• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Өркениет бастауы – сөз

Əдебиет дегеніміз – тіл. Көркем шығарма – сұлу сөзден сомдалып соғылған сөз өнері. Сондықтан да əдебиет жайлы сөз болғанда, оның тіліне соқпай өте алмайды. Əдебиет туындысын талдау оның тілін талдаудан басталады. Тілі нашар шығарма ары қарай сөз қылуға тұрмайды да. «Қазақ əдебиеті» газеті «Ауру сөйлемдердің емханасын» ашып, тілінде кінəраты бар шығармаларды «емдеп» отырды.  «Жұлдыз» журналы да «Кітап аласы ішінде» деп, көркем шығармалардағы тілдік келеңсіздіктерге қарсы күрес ашты.  1984 жылдың желтоқсан айында Қазақстан Жазушылар Одағының ұйымдастыруымен «Соңғы жылдардағы қазақ көркем шығармаларының тілі» атты конференция өтті. Конференцияда бас баяндамашы ретінде үш сағаттай сөйлеген сексен екідегі Ғ.Мүсірепов баяндамасын «Ана тілін анамыздай ардақтайық» атапты. Бұрын да ана тіліміз жайлы айшықты ойлар айтып келе жатқан Ғабең бұл жолы да осы салада орын алып келе жатқан кемшіліктерді бетің бар, жүзің бар демей, ортаға жайып тастайды.  Қазақ əдебиетінің тарихын тереңдете зерттеу мəселесі бүкіл сексенінші жылдардың күн тəртібінен түскен жоқ. Ауыз әдебиетінің, әдебиет тарихының, жекелеген ақын-жыраулардың шығармашылықтарының проблемалары хақында көптеген мақалалар жарық көрді. 
 

1972 жылғы сын туралы қаулыдан кейін жыл сайын «Уақыт жəне қаламгер» жинағы шығып тұрды. Жинаққа қазақ қаламгерлерінің қазіргі əдеби өмірдің өзекті мəселелеріне арналған, сол кездегі əдеби сыншылық ой-пікірдің өресін, қарымын аңғарта алатын мақалалар кірді. 
Сексенінші жылдардың əдеби өміріндегі тағы бір жаңалық жас əдебиетшілерге арналған «Сөзстан» жыйнақтарының шыға бастауы еді.  «Сөзстан» жалпы əдебиетті сүйген жастарды, қолына жаңа қалам алған талапкерлерді сырлы да сұлу сөз өнері əлеміне, оның қызық та парасатты процестеріне тағылымды да ғибратты саяхат жасатып қана қоймай, олардың сенімді серігі, ойланып оқыр «оқулығы» да болды. «Сөзстан» сияқты белгілі бір мақсатта шыққан кітаптың бірі «Жас­тар жастар туралы» (1981) тұтастай жас ақын-жазушылардың шығармашылығын саралаған сын мақалалардан құралды. 
Жиырмасыншы ғасырдың соңына қарай ғасырлар бойы алты алаштың аңсаған арманы – азаттықтың ақ таңы арайланып атып, қазақ өзінің тəуелсіздігін жариялады. Алғашында сенерін де, сенбесін де білмей, абдырап қалған халқымыз бетті тəуелсіздік даму жолына қарай бұрды. 
Тəуелсіздіктің туын көтеріп шыққан сол бір тарихи күндердің қуанышын жаңа қоғамның қатал экономикалық, мəдени қарым-қатынастары су сепкендей баса бастады; экономика дағдарысқа ұшырап, халықтың əл-қуаты нашарлай түсті; мұның аяғы рухани өмірде де түрлі келеңсіздіктерге апарып соқтырды. Білім-ғылым, мəдениет-əдебиет түгілі халықтың тамағын тойдыру, киімін бүтіндеудің өзі қиындай берді. Жабайы жүргізілген жекешелендірудің салдарынан мəдениет орындарының көпшілігі жабылып, қалталылардың қолына көшті. Жазушылар Одағы сияқты шығармашылық одақтардың барлығы дерлік мемлекеттік қаржыландыру жүйесінен шығарылып, қоғамдық ұйымдарға айналды. Мұның өзі қазақ əдебиетінің дамуына да əсер етіп, қаламгерлер көркем шығарма жазбақ түгілі қарақан басының қамын күйттеп кетті.
Баспасөз бетінде əдебиеттің көркемдік проблемаларынан гөрі оның əлеуметтік мəселелері көбірек көтерілді. Сыншылардың өз ойларын ортаға салған мақалаларда əдебиетіміздің жай-күйі, дамуы, болашағы жайлы алаңдаушылық орын алды. Күн тəртібінде жаңа дəуірдегі, нарықтық қатынастар жағдайындағы əдебиеттің тағдыры қалай болады, өмірдегі орны қандай, қандай бағытта болуы керек деген сияқты мəселелер тұрды. Баспасөз бетінде осы мəселелер төңірегінде ой толғаған бірсыпыра мақалалар жарық көрді. Əдеби басылымдар түрлі пікір алысулар ұйымдастырып, қаламгерлер арасында əдеби өмірдің өткір проблемалары хақында сауалнамалар жүргізді. Қазақ қаламгерлерінің бас газеті «Қазақ əдебиеті» газеті «Азат елдің əдебиеті қандай болуы керек?» тақырыбы бойынша, талқылауға 7 сауал ұсынды:
«1.Қазақта ұлттық əдебиет бар ма? Қазақ совет əдебиеті деп жүргеніміз қандай əдебиет?
2.Егер қазақта классикалық əдебиет бар дейтін болсақ, оның өзіндік түр-тұрпаты, сыр-сымбаты неде деп ойлайсыз?
3.Қазақ совет əдебиетінің негізін қалаушы классиктеріміз қазақ əдебиетінің классигі болып, ғасырдан ғасырға көше ала ма?
4.Тарихи шығармаларда халқымыздың шынайы тарихы көрініс тапты ма?
5.XXI ғасырдағы қазақ əдебиетін қалай елестетесіз? Алғы шарттары бар ма?
6.Нарықтың көркем əдебиетке əсері.
7.Бүгінгі жағдайда əдеби сынның міндеті» («Қазақ əдебиеті», 9.10.1992)». Сауалнамаға сол кездегі белді қаламгерлердің көпшілігі қатысып, өз пікірлерін білдірген. Тоқсаныншы жылдардың бүкіл өн бойында тəуелсіздіктің алғашқы жылдарында нарықтық заманның қыспағында қалған əдебиеттің жай-күйін толғаған мақалалар баспасөз бетінде үзбей жарияланып тұрды. Бір жағынан, тəуелсіздікке қолы жетіп, екінші жағынан, нарықтың қыспағында абдырап қалған, аңдысын аңдығандай сыңай байқалғанмен де тоқсаныншы жылдардың соңына қарай қазақ əдебиетінің тағдыры жайлы пікір алысу күшейе түсті. Бұрындары əдеби басылым беттерінде нарықтық замандағы руханияттың, əдебиеттің қоғамдағы орнын айқындау көбірек сөз болса, енді əдебиеттің өз жайын – көркемдік мəселелерін талқылауға бет бұра бастады. Тəуелсіз ел алдымен, тарихын біледі. Ғасырлар бойы отаршылдардың көзқарасымен жазылып келген қазақ əдебиетінің тарихына, ауыз әдебиетіне ұлттық сана-сезім биігінен көз жіберу басталды. Өткен кездерде жасаған қазақ əдебиетінің үлкенді-кішілі өкілдерінің шығармашылықтарына, ауыз əдебиеті үлгілеріне арналған зерттеу мақалалар ұдайы жарияланып тұрды. «Қазақ əдебиеті» газеті əдеби өмірде жүріп жатқан өзгерістер жайлы сауалнама ұйымдастырды. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі постмодернизмге сын көзімен қараған.
Тəуелсіздік тұсында əдебиеттің сын-зерттеу саласында жүргізілген ізденістердің барысында бірсыпыра іргелі еңбектер өмірге келді. «Қазақ əдебиеті тарихының» он томдық академиялық басылымының шығуы рухани өміріміздегі сан ғасырлық қазақ əдебиетінің тарихын ғылыми тұрғыдан жүйелеген, əдеби мұраны сын-зерттеу жетістіктеріне сүйене отырып, бүгінгі күн биігінен қайта саралап, бағалаған, ұлттық сөз өнеріміздің шынайы болмысын, өзіндік даму ерекшеліктерін халық тарихымен, мəдениетімен байланыстыра отырып, ұлттық мүдде аясында зерделеген, əлемдік əдебиетке қосар неміз бар, əдеби-эстетикалық деңгейіміз қаншалықты деген сауалдарға жауаптар берілген айтулы оқиға болды. Сонымен бірге, он томдық «Қазақ əдебиетінің тарихы» ұлттық əдебиеттің сыны мен ғылымының əдеби дамудың алдында тұрған қандай мəселе болса да көтере аларлық биік өресін байқатып, жеткен жетістіктерін жинақтаған, қорытындылаған іргелі еңбекке айналды. Қазақ халқы үлкен үмітпен жаңа – жиырма бірінші ғасырға аяқ басты. Нарықтың қыспағында қалған экономиканың бойына қан жүріп, ел тұрмысында оң өзгерістер байқалды. Десек те руханият саласы халықтың көңілін көншіте бермеді. Ғасырларға созылған рухани езгі өз дегенін істетпей қоймады.Екі мыңыншы жылдардың екінші жарымына қарай тіл мəселесі қазақ қоғамында күрделілене түсті. «Тіл туралы» заңда, президенттің сөздерінде қазақ тілін мемлекеттік тілге айналдыруда оң бағыттар межеленгенімен де оларды жүзеге асыру барысында қиындықтарға кездесіп, жақсара түсудің орнына керісінше, ушыға түсті. Қазақ тілі мемлекеттік тілге айналып, ұлттың рухы көтерілмей жатқанда, «қазақстандық ұлт», «үш тұғырлы тіл» мəселелері бой көтерді. Ұлтжанды зиялылар бұл концепцияға да қарсы шықты.
Әдеби дамудың бірден-бір шарты саналатын сын мəселелері күн тəртібінен ешуақытта түскен жоқ. Тіл мəселесінің шешілмеуі, соған байланысты қоғамда жүріп жатқан өзгерістер, оның көркем əдебиетке əсері, руханият əлеміне жаңаша көзқарас – барлығы бір-бірімен байланысып жатқан болса, мұның өзі əдеби сынға да əсер етпей қоймады. Бұрынғы социалистік көзқарас тұрғысынан қалыптасқан рухани құндылықтар тəуелсіздік алғаннан кейін ұлттық мүдделерге сай қайта қарастырыла бастаған кезде Батыста күшейе түскен жаһандану үдерісі қазақ даласына да жетіп, мүлдем жаңаша жағдай туындады. Ғасырлар бойы жасалынған рухани құндылықтарына шын мəнінде енді қолы жете бастағанда, жаһандану жетіп, жағаға жармасты. Мұның өзі көркем əдебиетті эстетикалық – рухани тұрғыдан бағалайтын əдеби сынға да оңайға түспеді. Көркемдік танудың ұлттық, батыстық жолының қайсысына түсерін білмеген əдеби сын да дағдарғандай күй кешті; əдеби өмірдегі өзінің негізгі көшбасшылық рөлінен айрыла бастады. Əдебиетпен бірге оның сынында да тоқырау байқалды. Десек те, сын əлсірегенмен, ол жоғалып кеткен жоқ. Бұрынғыдай дүркіремегенмен де өз міндетін шама-шарқынша атқарып жатты. Сынды жоқтаған, жағдайын анықтаған, алда не істеу керектігін саралаған пікірлер сирек те болса, бой көрсетіп тұрды. Мұндай пікірлерді көбіне əдеби басылымдар ұйымдастырды.Екі мыңыншы жылдардың өн бойында «қазіргі əдебиеттің дамуында тоқырау байқалады, оның сынының да өрісі тарылып, құлдырап барады» деген сияқты пікірлер ұдайы айтылып, дабыл қағылып жатты. Сынның əдебиетпен, ал əдебиеттің жалпы руханиятпен байланысы ескеріліп, мұндай келеңсіз құбылыстардың орын алуы заманның сипатымен, соған байланысты рухани құндылықтардың өзгеруімен деп түсіндірілді; бұған жол беруге болмайтындығы ескертіліп, тығырықтан шығудың жолдары іздестірілді. Əдеби сын бұрынғыдай күшті болмаса да жаңа дəуірге сай өзіне тиесілі міндеттерін атқарып жатты.
Қазақстанның рухани өмірінде қазақ əдебиетінің түрлі мəселелеріне қатысты бірсыпыра қызу айтыстар болып өтгі. Əдеби пікірталастардың өріс алуына елімізде кеңінен қанат жая бастаған демократиялық үрдістер, сөз бостандығы, ең бастысы рухани құндылықтарға деген көзқарастың өзгере бастауы сияқты факторлар тікелей əсер етті. Өткенде жазылған əдеби мұра ғана емес, көзі тірі қаламгерлердің шығармашылығы да тəуелсіздік тұрғысынан қайта сарапталып, жаңаша пікірлер айтыла бастады. Мұндай пікірлердің кейбіреуі дау-дамайларға, əдеби, тіпті пендешілік айтыстарға ұласып жатты. Бұл кездегі əдеби сынның бір ерекшелігі сыналмаған, атына артық-кем сын айтылмаған белгілі қаламгер қалмады десе де болғандай.Екі мыңыншы жылдардың əдеби өмірінде əдеби айтыстардың туындауына қоғамда демократияландыру бағытында жүріп жатқан өзгерістер, жаңарулар тікелей əсер етті. Сын қоғамдық дамудың бірден-бір шарты десек, осы кездердің əдеби өмірінде орын алған əдебиеттің бүгінгісіне, кешегісіне қатысты туындаған пікір алысулар кейбір кемшіліктеріне қарамастан, рухани өміріміздің жетіле, ширай түсуіне айтарлықтай септігін тигізгені анық.
Заманның өзгеруіне байланысты жаңа дəуір көркем əдебиетке де жаңа талаптар қойды. Бұрынғы социалистік реализм əдебиетінің негізгі қағидаларының өзгеруі əдебиеттің əдіснамалық негізіне соны жаңалықтар əкеліп, оны қазақ əдебиетінің ұлттық дəстүрлеріне əсер етіп жатқан əлемдік əдебиетте жүріп жатқан шығармашылық үрдістер аясында зерделеу жұмыстарын күн тəртібіне шығарды. Қазақ əдебиетін теориялық тұрғыдан жаңаша пайымдауға ұмтылған бірсыпыра материалдар шықты. Демократиялық даму жолына түскен қазақ қоғамының рухани мəселелері де ашық талқыланып жатыр. Күні бүгінге дейін əдебиет дегеніміздің өзі не, қай бағытта дамуы керек, жаһандану жағдайындағы əдебиеттің жай-күйі, постмодернизм жəне қазақ əдебиеті деген сияқты дəуірдің өзі ұсынып отырған аса маңызды проблемалар əдеби сында қызу талқылануда. Қазіргі қазақ əдеби сынына еркіндік, батылдық тəн. Мұның аяғы кей кездерде артық-кем пікірлердің айтылуына, сынампаздыққа соқтырып, дау-дамайларға ұласып жатады. Десек те, тəуелсіздік тұсындағы қазақ əдеби сыны кейбір келеңсіз кемшіліктеріне қарамастан, дəуір талабынан туындаған міндеттерін абыроймен орындап келеді. Қоғамдық өмірдің жетіле түсуі ондағы сын мен өзара сынның дамуына тікелей қатысты болса, көркем əдебиеттің көркеюі де әдеби-эстетикалық ой-пікірдің дамуымен тығыз байланысты. Қазақ əдеби сынының тарихы есте жоқ ескі замандардағы халықтың рухани қажеттілігінен бастау алып, қоғамның дамуымен бірге дамып, жетіліп, əдебиеттің, оның ғылымының, баспасөздің тоғысқан түйінінде əдеби өмірді зерттеп, оның жетістіктері мен кемшіліктерін саралап, бағалап, оқырманның көркем əдебиетті дұрыс түсінуіне көмектесіп, келе жатқан əдеби, ғылыми-публицистикалық сипаттағы шығармашылық, қоғамдық сананың бір саласы ретінде ұзақ тарихи жолдардан өтті.
Қоғамдық өмірдің дамуымен бірге әдеби-эстетикалық ой- пікірлер де не бір қилы замандарды басынан өткеріп, жетіле түсіп, бүгінгі күнге жетіп, тұтастай бір ұлттық әдеби сынға, әдебиеттану ғылымына, ал сөз өнері – көркем әдебиетіміз халқымыздың рухани қажеттілігін өтеп отырған әлемдік деңгейдегі ұлттық әдебиетке айналды.
Иә, адамды алақанға салып, аспанға көтеріп, бақытты қылатын да – сөз, не болмаса, табанға салып, илеп, қор қылатын да – сөз. 
Ұлтты ұйыстыратын да, не бордай тоздыратын да – сөз. Демек, сөзі мықты, яғни сөз өнері – әдебиеті мықты ұлт та мықты.  
Мұның барлығы дерлік, сөздің құдіреті арқылы жүзеге асады. Сөздің магиясы сөз өнері арқылы жүзеге асып, әр адамның бойына күш-қуат дарытып, өміршеңдік қабілетін арттырады; адамдардың ойы мен сөзі, сөзі мен ісі бір арнаға түсіп, бірлігі арта түседі; бірлігі мықты елдің тірлігі де – мықты.
Қазіргі қазақ – қазақ тілінің, сөз өнері арқылы сол тілде жасалынған рухани қазынаның арқасында ұлттық бірлікке қол жеткізген саналы ұрпақ. Не бір алмағайып замандардан бізді аман-есен алып өтіп, бүгінгі жаһандану дәуірінде де бізді сақтап қалып, өркениетке бастап бара жатқан да осы – сөзіміз. Бұған қазақ сөзінің, сөз өнерінің жүріп өткен тарихы көзіңізді жеткізеді.                        (Соңы. Басы өткен санда). 

 Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, 
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, 
филология ғылымдарының докторы

 

1709 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз