- Ел мұраты
- 26 Қазан, 2023
Түркі-Ислам тарихының ірі қаһарманы
Ислам Жеменей,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы
Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен деректері жайында
Ислам Жеменей,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Тұран-Иран» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, профессор, филология ғылымдарының докторы
Бағдат – әлем тарихында өрлеп, гүлденіп өркендеді. Мәдениет пен ғылымның шыңына самғап әлем назарын өзіне аударды. Екінші жағынан зұлым мен жауыздықтан ойран болып, мыңдаған адамның құрбан болып, мыңдаған жанның жараланып, босқын болуына куәлік етті. Үлгісі болған. Пайғамбармен аталас Аббас әулеттерінен болған Сәффаһ ибн Аббас (721-754) 750 жылы үммийе халифатын құлатып атасының есімімен Аббас халифатын құрды. Өзі 750-754 жылдары төрт жыл халифат тағыда отырды. Сәффаһ өлген соң екінші халифа болып, Мансұр Дәваниғи (714-775) жиырма бір жыл өте қуатты халифа болды. Ол 761 жылы «Бейбіт қаласы» атауымен Бағдат қаласының негізін қалады. Сол жылдан Бағдат ислам дінінің ғылым мен білім ошағына айналып, ислам өркендеуінің бастауы болды.
1258 жылы Құлағу басқарған әскер Бағдатты жаулап алды. Бұл жорықта әскер санының басым бөлігі ирандық сарбаздар болған. Олар қаланы қиратып, жүз мыңдаған тұрғынын қырып қан көліне айналдырды. Бағдаттан кейін Құлағу жорығын Сирия мен Мысырға жалғастырып, ислам дінін бір жолата жоюды мақсат етті. Бірақ мысыр мәмлүгінің сұлтаны Құтыз және Шам өңірінің билік тізгінін ұстап отырған Бейбарыс заманына тап келгені ислам әлемінің бағы болды. Құлағу Бағдаттан кейін Сирия мен Мысырға жорық жасау ықтималын болжаған Бейбарыс Құтызға бірнеше рет хат жазып моғол шабуылына қарсы бірігейік деп ұсыныс айтқан. Бейбарыстың бұл ниеті жүзеге асты. Құтыз бен Бейбарыстың одақтасуы Әйін-әл-Жәлут мекені жауға қарсы үлкен жеңіске жетті. Және Бейбарыстың мысыр мәмлүгінің сұлтаны болуына жол ашты. Сондай-ақ 1258 жылы Бағдатты Құлағу жаулап алғаннан кейінгі тарихи оқиғалар мысыр мәмлүктерінің әлемдік тарихта жаңа белестерге қадам басуына негіз болды. Өйткені Бейбарыстың жауға қарсы әскери істері, саяси басқаруы, мәдениетті өркендетудегі белсенділігі кейінгі зерттеуші ғалымдар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Түркиялық зерттеуші ғалым Рамазан Шешен Бейбарысты шын мәнінде мәмлүк патшалығын құрған тұлға ретінде бағалайды. Ол: «Түрік-Ислам тарихының ең ірі қаһармандарының бірі және мәмлүк билігінің шынайы құрушысы болған Сұлтан Рокнеддин Бейбарыс әл-Бондұқдари әл-Салиһи қыпшақ түркінің Бөрілі руынан десе, мысыр тарихшысы Бәдреддин Маһмұт әл-Әйни (1360-1451) оның Бершұлы руынан екенін айтады», – /2-9/ деп жазған.
Бейбарыстың туған мезгілі 1223, 1228 жылдар деп екі түрлі айтылады. Бірақ 1223 жыл ақылға қонымды келеді. Оның туған жері қыпшақ өлкесі делінген. Қазақ ғалымдары Каспий теңізінің солтүстігі, Жайық өзенінің жағалауы, Атырау өңірі деп пайымдайды. Және оны хандар тегінен деп айтады. Ибн Шеддад 1241 жылы моңғолдар Қырымға жорық жасағанда Бейбарыс он төрт жаста болған. Сол кезде Бейбарыстың Ұлақ тайпасының басшысы моңғолдың Ұнар ханының алдына барып, тайпасын Азак теңізінің батыс жағына өткізіп жіберуді сұрайды. Ұнар хан олардың өтінішін қабыл алып 1242 жылы теңіздің батыс жағалауына өткізіп, бір жазыққа тастайды. Бірақ кейін оларды тонап, бір бөлігін өлтіреді, бір тобын тұтқынға алады. Сол тұтқындар арасында Бейбарыс пен тағдырлас досы Бәдреддин Бейсары да болған. Олар бір саудагерге сатылып бүгінгі Түркияның Сивас қаласына апарылды. Сиваста әлгі екі дос бір-бірінен ажырап қалса да, кейін Халеб қаласында Фулиһ Қылышұлының сарайында қайтадан бір-бірімен қауышты. Бірақ Бейбарыс ол жерден Қайырға (Қайыр) апарылып Әмір Әлаеддин Айтегін Бұндұкдар тарапынан сатып алынып мәмлүктерге қосылды. Тағдыр Қайырда Бейбарыс пен Бәдреддинді тағы да қосты.
Бейбарыс Мысырға құл болып сатылған кезде Мысыр мен Сирияда Сұлтан Салаһеддин Әйюби негізін қалаған әйюби сұлтандары билік басында болған. Әйюби араб текті бола тұра күрдтеніп кетеді, кейін күрдтік болмысынан түріктеніп кеткен қауым дейді Рамазан Шешен сияқты ғалымдар. Зерттеушілердің қортындысына қарағанда ол кезде ислам мен христиан арасында діни бәсеке күшті болғаны үшін әйюбилер мұсылман атына крестшілерге қарсы күрескен, сол үшін өздерінің тегі туралы әңгіме қозғай қоймаған. Әйюби династиясы тоқсан жыл бойы Қайыр (1171-1174), Дамаск (1714-1218), Қайыр (1218-1250), Халеб (1250-1260) қалаларын астана етіп билік құрды. Әйюбилер мұсылман сұнни мәзһабта болған және крест жорықтарында християн шабуылдарына қарсы күресіп Құдыс қаласын крестшілердің қолынан азат еткен мұсылман патшалығы ретінде тарихта қалды. Әйюби патшалығының ислам дініне айтарлықтай қызмет атқарғанын ислам тарихының жарқын беттерінен көруге болады.
Бейбарыс әйюби сұлтандары тарапынан 1246 жылы сатып алынып, Ніл өзенінің ортасында орналасқан Равза аралындағы қамалға алынып, сонда әскери жаттығудан өте бастағанда жиырма жасқа тола бастаған еді. Аталған қамал өзен ортасында орналасқандықтан ондағы құлдарды «теңіз мәмлүгі» деп атап кеткен тарихшылар. Бейбарыс барлық әскери жаттығуларда белсенді, өжет, шапшаң және қиындықтарға төзімді болды. Сол себептен сол кездегі әйюби сұлтаны Мәлік Салеһтің назарына ілінді. Содан бастапқы әскери шенінің көтерілуімен бір топ сарбазға басшы болды. Кейін қазіргі Мысырдың үшінші үлкен қаласы, Қайырдың солтүстік шығысының 120 шақырым қашықтығында орналасқан Мансұра шайқасында крестшілерге қарсы 1250 жылдың 8-ақпанында Шежір-әд-Дүр жанында соғыс майданында көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік даңқы кеңінен ел арасына тарады. Мансұра жеңісінен соң келесі талас-тартыс пен ұрыстарда батылдығы мен ер жүректігі арқасында оның мәртебесі одан әрі көтеріле беріп, теңіз мәмлүк жауынгерлерінің қолбасшысы дәрежесіне жетті. Мансұра шайқасы кезінде жиырма үш жаста болатын. Бейбарыс қолбасшы болған кезде теңіз мәмлүк қосынына Жамаледдин Мүһсен әл-Салиһи басшылық ететін. Одан кейін Ақтай әл-Жамдар басшы болды. Ақтайдан кейінгі бастық Бейбарыс болатын. Бейбарыс Сұлтан Тұраншаһқа (1249-1250) қастандық жасап, өлтіруге ұмтылғандар арасында басты рөл ойнады. Алайда Тұраншаһты өлтіруін сарбаздар дұрыс шара деп қабылдамады. Ибн Шедад бұл жайында: «теңіз мәмлүк жауынгерлерінің бірі Бейбарысты жарақаттады»,- деп жазған. /2-12/ Тұраншаһтың қазасынан кейін Бейбарыс қазіргі Ортатеңіздің жағалауында Қайырдың солтүстігінен үш жүз шақырым қашықтықта орналасқан Демияд қаласын қайтарып алған соң Қайырға қайта оралды. Сол заматта ибн Хатәм бастаған арабтар үкіметке қарсы Мысырдың оңтүстігінде Саид өңірінде бүлік шығарды. Бейбарыс олардың бүлігін басу үшін сол аймаққа аттанды. Сонда Дәһрут халқының көмегімен бүлікшілердің қарсылығын басып, ибн Хатәмнің басын кесіп Қайырға алып келді. Осы жеңістен кейін сарайдың мәртебелі әмірлер қатарына қосылды. Осы кезде әйюбилердің соңғы сұлтаны Тұраншаһтың жесірі Шежір-әд-Дүр сұлтандық таққа отырған еді. Бірақ әйелзатының билеуші болуын қоғам да, Бағдаттағы халифа да қабылдамады. Шежір-әд-Дүр қоғам сеніміне сіңе алмаған соң Айбекпен үйленіп оны билеуші ретінде халыққа ұсынған еді. Осы арада билікке Айбек пен Ақтай таласқа түсті. Олардың екеуара тартысында Бейбарыс Ақтайды жақтап шықты. Айбек 1254 жылдың бір күнінде Ақтайды сарайға қонаққа шақырды. Бейбарыс Ақтайға оның шақыруына бармауын сұрады. Бірақ Ақтай оны тыңдамай Айбектің шақыруын қабыл алып шақырған мекенге барып, сонда өлім құшты. Осылайша қыпшақ түріктекті Айбек тұңғыш мәмлүк болып, Мысырдың саяси билігінің тізгінін қолға алды. Айбек билік еткен 1250-1254 жылдары Шежір-әд-Дүрдің аты аталса да, негізінде биліктің тізгіні Айбек қолында болды. Алайда Айбек Шежір-әд-Дүрдің, Шежір-әд-Дүр болса өзіне қызмет көрсетіп жүрген күңнің қолынан қаза тапты.
Бейбарыс Айбекке қарсы тұра алмаған соң теңіз мәмлүк жауынгерлерінің басым көпшілігін төңірегіне жинап Қайыр қамалына шабуыл жасамақ болды. Бірақ табысты аяқтай алмады. Сондықтан аталған жауынгерлерімен Шамға қарай ат басын бұрды. Шамда әйюби сұлтаны Насыр Сәлаһеддиннің жанына барып, қызметіне кірісті. Оның жанында үлкен құрметке ие болды. Сондықтан сұлтаны Насыр Сәлаһеддин оған әуелі Һисфин мен Зеріннен кейін Наблюс аймағынан арнап, меншігіне жер берді. Ауқымды жерге иелік ете бастаған Бейбарыс теңіз мәмлүк жауынгерлеріне басшылық етіп, оларды бір ортаға жинап қуатты қосынға айналдырды. Бұдан былай өзінің қызметінде хатшылар мен атшылары бар әмірге айналған Бейбарыс Мысыр елін де өзіне қаратуды ойластырып жүрді. Оның ниетін ұққан Насыр Сәлаһеддин оның Мысырды алу жоспарын қолпаштап жүрді. Олардың пиғылынан хабардар болған Айбек сұлтан Насыр Сәлаһеддинге хаттар жазып, оны теңіз мәмлүктерден сақтансын деп ескертіп жүрді. Сол арада теңіз мәмлүктің бірі болған Иззеддин Ефрем мен достары Мысырдың Саид өлкесін жаулап алып, онда Насыр Сәлаһеддиннің атына құтпа оқытты. Насырда жауынгерлік мінез болмағандықтан 1250 жылғы Аббасийе шайқасының жеңілісін естен шығара алмай мәмлүктердің қарқынды, асау істерінен күдіктене бастап, Айбекке қарсы мәмлүктерге қосыла қоймады. Сол үшін белсенділік танытпай әр нәрсенің уақытын күтумен болды. Сөйтіп 1257 жылы да жетті. Осы жылы Айбек пен Шежір-әд-Дүр Сейфеддин Құтыз қолдауымен өлтірілді. Содан билік тізгіні Айбектің он бес жастағы ұлы Нұреддин Әлінің қолына тиді. Біраз уақыттан кейін 1258 жылы аббас халифатының астанасы Бағдат Құлағу тарапынан жауланды. Бұл хабарды естіген Құтыз мемлекетті жауға қарсы дайын күйде ұстау үшін тақта отырған жасөспірім Нұреддин Әліні сарайдың қариялар мен әмірлерімен ақылдаса отырып тақтан тайдырып саяси билік тізгінін өз қолына алды. Осылайша моңғолдардың (Осы тұста айтуға тиіс моңғол сөзіне қатысты ескерту: Барлық парсы деректерде сөзі «моғол» деп жазылады. Ал қазақ тарихшылары «моңғол» деп жазады. Не үшін? Түпнұсқалық деректен оқымай орыс тарихшыларға еліктеуден туындап келе жатқан шығар. Тура «дұғлат» лақап есімін «дулати»,- деп жазуға табандылық танытқандай! Осылай қазақ жазбаларында жалған атаулардың саны арта түсе береді. Бірде бір тарихшы, зерттеуші «моңғол», «дулати» атауларының басты дерегін айта алмайды. Бірақ қолданыстан да шығармай келе жатыр. Әр сөздің дұрыс жазылуы қандай маңызды екенін сезбеу не сезгісі келмеу қызық жайт. Қате болу айып емес, қате екенін білген соң бас тартпау қате) кенеттен жасалатын шабуылына әскерін жасақтап, дайындыққа кірісті.
Осы оқиғалар жүріп жатқанда Бейбарыс пен Насыр Сәлаһеддиннің арасында түсініспеушілік орын алып, араларына жік түсті. Содан Бейбарыс Палестина жаққа Қалауынның қол астындағы мәмлүктерге қарай бет алып, ондағы жақтастарының қолдауына ие болып 1257-1258 жылдары екі рет Мысыр мәмлүктеріне жорық жасады. Ол кезде Иззеддин Айбек қазасынан кейін билік Сейфеддин Құтыз қолына өткен еді. Сонымен бірге ол кезде Ақтай Құтыз әскерінің атабегі болған еді. Сондықтан Құтыз бен Ақтай екеуі бірге Бейбарысқа қарсы шайқасты. Бейбарыс жеңіліс тауып шегінді. Сөйтіп Бейбарыс Мысыр мен Палестинада мықтап аяқ тіреп тұра алмай әрі-беріден соң Насыр Сәлаһеддиннің қызметіне 1259 жылы Шамға қайта оралды.
Ал 1258 жылы Бағдат қаласын жаулап, аббас халифатын құлатқан Құлағу әскері Халеб қаласын жаулаған еді. Одан соң Сирияның Дамаск пен басқа да маңызды қалаларының тұрғындары Құлағуға қарсы шықпай беріле салды. Бұл жағдайға куә болған Бейбарыс Насыр Сәлаһеддиннен үш мың атты әскер сұрап, моғолдарға қарсы шайқасқа шықпақ болды. Бірақ батылы жетпеген Насыр Сәлаһеддин ешқандай көмек бере алмады. Сол үшін одан үмітін үзген Бейбарыс моғолдардың шабуылына қарсы тұруға Мысыр мәмлүгін басқарып отырған Сейфеддин Құтызға жауға қарсы бірігіп майданға аттанайық деген мазмұнда хат жазып, Құтызбен одақтасты. Сондықтан моғолдар мен мәмлүктер арасында Әйін-әл-Жәлут мекенінде орын алған шайқаста Құтыз басқарып, Бейбарыс қолбасшылық еткен шайқас жеңіске жетті. (Сұлтан Бейбарыс: Әйін-әл-Жәлут шайқасы. Ақиқат журналы, 28 маусым 2023). Әйін-әл-Жәлут шайқасының жеңісінен кейін Құтыз Бейбарысқа қашып, жан-жаққа тараған жаудың әскерлерінің ізін тауып, оларды жоюды бұйырды. Бұл тапсырманы Бейбарыс ойдағыдай орындап, жаудың қашқын әскерлерінің ізін тауып, оларды жойды. Содан кейін Құтыздың уәде еткен Халеб өлкесінің әмірлігін сұрады. Құтыз уәдесін орындамай Қайырға жолға шықты. Құтыз жол-жөнекей аңға шығады. Сол кезде уәдесіне тұрмаған Құтызға кектенген Бейбарыс сыбайлас достарымен оны өлтіруге шешім қабылдап, жүзеге асырды.
Құтыз өлімінен кейін Қайырға барып таққа отырған Бейбарыс билік қуатын нығайту үшін бірнеше істерді жүзеге асырды. 1. Хұмыс әкімі Мәлік Әшрәфға, Хама әкімі Мәлік Мансұрға тағы да Сиһун әкімі, Исмаилийе әкімі, Халеб, Маусыл әкіміне рет-ретімен бірінен соң біріне хат жазып жөнелтті. Осылайша таққа отырғанын барлығына хабарлады. Және Шамда әкім болғандарға хат жазып түрмедегі тұтқындарды кешірді. Тіпті қатардағы әскерлерді де түрмеден босатты. Зейнеддин Жақып Зүбейірұлын өзіне уәзір етіп тағайындады. Сондай-ақ лайық көрген қолбасшылардың айлықтарын көтеріп, иықтарына шапан жапты. Ал Айбек сұлтанның ұлы Мәлік Мансұр мен анасы және інісін қамауда болған қамалдан босатып Византияға жер аудартты. Қысқасы Бейбарыс ейюби билігінің федеративтік саяси жүйесін орталыққа бағынатын саяси жүйеге ауыстырды. Әйтпесе билікке аңсары ауған көптеген әмір мен әкімдерді бағындырып отыру мүмкін болмас еді. /12-43/ 2. Бейбарыс өзін билігін заңдастыру үшін Аббас халифатының ұрпағынан болған біреуді тауып, оны халифа атауымен Мысырда Бағдаттағы аббас халифатының жалғасы ретінде жаңа халифат құрды. Аббас халифатының нәсілінен болған Әбілқасым Аһмет 1260-61 жылдары Мысырда Мүстансыр Біллаһ Бағдат түрмесінен босанып Қайырға келіп, Бейбарыстың қалауы және көмегімен халифат таққа отырды. Бірақ іс жүзінде барлық билік Бейбарыстың қолында болды. Өйткені жаңа халифа ресми атағы болғанымен іс жүзінде мемлекетті басқару ісі түгелдей Бейбарысқа «Сұлтан» атауымен өткеніне үкім шығарған болатын. Осылайша Сұлтан Бейбарыс халифаттың тізгінін түркі текті сұлтандарға ауысуына заңды тетігін жасап берді. 3. Құтыздың өлтірілген хабары кеңінен тарап моғолдардың құлағына да жетті. Сол себепті моғолдар мәмлүк үкіметін әлсіреген шығар деген оймен Хабеб, Шам тағы басқа қалаларда шабуылға шығып, Сирия мен Мысырды қолға кешіруді ойлады. Бірақ олардың шабуылына тәжірибесі мол Сұлтан Бейбарыс тойтарыс бере білді. 4. Бейбарыс билік тетігін нығайту үшін тек қана білек күші мен семсер ұшына арқа сүйеген жоқ. Ол өзге көрші елдер және алыс-жақын мемлекеттермен ымырашыл саяси жолдарға да сүйене отырып олармен қарым-қатынас жасап жүрді. Осы орайда: Хижаз, Барка, Траблус арабтары, Йемен қауымдары, Француз кресшілері, Армения, Антакия, Акка, Византия, Европа елдері, Сириядағы әкімдік аймақтар, Анадолы, Алтынорда, Ирандағы моғолдың Елхан билігі тағы басқа сол маңдағы саяси күштермен кейде қату, кейде тату саясат ұстанып Мысыр елінің дамып, өркендеуіне айтарлықтай негіз қалады. 5. Бейбарыс саяси-қоғамдық мәселелер бойынша көптеп шаруаларды жүзеге асырды. Сондай-ақ мәдениет саласының әр қырынан халық игілігіне бірталай істерді жүзеге асырды. Ибн Шеддәд сынды көптеген замандас тарихшылар Бейбарыс уақытының басым бөлігін ат үстінде жорықтарда өткізген болса да, қарапайым халық үшін де, әскерлер үшін де қамалдар, үй ғимараттар салғызған. Бірталай қамалдарды жөндеуден өткізген немесе іргесін қайтадан нығайтқан. Тіпті жаңа қамалдар салғандарының арқасында жаңа ауылдар, елді мекендер пайда болған. Көптеген мешіт, көпір, медресе, канал қобырлар, жұмыс орындар-орталықтар, ат жарыс алаңдар, әскери жаттығу майдандары сынды ел қажетіне зәру құрылыстар салып үлгерген. Атап айтқанда: 1. Сұлтан Бейбарыс Жәбәл қамалында таққа отырған. Сол қамалда «Әсем үй» деген биік, салтанатты бір сарай салдырды. Оның бір балконы, бір мәжіліс залы, екі кіреберіс, бір әйелдер бөлмесі, дәл ортасында сәуле түсетін орын, ол орында бір камелия гүлін отырғызған. Осы сарайдың жанында мәмлүктер қонақтайтын бірнеше қабат қоналқа ғимарат салынған. А) Хәбәриж алаңында түрлі-түсті он екі мармар тас баға үстінде бір күмбез тұрғызған. Күмбездің ішінде от жаққан сәтте өзінің табиғи түстерін көрсете алатын бейнелер нақышталып тұрады. Ә). Қамалдағы мешіттің алаңыда, бір бөлімі ресми жиналыстарда балконға қарап тұратын екі қабат болып салынған. Тағы басқа осындай ерекшеліктер сарай төңірегін одан әрі әсемдікке бөлеп, шеберлік артықшылықтарын танытқан. 2. Қайыр қаласының ішкі және тысқары жағында Жәбәл қамалы маңында көптеген ғимараттар тұрғызған. Сұлтан Бейбарыс абаттандыруға көп көңіл бөліп жүрген. Сол үшін Айбек заманында ойрандалған Рауза аралындағы қамалдар мен үйлер қайта жөнделіп, қолданысқа берілген. Қысқаша айтқанда Сұлтан Бейбарыс Мысыр өлкесіне молынан ауыл мен қамалдар, көпірлер, каналдар тұрғызған. 3. Бейбарыс Мысырдан тыс Хижаз, Палестина, Дамаск және ол жерлердің төңірегінде көптеп қамалдар, түрлі мақсатта ғимараттар салдырған.
Түркиялық зерттеуші ғалым Халид Ерен: «Сұлтан Бейбарыс түрік-ислам тарихының ең ұлық сұлтандарынан. Алып Арслан, Селаһеддин Ейюби, Мұхаммед Фатиһ сынды ұлы мемлекет тұлғаларымен салыстырылады», – деп орынды бағасын берген. /2-III/
Бейбарыс өмірінің көп бөлігін ат үстінде мұсылман жұртын моңғолдар, крестшілердің шабуылынан қорғаумен өтті. Осы орайда мұсылман еліне үлкен қауіп төндіріп тұрған Иранды билеп отырған Құлағу құрған жүз жылға Иранды билеген «елхан» патшалығы (1256-1356) еді. Олардың Сирия, Мысырға бастаған шабуылдарына мәмлүктер қарсы соғысып жүрді. Бейбарыс ұдайы оларға тойтарыс беру үшін Анадолы территориясына дейінгі аралықта шайқас майданында ат үстінде жүрді. Солардың бірі Құлағудың ұлы Абақа хан 1265-1283 билік құрған жылдарының аясындағы 1272 жылға Елбистан мекенінде болған шайқас еді. Бұл соғыста әскерді басқарған Бейбарыс жеңіске жетіп, жаудың бетін қайтарған еді. Бейбарыс өмірінің көп жылдарын осылай өткізіп жүрген кезде Анадолыдан 1217 жылдың маусым айының сегізінші күні Дамаск қаласына оралды. Дамаскта болған сол күндері Абақа хан Анадолының Елбістанына қайта оралып шабуылдамақ ниеті бар екенін естиді. Содан ақсақалдар, әмірлермен кеңес құрып, оларға тойтарыс беру үшін аттану керек деген шешім қабылданады. Бірақ кейінгі жеткен хабарлар бойынша Абақа хан жорығынан бас тартқан екен. Бұл хабардан тыныш тапқан Бейбарыс әдеттегідей маусымның он жетісі, бейсенбі күні достарымен Еблақ сарайында қымыз ішу дастарқанына отырады. Сол бас қосуда қымызды мөлшерінен тым артық ішеді. Қымызды мөлшерінен артық ішкен Бейбарыс он шақты күн сырқаттанып, ешбір ем, дауа болмай 1277 жылдың маусымның отызында өмірінің соңғы нүктесін қояды.
Сұлтан Бейбарыстың өмірі мен Мысыр еліне жасаған қызметтері және ислам дінін қорғау жолындағы ерен іс-әрекеттері оның атын халық арасында аңызға айналдырды. Соның айғағы ретінде араб фольклорист зерттеушілері тарапынан ел ауызынан Бейбарыс туралы айтылған аңыз-әпсаналар жинақталып бес том болып жарық көргенін айта аламыз. Аталған бес томды түпнұсқадан оқуға, зерттеп-зерделеуге ынтық оқырман үшін Нұр Мүбәрак университетінің кітапханасында бар екенін ескертеміз.
Қыпшақ мәмлүк мемлекетінің сұлтандары 1250–1382 жылдар аралығында 132 жыл бойы билік құрды. Осы арада олардың саяси, мәдени, қоғамдық, экономикалық тағы басқа тұрмыс-тіршіліктің түрлі салаларында елеулі із қалдырды. Шежір-әд-Дүр Тұраншаһтың жесірінен билікті қолға алған Ізеддин Айбектен бастау алған қыпшақ сұлтандары былай аталады:
1.Ізеддин Айбек 1250-1254
2.Әлі Айбекұлы 1257-1259
3.Сейфеддин Құтыз 1259-1260
4.Сұлтан Бейбарыс 1260-1277
5.Беркехан Бейбарысұлы 1277-1279
6.Саламыш Бейбарысұлы 1279
7.Сейфеддин Қалауын 1279-1290
8.Хәлел Қалауынұлы 1290-1293
9.Мұхаммед Қалауынұлы 1293-1294
10.Зейнеддин Кетбұға (Қалауынның құлы моғол текті болған) 1294-1296
11.Һүсамеддин Лашын (Қалауынның құлы шеркеш текті болған) 1296-1299
12.Мұхаммед Қалауынұлы (екінші рет таққа отыруы) 1299-1309
13.Рокнеддин Бейбарыс Жашынгир (Қалауынның құлы шеркеш текті болған) 1309-1310
14.Мұхаммед Қалауынұлы (үшінші рет таққа отыруы) 1310-1340
15.Әбубәкір Мұхаммедұлы 1340-1341
16.Күшік Мұхаммедұлы 1341-
17.Ахмет Мұхаммедұлы 1342
18.Исмаил Мұхаммедұлы 1342-1345
19.Шабан Мұхаммедұлы 1345-1346
20.Қажы Мұхаммедұлы 1346- 1348
21.Асан Мұхаммедұлы 1348- 1351
22.Салаеддин Қажыұлы 1351-1354
23.Асан Мұхаммедұлы (екінші рет таққа отыруы) 1354- 1361
24.Салаеддин Мұхаммед Қажыұлы 1361-1363
25.Шабан Һүсамеддин 1363-1377
26.Әлі Шабанұлы 1377-1381
27.Қажы Шабанұлы 1381-1382
Шеркеш қауымынан болған Сейфеддин Бәрқұқ 1382 жылдың қараша айында Қажы Шабанұлын тақтан түсіріп 1382-1389 жылдар аралығында өзі таққа отырды. Қажы Шабанұлы 1389 жылдың маусым айында Бәрқұқты тақтан түсіріп, өзі екінші рет билік тағына отырды. Содан 1390 жылдың қаңтарына дейін билік құрды. Өйткені Бәрқұқ оны екінші рет тағын тартып алып шеркештердің сұлтандығын құрды.
Сейфеддин Бәрқұқ негізін қалаған шеркеш мәмлүктері 1390 жылынан бастап 1517 жылына дейін Мысырдағы мәмлүк мемлекетіне билік жүргізеді. Соңғы сұлтан II Тұманбай османлы халифасы тарапынан жеңіліп шеркеш сұлтандығы біржолата құлайды. Шеркеш түріктері де мәмлүк қатарынан орын алған «қамал мәмлүктері» - деп атаған тарихшылар. Өйткені шеркеш мәмлүктерді Қайыр қаласының ішіндегі бір қамалға топтастырып, жаттықтырып, тәрбие беріп жүргені үшін «қамал мәмлүктері»,- деп атаған.
Осы орайда екі жайытқа назар аударсақ: 1. Тарихшы Ибн Тағрыбердінің еңбегінде «татар» атауы «моғол» сөзінің баламасы ретінде қолданған. /12-44/ 2. Сондай-ақ араб, парсы деректерде Шыңғыс қауымын «моғол» деп жазған. Аталған тілдерде «моңғол» сөзі мүлдем айтылмайды һәм жазылмайды. Сол үшін «моңғол» сөзін орыс жазбаларынан басқа тарихтан таба алмайсыз. Біз түпнұсқадағы қолданған «моғол»,- сөзін қолданғанды жөн көрдік.
Сұлтан Бейбарыстың толық аты-жөні:
Сол мәмлүк дәуірінде Бейбарыс есімді ғалым, әмірлерде болған. Сол себептен ол жайында бөлек әңгіме керек. Бірақ мәмлүк патшалығының нағыз негізін қалаған, өркендеткен, ислам әлемін моғол мен крест жорықтарынан қорғап, жаңа бастама жасаған Сұлтан Бейбарыс.
Парсы тіліндегі уикипедия «данешнама азат» Бейбарыстың тегі жайлы былай анықтама берген: /5/ Бибарыс тегі қазақ, қыпшақ тайпасынан. Бибарыс: Би+Барыс аталған. 1246 жылы Сивас қаласында Әлаеддин Айтегін Бондықтар құл ретінде сатып алған еді. Сол себепті Бибарыстың бір лақап есімі «Бондықдар» болып аталды. Бондық: оқ, жебе және жанама түрде мылтық мағынасында. Бибарыс пен оның ұлы Мәлік Саид туында «арыстан» бейнесі болған.
Үммийе халифат дәуірінен ислам дінін насихаттап, таратумен бірге арабтандыру саясаты да жүріп жатты. Соның бір дәлелі түрік текті сардар, әмірлерге түрлі арабша атаулар беріп жатты. Соның бірі «Рокн-ед-дін» яғни «діннің іргесі, тірегі» деген марапат сөз. Әйтпесе түріктер ежелден бір атпен аталып танылған. Мәселе Афрасиаб Тұран патшасы, Шу қаған, Күлтегін, Қорқыт, Қобыланды, Алпамыс, Алып Ер Тоңа тағы сол сияқты есімдер. Ал араб халифаты ислам дінінің қағидасымен бірге арабтың ұлттық құндылықтарын түрлі тәсілдер арқылы мұсылман болған елдер арасына енгізе бастады. Сондықтан көптеген түріктің саяси-әскери тұлғаларына қосымша араб лақап есімдерін беріп жатты. Одан кейінгі ұрпақтар толықтай ислам дінін қабылдаған соң араб есімдерінде толықтай ала бастады. Бір «Бейбарс-Бибарыс-Бейбарыс» есіміне түрлі атақ пен лақап атаулар беріліп, ұзын сонар араб атауларымен Бейбарыс атын сәндеп тастады. Сондықтан ислам діні арабтандыру саясатына да жақсы жарап жатты. Оған Бейбарыстың мына аты-жөні айғақ:
(Әз-Заһир Рокнеддин Бибарыс әл-Әлали әл-Бондықдари әл-Салиһи әл-Нәжми). Қысқасы Бибарыс, Бейбарс, Бейбарыс есімі кейінгі ғылыми ізденісте бір ізге түскенше аталған үш түрінде дұрыс деп қабылдай береміз. Өйткені үшеуінің де уәжі ақылға қонымды.
Түйіндеп айтқанда: 1. Қазіргі Мысыр, Сирия, Иордания, Ливан, автономиялық Палестина, Сауд Арабияның құрамындағы Хижаз өлкесі, Ирактағы Евфрат өзенінің батысындағы жерлер, Түркияның оңтүстік шығысындағы жерлердің бір бөлігі қыпшақтар билеген мәмлүк мемлекетінің билеуінде 132 жыл өмір сүрді. Ал мәмлүк мемлекетінің қалыпты түрде саяси үстемдігін қамтамасыз еткен Сұлтан Бейбарыс болды. 2. 1258 жылы Құлағу хан Бағдат қаласын жаулап аббас халифатын құлатқан соң ол халифаттың Мысыр елінде қайта халифатын жалғастыруға жағдай жасаған да Бейбарыс болды. 3. Мәмлүк сұлтандары түрік мәдениетін Африка және Таяу Шығыс, Анадолы кеңістігінде кеңінен тарауына септігі тиді. Сондай-ақ Мысыр елінің саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдан ислам әлемінің ең өркениетті елі болуына жағдай жасады. Оған жасалған көптеген білім-ғылым орталықтары, тарихи ғимараттар, жолдар мен көпірлер тағы басқа өркендету жұмыстары анық айғақ. Сол себептен араб ғалымдары: «Түріктер Мысырдың тұзы», – деп атап кеткен. 4. Сол дәуірде мұсылман қоныс тепкен территориядағы түрлі алауыздықтарды мұсылман арасында тоқтатып, сыртқы моғол және крест жорықтардан қорғап қалуы исламның дамуына, өркендеп кеңінен қанат жаюына негіз қалады.
Бейбарыс жайындағы бастапқы тарихи жазба деректер:
1. Бейбарыс туралы аса маңызды тарихи тұңғыш еңбек оның замандас, құрдасы мысырлық тарихшы, қазы Мүһейиеддин ибн Әбд-әз Заһирдың (1223-1293) Бейбарыстың өмірі жайындағы кітабы: «Мәлік Заһир өмірінің бағы мен айдыны» оның өмір сүрген заманында жазылған еңбек. Ибн Әбд-әз Заһир Қайырда туып, Дамаскта дүниеден өткен Бейбарыс саяси өміріне куәгер тарихшы болған сарай хатшысы, қари, тіл ғалымы және тарихшы, ақын.
Мүһейиеддин ибн Әбд-әз Заһир сарай тарихшысы ретінде көптеген ұлы сұлтандардың сарайында мемлекеттік хатшы қызметін атқарғаны үшін мәмлүк сұлтандарының қыр-сырына жақыннан танып, қанық болған. Атап айтқанда ол өз жұмысында сұлтан Бейбарыстан бұрын Құтыз билік құрған 1259-1260 жылдарынан бастады. Сол үшін 1260 жылғы моңғол-мәмлүк арасында болған Әйін-әл-Жәлут шайқасында Құтыздың жанында үзеңгілес бола жүріп Бейбарыстың соғыс майданында қаншалықты ерлік көрсете алғанын жақыннан көрген тарихшы, сарай хатшысы болған еді. Ол Құтыздан кейін сұлтан Бейбарыс 1260-1277 жылдары қасында қызмет жасады. Одан соң Береке хан 1277-1280 әрі Бейбарыстың ұлы Суламыстың 1980 жылдағы жүз күндік билігінде қызмет атқарды. Сосын 1280-1290 жылдары Сейфеддин Қылауын сұлтан құзырында хатшы болып жұмысын жалғастырды. Сондықтан Мүһейиеддин ибн Әбд-әз Заһир мәмлүк сұлтандарының саяси-әскери өмірімен етене-жақын таныс тарихшы болғаны үшін оның тарихи еңбектері аса жоғары мәнге ие шығармалар іспеттес.
Бұл кітап жайлы Түркиялық ғалым Рамазан Шешен: «Бейбарыстың өмірі хақында әлгіндей монография жазған. Бұл монография 663 жылдың екінші жартысынан 664 жылының басы мен 674-675 жылдарының оқиғаларын қамтыған. Бұл еңбектің аз-ғана бөлігінен басқа бөліктері қазіргі заманға жеткен. Бейбарыс өмірі жайында тікелей қаламға алынған өте маңызды әдебиет болып саналады. Тек қана біраз жақтаушы ретінде Бейбарыстың қателіктерін жай көрсетуге тырысқан. Бұл кемшіліктен басқа аса мұқият, ерекше мәнге ие бір әдебиет.», – деп пікір жазған./2.3/ Бұл еңбекке Әбді-әл-Әзиз Һүвайтір тарапынан текстология жасалып 1979 жылы Сауд Арабия астанасы Рияд қаласында кітап болып жарық көрді.
2. Екінші Сұлтан Бейбарыс туралы маңызды еңбекті Іззеддин ибн Шеддад тарихшы, географ (1217-1285) жазған «Мәлік-әз-Заһир Бейбарыстың өмір жолы» атты кітап. Әззеддин Шеддад жастайынан мемлекеттік қызметте болып әйюбилер, мәмлүктер сарайында хатшы, елшілік қызметте болған, тарих пен саясатта білімі мол және қазына салықшысы болып жұмыс істеген. Сол себептен көптеген тарихи оқиғаларға куә болғаны үшін тарих пен география саласына ерекше көңіл бөліп көптеген кітаптар жазған. Ол басында Сирияда Шам қаласында қызмет атқарып жүрген. Бірақ моңғолдардың Сирияға жорықтары басталған 1260 жылдары Мысырды паналап Бейбарыс пен Қылауын сарайына қызметке алынып жайбарақат өмірге тап болды. Содан көп уақытын зерттеу мен жазуға арнады. Бейбарыс жайында жазған «Мәлік-әз-Заһирдың Бейбарыстың өмір жолы» еңбегі Сирияның Халеб қаласындағы қолжазба қорында сақталып тұр. Төменде ол жайлы ақпарат беріп отырмыз. Бейбарыс жайлы араб тілінде жазылған бұл еңбек аудармашысы мен зерттеушісін күтіп отыр.
Бұл еңбек туралы ғалым Рамазан Шешен: «Бұл кітап аса мұқият, егжей-тегжейлі жазылған. Ибн Шеддад ейюбилер дәуірінен (1171-1250) бері мемлекеттік қазынада жұмыс істеген ірі мемлекеттік қызметте болған. Елшілік қызметте атқарған. Тарих пен дипломатияны терең білген кісі. Оның еңбегінің бірінші томы жоғалып кеткен. Бірақ 1272 жылдың наурыз айынан болған саяси тарихы мен Бейбарыстың кісілігі, кейбір істеген жұмыстары жайлы жазбалары қазіргі заманда біздің қолымызға жетті» /2-3/. Бұл еңбектің қолда бар нұсқасын дінтанушы Мұхаммед Шарафеддин Елкая (1879-1947) түрік тіліне аударды. Оның тәржімасы 2000 жылы екінші рет баспадан шықты. Сондай-ақ Аһмет Һатил тарапынан текстологиясы жасалып 1983 жылы «Wiesbaden Beyrut» баспасынан жарық көрді. Бейбарыс туралы Ибн Шеддадтың атты еңбегінен мол мәлімет алуға болады. Бұл кітапта Шам мен Әлжир әмірлерінің тығыз байланыстары жайында да жазылды.
3. Бейбарыс туралы тағы бір құнды жазба дерек деп мысырлық дінтанушы ғалым Бәдреддин Маһмұт әл-Әйнидің (1360-1451) мәмлүк сұлтандарының заманы атты еңбегін айту керек. Бәдреддин сұнни ханафи мәзһабын ұстанған ғалым. Ол 1360 жылы қазіргі Түркияның Қазиантеп (бұрынғы Әйінтап) қаласында ғалым отбасында дүниеге келді. Балалық және жастық шағында тарих, әдебиет, діни салалар бойынша білім алды. 1386 жылы Құдыс қазіргі Иерусалимге барды. Ол жерде ханафи бағыттағы әйгілі әл-Сайрами шейхпен танысты. Әл-Сайрами ол кезде Қайыр қаласында медресе мен дәруішхана директоры болған. Ол Бәдреддиннің талпынысы пен талабын байқап, оны Қайырге шақырады. Бәдреддин оның шақыруын қабыл алып онымен бірге Қайырға барып «заһерийе сопылық» құрамына кірді. Сөйтіп «шазлийе тариқатын» ұстанды. Содан дәріс беру үшін Шамға аттанды. Сонда сабақ берумен бірге біраз уақыт есепші де болды. Ең соңында 1398 жылы Қайырға қайтып оралды. Бәдреддиннің жасы ұлғайған сайын ел арасында құрметі арта берді. Сөйтіп Мүәйед Шейх оны 1420 жылында Қараманиянға елші етіп жөнелтті. «мәмлүк сұлтандарының заманы»,- атты еңбегінде Бейбарыс туралы былай:
(Ол-Бейбарыс Абдоллаұлы тегі қыпшақ және түрік қауымының бершұлы тайпасынан»,- екен деп айтылған. /6-175/.
Бұл тұста түркілер тарих бойынша отырықшы және көшпелі салтын ұстанып келді. Мәселен оғыз түркілердің отырықшы болған бөлігі араб жазуын қабылдап, араб-парсы сөздерін өзге тілдің таңбаларына аса мән беріп жатпайтын. Сол себептен жазба әдебиетте көбінесе жаттан келген сөздерді қалпын бұзбай қолданысқа енгізе берген. Мәселен: ескі парсы сөзі «борж» жазба әдебиетке жақын оғыз түркісінде (borç) түрінде қолданылады. Ал қыпшақ диялектісінде «борыш»,- болып айтылады. Сол үшін араб таңбасымен жазылған ортағасырлық араб, парсы, түркі тіліндегі жазбалардың оқылуына көңіл бөліп қазақша транскрипциялауды басты назарда ұстаған жөн.
4.Бейбарыс жайында жазған ендігі автор Бейбарыс әл-Мансұри: жауынгер, тарихшы (1245-1325) ол Мәлік Мансұр Сейфеддин Қалауынның (1279-1290) құлы болғаны үшін «Мансұри» атанып кеткен. Сондай-ақ Сұлтан Бейбарыс (1260-1277) билікте болғанда Сирия мен қазіргі Түркияның оңтүстік шығысындағы Киликия аймағында Франкларға қарсы соғысқа қатысып, ер екенін танытқан еді. Сондай-ақ Қылауын билігі заманда Керек пен Шевбек аймағына әкім болып тағайындалды. Бірақ бір жылдан кейін Мәнсұр Қылауынның ұлы Мәлік Ашраф Халел (1290-1293) оны әкім шенінен түсіріп тастады. Қайырға қайта оралған Мансұри кейінгі жылдары Әкка, Анадолы және Қалатүр Рұмның моңғолдар жағынан қоршауға алынғанда екі рет оларға қарсы шайқасқа қатысты. Содан ұзаққа созылмай Мәлік Ашраф Халелден кейін билікке келген оның інісі Насыр Мұхаммед Қылауын тарапынан құрметке ие болып, сарайдың бас хатшысы болып тағайындалды. Бұл қызметтен 1297 жылы Мансұр Лашын таққа отырғанда босатылды. Бірақ қайтадан 1299 жылы Насыр Қылауын екінші рет таққа отырғанда оны бас хатшылық атауын қайтарып 1304 жылына дейін қызмет жасауына демеу болып тұрды. Қызмет жылдары 1303 жылы Ескендерийе қаласында жер сілкінісі болғанда жағдайды реттеп, қалпына келтіруге сол жаққа аттанды. Соңында келесі жылы яғни 1304 жылында тақ мұрагері Сейфеддин Салар тарапынан хатшы қызметінен босатылды. Дегенмен ол қоғамдық ортада белсенді болып жүргеннің арқасында 1308-1309 жылдары Мәнсұр Қылауын мен әмірлер арасында жанжал мен келіспеушіліктер туындағанда олардың татуласуына аса зор үлес қосып қызмет жасады. Сондықтан Мәнсұр Қылауын үшінші рет қайта таққа отырған кезде бұрынғы бас хатшылық қызметіне қайта оралды. Бейбарыс Мәнсұри өзінің сарай қызметінде өрлеумен болып 1311 жылы сұлтан өкілі орнын иеленсе де кейбір әмірлермен бірге Ескендерийе қаласына қуғындалып, түрмеге қамалды. Өмірінің бес жылында қамауда болған соң сол кездегі сұлтан өкілі Арғынның көмегінің арқасында түрмеден босатылды. Бейбарыс Мәнсұри тарихшы ретінде мәмлүктер билігінің көптеген қыр-сырына қанық болғаны үшін оның жазған тарихи деректері шынайы және құнды мәліметтер береді. Ол соңында 1323 жылы қажылық сапарға аттанып, 1325 жылдың 4-қыркүйегінде қайтыс болды. Оның толық аты: Рокнеддин Бейбарыс ел-Мансұри ен-Насыри ед-Девадар ел-Һитаи.
Бейбарыс Мәнсұри мәмлүк дәуірі, Сұлтан Бейбарыс тағы басқа мәмлүк сұлтандары туралы мол мәлімет берген көптеген еңбектерінің арасынан үш кітабын атап көрсеткен жөн. Аты аталатын үш кітап араб тілінен қазақ тіліне аударылса, тарихтанудың жаңа жиегі ашылары анық. "Сұлтан Бейбарыс" деп те аталатын бұл кітап он бір томнан тұрады, Мысыр және мәмлүк тарихын зерделеп жазған бұл кітап Қайыр университетінің кітапханасында сақталып тұр. Ибн Һажар сияқты кейбір ғалымдар оның жиырма бес том болып жазылғанын айтады. Бірақ бұл көлемді тарихтың бірнеше томы қазіргі заманға жеткен деніледі. Олардың IV. (131-252), V. (252-322), VI. (323-399) және IX. томдары (655-709) Европа елдерінің кітапханаларында сақтаулы тұр. «Түрік билігі жайында сұлтандарға арнау» бұл кітап 1252-1312 жылдар аралығында жазылған. Аталған еңбектерінің авторы ретінде Бейбарыс Мәнсұриді: «ханафи мәзһабының білгір ғалымы, Қайырдан тыс жерде Ханафи мәзһабқа арнап медресе салған. Оған Мәлік Насыр Мұхаммед Қылауын ерекше құрмет көрсетіп жүрген»,- /10-221/ деп дін қайраткері болғанын да жазған. Бейбарыс Мәнсұри беделді және сенімді тарихшы болғаны үшін мысырлық дінтанушы ғалым Бәдреддин Маһмұт әл-Әйни (1360-1451) және «жарқыраған жұлдыздар» атты кітаптің иесі Ибн Тағрыберді (1409-1469) сынды әйгілі тарихшылар оның еңбектерін пайдаланған.
5. Бейбарыс жайлы жазған авторлардың бірі – Ибн Тағрыберді (1409-1469). Ол 1409 жылы Қайырда туып, сонда 1469 жасында өлді. Оның алпысқа келгенше мәмлүк шеркеш сұлтандарының (1382-1517) он алтысымен замандас болған. Бұл жайыт оның көптеген тарихи оқиғаларға куәлік еткендігін аңғартады.
Ибн Тағрыбердінің аты Жүсіп болған. Бірақ әкесінің аты Тағрыберді деген атпен елге танылған. Өйткені әкесі өз заманының шенді һәм беделді адамы болған. Шеркеш мәмлүктердің негізін қалаушы, тұңғыш сұлтаны Бәрқұқ Сейфеддин-әз-Заһирдің (1382-1389) қызметінде жүріп, оның сарайында қару қоймасының бақылаушысы, әскери басшысы міндетін атқарған. Сондай-ақ Халеб және Дамаск өлкесінде маңызды басқару орындарын иеленіп келген. Сондықтан әкесі ел ішінде өте танымал тұлға болғандықтан әкесінің баласы ретінде танылып кеткен.
Ибн Тағрыберді (Мысыр мен Қайыр мәмлүктердің жарқыраған жұлдыздары) атты кітабы араб тілінде жазылды. Кейінгі жылдары ол еңбек араб тілінен түрік тіліне жазушы, аудармашы Дұрмыш Аһсен Батыр тарапынан тәржімаланып 2013 жылы баспадан шықты. /11/.
Араб халифаты майдандағы жауынгерлік, батырлық, сардарлық артықшылықтарды түрік қауымынан көргені үшін кейінгі жылдары құл базардағы саударгерлер бұл жайды назарда ұстап, құлдарды түрік атымен саудаға сала бастағандықтан мәмлүктерге түрік атауы тұрақтады. Әрине құлдардың көпшілігі түрік пен шеркештерден болған. Бірақ Анадолыдан, Кипрден, Венгриядан, Арнауыттан, Ресейден, Италиядан, Кастилиядан тағы басқа елдерден сатылымдағы құлдар әжептәуір болғанымен барлығы түрік атанып, түркі ішіне қайнасып, тұтасып кетті.
Ибн Тағрыберді мәмлүк дәуірінде өмір сүріп көптеген тарихи оқиғаларға куә болды. Сондай-ақ тарих саласы арабтар арасында кең тараған кезде өмір кешті. Сол себептен оның қолында өткен тарихшылардың ондаған тарихнамалары болды. Сонымен бірге ауқаты бар атақты отбасында көзі ашық, сауаты мол болып тәрбие көрген жан еді. Бірақ тарих жазу ісі өзіндік таным мен пайымға ие ғылым. Мәселен оның замандасы Ибн Халдун (1332-1406) тарихты аналитикалық талдау жасап жазса, Ибн Тағрыберді тарихи оқиғалардың хроникалық жайына көңіл бөлген. Алайда Ибн Тағрыберді тарих, тіл, музыка тағы басқа салалар бойынша көптеген бастау бола алатын мәліметтерге толы еңбектер жазып мұра қалдырды. Мәмлүк тарихында маңызды шығармасы "Мысыр мен Қайыр мәмлүктердің жарқыраған жұлдыздары" атты кітап болса, түркі тілі жайында мәні бөлек еңбегі "Арабтар арасында өзгеріске ұшыраған түрік есімдері".
Ибн Тағрыберді өмірінің соңғы жылдарында Қайырда Мәлік Әшрәф Инал мазарының жанынан бір кесене тұрғызды. Кітаптар мен жазбаларын сонда тапсырған еді. Біраз уақыт өткен соң іш ауруға ұшырап, асқынған кесел оның өмірін 1469 жылдың маусым айының бесінде қиды. Мәйіті әлгі тұрғызған кесенеде топыраққа берілді.
6. Мәмлүктер туралы тағы бір құнды шығарма Қазы Менһаж Сераж Жүзжани (1192-1276) парсы тілінде жазған «Табақат насыри» (тарихтың жеңісті қабаттары) атты еңбек. Бұл кітап Насыреддин Маһмұт шаһ Шамседдинұлына арналған болған соң «Насыри», – деп аталған. Ал «насыр» сөзінің лексикалық мағынасы «жеңімпаз» мағынасын береді. Сол үшін насыр сөзін жеңімпаз депте аудара аламыз. Бұл еңбек жалпы тарихты баяндайды. Адам баласының жаратылысының бастауынан 1259 жылы Құлағу хан Бағдатты жаулап алғанға дейінгі аралықтағы иран мен ислам тарихын қамтыған. Сондай-ақ Үндістандағы мұсылман сұлтандарының үкіметтерінің тарихын жазған. Бұл кітап Үндістанда билік құрған түрік құлдар жайын кеңірек жазған. Сонымен бірге ғазнауи патшалығы һәм көзбен көрген моғол қауымының тарихи жорықтарын жазған.Оның авторы Қазы Менһаж Сераж Жүзжани екі түрлі әңгіме бойынша Герат немесе Лаһур қаласында 1192 (589 һижри) жылы туған. Автор өзі жайлы кітапта 1258 жылға дейін жазған. Яғни Құлағудың Бағдат қаласын 1259 жылы жаулап алған кезден бір жыл бұрынғы уақытқа дейін. Сондықтан 1259 жылға дейін Делһиде Үндістанның бас қазысы ретінде сән-салтанатты өмір кешкенін байқауға болады. Ең ғажабы қалам иелері, шежірешілер оның қайтыс болған тарихы жайында ауыз ашпастан үнсіз қалған. Тек қана Сейіт Әлі Асан өзінің шежіренамасында Маулана Менһаж Сераж сексен төрт жыл өмір сүргенін айтқан.
7. Ибн Хәлдун (1332-1406) Тунис елінде дүниеге келіп, Мысырда дүние салып, Қайыр қаласында жерленген тарихшы, социолог, этнограф, саясаттанушы ғалым. Оның «Ибн Хәлдун» атты көп томдық аса құнды зерттеу тарихи еңбегі тарихшылар, зерттеуші ғалым тарапынан аса жоғары бағаланады. Оның Мысыр мәмлүктері туралы жазған жазбалары мәмлүктерге берген бағасымен құнды. Онда: «Мұсылмандардың күйреуі мен әлсіреуі кезінде Алла Тағаланың үлкен бір ілтипаты мәмлүктердің тарих сахнасына шығуы болды. Орта Азияның кең байтақ даласынан құлдар болып, сатылып алынғандар кейін ейюби ордасында жетіліп, мәмлүк патшалығын құрып, ислам дінін шарапатына бөледі. Соның салдарынан ислам әлемін қарқынды төніп тұрған қауіптен құтқарды»,- деп баға берген. /3/. Алғы сөз/ Өйткені олар бір жағынан моғол шабуылдарын тоқтатты. Екінші жағынан Таяу Шығыстан христиандардың крест жорықтарын біржолата тоқтатқан болды.
Бейбарыс жайындағы түрік ғалымдарының зерттеу еңбектері:
8.Ибн Әсир (1165-1340) Ирак елінен шыққан тарихшы, хадисшы, жазушы «толық тарих» атымен танылған зерттеу еңбегі араб, парсы және Түркістан өлкесін, халықтарын зерттеуге құнды жазба дерек екенін айта аламыз.
9.Сондай-ақ Ибн Бәтута (1304- 168-77) Марокко саяхатшысы, қазы әлемнің көптеген елдерін саяхаттап көрген-білген, естігендерін (Ибн Бәтута сапарнамасы» атты кітабында жазып кеткен.
Европалық ғалымдар араб-парсы деректерін кезінде жинақтап, оларды аударып ғылыми айналымға салды. Сондай-ақ өзге де саяси мақсаттарға қолданды. XX ғасыр аясында түркі ғалымдарының тарихи санасы оянып, өз тарихын түрлі араб, парсы тағы басқа тілдердегі жазбаларды пайдалана отырып, зерттеп, зерделеуге кірісті. Дегенмен «XIII-XVI ғғ. жататын орта ғасыр араб тарихи шығармалары нарративті әлемнің көп елдерінде әсіресе араб елдерінде, соның ішінде Мысырда көптеп сақталуына қарамастан, қазіргі уақытқа дейін мәселенің деректанулық жағына арнайы зерттеу жүргізілмеген. Сондықтан деректанулық мәселелердің комплексті шешуін таппай хронологиясы бойынша сан алуан түрлі дерек-көздерін өзара және жан-жақты тексеруден өткізбей, тек жекелеген ғылыми ақпараттар мен мағлұматтарды, немесе өзара байланыссыз жеке-дара дереккөздерін пайдалану арқылы Орталық Азия және Таяу Шығыс өңірінің тарихымен айналысып жүрген тарихшы-медиевисттердің алдында тұрған сан алуан түрлі сұрақтарға жауап беру мүмкін емес.», – /16-22/. Бақытты Батыршаұлының зерттеуінде осы мәселе назарынан тыс қалмаған. Тұңғыш қазақ ғалымы ретінде Орталық Азия мен Таяу Шығыс, Мысыр-Сириядағы саяси-тарихи оқиғалардың барысын ислам тарихымен ұштастырып түркілердің ықпалы оның ішінде қыпшақтардың ислам тарихындағы орнын айқындап беруге ғылыми еңбек жазған. Әрине осы орайда Түркия ғалымдары ислам тарихының тұтастай болмысында түріктердің еңбегінің үлесін айқындауды әлдеқайда ертерек бастап кеткенін білеміз. Бірақ қазақ ғалымдарының ислам тарихындағы түркі оның ішінде қыпшақтардың үлесінің жүйелі түрде зерттелуі кенже қалып келе жатқаны рас. Бұндай зерттеудің қажеттігіне бастама болған Бақытты Батыршаұлының еңбегі ерекше құрмет пен бағаға лайық деп айта аламыз.
Түрік зерттеушілері:
1.Исмаил Һаккы Ұзыншаршыұлы (1888-1977) тарихшы, саясаттанушы түрік ғалымы. Оның басты артықшылығы түріктердің османлы империясының соңғы жылдарында Ыстамбұлдың Ейюбсұтан ауданында дүниеге келді. Сәбилік және жастық шағын османлы дәуірінде өткізді. Содан көптеген тарихи оқиғаларын көзбен көріп, құлағымен естіп, жүрегімен сезіп, ақылымен саралауға мүмкіндік алды. Ол бұдан жетпіс жыл бұрын «Мәмлүк үкіметінің құрылымы», – атты еңбегін жазған. Мысырдағы мәмлүк тарихына зерттеу жүргізіп қалам тартқан алғашқы ғалым болды.
2.Меһмет Женаб Шаһабеддин Тегіндағ (1918-1983) түркиялық тарихшы «Бәрқық заманындағы мәмлүк сұлтандығы» зерттеу еңбегін 1960 жылы Ыстамбұлда жариялады. Бәрқық толық есімі: Мәлік Таһир Сейфеддин Бәрқық Солтүстік Кавказда туып, мәмлүк патшалығының екінші дәуірінде шеркеш мәмлүк патшалығының тұңғыш билеушісі болған сұлтан. 784-791 (1382-1389) жылдар аралығында Мысыр мен Шам елдерінде билік құрды.
3.Казым Иашар Копраман тарихшы ғалым, Анталияның Аксеки ауданында 1944 жылы дүниеге келді. Түркияның жоғары оқуларында оқытушы ұстаз, зерттеуші ғалым болып еңбек етіп, зейнеткер болды. Ол алғашқы ғалымдар қатарында мәмлүк тарихын зерттеп, еңбек жазған тарихшы. 1980 жылы «Мысыр мәмлүктері тарихы: әл-Мүәййед Шейх әл-Мәмұди дәуірі (1412-1421) атты монографиясын жазды.
4.Фатиһ Иаһйа Аяз, зерттеуші жазушы 1971 жылы Ыстамбұлда туды. Дін, мифология және ислам категорияларында еңбектер жазған. Бастапқы еңбектерінің қатарында: «Мәмлүк пен Кипр қатынастары, Мәмлүктер (1250-1517), Мәмлүктер кезеңіндегі уәзірлік (1250-1517), «түрік мәмлүктер кезеңіндегі сарай ақсүйектері, лауазым иелері» (1252-1382) атты зерттеу еңбегі 2008 жарық көрді.
5.Шыңғыс Томар тарихшы, саясаттанушы ғалым, 1970 жылы Ыстамбұлда дүниеге келді халықаралық саяси қарым-қатынастар хақында аса маңызды еңбектер жазды. 1993-1995 жылдары Иордания университетінде араб тілі және ислам тарихынан білім алған. 1996-1997 Ортадоғы техник университетінде ағылшын тілін жетік оқыды. 2006 жылы Түркия зерттеулер институында зерттеуші ретіндегі еңбек жолында ортағасырлық дәуірі тарихындағы «мәмлүк тарихы» атты диссертациясын жазып доктор дәрежесіне ие болды.
6.А. Фулиа Еруз, өнер тарихының маманы. «Мәмлүк билігі және өнері» атты зерттеу еңбегі 2002 жылы Анкарада жарық көрді.
7.Смаил Йігіт 1951 жылы Түркияның Бурдыр ауданының Кылауызлар ауылында туды, сонда бастапқы мектебін бітірді. 1970 жылы Бурдырдың діни имам хатип мектебінде оқыды, 1974 жылында Қоня жоғары ислам институтын тамамдады. 1976-1977 оқу жылы Ерзырұм – Нарман лицейінде оқытушы болды. 1991 жылында Мармара университетінің дінтану факультетінде «Үммийе дәуіріндегі ғылыми әрекет», – атты докторлық диссертациясын қорғап доцент атағына ие болды. 1998 жылы профессор атағын алды. 2011 жылдың наурыз айында зейнеткерлікке шықты. Содан Фатиһ Сұлтан Мәһмет қорының университетінің ислам ілімдер факультетінде оқытушы болып, ұстаздық қызметін әдебиет факультетінің тарих кафедрасында жалғастырып келеді. Үйленген үш баланың әкесі. Ислам тарихына, пайғамбар өмірі тағы басқа діни тақырыптар бойынша көптеген еңбектер жазып жариялады. Оның «Мәмлүктер» атты зерттеу кітабы 2008 жылдың ақпан айында жарық көрді. /3/
8.Рамазан Шешен 1937 жылы Түркияның Денизли қаласының Никфер ауылында туды. Ол зерттеуші ғалым ретінде жазған «Салаһеддин Ейюби және дәуірі» атты еңбегі 2000 жылы жарық көрді. Кейін «Салаһеддиннен Бейбарысқа дейін» атты еңбегі 2007 жылы жарияланды. Ғалым Мысыр мәмлүк патшалығының тарихын одан әрі зерттеу нысанасына алып «Сұлтан Бейбарыс және дәуірі (1260-1277)» атты жаңа еңбегін жазып, 2009 жылы баспадан шығарды. Сұлтан Бейбарыс құл болып Мысыр тарихына енсе де батылдығы, күш-қуаты, парасаты, саяси-мәдениет қайраткері ретінде түрік қауымының ислам әлемінде Алып Арслан, Селаһеддин Ейюби, Сұлтан Фатиһ сынды ұлы саяси тұлғалар қатарында қыпшақ түркілерінен шығып, исламның әлемдік жаңа саяси бетбұрысына айтарлықтай үлес қосқанын Рамазан Шешеннің зерттеп, зерделеген еңбектерінен көре аламыз. Сол Мысыр елінде өшпес із қалдырған Сұлтан Бейбарыс өмірі мен жетістіктері, ислам тіпті әлемнің саяси бетбұрысына елеулі еңбек сіңірген тұлғасын Рамазан Шешен шығармаларынан анық көре аламыз.
9.Алтан Четин: тарихшы 1972 жылы Ыстамбұлда туды. Зерттеуші ғалым ретінде мәмлүк жайында: «Түрік тарихында мәмлүк ғасырлары – бір мәдениет тарихының іс-әрекеті» атты еңбегі 2020 жылы жарық көрді. /13/ Монографияның авторы өзінің мәмлүктер тарихының мәдениетін зерттеуіне орай, оның мән-маңызына тоқталып: «Мәмлүктің ұлы тарихын жасаған Бейбарыс және басқа барлық сұлтандардың түрік тарихына осындай айбатқа бөлеген ғасырлардың тарихи естелігін іздеп, зерттеп, зерделеу біздердің міндетіміз болып қала бермек»,- /13-13/ деп пікір білдірген.
Қазақ ғалымдары:
1.Бақытты Батыршаұлы (1965-2017) дипломат, шығыстанушы ғалым. Ол ұзақ жылдар бойы Мысырдағы Қазақстан елшілігінде дипломатиялық жұмыс атқарды. Сол жылдары араб тілі маманы және шығыстану зерттеушісі ретінде Бейбарыс және Мысыр еліндегі мәмлүк патшалығын құрған қыпшақтар туралы және сәулет өнеріне қатысты еңбектер жазып мұра қалдырды. Ол қазақ халқының ұлт қайраткері танымал дипломат және Қазақстанның тәуелсіз дипломатиясының негізін қалаушының бірі Сайлау Батыршаұлының тұңғыш перзенті. Оның жарық көрген кітаптары: 1. «Мысырдағы мәмлүк сәулет өнерінің тарихы» атты зерттеу еңбегі қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген. 2. «Сұлтан Бейбарыс мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары». 3. «Мысыр мәмлүк мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары. XIII-XV ғғ.» /14-15/ Бақытты Мысыр астанасының атын орысша емес қазақ транскрипциясымен таңбалап «Қайыр»,- деп /16-136/ жазғаны дұрыс бастау деп білемін. Әйтпесе «Қайыр» орысша таңбалау қазақ тілінің үндестік заңына сай келмейді. Алайда бұл еңбекте қазақ ғалымдарының адам, жер-су аттарын орысша транскрипциялағандай бұл кемшілікке ұрынып отырады. Мәселен: «Қыпшақ даласы» атауын парсы тілінің күйінде « Дәшті Қыпшақ»,- деп жазғаны дұрыс емес. Оны парсы тілінен аударғандағы қазақшасы «Қыпшақ даласы» немесе «Қыпшақ мемлекеті»,- деген атауымен анық жазу керек. Әйтпесе «тамшы-тамшы көл болады»,-дегендей осындай бір бұрыс көбейе береді. Сөйтіп қазақ тілінің үндестік үйлесімі бұзыла бастайды. Тағы бір мысал: «Әмин әл-Халеди» /16-31/ адам есімін өзбекше транскрпциялап «Холиді» деп жазылуы қазақ тілінің таңбалау ережесін анық бұзып отыр. Өйткені өзбек «а» әрпін «о» әрпімен таңбалайды. Оған «алма» сөзі «олмо» болып жазылуы дәлел. Ал арабша жазылуы қазақшада «Халеди» деп таңбаланады. Сондай-ақ «республика» мағынасындағы «жүмһури» араб сөзін орысша таңбалауымен: «джамаһирия» /16-15/ түрінде қолдану дұрыс емес. Өйткені қазақ санасына сөздің ұғымы бөтен және айтылуы ауыр. Сондықтан қазақ ғалымдары орысша транскрипциялаудан құтылу үшін министрлігінің тіл комитеті қазақ, араб, парсы, түрік, қытай, орыс тілдерінің мамандарымен сараптамалық алқа құрып қазірге дейінгі адам, жер-су аттарын бір ізге түсіріп бекіту керек.
Әрине Бақытты түпнұсқалық деректерді көбірек пайдаланғаны үшін зерттеуінің көптеген артықшылығы бар. Соның бірін Сайлау Батыршаұлы кітаптың алғы сөзінде: «Бақытты мәмлүктердің билігі кезінде араб өркениетіне қыпшақ мемлекетінің ықпалы бар болғандығын дәлелдеді. Олардың ішінде, қазақ халқының ертеден келе жатқан «қошқар мүйіз» өрнегінің мәмлүктер кезеңінде жалпы мұсылман діни архитектурасында кеңінен қолданыс табуы, қыпшақ, түрік сөздері араб тіліне енгені – соның айғағы бола алады. Қазіргі Мысырда қыпшақ-түркі сөздері қолданылады: «қауырма», «шауырма», «қауын», «боза», «сандық», «қазық», «сарай», «күрек», «көпір», «байрақ», «тақтай», «таңба» және тағы сол сияқты сөздер көп»,- деп /16-11/ жазған. Сонымен бірге Бақытты өз зерттеуінде Батыс Еуропа мен Ресей ғалымдары XVII-XVIII ғасырлардан бастап зерттей бастағанын әңгімеге өзек етеді. Онда европа және орыс һәм араб ғалымдарының аттарын атап, зерттеулерінің артықшылық пен кемшіліктерін анықтап береді. Онда: «Батыс Еуропа мен Ресейде XVII-XVIII ғғ. бастау алған Мысыр Мәмлүк мемлекетінің тарихын зерттеуде бірқатар зерттеулердің өзіндік тарихнамасы мен деректік негізі біршама қалыптасқанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін бұл мәселе толық және жүйелі зерттеуін таппаған деуге болады.
Қыпшақ мемлекеті мен Мәмлүк мемлекеті тарихының әлемдік зерттеу жолдары мен деңгейі біркелкі емес», – деп /16-26/ Мысырдағы мәмлүк пен Қыпшақ даласының өзара тарихи байланысын ислам-түркі тарихының тұтастығында жан-жақты зерттеу керектігін меңзейді. Бұл орайда ағылшын, орыс, араб зерттеуші ғалымдары арасында ең ұтымды алғаш рет зерттеген ғалым ретінде Әмин Халедидің 1964 жылы Қайырда жарық көрген еңбегін атайды. Онда: «Әмин Халедидің зерттеуі Мәмлүк мемлекеті мен Қыпшақ даласының арасындағы саяси, әскери, дипломатиялық және құдандалық қарым-қатынастармен қоса, этникалық, мәдени, діни, әдеби, әдет-ғұрыптық ерекшеліктері едәуір жақын келеді. Алайда автор өзінің зерттеуінде мәмлүктердің тілі мен мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін көшпелі қыпшақ өркениетіне тікелей қатысты дей отырып, өзінің зерттеуінде келтірген құнды деректері мен мағлұматтарының нәтижелерін қазіргі түркі халықтарының, соның ішінде қазақ халқына қатысты екенін ашып көрсете алмауы зерттеушінің қолында түркі халықтарының тарихи этникалық мағлұматтарының болмауынан деп ой түюге болады», – /16-31/ деп шетелдік ғалымдардың зерттеуіне байланысты пайымдауын дәлдеп түйіндейді.
1965 жылы Жамбыл облысы, Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген Бақытты Батыршаұлы мәмлүктер және олардың өнер сәулеті, архитектурасы, саяси қатынастар тағы басқа қырлары туралы қазақтың ғылыми, көпшілікке арналған басылымдарына көптеген мақалалар жариялаған.
2.Қайрат Ұзақұлы Сәки: араб тілінің маманы, шығыстанушы, дипломат. Көптеген жыл араб елдеріндегі Қазақстан елшіліктерінде дипломатиялық қызмет атқарған. Сол жылдары Мысырдағы қыпшақ мәмлүк мемлекеті туралы араб тіліндегі түпнұсқалық жазба деректерді пайдалана отырып еңбек жазған.
Қайрат Сәки «Бейбарыс» есімінің дұрыс аталуы «Бейбарыс» деп уәж айтады. Ал иран ғалымы «Бибарыс» деп пікір білдіргенін жоғарыда жаздық. Сол үшін қыпшақ сұлтанының есімі үш түрлі жазылуға ілініп тұр. Олар: Бейбарыс, Бейбарс және Бибарыс. Адам, жер-су атаулары ала-құла түрінде жазылып, бір ізге түспей келе жатқанының екі себебі бар. 1. Қазақ тарихшылары еліміздің ежелгі және ортағасырлық тарихнамаларының қытай, араб, парсы және түркі сынды тілдерін білмеген. 2. Қазақ тарихын зерттеушілер қазақ тілі мен мәдениетінен хабарсыз болған. Сол үшін ұдайы орыс ғалымдарының зерттеулеріне тәуелді болып келген. Және еңбектерінде адам, жер-су аттарын орысша транскрициямен жазып келген. Бұл өздерін де, өзгені де адастырып келеді. Бұл жағдайға олардың кінәсі жоқ. Бірақ бұл оның бұрыс екенін мойындап, жаңа көзқарасқа, яғни шындықтың орнығуына жол берулері керек. Әрине қазақ ғалымдары мен тарихшылары кеңес дәуірінде қытай, араб, парсы, түркі жазба деректерін орыс аудармашыларының тәржімаларынан пайдаланып келді. Өйткені өздері орыстандыру саясатының салдарынан аталған тілдерді үйренуге мүмкіндік ала алмай келді. Сол үшін ұдайы жер-су, адам есімдерін орыс тілінің транскрипциясымен айтып, жазып келді. Бұл күрмеуі күрделі жайттың әңгімесі ұзақ сонар тақырып ретінде өзгеше болғаны үшін дербес әңгіменің өзегі болмақ.
Қайрат Сәки «Сұлтан Бейбарыс» атты еңбегінде Сұлтан Құтыздың қазасын және Сұлтан Бейбарыспен араздығының себептерін Мүһейиеддин ибн Әбд-әз Заһирдың (1223-1293) және Іззеддин ибн Шеддад тарихшы, географ (1217-1285) еңбектерінен баяндап береді. Әбд-әз Заһир: «Сұлтан Құтыз, қасында Бейбарыс бар, Мысырға бет алғанда, ниеті өзгеріп, көкірегіне нан пісті, Бейбарыс оны түсінді. Бейбарыс одан Алла мен халық ырза болатын жиһад жолында іс істеуге сұранды. Бірақ Құтыз Бейбарыстың аты шығып кете ме деп қорқып, оған кедергі жасады» деп /19-13/ екеуінің арасындағы келіспеушілікті осылай жазған. Іззеддин ибн Шеддад: «Құтыз аңға шыққанда алдарынан қоян жүгіреді де, сұлтан Құтыз және қасындағы бектер оны қуа жөнеледі. Баһадүр деген бек елден бұрын қоянды соғып алады. Сұлтан бектің одан да жіті қимылдағанына риза болып, қоянды қолына алып тұрып бекке: «Не тілегің бар, сұра бек»,- дейді. Баһадүр бек қолға түскен татар қызын сұрайды. Құтыз тілегін қабыл алып, қызды дүниесімен беретінін айтады. Бек жерді сүйіп сұлтанның қолын сүюге жақындайды да, оның оң қолынан ұстай алады. Бұл астыртын әрекетке келіскен бектердің арасындағы ишарат еді. Бектұт жалма-жан Құтызды мойнынан қылышпен шабады. Унус сұлтанды атынан құлатады. Баһадүр садақпен атады. Сұлтан сол жерде жан тапсырады. Сұлтанды бірінші қылышпен шапқан Бейбарыс деп те айтады. Сол-рас», – деп /19-124/ жазған. Алайда Құтыздың қазасынан кейін Бейбарыс Мысырдағы мәмлүк билігінің сұлтаны болып, ислам тарихына өшпес із қалдырады.
Осы тұста айтарымыз Қайрат Сәки кітабында: «фарсах» сөзіне былай: «фарсах-қашықтық өлшемі шамамен 3 шақырым» /19-334/,- деп түсінік берген.
Ал парсы сөзігінде фәрсәнг және фәрсәх түрінде жазылады. Фәрсәнг парсыша жазылып, айтылуы. Ал фәрсәх арабша жазылуы, себебі арабшада «г» әрпі жоқ. Сол үшін парсышадағы соңғы «г» әрпі арабшада «х» таңбасымен айтылып, жазылады. Парсыша «данышнама азат» уикипедияда былай түсінік берген: «екі түр фәрсәх бар. 1. Ағымдағы фәрсәх 6,24 шақырым 2. Шариғаттық фәрсәх 5,400 шақырыммен тең. Ал осы арада жалпы қолданыста фәрсәх 6 шақырым есебінде қабылданып кеткен. (Мүйін түсіндірме сөздігі, иран).
Ескерту: Жалпы алғанда тарихи қолжазба деректерді тікелей пайдаланып келсек те, жер-су, адам аттарын орысша транскрипциялап беру қазақ тілінің фонетикалық заңына сәйкес болмағаны үшін тілдегі дыбысталу үндестігін бұзады. Бұл жайт қазақ ғалымдары мен қаламгерлерінің назарында болса құба-құп. Мәселен: Хасан, Хүсейін есімдерді Асан (Қасан), Үсейін (Құсайын), Раджаб айы емес Режеб айы деп қазақы айтуына сай жазып жүрсек тілдің әсем әуенін сақтап қаламыз.
Қазақ зерттеушілері арасынан алғашқы болып араб тіліндегі жазба деректерді пайдаланып еңбек жазған Бақытты Батыршаұлы (1965-2017) және Қайрат Ұзақұлы Сәки мәмлүктерді зерттеуде бастапқы зерттеулер ретінде ғалымдарға тұңғыш баспалдақ екенін білген жөн. Сондай-ақ қазақ тілді тарих мұғалімдері аталған екі ғалымның зерттеу еңбектерін сабақ беру барысында көмекші оқу құралы санатында кеңінен пайдаланып жүрсе, қазақтың дербес тарихи санасының қалыптасуына елеулі әсері болмақ. Сондай-ақ тарих сүйер қауым екі ғалымның кітаптарын тауып, оқып қазақ ғалымдарының еңбегін бағалап, ана тілдегі кітаптар молынан оқырманның қолдауына ие болуына жол ашыңыз. Қазақ тілінде керекті кітаптар жоқ деп нали бергенше, барын бағалай білсек түпнұсқадан деректану саласы жаңа белестерге жете берері анық. Мен осы зерттеу мақаламды жазу барысында тиісті жазба деректер және мәмлүктер туралы ғалымдардың зерттеу кітаптарына қол жеткізуіме арабтанушы танымал ғалымдар: Шамшадин Тұрсынұлы Керім және Ықтияр Молдатөреұлы Палтөре қолғабыс берді. Осы тұста оларға риза көңілмен айрықша алғыс айтамын. Және келешекте ортақ еңбек жазып тарих сүйер қауымға ұсынамыз деген ортақ жұмыстарымыз бар.
Әдебиеттер:
1.Рамазан Шешен, Сұлтан Бейбарыс және дәуірі (1260-1277), Ыстамбұл, Ислам тарихы, өнері және мәдениеті зерттеу қоры, «Жұлдыз» баспасы, 2099 ж. 387 бет.
2.Ismaıl Y., Memlükler 1250-1517, Kayıhan yayınevı, Istanbul, 2008, 422 sayfa.
3.Рамазан Шешен, Селаһеддиннен Бейбарысқа дейін ейюбилер-мәмлүктер (1193-1260), «Білім, мәдениет, өнер» баспасы, 4-басылым, ақпан 2023 ж. 448 бет.
4. Бәдреддин Маһмұт әл-Әйни, мәмлүк сұлтандарының заманы, баспаға дайындаған: доктор Мұхаммед Әмин, бес томдық, III-том, 175 – бет.
5.Turkcenedemek.com
6.Қайрат Ұзақұлы Сәки, Сұлтан Бейбарыс, 2-басылым, толықтырылған нұсқа, Астана, «Фолиант, 2022,- 352 бет.
7.Бақытты Батыршаұлы (1965-2017), Мысыр Мәмлүк мемлекетінің Қыпшақ даласымен байланыстары, XIII-XV ғғ.: Зерттеу-монография-Алматы: «Нұр-Мұбарак» баспасы, 2021,-416 бет.
8.Islam ansiklopedisi, Türkıye, cilt: 05; sayfa: 221
9.Ibni Tagrıberdi, En-Nücümuz-zahire “parlayan yıldızlar’ arapçadan çtviri- D.Ahsen Batur, Istanbul, Selenge Yayınları, 2013, 621 sayfa.
10.Қазы Менһаж Сераж Жүзжани, Табақат насыри, Кабул, «Ғури мәдени қоры» баспасы, үшінші басылым, 1391 һ. 649 бет. 455-449 беттер.
11. Алтан Четин, «Түрік тарихындағы мәмлүк ғасырлары - бір мәдениет тарихының іс-әрекеті» , Ыстамбұл, «Тимаш» баспасы, 2020 ж, 240 бет.
12.Бақытты Батыршаұлы, «Сұлтан Бейбарыс мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары. XIII-XV ғғ.» зерттеу-монография-Алматы: «Нұр Мүбарак» баспасы, 2016,-216 бет.
13.Бақытты Батыршаұлы, «Мысыр мәмлүк мемлекетінің қыпшақ даласымен байланыстары. XIII-XV ғғ.» зерттеу-монография-Астана: «Ақ Жайық» баспасы, 2021,-416 бет.
14.IHSAN.KZ
15. Қайрат Ұзақұлы Сәки, Сұлтан Бейбарыс: 2-басылым, толықтырылған/ Астана, «Фолиант» баспасы, 2022 ж., -152 бет.
2063 рет
көрсетілді0
пікір