• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Мағжан жазған оқулық

Мағжан Жұмабайұлының 130 жылдық мерейтойына орай «Академиялық басылым» сериясы бойынша М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғалымдары ақын шығармаларының академиялық жинағын құрастырып, жарыққа шығарды. Жинақ Халықаралық Түрік академиясының қаржылық қолдауымен басылды. Академиялық басылымның үшінші томына «Педагогика» (1922 ж.), «Бастауыш мектептегі ана тілі» (1923 ж.), «Қызыл әскер әліппесі» (1926 ж.), «Сауатты бол» (1926, 1930 ж.) қатарлы еңбектері мен мақалалары топтастырылды. Жинаққа енген «Қызыл әскер әліппесі» оқу құралы мен «Қырғыздың ауыз әдебиеті» мақаласы ақынның бұрынғы жинақтарына енбеген, алғаш рет жарияланып отыр. 1925 жылдың соңында Қазақстанда сауатсыздықты жою науқаны басталғаны белгілі. 
Осы науқанға байланысты «Хат танымайтын бірде-бір коммунист, комсомол, кәсіподақ, қосшы мүшесі болмасын!» деген ұрандар күнделікті баспасөзде жарияланды. Бұл ағартушылық істерге Мағжан Жұмабайұлы да атсалысты. «Ақын алдымен өз нысанасын белгілеп алды. Сонау «Шолпан» жинағында «Қарағым, оқу оқы, босқа жүрме» деп жар салғаны есіне түсті. Ендеше, бүкіл ел сауатын ашайын деп жатқанда ол қалайша үлкен істен сырт қалмақ? Бұған Мағжан секілді ыспар педагог араласпағанда, кім араласпақ? Ол «Күншығыс кіндік баспасы» басшыларына барып, ұсыныс енгізді. «Оқулықсыз ешқандай сауат аша алмайсың. Үлкендерге арнап оқулық жазуға керек. Осы аса жауапты істі мойныма алып, жазуға отырсам, қарсы болмайсыздар ма?» деді. Баспа басшылары бұл ұсынысты қуана қарсы алды», – деп жазады филология ғылымдарының докторы, мағжантанушы Ш.Елеукенов «Мағжан. Өмірі мен шығармагерлігі», атты оқу құралында. (Астана: «Астана полиграфия», 2008. – 70-б). «Қызыл әскер әліппесі» – Мағжан Жұмабайұлының ХХ ғасырдың басындағы сауатсыздықты жою науқаны кезінде әскерлерге арнап жазған оқу құралы. Оқулық осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған, ақын  жинақтарына енбеген. 1926 жылы «Мемлекеттің әскерлік баспасынан» төте жазуда жарық көрген, мұқабасында «Тізген: Жұмабайұлы Мағжан» деп жазылып, керней тартып тұрған қызыл әскердің суреті бейнеленген.  «Қызыл әскер әліппесі» ақынның оқу құралын жазудағы алғашқы тәжірибесі болуы керек. «Сауатты бол» кітабын осыдан кейін қолға алуы мүмкін. Себебі, екі әліппедегі сөздер бірдей болғанымен, «Сауатты болда» (1926 ж.) оқу-жаттығу тапсырмалары бөлек. «Қызыл әскер әліппесінде» басым бөлігінде қазақтың мақал-мәтелдері мысалға алынса, «Сауатты бол» кітабында сол кезеңдегі саясатқа, өркениетке байланысты сөздер, сөйлемдер берілген. Мысалы: Жауға жаныңды берсең де, сырыңды берме. Ер жаңылып қолға түсер, құс жаңылып торға түсер. Көп қорқытады, терең батырады. Қара арғымақтан жал кетсе, қарға адым жер мұң болар. Еңбек аздан өнбек аз. Еңбек қылсаң емерсің. Жасыңда қалжың болсаң, өскенде мылжың боларсың. Оқулықта әскери адамның қоғамдағы маңызы, қызметі, тәртібі туралы мәтіндермен қатар, ауыл шаруашылығына байланысты пайдалы кеңестер топтастырылған. Кітаптағы әскерлерге арналған танымдық мақалалар сол кезеңдегі «Еңбекшіқазақ», «Сәуле» сияқты баспасөз құралдарынан және А.Байтұрсынұлының «Сауат ашқыш», «Оқу құралы» еңбектерінен алынып,  соңында оқу-жаттығуға арналған мәтіндерге ауыз әдебиеті үлгілері: «Нияз қыпшақ Жауғаш би сөзі», «Жөн сұрау», «Қобыланды батырдың Алшағырмен айқасқаны» және Жүсіпбек Аймауытұлының «Ерлер» атты әңгімесі, Махамбет Өтемісұлының өлеңі берілген. 1926 жылы 200 данамен жарық көрген бұл оқулық Мемлекеттік кітап палатасының Сирек кітаптар қорында сақтаулы.  «Сауатты бол» – ХХ ғасырдың басындағы сауат ашу мектептерінің қысқа курсына бағытталып дайындалған оқулық. Оқу құралы Мағжан Жұмабайұлының көзі тірісінде Мәскеуде көп таралыммен 4 рет басылып шыққан (1926, 1928, 1929, 1930). 1926 және 1928 жылдары араб қарпімен, ал 1929 (50 мың), 1930 жылдары (65 мың тиражбен) латын әліпбиімен жарық көрген.  
Оқулықтың мазмұнын негізгі үш бөлімге бөліп қарастыруға болады. Бірінші бөлімде – әліппе, әріптану, сөз құрау, екіншісі бөлімде – саясатқа қатысты танымдық мәтіндер, үшінші бөлімде – шаруашылық, тұрмыс саласына қатысты мақалалар қамтылған.  Алғашқы әріптану бөлімінде автор 1926 жылғы төте жазу әліппесімен таныстыра отырып, оқытушыларға мынаны ескертеді: 1. Дыбыстың жазылуы оқушы үшін жеңіл болатын болсын; 2. Осындай дыбыстарды бірге қосқанда оқушының көп естіген, көп көрген затын білдіретін жеңіл бір сөз шығатын болсын. Әр жылдары жарық көрген кітаптардың ішкі мазмұны бастапқыда бірдей болып көрінгенімен, салыстыра келе арасында айырмашылықтар бар екеніне көз жеткізуге болады. 1926 жылғы оқулықтың мұқабасында ең жоғары жағында ірі әріппен «Главполитпросвет. Всероссийская чрезвычайная комиссия по ликвидации неграмотности» деген сөздер жазылған. Оның астында төте жазумен автордың аты-жөні «Жұмабайұлы Мағжан» деп көрсетілген. Кітап оқып тұрған кедейдің (сол заманғы түсінік бойынша) суреті берілген. Соңғы бетінде «Составитель М.Жумабаев. Букварь для взрослых. На языке казах. Центральное издательство народов Союза ССР» деген орыс тілінде мәлімет бар. Көлемі – 64 бет.1928 жылғы басылым төте жазумен жарық көрген. Кітаптың мұқабасындағы мәліметтер (автор, редактор есімдері, кітап, баспа атаулары) екі әліпбиде араб, латын әріптерінде қатар жазылған. Редакторы – Тоқтабайұлы Кәрім.  Автор қазақтың жаңа графикасы енгізілуіне байланысты жаңа тарау енгізген. Ол тарауда жаңа графиканың оқылуы туралы әдістемелік нұсқау, жаңа әліппенің жазу, баспа түрлері, соңында латын әрпінде мақал-мәтелдер мен Қожанасыр әңгімелері берілген. Көлемі – 96 бет.
1929 жылғы кітапта «Қазақстан білім ордасы ұнатқан. Қазақстанның сауатсыздықты жоюшы төтенше комиссиясы басқаруымен, ең соңғы баспасынан латыншаға аударылып басылды» деген жазу бар. Және Лениннің суреті, қазақ тұрмысына байланысты суреттер (жылқы, атты қазақ, қозысын емізіп тұрған саулық қой, ауыл маңында жайылып жүрген үйірлі жылқы, тымақ киген қазақ) штрихпен берілген. Ал 1930 жылғы кітап осы 1929 жылғы басылым бойынша жарық көрген. Соңғы екі жылда жарық көрген басылымдардың көлемі бірдей – 97 бет. 1930 жылғы басылымда сол кездегі Қазақстанның сауатсыздықты жоюшы төтенше комиссиясының инспекторы Бурабайұлы кітаптың алғысөзінде: «Мұны оқытқанда, мұғалімдердің өте-мөте ескертуі, кітапқа жазылған сөздерді ғана оқытып қоймай, басқа да жуан-жіңішкелі болып айтылатын сөздерді қатарластырып айтқызып, оқушыларды жаттықтыруы керек. Екінші, ескертетін нәрсе  –  бұрын сөзді жіңішкертіп айту үшін сөздің басына дәйекші қойса, сол сөздің бәрі жіңішкертіліп оқылатын еді. Болмаса, сөздің ішінде бір жіңішке дыбыс болса, сол сөздің бәрі жіңішкертіліп оқылатын еді. Енді олай емес: бір сөздің ішінде әлденеше буын болып, олардың бірі жіңішке, бірі жуан болса, сонда жуанына жуан, жіңішкесіне жіңішке дыбыстар қойылып отырады», – деген ескертуі бар. 1928, 1929, 1930 жылғы басылымдардың соңында протокол, өтініш жазу, поштамен ақша жіберу тәртібі, яғни іс-қағаздарды жүргізу тәртібін үйретеді. Бұл 1926 жылғы басылымда кездеспейді.Алғашқы 1926 жылғы төте жазумен және соңғы 1930 жылы латын әрпімен жарық көрген кітаптарды салыстыру барысында 1930 жылғы басылым мәтіндермен толықтырылған, редакция тарапынан көптеген өзгерістер енгізілген. Және  әр тақырыпқа сай суреттер берілген. 1926 жылғы басылымның әліппесінде мысалдар барынша молынан берілсе, 1930 жылғы кітапта мысалдар қысқартылып, сол заманға сай саяси сөздер қосылған.  Мысалы: 
1926 жылғы басылым
Л
Қазақ – қыр халқы 
Ал    қала    қалқа    халқы
арал    аласа    қалта    қызыл
қал    сақал    қыл    қылықты.
Ат ал. Қарала ат аласа. Қар қала. Қыр қарлы. Қазақ халқы. Қазақ қыр халқы. Қазақ халқы қала салар. Алса алар. Салса салар. Қыл қара. Қалта сал. Қызыл ат қылықты. Ат сатылар. Халыққа қара. Іс лас. Салық салар. Салт атты қартты қара. Қарқаралы қазақ қаласы. Қазақ халқы қала салса салар. Қыр халқы азық сатар, Қала халқы алар.
1930 жылғы басылым
Л
Қала
Ал   сал   қал   сақал  қалта
Қалақ салақ    салық   халық
Қыр қарлы. Қазақ қыр халқы.
Қазақ халқы қала салар.
Қарқаралы қазақ қаласы.
П
апан          ақпан    пұл   тарпу
тапал    оспан     план      серпу
арна    дұспан   топыр  бөпе

Біз тең болмадық кем болдық, неліктен?
Надан болғандығымыздан.
Шаруамыз нашар, кедейміз. Бұл неліктен?
Надан болғандығымыздан.
Біздің қазақ халқының әрбір жүз адамының тоқсан алтысы хат білмейді. Мұжықтың жүзден 72-сі хат білмейді. Қала халқының жүзден 41-і ғана хат білмейді.
а. Қала халқына қарағанда қыр халқының сауатсызы неге көп?
а. Қазақтың сауатсызы неліктен көп?
b. Жас күндеріңде сендер не себеппен оқымадыңдар?
c. Болыстарыңда жүз адамның нешеуі сауатты, нешеуі сауатсыз?
Қазақстанда 2 мың 6 жүз 43 баулу мектеп бар. Бұларда оқушы барлық баланың саны 156 мың 865.
Қазақ мектебі – 776. Оқып жүрген қазақтың жас баласының саны – 46 мың 977.
П
Оспан сауатын ашады
Доп     қап  апа  арпа   пұл
Топыр жапан  ақпан  Оспан
«Арпа, бидай ас екен, алтын, күміс тас екен».
«Қонақ келсе ет пісер, ет піспесе бет пісер».
Барлық халық хат танып, сауатты болса, саналы болар.
Жоғарыда көріп отырғанымыздай, алғашқы басылымдағы әріпті есте сақтау үшін берілген мысалдар, соңғы басылымда қысқартылған, өзгерген. «П» әрпіне арналған мәтінде сол кезеңдегі қазақ мектебінің жағдайынан хабар беретін мәліметтер 1930 жылғы басылымда қысқартылған. Оның орнына мақал-мәтелдер мен тоқсанға дейінгі ондық сандардың тізбегі берілген. Екі басылымдағы әліппе бөлімінен жоғарыдағыдай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Екінші бөлімде әртүрлі баспасөзде жарияланған Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Сәдуақасов, Нығмет Нұрмақов, Сара Есқызының танымдық мақалалары берілген. Сонымен қатар, ХХ ғасырдың басындағы сауатсыздық  жайы, халық ағарту жүйесіндегі қазақ, орыс мектептерінің жай-күйі, олардағы оқушылардың саны туралы, және өкімет орындарының төменнен жоғарыға дейінгі сатылары: партия, кәсіподақ, комсомол, пионер, кооператив, қосшы ұйымдары туралы түсініктер, тазалық пен денсаулық, әйелдің босануы, т.б. тақырыптар мен дәрігерлік кеңестер қамтылған.
Үшінші бөлімде мал, егін шаруашылықтары бойынша дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесін мысалға ала отырып, егіншілікті жаңа заманауи тәсілдер арқылы дамытуға арналған пайдалы кеңестер ұсынылған. Екі басылымды (1926, 1930) салыстыру барысында екінші, үшінші бөлімдердегі бірнеше мәтін тақырыптарының өзгертілгенін көруге болады. Мысалы: 1926 жылғы басылымдағы «Қара шаруаның бір тұлғасы сиыр асырау» тақырыбы 1930 жылы «Сиыр асырау» болып, «Жоңышқа егу керек» (1926 ж.) – «Жоңышқа шаруашылықтың кілті. Жоңышқа егіңдер» (1930 ж.) болып, «Қазақ республикасы» (1926 ж.) –  «Қазақстан» (1930 ж.),  «Қосшы» ұйымы» (1926 ж.) – «Қосшы» ұйымы мен жер-ағаш жұмыскерлерінің одағы» (1930 ж.) болып редакцияланған.
Мәтіндердегі көбінесе соңғы қорытынды бөлімдері, нақтылай айтқанда, Қазақстанға байланысты деректер 1930 жылғы басылымда қысқартылған. Қысқартылған мәліметтер:
1) Қазақстанда 1916-шы жылы 10 миллионға жуық қой болған. 22-ші жылы қойдың саны кеміп 20 миллион шамасына түсіп қалған. Соңғы жылдарда қой тағы көбейіп келеді. Осы күні 6 миллиондай қой бар. (Бұл есептің ішінде Сырдария мен Жетісу губерниялары жоқ). «Қойды жақсылап бақ» (1926 ж.)
2) Соңғы кезде үйір-үйір мал түгіл жалғыз сауын сиырға да қолы жетпей қалған қазақ аз емес. Тұралап қалған кедейді сиырдың орнын басып аш қылмайтын мал – ешкі. Тегінде ешкі пайдалы мал. Пайдасы мынау: «Ешкі асыра» (1926 ж.)
3) Қазақстанда барлығы 874 ұйым дүкені бар. Мұның 210 ғана қазақтікі. «Ұйым дүкені» (1926 ж.)
4) Қазақстанда 1924 жылы қара шаруаға 2 миллион сомдық машина-сайман сатылған. Бұл машинаның жартысына жақыны қара шаруаға қарызға берілген. «Машина серіктестігін қалай жасауға болады?» (1926 ж.)
5) Қазақстанда 1924 -ші жылы 1 миллион 913 мың 215 десте егін егілген. Ал 1925-ші жылы 2 миллион 439 мың 714 десте егілген. Сөйтіп, Қазақстанның егіні жыл сайын көбейіп келеді. «Пар болса, егін шықпай қалмайды» (1926 ж.)
6) Қазақстанның орда комитетінің төрағасы, Қазақстанның ақсақалы Мыңбайұлы Жалау жолдас. Жалау жолдас бұрын жұмысшы болған. Қазақстанның халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Нұрмақұлы Нығымет жолдас.
Қазақстанның астанасы, Орда комитет, Совнарком тағы басқа орда мекемелердің тұрған жері Сыр өзені бойындағы Қызыл Орда қаласы. Қазақстанның астанасы бұрын Орынбор қаласы еді. Орынбор қалың кедей бұқараның қатынауына қашық деп былтыр қалың елдің ортасындағы Қызыл орда қаласын астана қылды. «Қазақ республикасы» (1926 ж.)
Сонымен қатар, 1930 жылғы кітапта бірнеше мақалаға сөйлемдер, мәтіндер қосылған:  
1) Октябрь төңкерісін жасаған  жұмысшылар мен қара шаруалар. Бұлар өкіметті өз қолына алды. Жер мен фабрика-зауытқа ие болды. Байлар үстемдігін жойды. 
СССР орысша «Социалдық Кеңестер Республикаларының Одағы» деген төрт сөздің бас әріптері.
Сұраулар: Октябрь төңкерісін жасаушылар кім? Кеңес өкіметі қашан құрылды? Кеңестер өкіметі бұрын езілген ұлттарға не берді? Кеңес өкіметін не үшін қорғау керек? «СССР» (1930 ж.)
2) СССР-дағы алты республиканы және Қазақстанды жоғарғыдағы системадан көрсетіңдер. «СССР-ға кіретін республикалар» (1930 ж.)
3) Сұраулар: Кеңес өкіметінің губерниядағы, уездегі, болыстағы жоғарғы мекемелері қандай мекемелер? Оған адамды кім сайлайды? Сайлауға кім қатыса алады? Кім қатыса алмайды? Байлар, молда-қожалар, саудагерлер неге сайлауға қатыса алмайды. «Кеңес Ресейін кім билеп отыр?» (1930 ж.)
Екі басылымдағы мәтіндерді салыстыру барысында кейбір мәтіндердегі сөздің, сөйлемдердің өзгертілгенін байқауға болады. Мысалы: 1926 жылғы басылымдағы «Қара шаруаның бір тұлғасы сиыр асырау» атты мәтіндегі  «Шаһардан ұзын мойын қашық жатқан, жүк кіресі қымбатқа түсетін, не қалаға жеткенше ыстықта май ағып кететін жердегілер сиыр малын базарға сататын түрде ұстау керек» деген сөйлемдегі «Шаһардан» сөзі 1930 жылғы кітапта «Қаладан» болып,  «Қазақ Республикасы» атты мақаладағы (1926 ж.) «Қазақстанның жер ауданы – 20 миллион шаршы шақырым. Қазақстанның барлық халқы 5 миллион, 265 мың 300 адам. Мұның 2 миллион 929 мың 156-сы қазақ. Өзгесі орыс, украин (хохол), өзбек және басқа елдер. Қазақ Республикасында 8 губерния және автономиялы (ішкі билігі өз қолында) қарақалпақ аймағы бар. Адай уезі жер ыңғайы бойынша еш бір губернияға бағынбай Орда комитеттің тура өзіне қарайды» деген мәліметтер 1930 жылғы басылымда: «Қазақстанның жер ауданы 3 миллион шаршы километрдей. Халқы 6 миллион 677 мың 400 адам. Мұның 4 миллион шамасы қазақ. Өзгесі орыс, украин (хохол), өзбек, қарақалпақ, тараншы, татар, түрікмен, дұнған, қырғыз, тағы басқалар. Қазақстанда 13 губерния (Орал, Теңіз, Адай, Ақтөбе, Қостанай, Қызылжар, Ақмола, Сырдария, Қызылорда, Кереку, Семей, Қарқаралы, Алматы) және автономиялы қарақалпақ бар. Адай уезі жер ыңғайы бойынша еш губернияға бағынбай кіндік комитеттің тура өзіне қарайды. «Қазақ» деген сөзде неше буын бар? Неше дыбыс бар? Өздерің екі-үш, төрт буынды сөз табыңдаршы» болып, «Кеңес Ресейін кім билеп отыр?» атты мәтіндегі (1926 ж.) «Кәне, айтыңдар: Кеңес өкіметінің губерниядағы, уездегі, болыстағы жоғарғы мекемелері қандай мекемелер?» деген сұрақ (1930 ж.) «Сұраулар: Кеңес өкіметінің губерниядағы, уездегі, болыстағы жоғарғы мекемелері қандай мекемелер? Оған адамды кім сайлайды? Сайлауға кім қатыса алады? Кім қатыса алмайды? Байлар, молда-қожалар, саудагерлер неге сайлауға қатыса алмайды» деп өзгертілген. 
1926 жылғы басылымда жарық көрген, 1930 жылға енбей қалған мақалалар: «Қазақ малының тұқымын асылдандыру», «Қазақ  малының саны»,  «Тұқымды аңызға сеппестен бұрын шығымдылығын айыруға болады», «Тары ек», «Қазақ тілі», «Жұмыскер мен қара шаруа бауыр», «Дала мен қыр».
1930 жылғы басылымға «Шаруашылықты өркендету», «Сүт артелі», «Малды қауіпсіздендіру», «Қарыз», «Шаруа қарызы», «Трактор», «Қазақстанда машина сайман тарату», «Шарт жасасу», «Көп нәубетті егіс», «Кәлектип шаруашылығы», «Кеңес шаруашылығы», «Қазақстанда жұмысшылар», «Қазақстанда өнерлі кәсіп құрылысы», «Кеңес өкіметі – малай жалшының өкіметі», «Көзі ашылған кедей», «Кеңес Ресейін кім билеп отыр?», «Асабиақым қоғамы», «Төрешілдік – бюрократтық деген не?» «Қазақ төрешілдігі», «Әйел босануы», «Жүкті әйелге ақыл», «Бала асыраған әйелге ақыл» атты мақалалармен қатар «Жаңбырлы күн», «Ертеңгі ұран», «Егінші» атты өлеңдер де жаңадан қосылған.
Оқулық көп жылдар бойы жарияланбады. Ақын мерейтойларына арнап дайындалған таңдамалы жинақтарға, көптомдықтарға да енбеген. Алғаш рет 2013 жылы филология ғылымдарының кандидаты, профессор Б.Қанарбаеваның құрастыруымен 1926 жылғы төте жазуда және 1929 жылғы латын әрпіндегі басылымын біріктіріп, қазіргі әріпте кітап болып жарыққа шыққан. Құрастырушы алғы сөзінде төрт басылымның екеуіне қолы жетпегенін атап өтеді (1928, 1930) және екі басылымның да ерекшеліктерін сақтай отырып, өзгеріссіз бастырған. Сонымен қатар, 1926 жылғы басылым «ҚарЛаг» – тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты ғылыми-ағарту жобасы аясында 2015 жылы жарық көрген. Төте жазудан қазіргі әріпке түсіріп, баспаға әзірлеген – филология ғылымдарының кандидаты Ж.Шекен.  «Сауатты бол» кітабының мазмұны сол заманғы кеңес саясатын дәріптеуге арналған тақырыптарды қамтығанына, төрт рет басылым көріп, ең көп тиражбен тарауына (1929 жыл 50 мың, 1930 жылы 65 мың тираж) қарап, қарапайым халықтың сұранысы жоғары және мемлекет тарапынан зор қолдау болған еңбек деп болжауға болады.
Қырғыздың ауыз әдебиеті. Мақала 1923 жылы «Ақжол» газетінің 318 санында жарияланған. Автор қазақ-қырғыз ауыз әдебиетінің жиналмай, жылдан-жылға ұмытылып бара жатқанына өкініш білдіреді. Әсіресе, қырғыздың «Манас» жырын түгелдей жазып алуға күш салу керек екенін ескертіп, жырды әлем әдебиетіндегі «Илиада» жырымен теңестіреді. Және қырғыз ауыз әдебиетін жинаушы Қайым Мифтаховқа алғыс айтады. Мақалада Қайым Мифтахов – татар азаматы Әбдулқайым Мүптақов деп берілген. Қайым Мифтахов (1982-1948) – манастанушы, қырғыз ауыз әдебиетін жинаушы. 1911-1919 жылдары қазақ ауылдарында (Қостанай, Семей, Торғай, Жетісу облыстарында) мектепте сабақ берген. Түпнұсқада автор Қ.Мифтахов «Тәшкенде қазақ-қырғыз білім комиссиясына қазақ ауыз әдебиеті түрлері жинақталған сегіз дәптер өткізді» деп жазады, бірақ тізімде жеті дәптерді көрсетеді. 
Ұсынылып отырған үштомдыққа ақынның осы уақытқа дейін ғылыми ортаға мәлім шығармалары барынша түгенделіп, мәтінтану ғылымының сарасынан өткізіліп, әр мәтінге енгізілген өзгертулер мен толықтырыла дәйектелген ғылыми түсініктер берілді. Мәтіндерде кездесетін жер-су атауларының, есімдердің көрсеткіштері, сөздіктер, пайдаланған әдебиеттер тізімі, орыс және ағылшын тіліндегі түйіндемелер сияқты қосымшалармен жасақталды. Жинақтың соңында еңбектердің түпнұсқасы ретінде мәтіні ұсынылған басылымдардың факсимилесі қоса берілді. 

Жанат САЛТАҚОВА, 
М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институтының
ғылыми қызметкері

5295 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз