• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

ДАРА ТАЛАНТ

Тахауи Ахтанов есімі  қаламгер ретінде «Қаһарлы күндер» романымен танылды. Бұл сол жылдардағы оқырманы көп кітап ретінде қазақ әдебиетінің тарихында қалды. «Қаһарлы күндер»  сол замандағы қазақ әдебиеті үшін соны тақырыптардың бірі болған майдан өмірін, соғыс шындығын суреттеуге арналған.
Жалпы әртүрлі дереккөздерде берілетін мәліметтерде Тахауи Ахтановтың өмірге келген мекені жайында ептеп айырмашылықтар бар. Ресми анықтамалықтағы 1923 жылы 25 қазанда қазіргі Ақтөбе облысының Шалқар ауданы аумағындағы Шетырғыз деген ауылда туған деген мәлімет жобаға келеді. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтына 1940 жылы оқуға түсіп, екінші курста оқып жүрген кезінде Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Сөйтіп жас жігіт өз еркімен сұранып соғысқа аттаныпты.

 

Әдебиетке енді қадам бастаған көптеген қаламгерлер сияқты болашақ прозашы шығармашылық жолға өлең жазу арқылы келген. Бірер өлеңі, әскери тақырыпқа жазған очерктері майдан газеттерінің беттерінде жарияланған Тахауи Ахтанов елге келгеннен кейін біржола шығармашылыққа бет бұрады. Қан майданның ортасынан аман-есен оралғаннан жазушы шығармашылық жұмыспен айналыса бастайды. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редактор, бөлім меңгерушісі болады, сосын «Қазақфильм» киностудиясына сценарий бөлімінің бастығы болып ауысады. Одан кейін «Әдебиет және искусство» – «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Қазақ КСР Мәдениет министрлiгi Көркемөнер бас басқармасының бастығы, Республикалық Кітап палатасының директоры қызметтерін атқарған еді. 
Оқырмандарына жас ақын ретінде танылған оның 1948 жылы жарық көрген «Жастар даусы» аталаған ұжымдық жинақта өлеңдері жарық көрген болатын. Поэзиямен шұғылдануды осымен тоқтатқан Тахауи Ахтанов лирикалық пландағы нәзік прозашы екенін таныта білді. Талғампаз драматург болумен қатар, сарабдал сыншы ретінде де көрінді. Оған дәлел – өз заманында баспасөз беттерінде жарияланған, ағымдағы әдеби үдерістер жайында жазған мақалалары, сын кітаптары.
Тіпті әу баста Ахтановты қаламгер ретінде қалыптастырған осы сын жанры екен. Әдебиеттiң келелi мәселелерi туралы проблемалық мақалалар, соның ішінде Ғабит Мүсірепов шығармагерлiгi жайынан әдеби сын-очерк (1956 ж.) жариялайды. Әдеби сын жанрында жазылған жинақтары 1969 жылы «Керуен», 1980 жылы «Көкейкестi» деген атпен жарық көрді. Қалай болған күнде де Тахауи Ахтанов есімін оқырмандар арасында кеңірек танытқан прозалық дүниелері болды. «Күлкі» деп аталатын алғашқы әңгімесі 1955 жылғы 8 тамызда «Қазақ әдебиетi» газетiнде жарияланса, алғашқы романы «Қаһарлы күндер» 1956 жылы басылып шықты. Бұл сол жылдардағы оқырманы көп кітап ретінде қазақ әдебиетінің тарихында қалды. Тахауи Ахтановтың тұңғыш романы «Қаһарлы күндер» сол замандағы қазақ әдебиеті үшін соны тақырыптардың бірі болған майдан өмірін, соғыс шындығын суреттеуге арналған. Шығарма оқырман назарына бірден-ақ ілікті. Сюжеттік желілердің қызықтылығы, тартымдылығы өз алдына, роман қазақ прозасында жаңа образдар әкелуімен, өзіндік көркемдік шарттарын ұтымды меңгеруімен көзге түсті. Оқиғалары бірнеше салада жарыса өрбитін романда образдардың ұлттық сипаттары назар аударады. Кейіпкерлер әрекеттеріндегі психологиялық тартыстардың, өзара қарым-қатынастарындағы ұлттық нышандардың берілуі кестелі өрілген. Роман фабуласының негізіне 1941 жылдың қараша, желтоқсан айларындағы Мәскеу түбіндегі сұрапыл ұрыстарда көзге түскен генерал (романда – Парфенов) Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясының (кейін 8-гвардиялық дивизия) жауынгерлері мен офицерлерінің өмірі, қаһармандық ерлік әрекеттері арқау болған. Алматы түбінде жасақталған дивизияның майданға аттануынан басталған сюжет солдаттардың үй-іші, туған-туыстарымен қоштасуы, жол әсерлері, майданға жету, қорғану шебіндегі алғашқы шайқастар, жау қоршауында қалған әскерлер өмірі мен оны бұзып шығу кезіндегі ерліктер, Мәскеу түбіндегі сұрапыл шайқастар, т.б. көріністер арқылы дамып отырады. Осы суреттердің бояуы қанық, оқиғалар мен тартыстардың шынайылығы басым. Бір сөзбен айтқанда, жазушы осы адамдардың образдары арқылы Ұлы Отан соғысының алғашқы бір жылы ішіндегі майдан ахуалынан хабар береді, уақыт шындығын көрсетуге тырысады. Дивизия командирі генерал Парфеновтың бейнесінде тарихилық пен шынайылық мол. Тек командирлер ғана емес, қатардағы солдат Көжек тәрізді әскери адамдардың рухани өмірі де жарқын суреттеледі. Роман кейіпкерлері – әр түрлі характер иелері. Осындай сын сағатта табысқан әр ұлттың адамдарының достығын шыңдайтын да соғыстың сол ауыр күндері. Автор бұрын әскери өмірді білмейтін қазақ жігіттерінің соғыс жағдайына бейімделуін нанымды етіп бейнелеген. Роман кейіпкерлері Ержан, Мұрат, Көжек – әрқилы типтік бейнелер. Осы жігіттердің майдандас дос­тары Бондаренко, Зеленин, Кәрібай образдары арқылы ұлттық, халықтық сипаттар, мінездер көрінеді. Өзара үйлеспей жататын көзқарастар қақтығыстары да аз емес. Сонымен қатар майдан өмірі жағдайында шынығып, өсіп жатқан әрқилы адамдардың суреттері бар. 
Добрушкин мен тракторшы Кәкібай, қарапайым да қатал Қартбай, адал да ақкөңіл Бондаренко, взвод командирі Ержан мен бұрынғы военкомат қызметкері Мұрат, Раушан мен Уәли, майор Купцианов соғыс жағдайында жүріп-ақ, адамгершілік қарым-қатынастың әрқилы нышандарын байқатып отырады. Автордың көркемдік табыстарының бірі – осы аттары аталған персонаждар арқылы бір-біріне ұқсамайтын әртүрлі характер иелерін жасап шығаруы. Романда жазушының айрықша мән беріп, шеберлікпен мүсіндеген жауынгерлердің бірі – Көжек Шөжебаев образы. Бұл нағыз қазақи ортадан келген жауынгер. Осындай момын, қарапайым адам жауға дегенде мейірімсіз де қатал. Ержан взводы қоршауда қалған кезде Қартбай екеуі жау күшін тоқтатып, үлкен ерлік көрсетеді. Шығармада кейіпкерлердің бұрынғы өмірін еске алатын лирикалық шегіністер де мол, сол арқылы романның нағыз қазақтық рухта жазылғанын аңғаруға болады. Роман мазмұнының отаншылдық, патриоттық сезім рухы күшті. Осы қиын-қыстау, сын сағатта адамдар өмірі мен күресі романда кең ауқымды, психологиялық тұрғыда бейнеленеді.Т.Ахтановтың осы романнан кейін әңгiмелерi мен повестерi, очерктері «Махаббат мұңы» (1960), «Көкқұтан» (1968), «Үндiстан хикаясы» (1971) кiтаптарында жарық көрдi. Соңғы романы «Шырағың сөнбесiн» (1973, 1981) деп аталады. 1983-1985 жылдар аралығында жазушы шығармаларының бес томдық жинағы басылып шыққан болатын.     «Қаһарлы күндер» романынан соң жазушының оқырмандар ілтипатына ие болғаны – «Шынтас», «Махаббат мұңы» атты повестері. «Шынтас» повесі балықшы колхозында тұратын жастар жайында сыр шертсе, «Махаббат мұңы» повесінің мазмұны екі жастың сүйіспеншілік сезімін баяндауға құрылған. Бұл шығарманың көркемдік табысы мәңгі өшпейтін махаббат проблематикасы арқылы адамның жан дүниесін ақтара көрсетуіне, кейіпкердің ішкі әлеміндегі құбылыстарды қайшылықты түрде бейнелеп беруіне байланысты еді. Адамның рухани әлеміне көркем барлау жасау жағынан алғанда, осы повесть сол кезеңдегі қазақ әдебиетіндегі өзіндік құбылыс болып саналды. Жалпы осы арада айта кету керек, Тахаңның сүйікті тақырыбының бірі – өнер, кейіпкерлері – сол өнерді жасаушы, орындаушы дарын иелері. «Махаббат мұңы» әңгімесінің кейіпкері Ләззат ақын қыз болса, «Күй аңызы», «Көкқұтан», «Алыстан жеткен сарын» әңгімелерінің өзегі де – өнер.
«Махаббат мұңы» әңгімесінің мазмұнын алайық. Ауылдан келген жас қыз Ләззат пен ақын жігіт Нияз арасында басталған тұрмыстық сипаттағы қарапайым қарым-қатынас махаббат сезіміне ұласа келіп, қоғамдық деңгейдегі адамгершілік-имандылық мәселесіне дейін көтеріледі. Шығарманың басты құндылығы – психологиялық тартыстар арқылы оқырманды рухани-эстетикалық әсерге бөлей отырып, парасатты пайымдауға жетелеуінде, көркем шығарма шеңберінде тәлімдік-тағылымдық қағидаттар ұсынуында. Аталған әңгіме қазақ прозасында көркемдік-идеялық тұрғыдан жаңа бір үрдіс салып берген туынды болды.Өз шығармаларында Т.Ахтанов уақыт шындығын өткір сезініп, жаңа проблемаларды, мінездер тартысын кәнігі шеберлікпен терең бейнелей білді. «Боран» (алғашқы аты «Дала сыры») романы Кеңес дәуірінде еңбек еткен қарапайым адамдардың тағдыры туралы жазылған. Шығарманың бас қаһарманы Қоспан – оқырманға ой салған кейіпкерлердің бірі. Күресте шыныққан, рухы күшті, ізгі жанды, осынау қарапайым еңбек адамының жан дүниесін автор әр қырынан ашып көрсетуге тырысады. Шығарманың сюжеттік желісінде алып-ұшып бара жатқан күрделілік жоқ. Бас кейіпкері Қоспан шопан қысты күні далада мал бағып жүрген кезінде, кенеттен көтерілген боран астында қалады да, бір отар қойды аман құтқарып қалу үшін жанталасып әрекет етуге мәжбүр болады. Қоғам малын аман сақтап қалу жолындағы оның бұл күресі қоғамдық мәселелермен де астасып жатады. Шығармадағы боран – қарапайым еңбек адамының қайшылықты ауыр тағдырын әр қырынан алып көрсетуге себеп болатын негізгі сюжеттік желінің басын біріктіруші ұтымды деталь. Жазушы кейіпкердің жан дүниесіне, ол бастан кешкен кезеңдердің әлеуметтік сипаты мен мәніне үңіле отырып, өз кезеңіндегі біраз қоғамдық шындықтың бетін ашады. Бұл адамның өмірде көрмегені қиындығы жоқ. Қан майданның ортасынан аман-есен оралған оның тағдырының қалыптасуы дәуір шындығымен үндес. Кейіпкерлердің ішкі монологы шығарманың сюжеті мен композициясын тұтастырып тұрған да – осы ойлар арқылы берілген шегіністер. Қоспанның бұрынғы командирі Қасболат та тың образ. Ол ақылсыз адам емес, бірақ қара басының қамын көбірек ойлайтын мансапқор. Жас ұрпақ өкілі Қаламұш, қазақ әйелінің типтік бейнесі Жаңыл оқырман қабылдауында ұнамды, жылы әсер қалдыра алады. «Боран» романы өмірде болған немесе болуы әбден ықтимал белгілі бір өмір шындығының негізінде замандас характерін мейлінше айқынырақ сомдаған өз кезеңіндегі көлемді шығармалардың бірі. Романның бас кезіндегі Қоспан мен алдындағы малынан айырылған Қоспан бейнелерінде айырмашылық бар. 
Алдындағы малына адал қарағанымен, қоғамдық өмірге араласуға бейімсіз, басшылардың алдында жалтақ болып келді. Жазушы осылайша даладағы боран мен еңбеккер адамның ішкі дүниесін алай-түлей еткен рухани боранды қатар салыстыра отырып, параллелизм әдісін қолданады. Тахаң өзінің бір сөзінде: «Менің «Қаһарлы күндерім» де реалистік шығарма, тек социалистік реализмнің шалығы бар. «Боран» – таза реализм» (361-б.) деген болатын. Оның бас кейіпкері Қасболат – партия қызметкері, бір ауданның басшысы. Жазушы оны әуелде жағымсыз сипатта бейнелеп алғысы келген деуге болады, кейін сюжет өрби келе, бұл тұлғаның күрделене түскенін, жағымды қырларының да молая бастайтынын байқаймыз. Т.Ахтанов прозасында бұрынғы өткен өмір мен өзі жазып отырған кезеңдегі заманның өрнектері қатар көрініп отырады. Бір байқалатыны – оның шығармаларының басым бөлігінде өмірдегі шыншыл реализм мен өршіл романтика қабысып, астасып жататындығы. Мысалы, «Боран» романы шаруашылық мәселесінің дұрыс шешілмеуінің себептерін мамандардың біліктілігінен іздей отырып, Кеңестік жүйедегі шаруашылықтардың оралымсыздығын, соған орай туындайтын проблемаларды алға тартады. Бұл – шығарманың өзекті тақырыптарға құрылғандығының көрінісі. Сонымен бірге ондағы психологиялық, моральдық тартыстар үстіндегі кейіпкердің жан дүниесінің қалай ашылғанына назар салып көріңізші. Бұл арадан сіздің айнытпай танитыныңыз – психологиялық прозаның хас шеберіне тән қалам ізі. Кеңес дәуіріндегі еңбеккер жандардың рухани күш-қуаты қоғамның жаңа типті кейіпкерлеріне тән қасиет екендігі, тағдырдың қандай қыспағына ұшыраса да, ондай адамдарды алға жетелейтін, еңсесін түсірмей, өршелене ілгері бастыратын рухани мықтылық екендігі – «Боран» романының басты идеясы. 1966 жылы бұл туындысы үшін жазушыға Қазақ КСР-інің Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Соғыс ардагері Тахаңның соғысты жазбауы мүмкін емес еді. Оның қаламынан туған «Қаһарлы күндер», «Шырағың сөнбесін» – еліміздің басына бұл үйірілген қасірет күндерін қым-қиғаш оқиғалармен, бейнелі суретпен, психологиялық көңіл күймен көз алдыңа әкеледі. Жазушының соғыс тақырыбына арналған соңғы кесек туындысы – «Шырағың сөнбесін» (1981) атты романы. Онда да Т. Ахтанов Ұлы Отан соғысы тақырыбына қайта айналып соға отырып, оған басқа ракурстан келіп, шытырман соғыс қасіретінің сұмдығын әр қырынан ашып көрсетеді. Қанды қырғынның адам басына салған ауыр нәубеті еріксіз ойландырады. Қазақ әйелі Нәзира бейнесі ұлттық рухқа қойылатын көркемдік талаптар деңгейінде жасалған. Адам өмірі үшін күрес шындығы бас қаһарманның бастан кешкен оқиғалары арқылы әсерлі ашылады. Сыншылар мен түрлі пікір білдірушілердің пайымдауларына сүйенсек, бұл – психологиялық пландағы роман. 
Т.Ахтановтың «Шырағың сөнбесін» дилогиясы Ұлы Отан соғысының шындығын аша отырып жазғанымен, алдыңғы қатарға атойлап шығып алатын көркемдік фактор – бәрібір адамдар арасындағы күрделі қарым-қатынас. Роман тұтқиылдан басталып кеткен соғыстың астан-кестен алапатына түсіп қалған жас келіншек Нәзираның атынан баяндалады. Соның көзімен берілетін соғыстың қатал шындығы оқырманды өзімен бірге ілестіре отырып, құйқылжытып, адам тағдырының қалайша ойыншыққа айналып шыға келгендігін көркем елестетеді. Академик С.Қирабаевша тұжырымдасақ, бұл роман «соғыс шындығы арқылы көрінетін адамзаттық гуманизмді бекіте түсетін» шығармалар қатарынан саналуға тиісті. Жазушы «Шырағың сөнбесін» романында соғыс зұлматының ауыр қасіретін суреттеумен шектеліп қалмай, адамдар арасындағы күрделі құбылыстарды психологиялық тұрғыдан тарқата түсіп, көркемдіктің өзінше бір әлеміне жетелейді. Бас кейіпкер Нәзираның атап айтқанындай, адам баласы ең алдымен шырағын сөндіріп алмауға тиіс. Көркемдік шешімдердің жетелеп отырып алып келетіні – адамзаттың келешегі де, ұрпақ жалғастығы да сол шыраққа байланысты деген тұжырым. Сонда ұрпақ жалғастығы да тоқтамайтын болады. Романда Нәзирадан басқа да әйелдер бейнесі әр қырынан көрініс тауып, дами түсіп, бояуы қанық образдарға айналған. Көнбіс те сергек Света, мансапқор, дүниеқоңыз, бюрократ, өркөкірек Елизавета Сергеевна, сұлу да тәкаппар Алевтина Павловна, Евдокия, Ираида Ивановна және басқалары жазушының көркемдік табыстары қатарынан саналуға әбден лайықты. Тағы бір жадыда жаңғырығып тұратын бейнелер – бақытты балалық шақтары соғыс табанында қалған Наташа, Парашка, Ваня, Боря, Жұмаш, Вовка, Люся тәрізді тағдыры аянышты жеткіншектер. 
«Шырағың сөнбесін» дилогиясы – Тахауи Ахтановтың ерекше бейнетпен, иін қандыра жазған шығармасы. Оны туындының жалпы көркемдік бітімінен аңғаруға болады. Автордың өзіндік ой саптауы, оқиғаны жеткізе білудегі жинақылық, әр қадам сайын кейіпкерінің жан дүниесіне үңіле білу, тілінің көркем кестесі, композицияны құрудағы шеберлік осыны білдіреді. 
Бастапқыда өмірдің күнгей жақтарын ғана көріп, жеңгесіне еркелеп жүрген бойжеткен Нәзира еркісіз соғыс жағдайының бел ортасына түседі. Қазақтың бұйығы әйеліне тән әлсіздік аяғын қия бас­тырмайтын сияқты көрінгенімен, іштей ширығуы кейіпкердің жан дүниесіндегі эволюциялық өзгерістерді анық байқатады. Бұған дәлел – кейіпкердің босаңдау жан дүниесінің соғыстың қатал шындығының өтінде барған сайын ширап, қатая түсуі. Қандай қиын, қандай шешуші жағдай болса да, орта тәрбиесімен қалыптасқан әу бастағы адамгершілігін, инабаттылығын, адамгершілігін жоғалтпауы Нәзираның биік деңгейдегі кесек ұлттық болмыстың өкілі екендігін байқатады. Атақты ұшқыш Гастеллоның ерлігін қайталаған капитан, жұбайы Қасымбекке, қызғаншақ Николай Топорковқа бұйырмаған қуанышқа өзі ие болады. Осы соғыс өртінің арасында, өлім мен өмірдің ортасында жан алысып, жан берісіп жүріп, өмірге сәби әкелуінің өзі ерлікпен тең. Жазушы шеберлігінің қыры тағы осы арада көрінеді, осы оқиғалар арқылы алапат жойқын соғыс пен өмірге ұрпақ әкелетін әйел нәзіктігін қарама-қарсы қоя отырып, адам жасампаздығын жырлайды. 
Тілі құнарлы роман бірінші жақтан, бас кейіпкері Нәзираның атынан баяндалады. Бұның өзі де жазушы ізденісінің бір қыры екендігі анық. Тахауи Ахтанов – қазақ прозаиктерінің ішінде соғыс шындығын жете біліп суреттеген тұңғыш қаламгерлеріміздің бірі. Оның қай шығармасын алсаңыз да, Ұлы Отан соғысының бір лебі сезіліп тұратындығында осындай себеп болса керек. Бергі бейбіт жылдарды суреттеген туындыларында да соғысқа қатысты болып келетін штрихтар жылт етіп қалып отырады.Ұлы Отан соғысы тақырыбы жазушы шығармашылығының негізгі өзегі десе де болғандай. Оның алғашқы қаламын ұштап, жазушы деген абыройлы атаққа ие еткен де – осы тақырып. Сондықтан да болар, жазушы туындыларындағы кейіпкерлердің едәуір бөлігі Ұлы Отан соғысына қатысқан адамдар болып келеді. Өзі майдан өмірін жақсы білетін жазушының кейіпкерлер іріктеудегі мұндай ұстанымы сәтті еді.Тағы бір назар аударатын нәрсе – өз шығармаларында жазушының ақын, күйші, композитор, суретші сияқты өнер адамдарының бейнесін жасауға жіті көңіл бөліп отыруы. Автор олардың сыртқы тұлғасын, қоғамдағы рөлін ғана суреттеп қоймай, ішкі дүниесіне де үңіліп, кейіпкер психологиясын алдыңғы қатарға шығаруға ұмтылады. Ахтанов туындыларының көпшілік геройлары – күнделікті өмірде жиі кездесетін қарапайым еңбек адамдары. Жазушы олардың қызмет бабы, жұмыс дәрежесінің өсуін емес, рухани өсуін, адамгершілік жайындағы түсінік-талғамын молырақ көрсетеді. Т.Ахтановтың қазақ драматругиясының кезеңдік дамуына да өз тарапынан үлес қосқаны әдеби шежіреден жақсы мәлім. 1968 жылы жазылған «Сәуле» драмасынан бастап, одан кейін дүниеге келген «Боран», «Ант», «Әке мен бала» пьесалары да қазақ сахнасының өміршең туындыларына айналды. «Махаббат мұңы», «Күтпеген кездесу» драмалары, «Арыстанның сыбағасы», «Күшік күйеу» комедиялары қазақ, орыс және басқа да туысқан халықтар театрларының сахналарына қойылды. Драматургия саласында жазған еңбектерi «Ана даусы» жинағында (1978) жарияланды. 
Тахаң тарихи тақырыпқа да пьесалар жазды. Оның айқын үлгісі «Ант» драмасы арқылы айқын көрініс тапқан. Бас қаһарманы Әбілқайыр хан болып келетін осы драманың мазмұндық сипаты, авторлық позициясы біртіндеп трагедиялық сарынға алып келеді. Бірақ Тахаң кезінде бұл туындысын «Драмалық поэма» деп атапты. Бұдан басқа республика театрларында Т.Ахтановтың «Әке мен бала» деп аталатын пьесасы бойынша қойылған спектакль де табыспен жүрген болатын. 
 Т.Ахтановтың көркем аударма саласында жасап кеткен еңбегінің өзі бір төбе. Ол А.Пушкиннiң «Алтын әтеш туралы ертегiсiн», И.Тургенев, М.Горький сияқты орыс жазушыларының жекелеген шығармаларын, А.Толстойдың «Азапты сапарда», С.Бабаевскийдiң «Алтын жұлдызды жiгiт» романдарын қазақшалады. Т.Ахтанов мемлекеттік марапаттаулардан да кенде болған жоқ. Майдангер ретінде ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденін, екі рет «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін алған. «Боран» романы үшін Т.Ахтанов 1966 жылы Қазақ КСР-нің Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Қаламгерге Қазақстанның Халық жазушысы құрметті атағы берілген. Өмірінің соңғы кездерінде жасының егде тартқанына қарамастан, жазушының шығармашылық ­жоспары үлкен болатын. «Антты», «Абылай» мен «Махамбетті» біріктіріп, трилогия етсем» (370-б.) деген сөздерін кезінде мерзімдік баспасөз бетінен оқығанбыз.
Жазушы өзінің осы бір шығармашылық арманына жете алмай кеткенімен, артында қалдырған мұрасы – қазақ әдебиетінің тарихында өз орнын таласпай-ақ, дауласпай-ақ алатын көркемдік болмысы кемел туындылар. Өзін әдебиетке арнаған кез келген тұлғаның бақыты да осы болуы тиіс. Ендеше Тахауи Ахтанов есімі әдебиетіміздің төрінде орнықты қалпымен жарқырай бермек. Өйткені ол ол қазақ көркемсөзінің қадір-қасиетін түсіне отырып, өзі де соны игере білген және шеберлік танытқан қаламгер.

Нұрдәулет АҚЫШ, 
М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институтының 
бас ғылыми қызметкері  

 

4289 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз