• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Өркениет бастауы – сөз

Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы

 

Қазақ халқы ерте кезден-ақ сөз өнеріне ерекше мән берген. Ер жігітке жеті өнерді де аз санаған қазақ оның азаматтық болмысын сөзіне қарай бағалаған. Өнер атаулының ішінде сөз өнерін аса жоғары қойып:
 «Сөзден тәтті нәрсе жоқ, 
Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ.
Сөзден жеңіл нәрсе жоқ,
Сөзден ауыр нәрсе де жоқ.
Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет.
Ақылды сөзіңді ақылсызға 
қор етпе, ақылдыға айт.
Не сөйлейтініңді біл, 
Кімге сөйлейтініңді біл.
Қай жерде сөйлейтініңді біл,
Қай кезде сөйлейтініңді біл,
Қалай сөйлейтініңді біл» (Бөлтірік шешен) – дегендей, биік талаптар қоя отырып, көркем сөздің небір асыл үлгілерін өмірге әкелді.  

Шындығында да, адам баласының бүкіл ғұмыры онымен бірге жасасып келе жатқан осы сөзбен тікелей байланысты. Одан қалды бүкіл адамзаттың тарихында сөз күнделікті тұрмыс-тіршілікте аса маңызды рөл атқарып, халықтың болашақ тағдырын шешіп отырған. Тілі дамыған ел қоғамдық дамудың көшін бастаған; ал тілін қорғап, оған иелік жасай алмаған талай ұлттардың бұл өмірмен қоштасуына тура келген.Ататүріктің «Түрік ұлты деген сөз – түрік тілі деген сөз. Түрік тілі – түрік ұлтының қасиетті қазынасы. Өйткені, түрік ұлты өткендегі шексіз бақытсыздықтардың ішінде өзінің адамгершілігінің, дәстүрінің, естеліктерінің, мүдделерінің, қысқасы бүгін өзін ұлт ретінде қалыптастырған барлық қасиетті тілінің арқасында сақталғанын көріп отыр. Түрік тілі – түрік халқының жүрегі, ақыл– ойы»– дегеніндей, тілінің арқасында ғана халық ұлт болып өмір сүре алады. Бұл турасында өткен ғасырдың басында алашшыл жазушы Жүсіпбек Аймауытов «Қазақ жоғалса, тілі де жоғалады: жасаса, өркендесе, тілі де өркендейді»– деп, ұлтының, тілінің болашағын бірге ойлауға шақырыпты.
Адамзат тарихына көз жіберсек, қоғамдық өміршең идеяның төңірегіне топтасып, көпшіліктің ойынан шығып, сөз түзелгенде, адам да, ұлт та күшейіп, түзелген; пиғыл өзгеріп, тіл бұзылғанда, адам да, ұлт та бұзылып, ақырында құрдымға кеткен. Сөз қоғамдағы әлеуметтік қарым-қатынас құралы болып қана қоймай, ойдың сыртқы көрінісі болумен бірге, адамның сана– сезімінің, дүниетанымының қалыптасуында да шешуші рөл атқарып, ұлттың рухани болмысын, келбетін жасайды. Сонда адамды адам қылатын да, ұлтты ұлт қылатын да соншалықты құдіретті сөз дегеннің өзі не? 
 Сөз дегеніміз, әлеуметтік қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасау, ой алмасу, түсінісу құралы болып табылатын, белгілі бір қалыпқа түскен дыбыстардың жүйесі ғана емес, сонымен бірге, оның адам, ұлт өміріндегі мағыналық өрісі өте кең дүние. Сөзге осы тұрғыдан келгенде, «Сөз – адам», «Сөз дегеніміз – ұлт»; сөз жекелеген адамның, ұлттың тағдырындағы аса маңызды рөл атқаратын, өмірін айқындаушы құдіретті күш, өйткені, оның «ішінде» адам тағдырын айқындайтын алапат күш бар; «жақсы сөз – жарым ырыс», «сөз емдейді», сөйлей білу – өнер, күнделікті қарым-қатынас барысындағы эмоциялық, психологиялық, биологиялық, т. б. әсерлері секілді көптеген мәселелер қоғамның әлеуметтік жағдайымен тығыз байланысты екендігіне көз жеткізеді. Не бір «тар жол, тайғақ кешулерді» басынан өткерген қазақ халқы бүгінгі күнге осы тілінің арқасында ғана ұлттық бірлікке қолы жетіп, көк байрағын желбіреткен тәуелсіз ел болып отыр. 
Қазақ халқының әдеби-эстетикалық талғамының, ой-пікірінің қалыптасуына оның өмір сүрген географиялық ортасы, айналысқан шаруашылығы, соған орай қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері тікелей әсер етті. Көшпелі тұрмыста ертеден кешке дейін мал соңында жүрген қазақтың ойы сан тарапқа шарықтап, көңілі көкке қалықтап, ән салып, өлең шығармайтыны жоқ-тұғын. Кешке ауылға келіп, жұмыстан қолдары босап, ел жиналғанда, сол көрген-білгендерін майын тамызып әңгімелеу, жаңадан шығарған өлең-жырларын айтып беру дәстүрге айналған. Халықтың арасынан сөзге икемі бар адамдар бірте-бірте сұрыпталып шығып, сөз өнерімен арнайы айналысып, кәсіп ете бастады. Олар тыңдарманның белгілі бір эстетикалық қажеттілігін өтеу үшін халық алдында өнер көрсетіп, халықтық эстетиканың тезінен өтті. 
Сөз өнерінің шыңы – әдебиет. Алдымен, ауыз әдебиеті, кейіннен жазба әдебиет үлгісінде ұзақ даму жолдарынан өткен қазақ әдебиеті халықтың қатал эстетикалық талғам-тезінен өтіп, рухани азығының өзегін құрап, тарихи рөл атқарып келеді.
Ақынның қандай екендігі ұстазына қарай бағаланған. Сөйтіп, қазақ арасында өлең шығара бергеннің бәрі ақын атала бермеген. «Өнер алды – қызыл тіл» саналған халықтың эстетикалық қажеттілігіне қызмет етіп, танымал ақындардың сөз өнеріне деген жоғары талаптарынан, сынынан өткенде ғана ақын атына ие болып, ел құрметіне бөленген. Сөйтіп, ғасырлар бойы жасалынған ауыз әдебиеті, әдеби мұралар небір аумалы төкпелі заманалар бойында халқымыздың рухани қажеттілігін қанағаттандырып, уақыттардың дауылынан, қаншама қатал сынынан өтіп бізге жетті; болашаққа да осылайша кете бермек. 
Атақты түркітанушы С.Е.Маловтың қазақтың сөз өнері жайлы «Түркі халықтарының ішіндегі ең суретшіл, бейнелі тіл – қазақ тілі. Қазақтар өзінің шешендігімен, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» деп, жазуы да көп нәрсені аңғартса керек. Сөзді барынша қадірлеп, оған табынып өскен халық оның магиялық құдіретін ерте кезден-ақ түсініп, айтары терең небір ойлы пайымдаулар жасаған; олар халықтың тезінен өтіп, мақал-мәтелдерге айналып, асыл мұра ретінде бүгінгі күннің рухани игілігіне айналып отыр: «Айтылған сөз – атылған оқ», «Ақылды сөз – ауыртпалықты көтерісер ақ ниет дос», «Аз сөйлеген – ақылды», «Ақиқат аз сөйлейді», «Аңдамай сөйлеген, Ауырмай өледі», «Аяғы жаман төрді былғар, Аузы жаман елді былғар», «Ауыр сөз айтқан дос емес», «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ», «Барлығы да тілден: Тіл – бал, тіл – ажал», «Дүниені бүтіндейтін де – сөз, Бүлдіретін де – сөз», т. б.Өзге де халықтар сынды қазақ халқы да сұлулық пен әсемдікті айрықша ардақтай білген. Халықтық эстетикаға негізделген ауыз әдебиетінде қаншама бедерлі бейнелер, көркем көріністер жасалынды десеңізші. Лиро-эпостағы қазақ қыздары қазақ сұлуларының тұтас бір галереясы дерлік.Әдеби-эстетикалық сыншылдық ой-пікірлердің барынша өткір көрінген жері ақындар айтысы болды. Басқа халықтар әдебиетінде онша кездесе бермейтін ақындар сайысы – ерекше құбылыс. Бірден суырып салып айтылған айтыс өлеңдерінде қарсылас жақтың түрлі кемшіліктерімен бірге сөз саптауларындағы селкеуліктер де қатал сынға ұшырап отырған. Орынсыз айтылған бір ауыз сөздің өзі қанша мықты ақын болса да жеңіліске ұшыратқан. Өткен ғасырларда небір классикалық үлгілері жасалынған айтыс өнері бүгінгі күндері де жемісті жалғасын тауып келеді. Сұлулықты, әсемдікті танып білудің негізгі зандылықтары барлық халықтар үшін ортақ болғанымен де кейбір тарихи, географиялық, шаруашылық, діни, наным-сенім жағдайларынан туындайтын ұлттық ерекшеліктері де болмай қоймайды. Барлық тұрмыс-тіршілігі малмен байланысты болған қазақтарда сұлулық атаулының дені төрт түлікке қатысты болып келеді. Қазақтар сұлу қыздың көзін ботаның көзіне теңеп, «ботакөз» атаса, еуропалықтарда түйеге қатыстының барлығы да керісінше ұғынылады. Сол сияқты қазақ баласын «құлыным», «қошақаным», «ботам» деп жатса, басқа ұлт өкілдері «малға теңегені несі?» дегендей, таң қалып жатуы мүмкін. Ал қазақ үшін жесе тамақ, ішсе сусын, кисе киім, көшсе көлік болатын төрт түлік малдан қасиетті, оның төлінен сұлу, сүйкімді нәрсе жоқ бұл тіршілікте.  Елін сүю, отанын қорғау – ер азаматтың басты парызы деп білген қазақ үшін тұлпар мініп, бес қаруын асынған жігіттен сұлу адам жоқ. Ауыз әдебиетінде «жігіт болсаң, осындай бол» деп үлгі тұтатын небір батыр, ақылды, өнерлі, тапқыр жігіттердің бейнесі асыл сөздермен сомдалды.
 Жар сүю, өсіп-өну өмір сүрудің, бақытқа жетудің негізгі шарты деп санаған қазақ үшін сүйген жардың орны, асыл ананың орны – бөлекше. Ғашықтық жырларында, шіркін, қыздар осылай болсайшы деген армандардан туындаған Қыз Жібектей, Баян сұлудай, Ақжүністей, Құртқадай, Гүлбаршындай, Айман– Шолпандай арулар қазақ қыздарының биік эталонына айналды. Ұрпақсыз қазақ өмірінің мәні жоқ. Сондықтан да қазақ үшін бала емізіп отырған әйелден сұлу әйел жоқ.
Міне, осы сияқты сұлулықты сезінудің, ол туралы таным-түйсіктің өзі халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен, өмір туралы түсінігінен, болашақты ойлауынан барып туындап, ғасырлар бойы қалыптасып, тұтас бір халықтың ұлттық ерекшелігіне айналып, оның ауыз әдебиетінде шынайы көрініс тапқан. Сонымен, көркем әдебиет, оның ішінде әсіресе ауыз әдебиеті – халықтың сөз өнеріне деген ғасырлар бойы қалыптасқан сыншыл көзқарасының, халықтық эстетиканың жемісі, көрінісі. Сондықтан да әдеби-эстетикалық сынның қайнарбұлақ бастаулары халықтық эстетикада жатыр. Халықтық эстетика ауыз әдебиетінде бар болмысымен көрініс тапса, кейінгі жазба әдебиеті дамып, профессионал әдеби сын қалыптасқан кезде де өз ролін жоймады. Шын мәніндегі әдеби талғам өзінің ұлттық эстетикалық негізіне сүйенгенде, халықтың жүрегіне ғасырлар бойы жол тартып, эстетикалық ләззат, рухани қуат беріп келген терең тамырлардан нәр алғанда барып, өзінің қиын да құрметті миссиясын ойдағыдай орындай алады.
Екінші Аристотель атанған отырарлық әл-Фараби (870–950) сөз өнері жайлы да құнды еңбектер жазып қалдырды: «Сөз ғылымын жүйелеу», «Аристотель еңбектеріне түсіндірме (поэтика, риторика, софистика)», «Өлең кітабы», «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат», «Поэзия туралы» т.б. Бар ғылымды беске жіктеген ғалым бірінші кезекте тіл туралы ғылымды айтады.
Жүсіп Баласағұнның (XI ғасыр) «Құтты білігі» түркі халықтарының ортақ асыл сөз қоймасы іспеттес. Талай ғасырдың тәжірибесінен туған даналық шешендік сөздер, мақал-мәтелдер, ой-толғамдар «туысқан халықтармен қатар қазіргі қазақ тіліне де үндес. Осы кітаптағы «ақыл көркі – тіл, тілдің көркі – сөз», «таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді», «сөз қалады, таяқ табы кетеді», «сөз ойдың көрінісі», «тіл мен сөз – көңілдің айнасы» сияқты сөз тіркестері сөз өнеріне деген биік талапты, жоғары эстетикалық талғамды, сыншыл ойларды аңғартады. Махмұд Қашқаридың «Түрік тілдерінің лұғаты» («Диуани лұғат ат Түрік») атты еңбегінде де сөз өнері жайлы ойлы өрнектер баршылық. Сол кездегі түркі халықтарының тілі мен әдебиетінен, мәдениеті мен тарихынан мол мағлұматтар беретін бұл сөздікке, екі жүзден астам өлең, үш жүздей мақал-мәтел, көптеген қанатты, көркем кестелі сөздер енген. Өз кезінің шын мәніндегі энциклопедиясы дерлік бұл еңбекке кірген әдебиет үлгілері оның авторының сөз өнеріне деген әдеби-эстетикалық сыншыл өресінің жоғары екендігін аңғартады.
 Қожа Ахмет Иассауидың төрт жүз шумақтан тұратын «Диуани Хикмет» кітабы – күллі түркі әлемі қадір тұтатын аса бағалы еңбек. Өмірге сын көзімен қарап, терең ойлар түйе білген Иассауи оны оқырмандарға жеткізе білуде де сұлу сөзді саралап, сыншылық жоғары талғам көрсете білген; өлең шумақтары көбіне мақал-мәтел, тұрақты сөз тіркестері тәріздес көркем де жинақы, түсінікті келеді.
Тағы бір түркістандық Ахмет Жүйнекидің (Югнаки) «Ақиқат сыйы» атты кітабы да дидактикалық сарында жазылған. Автор ақын болғандықтан да өмір туралы айтылар ойлар барынша айшықталып берілген. Сондықтан да мақал-мәтелде сатиралық өлең шумақтары жиі кездеседі. «Не келсе де тілден келер бір басқа, осы тілге табынбайды құр босқа», «Тіл мен жақтың көркі – шындық сөз» сияқты тіркестерде сөз өнерінің биік нысанасы анық айтылған.
Алтын Орда дәуірінің XII–XVI ғасырлардағы әдеби мұраларынан біздерге С.Сараидың «Гүлстан», Құтбтың «Хұсырау-Шырын», Дүрбектің «Жүсіп-Зылиха», Хорезмидің «Мұхаббат-нама», Рабғузидің «Қисса-сұл Әнбия», т. б. сияқты шығармалары және қыпшақ тілінің жинағы «Кодекс Куманикус» жеткен. Бұларда тіл өнері жайлы арнайы айтылған пікірлер жоқ болғанымен де, көркемдіктің жоғары талаптары негізінде жазылғаны көрінеді.
XV ғасырда жеке хандық құрып, қазақ халқы тарих сахнасына шыққан кезден бастап, ұлттық сөз өнері биік асуларға бет алды. Халық арасынан іріктеліп шыққан тілі жүйрік, орақ ауызды ақын-жыраулардың, дуалы ауыз би-шешендердің беделі ел арасында аса жоғары болды.Қазақ хандығы дәуірінде Асан қайғы, Сыпыра жырау, Қазтуған, Доспамбет, Шалгиіз, Жиембет, Марғасқа, Ақтанберді, Бұқар, Тәтіқара, Қожаберген, Үмбетей, Шал сияқты әрі ақын, әрі философ, әрі қайраткер жыраулардың артында қалған мұралары қазақ үшін өмірдің мәнін түсінудің философиялық әліппесі іспеттес. Ақын-жыраулар адамдардың моральдық болмысына айрықша назар аударып, үлкен талаптар қоюмен бірге сол адамдардың бір-бірімен негізгі қатынас құралы саналатын тілге де ерекше мән берген. Осындай ойларын мақал-мәтел дерлік поэтикалық шумақтар арқылы түйіндеп отырған. Сөзге үлкен талаптар қойып, оны аса қадірлей білген ақын-жыраулар небір асыл үлгілерді артына мирас етіп қалдырды. 
Жазба әдебиетке дейінгі ауыз әдебиетінің ірі өкілдері ақын-жыраулар поэзиясынан сөз өнеріне қойылған биік талаптарды көреміз. Сөзге тұрған, «көмекей әулие» деп тілге табынған халқымыз нағыз ақын-жырауларды, би- шешендерді барынша қадірлеген. Олардың өнеріне көркемдігі жағынан, халықтығы тұрғысынан қатал талаптар қоя білген. Халықтың ойынан шығып, тілдің қоғамдағы аса маңызды ролін жете түсінген оны қасиетті өнер санаған ақын-жыраулар қазақ поэзиясының классикалық үлгілерін жасады.Ақын-жыраулар өлең сөздің теориясын білген жоқ; бірақ та өнердің көзге көрінбей өмір сүретін ортақ заңдылықтарын, нәзік те сиқырлы қасиеттерін сезіне білді; соған орай, өздерінің ақындық жолдарын дұрыс бағытта ұстап, халықтық поэзияның биігінен көрінді. Олар поэзия былай болуы керек деп түсіндіріп жатпағанымен де қалай болуы керектігінің шынайы үлгілерін жасап, көрсетті. ХІХ ғасырға дейін қазақ әдебиеті негізінен ауызша ақындық поэзия түрінде болып келсе, енді жазба әдебиет өкілдері шыға бастады. Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Абай Құнанбаевтың жұлдыздары қазақ мәдениетінің көгінде жарқырап жанды.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Ш.Уәлиханов әдебиет жайлы да құнды пікірлер айта білді. Шоқанның қазақ халқының ақынжандылық қасиеті, дамыған поэзиясы жайлы білдірген ой-пікірлері – аса қызғылықты. Ол қазақ ауыз әдебиетін өзге халықтардан биік қойып, «қазақ ақындарының импровизаторлық өнері көшпелі елдің салт-тұрмысына байланысты ғасырлар бойы қалыптасқан ақындық дәстүр негізінде туып, дамыды» деген ой түйеді. «Қазақ халық поэзиясының түрлері» атты еңбегінде Шоқан сол кездегі қазақ поэзиясын түрлерге жіктеп, әрқайсысына анықтама береді.
Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев поэзияның қоғамда алатын орнына, оның негізгі мақсаты мен міндетіне мүлдем жаңаша көзқараспен келіп, әдебиетті прогресшіл бағытқа бастады. Сөйтіп қазақ өлеңін идеялық және көркемдік жағынан қоғамдық рухани дамудың озық деңгейі дәрежесіне дейін көтерді.
Абай оннан астам өлеңінде тілдің құдіреті, өлеңнің қалай болуы керектігі жайлы пікір білдіреді. Ол алдымен өнердің өмірдегі орнына, ақынның қоғам алдындағы парызы мен қарызына айрықша маңыз береді. Өлеңді кәсіпке, мал табудың, күнкөрістің құралына айналдырып, «Мал үшін тілін безеп, жанын жалдап, мал сұрап біреуді алдап, біреуді арбап» жүргендерге қарсы шығады. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» – қазақ поэзиясының өлеңмен жазылған теориясы іспеттес. Қазақ әдебиетінде сыншыл ойлардың дамуында ұлы Абайдың сөз өнері жайлы айтқан өрелі ойлары әдеби ой-пікірлерді талғамды, кең өрістерге, бел-белестерге алып шығып, философиялық-эстетикалық сынның биік асуларына бет алғанын байқатты.Әдеби сынның негізгі даму арнасы – баспасөз. Әдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар XIX ғасырдың соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уәлаятының газеті» (1870–1882) мен «Дала уәлаятының газеті» (1888–1902) беттерінде көрінді. Қазақ баспасөзінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік-рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды. 
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының шыға бастауы сыншыл ойлардың ояна түсуіне жағдай жасады. Әсіресе, 1909 жылы үш бірдей кітаптың – Абай өлеңдерінің, Ахметтің «Қырық мысалының» және Міржақыптың «Оян, қазағының!» шығуы қазақ әдебиетінің ғана емес, жалпы сыншыл ойлар өрісін де кеңейте түскен айтулы оқиғаға айналды. Арғы-бергі әдебиет жайлы жазылған мақалаларда Абайға соқпай өтпейтін болды. Тіпті, әлеуметтік-мәдени өмірдің түрлі мәселелеріне арналғандарының өзінде де ойға дәйек ретінде Абайға жүгіну жиі кездесті. 
 Ә.Бөкейханов Абайдың ұлылығын алғаш танып, халыққа таныстыруға, насихаттауға айтарлықтай еңбек сіңірді. Абай қайтыс болған соң, ол Семейде орыс тілінде шығып тұратын «Семипалатинский листокта» ақынның өмірбаянымен таныстырған қазанама жариялады. Абай өзінің бар қабілетін, дарынын ел арасындағы дау-дамай мен кемшіліктерге қарсы күреске жұмсауға мәжбүр болған «самородок» еді дейді автор.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде Абай жұлдызының жарқырап көрінуімен қазақ қоғамының рухани өміріндегі жаңа кезең басталды. Ұлтжанды қазақ оқығандары Абайды құрметтеп, оның идеяларын насихаттау мақсатымен «Абай» атты журнал шығаруды қолға алды. Оның алғашқы саны 1918 жылдың 4-ші ақпанында жарық көрді. Журналды қазақ зияларының көмегімен Ж.Аймауытов пен М.Әуезов шығарып тұрды. 
Барлығы он екі саны шыққан журналдың бірінші нөміріндегі Ж.Аймауытовтың «Журнал туралы» деген бас мақаласында «Тұс-тұсынан жау қысып, мал мен басқа дау түсіп, дағдарып қазақ сасқан соң орысқа келіп бағынды... Бұрынғы дәурен көзден бір-бір ұшты... енді партия, барымта, өтірік, ұрлық – не түрлі әрекет керней бастады. Сөз сыбырға, іс жыбырға айналды. Береке кетіп азды, тозды. Сол кезде қалың надан, қара тұманды қақ жарып, тас жарып шыққан бұлақтай жарқ етіп Абай туды» деп, сол дәуірді сипаттайды. Журналдың атын «Абай» қойғандығын; «Абай жалғыз ғана ақын (литератор) болды деуге болмайды. Әдебиетімізге де негіз салған – Абай, адамшылық тәрбие, ғылым, өнеркәсіп деген сөздерді терең ойлап, тексерген де – Абай. Солай болған соң журналды Абайға арнадық» деп, түсіндіреді. Абай туралы жазылған еңбектердің ішінде «Екеудің» «Абайдың өнері һәм қызметі» мен «Абайдан соңғы ақындар» деген екі мақала айрықша көзге түседі. «Айқап» (1911–1915) журналының қазақ баспасөзінің тарихындағы орны айрықша. Ағартушы-демократ жазушы Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен шығып тұрған бұл басылым жиырмасыншы ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық, әлеуметтік санасының оянуына айтарлықтай қызмет етті. «Айқапта» қызмет істеген С.Торайғыров, журналдың мазмұнды шығуына көп еңбек етті. Оның осында жарияланған «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан» (1913, №19, 20, 22, 24) және «Өлең мен айтушылар» (1913, №13) атты мақалаларының орны ерекше. 
 «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынұлының «Қазақтың бас ақыны», М.Дулатовтың «Абай», «Шоқан Шыңғысұлы Уәлихан», «Әбу Бәкір Ахмеджанұлы Диваев», «Ахмед Яссауи», «Тоқай», «Исмаил Гаспринский», Мұстафа Шоқайдың «Әбубәкір Диваев» сияқты мақалалары жарық көрді. Бұлар шығармашылық портрет жанрының жанрлық талаптарына жауап бере алатын алғашқы үлгілері еді. 
Ә.Бөкейхановтың 1905 жылы жазылған шағын таныстыру мақаласынан бастау алған Абайтану ілімі «Қазақта» жарияланған А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың Абай турасындағы мақалалары арқылы кең арнаға шықты; жаңа биіктерге бет алды; Абайдың ұлы ақын екендігі бар қазаққа паш етілді. Қазақ ауыз әдебиетін жинап, зерттеушілердің алғашқы легінде болған Ахмет Баржақсин «Қазақ» газетінде жариялаған мақаласында ауыз әдебиеті, оның ішіндегі мақал-мәтелдерге арнайы тоқталған. Осы газетте жарық көрген елеулі мақалалардың бірі – «Роман не нәрсе?» (31.1.1914). Арысұлының бұл мақаласында жазба әдебиеттегі романға жанрлық тұрғыдан түсініктер берген. «Роман не нәрсені» қазақ әдеби сынындағы алғашқы теориялық мақалалардың бірі деп қарау керек. Сонымен «Қазақ» газеті ұлттық әдеби сынның қалыптасып, дамуына тарихи еңбек сіңірді. Сол кездегі бүкіл қазақ аузына қараған мандайалды зиялыларымыз осы газеттің маңына топтасып, ұлттық әдебиетіміздің дұрыс жолда дамуы үшін ұлтжанды пікірлер айтып, қызмет етті.
ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінде ұлт азаттығын көтеріп шыққан Ә.Бөкейхановтың, А.Байтұрсынұлының, М.Дулатовтың, С.Торайғыровтың, М.Жұмабаевтың, М.Әуезовтің, т. б. ой-пікірлері өміршеңдігінің, әдеби дамудың даңғыл жолын дұрыс көрсете білуінің арқасында жетекші бағытқа айнала бастады. 
 Кеңес үкіметі қоғамдық-әлеуметтік өмірмен бірге мәдени-әдеби өмірге де үлкен өзгерістер әкелді. Өмірдің барлық саласында таптық принцип күшейе түсіп, ұлтжанды қазақ зиялылары түгелдей қуғын көрді. Алашордашыларға кешірім жасалғанымен де (1919), олар саяси өмірден күшпен шеттетілді. Соған қарамастан, жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысында әдеби ой-пікірлердің негізгі қозғаушы күші бұрынғы алашшылдық идеялар болды. Бұл кезде алашордашыл қоғам, мәдениет, әдебиет қайраткерлері түгелдей саяси өмірден аластатылып, оларға тек ағарту, ғылыми жұмыстармен ғана айналысуға рұқсат етілді. Төңкерістен кейін большевиктер өткен замандарда жасалынған әдеби мұраның бәрі ескі, күні өткен, жаңа заманның жаңа әдебиетін жаңадан жасаймыз деп өрекпіп, пролеткультшылдық саясат жүргізе бастады. Ендігі жердегі қазақ әдебиетінің жай-күйі қалай болмақ, қай бағытта дамиды деген сауалдар ұлт қамын жеген азаматтарды ойландыра бастады. Баспасөз бетінде осы мәселелер төңірегінде ой қозғаған мақалалар көрінді. 
Жиырмасыншы жылдардағы әдеби сында республика басшылығының түрлі қызметтерінде жүрген Н.Төреқұлов, С.Сәдуақасов, С.Қожанов, Қ.Кемеңгеров, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов секілді азаматтар белсенділік танытты. Осы кездерде әдебиет майданына араласа бастағандардың дені дерлік алаштық идеялардың ықпалында болды. 
 1923 жылы Ахмет Байтұрсынұлының елу жыл­дығы аталып өтті. Мерейтойды ресми билік орындары Қазақстанда атауға рұхсат етпей, Орынборда өткізуге мәжбүр болады. Салтанатты мәжілісті С.Сейфуллин кіріспе сөзбен ашып, С.Сәдуақасов баяндама жасаған. Смағұл баяндамасында Ахметті қазақ халқы үшін тарихи еңбек сіңірген Кенесары, Шоқан, Ыбырай, Абай істерін жалғастырушы қайраткер ретінде бағалады. А.Байтұрсынұлының еңбегін ұлтжанды азамат­­тар осылай жоғары бағалап жатқанда, төңкерісшілер бұл оқиғадан Совет үкіметіне, оның саясатына қарсылық, арандатушылық нышандарын көрді. Сол кездегі ресми биліктің пікірін С.Мұқановтың «Қара тақтаға жазылып жүрмеңдер, шешендер» («Еңбекші қазақ», І.ІІІ.1923) атты атышулы мақаласы білдірді. С.Мұқановтың осы мақаласынан бастап, қазақ әдебиетіндегі азатшыл бағыттағы ағымға қарсы таптық күрес бірден қарқын алып, күшейе түсті. Алашшыл атанған А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, М.Әуезов сынды қаламгерлер байшылдықпен, ұлтшылдықпен айыпталып, саяси қуғынға ұшырады. Қазақ әдебиетінің өткен кездерде жасаған бүкіл әдеби мұрасымен бірге сол кездегі ұлттық әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің барлығы дерлік халыққа жат, «халық жаулары» саналды. Ресми баспасөз бетінде ұлт жазушыларының «қаскүнемдік әрекеттерін» әшкерелеген» мақалалар қаптап кетті. 
 Голощекиннің республика басшылығына келуі (1925) елдегі саяси-әлеуметтік жағдайды мүлдем ушықтырып жіберді. 1926 жылы ҚазАПП ұйымы құрылып, төңкерісшілдерді маңына жинап, партияның әдебиет саласындағы саясатын ұйымдасқан, жоспарлы түрде жүргізуді қолға алды.
Міне, осындай қиын жағдайда ұлт әдебиетінің басына төніп келе жатқан қара бұлтты сезген алашордашылар «Алқа» атты жазушылар ұйымын құруға кірісті. «Алқаның» бағдарламасын М.Жұмабаев жасап, ол пікір алысу үшін қолжазба күйінде тараған. Алаш азаматтары бағдарламамен танысып, қолдаған. Бірақ сол кездегі билік «Алқаның» құрылып, жұмыс істеуіне жол бермеді, керісінше оларға деген қуғынды күшейте түсті.
Қазақ әдеби сынының қалыптасуында алашшыл әдебиет өкілдері қаншалықты роль атқарса, әдебиеттану ғылымы туралы да дәл осылай айта аламыз. Осы кездерде А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» (1926), М. Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Х. Досмұхамедовтің «Қазақ халық әдебиеті» (1928, орыс тілінде) туралы көлемді зерттеулері жарық көрді. Жаңа заманда қазақ әдебиетінің жай-күйі қалай болмақ, қай бағытта дамиды деген мәселе күн тәртібінде тұрды. Өйткені, большевиктер өткен кездегілердің бәрі де ескі, бүгінгі жаңа заманға жат, социализмнің рухани қазынасын тыңнан жасаймыз деп, әдеби мұра атаулыға қарсы шықты. Міне, осы кезде мұндай жағдайға қарсылық білдірген М.Әуезовтің «Қоңыр» деген бүркеншік атпен «Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі» («Шолпан», 1923, №4, 5) атты көлемді мақаласы жарияланды. С.Сейфуллин «Әдебиет және оның ағымдарын» («Қызыл Қазақстан», 1923, №16) жазып, онда әлемдік әдебиет дамуына көз жіберді. Заман өзгеріп, соған байланысты көркем әдебиетке қойылар талаптар да өзгеріп жатқан кезде қазақ кеңес әдебиетінің туын алғаш С.Сейфуллин көтеріп шықты. Заманның аңысын аңдып, оған тез бейімделген Сәкендер төңкеріс әкелген өзгерістерді шындығында да халықты бақытқа жеткізер дұрыс жол деп түсінді. Сөйтті де бірден революцияны жырлауға кірісіп кетті.
Әдебиет туралы пікірлесу алашордашыларды саяси жағынан талқандауға бет бұрғанда, негізгі соққы оның көрнекті өкілі Мағжанға қарай бағытталды. Мағжанды сынау большевиктер үшін модаға айналды дерлік. Осындай қиын кезде Ж.Аймауытов «Мағжанның ақындығы» («Лениншіл жас», 1923, №5) атты атақты мақаласын жазып, әдебиетті, поэзияны қалай талдаудың үлгісін көрсетті.  Жиырмасыншы жылдардың алғашқы жартысында қазақ әдебиетінің алдында сан алуан мәселелер түрды. Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге кіріскен С.Сейфуллин «Қазақ әдебиетінің қысқаша тарихы» («Еңбекші қазақ», 19.2.1924) атты мақала жазып, әдебиет тарихын жасау мәселесін көтерді, осыған қатысты ойларын ортаға салды.  Қоғамның бай, кедей болып қақ жарылуы, мәдениет, әдебиет саласында көптеген қиындықтар, түсінбеушіліктер туғызды. Әсіресе халықтың ғасырлар бойы жасап келген ауыз әдебиетін, әдеби мұрасын таптық тұрғыдан жоққа шығарушылық, сөйтіп халықты рухани көзінен айырушылық ақылға сыймайтын іс еді. Осыны түсінген көзі қарақты зиялы қауым өз пікірлерін көпшілік алдына ұсынды.
Әдеби айтыстар негізінен әдеби мұраға деген көзқарастан өрбіп, әдебиет дегеніміз не, оның табиғаты, тап ақыны бар ма, ақын кім, ол кімдерден үлгі алуы керек, қазақта таптық әдебиет бар ма, бар болса, оның өкілдері кімдер, қазіргі әдебиет техникамен байланысты ма, қазақ әдебиетінде қанша бағыт бар, әдебиетіміз қай бағытта дамуы керек деген сияқты сан сауалдар төңірегінде қызу таластарға ұласты. Үш-төрт жылға созылған әдебиет жайлы пікір алысу қыза-қыза келе өзінің ауқымынан шығып, қаламгерлердің бірін-бірі ұлтшылдықпен айыптаудың саяси трибунасына айналды. Партияны түрлі «оппортунистік элементтерден» тазартау науқанының барысында С.Қожанов, С.Сәдуақасов сияқты ұлтжанды қоғам, мемлекет қайраткерлері куғынға ұшырады. «Пролетариат әдебиетінің атасы» атанған С.Сейфуллин мен «тап» деп іңгәлап туылған С.Мұқановтың өздері де қалай ұлтшыл, керітартпа, білімсіз атанғандарын білмей қалды.Міне, осындай саяси қуғындардың аяғы 1929 жылғы үстем тап аталған байларды, қазақ ақындарын халық жаулары ретінде жою зобалаңдарына апарып соқтырды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов сынды ұлтжанды жазушылармен бірге жиырмасыншы жылдары өткен әдеби таластарға белсене қатысып, ұлттық бағытта пікір білдірген қоғам, мәдениет қайраткерлерінің алды ұстала бастады. Бірақ та әбден қызып алған айтыс саябырсымады, қайта өрши түсті.  Сөйтіп қатты қарқын алған айтыс отызыншы жылдарға жетіп, бірде саябыр, бірде қатты Қазақстан жазушыларының түңғыш құрылтайына шейін жалғасты. ҚазАПП-тың қызметі жиырмасыншы жылдардың соңына қарай, оның басшылығына М.Қайыпназаров келген соң, тіпті ушыға түсті. Әдеби, шығармашылық істерден хабары жоқ партия қызметкері Мұстафа ұйымның барлық жұмысын жоғарыдағы партия ұйымдарының тиісті тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға лайықтап жүргізді. 
1934 жылы 12-18 маусымда болып өткен қазақ қаламгерлерінің бірінші құрылтайында қазақ әдебиетінің даму жолдары, жеткен жетістіктері мен кемшіліктері қорытындыланып, сол кездегі әдеби хал-ахуал кеңінен әңгімеленіп, алда тұрған міндеттер көрсетілді; Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Бұл оқиғалар социалистік реализм бағытындағы әдеби пікірлерге айтарлықтай қозғау салды. Әдеби сынның ауыр жүгін көтеріскен, оны дамытуға үлес қосқан сыншылардың қатары молая түсті.   Әдебиетті дамытуға бағытталған бірсыпыра, шаралар атқарылды. Бұрынғы «Жаңа әдебиет» журналы «Әдебиет майданы» деген атпен шықты. 1934 жылы 10-қаңтарда «Қазақ әдебиеті» газетінің тұңғыш номері жарыққа шықты. Әдебиет газетінің шығуы мәдени, әдеби өміріміздегі елеулі оқиға болды. «Қазақ әдебиетінің» бірінші санында М.Әуезовтің «Сыннан не тілер едім?» деген мақаласы жарияланды. 1935 жылы желтоқсан айында Б.Майлиннің «Шұғаның белгісі» мен С.Мұқановтың «Теміртас» романы жайлы пікірталастар өткізілді.
Отызыншы жылдардың орта шенінде формализм мен натурализм туралы пікір алысу болды. Қазақ әдебиетінде айрықша формализм ағымы болмағанымен де оның әсерлері байқалған еді. Тағы үлкен бір кемшілік өмір шындығын суреттеуде натурализм элементтерінің көп кездесетіндігі болды. Қазақ әдебиетшілері бұл айтысты әдебиетіміздің көркемдік сапалары үшін келелі пікір жарыстарына айналдырды. Бұл кездегі әдеби сын көркем әдебиеттің негізгі қасиеті көркемдік сапаларды анықтауға ұмтылды. Сынның құлашы, білімділігі арта түсті. Бұрындары болған жеке жазушылардың белгілі бір шығармаларды төңірегінде болған айтыстарға қарағанда, ендігі пікір алысуларда жалпы әдебиетіміз жайлы, ондағы сырқаулар туралы байсалды ойлар айтылды. Сын әдеби үдерістегі жетекшілік қызметін атқара түсті. 
Әдебиеттің тарихын, теориялық жақтарын қарастырған зерттеу мақалалары әсіресе, отызыншы жылдардың екінші жарымында жиі жазылды. Ал, алғашқы жарымы кезінде сын мақалалардың көпшілігінде проблемалық сипаттардың мол байқалатындығы көрінеді. Әсіресе, шолу түріндегі сын мақалаларында қазақ әдебиеті алдағы уақыттарда қандай бағытта дамуы қажет, көркемдік әдіс қалай болу керек деген көптеген проблемалық мәселелер қозғалды. 
Әдебиет дамуының басты шартының бірі – оның теориялық жағынан берік негізделуі. Әдебиет теориясының жасалуында сынның атқарар міндеті – ұланғайыр. Осы кездерде жазылған сын мақалалардың қай-қайсысында болмасын, әдебиеттің қисынына байланысты мәселелері белгілі бір дәрежеде қозғалып отырды. Өйткені, әдебиет туралы пікір айту оның теориясы жайлы да сөйлеу еді. Сынның тарихынан әдебиет туралы ғылымның өсу жолдары да айқын көрінеді. Әдебиеттің сыны мен теориясы барлық уақытта бір-бірімен тығыз байланыста дамып отырған. Соғысқа дейінгі дәуірде әдебиеттің теориясын арнайы қозғаған бірсыпыра мақалалар көрінді. 
1938 жылы Қ.Жұмалиевтің мектеп оқушыларына арналған «Әдебиет теориясы», 1940 жылы Е.Ысмайыловтың жоғары оқу орындарына лайықталған «Әдебиет теориясының мәселелері» жарық көрді. Әдеби мұраларды зерттеу, тану істерінде марксизм-ленинизм ілімі негізгі басшылыққа алынып, бұрынғы замандарда жасаған ақын-жазушылардың бәрін де буржуазия өкілдеріне жатқызылды.Осы кездегі баспасөз беттерінде қазақтың ауыз әдебиетін, жалпы әдеби мұраларын жинауға үндеген бірсыпыра мақалалар көрінді. 1929 жылы республикалық «Еңбекші қазақ» газетінде С.Сейфуллиннің «Қазақ әдебиеті туралы» хаты жарияланды. Мақаланың мақсаты айқын, ол қазақ әдебиетінің тарихын жасау, зерттеу үшін материалдар жинастыру ісіне көпшілікті тарту болды. Қазақ әдебиетінде өткеннің әдеби мұраларын зерттеуде Абай орталық мәселе болды. Отызыншы жылдары ұлы ақынның шығармаларына деген ықылас арта түсті. Абайдың өлеңдері жеке кітап болып бірнеше рет басылды. 
Әдеби сынның дамуына едәуір кері әсерін тигізген жағдайлардың бірі соғысқа дейінгі онжылдықтың екінші жарымында орын алды. Бұл кезде жеке адамның басына табынушылық күшейе түсіп, осыған байланысты қоғамда көптеген қайшылықтар туды. Осы жағдайлар әдеби сында да көрініс тапты. Әдеби сында «қаралағыш» мақалалар қаптап кетті. 
Қоғамдық заңдылықтың дөрекі бұзылуынан саяси, әдеби өмірден шеттетілген алашордашыларды былай қойғанның өзінде, кеңес әдебиеті де үлкен зиян шекті. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сияқты аса көрнекті қалам қайраткерлері халық жауы атанды. Ғ.Тоғжанов секілді әдебиетші-сыншылардың бірсыпырасы қуғын көріп, әдебиет істерінен шеттетілді. 1937 жылдан бастап әдеби сын да тығырыққа тірелді. Бұрынғыдай өткір де өрісті сындар көрінуден қалды. Сол кездегі газет-журналдар бетіндегі сын мақалаларға көз жіберсек, күнделікті әдеби үдерісте сынның ұлт қаламгерлерін саяси тұрғыдан қуғындау құралына айналғанын көреміз. Қазақ әдебиеттану ғылымында А.Бай­тұрсынұлынан кейін әдебиеттің теориясы саласында соғысқа дейінгі дәуірде біршама ізденістер жасалынып, көркем әдебиеттің теориялық жақтарын қарастырған көптеген ғылыми мақалалар көрінді. Отызыншы жылдардың соңына қарай Қ.Жұмалиевтың «Әдебиет теориясы» (1938), Е.Ысмайыловтың «Әдебиет теориясының мәселелері» (1940) басылып шықты. М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының алғашқы кітабының жарыққа шығуы соғыс кезіндегі қазақ әдеби өміріндегі ең бір елеулі оқиға болды. Ресми билік «Абай жолы» бірінші томының жарық көруін суық қабылдады. Роман идеялық тұрғыдан ескілікті марапаттайтын керітартпа туынды деп бағаланып, оның авторы М.Әуезов пен оны бастырып шығарған, оған жылы лебіз білдірген Б.Кенжебаев саяси тұрғыдан қудалана бастады. Соғыс жылдарында халық ақындарының шығармашылықтары жарқырап көрінді. Езілген еңсені көтеруде ел ішінде халықпен бірге жүрген қарапайым халық ақындары қыруар жұмыстар атқарды. Өнер десе ішкен асын қоя салатын халық үшін жер-жерлерде айтыстар жүйелі түрде өткізіліп тұрды. Сол кездегі баспасөз беттерінде айтыс өнері, айтыс ақындары, аудан, облыс, республика деңгейінде өтіп жатқан ақындар айтысы жайлы материалдар жиі кездеседі. 
Соғыстың бас кезінде жауды жеңу үшін кеңес жауынгерлерінің рухын көтеру мақсатымен қолға алынған өткендегі батырларды, олар туралы жыр-дастандарды насихаттау шаралары енді жау жеңіліп, беті қайта бастаған уақыттарда онша қажет болмай қалды. Ендігі жерде халықтың өткен тарихтан үлгі алып, сана-сезімінің арта түскендігінен сескенді. Өздері жүргізіп отырған шовинистік саясатқа бодан елдердің өз тарихын, әдеби-мәдени мұрасын білуге деген ұмтылысының мүлдем қайшы келетінін сезініп, оған тосқауыл қоюға тырысып, ескі замандағы жыр-дастандардың барлығы да зиянды деп табылды.
Соғыс кезінде бар күш-жігер жауды жеңуге жұмылдырылса, ендігі жағдайда идеологиялық жұмыстардың алдына жаңа міндеттер қойыла бастады. Ол міндеттерді ВКП(б) Орталық қаулылары айқындап отырды. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті де 1946 жылы 27 тамызда «Әдебиет және искусство» журналы мен «Қазақстан» альманағы жайлы қаулы қабылдап, олардың жұмысындағы идеялық-көркемдік кемшіліктерді көрсетті. Журналда жарияланған М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ғ.Мұстафиннің шығармалары идеялық жағынан сынға ұшырады.
Баспасөз бетінде көркем әдебиеттегі «идеялық ауытқушылықтарды» сынаған материалдар көріне бастады. Қазақстан К(б)П Орталық Комитеті 1947 жылы 21 қаңтар күні «Қазақ ССР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулы қабылдап, «Тіл және әдебиет институтының жұмысы қанағаттанғысыз екенін, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің мәселелерін ғылыми жолмен шешу жөнінде алдына қойылған міндеттерді институт атқара алмай отырғанын атап көрсетті». Мұның өзі, бір жағынан, қазақ халқының ғасырлар бойы жасап келген әдеби мұрасын, екінші жағынан, әдебиет тарихын жасау саласында әдебиетші ғалымдар атқарып келе жатқан қыруар жұмыстың барлығын дерлік жоққа шығаруға бағытталған аса қатерлі саяси құжат болды.  Әдеби сынға партиялық қаулы-қарарлар тікелей өктемдік жасап, мәдени салада коммунистік көзқарастарды түпкілікті қалыптастыру жолында қызу жұмыстар бар қарқынмен жүргізілді. Отызыншы жылдардағыдай тағы да әлеуметтік мәселелер алға шығып, әдеби сын саясилана түсті. Әдеби сын тағы да компартияның әдебиет саласындағы саясатын жүргізетін идеологиялық құралына айналды.
М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» («Лениншіл жас», 1948, 31 қаңтар) атты мақала жазуы отқа май құйып жібергендей болды. Жалпы, отыз жетінің ойраны кезіндегідей, елуінші жылдардың басындағы саяси науқан тұсында да «ұлтшылдықты», «буржуазиялық бұрмалаушылықты» әшкерелеп жазылған мақалалар қаптады.Елуінші жылдардың ортасына қарай кеңес өкіметінің идеология майданында аздаған «жылымық» басталды. Сталин қайтыс болғаннан соңғы бұл «жылымық» әдеби өмірге де өзгерістер алып келді. Бұрынғыдай қаламгерлерді ұлтшылдықпен, буржуазиялық бұрмалаушылықтармен айыптау азайды. Алғашында аңысын аңдыған қазақ әдеби сыны мен ғылымы да біртіндеп даму жолына түсе бастады.
Елуінші жылдардың екінші жарымындағы қазақ әдебиетіндегі елеулі оқиғалардың бірі отызыншы жылдардың ойранында жазықсыз жазаланып, атылып кеткен С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды боздақтардың ақталуы еді. Қазақ кеңес әдебиетінің аса көрнекті өкілдерінің туған халқымен қайта қауышуы әдеби өмірге үлкен өзгеріс әкелді. Осы жылдары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, Ж.Аймауытовтарды ақтау жолында да біршама жұмыстар жүргізілді. Осы жылдарда ұлттық әдебиеттану ғылымының алдына қазақ әдебиетінің өзекті өңірлерін зерттеу мәселелерін қойған бірсыпыра материалдар жарияланды. 1958-жылы жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті тарихының очеркі» елуінші жылдардағы ұлттық әдебиеттану ғылымының табысы ретінде бағаланды. Қазақ әдебиетінің негізгі проблемалық мәселелері жөніндегі ғылыми-теориялық конференция жұмысын 1959-жылы маусымның 16-сы күні бастап, бес күнге созылды. Конференция әдебиеттану ғылымында басы ашылмай келе жатқан бірсыпыра мәселелерді қалай шешу керектігін, қандай жолмен жүруді көрсетіп берген кезеңдік елеулі оқиға болды.. 
Әдеби шығармашылықта шеберлік – басты мәселе. Сондықтан да жазушы шеберлігі ешуақытта әдеби сынның күн тәртібінен түскен емес. Алпысыншы жылдары да осы проблема төңірегінде бірсыпыра құнарлы ойлар айтылды. Жазушылық шеберлік жайлы ой бөлісулер болашақтағы әдеби даму қай бағытта, көркемдік ізденістер қандай тұрғыда болуы керек деген пікір алысуларға ұласты. 
Поэзиядағы жаңашылдық, өлеңдегі түр мәселесі туралы пікір алысулар барысында қазақ әдеби сыны теориялық жағынан жетіле түсті. Әдеби дамудың орталық мәселесі дәстүр мен жаңашылдық проблемалары ғылыми тұрғыдан негізделіп, дұрыс түсіндіріле бастады. Бұрынғы әдеби дәстүрлерді онша менсіне бермей, жаңа заманды жаңаша жырлаймыз деп, қайткен күнде де жаңашылдықты ту етіп ұстаушылардың кейбір өлеңбұзарлық әрекеттері сынға алынды. Әсіресе, жас ақындарды жаңаша жазамын деп, түр қуып кетушіліктен сақтандырды. 
Жалпы, алпысыншы жылдары қазақ әдебиетінің бұрындары қордаланып қалған проблемалары хақында көптеген талқылаулар болып өтті. Баспасөз бетінде көтеріліп жатқан қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін бірігіп талқылау мақсатымен Қазақстан Жазушылар одағы дүркін-дүркін жиындар (конференциялар, пленумдар, талқылаулар ) өткізіп, дұрыс шешім табуға мұрындық болып отырды. 
 Әдеби сын бүгінгі өмір тақырыбын қаншама насихаттағанымен де тарихи оқиғаларға арналған шығармалар да көріне бастады. Осы жылдары әдеби байланыстар, әдеби аударма көбірек әңгіме болды. Сыншылардың белгілі бір тақырыптар бойынша мамандана бастауы байқалды. Мұның басты себебі, әдебиеттің түрлі салаларының өз мамандары болуы қажеттілігінен туындап жатса, екінші бір себебі, сыншылардың ғылымға қарай ойыса бастауы еді. Алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиеттануының басты табысы көптомдық «Қазақ әдебиеті тарихының» (1960–1967) шығуы болды. 
Сонымен, алпысыншы жылдардағы қазақ әдебиетінің сыны мен ғылымы қоғамда қалыптаса бастаған қолайлы әлеуметтік ахуалды тиімді пайдаланудың барысында жандана түсіп, бірсыпыра жетістіктерге жетті. Ал ұлттық әдебиеттің тарихын зерттеуге келгенде, үстемдік құрып тұрған коммунистік идеология құрсауға алып, қыспақтан шығармай тұрды. 
Жетпісінші жылдарда көркем әдебиетті көркейтудің бірден-бір шарты әдеби сынды дамыта түсу екендігі атап айтылып, одан партияның бағытын неғұрлым белсене жүргізу, талап қоюшылықты әдептілікпен, көркем құнды шығарма жасаушыларға мұқият қараушылықпен ұштастыру, өнер туындыларын бағалағанда принципшіл болу талап етілді. Қазақ әдеби сыны барлық жанрларда, барлық салаларда дерлік қауырт дамып, өз мүмкіндіктерін барынша көрсете білді. Сынның күрт дамуына қолайлы жағдайлар туғызған СОКП Орталық Комитетінің «Әдеби-көркем сын туралы» (1972) қаулысы болды. Қаулыда жаңа адамды тәрбиелеу істерінде маңызды роль атқаратын көркем әдебиетке, оны дамытудың бірден-бір шарты әдеби сынға айрықша назар аударылды. Әдеби-эстетикалық ой-пікірдің дами түсуін ойластырған көптеген мақалалар жарық көрді.Сексенінші жылдары әдебиет мәселелеріне арналып жазылған мақалалардың баспасөз бетінде көрінуі сан жағынан да, сапа жағынан да өсе түсті. «Сын қайтсе жақсарады» проблемасы сексенінші жылдарда да күн тәртібінде тұрды. Қазақстан Жазушылар одағы әдеби сынның дамуына ұдайы қамқорлық жасап, қадағалап отырды. Одақтың құрылтай, пленумдарында, түрлі жиындарында сын мәселесі арнайы талқыланып, сараланып тұрды. Осы кездерде өткеннің әдеби мұраларын, жазықсыз жазалауға ұшыраған қоғам, мәдениет, әдебиет қайраткерлерін ақтау мәселесі көтеріле бастады. Жазықсыз жазаланғандардың ішінде алдымен ақталған Шәкәрім Құдайбердиев болды. Көп ұзамай-ақ Қазақстан Коммунистік партиясының Орталық Комитеті «Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың творчестволық мұрасы туралы» қаулы қабылдап, олар да ақталды Көп ұзамай-ақ М.Дулатов та ақталып, әдебиетімізге қайта оралды. 
 Қазақ әдебиетінің өткендегі тарихын зерттеуде жіберілген қателіктерді қалпына келтіруді көздеген тағы бір аса маңызды құжат – «Әдебиет пен өнер мәселелері бойынша 30–40-шы жылдар кезеңі мен 50-ші жылдар басында қабылданған қаулыларды зерттеу жөніндегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті комиссиясының қорытындысы» («Қазақ әдебиеті», 15.12.1989) қабылданды. Осы қаулы бойынша, ұлттық, діни бағытта болғандығы үшін ғана қуғын көрген, немесе шығармалары «халыққа жат» саналынған бірсыпыра ақын-жазушылар, әдебиет зерттеушілері ақталды; ауыз әдебиетінің озық үлгілері халқына қайта оралды. Алаштың арыстары ақталған соң, олардың өмірі мен шығармашылығымен таныстыруды мақсат тұтқан материалдар баспасөз бетінде жүйелі түрде беріліп тұрды. 
 Сөйтіп, сексенінші жылдардың соңына қарай әдебиетіміздің тарихындағы ақтаңдақтарды игеру қызу қолға алынды. Нәтижесінде ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірі қалпына келіп, алашшыл әдебиет өзіне лайықты орнын алды. 
(Жалғасы келесі санда)
 

190 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз