• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Қуат көзі – дұрыс тамақтануда

Иммунитетті күшейту қажеттігі ауырып, ем іздегенде ғана еске түсетіні рас. Әсіресе күн суытқанда ағзадағы иммундық жүйе әлсіреп, салдарынан суық тез тиіп, ауру жиілеп кетеді. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген халық тәмсіліне сүйенсек, бірден дәрі-дәрмекке жүгірмей, алдымен ағзаның ауруға қарсы қорғаныш қабілетін, иммундық жүйені күшейту қажет екенін ескере бермейміз. Ал иммунитетті күшейтудің маңызды жолы – дұрыс және пайдалы тамақтану. Осы мәселе жөнінде біз дұрыс тамақтану эксперті, нутрициолог, техника ғылымдарының магистрі, «Сенімен болашақ» РҚБ сарапшысы Еркежан Маратқызымен әңгімелескен едік. 
 

– Қазақта «Ас – адамның арқауы» деп тегін айтылмаса керек. Жалпы дұрыс тамақтану дегеніміз не, тарқатып айтып берсеңіз?
– Адам денсаулығының маңызды факторы – дұрыс тамақтану. Тамақтану сандық және сапалық тұрғыдан да мүмкіндігінше пайдалы болуы қажет. Дұрыс тамақтану дегеніміз күнделікті тұтынатын тағамды тепе-тең етіп пайдалану, ағзаңызға қажетті қоректік заттарды жеткілікті мөлшерде тұтыну. Ағзаның күнделікті талап ететін базалық мұқтажын жабу, қажетті макро, микронутриенттерді алу. Мысалы, күнделікті тағам рационына не кіру керек, ақуыз, көмірсу, май мөлшері қанша болуы керек екенін нақты ажыратып біліп алған жөн. 
– Демек, тамақ жеуге де сауатты қарау керек дейсіз ғой? 
–  Өте дұрыс айтасыз. Алдымен не үшін тамақтанамыз, соны анық білуіміз керек? Өкінішке қарай, қазір біз тәбетіміз болмаса да тамақ жеу керек деген тәуелділікке бой ұсынып алғанбыз, тамақ ішу ережесіне көңіл аудармаймыз. Ешқандай режимсіз, қажеттіліксіз ішіп-жейміз. Бір сөзбен айтқанда, көп адам тамақтану – қарын тойдыру деп қарайды. Осындай қателіктерден, сапасыз тамақ жеудің салдарынан қаншама аурулар көбейіп жатыр, тіпті ондай сырқатқа жастар да шалдығып жатыр. Екі жастың біріне келмей асқазаны ауырып жүрген жастар көп. Кішкене сәбидің өзінде өтінде тас бар деп жатыр. «Ауру – астан» деп қазақ тектен текке айтып кеткен жоқ. Токсиндерге, химикаттарға толы тамақтарды, тез дайындалатын тағамдарды жеу арқылы кей ауруды өзіміз тауып алып жүрген жайымыз бар. Сондықтан, дұрыс тамақтануды бір реттік жүйе деп қарамай, оны қалыпты жолға қоя білу әрбір адамның санасы мен өз ағзасына жауапкершілігі деп айтуға болады. Яғни өміріңізді жақсарту өз қолыңызда деген сөз. 
– Дұрыс тамақтану үшін нені ескерген жөн? 
– Басты ереже – ағзаны күйзеліске түсіріп алмау. Себебі, осы уақытқа дейін басқаша тамақтанып жүрген адам бірден калорияны азайтса, ағзасы қиналып қалады. Сондықтан дұрыс тамақтануды бастағанда зиянды тамақтарды пайдалы өнімдерге біртіндеп ауыстырған абзал. Мысалы, қуырылған тамақтардан бас тартып, оның орнына буға және суға піскен тамақтарды таңдаңыз. Суды қажетті мөлшерде пайдалану да дұрыс тамақтанудың белгісі. Судың ас қорыту жұмысына ғана емес, ағза жұмысының тепе-теңдігін сақтауға, сұлулыққа, тері құрылымына пайдасы мол. Ең маңыздысы, таңғы асқа немқұрайлы қарамау керек. 
– Иммунитетті көтеру үшін тағы қандай тағамдарды жеген дұрыс? 
– Жалпы иммундық жүйе толыққанды физиологиялық тұрғыда жұмыс жасау үшін бала да ересек те күн тәртібін биологиялық ырғаққа сай сақтағаны жөн. Ол дегеніміз: су режимі, 7-8 сағаттық ұйқы, дұрыс теңдестірілген рацион, тамақ ішу ережесі, физикалық жаттығулар, таза ауада серуендеу, табиғат аясында болу, күйзелісті болдырмау. Осы жағдайлар ескерілгенде ғана иммунитетіңіз жақсы болады. Қазір бар азық-түлікті сатып аламыз. Алып жатқан азық-түліктің құрамын міндетті түрде оқуымыз керек. Біз бағасына қарап, арзан екен деп ала саламыз, бағасына емес алдымен сапасына қарауымыз керек. Жақсы тағам арзан, қымбаттан тұрмайды, оның құрамындағы пайдалы заттардан тұрады. Содан соң күнделікті тұтынатын тағамнан тұз бен қанттың мөлшерін шектеу қажет. Газдалған сусындарды мүлдем ішпеген жөн: олардың құрамында қант өте көп. Оның орнына шөп шай мен көкөніс пен жеміс-жидектерден жасалған шырын ішіңіз. Асқазан ішек құрылысының шырышты қабатын жақсарту үшін сорпаны, оның ішінде сүйектен жасалған сорпа өте жақсы көмектеседі. Жалпы айтқанда тамақтану болсын, тәрбие болсын жауап іздесек барлық дүние өзіміздің тамырымызда, ата-баба жолында жатыр. Сондықтан, ұрпақ денсаулығы, ұлт денсаулығы алаңдатса, табиғи, таза өнімдерді пайдаланайық!
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист

235 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз