпистемолог) ретінде  мен өзімнің осыдан біраз бұрын жарақталған идеямды (жобаны) төмендегі мәтінде  тұжырымдамалық түрде ұсынғым келедіОсы арқылы оны отанымыздың мемлекеттік және қоғамдық құрылымдары мен басқа да мүдделі тұлғалары еститін болады деген есебім бар. Оқырман назарына мынадай мәлімет бере кетейін: бұл авторлық жоба «Ауыл» бас кластері Қазақстанның жарқын дамуының локомотиві» деген атпен ҚР Президенті мен Үкіметіне тапсыру өтінішімен, Қазақстан Республикасының бұрынғы Мемлекеттік хатшысы Қ.Е.Көшербаевқа ресми кездесу кезінде табыс етілді. Өтініш орындалғаны анық, мен осы жоба бойынша ҚР СЖжРА төрағасының орынбасары Ж. Мәдиевтің 2021 жылғы 9 сәуірдегі қолымен оң жауап алдым. Бірақ одан әрі жоба идеясы елдің экономикалық даму мәселелеріне қатысты ресми мемлекеттік құжаттарға енгізілмеді. Сондықтан да мемлекет билік тарапын, оқырман көпшілікті, соның ішінде ғылыми қауымды хабардар ету үшін осы жұмысымды «Ақиқат» журналына жолдап отырмын.

2. «АУЫЛ» БАС КЛАСТЕРІНІҢ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ

ЖӘНЕ ҒЫЛЫМИ НЕГІЗДЕМЕЛЕРІ

Өздеріңіз білетіндей, кез келген соншалық жаңа әлеуметтік маңызды бастаманы мемлекеттік ауқымда жариялау, ең алдымен, негіздемені қажет етеді. Ұсынылған жобаның негіздемесі ретінде мен «Мемлекеттік жоспарлау жүйесі» атты ҚР СЖжРА (22.10.2021) тұсаукесерін алдым [1].

Бұл құжат өз кезегінде ҚР Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған бірқатар тапсырмаларына негізделеді, атап айтқанда:

а) «Барлық азаматтарға түсінікті жинақы ұлттық жобалар форматына көшу уақыты келді»;

б) «Орта мерзімді экономикалық саясатты айқындау және мемлекеттік бастамаларды жүйелеу мақсатында біз 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарын қабылдадық және мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесіне көштік. Ұлттық жобалар бекітіледі». Кейіннен бұл тұсаукесерде Ұлттық басымдықтар да анықталды.

Ұсынылған әзірлемедегі идеологиялық-ақпараттық тұрғыда автор жоғарыда аталған ережелерге сүйенеді. Сонымен қатар, ұлттық «бастамаларды», «басымдықтарды», «жоспарларды», «бағдарламаларды», «жобаларды», «үлгілерді» қамтитын кез келген жаңа әлеуметтік маңызы бар «бағыт» ғылыми, теориялық-әдіснамалық негіздемені қажет етеді. «Ғылым жарығын түсірмесе, мұнай да қараңғылықтан құтқармайды», – деп айтпап па еді бір кездері аса білімді химик ғалым Д.И. Менделеев. Бұл Қазақстанның бүгінгі болмысына тікелей қатысты тұжырым! Осы тұрғыда ұсынылған тұжырымдамада автор әзірлеменің жеке ғылыми әдіснамалық негіздері ретінде келесілерді алады:

– біріншіден, қазақ (Қазақстан) қоғамын сипаттаудағы «тарихилық ұстаным»: кешегі өткеніміз бен ішінара қазіргі кездегі қазақ халқының бай көшпелі (жартылай көшпелі) өркениеті мен бірегей дүниетанымының (менталитетінің) болуы; жалпы қазақ қоғамының, атап айтқанда, көшпелі шаруашылықтың тіршілік болмысының жоғары руханилығы, ұжымшылдығы және синкреттігі (бөлшектенбеуі). Бұл қағидат қазақ халқының ортақ өркениеттік-тарихи, рухани-адамгершілік және материалдық-шаруашылық «кодын» «өткенімен-қазіргісімен-болашағымен» ажырамас бірлікте сақтау үшін «жұмыс істейді»: бір жағдайда бұл ұғымды түсіну «қазақ ұлтын» осы ұғымның шынайы мағынасында қалыптастыру бағытында, ал екіншісінде, жекелеген жетістіктерге қарамастан, қазіргі Қазақстан ұлттық экономикасының, тұтастай алғанда, аграрлық-индустриялық түріне жататындығын мойындау үшін;

– екіншіден, талдаудың «жүйелілік қағидасы», яғни болашақта, және де, тек қысқа және орта мерзімді ғана емес, сонымен қатар ұзақ мерзімді, тіпті тым ұзақ мерзімді кезеңдерде қазіргі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жүйесін дамытудың түбегейлі идеясын, негізгі буынын, «тіректі құрастырылымын», бас қозғалтқышын, «жетекші локомотивін» айрықша бөліп көрсету. Яғни оларды СЖжРА ұсынған көптеген Ұлттық басымдықтардың, Ұлттық жобалардың, сондай-ақ бұрынғы іске асырылмаған  Ұлттық кластерлердің ішінен негізгісін (күретамырын, өзектісін, діңгегін) іріктеп-анықтау қажеттігі. Бұл қағида әсіресе экономиканы қаржыландыруда, әдетте, көп жерде кездесетін, негізінен тиімсіз, «әр қызға – бір-бір сырға» деген  «жалпақ шешейлік» ұстанымға қарсы «жұмыс істейді». Демек, «сырғаны», бұл жерде алдымен қаржы құятын негізгі саланы,  оның құндылығына, сапасына, «салмағына» және маңыздылығына қарай таңдау керек деген тұжырым қалыптасады.

– үшіншіден, СЖжРА қабылдаған ҚР Ұлттық басымдықтары мен Ұлттық жобаларды біз ұсынып отырған «Ауыл» бас кластерімен «тығыз үйлестіру ұстанымы». Бұл ұстаным қазақстандық қоғамды дамыту ісіндегі «жаңа бағыттың» осы үш негізгі құрамдас бөлігінің  іс-әрекеттерін бағыныштылық (субординация) және үйлестірілімділік (координация) тетіктерін анықтауға мүмкіндік береді және «синергия әсерін» – олардың бірлесе отырып, бір бағытта келісілген жұмысының қалаулы нәтижесін  алуға ықпал етеді.

Ұсынылып отырған идеяның жеке ғылыми теориялық негіздері ретінде біз бірқатар белгілі және біршама ұмытылған экономикалық теорияларды (тұжырымдамаларды) басшылыққа алдық, атап айтқанда, олар мыналар:

қазіргі әсіре эгоцентристік адамзат мәдениеті (цивилизация) мен қасиетті Табиғат-Ана арасындағы қатынастарды үйлестіруді көздейтін «адамзаттың орнықты даму тұжырымдамасы» (Рио-де-Жанейро, 1992). Әңгіме бүкіл заманауи адамзат қоғамының болмысын «экологияландыру» туралы болып отыр. Бұл жерде  Ежелгі Рим ойшылы  Сенеканың ескертуін басшылыққа алу ләзім: «Табиғат бізді оған кіру кезіндегідей (қандай ниетпен?.- О.А.) шыққан кезде де (өндіріс кезінде.- О.А.) тінтиді. Алып келгеннен артық шығаруға болмайды». Шынында, бұдан жақсы айта алмайсыз!

жекелеген қоғамның, нақты айтсақ, қазақстандық қоғамның, оның  материалдық негізі – елдің ұлттық экономикасын дамытудың «ұдайы өндіріс  теориясы». Бұл теорияның мәні «тиімді өндіріске», «әділетті  бөліске»; «баламалы (мөлшерлес) айырбасқа», «қанағатты тұтынуға» саяды. Аталмыш теория бізге (мемлекетке) өндірісте қандай өсуге (таза сандық көрсеткіш) қол жеткізсек те (10, 20, 50, тіпті 100 және одан да көп пайыз),  бөліске, айырбасқа және тұтынуға қойылатын аталмыш талаптарды  сақтамасақ, бізде ешқандай да нақты даму (сапалық көрсеткіш) болмайтындығын «ескертеді».Демек, бұл теория біздің мемлекетімізге, оның жоғарғы басқару органдарына, сондай-ақ шаруашылық жүргізуші субъектілерге дәстүрлі түрде жыл сайын көзделетіндей «өсуге» емес, «дамуға» басты назар аудару керектігін айтады. Мәселе мынада, бұл қарапайым адамға түсініксіз де болуы мүмкін, экономиканың өсу қарқыны кандай деңгейде болса да, айталық, ол төмендеу, нөлдік және тіпті минустық сипатта болса да, нақты «даму» орын алады! Бірақ тағы да қайталаймын: бұл қолайлы жайт жоғарыда айтылған қоғамның әлеуметтік-экономикалық жүйесін дамытуда «ұдайы өндіріс теориясының» (заңының) тұрақты «талаптарын» сақтаған жағдайда ғана орын алады. Ақиқатында, дәл осы талаптардың сақталмауынан еліміздің бүгінгі даму сипаты мен деңгейінің мүшкіл екендігі туындайды;

түптүйіні (квинтэссенциясы) елдің экспорты мен импортының арақатынасы болып табылатын «халықаралық экономикалық қатынастар теориясы. Бұл мәселе бойынша мынаны ғана айтқым келеді: біздің еліміз өзінің табиғи, материалдық және зияткерлік-рухани байлығымен ӨЗІН-ӨЗІ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТЕ АЛАТЫН ЕЛ! Қажет болса, біз өз қоғамымыздың (халқымыздың) өміріне керекті барлық қажеттіліктерді кем дегенде 70-80 пайызға, тіпті одан да көпке қамтамасыз ете аламыз. Тек мемлекет тарапынан тиісті мақсатты идеологиялық және саяси ерік-жігер болса жеткілікті!;

«Әскери экономика саясатының» белгілі бір баламасы болып табылатын, біршама ұмытылған «жұмылдыру экономикасы теориясы». Соңғы бірнеше онжылдықтағы жағдаят және  қазіргі отандық болмыс осы теорияның (саясаттың) басты идеясын қолдану қажеттілігін анық көрсетіп отыр. Оның басты идеясы қоғамның барлық салаларының жұмысын алдымен неге басымдық беріп, қай саланы жандандыруға жұмылдыру (мобилизациялау) керек дегенге саяды.  Бұл сала, автордың пайымдауынша, қазіргі Қазақстанның, Жаңа Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жүйесін дамытудың  бас қозғалтқышы (моторы), жетекші локомотиві болып табылатын агроөнеркәсіптік кешен (АӨК). Ал оның «басты субъектісі»мәртебелі Ауыл екендігі айдан анық ақиқат!

ең соңында, бұл – «кластерлік даму тұжырымдамасы». Бар болғаны оншақты жыл бұрын ғана  «Қазақстан экономикасын жаппай кластерлендіру» туралы Үкімет қаулы шығарып, мемлекеттік және ғылыми мекемелер біраз «шу» көтергендеріне, жазғанына, талай жиналыстар өткізгендеріне қарамастан, бүгінгі күні  тым-тырыс, оның бәрі ұмытылған. Дегенмен, автор осы кластерлік даму тұжырымдамасын  өзі ұсынып отырған әзірлемені іске асырудың тікелей әдісі, құралы, тұтқасы ретінде басшылыққа алады.

3. «АУЫЛ» БАС КЛАСТЕРІНІҢ  

 ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ

МАЗМҰНЫ МЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ШАРТТАРЫ

Мамандар білетіндей, осыдан біршама уақыт бұрын елдің ұлттық экономикасының кластерлеуге деген жалпы әуестену кезеңінде (кластер ағылшынша сluster – шоғыр, топ) 7-ден 11-ге дейін кластерлеролардың бәрі үшін ортақ белгілермен және, ең бастысы, ортақ мақсатты қызметтермен айшықталатын салалар мен орталардың топтары тізілді. Бұл идеяның өзі жақсы-ақ! Бірақ, солай бола тұра, «отандық кластерлеудің» негізгі кемшілігі жүйесіздігі еді, яғни иерархияның – барлық қалған кластерлер бағынышты (рецессивті) рөл атқаратын белгілі бір негізгі, бас (доминанттыкластердің айқындалмауы. Басқаша айтқанда, бұл жерде мен сынаған «әр қызғабір-бір сырға» ұстанымы орын алды. Әлгі бас (доминантты) кластер, яғни «айбынды кластер»  туралы әңгіме тіпті де көтерілген жоқ. Бұл «ауруға» кейін СЖжРА құжатында қабылданған  Ұлттық басымдықтар мен Ұлттық жобалардың да  ұшырағанын айта кету керек. Егер біз оларға жүйелілік сипатын бермесек, олардың да қажетті нәтиже бермейтініне сенімдімін және кейінірек «неге бұлай болды?» деп түсінбей жатамыз. Не істеу керек?

Біріншіден, ұсынылған жобаға қатысты Қазақстанның ұлттық экономикасын кластерлеудің тамаша идеясын «қайта жаңғырту» қажет;

Екіншіден, барлық кластерлердің ішінен «Ауыл бас кластері» (қысқаша АБК) деп аталатын бір «доминантты (бас) кластерді» бөле жарып айшықтау өте маңызды; оған барша басқа кластерлер қосалқы кластерлер (субкластерлер) ретінде «жұмыс істеуі» керек;

Үшіншіден, он Ұлттық басымдықтың ішінен «бас басымдықты» бөліп көрсету керек. Менің ойымша, олбарлық басқа басымдықтарды өзіне тәуелді етіп, олардың мәні мен мағынасын анықтайтын «Әділетті әлеуметтік саясат» («әділетті» сөзіне назар аударыңыз!)  басымдығы;

Төртіншіден, он Ұлттық жобаның ішінен «бас жобаны» анықтау керек. Оған барлық басқа жобалар қосалқы жоба ретінде «қызмет етуі» шарт.  Бас жоба санатына негізгі субъектісі ауыл  болып табылатын «Агроөнеркәсіптік кешен» (АӨК)  жобасын ұсынамын. Бұл жерде біздің ұсынысымыз ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаевтың ҚР агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтау кезінде (21.11.2021 ж.) «Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасы үшін СТРАТЕГИЯЛЫҚ сала болып табылады» деген пікірімен толық сабақтасып жатыр.

Осылайша, біз кластерлерден, жалпыұлттық сипаттағы басымдықтардан,  жобалардан үш «негізгілерін» (доминанттарын) бөліп алдық. Осы тұста мынадай сұрақ туындайды: қосалқы кластерлерден, қосалқы басымдықтардан, қосалқы жобалардан тұратын осы «үш доминанттың» арақатынасы қандай? Жауабым дайын: а) барлық қосалқы басымдықтар – бас (доминантты) басымдыққа, барлық қосалқы жобалар, тиісінше, бас (доминантты) жобаға, барлық қосалқы кластерлер бас (доминантты) кластерге «жұмыс істейді»; б) өз кезегінде, Бас басымдық пен Бас жоба (әрине, өздерінің қосалқы басымдықтарымен және қосалқы жобаларымен) «Ауыл Бас Кластеріне» жұмыс істеуі тиіс. Неліктен?

Мәселе мынада. АУЫЛ, қазақ үшін осы қасиетті де киелі сөз өзінің төрт бірдей мағынасымен [2] және  барша материалдық-рухани байлығымен шынайы да қайталанбас ҚАЗАҚИЛЫҚ пен ҚАЗАҚСТАНДЫҚТЫҢ басты белгісі (атрибуты), болмыс-келбеті, күретамыры, діңгегі, түптүйіні (квинтэссенциясы) болған және солай болып қала береді де!. Яғни «ауыл болмаса – ұлт ретінде қазақ болмайды, ұлт ретінде қазақ болмаса қазақ елі болмайды, демек, қазақстандық қоғам да болмайды! Отанымыздың саналы азаматтарының ешқайсысы да мұндай мүшкіл тағдырды қаламайтынына сенімдімін.

Басқаша айтқанда,  басты тұлғасы (субъектісі) – АУЫЛ болып табылатын аграрлық саланы, кеңірек тұрғыда, еліміздің тұтас агроөнеркәсіптік кешенін «көпшілік болып», «бір жағадан бас, бір жеңнен қол», яғни синергиялық қағидатпен ғана бүгінгі ауыр жағдайдан шығара аламыз. Олай болса, алдымен агроөнеркәсіптік еңбекті жаңғырту, ауыл тұрғындарының ұлттық өркениетке (культура) негізделген жасампаз өмір салтын қалыптастыру, шынайы адами (гуманистік) жаңашыллық мәдениеттің (цивилизация) ең озық әлемдік жетістіктерін пайдалану арқылы  Қазақстанды (Қазақ Елін) бірегей әлеумет ретінде орнықтыра аламыз. Өз кезегінде, «Ауыл Бас Кластері» еліміздің ұлттық экономикасының барлық салаларының қажетті де таптырмас және пәрменді «жетелегіш локомотиві» болып табылатыны сөзсіз. Осының бәрін жүзеге асыру үшін бізде табиғи, материалдық, қаржылық және зияткерлік-рухани әлеуеттің (ресурстардың) бар екенін қайталаймын. Тек қана елдің құзырлы мемлекеттік құрылымдары тарапынан осыған деген оң ниеті, ықыласы, ерік-жігері болуы хақ. Олай болмаған жерде, өкініштісі, біздің Отанымыздың болашағы жоқ!

4. «АУЫЛ» БАС КЛАСТЕРІНІҢ  

«ЖҰМЫСЫНЫҢ»

ҚҰРЫЛЫМЫ МЕН ЖАЛПЫ ТЕТІГІ

«Ауыл» бас кластерінің құрылымы мен жалпы «жұмыс жасау» реті 1-ші кескіндемеде айқын көрсетілген. Олардан көрініп тұрғандай, сегіз қырлы конустың басында ауыл шаруашылығының, бүкіл агроөнеркәсіптік кешеннің (АӨК) өзегі ретінде, ал егер кеңірек алсақ, ұлттық экономиканың және тұтастай Қазақстан қоғамының іргетасы ретінде АУЫЛ орналасқан.

Конустың сегіз бүйірі осы мәртебеде «АУЫЛ» бас кластеріне «қызмет етуі және жұмыс істеуі» керек болатын АБК-ың қосалқы кластерлеріне сәйкес келеді. Олар мыналар:

1.«Жол» қосалқы кластері: халықаралық, жалпы республикалық, облыстық, аудандық, ауылдық. Ежелгі Қытайдың әйгілі «Он мың шақырымдық жол бірінші қадамнан басталады» деген мақалды өзгерте отырып: «Ауылға жанымен де, жүрегімен де апаратын жол – сапалы жолдың алғашқы метрлерінен басталады» деп айтуға болады!

2.«Электрмен, газбен жабдықтау» қосалқы кластері: ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен ұйымдарын (кооперативтік, жеке, дербес) және әрбір ауылды (үлкен және шағын) энергия үнемдейтін электр энергиясымен және газбен жылытумен қамтамасыз ететін салалар. Мұнда «Үйде жарық пен жылу болсажаныңа жарық пен жылу төгіледі» ұстанымы жұмыс істейді!

3.«Сумен жабдықтау» қосалқы кластері: ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен, ал мал шаруашылығы мен егін шаруашылығын дамыту үшін ауыл шаруашылығы өндірісін қажетті мөлшерде сумен қамтамасыз ететін сала мен компаниялар. Мұнда «Сутіршілік көзі!» деген өрнекті ой түсініктемені қажет етпейді.

4.«Ауыл құрылысы» қосалқы кластері: ауылдық (АӨК шеңберінде) өндірістік, инфрақұрылымдық, азаматтық құрылыспен айналысатын салалар мен компаниялар. Бұл жағдайда «Әрбір ауылдық отбасыға іргесінде қосалқы жері бар отбасылық жақсы үй» ұраны орынды!

5.Агроөнеркәсіптік кешеннің құрамына кіретін «Ауыл шаруашылығы техникасы» қосалқы кластері: Ауыл шаруашылығын әртүрлі заманауи техникамен, технологиямен және басқа да өндіріс құралдарымен (электроника, машина жасау, металлургия, мұнай-химия, тоқыма салалары) қамтамасыз ететін салалар. Бұл жерде «Жоғары инновациялық техника және технология – аграрлық еңбектің жоғары өнімділігінің кепілі» қағидаты жұмыс істейді! Мысалы, өсімдіктерді тамшылатып және тұманды суару, «жасанды жаңбыр» және т.б. технологиялар.

6.«Ауыл шаруашылығы өндірісі» қосалқы кластері мал шаруашылығы және егін шаруашылығы түрлеріндегі АӨК-нің негізгі екі буыны болып табылады. Қоғамдық еңбек бөлінісі (мамандандыру, кооперация, шоғырландыру, орталықтандыру, біріктіру, интеграциялау, ақылға қонымды әртараптандыру) және Қазақстанның аграрлық саласының абсолютті артықшылықтарын пайдалану негізінде аграрлық еңбекті ғылыми ұйымдастыру, жоғары және сапалы нәтижелер алуға бағытталған ауыл шаруашылығы өндірісінің бүкіл жүйесін кәсіби-құзыретті басқару.

7.АӨК-нің қорытынды құрамдас бөлігі (блогы) болып табылатын өндірілген және ішінара қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алушыға немесе түпкілікті тұтынушыға жеткізетін «Ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау, қайта өңдеу, жеткізу» қосалқы кластері. «Өз үйіңді өзің сал» ұстанымы бойынша бұл жерде «Өзіңнің ауылшаруашылық шикізатыңды өз қолыңмен өңдеу (қайта өңдеу)!» ұраны орынды және де, мүмкіндігінше, артық делдалдарсыз ауыл шаруашылығы өнімдерін түпкілікті тұтынушыға жеткізу.

8.«Ауылдың әлеуметтік және адами капиталы» қосалқы кластері. Ол мынадай маңызды инфрақұрылымдық құрамдас бөліктерден тұрады:

– Тәрбие жүйесі: түрлі өркениеттік-мәдени демалыс және спорт мекемелерімен этникалық, зайырлы, кәсіптік тәрбие беру саласы.

– Білім беру жүйесі: АӨК кадрларының кәсіби біліктілігін үнемі арттыра және қайта даярлай отырып, барлық деңгейлерде жалпы және кәсіптік білім беру, оның ішінде «Дипломмен ауылға!» арнайы жобасын іске асыру.

–Денсаулық сақтау жүйесі: ауыл тұрғындарына медициналық-фармацевтикалық қызметтердің қолжетімділігі мен жоғары сапасын қамтамасыз ету.

– Ауыл тұрғындарына тұрмыстық, теле-коммуникациялық және компьютерлік қызмет көрсету саласы (моншалар, кір жуатын орындар, шаштараздар, қоғамдық тамақтану, дүкендер, қоғамдық көлік, теле-интернет қызметтері және т.б.).

– АӨК үшін іргелі және қолданбалы ғылым. Яғни отандық, сондай-ақ әлемдік жаратылыстану, техникалық (технологиялық), гуманитарлық ғылымдар және ғылыми-тәжірибелік жетістіктер негізінде «Ауыл» бас кластерінің қосалқы кластерлерінің және агроөнеркәсіптік кешеннің құрамдас бөліктерінің тиімді жұмыс істеуі мен дамуын зияткерлік-ғылыми жағынан қамтамасыз ету.  

Автордың пайымдауы бойынша, барлық қосалқы кластерлер синергия қағидаты бойыншабір бағытта бірлесе және келісе әрекет ету арқылы барлық Ұлттық басымдықтардың, Ұлттық жобалардың маңызды элементтерін қандай да бір жолмен өзіне «қабылдай» отырып, жоғарыда аталған мағынада «АУЫЛ» бас кластерінің жоғары мұраты мен асыл мақсатының толыққанды іске асырылуын қамтамасыз етуі тиіс. Осыдан бірнеше алдын-ала тұжырым-ұсыныс жасамақпын:

а) Қазіргі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі «Агроөнеркәсіптік кешен министрлігі» (ҚР АӨКМ) болып өзгертілуі орынды;

б) ҚР АӨКМ-і ҚР стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігімен  бірлесе отыра ғалымдар мен мамандарды тарта отырып,  ҚР Үкіметінде бекіту мақсатында «АУЫЛ БАС КЛАСТЕРІ туралы ережені» (немесе басқа қажетті құжатты) әзірлеуі тиіс;

в) ҚР АӨКМ-не оның міндеті ретінде «АУЫЛ» бас кластерінің қызметін реттеу, үйлестіру, бақылау және түзету жөніндегі барлық өкілеттіктер  жүктеледі

.

5. «АУЫЛ» КАЛАСТЕРІНІҢ ЖҰМЫС

ІСТЕУІНЕН КҮТІЛЕТІН НӘТИЖЕЛЕР

Қысқа мерзімді, орта мерзімді, ұзақ мерзімді және өте ұзақ мерзімді кезеңдерде АБК-нің тиімді жұмыс істеуінің анағұрлым елеулі күтілетін нәтижелеріне келетін болсақ, олар, түптің түбінде, мынадай болмақ:

Экологиялық нәтижелер. Адамның тіршілік ету ортасына экологиялық қағидаттармен қатынас орнату, яғни әлемдегі озық «экологияға бағдарланған» өндірістік және инфрақұрылымдық технологиялардың негізінде табиғат аялаушы «Жасыл Қазақстанды» қалыптастыру мүмкіндігі туады.

Экономикалық нәтижелер. Қазақстанның барлық абсолютті және салыстырмалы артықшылықтарын (ең алдымен орасан бай және алуан түрлі табиғи және ауыл шаруашылығы әлеуетін) ұтымды пайдалануға негізделген және ең алдымен қазақстандық қоғам мен жалпы әлемдік қоғамдастық тыныс-тіршілігінің ішкі және сыртқы жағдайларының кез келген қиыншылығына қарамастан елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе құраушы, ресурс үнемдеуші, орнықты да синерготиімді ұлттық экономиканы қалыптастыру орын алады. Бұдан басқа, «акселерация» (жеделдету) және «мультипликация» (көбейту, ұлғайту) қағидаттары бойынша АБК елдің ұлттық экономикасының барлық басқа базалық құрылымдарын дамытудың жетекші «локомотиві» рөлін атқаратын болады.

 –  Әлеуметтік нәтижелер. Басында алдымен ауылдың, содан кейін «мультипликативті (ілеспе-ұлғайту) әсері» қағидаты бойынша   барлық ауылдан тыс, соның ішінде еліміздің қала тұрғындарының әлеуметтік тыныс-тіршілігінің айтарлықтай жақсаруы және өмір сүру сапасы мен деңгейінің жоғарылауы әбден мүмкін.

Рухани-адамгершілік нәтижелер. А) ауыл шаруашылығына және ауылға кезінде олардан «қадірін білмейтін балалары»индустрия және инфрақұрылым: қала, өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда, қызмет көрсету саласытартып алған қасиетті тарихи рөлі мен еш уақытта қамқорлығын бұлдамайтын Жер-Ана мәртебесін әділ түрде қайтаруБ) кіндігі АУЫЛ болып табылатын қазақ этносының (және жалпы ауыл халқының) байырғы рухани-адамгершілік құндылықтарын жаңғырту. ні

ңДемографиялық нәтижелер. Ауылдың экологиялық-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық және рухани-адамгершілік тұрғыдан толыққанды дамуы мен өркендеуі ауыл еңбегінің және өмір салтының тартымдылығын, беделін және болашақтылығын арттыруға, сәйкесінше, қазіргі мәжбүрлі эмиграцияны азайтуға және иммиграцияны күшейтуге, ретсіз урбанизация үрдісін (қала өсуін) бәсеңдетуге және кері, бірақ елге қолайлы үрдісті күшейтуге – халықтың қалалардан ауылдарға қоныс аударуына, Қазақстан халқының  табиғи өсуіне барынша оң әсер етеді.

Макроөңірлік нәтижелер. Геосаяси, геоаумақтық және геоэкономикалық қатынастар аясында Қазақстан қуатты және негізінен өзін-өзі қамтамасыз ететін мемлекет ретінде халықаралық аяда біртіндеп нақты егемендікке ие болады.

–  Жалпыөркениеттік және жалпымәдени нәтижелер. Ұсынылған тұжырымдамалық әзірлеме-жобаны тиімді жүзеге асыру, сайып келгенде, әлемдік адамзат қауымдастығының қазіргі және болашақ аясы мен көкжиегінде біздің отанымызды барлық жағынан бірегей және үйлесімді, өзінің абыройлы өткені, қиын-қыстау бүгінгісі және үміттенерлік гүлденген болашағы бар қоғамға айналдыратынына сенемін.  

«Ауыл» бас кластері қызметінің аталмыш болжамды (күтілетін) нәтижелерінің, өз кезегінде, тікелей және жанама түрде өткен жылы  Президент Қ.-Ж.Тоқаев қойған «аса маңызды міндет»еліміздің нағыз басты байлығы боп саналатын «ҰЛТ САПАСЫН ЖАҚСАРТУ-ға» барынша оң ықпалын тигізері хақ деп айтар едім!

ҚОРЫТЫНДЫ

Осылайша, бұл мақалада қазақстандық қоғамның ұлттық экономикасының өзекті кластері болып табылатын «АУЫЛ» бас кластерінің  негізгі идеясы, мұрат-мақсаты, құрылымы, жалпы жүзеге асыру тетігі және одан күтілетін нәтижелерінің негізгі бейіндері айшықталды. Бұл жерде осы мәселенің басқа қырлары, атап айтқанда, институционалдық (заңнамалық-құқықтық), ұйымдастырушылық, басқарушылық, қаржылық, салықтық, кредиттік-несиелік, сақтандыру, т.б. сұрақтары арнайы толығымен қарастырылмағандығын ескерген жөн. Дегенмен, қазіргі кезде елімізде дайындалып жатқан Жаңа экономикалық бағыттың негізі ретінде ҚР-ның тиісті мемлекеттік органдары осы тұжырымдық материалды қабылдаған жағдайда автор аталмыш мәселелер бойынша өзінің ғылыми жұмыстарының нәтижелерімен бөлісуге дайын екендігін мәлімдейді. Және де, кері байланыс қағидаты бойынша, ол мемлекетіміздің құзырлы мекемелерінен де, кең ғылыми қоғамдастықтардан да, қызығушылық білдірген жеке тұлғалардан да  осы мақалаға қатысты кәсіби пікір естуге үміттенеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі. Мемлекеттік жоспарлау жүйесі. СЖжРА тұсаукесері, 22 қазан 2021 ж. 49-бет. Интернет-ресурс.

2. Қазақ әдеби тілінің сөздігі. Он бес томдық. 2-ші том. Алматы, 2011, 214-221 бб.

 

966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз