• Ел мұраты
  • 06 Сәуір, 2023

Мәжіліс пен мәслихат жаңа есімдермен толықты

Сонымен Парламент Мәжілісі мен мәслихат сайлауы өз мәресіне жетті.  Биылғы сайлау науқанының өз ерекшелігі болғаны сөзсіз. Ел ішінде беделі бар, айтқан сөзі мен істеген ісі халыққа жағатын, бірақ бұрын-соңды Мәжіліс пен мәслихат сайлауларына қатыса алмай жүрген азаматтар, оның ішінде оппозиция өкілдері, қоғам белсенділері, орнықты ойы, салмақты пікірі, сыни көзқарасы бар тұлғалар еркін және ашық түрде сайлау науқанында өз бағдарламаларын жіті таныстырып, жұртшылықпен жүздесіп, түрлі форматтағы кездесулер өткізді. 
 

Шын мәнінде бұл жолғы сайлау науқаны нағыз бұқаралық сипат алды. Небір тартысты дебаттардың куәсі болдық. Интернет кеңістігіндегі пікіралмасулар, үміткерлердің халықты толғандырған сұрақтарға байланысты берген сұхбаттары, үндеулері – әділ бәсекенің көрінісін байқатты. Жаңалыққа, жаңашылдыққа толы бұл сайлау науқаны қоғамға айтарлықтай серпіліс әкелді. Көп дүниеге басқаша зер сала бастадық. Қарапайым халықтың көңіл-күйі де өзгерді. Үміткерлердің бағдарламаларын жан-жақты сараптап, кемшін тұстары болса, оларды да ашық айтты. Отыз жыл ішінде қордаланып қалған мәселелер аз емес. Солардың барлығы да осы сайлау науқанында үміткерлердің алдына тартылды. Әділ бәсекелестікке құрылған сайлау науқаны шын мықтыларды анықтауға мүмкіндік берді.
Иә, қоғам осылай есейеді. Ел осындай жаңа бастамалар арқылы көркейеді, дамиды. Ең бастысы – бұл Әділетті Қазақстан идеясын ту етіп алған сайлау науқанына айналды. Жаңғыру деген осы шығар. Әділетті Қазақстан көз алдымызда қалыптасты. Өзгерістер көз алдымызда болып жатыр. Мұны жоққа шығаруға болмас. Қоғам өзгеруге дайын. Жақсы жағына, әділдік жағына қарай. 
Әділетті Қазақстан дегеніміз ең алдымен әділетті қоғам. Әділдік пен әділеттілік бар жерде ғана заң үстемдік құрады. Ал заң үстемдік құрған жерде «бармақ бастылық, көз қыстылық» әрекеттердің жолы кесіледі. Қоғамның барлық мүшелері өз үнін билікке жеткізе алады. Уәжі тыңдаусыз, ескерусіз қалған адам болмайды. Барлығының мүддесі заң алдында қорғалады.  
Халқымыз сайлаудан кейінгі өзгерістерге үлкен үміт артып отыр. Шынайы өзгерістер осы сайлаудан кейін жасалатынына бек сенімді. Сондықтан бұл жолғы сайлау әдеттегіден бөлек сипатта, яғни мерекелік атмосферада өтті. Сайлауда жеңіске жеткен партиялар мен депутаттарға үлкен жауапкершілік артылғаны сөзсіз. Осы жауапкершілікті жан-жүрегімен сезініп жұмыс атқаратын депутаттар ештеңеден аянып қалмайды деген сеніміміз мол. Өйткені олар Әділетті Қазақстанның депутаттары болуы тиіс. Өзгеруге бет алған қоғам сияқты Парламент пен мәслихаттардың өзгергенін қалайтынымыз жасырын емес. Президентіміз айтқандай, Парламент қоғамдық мәселелерді ашық талқылайтын орынға айналуы керек. Ахмет атамыздың сөзімен айтсақ, ендігі Парламент «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болуы керек. Яғни, ешқандай мәселені көзден таса қылмайтын, жауапсыз қалдырмайтын, бәріне де ашық, шынайы баға беріп отыратын, сын айтатын кезде тартынып қалмайтын, ел мүддесіне нұқсан келгенде бұғып қалмайтын, кешегі Шерағаңдардай «ақырып теңдік сұрайтын» батыр да, батыл депутаттар қатары саясат сахнасына келуі керек. 
Осы жолғы сайлаудан кейін Мәжіліс пен мәслихат құрамы жаңа есімдермен толыға түсті. Бұл, сөзсіз, заң шығарушы органның тамырына қан жүгіртіп, әрқилы мәселе жаңаша көзқарастардың ортаға салынуына себепші болары анық.  Екіншіден, жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастайды. Парламент мінберіндегі пікірталастар, әртүрлі мүдделердің қайшылығы, барлығы да жиналып келгенде иненің жүзінен өткендей сапалы заңдардың өмірге келуіне әсері ете ме деген үміт басым. Үкімет мүшелерінің жұмысында, мемлекеттік органдардың қызметінде, әр салаға жауапты ведомстволардың бағыт-бағдарында әлдақандай олқылықтар орын алса, мұның барлығына Парламент депутаттары сергек қарап, «тура биде туған жоқ» деген қағида бойынша қордаланып қалған мәселелердің дереу шешім табуына күш салуы керек. Бүгінгі Әділетті Қазақстан жағдайындағы қоғам барлық салада болып жатқан реформалардан оң нәтиже күтеді. Президент тапсырмалары бұқара халықтың тілегінен бастау алып отырған соң, оларды уақтылы орындау, тиісті дәрежеде жүзеге асыру Үкіметтің де, Парламенттің де алдында тұрған жауапты міндет болмақ. Яғни, Әділетті Қазақстан әділеттілік принциптерін негізге ала отырып, жұмыс істейтін мемлекетке айналмаса, ауқымды іс-шаралардың зая кетпесіне кім кепіл? 
19 наурызда Орталық сайлау комиссиясы Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауында дауыс берудің алдын ала нәтижелерін жариялады. Ал 28 наурызда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Парламент Мәжілісінің VIII сайланымы депутаттарын тіркеу мәселесі бойынша Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Нұрлан Әбдіров Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауы өткен жылдың маусым айында республикалық референдумда жалпыхалықтық дауыс беруден басталған үлкен сайлау циклін аяқтайтынын, сайлауды өткізудің жаңа форматы азаматтардың саяси процеске қатысу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті және тұтастай сайлау саласын жандандырғанын, Парламент Мәжілісінің барлық 98 депутаты тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды, яғни тікелей азаматтар сайлағанын айтты. 
ОСК қаулыларына сәйкес Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VIII сайланымының 98 депутаты тіркелді. Оның ішінде тіркелген алты саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 69 депутат («AMANAT» партиясы - 40, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясы - 6, «Ауыл» партиясы - 8, Қазақстан Халық партиясы - 5, «Respublica» партиясы - 6 және ЖСДП - 4 депутат) және 29 депутат бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланды. ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров депутаттарға республиканың жоғары өкілді органында ел игілігі үшін жемісті жұмыс тілей отырып, куәліктер мен төсбелгілерді табыс етті.
VIII сайланған Мәжілістің жаңа депутаттары палатаның жалпы отырысында Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді. 

Д.ЖҰМАЖАНҰЛЫ

2178 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз