• Ел мұраты
  • 26 Қазан, 2023

Әділдік жоқ жерде мейірім жоқ

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Қазір жұрттың пікірі саналуан, қисынды не қиғаш, өзгерістерді қабылдауы да әрқилы. Бұл ескі Қазақстан мен жаңа Қазақстанның арасындағы тайталасты айырмашылықты көрсетеді не болмаса олай емес, уақыт ағымында белгілі бір кезеңдердің ерекшеліктері деуге де келмейді. Сонда бұл қандай жағдайды көзге елестетеді?
 Біздіңше, алдағы күнге сенім мен үміттің жүзеге асуын күту кезіндегі қарбалас, ішкі сезімдердің сыртқа шығуынан жақсылықтарды көруге ұмтылу кезіндегі көзқарастардың тоқайласуы. Алдағы күндерде ел дамуы қандай болмақ? Ескі жүйенің зардаптары мен кедергілерін жою жұмыстарының пәрмені қалай болып жатыр? Бәрінен де бұрын шетелге заңсыз шығарылған орасан байлықтар, телегей-теңіз активтерді кері қайтару нәтижелі ме? Ескі жүйенің билеуші топтарының арқасында әбден байып алған белгілі тұлғалар мен еркешоралардың түк болмағандай еркін жүріп жатқаны, олардың қоғамға келтірген залалы мен зұлым қиянаттарына, күмәнді әрекеттеріне қалайша көз жұмып, төзіммен қарауымыз керек?! Реніш те бар болуы мүмкін.
 Міне, осындай жауапты шақта қоғам қатыгезденіп барады дейді. Ол рас болса, онда өмірдің қиын болғаны. Күрделене түскенін көрсетеді. Мамыражай жағдайдың жауапкершілігін аңғартатын секілді.
 

 Біз өзіміз жақсы адамдардан тәлім алдық, енді жастарды да жақсылыққа тартуға тырысу – басты уәжіп деп жүргендер үшін қоғамдағы түрлі құбылыстар мен ешкімге ешнәрсе бермейтін әңгіме-сөзден нендей қорытынды жасап, нендей елдік тірлікке ден қойып отырғаны да қызық.
 Мұндай қатыгездік алакөңіл ахуалы адамдарға ешқашан жақсылық әкелмейді. Адамдар арасындағы қарым-қатынаста, күнделікті күйбең тірлікте, бір-бірін түсіне білуде мейірім емес, қатыгездік жаппай етек ала беретін болса, зұлымдық та, зорлық-зомбылық та орын алады.
 Енді елес емес, ессіздіктің түр-түрі етене танылатындай уақыттың куәгері болып отырмыз. Адам өлтіру, бала-шағасын қырып салу, өзінің жақындарын атып кету, суицид, зорлау, тағы не бар, сұмдықтардан көз ашпайтын жағдай үйреншікті оқиғаларға айналып кетті.
 Бұл деген тоқырау мен дағдарысты тәрбиенің сиқы, не «сыйы», өзіміз өмір сүріп отырған қоғамның да, мемлекеттің де өркениет жолымен дамуына, соған сәйкес адамгершілік құндылықтардың тереңдеуіне көп кедергі келтіретін теріс құбылыстар. Ал зиянды нәрсе етек жайса адамдардан сенім мен шынайылылық қасиет кетеді, діттеген арман-мақсаттарына жете алмаған, адасқан ұрпақтардың еншісіне жазылған тағдыр әрі трагедияға ұласып кетуінен сақтануымыз қажет.
 Ойсыздар мен озбырлардың, шенқұмарлар мен билік тізгінін ұстаған алпауыттардың кесірлі-кесапаты көп тірліктеріне, сондайларға ұзақ жылдан бері тән ұрлық-қарлық, сыбайлас жемқорлық, парақорлық, тойымсыздық және тоқмейілсу секілді жат құбылыстарға қарсы күресудің өзі оңай болмайды, ол бірте-бірте қордаланып, бейбіт қоғамға ауыр зардаптарын алып келуі әбден мүмкін. Айтуын айтып, жазуын жазып жатқандар аз емес, бұл жағдай тек қана Үкіметті қатты ойландыруы керек сияқты. Ащы болса да қоғамдағы шындық осыған жақын. Сұңғыла адамдардың өзі селк ететін сиықсыз сұмдықтардың көзін құртатын не пәрмен беретін, не заңды қатайтуды қолға алатын басқа емес, Үкімет бастамашы болуы керек емес пе? «Антқа адалдық қайда?» деп сұрамай ма халық. Сонда не дейді?
Әлде «өкімет мені өлтірмейді» деген ұғым келмеске кеткені ме деп зар еңіреп әділеттілік іздеген жандардың зар-мұңына кімдердің құлақ асуға тиіс екенін Мемлекет басшысы шегелеп, қатаң түрде, қағидалық міндет тұрғысында айтқан жоқ па?«Еститін Үкімет» қағидасының орындалуы халық арасында көңіл көншітпейді. Ең ақыры жұрт ипотека алу үшін де пәре береді деген не сұмдық? Бұл орасан мағыналы ортақ көзқарастар пен пайым-парасатқа оқыранып, тіптен қаперіне де алмайтын тексіз тобырлардың көбейіп бара жатқанын жасырып, түк болмағандай, қаперсіз отыруға да болмайды. Тексіз тобыр да тап бүгіндері ескі сүрлеуден ат құйрығын кесіскен боп түрлі ой-жосықтармен, «ақылман» уағыздарымен тұмшаланып алғаны соншалықты, жоғарыдағы министрлердің де, басқалардың да мазасын кетіре бастады. Олар үшін мысалы, жас өскін балалардың білім алуға деген арман-мұратынан гөрі басқалай түсініксіз, дабыра-дүрмекті игіліктер («шеше, ана» деудің төңірегінде) ме, адасушылық па, сап-сау адамды есінен тандырып, кіжіндіріп жібергендей алқын-жұлқын әсер қалдыруда. Қоғамды зәрезап құйтырқыларымен және тұмшаланған, ұлттық дәстүрімізге келмейтін киім киісімен иектегісі келетін түрлері адам шошынарлықтай шатқаяқтайды. 
«Егер бекті иектесе жамандар, Ел үстінде жалаңдар сол арамдар» ( Жүсіп Баласағұн). Ұлы ойшыл тағы не деп айтып кеткен еді? Өзінің «Құтадғу білік» кітабында былай дейді: «Бас көтерсе жаман: жақсы қорланар, бас көтерсе жақсы: жаман жорғалар». Соноу Х-ХІ ғасырдың қойнауынан әділдік пен шындық идеясына ұласқан өмірді қалай-қалай келтіретініне қайран қаламыз-ау. Бүгінгі жаhандану заманда да «жамандар» төр басынан халыққа сөз айтқысы келеді, жақсыны қорлағысы келеді, бірақ ақылды, ұстанымды жұрт өзін-өзі қорлата алмайды, ізгі қоғамды қорлатуға да жол бермейді. 
Дәл осы арада шынайы, ынтымақты бірлік керек. Ұлттық мүддені ұрандату емес, соның қадірін білетін, тұтастық танытатын уақытты сезінетін қоғамдық орта болуы қажет. Ұлттық намыс керек. Және бұл ойымыз бос сөз болып қалмауы тағы да өзімізге байланысты.
Өмір құбылыстарынан туындайтын мәселелерге сипаттама беру, өткен тарихты қорыту, заманның бұзылғаны жайлы тағылымды толғаулар айтылуы, бәрі, бәрі адамның көзімен де, сөзімен де жетеді ұрпақтан-ұрпаққа, бұл қалыпты дәстүр, тарих жолы.
Біз қандай сұрақтарға да жауап іздеп, өмір сапасын жақсартуға келгенде адал бәсеке және бәсекелестіктің қажеттігіне көп мән береміз.
Капиталистік дәуірде нарықтық қарым-қатынастар шынайы бәсекелестік туғызатын заңдылықтарына адамдар әу бастан тәп-тәуір бой үйрете бастаған еді. Ел дәулет-байлығын игеруде де еңбек бәсекесі болуы шарт деді. Шағын және орта бизнесте, отандық өндірісшілердің қауымдастығында, аграрлық салада тауар өндірушілердің арасындағы адал бәскелестіктен сапа мен кіріс жағы реттеледі деп теория мен практиканы ұштастырып, дәлелдеп болдық па, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың салдарынан әсіресе, азық-түлікпен қамтамасыз етуде бәсекенің жолын кес-кестеп, билеп-төстеп монополия орнатқандардың бағаның тұрақталуына салқынын тигізгені қалыпты жағдайға ұқсап кетті. «Бәрі бір қолда» деген ұғым заң үстемдігін мойындамайтын, салықтарды төлемейтін, бірақ барлық жерде айтқанын орындататын белгілі бір адамдар тобының билеп-төстеуімен өзгеріске ұшырады.
 Ашық ақпарат көздеріне қарағанда елімізде дипломы бар жастардың 30 пайызы не таксиші және күзетші болып жұмыс істейтін көрінеді. Бұл ненің әсері, жарамсыз диплом, өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаспауы және бәсекелестікке тік тұра алмауы ма?! Сонда мемлекеттің грантпен оқуға жұмсаған қаржысының қайтарымы жоқ, ақылы түрде оқыса ата-анасының төлеген қаржы-қаражатының босқа кеткені деу керек шығар. Ең ақыры ат бәйгесінде де бәсекеге түсу қауіпті бола бастады. Егер атақты сейіс, атбегінің баптаған тұлпары адалынан шауып, құйғытып сөре сызығын қиюға сәл қалғанда «ана кісінің» айғыры ма, байталы ма, құйрық тістесіп келе жатса, онда жануардың обалына қалсаң да шабандоз бала ат иесінің ескертпесіне сәйкес тізгінді тартуы керек. «Анадан» озуға болмайды. Өйтпесең, өліп кетуің мүмкін. Не тұлпарыңнан айырыласың, не құрисың. Ұшпаққа шықсаң да сені тауып алады, жүйрік тұлпар тек сол күштілерде болуы керек.
Мұндай жағдай баяғы Ақан сері тағдырына ұқсай ма, қалай өзі?! Мұны көп жағдайда ат баптап, ұстайтын, тұлпар суытатын кісілер ғана біледі.
Сондай да уақыт болды ғой.
Бәсеке табиғатында және экономикалық жағдайда талапшылдықпен тамырлас. Ашық дерек көзінен алынған мына кішкене ғана мәліметке қараңыз: Алматы сауда орындарында 5 литрлік «Tassai» суын бір дүкенде 550 теңгеден, қаланың негізгі бөлігінде 830 теңгеден сатады. Бұл не тәртіп? Қымбатшылық қолдан жасалуда деген осы. Адамдардың жүйкесіне ши жүгірту ме, бұл саудагерлердің жеке пиғылынан ғана болып отыр ма? Арамдық деген абайламаса, азғындыққа ұрындырады, жақсы адамдарды ашындырады. Заманымыздың заңғар қайраткері Шерхан Мұртаза шыжғырып тұрып айтып кеткеніндей, тойымсыз, араны ашылған қыран не аңды алады, не аңшының өзін алады.
Бұл мәселеде терең ұлттық ой бар. Жайдан-жай айтылмаған. Және ол удай ащы сөз хан ордасында кімге қаратып айтылған еді?!
Бұдан артық қалай айтуға болады, өзі?! Өйткені өмір шындығынан сабақ алмаған имансыздардың ессіз дүниеқоңыз қарекеттері мына жарық дүниені бүлдіріп бара жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам, батыл әрі ақылды адам ғана айтады. Астарлы сөздің айбары тұлабойыңды сыздатпай қоймайды. Ұлылардың ізін көреміз, бірақ ел сөзін айта алмайтын қазіргі жалтақ мінезді аға ұрпақ дәрменсіз қалпында алаңдайды. Ескі әдетінен жаңыла салуы қиын соғатын сияқты. Тек жағымпаздық және жандайшаптық, жалаң ұрандармен елдің жігерін жасытып, жүйкесін шаршатқандармен бірге араласып кеткендей күй кешуде. Әл-Фараби бабамыз «Адамның дене мүшесі ауру болса, дәрігер емдейді. Ал қоғамның жандүниесіне түскен сырқат орасан кеселді болады» деп ескерткен екен. Қоғамның алға дамуына кесірін тигізіп жүргендер де өз істері мен әдетінің дұрыс еместігін түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ жеке басының бір сәттік пайдасы үшін ерікті түрде кісілігі мен ізгілігін жоғалтады. Бұл жаман әдеттің вирусын таратып жүргендердікі құлдық психология емей немене? Ұят болды деп жатқан олар жоқ. Ендігі қоғамда қым-қиғаш болып айтысып жүрген тобырлық сана басым болып бара жатқанын жасыруға болмайды. Ондай-ондай «мырзаларға «қазақ зиялыларының, шығармашылық адамдардың ел мен жер, тіл мен діл туралы талмай айтып, жазып жүргені бейнебір күлкілі, дымсыз қалған, қарасирақ ақын-жазушылар мен кедей-кепшіктердің ермегі мен қолдан жасап алған ертегісі секілді көрінуі мүмкін. Қырсық-қыңыр пікірлерін қарша боратып жүргендерге енді тойтарыс бермейтін болсақ, беталды сүйдейтіндер елдің берекесін кетіреді. Тіпті кейбір ұшқалақ, белгісіз көкезуді «Нобель» сыйлығына дейін ұсынбақшы болған әпербақандық әрекетті естігенде «бұларға не болған» деп те ой қуасың еріксіз жағдайда. Әрине, ұлт руханиятына жанашыр, толымды, мәдениеті асып тұрған иманды азаматтар жоқ емес, бар. Бірақ олардың қатары сирек, жиі көзге түсе бермейді. Дегенмен үміт үзілмейді. Уақыт өте келе өмірді жақсартуға тигізер әсері мол жаңа тұрпаттағы жас жігіттер мен қыздардың дәурені туар деген сенім құдіреті сақталған бойымызда.
 Бір ұрпақтың арман аманатын түсінбей өтсе, келесі толқыннан не күтеміз?
 Мысалы, «жырым мені өлтірмейді» деп өткен көрнекті ақын Тұманбай Молдағалиевтің:
 Өз тілінде ойланады,
 Қалың орман таң алды.
 Өз тіліңде сөйле, қане,
 Жақсы көрсең анаңды, –
деген мына бір шумақ өлеңін кім тыңдап, жүрек толқытар еді? Әрине…
 Қазақ боп жаратылған асыл адамдарды!
 Басқа ешкімге емес, қазақ тілі қазаққа ғана керек. Бұл ұлттық ең биік мұратымыз.
 Отыз екі жыл ел тәуелсіздігімен бірге жасасып келе жатқан осы идея рухы ғана бізді сақтайды. Ол үшін мықты мемлекет болуымыз керек. Сонда ғана мызғымас бірлік күш алады. Ұлттық намысқа қан ойнатып, біртұтас елдіктің қадір-қасиеттерін ең ақырғы демі шыққанша көкке көтеретін ұрпақтарды қашан қалыптастырамыз деумен келеміз.
 Қоғам таң атқанда,кешкі шам жанғанда да сергектіктен танбай, жақсы өмірді жарқыратып тұруы елдің пейілінен, тіпті бір ауыз талап сөзінен де көрінбей болмайды. Бұл не жүріс? Хайп қуған, сөз қуған, өтірік айтқан, бәдіктік, жылпостық, арзан атаққа ауысқан дабыра, ешбір жауапкершілігі жоқ мәлімдемелер көп. Тіптен «сендерді біз тағайындаймыз», «министріңнен бастап бәріңді қуамыз», «қателіктеріңді түзеңдер, әйтпесе аты-жөндеріңді жария етемін» деген бір үркітіп, қорқыту және орынсыз кеуде керуге ұқсайтын айқай-шудан құлақ тұнады. Енді бүкіл қазақ құрметтейтін ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин туралы қиянат-қате пікір айтқан «партияшыл» жандарға не жетпей жүргені түсініксіз. Оларды тәубесіне келтіріп, ақиқатқа әдеппен көзін жеткізіп, қатулы және бұлтартпас дәлелдерімен тойтарыс беретін оқымысты тұлғалар болмағанда әлгі пенделер оңды-солды ойқастап кетер ме еді?! Ал халыққа майда әңгімені мыжып, бір-бірін қажайтын даурықпа бос сөз емес, іс бірлігі мен нақты нәтижелі жұмыс және жұрт арқа тұтатын шамшырақ зиялы адамдар керек дейміз. Ойлау деңгейін көтеретін ахуалды қалыптастыра алмаудың әсері ме екен, күшті ықпалдастық туғызатын тақырыптардан алшақпыз.
 Сөз мәдениеті мен саяси ұстанымның да қадірін ұмыта бастағандар (қалай сайланғанын да) төбе көрсете бастады. Шетінен ашушаң, менменшіл…мықты.
 Жұртқа сансыратқан дүрмек, көпірме бөспелік емес, кәдімгі ел санасын сергітетін саяси мәдениет пен тәрбиелі өмір қымбат боп тұр. Саяси ойынның құрбаны болмас үшін сана сарабын қолдану керек. Мәселен, халық өзіне не керек, әуелі әлеуметтік тұрмыс жағдайын ойлайды. Сосын ел ішіндегі жаңалықтарға ден қояды. Қараңыз. Бұл күндері елімізде аудан әкімдерінің сайлауы қарсаңында үгіт-насихат жұмыстары жүріп жатыр. Саяси науқан. Ашық сайлауға кімдер қатысып жатыр, үміткерлер өздерін қай қырынан көрсеткені абзал, ой тарқатпай ма, әділ сайлауға демократиялық құндылықтарымен барудың маңыздылығы кеңінен айтылуы қажет. Ендеше бұл саяси қадамға әлгі халықшылдардың бас ауыртып жатқандары бар ма? Жоқ, әрине. Оны неғылсын. «Бетеге кетсе, бел қалар, Бектер кетсе, ел қалар. Берекең кетсе, не қалар?!»
 Бұл ойлануға тұрарлық мәселе. Біздің қоғам жағдайында азаматтық тұрғыда алаңдаушылықпен қарайтын, батыл да сергек адамдар шоғыры қажет болып тұрғаны – өзекті уақыт талабы. Әкімдер қай деңгейде болмасын, адам тағдырына араласатын жандар. Сондықтан да ел басқару, ұлтқа қызмет етудің бәрінен де биік деңгейін түсіндіру мен ашық айтуды ұйымдастыруды ойластырсақ, дұрыс болады. Бірақ ол жағы бізде төмен. Өресі жетпейтін нәрсеге ұмтылудың өзі жарамсыз.
 Мемлекет басшысының саясаты – адал өмір сүру салты мен жоғары патриотизмді дәріптеу. Мұны табанды түрде қойды. Парақорлықты қатаң жазалау, соның ішінде табысы сай келмесе де шылқыған байлықта шалқып жүргендердің арам дүниелерін қоғамға қайтару жөніндегі ашық және батыл қадамдарды айту да парыз. Соны кімдер ел ішіне барып мұны айтуы және орындауы керек? Қоғамдық ұйымдар ма? Ішкі саясаттың жауапты өкілдері ме? Егде кісілерді төбе көрсету үшін қоғамдық жұмысқа жегу арқылы «өйттік, бүйттік» деп жоғары жаққа ақпаратты бұрқырату дегендей жаттанды, нәтижесі шамалы ғана насихатқа алдана ма?! Елге керекті, қоғамға қажетті, мемлекетке тиімді әрбір ақылды, ішкі қуаты кемел сөз құнды. Ой қосу үшін айтайық. Қалың қазақтың сөзін сөйлейтін, мемлекетшіл адамдар, айталық, атақты жазушы Дулат Исабеков, көрнекті ақын Нұрлан Оразалин, кәнігі дипломат-мемлекет қайраткері Әділ Ахметов, ұлт жанашыры, дауылпаз ақын Темірхан Медетбек, ірі қайраткер Жақсыбек Құлекеев, академик-математик Асқар Жұмаділдаев, әйгілі қаламгер, қоғамшыл жан ­Марат Тоқашбаев секілді ондаған ерекше танымал азаматтардың түрлі әлеуметтік топтармен, қазыналы жұртшылықпен кездесулерін ұйымдастырудың қайтарымы мағыналық-идеологиялық жағынан әбден ұтымды болар еді. Бұл тізімді жалғастыра беруге де болады. Билік мұны жете түсінуі керек-ақ. Жақсыңды бағалай алмасаң, кімді жағалайсың, ә! Мұндай кісілер әлдекімдер сияқты өзін-өзі жарнамалап жүрмейді. Жұртшылық та адал ойларымен көңілді сергітетін, рухтандыратын, жөн-жосықты бағдарлайтын асыл тұлғалардың салиқалы көзқарастары мен өтімді сөздеріне сусап отыр.
 Әне, «Елге қайтарып алған 8 млн. гектар жер бар еді, соны дәу шенеуніктер өзара бөлісіп жатқан секілді, бізге анық ақпаратты беріңіздерші!» деп барынша дауыстаған Мәжіліс депутатына берілген жауап та көңілге онша қонымды болмады, құлаққа екіұштылау естілген сияқты. Бірақ жұрт бәрібір елең ете қалды. Бұл қалай? Анығы қайсы?..Жариялылық қайда дегендей.
Әлі сол баяғы еріншектік пен самарқаулықтан арылмаудың салдарынан үн-түнсіз қоғамдық жағдайдамыз ба?
Аспан астында, Жер үстінде біз бәрімізге нақты қолдау көрсету, отаншыл, патриот болудың мәнісі – отандастарымыздың ең басты парызы, азаматтық хақын өтеу міндетін мойнына алу деп түсінетін тарихи сананы оятты ма? Иә, қандай кәсіп не мамандықтың иесі болсаң да ел алдындағы кісілік хақыңды ақтауға міндеттісің, бауырым! Ең үлкен азаматтық мәселенің негізі осында. Ата-бабадан қалған «Сілтегені ем болған, үшкіргені дем болған, тілінің емі дәрі, қолының ебі дәру» деген сөз тек өнер адамдары мен олардың үйретер ұстаздарына ғана арналмаған болар. Біздіңше, сегіз қырлы, бір сырлы парасатты адамның өнегелі, қасиетті адам болмауы мүмкін емес. Аузы дуалы, айбарлы, сесті, есті, ұлттық мүдде биігінен және қоғамның ар-ұяты болып танылған зиялы тұлғаларды өмірдің өзі де іріктейді. 
Жалпы қоғамда әлеуметтік әділеттіліктің орнауынан және соған үлес қосудан асқан маңызды міндет болмайды. Елдік мейірім мен сүйсіну де адамгершілікті, Отан алдындағы адалдық қасиеттерді шынайы сезініп, қадірлеуден басталады. Қанша рет қайталап айтсақ та мұның артықтығы жоқ.

5264 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз