• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Өрнекті жазушы

Алтай мен Атырау арасын жалғаған киіз туырлықты, ағаш уықты Алаш жұртының ұлан-ғайыр мекеніндегі жер жаннаты – Жетісудың кіндігі саналған Қаратал өңірінде қара қылды қақ жарған Ескелді, Айту, Жәлменде, Балпық билер, Қарынбай әулие, «егеулі найза қолға алған, еңку-еңку жер шалған» Мықтыбек, Тілеуғұл, Кәшке мен Бақайдай батырлар мен Пышандай әнші туған. Және бабаларының ізін жалғаған, сол құнарлы топырақтың бар қасиетін бойына сіңірген ардақты азаматтың бірі, есімі исі қазаққа мәшһүр жазушы, драматург, екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жандануына елеулі еңбек еткен қарымды қаламгер – Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында туған. Ол жиырмаға толар-толмастан соғысқа аттанып, 26-шы атқыштар дивизиясы құрамында болған.

 

Алтай мен Атырау арасын жалғаған киіз туырлықты, ағаш уықты Алаш жұртының ұлан-ғайыр мекеніндегі жер жаннаты – Жетісудың кіндігі саналған Қаратал өңірінде қара қылды қақ жарған Ескелді, Айту, Жәлменде, Балпық билер, Қарынбай әулие, «егеулі найза қолға алған, еңку-еңку жер шалған» Мықтыбек, Тілеуғұл, Кәшке мен Бақайдай батырлар мен Пышандай әнші туған. Және бабаларының ізін жалғаған, сол құнарлы топырақтың бар қасиетін бойына сіңірген ардақты азаматтың бірі, есімі исі қазаққа мәшһүр жазушы, драматург, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, «Ерлігі үшін» медалінің иегері, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының жандануына елеулі еңбек еткен қарымды қаламгер – Кемел Тоқаев 1923 жылы Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында туған. Ол жиырмаға толар-толмастан соғысқа аттанып, 26-шы атқыштар дивизиясы құрамында болған. Кемел Тоқаев 1960-1977 жылдар аралығында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Жаршысында» Бас редактор, ал 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші болып жұмыс істеді. Сұрапыл соғыс уақытында екі жылға жуық мұз жастанып, қар жамылып, оқ пен оттың ортасында жүріп, аяғынан жараланғаннан кейін Отанына оралады. Шынтуайтында, батыр-баһадүрлердің, талай тарланбоздың қаны мен тері сіңген туған жердің жапандағы жалғыз ағашы, сыңсыған ну орманы, ішіне сыр бүккен жыра-жотасы, түу биікке көз тіксең бөркің сыпырылып түсер шыңы, бәрі-бәрі қазақ үшін қасиетті, әр сүйемі ыстық қой. 
Бала Кемел жастайынан оқуға деген ынта-ықыласымен, алғырлығымен, қазақ тілі мен әдебиет пәніне деген қызығушылығымен ерекшеленіп, сыныптастарынан оқ бойы озық тұрады. Ақын, драматург Нұрлан Оразалин жазушы туралы былайша толғанады: «Қаламының желі бар қарапайым қара бала қараша қазағына тосын детектив жанрын әкеліп, осынау тың бағытты жоғары деңгейге шығарды. Және, сол биіктен ешбір аласармай, жазушылық ісіне көлеңке түсірмей, жауапкершілік жүгін абыроймен көтеріп, өскелең ұрпаққа шынайы шеберлік үлгісін көрсетті». Расында да, автор туындыларында алмағайып кезең кейіпкерлері уақыт ағымына сәйкес терең сараланады. Әсіресе, ол әңгіме жанрында ұлттық әдебиетімізге соны кейіпкерлер, тосын типтер мен қайталанбас характерлер алып келді. 63 жылдық ғұмырында өзінен соң «Қызыл комиссар», «Қылмыскер кім?», «Сиқырлы сырлар» атты пьесалар, «Қыс қарлығашы», «Болашақ туралы ойлар», «Түнде атылған оқ», «Қастандық», «Арнаулы тапсырма», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын» сияқты әңгіме-повестер, «Солдат алысқа кетті», «Ұясынан безген құс» секілді романдар қалдырған қаламгер «Жұлдызды жорық» атты тұңғыш кітабымен әдеби қауымды елең еткізді. Сөйтіп, ол детективтің көшін бастап, жұлдызы жарқырай жанып, әдеби ортада серпіліс тудырады. Кезінде бір кітабының өзі төрт жүз мыңнан аса данамен тарап, қатарластарынан қара үзген Кемел Тоқаевтың Совет чекистерінің тыныс-тіршілігі, қам-қарекеті жайындағы туындылары көзіқарақты оқырман арасында қызу талқыға түскен-ді. Жазушының жаңашыл сипаттағы қаһармандары мен шытырман уақиғалар негізіндегі шығармалары тартымдылығымен ерекшеленіп, өзінен кейінгі жас толқынға тың сүрлеу, жаңа жол салып берді. Қазақстан Республикасының Президенті, мемлекет және қоғам қайраткері Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Әке туралы толғаныс» атты ғұмырнамалық кітабында өзінің бар болмыс-бітіміне әкесінің зор ықпал еткенін жаза келе: «Ол кісі әдебиетке көзсіз берілген жан еді, сондықтан күн демей, түн демей еңбек етті. Әкем үшін Отан деген ұғым бәрінен де жоғары тұратын!..», – деп түйіндейді. Кемел Тоқаев – ел тағдыры таразыға түскен тұста қолына қару алып, қан майданға аттанған азамат, өзі өмір сүрген қоғамының өзгелер сабақ алар шыңғырған шындығын шығармаларына өзек еткен жазушы. Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында қазақ әдебиетіне жаңа толқын келген-ді: Бек Тоғысбаев, Сапар Байжанов, Мүсілім Базарбаев, Баймырза Дәуренбеков, Әбдісаттар Бөлдекбаев, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Әбіш Кекілбаев, Әбілфайыз Ыдырысов, Қалихан Ысқақ, Рымғали Нұрғали, Рамазан Тоқтаров, Күләнда Ұзақбаева, Тұтқабай Иманбеков, Амантай Байтанаев, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев, Қоғабай Сәрсекеев, Сейфолла Оспан, Фариза Оңғарсынова, т.б. Сол қалың қаламгердің белортасында өнімді еңбек етіп Кемел Тоқаев та жүрді. Жазушы, аудармашы, публицист Мәткерім Әкімжанов «Кемел Тоқаев» атты естелігінде: «Кемекеңмен дидарласа қалғанда оқиғалы жанрдың өте ауыр екендігін, шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындығын, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатындығын жиі еске салатын» деп жазыпты. «Алыптар тобының» заңды жалғасы саналған К.Тоқаев уақыт өте келе расында да детектив жанрының хас шеберіне айналды. Ол оңайшылықпен жалынан сипата қоймайтын жанр болғандығына қарамастан, қабырғалы қаламгердің бұған жүрексінбей баруының өзі – ерлікпен пара-пар іс. Әдебиеттанушы, профессор Шерияздан Елеукенов өз естелігінде: «...Кәмекеңмен өз басым Баспа комитеті жүйесінде қызмет етіп жүргенде таныстым. Оған дейін сырттай есіміне қанық болатынмын. 
Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақ КСР Ішкі істер министрлігі Кеңес милициясы мен чекистерге арналған шығармаларға бәйге жариялағанында бірінші бәйгені қатарынан төрт рет алып қайран қалдырған лауреатты ол кезде білмейтін адам кемде кем еді» десе, Қалмұқан Исабай: «Кемелдің кітаптары түгелге дерлік дерекке құрылған. «Арнаулы тапсырма» бүгінде ортамызда жүрген, халқымыздың маңдайына жазған қаһарманы, айбынды партизан Қасым Қайсеновтің ерлігі жөнінде. Халқымыздың осы батыр перзенті жөнінде тұңғыш шығарма жазған осы – Кемел. Қайсыбіріміз қолымызға түскен «Солдат күнделігін» сол қалпында жариялауға асыға-мыз. Ал, Кемел «Солдат соғысқа кетті» повесінде «Солдат күнделігінің» әр күнін даралап, талдап, соғыстың мән-жайын өзінің көруі, сезінуі бойынша жаза білген. Кемел Тоқаевтың басты кейіпкерінің бірі – Қасым Қайсенов. Партизан жазушының жанында жүріп, әңгімесін естіп, көңіл күнделігіне түртіп жүріп, жаңа бір шығарманың тууына себеп болды» деп жазған. Қазақта: «Асылды асыл тартады» деген сөз бар. Жоғарыдағы жазбадан тірісінде партизан-жазушы Қасым Қайсенов пен Кемел Тоқаев бір-бірін ерекше құрметтегенін байқаймыз. Әрісі, автор өз туындыларына кейіпкерлерді алыстан іздемеген. Бәрі – көзімен көрген, көңіліне түйген, араласып-құраласқан кісілер. Оның шоқтығы биік шығармасының бірі – «Ұясынан безген құс» романы. Мұнда автор тек жалаң сюжетті ғана баяндап қоймай, адамгершілік, ар-ождан мәселесін де қаузайды. Детектив жанры жазушыдан асқан байқампаздықпен қатар, қисын мен математикалық дәлдікті талап етеді. Ол – бір-біріне шырмауықша шырмалған қылмысты істерді әшкере етуге, әрі оны логикалық пайымдаулар арқылы ашуға негізделген, индукция, дедукция, редукция әдістерін қолданатын, басты көркем бейнелері: із кесушілер, тыңшылар, барлаушылар, қылмыскерлер ретінде алынатын алабөтен жанр. Ол әлеуметтік мақсат-мұратымен қоса, оқырманға эстетикалық тұрғыдан да әсер етіп, мазмұнымен, көркемдігімен, қуатымен де ерекшеленеді. Сондай шым-шытырыққа толы хикаяттың бірі – «Көшкен үйдің қонысы қайда?». Жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы: «Болашақ шығармасына жағрапиялық тұрғыдан алтын арқау болған хикаятының өмірге келуіне жазушының Жамбыл қаласында басталған ең алғашқы еңбек жолының да әсер етуі мүмкін» деген болжам айтады. Бұл сөздің жаны бар. Себебі, туындыны оқу барысында негізгі уақиғалар Жамбылда өрбитінін байқау аса қиын емес. Ең ұнамдысы – автор жер жағдайын, елдің тыныс-тіршілігін, көрген-түйгенін орны-орнымен қолданатындығында. Сәкен Сейфуллиннің «Бандыны қуған Хамит» повестінде детективтің элементтері бар десек, Кемел Тоқаев сол жанрдың қазақ топырағына тамырын терең жаюына зор ықпал етті. Әлемдік детектив Э.А.По, У.Коллинз, А.К.Дойл, А.Кристи, Ж.Сименон секілді классиктердің есімімен тығыз байланысты. Мәселен, Эдгар Аллан По «Қарғасын» (орысшаға К. Бальмонт пен В. Брюсов аударған. – Ә. Б.) жазу кезінде «шалықтаулардан аулақ болғанын» айтса, Кемел Тоқаев: «Оқиғалы жанр оңай емес. Шығарма негізінен болған оқиғаларға, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазылатындықтан, түптің түбінде оқушы қауым осы тарихи немесе деректі кітаптарды көбірек оқуға қарай ауатын болады» дейді. 1978 жылы ағайынды Вайнерлердің (Аркадий және Георгий. – Ә. Б.) «Эра милосердия» романының негізінде кинорежиссер, сценарист Станислав Говорухин «Место встречи изменить нельзя» атты бес бөлімнен тұратын сериал түсірген еді. Соны бала кезден көріп өсіп, капитан Жегловқа еліктегеніміз бар. Қарасақ, К.Тоқаевтың басқа-басқа, бірақ «Соңғы соққы» романы мен «Сарғабанда болған оқиға» повесті тұп-тура киноға сұранып тұр. Туындыда қылмысты істерді ашып жүрген басты кейіпкер – Майлыбаев Шерлок Холмсты, Вотренды, ал кейде Эркюль Пуароны да еске салады. Артур Конан Дойл детализацияға мән берсе, Кемел Тоқаев адамдардың аты мен жердің атауына ерекше зер салады. Аталған жазушы Шәкен Күмісбайұлының «Түнгі текетірес», Болат Бодаубайдың «Прокурордың ажалы», Темирбулат Ахметовтың «Новогодняя Вендетта», Казбек Исмагиловтың «Гримасы Фемиды», Дархан Бейсенбекұлының «Қылтұсау», Арман Әлменбеттің «Мимырт» секілді шығармаларының тууына жол ашып бергенін айтуға тиіспіз. 
Кемел Тоқаевтың өмірдің өзінен ойып алынған дап-дайын сюжеттері, көркемдікпен астасқан пьеса, әңгіме, повесть, романдары оқырманды еріксіз баурап алады. Оларда сюжеттік-композициялық тұрғыдан алғанда жинақылық, ширақтық бар. Мысалы, автордың «Соңғы соққы» романы Совет чекистері жайында жазылса, «Солдат соғысқа кеттісінде» сұм соғыс кезеңі суреттелген. «Соңғы соққы» көркем туынды болғандықтан да, қаламгердің хронологиядан саналы түрде қашқаны байқалады. Романда сол замандағы ел тағдыры, халық өмірі мен оның әлеуметтік хал-ахуалы туралы баяндалған. Социалистік реализмның айдарынан жел есіп тұрған тұста Кемел Тоқаев чекистердің ауыр қызметі туралы әңгімелей отыра, олардың елге өз еркімен еңбек еткендігі турасында толғана жазады. Сөйтіп, жазушы Кузьменко, Майлыбаев, Дайыров, Бөгенбаев, Быстров, Цой секілді образдар галереясын түзді. Ол қаһарман табиғатын, мінез-құлқын қиын, шешімтал сәттерде ашуды қол көреді екен. Ал, Кемел ақсақалдың «Замандас сыры» атты деректі повесіндегі Қасым Қайсеновтің бейнесі өте сәтті шыққан деуге негіз бар. К. Тоқаев Ирина мен Ленадай қыздардың еркекпен бірдей көрген қиындықтарға мойымаған сәттерін реалистік тұрғыдан суреттесе, Д.Яковец, Қ.Қайсенов, Н.Попов, А.Крячек сияқты әр ұлт өкілінің жауды жеңуге деген талпынысын романтикалық өрнектермен суреттеген. Әлдебір суретке қарағанда толықша денелі, аққұба өңді, келісті де көрген кісінің көзі тояр келбетті, жылы жүзді, сұңғақ бойлы, кең кеуделі, тік иықты, сырлы да жігері жасымаған жанарынан өзгеше бір жылылық лебі ескен еңселі де кең маңдайлы кісіні көрдік. Сөйтсек, бұл бүгінгі мақаламыздың нысаны – Кемел Тоқаев екен. Ол 1975 жылы Мәскеу Мемлекеттік халықаралық қатынастар университетіне ұлын – Қасым-Жомарт Тоқаевты шығарып салып жатып, қолына Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын ұстатады. Осыдан-ақ оның тек жазушы ғана емес, қамқор әке, адал жар, ізгі жан екенін байқау қиын емес.
2018-жылдың 16-қыркүйегінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры, С. Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театры мен «StarTDrama» театр лабораториясының ұйытқы болуымен, Камералық симфония оркестрінің сүйемелдеуімен Кемел Тоқаевтың «Солдат соғысқа кетті» романының желісі бойынша «Солдат күнделігінен» атты музыкалық драма сахналанды. Негізінен, автор мемуарлық сипаттағы драматизм мен трагизмге толы туындысында жауынгерлермен бірге қарша бораған жау бомбасы астында қалып, өлім мен өмір арасындағы арпалыс барысындағы тойымсыз ажалмен бетпе-бет келген сәтін суреттейді. Ремарктың «Батыс майданында өзгеріс жоқ» романын оқығанда соғыстың зардабы қаншалықты екенін түйсінген едік. Мұнда да солай... Соғыста мейірім, жанашырлық, аяушылық атауымен жоқ. Оның басты қаруы – қатыгездік. Төбе-төбе боп үйілген жансыз денелер, шыңғырған әйел, қарғаған, лағнет айтқан кемпір, жылаған бала, отқа оранған үй, айдаладағы ауыл, азар да безер болған адамдар, қаңырап бос қалған қала, төңкерілген танкілер, жарылған ұшақтар, аударылған машиналар... Соған сәйкес, шығармадағы көркем көріністер сахнаға дөп көшкен. Қойылым бір ғана жерде өтеді. Сахна ауыспайды. Әуелі, бұл бас-аяғын жинақтай алған режиссер мен артистер ойынының арқасы деп білген дұрыс. Жалпы, инценировка жасау – өте қиын шаруа. Өйткені, өзегін сезінбей, оны жоғалтып алсаң спектакль мүлде басқа бағытта өрбиді. Нәтижесінде, ол тұтастығынан айырылып, бұның бәрі көркемдік атаулыға әсер етері анық. Соғыс тақырыбы қай кезде де өзекті. Бір Сирияның өзі жалпақ Жаһанның назарын аудартып отыр. Адамзат адамзат болғалы бері дүниені дүр сілкіндірген небір қанқұйлы уақиғалар орын алғаны белгілі. Тағы, ең қызығы – соғыс жайында жазылған туындылардағы конфликт барған сайын қоюлана, күрделене түсетіндігінде. Неміс Мессершмиттері ажал сепкен снарядтарын түйдек-түйдегімен тастап, жан-жағын тас-талқан етіп, аман қалғандарын пулеметпен қырады. Қазақ, орыс, украин, татар, белорус, өзбектерден құралған полктың алдына қойған мақсат-мұраты – фашистерді жеңу. Ол кезде майданнан қашқандарды, сатқындарды, өтірікшілерді жазалап, ал батыр, ержүрек солдаттарды құрметтеген-ді. Қып-қызыл қырғынның белортасында жүріп, осынау жан төзбес ауыр жағдайды басынан өткерген Кемел Тоқаев соны «Солдат соғысқа кетті» романына арқау еткен. Және, бұл тақырыпта жазылған көптеген туынды оның көкейіне қона бермеген екен. Біразына сын да айтыпты.
Қойылым экспозициясының өзі көрерменді бірден сол қырқыншы жылдарға жетелей жөнеледі. Жап-жас қыз-жігіттер соғыс басталғанын естіп, қолына қару алып, «Отан үшін от кешуге» дайын екендіктерін аңғартады. Спектакльде жинақылық бар. Қойылым режиссеры Фархад Молдағали ұрыс сахналарын, түрлі сипаттағы көріністерді көрерменге шартты түрде жеткізген. Сондай-ақ, ол басты қақтығыстарды екі-үш қаһарманның айналасында өрбітіп, қалғанын фон ретінде қолдануды қол көріпті. Сахна төріндегі оркестр жанды музыкамен сүйемелдеп, қойылымға қан жүгіртті. Акцент берілуге тиіс диалогтар тұсында артистер екі жақта тұрған микрофонға келіп сөйлейді. Бұл спектакльдің әсерін күшейтпесе, әлсіретпеген. Артистер еркін қозғалып, еркін ойнады. Ұнамдысы – режиссердың академизмнен, ескі әдіс-тәсілдерден саналы түрде қашқандығында. С.Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театры мен «StarTDrama» театр лабораториясы бүгіндері аса өзекті боп тұрған тақырыпты неліктен таңдағанын, оны қалай ашу қажеттігін терең түсінген. Яғни, мақсат – айқын. Қай жанр болсын шығармашылық тұлғаға оңай соқпасы анық. Оның ішіндегі дүлдүлі саналатын драма актерден толғанысты, интуицияны, терең түйсінуді, үлкен дайындықты қажет етеді. Және, олар өзіне жүктелген тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Фархад өткен ғасырдың атмосферасын беру үшін түрлі атрибуттар пайдаланғанын ескерген күннің өзінде, спектакль мейлінше минимализмге негізделген.
Пайғамбар жасында жалған дүниеден өткен жазушы, отбасында екінші бала болған екен. Үлкен ағасы Қасым дәстүрге сәйкес атасының қолында өсіп, сол себепті де басқа фамилияға жазылған-ды. Жалпы, қарымды қаламгердің шығармаларынан байқайтынымыздай жазушы жанына соғыс тақырыбы жақын-ды. Ол сол тұстағы адамның психологиясын, жаратылысын, табиғатын дәл, әрі нанымды бере алған. Кемел Тоқаев өміріндегі ең ауыр кезеңнің бірі – ағасының қайтыс болуы. Бұл қаза оның қабырғасына қатты батады. Әрі, ол көрген-түйгенін көркем туындыға айналдыру барысында орны бөлек адамдарды қаламынан қалыс қалдырмаған. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлы «Әке туралы ой-толғауында» былай деп жазыпты: «Әкей Қасымның жиі түсіне енетіндігін, бірдеңелерді айтып, кеңес беріп, өмірдің соққыларынан сақтандырғысы келетін сыңай танытатынын жиі айтатын. Кейде маған әкем туған ағасы аяқасты тіріліп келеді деп үміттенетіндей көрінетін. Осындай сәттерде: «Мүмкін, ол ауыр жарақаттан немесе контузиядан кейін госпитальде жоғалып кеткен шығар, соғыста бәрі болады ғой. Мен ауыр жарақатпен Гомель, Омбы, Алматының әскери госпитальдерінде жатқанда аяқсыз, қолсыз қалған көптеген жауынгерлердің үйлеріне қайтудан бас тартып, вокзалдар мен бекеттерде қалып жататынын жиі көрдім» деп отыратын. Алайда, Қасым оралған жоқ. Кейінірек оның майданда қаза тапқаны туралы ресми қағаз келді. Осыдан соң ғана әкей бүкіл жарық дүниеде тұтас Тоқаев әулетінен жалғыз өзі қалғанына амалсыз көнгендей». Әдебиеттанушы-ғалымдар «Соғыс және бейбітшілік» атты роман-эпопеядағы Кутузов – «Лев Толстойдың өзі» деген тоқтамға келген. Немесе, француз жазушысы Г. Флобер: «Бовари ханым – менмін!..» – деген. Сол секілді, «Солдат күнделігінен» атты спектакльдегі Қасым бұл – Кемел Тоқаевтың үлкен ағасы – Қасым Болтаев болса, ал Мұхамед – автордың прототипі. Қатар, салыстыра оқығанда романдағы кейбір өмірлік ситуациялар мен естеліктердегі ортақ ұқсастықтарды байқау қиынға соқпас. Мәселен, қойылым кезіндегі қос кейіпкердің ажал туралы әңгімелері, монологтары көп дүниеден хабар берсе керек. Жазушының өзгеше өрнекті, психологиялық һәм философиялық қатпары қалың романы – аласапыран ахуалдың жай-жапсарын әр қырынан суреттегенімен бағалы, сонысымен құнды. Ал туындының сахнадағы интерпретациясы бөлекше шыққан. 

Әлібек БАЙБОЛ, 
әдебиеттанушы, 
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
 докторанты

 

166 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз