• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Елдіктің нышаны 

Тіл жайында толғанғанда, ғасырлар мен дәуірлерден келе жатқан ата-баба жолына назар аударып, өткенімізден өнеге алудың маңыздылығы зор. Осы орайда ең қасиетті де қадірлі дүниенің бірі – адам баласының жаратылысынан бастау алатын «тіл» дейтін жоғары құндылық. 
Елімізде «Тілге құрмет – елге құрмет» деген жақсы сөз бар. Бұл халқымыздың туған тіліне деген сүйіспеншілігі мен ықыласы. Біз ана тілі жайлы жақсы атқарылған істер жөнінде жиі әңгіме қозғаймыз. Десек те,  ана тілімізді асқақтататын, даңқын шығаратын кейбір азаматтардың көзқарасы мен тірлігіне қарағанда кейде көңіл құлазитын сәттер болады. Бүгінгі таңда жоғары лауазым атқарып жүрген азаматтардың көпшілігі неліктен өз тіліне шорқақ деп те ойланасың. Олар кібіртіктеп зорға сөйлейді, айтар сөзін анық түсіндіре алмай жатады. Бұлардың көбі орыс тілді азаматтар. Әрине, біз оларға кінә тағудан аулақпыз. Алайда олардың лауазымы жоғары қызметте отырғаннан соң өздерінің туған тілін, ана тілін мейілінше құрметтеп, соны үйренуге міндетті ғой. Өйткені оның қаны қазақтың қаны. Мысалы, қазіргі кезде қазақ тіліне басқа ұлт өкілдерінің қызығушылығы артып келеді. Теледидарларда диктор болып қызмет атқарған орыс және корей ұлттарынан қыздардың қазақ тілінде жаңалықтар хабарын жүргізіп, әңгіме, сұхбат жасап жүргендері өте көп. Осыған қарап біз басқа да ұлт өкілдерінің ана тілімізге қызығатынын анық байқаймыз. Бұл бізді ерекше қуантады. Ал енді өзіміздің көптеген орыс тілді азаматтарының ана тілге деген ынта-ықыласы онша емес. Солар өздерінің балаларын орыс балабақшалаларына беріп жатса, келешекте олардың да қазақ тіліне мейірімділігі қалай болады екен. Осы сұрақ әрбір қазақтың зиялы азаматтарының көңілінде жүрген сияқты. Көріп жүргендей, ақ шашты аналардың көбі немерелерін үйге балабақшадан келген кезде орысша сөйлеуге бейімдеп, соған ыңғайлай беретіні бар, соған қарап біз, апырай осы сәбилердің келешегі қалай болар екен. Ең болмаса үйге келгенде қазақша тәрбиелеуге, ана тілінде сөйлеуге үйретуге болмас па екен деген күдігіміз басым. 
Ал енді тіліміздің тазалығы жөнінде бірсыпыра мәселелерді алға тартқым келіп отыр. Қазақтың тілі әлемдегі тілдердің ішіндегі ең бай (сөздік қорынан) тілдердің бірі. Тіліміздің ең құдіреттілігі сол, сөйлеген кезде әуезді, әдемі, құлаққа жағымды естіледі. Сол себепті біз тіліміздің соншалықты таза болуына күш салуымыз керек. Атап айтқанда, осы еліміздің әр аймағында қазақтың кейбір сөздерін бұрмалап, біртүрлі етіп сөйлейтіндер жетіп артылады. Бұған біз жергілікті жаргон сөздері шығар деп аса мән бере бермейміз. Бірақ сол сөз ана тілімізге дендеп бара жатқан сияқты. Мәселен, қазақтар бірге туған, өзінен үлкен бауырын аға, кішісін іні деп атаса, ал қыздардың үлкенін апа, кішісін сіңіл дейтін қашаннан қалыптасқан сөз бар. Қазір соларды жиып қойып, бәрі бауыр, «тәте» деген сөздерді қолданатын болып жүр. Сонда жолдасты да, досты да, туғанын да ажыратпай, тек бауыры мен тәтеге баласақ, тіл тазалығын қалай сақтай аламыз? Екіншіден, үйдегі отырған анасын келіндері ене демей, апа дейтін сөзді қолданысқа енгізіп алған. Сондай-ақ өзінің балаларына апа деп үйретеді. Шындап келгенде, бұл сөз апа емес, әже деген сөз болуға тиіс. Бірақ осы «апа» сөзі көп отбасында қолданылып келеді.  Біз тіл тазалығын айтқанда кейбір оғаш, тұрпайы сөздермен былғандырмай, бұрынғы дәстүр-салт бойынша айтылып жүрсе, ол жан жадыратады, көңілді асқақтатады. Атадан балаға дейін мирас болған Әже деген аяулы сөзді болашақ сәбилер апа деген сөзбен шатастырып жүрмесе екен.
Тіліміз шұбарланбай, жарықшақтанбай, таза болсын десек осындай қате қолданылып жүрген сөздерден аулақ болған жөн. 
Соңғы кезде көгілдір экранды қарап отырғанда бағдарламаны жүргізіп отырған азаматтардың  тілін түсінбей қаласың. Олар таудың басынан төмен қарай аққан ағыстың суындай, біреу артынан қуып келе жетқандай шалт, жылдам сөйлеп, айтылып отырған сөйлемнің мән-мағынасын жойып алатыны жиі кездеседі.
Соған қарап біз, теледидар басшылығының әлгі кісілерді арнаға шығарғанда сөйлеген сөздерінің анық, нақты болуымен  қатар, асықпай айтуға тәрбиелеуі керек деп санаймыз. Өйткені, қазір көгілдір экран алдында отырғандардың көбі орта жастан асқан үлкен кісілер. Жастар онша теледидарға қызыға бермейді. Олар тек интернетпен тілдеседі, солармен жұмыс жүргізеді. Тағы бір жағдай, қайсы бір корпорация, компания, фирма, өндіріс, ауыл-шаруашылығы немесе мемлекеттік мекеме басшылары сұхбат бергенде кәдімгідей анық сөйлей алмай, сөздерін жартыкештеніп айтады да соңын жұтып қояды. Сондықтан теледидар қызметкерлері олардың дұрыс сөйлеуін қатаң бақылауға алған жөн. Бұл да тілдің тазалығы үшін аса қажет. 
Тіліміз таза, шұбарланбай, әдемі болса нұр үстіне нұр болар еді. Қорыта айтқанда, елдіктің белгісі – Тіл. Тіл – Тәуелсіздіктің де тірегі, егемендіктің де айбыны.  Біз бүгінгі күнге  оп-оңай  жеткен жоқпыз. Бізге дейін де  талай жыл, талай ғасыр өтті. Халқымыз  түрлі-түрлі  оқиғаларды бастан өткерді.  Ата-бабаларымызға елді, жерді сақтап  қалу жеңіл  тимеді. Бұл жолда  қан төгілді, жан қиылды. Осыны ұмытпай, ескеріп жүру, бабалар аманатына адал  болу – парыз. Ал аманаттың ең биік шыңы – тіл аманаты. Өйткені тілден бәрі де басталады. Тақырыбымызды егемендігіміздің бірден-бір басты мерекесі – Республика күнімен сабақтай түсейік. Жалпы, біздің ерекше  қуанатынымыз – халқын ардақтайтын тұлғалардың өткен  тарихты назардан тыс қалдырмай,  жас ұрпақ зердесіне салып  отыратындығы. Аса жоғары бағалайтын құндылығымыз  – елдің  ынтымақ-бірлігі. Ауыз  толтырып айтар, үлгі-өнеге  боларлық маңызды жұмыстар  жұртшылықтың  бір жағадан бас, бір жеңнен  қол  шығарып, ұйымшылдық көрсетуінің арқасында жүзеге асуда. Биылғы жылдың ел өміріндегі  орны қандай  екендігі баршамызға белгілі. Көптеген реформалар жүзеге асуда. Ел пайдасын көксейтін заңдар қабылдануда. Лайым, жақсы істер жалғасын таба бергей. Бұл күндері  ел аумағында 25 қазан – Республика күні атап мерекеленеді. Республика  мерекесіне өз үлесін  қосып  жатқан әрбір азаматтың отаншылдығы бойға мақтаныш  сезімін ұялатады. Бұл өте  қолдарлық. Себебі қай  халыққа, қай ұлтқа  болсын, егемендіктен қымбат  ешнәрсе болмайды. Жер бетінде  дербес мемлекеті, елі жоқ, осындайға зәру  болып отырған ұлттар да  бар. Оларға  бұл қол жетпес  арман. Біз  болсақ арманға қол  жеткізген, кеудеміз асқақ, жүзіміз  жарқын,   бақытты  халықпыз. Сондықтан  Республика күнін  тойлау, мерекелеу – өте қажет.  Елге қызмет жасай да білейік, елдің, Отанның тойын  шырайын шығара тойлай да білейік
                                  

                                                      Айдос МҰРАТ
 

142 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз