• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

ДАНАГӨЙ ҰЗАН

Жанат ЕЛШІБЕК,
Халықаралық «Алаш» әдеби 
сыйлығының лауреаты

 

Қазақ балалар әдебиетінің, оның ішінде поэзиясының өте қызғылықты сала екенін байқаймыз. Ол – балаға қарапайым ақыл айтатын дидактикалық сарыннан айтарын астарға бүгіп, жұмбақтай сөйлейтін, сөйтіп оқушысын ойландырып өсіретін, жетелей жетілдіретін күрделі сапаға көтерілген әдебиет. Ол – балаға арнау өлеңнен жаңылтпаш, жұмбақ, ертегі, санамақ, ән өлеңдері, анаграммаға дейін өскен жанрлық түрленуге түскен әдебиет. Ол – әліппелік әріп-өлеңнен оқушысын қос авторлыққа жетелейтін «ұйқасын тап» дейтін формалық түрленуге көтерілген әдебиет. Ол – педагогикалық қалыпты поэмадан фантастикалық поэмаға дейін өсіп жеткен әдебиет. 

Құлбек ЕРГӨБЕК
 

Ұйқы шайдай ашылсын. Жас ұлғайған сайын мазасыздана береді екенсің. Тым сергексің. Мықтағанда төрт-бес сағат. Тіпті, кей күндері ұзақ таңға кірпігің айқаспайды-ау... «Ұйқысыз адам – ойшыл». Менің жанымнан шығарғаным емес. Әкеміз ұдайы айтатын, шешемізден естіген лепес. Жүре тыңдап, жіті мән бермегеніміз рас. 
Бүгін де әдетімше оянып кеттім. Құланиектеніп келе жатқан күннің қызыл арай шапағы қарама-қарсы зәулім үйлердің жыпырлаған әйнектерінде ойнайды. Ғажайып тамаша құбылыс, зер сала бермейтін сурет. Күн шығыстан емес, батыстан көтеріліп келе жатқандай. Құдды шағылысқан айна дерсіз. Есіме әп-сәтте жетіп келгені – өте ертеректе, мектеп қабырғасында жүргенде оқыған бір әңгіме. Ұмытпасам авторы жазушы Шәрбану Құмарова. Шығарманың аты да қаз-қалпында бүкіл әлеміштеген сурет-штрихтарымен жанарымның алдында көлбеңдейді. «Терезелер». Қала тіршілігін өзек еткен алақандай туындының жанға жылылық үйірер әдемі әсері дабылдап қоя берді. Түнгі оттары жанып-сөнген жыпырлаған терезелер... 
Дәл қазір мүлдем басқа бейнені тамашалап тұрмын. Бала кезімде жаттаған Мұзағаңның өлеңдері тіл ұшына орала береді-ай. Неге екенін қайдам, ақынның терезе әйнектерін шертіп ойнаған күн нұрын, ана алақанына теңеген өлеңі есіме түскен. Балалар бағының абыз-бағбанына айналған ағаның ардақты тұлғасын әр қырынан көріп тұрғандаймын. Ой, алла, мұндайда болады екен!.. Сағыныш сазы ма? Жоқ әлде, кешеден бері Мұзағаңды ойлағаннан ба? Әбден мүмкін. Екінші жағынан күмәнданатыным, Мұзафар аға жайында бір аптаның ішінде үш оқиғаға тап болуым. Күтпеген тұста. Сәйкестік пе, заңдылық па? Жаратылыстың қай тылсымына, қай құдіретіне жатқызарымды білмей өзімнің де аңырып қалғаным шын. Асықпаңыз, сәл сабыр. Жоғарыдағы илхам-хабар төңірегіндегі шертілер сырды шегере тұрып, ең алдымен қайта оралмас жылдар жаңғырығын еске түсірейінші... 
Иә, мен осы Мұзафар Әлімбаевты қашаннан бері білемін? Оның қаламынан туған өлең-жырларды ең алғаш қайдан оқыған едім? Ал сүйікті ақынды тұңғыш қайда көрдім? Бірінші рет жүздесіп, тілдесуім ше?.. Табан астынан миымды шырмап алған ынтық сауалдар тұс-тұстан атойлап, байыз таптырар емес. 
Шетінен бастайық. Менің туып-өскен, балалық шағымның өшпес ізі қалған Балқаштың жағасындағы аядай балықшы ауылының өз думан-қызығы толып жатыр. Колхоздың бас көтерер ересектері қысы-жазы іргедегі теңізден су ырзығын сүзеді. Біз секілді қарасирақтардың ермегі – ойын. Мектептен келген бойда апыл-ғұпыл жүрек жалғап алып, ертеңгі сабағымызға әзірленген боламыз. Әрине, бір мезгіл оқыған газет-журналдардан жаттап алған тақпақтарымызды айтып жарысамыз. Түкпірдегі ауылға теледидардың келмеген кезі. Балалардың қолынан «Балдырған» мен «Қазақстан пионері» түспейтін. Сол заманның сәні бойынша әр үйдің төрінде ілулі тұратын. «Балдырған» журналының бетінде жарияланған тілге жатық, ойға оралымды өлеңдерді, сыңар шумақ тақпақтарды, жаңылтпаштар мен жұмбақтарды мезетінде жаттап алуға ұмтылатынбыз. Санамызда қаршадайда қашалған дүниелер ешқашан ұмтылмайды. Бірақ, елең еткізген әлгі туындылардың кімдердікі екеніне зейін салып, ыждағаттылық таныта қоймайтынымызды жасыра алмаймын. Әсіресе, бізге журналда үзбей жарық көретін Мәлім деген автордың өлең-тақпақтары қатты ұнайтын. Жазғандары керемет. Өте ұғынықты, әлденеше мәрте қайталасаң болды, өз-өзінен жатталып қалады. Тура дәл қазір де тіл ұшына орала берген өлеңдер мен жұмбақтардың екі-үшеуін келтіргім келіп отыр. Әңгімеміздің тұздығына жарар.    
Қандай сөздер 
Ана – 
Ардақты сөз.
Тау-тас – 
Салмақты сөз. 

Жел – 
Қанатты сөз. 
Шәкірт – 
Талапты сөз. 

Жалау – 
Дабылды сөз. 
Алау – 
Жалынды сөз.

Дос-жар – 
Мейірлі сөз. 
Дала – 
Пейілді сөз. 

Он саусақ 
Жалғыз саусақ тіпті де
Ұстай алмас жіпті де. 
Екі саусақ бірікті, 
Ине қолға ілікті. 

Үш саусағым орамды, 
Жүгіртеді қаламды. 
Өнерлі екен он саусақ, 
Қала салсақ, жол салсақ. 

Бал араның жыры 
Баратыным – 
Қыр.
Қонатыным – 
Гүл.
Теретінім – 
Нәр. 
Беретінім – 
Бал. 

Жұмбақтар 
Баласының саны жоқ, 
Ал өзінің жаны жоқ. 
(Инкубатор)
Су ішінде өскен тау,
Су бетінде көшкен тау. 
(Айсберг)
Жүз төрт түйме, 
Он бір ине. 
(Есепшот) 
Сөз жоқ бұл  өлмес туындылар, қадірлі оқырман, сізге де жақсы таныс. Жаттап алғаныңыз да күмәнсіз. Талай буынды ізгілікке тәрбиелеген, еңбекқорлыққа баулыған, қағілездікке үйреткен қарапайым да, ойнақы да ойлы өлең жолдарын қазір балаларымыз бен немерелеріміз тақылдатып жүр. Оқулықтан оқулыққа, әліппеден әліппеге көшкен інжу-маржандар авторының нақты аты-жөнінің Мұзафар Әлімбаев екенін студент шағымда бір-ақ білдім. Институт табалдырығын аттаған жылы әдебиет сабағы үстінде ұстазым, филология ғылымдарының докторы, сыншы Хасен Әдібаевтың аузынан естігенімде қайран қалғанмын. «Атақты балалар ақыны Мұзафар Әлімбаев өзінің балауса бүлдіршіндерге арнаған өлең-тақпақтары мен жаңылтпаш-жұмбақтарына «Мәлім» деген бүркеншік ат қойған...» Ашығын айту керек, жаңғалақ та аңқау бала-жүрек псевдонимді қайдан ұқсын. Орайлы сәтте осыған қатыстылау бейкүнә бір жайға тоқтала кеткенді жөн көрдім. Менің соңымнан ерген кішкентай інім Құдайбергеннің жетпісті алқымдаған шағында да аузынан тастамай, немерелерін аймалап-толғанғанда айтатын екі тақпағы бар. Кәнеки, бірге тыңдайықшы: 
Асау тайлақ, ақтайлақ,
Мініп келем қақпайлап. 
Желеді ол тайраңдап,
Жұрт қарайды қайран қап. 

Бала біткен шулайды,
Тайлақ үркіп, тулайды. 
«Шөк» дегенді ұқпайды, 
Үй маңынан шықпайды.

Ақ тайлақ-ау, ақ тайлақ!
Бұл қылығың жақпайды-ақ. 
*    *         *
Көзі, 
Өзі,
Басы, 
Қасы, 
Аяғы, 
Қолы – 
кіші.
Басынан, 
Қасынан, 
Өзінен 
Үлкен 
іші.

Өзіме 
Ұқсайды
түсі.
Бірақ жоқ, 
Аузында 
тісі.
Бұл кім?
Бөтен?
Бұл – менің 
Бөпем! 
Езуіңе жеңіл күлкі үйірер әдемі дүние. Сәби санасын, бала көңілін баурап алар өмірдің өз суреті. Бояуы қанық, ойы анық. Кез келген жеткіншек жаттап алады. Ұйқастары да, тіркестері де шымыр. Балдырғандар ұғымына лайықты. Бұл өлеңдерді тұңғыш рет «Балдырғанның» бетінен оқығанбыз. Қиялымызды ұштап, арманымызды асқақтатып, өремізді өсірген жақсы туындыларды тек қана Мәлімге теліп жүрген өз басым алғашқы «Ақтайлақ» аталатын тақпақ-өлеңді белгілі балалар ақыны Әнуарбек Дүйсенбиев жазғанын, ал екіншісі «Бөпемнің» авторы Жақан Смақов ағамыз екенін кейінірек ажыратқан едім. Әрине, «Балдырған» журналының тізгінін ұстаған талапшыл да, талғампаз Бас редактор Мұзафар Әлімбаев басылым бетіне бір қайнауы  ішінде жатқан жасық та, нашар дүниелерге жол бермегеніне де бертініректе көзім айқын жеткен-ді. 
Бұл турасында балаларға жазып жүрген қалам иелерінен сан мәрте естігенім бар. Ал Мұзағаңмен бірге қызмет атқарған алдымыздағы ағалардың әңгімелеріне құлақ асу өзіндік сабақ. «Балаларды алдауға болмайды. Сәби жүрегінен сезімтал ештеңе жоқ. Не болса, соған сенетін бүлдіршіндер көңілінен шыққан жөн. Ол үшін жақсы жазу керек. Әрине, айтқанға оңай, әйтпесе кішкентайларға арнап қалам тербеу қияметтің-қияметі. Ең бастысы, бала болып ойлану қажет...». Жіті зерделеген жанға Мұзағаң мектебін, Мұзағаң дәрісін түсініп, ұққандай болары сөзсіз. Осындай күй кешкен олардың дені ақ қағазға тесіліп, жазуға кірісіп, сөз сұрыптауға келгенде жауапкершілік жүгін әлденеше есе сезінері және даусыз. Оған дәлел – жоғарыдағы сыр ұшығын жеткізген балалар ақындары Құрманбай Толыбаев, Ермек Өтетілеуұлы, Сұлтан Қалиевтердің Мұзағаң туралы ой-пікірлері. 
Иә, «Балдырғанды» тапжылмай отыз жыл басқарған Мұзафар Әлімбаевтың қазақ балалар әдебиетін қалыптастырып, дамытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Үлкенге де, кішіге де ұстаз бола білген оның үлгі-өнегесін менің өз басым сәбилер сезіміне бөленіп, жеткіншектер жүрегіне ұялап, кішкентайлар көңілін аялаған қаламгерлердің мың түрлі бояумен өрнектеген шығармаларынан іздеймін. Балдырғандар поэзиясының ақсақалы Өтебай Тұрманжанов бастаған олардың көшін төмендегіше түзер едім: Мүбарак Жаманбалинов, Бүркіт Ысқақов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Әдібай Табылдиев, Әнуарбек Дүйсенбиев, Жақан Смақов, Қастек Баянбай, Жәнібек Кәрбозин, Ермек Өтетілеуұлы, Нұрхан Жанаев, Абдрахман Асылбеков, Оразақын Асқар, Совет Әлімқұлов, Жеңіс Қашқынов, Адырбек Сопыбеков, Есентай Ерботин, Ескен Елубаев, Сұлтан Қалиев, Өтепберген Ақыпбеков, Бейсебай Кірісбайұлы... Рухани асыл қазына көтерген салқар көштің қатары сұйылмай толқын-толқынға ұласқаны көпке мәлім. Шәкен Күмісбайұлы, Серік Асылбеков, Ділдар Мамырбай, Толымбек Әбдірайым, Серікбол Хасан, Асхат Өмірбай тәрізді талантты қаламгерлер тамаша дәстүрді жемісті жалғастыруда. Әрине, арынды лек тек ілгері жылжыса керек. Өмірден өткендері бар, ортамызды толтырып, балалар бағының нағыз бағбаны саналатын сардарлар мен саңлақтар жанарымызға осылайша елестейді. Балаларға арнап тамаша туындылар жазған кейбір хас таланттарды әлдекімдердің іздеуі әбден мүмкін. Сөйтсе-дағы біз бүкіл саналы ғұмырын тек балаларға бағыштаған қаламгерлерді ғана іріктедік. Балалар әдебиетінің бүгінгі биік шыңы Мұзағаң тұлғасын даралап бейнелеу мақсатында өзімізше саралап отырмыз...  
Айтпақшы, әлгінде әңгіме әуезіне қарай ескертіп едім ғой. Екі-үш ауыз сөз Мұзафар ағамен алғашқы танысу төңірегінде. Арман жетектеп ару Алматыға келген кез. Бәрі-бәрі қаз-қалпында жаңғырады-ай. Аты-жөндері мектеп оқулықтарынан көзге қанық профессор аға-апайлардың лекциялары, атақты ақын-жазушылармен жүздесулер, түннің бір уағына шейін кітапханаларда отыру... Жетім қозыдай түртінектеген, өңдерін қағаз сорған бозымдар бір мезгіл қалт еткен сәттерін бос жібермей үлкен шаһардың әр түкпіріндегі редакцияларды, газет-журналдарды шарлап, кезіп шығады. Жазған-сызған «шимай-шатпақтарын» журналист ағаларының құзырына  тапсырғанша асығады. Мінеки, осындай кепті мен де бастан өткіздім. Аптасына бір рет, ары кетсе екі жетіде бір бүкіл газеттер мен журналдарды адақтап, біреуіне шағын суреттеме мен мақаламды, екіншісіне ребусым мен этюдтерімді апарамын. Обалы нешік, редакциядағы ағаларым меселімді қайырмайды, бетімнен қаққан емес. Керісінше, көбі маңдайымнан сипап, еңсемді көтеріп, әжептәуір қанаттандырып жібереді. «Мүмкіндігің болса тынбай жаза бер. Аяқ алысың жаман емес. Түбінде өзіңнен бірдеңе шығады...» Мәзбін. Осындай бөлекше серпілген мезетте «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің редакциясынан шыққан бойда үнемі жүрексініп, аяғым тартыншақтанып баспайтын «Балдырғанның» табалдырығын қалай аттағанымды білмеймін. Жыпырлаған газет-журналдар кеңсесі орналасқан үш қабатты ғимараттың Абылайхан көшесі жағындағы балалар журналының қызметкерлері жалғыз үлкен бөлмеде отыратын тәрізді. Бұдан бұрынырақ екі-үш мәрте оқталып, сығалап қана кеткен едім. Енді міне, қауқылдасқан топтың ортасында тұрмын. 
– Аманбысың, Жанатжан, кәні бері келе ғой, – деді төрге жақындау үстелдің жанында түрегеп тұрған Ермек аға Өтетілеуов жұмсақ үнмен. – Бірдеңе әкелдің бе? Ұялма, мұншама қысылғаның не? 
Төрт қабырғада жағалай отырғандардың қолдарын тегіс қысып шықтым. Біразын білетін секілдімін, таныс жүздеріне ұрлана тесілемін. Әнуарбек, Жақан, Сұлтан ағайлар... 
– Төрлет, балақай... Жазғандарыңды көрсетші, кәнеки. Бірігіп оқып жіберейік... 
Қысылып-қымтырылып жүргенде өңіне тіктеп те зер салсамшы. Жымыңдап, құшақ жая қарсы алған Мұзафар ағаның өзі. 
– Мұзаға, бұл бала «Қазпионердің» юнкоры Жанат Орынбаев қой. Биыл ҚазПИ-дің филфагына түсіпті. Фамилиясын аттестат аларда метрикасына қарай өзгертіпті. Қазір бұ жігіттің аты-жөні – Жанат Елшібеков. Түнеугүні «Қазақстан пионерінде» жолықтырып, жақсылап танысқанбыз. Өзі жақсы жазып жүр. Бізге де қатысып тұр дегенмін... 
Ермек аға өстіп мені ежелгі танысынша бастығына таныстыра бастады. 
– Е-е... дұрыс екен, – деді Мұзафар аға орнынан ылдым-жылдым қозғалып. – Жанаттың этюдтері бізде де екі-үш мәрте шықты емес пе, осы... 
Қолыма орай ұстаған тор көз дәптердің ортасынан жұлынған қос беттік параққа маржандай етіп толтырған «Бала тілі – бал» деген дүниемді Мұзағаңа ұстаттым. 
– Асықпай өзің оқышы. – Ол орама қағаздың бүктеуін жазып Ермекке берді. – Почеркі тәуір екен. Сосын мына қолжазбасын мәшіңкеге бастырып, бір данасын Жанаттың өзіне қайтарыңдар. Студент қой, қайда, кімге бастырар...
Мақұлдап, басын изеген Ермек аға жайланып отырып, «Бала тілі – балды» ретімен оқи жөнелді. Ілкі сәттік тыныштық. Ешкімде үн жоқ. Жұлдызшалармен бөлінген мөлтек этюдтердің үшіншісі, әлде төртіншісі оқылғанда Мұзағаң: 
– Мынасы тамаша, тұсына птичка қойшы, – деді қуана. – Жеңіл юмор дегеніміз осы. 
– Жақсы екен, – десті өзгелер де қабаттаса. 
Сұрау белгісіндей салбыраған денемді мен де еркін жаза бастадым. Қуаныштысы, одан кейін де бас қазы Мұзағаңның риза-хош пейілін аңғартар «Бұған да белгі қоярсыны» жиіледі. Сөйтіп, он бес-жиырма шақты этюдтің жеті-сегізі табанда таңбаланып, Мұзафар ағаның пәрменімен «Балдырғанның» жаңадан әзірленіп жатқан кезекті нөміріне жіберілді. Қуанышым шексіз. Төбем көкке жеткендей, жатақханама қалай ұшып келгенімді білмеймін-ау. Жанымдағы әдебиетші жігіттерге «Мен бүгін Мұзафар Әлімбаевты алғаш көрдім. Қолын алып, амандастым. Этюдтерімді өзі оқыды. Біразы «Балдырғанның» алдағы сандарында шығатын болды» дей бергенім күні кешегідей жадымда... 
Шүкір. Жақсы адамның шарапаты шартарапқа тарайды, ал шапағаты шалғайға шашырайды. Алғашқы жүздесуде-ақ жылы қабақ танытып, аялы алақанын байқатқан Мұзафар ағаның қамқор көзқарасын өз басым күні бүгінге дейін сезінемін. Ғибратты тағылымы мол алып жүректің нұрына шомылмаған қаламгерлер мен білсем өте некен-саяқ. Мұзағаңмен бірге бір ұжымда қызмет істемесек те, бір шаңырақтың астында күн кештік. 
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының басында Алматының әр қиырында шашырап жүрген отызға тарта газет-журнал көкбазардың түбінен бой көтерген тоғыз қабатты заңғар Баспасөз үйінің ғимаратына көшіп келдік. Баспаханамыз да іргемізде. Таныс та, бейтаныс жүздеген журналистің ыстық ұясына айналған киелі шаңырақ талайлармен таныстырып, талай тағдырлармен тоғыстырды. Қаншама тұлға, соншама мінез. Ғажабы сол, бір есіктен кіріп, бір есіктен шығады. Әйгілі Шалгиіз жырау «Көрінгеннің бәрі бірдей кісі емес» дегеніндей әлгі ондаған, жүздеген жандарды әр қырынан ажырата түстік. Шиыры көп қымбат ғұмырдың сыйы шығар. Қазақ сөз өнерінің маңдайы жарық майталманы Мұзафар Әлімбаевты бұрынғыдан да жақынырақ біле бастадық. Этаждан этажға көтеріліп, я болмаса түсіп келе жатқанда, әйтпесе лифтіде ұшырасып қалғанда не жазып, не қойғаныңды түгендеп «анауың жақсы», «мынауың тәуір», деп арқамыздан қағатын қатал сыншымыз да жанымыздан табылған-ды. Тоғызыншы қабатта отырып жетіншідегі Сейдахмет Бердіқұловқа телефондайды. «Сейдеш-ау, бүгінгі «Ленжасыңды» кеміріп шықтым. Тамаша, тек болмашы бір әбестік жіберіп алыпты жігіттерің». Алау журналистердің мүлт кеткен тұстарын да осылайша биязылап ескертетін. Өз құлағымызбен сан мәрте естігенбіз. Қазымырлықтан аулақ, әрине. Сөз қадірі мен қасиетін бір кісідей танитын зергер суреткердің сарабдал сарашылығы да. Үлкен ұста соңынан ілескендерге сөз сырын, сөз сиқырын үйретуден жалықсайшы. Бұл турасында газеттің кезекті санын жоспарлау сәтінде, апта сайын өтетін лездеме үстінде ұстазымыз Сейдағаңның өзі әлденеше рет құлағымызға құйғанын неге ұмытайық. «Жігіттер-ау, Мұзағаң текке шырылдамас. Бердіқұловтың жасын мен жасықты айыра алатынын білсе керек. Сөз балқытқан жастардың жалынын үрлеп, қаузағаны деп ұққайсыңдар...».     
Кірпияз да, паң Сейдағаң көп жанды оңайшылықпен мойындай бермейді. Ешкімнің алдында бүгежектемей, қас-қабағына қарап күнбағысша иілмейді де. Еменнің қарсы біткен иір бұтағындай ол осы мінезінің арқасында «Ленжастың» да еңсесін ешкімге бастырмады. Ортақол авторларды, ортақол дүниелерді мүлдем басылымға жолатпағаны тұрыпты, кеуде қағып кеңірдектескендерді кабинетінен қуып шыққанына куәгерміз. «Газеттің беті – тәжірибе, иә болмаса сынақ жүргізетін алаң емес. Бір қайнауы ішінде шимай-шатпаққа жол жоқ. Әзірге мен отырғанда нашар дүниелер шықпайды. Талап та, талғам да осы. Кәне, барыңыз. Ең алдымен, бөлімдегі жігіттермен сөйлесіңіз, завотделі не дейді? Соларға ұнаған өлең-жыр, әңгіме, очерктер ғана жарияланады. Материалға зәру емеспіз, құдайға шүкір! Тек айдарынан жел ескен жақсысын, жалпақ жұртқа қажетін ғана іріктеп алуымыз керек...» Бетің бар, жүзің бар демей, ойындағысын ішіне жасырмай айта салатын бастығымыз Мұзағаңды қатты құрметтейді. Әрине, творчествосын, жазғандарын. «Көрмейсіңдер ме, Мұзафар ағаларыңды?! Тынбайды. Қаламын суытпайды. Жастардан бетер жарқылдап жүргені. Балаларды ғана төңіректемей, үлкендерге де арнап бұрқыратып төгуде. Кейінгі жазған көлемді дастандары мен азаматтық лирикалары тың ізденістің жемісі. Менің білуімше, Мұзағаң күн сайын бір мақал-мәтел, бір жұмбақ-жаңылтпаш кестелемесе шайын да дұрыс ішпейтін сықылды. Соңғы уақыттағы әдеп, әдет, имандылық, адамгершілік иірімдері, халықтық педагогика секілді өзекті де өтімді тақырыптарды қозғайтын ой-толғаныстары қандай! Нағыз біздің тақырып. «Ленжас» жазатын, мына сендер жазатын дүниелер ғой. Саусақтарыңды сорып отырған түрлерің мынау. Сендердің бойларыңда Мұзағаңа тән сергектік, Мұзағаңа тән еңбекқорлық шамалы. Ашық мойындаймын, ол кісі балдырғандар поэзиясының маршалы. Сөйтсе де... Дәл қазіргі қаузап жүрген тақырыбы қызықтырмай қоймайды. Қайталап ескертемін, енжарлық, бойкүйездік бізге жараспайды. Ұят-ақ. Ойлануымыз керек, ізденуіміз керек. Ең құрығанда, алысқа алақтамай, қастарыңда қатар жүрген Мұзафар Әлімбаевтан үйренсеңдерші...»
Редакторымыздың Мұзағаңды не үшін сыйлайтынын түсінгендейміз. Таусылып та, қазымырланып та сөйлемейді. Ойындағысын әманда жұмсақтап жеткізетін әдеті. Бір ғажабы, Сейдахмет аға жігіттерінің жазғанынан жылт еткен жаңалықты, тосын  ізденісті байқап қалса, балаша қуанады-ай. Ондай күндері бөлме-бөлмені аралап, көкейінде жүрген жаңа тақырыптарының ұшын шығарады. Екі көзі жайраңдап, жымыңдаған ағаның асыл бейнесі ұмытылмапты-ау. Қазір де жанарымның алдында көлбеңдейді қаз-қалпында. Бәз-баяғыдай... Келмес күндер көріністері, жырақтағы жылдар жаңғырығы өзінше тіл қатады. Маңайына жолауға жүрегіміз дауаламайтын Мұзафар ағаның сұсты кейпіне қарап, қатал адам көретінбіз. Қатты қателесіппіз. Нағыз балажан, аңқылдап ағынан жарыла сырласқанда ежелгі досыңдай баурап алады. Сөйтіп, біз Мұзағаңның өзіне де, шығармашылық лабораториясына да жақындай түстік. Дархан пейілді ағаны әр қырынан тани бастадық. Тіпті, күн сайын болмаса да, арамызды суытпай, апта аралатып, ай аралатып жалпы қазақ әдебиеті мен өнеріне тікелей қатысты тақырыптар төңірегінде емен-жарқын пікірлесетін болдық. Осынау байланысымыз «Егемен» Ақмолаға көшкенге дейін әдемі жалғасын тапқанын мейірлене еске түсіргім келеді. 
Жомарт мінезді, кесек тұлғалы қаламгердің тындырған еңбегі – үлкен үлгі, үйренетін үрдіс. Адами қасиеттері жөніндегі елең еткізер жайларды тілге тиек етпестен бұрын, Халық жазушысы Мұзафар Әлімбаев қаламынан туған том-том туындыларды терең талдамай-ақ, шолып шыққанды парыз санап отырмын. 
Тырнақалды өлеңі он бес жасында Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетінде жарияланған Мұзағаңның бүгінге дейін баспа жүзін көрген кітаптарының ұзын саны жетпіске жуықтайды. Шығармалары әлемнің қырыққа тақау тіліне аударылған. Әдебиет майданында моншақтатып тер төккен ол 300-ге тарта әннің өлеңін жазған. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі азат еліміздің Гимні авторларының бірі. Тәржімалары да көл-көсір, талай томды құрайды. Тұңғыш жинағы «Қарағанды жырларынан» бастау алар автордың бүкіл кітаптарын тізбелемей, елеулі дүниелерінің кейбірін атағанымыз жөн шығар. Олар – «Менің Қазақстаным», «Жолдар-жылдар», «Жүрек лүпілі», «Өрнекті сөз – ортақ қазына», «Көңіл күні», «Тәрбие туралы әңгімелер», «Ер еңбегі – айнасы», «Қалам қайраты», «Көңіл күнделігінен», «Маржан сөз», «Ақмаңдайлым», «Өмір. Өнер. Өнерпаз», «Нақылнама», «Балдәурен» т.б. Жанрлары да сан алуан: өлең, дастан, баллада, эссе, монография, зерттеулер, мақал-мәтелдер, публицистикалық ой-толғамдар, афоризмдер, ән өлеңдері, ғылыми сын. Бейнелеп түйіндесек, Мұзағаң әдеби қоржынының екінші басын тұтасымен балаларға арналған туындылар толтырады. Тілашар өлеңдерден бастап, тақпақтар, жұмбақтар, жаңылтпаштар, мадақтамалар, мазақтамалар... бәрі-бәрі бар. Оларды санамаламай-ақ, «Аспандағы әпке» атты жинағы үшін Мұзафар Әлімбаевқа Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың берілгенін айтсақ та жеткілікті. Атақты қаламгердің әдебиеттегі жемісін тәуелсіз еліміздің ең жоғары наградасы «Отан» ордені әйгілесе керек. 
...Есімі әрдайым балалар ұзаны ретінде ардақталар аға жайында ойламаған жерде екі-үш мәрте жылы лебіз естігенімді әңгімеміздің әлқиссасында ескерткенмін-ді. Енді соған тоқталайын. Алғашқысын шалғайдағы ауылда кезекті еңбек демалысында жүргенімде, кластасым Төлеубергенов Ризабектің аузынан естідім. Біраздан бері жүздесудің сәті түспеген онымен мәре-сәре қауышып, әжептәуір қауқылдасып қалдық. Ұзақ жылдар ауыл мектебінде тіл-әдебиеттен сабақ берген ұстаз-құрдастың көкірегі даңғыл, әр жайдан хабардар. Тілінің бізі бар, шешен әңгімешіл. Ризабек қазір зейнеткерлікке шығыпты, аудан орталығы Үштөбеде тұрады екен. «Қартайған шағыңда туып-өскен мекеніңнен жылжыған қиындау көрінеді. Ай аралатпай ауылға тартамын да тұрамын. Бәрі ыстық, бәрі таңсық... Біреудің қуанышы, біреудің қайғысы дегендей. Себепке ілік іздер сылтау керек...» Өткен-кеткеннен әңгіме қозғаған Ризабек дос сөз арасында әдебиетке қатысты да өз ойларын ортаға салған. Қанша айтқанмен әдебиетші емес пе. Көсіліп, шешіліп ағытылған. Өз түйінін, өз байламын, өз таразысын білдірген оның балалар әдебиеті туралы, Мұзафар Әлімбаев хақындағы пікірлері еріксіз елеңдеткен. Әсіресе, Ризабектің табан астынан «Мұзафар Әлімбаев балалар ақыны ғана емес. О кісі маған балалар поэзиясының маршалы секілді көрінеді. Сен өзің бұған қалай қарайсың, ә?!» дегені бар. 
Жөпелдемеде үндемей, басымды изей бердім. «Құдай-ау, бұрын да естіген сөзім ғой. Қайдан, кім айтып еді?..» Адам жады бүгінгі компьютерден кем емес. Заматында бәрін есіңе түсіреді. Рас. Қателеспеген тәріздімін. Осыған тақілеттес ой ұшқынын мен ертеректе рухани ұстазым Сейдахмет Бердіқұловтан ең алғаш естіген едім. Бірақ, еш мән бермегенмін. «Біздің Мұзағаң балдырғандар поэзиясының маршалы емес пе...» Иә, Сейдағаңның  сөзі. Зерделеген шығарсыз, ойлар мен пікірлердің қалайша қиылысып, қалайша тоғысатынын. Әдебиетте ұшырасатын мұндай жәйттерді «көшпелі ойлар» деген терминмен түсіндіретіні мәлім. 
Қызық. Ауылда бір айдай аунап-қунап, жұмысыма келген күні Мұзағаң турасындағы лебіз басқа қырынан өрбіген. Қаламнан қол босаған мезетте жігіттердің басы редакцияның алтыншы қабатында тоқайласады. Темекі шегіп, қысыр әңгіменің тиегін ағытып дегендей. Лифтіден шыққан бетте гу-гудің үстінен түстім. Әріптес журналист-жазушылар Жылқыбай Жағыпарұлы, Сүлеймен Мәмет, Қайсар Әлім, Сұңғат Әліпбай, Берік Садыр біраз жайдың басын қайырғанға ұқсайды. Сөз репетінен де, түр әлпеттерінен де ап-анық байқалады. 
– Орта толсын, халдерің қалай?.. – Сәлемімді жапырлай қабыл алған олардың қолдарын қыстым... – Жиналып қалыпсыңдар ғой түге... Не жайында... 
– Ой, Жәке, біздікі құр әшейін уақыт өткізу да. Мына Беріктің «Сөз сойылын» айтып жатыр ек, – деді Жылқыбай жымыңдап. 
– Бұрынғыларынан тәуір екен. Әсіресе, маған Мұзафар ағаның «Майысқан мәтелдері» сондай ұнады, – деді Сұңғат іле-шала пікірін білдіріп. 
– Осы, Мұзағаң қаншада? 
– Алдағы жылы тоқсанның төріне көтеріледі. – Беріктің сауалына жауап берген Қайсар ойын шегелей түскен. – Мұзағаң жақсы қартайды. Қақ-соқпен шаруасы жоқ. Әлдекімдер сықылды саясатқа да араласқан емес. Кәрілік болса керек, оның үстіне соғыста болған. Аяғынан ауырсынып, ұзаққа жүре алмайды, шамасы. Тоқсанға иек артып отырса да, қаламын қолынан тастамай, бұрқыратып жазып жатыр. Әлі күнге шейін газет-журналдардың беттерінен түспейді. 
Қайсардың пікірін Сүлеймен жалғады: 
– Әлгінде өте дұрыс айттыңыз, Қайсеке. Қазақтың шалдары Мұзафар ағадай қартайса ғой, шіркін! Сүйегі де, сөзі де асыл. Ақылгөйсіп, ақсақалмын деп дау-дамайға да қосылмайды. Жөн-жосықсыз желеу сөзге ілесіп, даңғаза-дақпыртқа да араласып, майда-шүйде отклик дегенді жазғанын көрдіңіздер ме, өздеріңіз?! Немене, жазса біреу қаламын тартып алады дейсіз бе? Есесіне таза әдебиетке қатысты ой-толғаныстарын, өлең-жырларын, мақал-мәтелдерін үзбей жалғастыруда. Сүйікті кейіпкерлері – кішкентай бүлдіршіндерді де ұмытпай, жыл аралатып базарлық-кітаптарын ұсынуда. Мұзағаңды өз басым бүгінгінің нағыз данагөй абызы дер едім. Қазақтың киелі сөзіне тоймай, шөліркеп жазғанына қатты қызығамын. 
– Иә.
– Дұрыс. 
Бірін-бірі мақұлдай қоштаған әріптестерімнің пікірлері бұл жолы әр саққа қиғаштамай ортақ арнаға құйылғандай. Әдемі әсерге бөленген менің көңілім бұрынғыдан бетер асқақтап алыс көкжиектерге қанат қағып кеткендей. Ойымдағыны, көкейімдегіні өзгелерден естігеніме қуанғаным рас. Қалам ұшына белгілі ақын Бейсебай Кірісбайұлының кезінде «Балдырғанда» жарияланған Мұзағаң туралы тамаша әзіл өлеңі оралған: 
Бұл ағамыз ақын-ақ,
Шаршау білмес қаламы. 
Әке болмай жатып-ақ, 
Жанын ұққан баланың. 

Қызықтырып кісіні, 
Көші ұзаған алысқа.    
Үлкен менен кішіні, 
Бірдей көрген Мұзағаң. 
Егіз шумақта дегдар қаламгердің сом тұлғасы көркем кестеленіп, әсем өрнектелген. Ағеділ ағаның, балажан ақынның, батагөй ақсақалдың бітім-болмысы дәл бейнеленген. Бұдан басқа да талайлар қалам тербеген. Ал, Әлімбаев әлемін мен Мәлім, Мұзағаң, Маршал кейпінде ашуға ұмтылдым. Жанар жүгіртіңізші... 

* * * 

....Зымыран уақытты тізгіндей алмайсың. Бұл күнде Мұзағаң да ортамызда жоқ. Эссеміздің кілташарында аңғартқандай, әдебиеттің барлық жанрында талмай тер төккен данагөй ұзан – парасатты да, ақылман жүректен туған өшпес-өлмес туындылар өз ұрпағын әрдайым аялай берері даусыз.
Тәубе, шүкір! 
 

3903 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз