• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Байырғы мамандықтың жаңа қырлары

Еркін ҚАСЫМОВ, 
профессор, ветеринария ғылымының докторы

Мал шаруашылығы – қазақтың ата кәсібі, республика экономикасының басты бір саласы. Сан ғасырлар бойы жинақталған тәжІрибенің нәтижесінде еліміздің түрлі өлкесінің табиғатымен терең үйлескен мал өсірудің ерекше бір жүйесі қалыптасқан. Қазақ ұлтының сан қилы заманды бастан өткізіп, тарихта қалуы табиғи ортада ата кәсіп – мал шаруашылығын дамыта білуінде болды. Патшалық Ресейдің отарлау саясаты және онымен сабақтас Кеңес үкіметі дәуірінде тың өлкені игеру, мал шаруашылығының өзіндік қайталанбас қалыптасқан жүйесін ойсырата күйретіп кетті. Қазіргі ауыл шаруашылық өндірісі кешенін дәйекті дамыту, түпкі мақсат пен оған жетудің тактикасын нақты болжамайынша мүмкін емес. Оларды қалыптастырған кезде мал түрлерінің генетикалық әлеуетін, өнімділігін, аймақтардың биоклиматтық ерекшеліктері, мүмкіндіктері сияқты факторлар жеке тақырыппен қарастырылады.

Қазақ елінің жоғарыда аталған ақтаңдақтарының себептерін сараламай, кемеңгер халқымыздың атадан балаға қалған тәжірибесі негізінде білімнің – «Індеттану» саласы бойынша мал мен адамға ортақ – зоонозды жұқпалы аурулармен күрес жолдарын таба білген көне мамандықтың жаңа қырларына, оның қазіргі заманда биологиялық қауіпсіздікті сақтау жүйесіндегі маңыздылығына тоқталып, саралайық. 
 Қазақ халқы ежелден жыл мезгілдері бойынша жайылым ауыстыру, табиғатқа бейімді, өнімді мал тұқымын жетілдіру, малды ағын суларда ғана суғару, жаз айларында қи ойып, мал қораларын тазалап, желдетiп – санациялау сияқты санитариялық шараларды орындап, аса қауіпті жұқпалы ауруларға (топалаң, күл, бруцеллез, аусыл, т.б.) қарсы күрес шараларының ғасырлық мол тәжірибесін қолданған. Мысалы, аусылмен ауырып жазылған сиырдың ауыз қуысында, тұяқ арасында жарылған күлдіреуіктерді матамен ысқылау арқылы жағынды алып, онымен сау малдың аузын ысқылап жұқтырып (кейіннен вакцинациялаудың бұл тәсілін 1798 ағылшын ғалымы Эдуард Дженер шешекке қарсы қолданған) індетті дауалау (алдын алу), топалаң анықталғанда жұртты жаңарту, өлексені өртеу, топалаңның індет ошағында ұзақ жылдар бойы мал жаймау, т.б. шараларды тиімді қолдана білген және насихаттаған. 
Марстон 1861 жылы Жерорта теңізінің «Мальта» аралында ағылшын әскерінің дене қызуының оқтын-оқтын көтеріліп (безгектеніп) ауруына олардың ешкі сүтін ішкені себеп болғанын анықтап, бұл ауруды «Мальта безгегі», кейіннен ауру қоздырушысын алғаш анықтаған ғалым D. Bruce (1886 ж.) атымен «бруцеллез» деп атады. Бірақ, ағылшын ғалымдарынан бұрын бабаларымыз бруцеллезді «ешкі безгегі» деп атап, сүтін қайнатып ішкен. ХІХ ғасырда Қасым-Кули деген тәуіп «Әне, ешкі келе жатыр, ол тек келе жатқан жоқ, бір қап безгек әкеле жатыр» деген екен. Жұқпалы аурулар оларда байқалатын нақты клиникалық белгілері бойынша атаған. Мысалы, Топалаң (Anthrax, сибирская язва) ауыруының атауы алғаш рет Сібірде қызмет еткен дәрігерлер А. Эшке мен Н. Ножевшиков (1971) бұл індетті адам мен малдағы сипаттамасын беруіне байланысты атаса, қазақтар оны түрлі мал түлігіне байланысты өзінше атаған. Жылқыда – жамандат, сиырда – қараталақ, түйеде – ақ шелек деген. Адамда бұл індет «күйдіргі» деп аталған. Оның жалпы «топалаң» деген атауы қой мен ешкіге тән. Мал мен адамның жұқпалы ауруларының атаулары оларда байқалатын телімді клиникалық белгілеріне байланысты аталған. Мысалы, сіреспе орысша столбняк; бұзаутаз – стригущий лишай; қарасан – эмкар; сарып – некробактериоз, т.с.с. 
Кеңес дәуіріндегі ауыл экономикасының қалыптасуында зоотехник пен мал дәрігері мамандары зор рөл атқарды. Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу орындары педагогикалық және зооветеринарлық институттар болды. Мал дәрігерлігі дүние жүзінде қалыптасқан дәстүрлі мамандық – ветеринариялық медицина болса, зоотехник мамандығы социалистік меншікке негізделген жүйеде малға иелік ету қажеттілігінен қалыптасты. Қазіргі нарықтық экономика жағдайында малдың меншік иесі пайда болды да, зоотехния мамандығы түбегейлі өзгеріске ұшырады. Оның бірқатар нысандары (малды күтіп-бағу, өсіру, тұқымын асылдандыру) халықаралық жүйеде параветеринария (ветеринария аясындағы) аталып, негізгі бағыты мал өнімдерінің технологиясына ауысып, тамақ және жеңіл өнеркәсіп технологиясымен қатарласа бастады.
Казіргі тілімізде қалыптасқан мал дәрігері атауының ауқымы – эпизоотолог, эпидемиолог (соңғы атау, алыс шетелдерде ветеринария саласында да қолданылады). Екіншіден, ветеринария төрт түлік малға ғана емес жалпы жануар атаулыны (аң, құс, балық, бал арасы) түгел қамтиды және әр түрлі тағамдық өнімдерді, жеміс-жидекті де сараптау міндеттелген. Қазіргі кезде мал дәрігері мамандығының негізгі бір пәні «індеттану» логистика, туризм, басқа да халықаралық қатынастар, әскери барлау мамандықтарында да оқытылады. Індеттанулық талдау, ойлау, синтездеу ұғымдары негізінде дәрiгерлiк ой қорыту жүйесін қалыптастыру, жұқпалы аурулармен қатар биотикалық және абиотикалық факторлардың әсерiнен кең таралатын қайсыбiр жұқпайтын аурулардың да байқалу заңдылықтарын айқындауға көмектеседi. «Індет» деген сөз «эпизоотия», «эпидемия» терминдерін қазақ тілінде толығымен ауыстыра алады. Қазақ тіліндегі ветеринария терминдерін жинау және қалыптастыру да өзекті мәселер қатарында. 
1993-1994 жылдары Қазақстанның ауыл шаруашылық университеттерінде тіркеліп, оқу бағдарламасына енген ветеринариялық санитария мамандығының статусы бүгінге дейін анықталмай келеді, алыс шетелдердің колледждерінде бұл мамандық тіркелмеген. Кеңес дәуірінде ветеринариялық санитария мамандығы технологиялық институттарда ет, сүт комбинаттарына арнап мамандар дайындаған болатын. Аграрлық жоғары оқу орындарының басшылары жаңа ашылған мамандықтардың статустарына, модулдік оқу жүйесіне байланысты пәндерді құрылымдау мәселелеріне назар аударады деген ойдамын. Бұл мәселелер аз қаражатпен мамандандырылған профессионал кадрларды дайындауда маңызды. Қазіргі ветеринариялық медицина атқару және бақылау қызметтерімен шұғылданады. Олар жануарлардың ауруын анықтап, алдын алып, емдеу, сауықтыру шараларын қамтамасыз етеді. Бұл қызметпен мемлекеттік мекемелермен қатар арнайы материалдық базасы, кәсіби білімі мен біліктілігі, тиісті сертификаттары мен лицензиясы бар жеке тұлғалар мен бизнестік құрылымдар шұғылданады.
Ветеринариялық бақылау мал өсіретін, оны пайдаланып, өнімдерін өңдейтін, сақтайтын, тасымалдайтын, саудалайтын нысандарда ветеринариялық талаптардың орындалуын қадағалайды. Бұл саладағы мемлекеттің халықаралық ұйымдардың (Халықаралық індетке қарсы бюро, сауда ұйымдары, әртүрлі экономикалық, кедендік одақтар) заңнамалық, қалыптамалық құжаттарының талаптарына сәйкес экспорт-импорт, транзит әрекеттерін іске асырады. Бұл бақылауды ауылдық округтен бастап, аудан, облыс, республика дәрежесіндегі мемлекеттік инспекторлар қамтамасыз етеді. Әрбір ауылдық округте мемлекеттік басқаруды қамтамасыз ететін полиция, салық инспекторларының қатарындағы үшіншісі – ветеринариялық инспектор.
Ветеринариялық қызмет бүкіл ел аймағында ғана емес, халықаралық дәрежеде үйлестіріледі. Бұл салада туындайтын проблемалық мәселелер шекараның, әуежайлардың, туризмнің жабылып, зор шығындарға ұшырауына себеп болады. Оба, топалаң, құтырық, аусыл, елеусіз ғана болып келген тұмаудың, тіпті адамның, малдың емес, құстың тұмауының бүкіл дүниежүзіне таралғаны, соңғы жылдары пандемия түрінде өршіп басылған кoрoнавирус, кейіннен алыс шетелдерде белес берген «Monkey pox» індеттері адамдарды сергелдеңге салғаны белгілі. «Эмергентті инфекциялар» деп аталған бұл аурулардың қауіп-қатерін бағамдап, алдын алу арнайы мамандар даярлап, ғылыми зерттеулер жүргізуді талап етеді. Бұндай зерттеулердің нәтижесі медицина, ветеринариялық медицина жетістіктері қатарынан асып, бүкіл ғылымның көкжиегін кеңітіп, жаңа бағыттарды қалыптастырды. Мысалы, Африка елдерінен бастау алған, адамдардың ақыл-естері ауысып «куру» деп аталған аурудың қоздырушысы ешбір бөгде микроб емес, өзгеріске ұшырап, «прион» деп аталатын өз ағзасының протеині. 
Ветеринариялық медицинада баяу инфекциялардың қоздырушысын іздеудің нәтижесінде приондардың табиғаты жан-жақты зерттелді. Приондар «сиырдың құтырығы», «кеуекті энцефалопатия» атанған ауруларды зерттегенде малға ет пен сүйектің ұнтағын жегізу нәтижесінде приондардың пайда болу тетіктері мен қасиеттері ашылды. Ветеринария ғылымының бұрын да проблемалары жетерлік болса, енді оның үстіне бұрын атын естімеген, бізге ешбір қатысы жоқ саналған Мэди-висна, Найроби, Акабане, Ибараки, Cкрепи, типті өткен жылдары лаң (панзотия) түрінде таралған коронавирус, Маймыл шешегі, Rhodocccus equi fools (тай радококкусы) қатарлы аса қатерлі зоонозды індеттермен бетпе-бет келдік. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021-2023 жылдарға арналған ғылыми жоба негізінде «Rhodococcus equi ... » ҚазҰАЗУ және «Celcuk» университетінің (Түркия/Кония) ғалымдарымен бірге қолға алынды. Зоонозды бұл індет ТМД мемлекеттерінде алғаш рет зерттеліп, Қазақстанның жылқы шаруашылықтарынан анықталды. Індетті дауалау мақсатында жергілікті штаммнан (өсін) вакцина дайындау бойынша зерттеулер (Ғылым комитетінің 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми жобасы негізінде), Жапон ғалымдарымен бірлесіп жалғастырылуда. 
Осындай күрделі мамандықты игеру үшін елімізде алты аграрлық университеттің ветеринария факультеттері ветеринария мамандарын даярлап келеді. Мәселен, Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінде ветеринариялық медицина және ветеринариялық санитария салалары қамтылған. Бұл салалар дәстүрлі инфекционист, паразитолог, терапевт, ветсансарапшы, хирург, акушер ғана емес, малдың жеке түліктерінің ауруын қамтиды. Бұның сыртында ветеринария аясындағы биотехнологиялық мамандықтар (микробиология, вирусология, паразитология салаларына қажет биопрепараттар даярлау) бар. Ветеринариялық медицина дәрігері, оның сыртында маманданған – эпидемиолог (алыс шетелдерде эпизоотолог атауының орнына қолданылады) жұқпалы аурулармен қатар, түрлі факторларлардың әсерiнен жаппай байқалатын қайсібір жұқпайтын аурулардың да таралу заңдылықтарын айқындауға көмектеседi. «Індеттану» пәнінің аясы мал дәрігерлігі шеңберінен кеңейіп, халықаралық құқық, логистика, туризм, шекараны қорғау, т.б. салалардың оқу бағдарламаларына енген. Сондықтан мал дәрігері емес, ветеринариялық медицина дәрігері деп нақты атағанымыз жөн.
Жалпы, ветеринария саласында басқа мемлекеттермен ынтымақтастық аясын кеңейтіп отыру маңызды. Өйткені, тәжірибе алмасу, ортақ мәселелерді шешу бойынша қолданылып жатқан жаңа технологияларды игеру бағыттары керек-ақ. Бұл орайда оқу орнымыздың жұмысы халықаралық интеграция дәрежесінде Болон үдерісінің қағидаларына негізделіп, жүзеге асырылып келеді. Еуропа, Азия, Америка елдерінің әйгілі университеттерімен ынтымақтастық байланыс орнатылған. Осы бағытта БҰҰ-ның Індетке қарсы бюросы (ІҚБ) Ветеринария білімі бөлімінің «Twinning» жобасы негізінде Францияның Тулуза институтымен (Ecole Nationale Veterinaire de Toulouse) жұптастықта Қазақстанда ветеринария мамандықтарының оқу бағдарламаларын жаңалауға бағытталған 4 жылдық халықаралық ғылыми жоба орындалды. «Twinning» жобасының Қазақстанда орындалу тәжірибесі» тақырыбында ҚазҰАУ-да БҰҰ-ның Індетке қарсы бюросының Орта Азия мемлекетері қатысуымен жаһандық конференциясы өтті. Онда оқу материалдарын құрылымдау арқылы жаңа модульдер құрау, қой, сиыр, жылқы сияқты дәстүрлі түліктермен қатар қоян, терісі бағалы аңдар, құстар (оның өзі қаз, тауық, үйрек қана емес бөденеден түйе тауыққа дейін, сәндік, саятшылық құстар, т.б.), бал арасынан балыққа дейін ауруларын емдеп, алдын алу, сауықтыру шаралары бойынша (дамыған 30 елдің оқу бағдарламаларының негізгі критерийлеріне, еліміздің індеттік жағдайларына сәйкестендірілген) мамандандыру мәселері бойынша жобаның жауапты орындаушысы әрі сарапшысы ретінде ҚазҰАЗУ-дың Францияның Тулуза Ұлттық Ветеринария мектебімен кері байланысы тақырыбында арнайы баяндама жасадық. Әрі қарай талқыланып, арнайы модульдерді құрастыру бойынша ортақ ұйғарымдар қабылданды. Жоба аясында баяндамашының магистратура бойынша «Zoonotic infection», PhD бойынша «Principals of veterinary epidemiology and biostatistics in trans boundary infections» пәндерін оқу үрдісіне енгізіп, ағылшын тілінде сабақ беріп жүргені туралы мәлімет берілді. Осындай ақпарат алмасулардың өз пайдасы бар. Бұл ветеринария саласында мамандар даярлаудың сапасына оң әсер ететін үрдіс. Қазақ, орыс тілдерімен қатар ағылшын тілінде сабақ өтудің артықшылығы шетел ғалымдарының еңбектерінен құнды деректерді тікелей алудың мүмкіншілігі арта түседі. Сондықтан ағылшын тілін меңгеруге де басымдық береміз. Ветеринария саласы бойынша білім алып жүрген жастар өз біліктіліктерін магистратура, докторантурада шыңдап, ғылыми жұмыстарды қорғап, аталған саланың өркендеуіне өз үлестерін қосады. 
Бұл ретте білімді өндіріспен интеграциялау мәселесі өте өзекті болып саналады. Өйткені, өндірісте қолданыс таппаған білім жай ғана ақпарат көзі болып қалатыны жасырын емес. Олай болып қалмас үшін міндетті түрде өндірістік бағыттармен сабақтастыра білуіміз қажет. Бүгінгі таңда «Қазақстан-Жапон орталығы», «Агро-технологиялық Хаб», «Инновациялық даму оқу-өндірістік орталықтары», «Серология», «Вакцинология» ғылыми зертханаларында халықаралық жобалардың орындалуы өндіріс пен білімнің өзара байланысын күшейтпесе, азайтпайтыны сөзсіз. Жалпы, ветеринария саласын игерген мамандар өз саласы бойынша еліміздің өркендеуіне атсалысып келеді. Мәселен, мал шаруашылығы, мал өнімдерін өңдеу, сақтау, саудалау өз алдына, барлық кедендік қызмет (шекарадан бастап аэропорттарға дейін), экспорт-импорт шараларын атқару, елді мекендерде әртүрлі зиянкестермен күресу тәрізді шаралар білікті ветеринария маманынсыз іске аспайтыны белгілі. Демек, бұл бағыт бойынша нақты жұмыстарды атқарып, ілгерлей беруіміз қажет. 

 

3230 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз