• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

БҰҰ 78 сессия: адамзатты толғандырған сауалдар

18-26 қыркүйек күндері Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының 78 сессиясы өтті. Бұл әлем елдері басшылары бас қосып, күрделі сұрақтарды қарастыратын негізгі алаң. Алқалы жиынға Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл жолғы тақырып: «Сенімді қалпына келтіру және жаһандық ынтымақтастықты қайта жандандыру: 2023 жылға дейінгі күн тәртібінің іс-әрекеттерін жүзеге асыруды жеделдету мен бейбітшілік, прогресс және барлық тарап үшін тұрақты даму негіздері» деп аталды. Шараға әлемнің 145 мемлекет басшылары мен өкілдері қатысып, қауіпсіздік, жаһандық жылыну, геосаяси қақтығыстар сынды маңызды мәселелер апта бойы талқыға салынып, бірқатар келіссөздер мен кездесулер өтті. 
Сөз басында айта кетейік, әлемнің халықаралық қауіпсіздік жүйесі сын сағатта сыр бергені жасырын емес. Дүниежүзінің бірнеше аймағында бір мезетте геосаяси мүдделер қақтығыстары орын алып, бұл орайда халықаралық құқықтың нақты бақылау, реттеу қызметтері қауқарсыздық танытты. Геосаяси текетірестер тек үлкен державалар арасында ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік емес саяси күштер арасында да қылаң беруде. Әлемде болып жатқан соңғы оқиғалар осындай тұжырым жасауға негіз болып отыр. Мысалы, Кавказ аймағындағы жағдай шиеленісіп, Армения мен Әзербайжан республикалары арасында тарихи келісім жасалғаны мәлім. Ханкенді қаласына Әзербайжан елінің туы тігіліп, символикалық тұрғыда мәселе осы мемлекеттің мүддесіне қарай шешілді. Таяу Шығыстағы Палестина мен Израиль арасындағы жағдай қайта ушығып, бүкіл әлем назарын аударды. Әзербайжан-Армения, Ресей-Украина, Палестина-Израильдің әскери қақтығыстары, олардың шығу себептері өз алдына бөлек әңгіме. Өйткені әрбір тараптың өз шындығы, нақты ұстанымдары бар. Алайда қазіргі таңда әлемнің кез келген аймағындағы осындай кикілжіңдердің, шиеленістердің ортақ ұқсастықтары да жоқ емес. Халықаралық ұйымдар ықпалының төмендігі, атап айтар болсақ, БҰҰ жарғысында көрсетілген ұстанымдардың өрескел бұзылуы негізгі фактор болуда. Себебі БҰҰ жарғысында көрсетілген құндылықтар мен ережелердің сақталмауы халықаралық құқықтағы дағдарыс мәселелерін туындатты. 
Бүгінде БҰҰ дерегіне сәйкес, әлемде 108 миллион адам мәжбүрлі түрде босқынға айналып, 1 миллиардтан астам адам кедейлікте күн кешуде. Ал 2 миллиард адам негізгі дәрі-дәрмектерге қол жеткізе алмай отыр. Бұл жағдайды қалыпқа келтіріп, ұзақ мерзімді стратегиялық жобаларды жүзеге асыруда БҰҰ-ның әлеуеті мен ықпалы, сөзсіз, жоғарылай түсуі қажет. Әйтпесе, әлемдегі саяси қақтығыстар ушыға беруі ықтимал. 
Халықаралық қатынастар тарихы дәлелдеген реалистік аксиома бойынша, әрбір мемлекет сая­си институт ретінде «табиғатынан сақ, барлық құндылықтан ұлттық мүддесін жоғары қоятын, мемлекеттік мүдде аясында кез келген нормаларды бұзуға дайын». Бұл көзқарас бүгінгі таңда өте өзекті. Өйткені халықаралық нормалар тұтас адамзаттық құндылықтардың берік негізде орындалуын толық бақылауға алмай, әлемнің аймақтарында түрлі сипаттағы қақтығыстар жиілей бермесіне кім кепіл? 
Қыркүйектегі Бас Ассамблея (БА) отырысының 78 сессиясының ерекшелігі әлем елдерінің ортақ ұстанымға келе алмағандығын айқын көрсетті. Сессияда сөз сөйлеген Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ жарғыларының орындалуын, мемлекеттердің территориялық біртұтастығын сақтау принциптерін ұстана отырып кезкелген агрессиялық саяси күшке бірлесе төтеп беруге шақырды. Алайда, сессияға БҰҰ құрылымында бірден-бір маңызды құзыреттілікке ие Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшесі елдерінен тек АҚШ Президенті ғана қатысты. Өзге мүшелері түрлі себептерге байланысты қатыса алмаған. Ресей және ҚХР басшылары да БҰҰ Бас ассамблеяның қазіргі басшысы билікке келгелі қатыспады. Бұл БҰҰ ықпалының ірі мемлекеттер арасындағы ықпалы азайды дегенді білдіре ме? Осы жолы БҰҰ сессиясында «орта державалар» және дамушы мемлекеттер басшылары белсенді қатысып, адамзатқа ортақ құндылықтарды бірлесе талқылады. БҰҰ жарғысында көрсетілген халықаралық принциптердің жиі бұзылуы, халықаралық институттың жаһандық саясаттағы абыройы мен ықпалына кері әсер етіп жатқандығы туралы соңғы жылдары саясаткерлер мен сарапшылар арасында жиі айтылып келеді. Аталған институционалдық дағдарыстың шешімі ретінде БҰҰ жұмысына реформа қажет екендігін көптеген саяси лидерлер атап өтті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Бас Ассамблеяның 78-сессиясы аясында өткен Жалпы дебатқа қатысып, адамзат баласы бұрын-соңды басынан өткермеген аса үлкен сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырғанын және геосаяси қақтығыстардың жаңа кезеңіне өткенін мәлімдеп, бірнеше маңызды бағыттар бойынша ауқымды идеяларды ұсынды. Қ.Тоқаевтың БҰҰ төрінде адамзат баласына арнап жасаған үндеуіндегі негізгі идеяларды бірнеше топқа бөліп қарастырсақ болады. Ең негізгі мәселе – Президент БҰҰ халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылық бағытындағы бірегей ұйым ретінде құқықтық ережелердің орындалуына баса назар аудару қажет екендігін атап өтті. Жасалған келісімшарттар, халықаралық келісімдердің толық сақталмауы, жиі бұзылуы немесе орындаудан бас тарту расымен де мемлекеттер арасында өзара сенім қалыптастыруда өте алаңдатарлық жағдайға айналды. Нәтижесінде, мемлекеттер арасында көптарапты байланыстың әлсіреп, экономикалық сауда жүйесіне, дүниежүзілік азық-түлік тасымалының қызметіне кері әсерін тигізуде. Мемлекет басшысы Қазақстанның БҰҰ жарғысында көрсетілген ұстанымдарды берік ұстанатынын мәлімдей отырып, әлем елдері басшыларын, әрбір саяси мүдделер қақтығысын реттеуде мемлекеттер арасында бірегей диалог қалыптастырып, дипломатия арқылы ортақ шешімге келуге шақырды.  Мысалы үшін, Қазақстан Украина дағдарысын саяси реттеуді қолдайтын бастамалар мен жоспарларды жоғары бағалайтынын атап өтіп, халықаралық дауларды шешуде әрқашан дипломатия мен диалог басшылыққа алынуы керек екендігін айтты. 
Келесі бір маңызды мәселе, Мемлекет басшысы алғаш рет БҰҰ төрінде Қазақстанды «орта державалы» мемлекет деп алғаш рет мәлімдеді. Көптеген сарапшылардың пікірінше, қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі институционалдық дағдарыста. Алайда, Қауіпсіздік Кеңестің тұрақты бес мүше мемлекеттеріне ішінара келіспеушіліктер нәтижесінде ғаламдық қауіпсіздікті қалыптастыру бойынша қауқарсыздық танытуда. Бұл орайда, БҰҰ төрінде «Орта державалардың» ықпалы мен үні артатындығына кәміл сенемін деп өтті. Қазақстан соңғы жылдары аймақта тек бейбіт, қауіпсіз ел ретінде ғана емес, сонымен қатар тұрақтылықтың сақталуына ықпал етіп келе жатқан саяси күшке айналды. Мысалы, Қазақстан бастамасы негізінде құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аймақтағы ортақ мәселелерді дипломатиялық келіссөздер арқылы шешудің институты ретінде қалыптасты. Сонымен қатар, Қазақстан-Шанхай ынтымақтастық ұйымының қазіргі төрағасы ретінде «Әділетті әлем мен келісімді жақтайтын дүниежүзілік бірлік» туралы бастама көтерді. Бұл парадигма – қауіпсіздікті қалыптастыруда әділ экономикалық ортаны және таза планетаны қамтитын бастама. Жаһандық Оңтүстік пен жаһандық Солтүстік арасында ашық диалог орнату – оның негізгі арқауы тұтас ғаламдық қауіпсіздік жүйесін құруға негізделген. Мемлекет басшысы өз сөзінде жаһандық азық-түлік қауіпсіздігінің артып келе жатқанына назар аударып, алдағы уақытта жаһандық азық-түлік дағдарысының алдын алуда «орта держава» мемлекеттерінің жауапкершілігі мен мүмкіндігін толық қолдануға шақырды.
Келесі маңызды мәселе – Қазақстанның халықаралық сауда логистикалық әлеуетін жаһандық сипатта жүзеге асыру. Еліміздің геосаяси тұрғыда Батыс пен Шығыс арасындағы орта дәліз болуына толық мүмкіндігі бар екендігін атап өтті. Себебі, қазіргі таңда әлемдегі ең үлкен территорияға ие Ресей Федерациясы Украинадағы қақтығыс салдарынан халықаралық санкция аясында транспорттық-логистикалық тораптан сырт қалды. Сәйкесінше, Еуропа пен Азия арасын құрлықтық тұрғыда Ұлы Жібек жолы аясында қайта жаңғыртуда Қазақстанның әлеуеті зор.
Мемлекет басшысы алқалы жиында «жаһандық экологиялық дағдарыс» мәселесін қозғады. Қазіргі таңда адамзат үшін экологиялық мәселелер уақыт өткен сайын күрделене түсуде. Алайда, қажетті құрылымдық жоспар және нақты қаржыландырусыз жаһандық климаттың өзгеруін тежейтін амалдар нәтиже бере бермейтінін көріп отырмыз. Осы орайда Қазақстан әлем халқына «Әділ энергияға көшу серіктестігі» (Just Energy Transition Partnership) бағдарламасын іске қосуды ұсынды. Жаһандық климаттың өзгеруі бүкіл әлем елдері үшін экологиялық ғана емес, қауіпсіздік  сипатындағы мәселеге де айналды. 2030 жылға қарай жаһандық температураның 1,5 градусқа көтерілуін шектей алғанның өзінде Орталық Азиядағы температураның 2,-2,5 градусқа дейін көтерілуімен бетпе-бет келеді. Аграрлық әлеуеті зор Қазақстан үшін жаһандық климат мәселесінде әлем елдерімен ынтымақтаса әрекет ету маңызды болмақ. 2040 жылға қарай ауыз суға деген сұраныс 40 пайызға артады деген болжам бар. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Орталық Азия өңіріндегі су тапшылығы трансшекаралық өзендер бассейнінде күрделі экономикалық және басқа да түйткілдер туындатып отырғанына назар аударды.
Қасым Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен айтқан ұсыныстары халықаралық қауымдастық тарапынан қолдау тапты. Президент атап өткен, «орта держава» тұжырымдамасы болашақта халықаралық саясатта өте маңызды қадамға айналмақ. Себебі, ғаламдық тұтастықты бір ғана Қауіпсіздік Кеңесі тұрақты мүше елдеріне сеніп тапсыруға болмайтынын әлемдегі бүгінгі тұрақсыздық пен халықаралық заң үстемдігінің дағдарысы анық көрсетіп отыр. 

Нұрболат НЫШАНБАЕВ,
саясаттанушы 

5222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз