• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Селекция – сапаға жеткізетін сала

Ғылым мен технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласындағы жағдайды түбегейлі өзгертуді тапсырған болатын. «Ғалымдар нақты нәтижеге қол жеткізу үшін барынша күш саламыз,  ғылым еліміздің әлеуметтік-экономикалық прогресінің қозғаушысы болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы. Президент маңызды міндет ретінде еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін айта келіп, ауыл және мал шаруашылығындағы селекция, жаңа сұрыптар шығару, жеміс-көкөніс дақылдарымен жеткілікті қамтамасыз ету секілді өзекті салаларды атап өтті. Осы орайда, Қазақ Жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институты Талғар аймақтық филиалының директоры, селекционер ғалым Сағи Солтанбековпен сұхбат жеміс селекциясы жөнінде өрбіген еді.   
 

– Қазақ Жеміс-көкөніс ғылыми-зерттеу институтына қарасты Талғар помологиялық бағы қандай зерттеулермен айналысады?    
– Помологиялық бақтың негізі 1937 жылы қаланған. Бұл бақ теңіз деңгейінен 1100 метр биікте орналасқан және Алматы қаласындағы Жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институтының  құрылымдық бөлімшесі болып есептеледі. Қазіргі кезде бақтың аумағы жүз қырық гектарды қамтиды. Бақта екі мыңға жуық сұрып үлгілері бар. Біздің  селекционерлер жеміс-жидек дақылдарының жаңа сұрыптарын шығарумен, сырттан алып келген сұрыптарды Қазақстанның ауа райына бейімдеу  жұмыстарымен айналысады. Жалпы селекция ғылымы – ауыл шаруашылығындағы агрономия ғылымының бір тармағы. Селекция сұрыптау деген мағынаны білдіреді. Бұл ғылым жануарлардың, мал мен өсімдіктердің жаңа тұқымдары мен сұрыптарын шығарумен, оларды жаңарту әдістерін зерттеумен айналысады. Селекцияның өсімдік сұрыптары мен гибридтерін шығарудағы негізгі мақсаты – өсімдіктің өнімділігін, аязға, қуаңшылыққа төзімділігін арттырып, аурулар мен зиянкестерге қарсы тұру қабілетін күшейту. 
Институт туралы айта кететін болсам, Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты өсімдік шаруашылығы, оның ішінде жеміс шаруашылығы бағытында жұмыстар атқарады. Негізінен селекциялық бағытта –  отандық жаңа сұрыптарды шығарумен, оларды өсіру технологиясымен, көбейту биотехнологиясы мен генетикасын зерттеумен айналысады. 
Помологиялық бақта қазіргі таңда 2000-ға жуық сұрып үлгілері сақтаулы. Оның ішінде жеміс дақылдары, жүзім, жидек, кейбір жаңғақ түрлері бар. Филиалдың міндеті, біріншіден, дақылдарды сақтау. Екіншіден, зерттеу, сосын зерттеу нәтижесінде іріктелген сұрып үлгілеріне селекция жүргізу.  Қазір селекционер ғалымдарымыз біздің Қазақстан территориясында өсетін жабайы өрік пен қара өріктің сұрыптарын зерттеп жатыр.  Оларды вирустардан сауықтыру және жаңа көшет алу, сосын жабайы  өрік арқылы сол ауруларға төзімді формаларын анықтаумен айналысады.  Әрбір шығарылған жаңа сұрып – ғалымдардың жылдар бойы маңдай терімен атқарылған үлкен еңбегінің жемісі.  
– Жеміс-жидек десе бірден алма ауызға ілігеді. Кезіндегі даңқты апорт – Алматының ғана емес, Қазақстанның бренді еді. Помологиялық бақта апортты зерттеу, оны жаңғырту,  жаңа сұрыптарын өсіру жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?   
– Апорт көне сұрыпқа жатады.  Сондықтан ол селекционердің жасап шығарған сұрыпы болып саналмайды. Апорт алма осы өңірде, Алматы қаласы орналасқан Алатау бөктерінде өзінің ең үздік қасиеттерін көрсетті. Яғни жабайы алмаға телу арқылы көлемі, сапасы, иісі, дәмі керемет жеміс пайда болды. Жабайы алманы және апортты зерттеумен атақты ғалым Аймақ Жанғалиев айналысқаны белгілі. Ол кісінің ісін шәкірті – профессор, академик Мағжан Малғаждарұлы Исин жалғастырды. Мен ол кісімен 2011 жылдан бастап бірге жұмыс істедім. Қазір осы Талғар аймақтық филиалында қызмет етемін.  Қазір помологиялық бақта бес гектар жерде апорт алмасы өсіріледі. Бұл таза ғылыми бағытта өсіріліп жатқан бақ. Апорттың түрі көп, соның ішінде жиырма сегіз формасын таңдап алып, ДНК талдау жасаған кезде төрт формасы апортқа жақын болып шықты. Осы түріне пробиркада  өсірілген вируссыз апортты телу арқылы сапалы материал, яғни көшет алдық. Оны 2015 жылы бес гектар жерге отырғыздық. Қазіргі кезде ол бағымыз жеміс бере бастады. Былтырғы жылы бір бағымыз он процентке өнім берді. Соның ішінде апорт алмасының салмағы жарты килограммға дейін жетті. Бұл үлкен жетістік. Келесі жылы бағымыз толықтай жеміс береді деген үміттеміз.
– Демек апорт жойылған жоқ қой? 
– Апорт жоғалған жоқ, бар.  Бірақ ол бұрынғы сапалық қасиеттерінен айырылды.  Негізінде бұл алма сұрыпы теңіз деңгейінен белгілі бір биіктікте, 850 – 1250 метр аралықта өседі. Сол үшін осы биіктікте отырғызу керек. Сонда ғана ол өзінің жақсы қасиеттерін көрсетеді. Егер биіктік 850 метрден төмен болса, апорт алмасы тез пісіп кетеді. Ал қажетті биіктіктен жоғары болса, климатқа байланысты өзіне керекті қант және басқа да құрамдас элементтерін жинап үлгермейді. Сондықтан апорт алмасын өсіргенде 850 мен 1250 метр аралықты сақтау керек. Яғни тау бөктерінде өскенде ол нағыз хош иісті апорт болады.  
– Жүздеген жылдар бойы тау бөктерлей өскен апорт алмадан не себепті айырылып қалдық? Бұл экологияның нашарлауынан ба, әлде...
– Бұл ең алдымен адамдардың, яғни өзіміздің кінәмізден болған үлкен қателік.  Апорт биіктік пен кеңдікті жақсы көреді. Алатаудың алма өскен бөктері бір жылдары жаппай оталып, тұрғын үйге айналып кеткенін көпшілік біледі. Бұл орны толмас зардап әкелгенін көріп отырмыз. 
Осы ретте атап айтатын жайт, жеміс-жидек өсіруде агротехникалық шаралар қатаң сақталуы керек. Қатар аралық отырғызу ережесі болады. Әр ағаштың аралығы кем дегенде алты да сегіз метр болуға тиіс. Сосын табиғи қарашірік қалыптастыру деген бар, бұл осы жемістің агротехникасына жатады. Біз ағаштардың аралығына көп жылдық өсімдіктің бірі – жоңышқаны отырғызамыз. Ол әдетте бір маусымда кем дегенде 4-5 рет шауып алынады. Біз ол шөпті сол жерде  қалдырамыз. Шабылған жас жоңышқа тез шіріп, табиғи тыңайтқышқа айналады, топырақтың құнарлылығын арттырады. Бұл әдіс шетелде жиі қолданылады. Жоңышқа тығыз өскендіктен, ылғал да ұзақ уақыт сақталады. Ағаштың қабығы аурулар мен зиянкестерге төзімдірек болады. Бұның бәрі жемістің дәміне, қанттылығына әсер етеді.  
Келесі агротехникалық шара – ағаш бұтақтарын кесу. Апорт  өте қатты, кескенді жақтырмайды. Өйткені басқа ағаштардың бір жылдық жас бұтақтары жеміс беріп жатса, апорт алмасы жас бұтақтарының ұшына жеміс салады. Сондықтан алма бұтақтарын кесудің өз ерекшелігі бар. Апорттың агротехникасына баса көңіл бөлетін жайттар көп. Бұл алма сұрыпы өте кірпияз саналады. Агротехника дұрыс жүргізілмесе, келесі жылдары керекті өнімді бермейді. 
– Апорт агротехникасын  толығырақ айтып өтесіз бе?  
– Біріншіден, апорт алмасын отырғызу схемасы 6/4 метр болуы керек. Бұрынғы бағбандар тіпті сегіз де он метр аралықта отырғызған.  Өйткені бұл жабайы алмаға телу арқылы алынған сұрып. Ол тамырын тереңге жібереді, ағаш ірі болады. Сондықтан бір-бірінің аралығын үлкен етіп отырғызады. Мысалы, алты да сегіз метр аралықта отырғызған кезде бір гектар жерде 204 көшет отырғызылса, қазіргі интенсивті бақтарда 2500 көшетке дейін отырғызылады. Бұл өте үлкен айырмашылық. Қатар аралығы сирек отырғызылған бақтағы апорт алмасы 40-50 жылға дейін жеміс беріп тұра алады. Ал интенсивті бақтарды 15-20 жылдан кейін қайтадан жаңарту керек. Әрине, қазіргі жағдайда кәсіпкерлер агротехниканы қатаң сақтау бізге тиімсіз дейді. Өйткені ағаштың жеміс беруін сегіз жыл тосу керек. Мысалы екі жылдық көшет сегіз жылдан кейін өнім береді. Оған дейін баққа тыңғылықты қарау, күтіп-баптау керек. Бұл тынымсыз еңбекті қажет етеді. Ал бизнеске бұл тиімсіз.  Интенсивті бақтарда тіпті бір жылдан кейін өнім беретін жеміс ағаштары бар.
Агротехниканың тағы бір шарты – суғару. Отырғызу ережесін орындаған соң бір маусымда жоқ дегенде жеті-сегіз рет суғару керек. Алма ағашы суды өте жақсы көреді. Бұтақтарын кесу шараларын да ережеге сәйкес дұрыс жүргізбесе болмайды. Көшет отырғызылғаннан кейін  төртінші жылы көп жылдық шөптер егіледі. Біз ағаштардың қатар аралығына жоңышқа отырғызамыз. Кейде алма бағындағы шөпті малға деп жинап алады, бұл дұрыс емес. Ол шөпті он бес сантиметр өскен кезде сол жерге турап тастап отыру керек. Бір маусымда 4-5 рет шөпті шауып, бақта қалдырамыз. Одан бөлек тыңайтқыштар, суперфосфат және басқалары уақтылы беріледі. Міне апорт алмасының агротехникасы осындай ерекше сұрып. Сондықтан апорт алмасын мемлекет қолдауымен күтіп-баптап, өсіріп отырмыз. Бұл Қазақстанның бренді, әлем бізді апорт алмасымен де танып отыр. Апортты қараймыз, баптаймыз. Қазір енді апорт алмасына географиялық көрсеткіш алып отырмыз. Бұрынғыдай нағыз апорт алмасына қол жеткіземіз деген ойдамыз. Жалпы Қазақстанның жеміс шаруашылығын дамыту мүмкіндігі өте мол.  
– Сіз жарты килограмм жеміс алдық дедіңіз. Кезінде салмағы бір килограммға дейін дейін жеткен алмалар болған. Қазіргі кезде оған жету қиын ба? 
– Бір алманың салмағы жарты килограмм деген біз үшін үлкен көрсеткіш болып саналады. Негізі қазіргі кезде одан да үлкен жеміс алу қиын емес. Ол үшін  агротехниканы сақтасақ, дұрыстап күтіп-баптасақ, алуға болады. 
–  Апортты сақтау үшін таудағы жабайы алма, яғни қазір Сиверс алмасы деп аталатын түр де сақталуы керек дейді ғалымдар. Бұл нені білдіреді?  
– Айтып өткенімдей, апорт жабайы алмаға телу арқылы жақсы сапалық қасиетке ие болды. Жабайы алма біздің таулы аймақтарымызда –    Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы және Тарбағатай тауларында өседі. Бұл үшеуі де ұлттық парктерге жатады. Бізде жабайы алма өсетін аумақтың көлемі шамамен он жеті – жиырма мың гектар жер. Ол басқа ешқандай мемлекетте жоқ. Тек бізде ғана бар. Ол біздің аса бағалы гендік қор болып саналады.  
Адамның тек-тамыры, генетикалық тарихы болатыны сияқты, өсімдіктердің де гендік тегі  болады. Генетика – өсімдік селекциясының теориялық негізі болып есептеледі. Жеміс шаруашылығында жаңа сұрыптарды алу, олардың төзімділігін арттыру үшін гендік қор пайдаланылады. Мұндай гендік қор кәдімгі табиғатта бар және  ғылыми коллекцияларда, криобанкте  сақталады. Отандық гендік қор – еліміздің технологиялық және азық-түлік бойынша тәуелсіз болуының кепілі. 
Өсімдік дақылдарының ертеден келе жатқан жабайы туыстарын пайдаланып, жаңа сұрыптар алуға болады. Генетик ғалымдардың зерттеуі бойынша, «Malus domestica» атты алма сұрыбы біздің елімізден тараған. Алманың осы түрлері атақты Жібек жолымен Шығыс пен Батысқа, Америкаға жеткен. Кейіннен олар жабайы алманың генін пайдаланып, осы жемістің неше түрлі сұрыптарын алған. Ал алманың отаны Алматыдағы жабайы алма ағашы 1793 жылы оған алғаш сипаттама берген Ресей ботанигі Иоганн Сиверстің құрметіне «Сиверс алмасы» (Malus siversii) деген атау алды. Бұл алма сұрыбы теңіз деңгейінен 850-1250 метр биіктікте өседі. 1970 жылғы жеміс ағашта¬рының санағы бойынша, Алматы облысында 3 миллион 51 мың апорт ағашы болған. Өкінішке қарай қазір олар қатты азайып кетті. 
Алманың зерттелуін айтқанда  Қазақ жеміс және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бірінші директоры, ғалым-селекционер Аймақ Жанғалиевтың есімін айту міндет. Ол  дәмдік сапасы керемет, ірі жеміс бере алатын элиталық алма ағаштарын көп зерттеген.  1990-2005 жылдары  академик А.Жанғалиев АҚШ, Ұлыбритания, Франция ғалымдарымен бірге Алатауға экспедициялар ұйымдастырған. Соның нәтижесінде өте құнды мәліметтер жиналды. Академиктің өте бай коллекциясы болды.  
Енді жабайы алмаға келейік. Жабайы алма несімен мықты? Өйткені ол суыққа да,  шөлге де төзімді болып саналады. Тауда өсіп тұрғаннан кейін оны ешкім суғармайды. Ешкім оны мәдени дақыл сияқты күтіп-баптамайды. Олар жүздеген жылдар бойы осы ортадағы табиғатқа бейімделген. Сондықтан олар ауруға, зиянкеске өте төзімді болып келеді. Осы жабайы алмаға апорт алмасын телігенде алынған жаңа сұрып жақсы сапаға ие болды. Сол себепті біз тау бөктеріндегі жабайы алманы сақтауға және зерттеуге міндеттіміз. Яғни екеуін қатар алып жүреміз. Жаңадан алынған 28 форманың ішіндегі төрт формасы ДНҚ талдау бойынша апортқа өте жақын. Сол ең жақын, ұқсас формаларын біз будандастырдық.    
– Бұл нағыз апорт қайта оралды деген сөз бе? 
– Біздің қазіргі жеміс өсіретін шаруалардың бір қатесі бар, олар жабайы алмаға апортты телісек, бізде нағыз апорт шығады деп шатасады. Апорттың құрып бара жатқан басты себебі де осы. Шаруалар тауға барады,  жабайы алманы жинайды, тұқымын отырғызады, жаңа сұрыпқа телиді. Бір жылдық өскін жақсы болса, оны тели береді. Бірақ оларда ДНҚ талдау, зертханалық жағдайда тексеру деген мүмкіншілік жоқ. Ал ғалымдар зерттеу арқылы ғана нақты нәтижесін айтады. Таудағы Сиверс алмасының формалары көп. Бірақ оның бәрі телуге келмейді. Қандай формалары сәйкес келетінін тек селекционер ғалымдар айта алады. Көшетке, бір жылдық өскінге қарамау керек, Сиверс алмасына ең жақын деген формалардың тұқымын отырғызу керек. Алманың сапасына, өніміне қарау керек. Ғылым тілінде айтқанда, плюстік ағаштар дейміз. Сондай ағаштың жас бұтағын алу керек. Бір жылдық өскінге, одан кейін талап бойынша телу жұмыстарын жүргізген кезде біз сапалы материал, сапалы көшет, сапалы өнім аламыз.   
– Помологиялық бақтың жаңа зертханасында жеміс көшеттері өсіріліп жатыр екен. Мұнда қандай зерттеулер жүргізіледі?  
– Помологиялық бақта екі жүзге жуық үлгілік сұрыптар бар. Үлгілік сұрыптар дегеніміз ең маңызды сұрыптарға жатады. Бұл зертхана Жеміс-көкөніс институтының генетикалық банкі болып есептеледі. Біз мұнда аса маңызды формаларды, сұрыптарымызды лабораториялық жағдайда сақтаймыз. Өйткені далалық жағдайда белгілі бір жеміс сұрыптары жоғалып кететіндей жағдай болса, лабораториялық жағдайда оны қайтадан қалпына келтіруге болады. Ол бір. Екіншіден, селекционерлер кейде шетелдік әріптестерімен айырбас жасайды, яғни кейбір сұрыптарды біз олардан, олар бізден алады. Ал шетелге біз көшет түрінде  апара алмаймыз, оны сынауық шыныдағы өскін түрінде тасымалдауға болады. Ең бастысы, ғылыми жобаларды жалғастыру үшін бізде өзіміздің қорымыз болуы керек. Помологиялық бақтың далалық генбанкі де бар. Жүз қырық гектар аумақта жеміс-жидектер коллекциясын сақтаймыз. Міне, помологиялық бақ осындай жұмыстармен айналысады. 
– Помологиялық бақтың аумағында алма мен өріктің қандай сұрыптары өсіп жатыр? Жаңа сұрыптарға қазақша атау қоясыздар ма? 
– Жаңа сұрыпқа ат қоюдың өз талабы бар, ол өнімнің шыққан өңірін сипаттауы керек. Отандық селекционерлер сұрып шығарған кезде көбінесе қазақша атаулар қойылады. Мысалы, алманың «Мақсат», «Айнұр», «Дамира», «Көктөбе» деген  сұрыптары шықты. Атақты ақынымыз Мұқағали Мақатаевтың құрметіне қойылған алманың керемет түрі бар. Біздің помологиялық бақ Алматы облысы, Талғар ауданының Алмалық ауылында орналасқан. Былтыр, 2022 жылы құрылғанына 85 жыл толды. Осы мерейтойға орай халықаралық конференция өтті. Бақ құрметіне алманың жаңа сұрыпын «Алмалық-85» деп атадық. Сосын Жеміс-көкөніс институтының 55 жылдығына аталған «Мерейтой-55» деген сұрып бар. Сондай-ақ ғалымдар «Ақдидар», «Құралай», «Береке» деген жүзім сұрыптарын алды,   жалпы мұндай әдемі атаулар көп. 
– Жеміс-жидектерді өсіру ғылымсыз мүмкін бе? 
– Қазіргі уақытта жеміс-жидекті, жалпы кез келген дақылды ғылымның қатысуынсыз өсіру мүмкін емес. Ғылым барлық салада бар. Селекция –  аграрлық саланың ғылымы. Әлем бойынша экологиялық проблемалар, климаттың өзгеруі сынды сын-қатерлер туындап жатыр. Халықты азық-түлікпен қамту мәселесі өте өзекті. Осыған  байланысты ауыл шаруашылығында төзімді сұрыптар шығару – селекционерлердің міндеті. Шаруалар, ірі фермерлер ғалымдармен бірлесіп жұмыс істесе, өнімділік жағынан да, экономикалық тұрғыдан да неғұрлым пайдалы болады. жалпы бұл жерде ескеретін жайттар көп. Мәселен, жеміс өсіретін кәсіпкерлер көшетті шетелден алып келеді. Ол ағаштар ары кетсе бес жылға дейін өнім береді. Одан кейін ауа райына бейімделмегендіктен жойылады. Енді бақты қалпына келтіру керек қой, ол үшін тағы да шетелден алма көшетін алып келеді. Шетелдік бір көшеттің бағасы орташа 8 евро. Ал біздің селекционерлер дәстүрлі әдіспен өсірген сапалы алма көшеттерінің бағасы 1000 – 3000 теңге аралығында. Бұл көшеттер әрі арзан, әрі жергілікті ауа райына бейімделген. Суға, шөлге төзімді. Зиянкестерге, ауруларға, климатқа төзімді сұрып шығару – селекционерлердің басты жұмысы. Сондықтан отандық ғалымдардың зерттеу нәтижелерін пайдалану шаруаларға өте тиімді. Кәсіпкерлер де, қарапайым халық та жеміс-жидек дақылдарын өсіретін кезде ғылыми негізделген ақпаратқа көңіл бөлуі керек. Өйткені ғалымдар қандай топырақта, қай ауданда қандай дақыл өсіру керектігін, қандай тыңайтқыштар беру керектігін нақты айтып бере алады. 
– Сағи, жас маман ретінде ғылымдағы мақсат-мұратыңыз қандай?   
– Мен тікелей апортты зерттеумен айналысып келемін. Ғылымға 2011 жылы келдім. Академик, профессор Мағжан Исиннің  шәкіртімін.  Мағжан Малғаждарұлы әйгілі академик Аймақ Жанғалиевтің шәкірті болып саналады. Бұл кісілер қазақ ғылымында үлкен із қалдырды. 
Мағжан Малғаждарұлынан көп нәрсе үйрендім. Менің мақсатым – ұстаздарымның ісін жалғастыру. Мағжан ағамыз апорт алмасын зертханалық жағдайда үздіксіз зерттеген ғалым. 2015 жылы 5 гектар жерге алма бағын отырғыздық.  Сол кезде Мағжан Малғаждарұлының айтқан сөзі жадымда: «Сағи, біз базардан қайтып бара жатқан адамдармыз. Апорттың жаңғырғанын мен көрмесем де сен көресің. Осы істі аяғына дейін жеткізу – сендердің міндеттерің. Абырой да, атақ та өзі келеді». Әрине, мәселе атақта емес, ұстаздарымның маған сеніп тапсырған ісін аяғына дейін жеткізу. Бірінші мақсат: Қазақстанның бренді – Алматының апортын қайтадан жандандыру. Екіншіден, мына помологиялық бақтың тарихы терең. Бүкіл халқымыз үшін қиын уақытта, соғыс жылдарында агроном, селекционер ғалымдар жұмыс істеген. Ұрпақтар сабақтастығы – сол алдыңғы буынның еңбегін жалғастырып, селекция ғылымын заманға сай дамыту біздің міндетіміз. Қазір біздің помологиялық бақтың   коллекциясында екі мыңға жуық форма бар. Оны әрмен қарай көбейтсек деген ниеттеміз. Апорт алмасын жаңғырту тек Қазақстан емес, әлем деңгейіндегі жаңалық болып есептеледі. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет! 

Әңгімелескен 
Дина Имамбай

5339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз