• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Ғұн өркениеті

академик Әлкей Марғұлан жазбаларында

Келесі жылы академик Әлкей Марғұлан атамыздың туғанына 100 жыл толады. Жүз жылдық қарсаңында академиктің ғұн өркениеті хақында жазған ой-толғамдарына, ғылыми дәйектеріне зер салдық. 
Жалпы, Әлкей Марғұлан ерте заманғы Тұран тарихын, түркілердің асыл түбі ғұн екендігін, қытай жылнамаларындағы деректерді лайықты пайдалана отырып, ғұн мен көне дәуірдегі түркілердің (прототүр­­кілер) тілдеріндегі төркіндес­тікті саралап, ғұн-сақ жазбаларына, тарихи аңыздарына, Еуропа елімен қарым-қатынасына, ғұн, сақ, қаңлы, үйсін тайпаларының сәулет өнеріне, мифтеріне, ғұндардың жаратылыс-болмысына, антропологиясына ден қойған, тұрлаулы ой-пікірлер өрбіткен. Эратосфен (б.з.б. ІІІ ғасыр), Страбон (б.з.б. 63 - б.з. 19 ж.), Плиний (І ғ.), Помпоний Мелос (І ғ.), Дионисий Периегет (ІІ), К.Л. Птоломей (ІІ ғ.), Аммиап Марцеллин (ІV ғ.), Клавдий, Иордан, Менандр, Приск Панийский, Моисей Хоренский (ІІІ ғ.), Феофилакт Симокатта, Ф. Хирт тәрізді ойшылдардың жаңалықтарына жүгіне отырып, байырғы тарихи тамырларымызды, дәстүрлерімізді, мифологиялық дүниетанымымызды жандандырып тірілтеді. В.В. Бартольдтың «Ғұндарды тегінде түрік деп атайды. Қытайлар өзінің тарихында VI ғ. түріктерді ғұндардың ұрпағы деп көрсеткен» дейтін тұжырымын мол деректермен тереңдетеді.
Парсылар ғұндарды түріктер деп атаған. Түріктер ел билеушіні «қаған» деген. Сол заманда елтұтқасы Қаған Рум патшасы Маврикиге елші жіберіп, былайша хат жазған: «Румның патшасына ұлы Қағаннан, жеті жұртты басқарушы, жеті ықылымды билеуші, әбдел (эфтал) елін өзіне бағындырушы, Еуропаға ауып барған ауарлардың (ғұндар) одағы Істеміс (Стемвис) қаған». Әрі қарай тарихи, мәдени тұрғыдан былайша кеңінен түсіндіреді: «Түріктердің есінде сақталған екі ұлы бейнесі бар. Бірінші, ескі дәуірден бері қарай олар ұлы апатқа ұшырамаған, жер сілкінуді білмеген. Екінші – олардың табынатын сәуегей орны аспан мен жер. От, аспан, жер-су, жерге қарап бас ию – олардың әдетті ісі. Аспанды «Тәңірі» дейді, оған арнап жылқы, сиыр, қой сойып құрбандық шалады, сәуегейлік жыр шығарады. Олардың арасында бақсы, абыз деп аталатын ойшылдары бар, олар ілгеріні болжап аңыздар шығарады.» (Әлкей Марғұлан. Т.13.190-191 беттер)
Бұл мәтіннен халқымыздың ғасырлар тұңғиығындағы таным-түсінігі, ойлау ерекшелігі, ырым-нанымы, табиғатқа, тәңірге сиынуы, шаруа-кәсібі ап-айқын көрінеді.Ә.Марғұланның жазуынша, латын тілінде V ғасырда ғұндардың өмір тарихы бойынша жасалған карта Британ музейінде сақтаулы. Мұны ыждаһатпен тиянақты байыптаған мадияр ғалымы К. Немет екен.Ғұлама ой сәулесін төл тарихымыздағы құпия-жұмбағы мол сөз-ұғымдардың ішкі мағынасына, рухына түсіреді. Ол ғұн тайпаларының бір бұтағы Окір (Окир) екен деп көрсетеді де, найман шежіресінде «Өкіреш-Найман», «окір», «өгіз» сөзінен шыққандығын дәйектеп жазады да, наймандар ежелгі дәуірде салтанатты жиын жасап, шүлен таратқанда «көк бұқа» сояды екен. Халық музыкасындағы «Көк бұқа күйінің» аңызын Г.Н. Потанин хатқа түсірген. Ұлы бабаларымыз жиырма жеті ғасыр бұрын мал шаруашылығымен шұғылдануды бастаса, қола дәуірінде алтын балқытуды, сонан соң көзе жасау (керамика) шеберлігін, қолөнер кәсібін, жылқыны қолға үйрету мәнісін, қия жартастарға аңыздық сюжеттерді арқау етіп сурет салу өнерін мінсіз меңгерсе, хайуанаттар дүниесін де жоғары дәрежелі сезіммен, парасатпен қадірлеген. «Ғұндардың ой-санасына негіз болған бір жүйе – олардың тотем болған хайуандарды қадірлеп ардақтауы. Олардың ішінде ерекше орын алған, әсіресе, көк бұқа, марал, бөрі. Көк бұқа – ең құдіретті тотемнің бірі, ел билеуде оның алапаты, күштілігі өз алдына бір елес болып тұрады. Бұқа төтемінің сипаты алтынға, күміске, қолаға түсірген суреттерінің жиі кездесіп отыруы» деп, тарих құпиясын толғайды.
Ел тарихында, халық санасында «бұқа» сөз-ұғымы құрметпен аталады. Айталық, өзі жырау, өзі білімпаз, өзі ұстаз, өзі терең ойшыл Есей-Бұқа дейтін тарихи тұлға бар. Және де Инаныш Білге Бұқа хан, оның балалары Тай-Бұқа мен Бай-Бұқа бар. Сондай-ақ Сасық-Бұқа бар. Негізінде, «бұқа» – көшпелілер дүниетанымында алапат қайраттың рәмізі, түркі тайпалары мен ұлыстарындағы мәртебелі, дәрежелі лауазымның атауы. Ғұн тілінде де, кейін келе мажар тілінде сақталған.
Қазақ тілінде «құжбан бұқа» – жеті жасар жетіліп марқайған дейтін бейнелі оралым бар. Жыр дүлдүлі Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» дастанында:
Әр елдің бұқалары, өгіздері,
Қызыл көз, саба құрсақ, семіздері – десе,Сәбит Мұқановтың «Мен сенің өгізіңмін өрге жегер» – деп, бұқа мінезді («бұқа дауысты», «бұқа көз» дейтін де тіркестер бар), қуатты, айбатты қалпын танытады.Не деген психологиялық тереңдік, поэзиялық шеберлік, мифологиялық сана!Тарихи сабақтастық, дәстүр жалғастығы да керемет: «Ғұндардың әдет-ғұрпы, тұрмыс-салты, мал бағуы тегісімен қазақтікімен бірдей, құда түсу, қалың беру, күйеудің ұрын (жасырын) келуі, қызға әдемі жасау тарту, әмеңгерлік, тізе бүгу, атқа табыну, түскен келіннің атасының үйінде отқа май құюы (от-ана, май-ана). Демек, от – үй ошағының киелі түрі, сақтаушысы, бәрі түркі тайпаларында сақталған. Кісі өлгенде «бетін жырту», «жоқтау айту», ас беру кейінгі заманға дейін келді. Қазақ әйелдерінің «бетім-ай!» – деп жай отырғанда күрсінуі осыдан шыққан. Мұның бір қызық жері, «бетін жырту» Түрік қағанаты кезінде Сарайдың іргесінде суретке де түсірілген. Оны Пенжікент қаласын қазғанда оның кабырғасынан «бетін жыртудың» бір топ суреті кездескен». 
Ұлт көсемі Әлиханның «Құдайдан кейін күшті нәрсе ғылым, ғылымнан кейін күшті нәрсе дәстүр», «Анық түрік затты халық тілі – біздің қазақ тілі» дегеніне тарих табалдырығынан жеткен осынау жарқын рухани рәсімдер толық дәлел. Бұлардың символикалық, мифологиялық, көркемдік, психологиялық, дүниетанымдық мәні де ересен. Ұлттық тарихқа құштар шығармашылық-интеллектуалдық мәдениеті жоғары есті оқырман көне заманғы өміршең сарындарға тәнті болары хақ. Бұл ретте Алланың 99 көркем есімдерінің бірінде: «95. Әл-Бәди. Көркем жаратушы. Көктер мен Жерді Көркем Жаратушы» делінген. Біздің ұлы бабаларымыздың интуициясы, рухани білігі, түйсігі белгілі бір дәрежеде аспан денелерінің қозғалысын, сырын, құдіретін аңдаған.«Ең бір ес қоятын нәрсе, ел басқару ісі, қауымның құрылысы. Ғұндар хандарының атын «Көктен туған, көк жаратқан» деп ат қойып, – «Тәңірі Кұт Тәңірі» деп атаған, қытай жазуында «тіңлі көто тан-ху» «Тәнірінің ұлы Тәңірі». «Көк Тәңірі» алтын жарық секілді Жер бетіне түсіп, ол ұлтты өз рухының тынысымен Құтқа бөлеп кетеді екен. Құт иесі болуы – адамдыққа ие болу деген сөз. Құран Кәрімде «Адамдарды Құт иесі қылдың» делінген. (Зия Көкалып. Түрікшілдіктің негіздері. Алматы, «Мерей», 2000. 116-бет)
Ислам дәуірінен бұрын-ақ ежелгі байырғы Ұлы Дала халқы «Көркем Жаратушының» кереметіне тағзым жасаған, бас иген. Мүмкін олар халықтық білім мен тәжірибені еркін меңгеріп, алхимия, астрология, астрономия, магия, жаратылыстану ілімдерінің құпиясына үңілгендей. Мысалы, Оғыз қаған жырындағы «Алтын қазық» – «Темірқазық» жұлдызын меңзейді.Ел билейтін ұлы басшыларын «төрт мүйіз» деп атаған. Олар көбінесе жете, тегін «мүйіз» күшті, алып, хайуан дәу бұқаның мүйізінен алған мегзеу. Ерте заманда «бұқа» ғұндардың бағынатын бір тотемі, оны ардақтап, кісі форымдас түрін алтын, күміске де құйып отырған (Ноин-Ула)».  
Осы бір қастерлі ұғым-түсінік ұлт тілінде «ай мүйіз», «қу мүйіз», «мүйіз жүректі», «шаңырақ мүйіз», «су мүйіз», «мүйізі қарағайдай ақ серке», «мүйіз жапырақ» (су бетінде қалқып өсетін тамырсыз көпжылдық өсімдік), «мүйізкесер» (мүйізден бұйым жасайтын ұстаға берілетін қолақы). «Ұстамен жақсы болсаң, мүйізкесерін аларсың» (мақал), «мүйізтұмсық» дейтін поэзиялық, символикалық сипаттамалардың тууына себеп болғандай.Ұлы бидің атағы Жуки-данышпан, кемеңгер, білгіш, қазақша – Жауке, енді бірінің атағы ду-юй, қазақшада «дүй» – ұлы, биік, қазақтар айтады ғой, «мынауың бір дүй ғой» деп оқымысты халық тіліндегі көнерген сөздердің мағынасын да тірілтіп отырады. 
Бергі замандағы сияқты ғұндар көп тайпаларын 24 жұртқа (ұлысқа) бөліп ұстаған. Ғалымдардың оған таңқалатыны: «замечательно, что некоторые черты государственного устройства Хуннов (гуннов) повторяются и в новейшей истории Средней Азии, так число 24 имело значение как в политической жизни Хуннов (24 владения) и в истории огузов на Сырдарье». Мұнда мемлекет құрылымының сипаты және оның саяси тұғырнамасы, ру-тайпалар түзілісі көрсетілген.  Ғұндардың тұрмыс-тіршілігі, шаруа-кәсібі, қонысы, ырым-нанымы, ғұрып-салты, елдік мұраты, жаратылысқа, табиғатқа құрметі, ойын-сауықтары, тас жазулары, сәулетшілік өнері жан-жақты баяндалған. Және де бұлар қазақтың қазіргі өмірінде қаз-қалпында сақталған. Енді Ә.Х. Марғұланның өзін тыңдайық, ұғайық: «Қытай анналдарының суреттеуінше, ғұндар жылында үш рет «шүлен таратып, ұлы той жасайды, оны «сой» деп атап, асқан жүйрік аттарды жарыстырып, жел жетпейтін түйелерді жүгіртеді.Жаңа жыл түскенде (бірінші ай) ел басшылары ағылып Тәңірі-Құттың ордасына жиналады, бәрі бірігіп, ел мәселесі туралы кеңес құрады. Бесінші айда, мал семіре бастаған кезде, аталардың Жерұйық жеріне жиналып, бабаларына ас береді, аспанға, жерге, аталар рухына табынып, ұлы құрбан шалады. Күзде, жылқы толық семірген кезде орман ішін аралап, Жер Тәңірісіне арнап құрбан шалады, бәрі қол көтеріп табынады, малдың, адамның санағын алады.
Ғұндар жаратылыстағы барлық көркем бейнелерге бас иді, аспанды, жерді, суды, тау-тасты, ұлы орман ағашты ерекше сүйді, оларды асыра көтеріп қадірледі, көкке мегзеп теңеді. Бұл дәстүр кейінгі түркі тайпаларына, оның ішінде оғыздарға, қыпшақтарға, қазақ, қырғыздарға зор әсер етті, Жер, Су, Жерұйық, Тәңірі-Тау не Хан Тәңірі табынатын отанның көркем бейнесіне айналды. Олардың аса бас иіп табынғаны Алтайдың көк таулары, Тарбағатай күнгейіндегі ұлы биік Тәңірі-Тау барлығы киелі деп санады. Ол әдемі таулар ғұндардың ата-бабасының Жерұйығы болған Сәуегей жер, онда ерте кезде мұнара, дың, құлпытастар орнатып, оған барып бас иетін, жазда қызықтайтын, таудың ішіндегі үңгірлерге жазу түсіріп, ұрпақтарға із қалдырған. Орхон, Енисей, Ертіс, Іле өзендерін таңсық етті, өзінің ата-бабаларының кеніштерін сол арада тұрғызып, ұлы «дың» жасады. Алтай тауын қытайлар «Ғұн тауы» деп атады. Ол жерде ата-бабасына арнаған биік мұнаралар (дың, храм) бар. Жыл сайын ол жерде шүлен тартып, ас береді.Демек, олардың ерекше қасиеттегені ата рухын қадірлеу, оған бас ию, жыл сайын ас беру, аспанға, Тәңірге табыну, айға қол көтеріп бата қылу, шығып келе жатқан күнге қарап табыну, оларға арнап сүтпен, қымызбен құрбандық ету, оны іргеге құю. Бұл әдет тұтасымен қазақтарда сақталды, барлығы тіршіліктің үміті үшін, мал, бас өркендеп ілгері басу үшін істеледі.Халықтың, Отанның басына ауыртпалық түскенде, Қытаймен қанды майдан соғысқа шығарда, барлық ғұн тайпалары Алтайдың әдемі тауына жиналып, қария сәуегейлер оның биік басына көтеріліп, қолын көкке көтеріп, сәуегейлік сөздер айтып, жыр мен ерлік дәуірін еске түсіреді. Оны естіген халқы ұран шақырып, елімізді, жерімізді Қытайға бермейміз деп анттасады. Алтай тауының Ертіс жақ бауырында жылқыдан боз қасқа әкеліп құрбандық шалып, барлық ел болып анттасады. Боз қасқаны әкелгенде, оның алдынан сәуегейлер, бақсы-жыраулар қарсы шығып, қолын көкке көтеріп, елінің аман болуын тілек етеді. Құрбандыққа көбінесе жылқыдан – айғыр, түйеден – бура, сиырдан – бұқа, қойдан – қошқар әкеп шалады. Ф.Клеердің барлауынша, жылқыдан құрбан шалу тәртібін Еуропа елі түріктерден үйренді» (194-195 беттер). 

***

«Латын жазушысы Ермий Созоменнің бақылауынша, «Күндерде бір күн сәйгелден мазасы кеткен бұқа көлді жүзіп өтіп оның арғы бетіне шығады, оның ізімен бақташы бірге шығады. Ол жер созылып жатқан бір шүйгін жер, оны еліне келіп айтады. Жаңа туған балаларға: «Ер алпауыт болсын» деп Өгіз (Өкір) қоятын болды». Қазақтың бата беру дәстүрі ғұн заманынан басталатынын көруге болады. Сондықтан да қытайдың ескі жазуларынан «ғұндардың жақсы көрген баласына беретін алғыс бата сөзі поэзия түрінде айтылған аса таңсық нәрсе» деп пікір өрбітеді де, мұны Ә.Х. Марғұлан былайша мөлдіретіп-төгілтіп жеткізеді: «Ай мүйізді аққошқарым бастаған отарлы қойым сенікі болсын! Қамыстай сүйір құлағының жиегінде кара меңі бар мөлдір көзді боз айғырым бастаған ұлан байтақ боз жылқым сенікі болсын! Шудалары төгілген, түсінен адам шошитын қара бурам бастаған отарлы түйем сенікі болсын! Мүйізі қарағайдай, бөрі келсе оны жармай тыныш таппайтын көк бұқам бастаған қара малым сенікі болсын!». Қазақ баласының, дала қазағының арғы замандағы ғажап дұға-тілектерінің үлгісі осындай. Білімі терең, телегей Ә.Х. Марғұланның ескі тарих жайындағы ой-тұжырымдары сан қырлылығымен, сонылығымен қызықтырады.
«Қытайдың ескі анналдарын жақсылап пайдалана отырып, ғұн мен ескі түріктердің (прототүріктер) тілдерінен көп жаңалықтар ашқан көбінесе ХХ ғасырдың ғалымдары, олардың ішінде Ф.Хирт, К.Ширатори, Л.Базен, О.Менхен-Хельфен, Ф.Альтхейм, Е.Пуллейбланк, Кеңес ғалымдарынан Ю.А.Зуев, В.В.Бартольд пен П.Пельо Қытай энциклопедиясы бойынша сәнбилер де түрік тілімен сөйлегенін дәлелдейді. Олардың ойын осы кезде Л.Базин де қарсы алды.Ғұн тілінен көп жазбалар сақталған жерлер Күншығыс Түркістан, Хотан, Керия, Лоб-Нор көлінің бойы, Дунхуань, Күнбатыста Мадьяр жер. Мадьярлар өзінің туысын ғұнмен, қыпшақпен, пешенекпен байланыстырып, бұл мәселеге ерекше көңіл бөледі. Олардың ғұн туралы тарихи аңыздарын ашық түрде сипаттаған ғалым Кираль-де-Дада. Бұл кісінің болжауынша, Мадьяр жерінде екі түрлі жазу түрі сақталды. Оның ескісі ғұн-скиф жазулары, соңғысы қыпшақ жазулары. Ғұн жазулары руна әріптері сияқты белгілермен жазылған, түрі Орхон-Енисей жазуларына ұқсас. Бұл жазудың ең ескі түрі Nagy Szen-Miklostan табылған алтын көзедегі жазу. Түрі Орхон жазуының ескі замандағы түрі.
Ғұндардың герман тілі мен мадьяр тілінде сақталған ескі қария сөздерін жақсы пайдаланған ғалым Ю.Блеер. Ол кісі ғұндар ескі түріктер, мадьярлардың кейбір тайпалары осылардан таралды. Германдардың ғұн туралы айтылатын байтақ қария сөздерін терең зерттей отырып көп жаңалықтар айтады. Аса таңсық нәрсе – «Скелер» туралы Еуропаға мәлім болған ғұндардың ескі аңыздары, олардың шежірелері.Ғалым ғұндардың түрікше сөйлеген сөздерін мысалға келтіреді, оның ішінде кісі аттары Еллас (елалас). Ернақ, Діңізек, нәрселерден – king lo – қынлы – (селебе), kutsz – күз – қыз, қыз бала, kul – kischi – күл кіші (слуга), т.б.
Түрікше сөйлеген ғұн сөздерінің бір тобын келтірген ғалым Ширатори екенін біз жоғарыда келтірдік. Ол кісі ғұндарды «күн» (күнну) сөзімен жазады, оның ерекше көңіл қойғаны «Тәңірі» – аспан, көк, біз «көк Тәңірінің ұлымыз» деп айтуы, енді бір ғажайып сөз toz, tuz қазақша төзім, төзу – дана, кемеңгер, ойшы. Ғұн сөздерін көп зерттеген ғалымның бірі В.А.Панов. Ол зерттеуші ғұндардың «не» сөзін Қытай тарихынан тапқан. Олардың ішінде белгілі сөз Чен-Ли, тан-ли (Тәңірі), тоу-ло – турук, тұрақ (стоянка), гу-ту – Құт (счастья), yen-chi, янги, ян-ши қазақша жеңге – әйел (біздің заманымыздан екі жүз жыл бұрын), Оу-то – одақ, қазақша отау (біздің заманымыздан екі жүз жыл бұрын), ци-лынь-сілік – таза, тап-таза, қазақша сілку – тазарту».  
Жазу тарихына қатысты академик Ә.Х. Марғұлан тарихи әдебиеттердергі бағалы пікірлерге ден қояды:«Е.Блошеннің зерттеуінше, түріктер руна жазуын ғұндардан мирас етті. Бұл жазуды ғұндар біздің заманымыздан ІІІ ғасыр бұрын қолданып, негізін арамей жазуының бұрын рунаға ұқсас ескі жазуының бір түрінен алды.Орхон жазуынан көп бұрын рунаға ұқсас ескі жазу болғанын В.В.Бартольд, С.В.Киселев, С.П.Толстов та айтады. Киселевтің зерттеуінше, «время зарождения тюркской руники обязательно к III-IV вв.», демек, ғұн заманына тиісті.Томсеннің анықтауынша, өз тілімен ерте заманнан сөйлеп келе жатқан түріктердің VI ғасырдан анағұрлым бұрын жасаған ел, түрік сөзінің өзінде бұрыннан келе жатқан сөз. Бұл сөзбен ерте кезде бүкіл бір династияны (сүле) көрсетпекші болған. Бірақ, В.Томсен мен О.Доннер Орхон жазуының кейбір әріптері арамей жазуынан шыққанына өте күмәнді деп қарайды.Ұлы ғалымдардың терең зерттеуінше, ғұн тілі ең ерте дәуірдегі түріктердің ескі тілі, Үйсін мен ғұндардың екеуі де ескі түрік тілімен сөйлескен, ғұндардың тілі Чао-Чюй (ойғыр) тілімен бірдей. Клапроттың қадағалап қарауынша, ғұндардың түрікпен туыстас ел екенін Абел Ремюза өзінің шығармасында айқындап көрсеткен. Олардың әдеті, ғұрпы Қытай мен Рим жазушыларының суреттеуінше түріктермен бірдей. Ғалым Қытай анналдарынан ғұнның 20 сөзін тауып, олардың түрікше сөйлегенін баяндайды. Ғұн мен түріктердің бір ұядан шыққанын жарқын түрде көрсеткен ғалымдардың бірі – Нейман. Ол кісінің баяндауынша, түріктер – ғұнның негізгі елі, бұлар сол ерте заманның өзінде түрікше сөйлеген». Тақырып тарихнамасы толық берілген.

***

«Бұдан анықтайтын мәселе, Оғыз қаған аңызын ерте заманда шығарған ғұндар екені даусыз, оны сол кезде қолданған тайпалармен, кейін тағы да жолығатын тайпалардың аты ашық көрсетеді. Оған ғұнның атақты тайпаларының қытайша әр түрлі жазатын Хянь Хоянь (Колан), Киан (қазақша – Киан), Лан, Хайби, Икюй (Қазақша Екей, Жамбыл ақын осы Екейлерден). Ғұн тайпаларының бір аты – Окір (Окар), бұл ат қазақ тілінде сақталған. Қазақтың найман тайпасы найманнан кейінгі атасы Окір (Өкіреш) дейді. Олардың шежіресінде Окір-Найман, не Өкреш-Найман ең атақты елге жатады. Демек, наймандардың өзі олардың тарихында ғұндардан тарағаны байқалады. Мұндағы «окір», «өгіз» сөзінің «р» мен айтылатын бір түрі. Наймандар ерте кезде ұлы той жасап мүшел тартқанда «көк бұқа» сойып, елінің қуанышын көкке жеткізгендей көтеретін. Халық музыкасында наймандарда «Көк бұқаның күйі» осы күнге дейін айтылады. Моңғол дәуірінен бұрын Алтайда бір үлкен ас болып оған найман, керей, уақ, меркіт елі жиналып бас қосқанда топ-тобымен әкеліп қырған «Көк бұқаның» бір мүшесі найманның бір атасы Балталы-Бағаналыға жетпей қалады. Оған өкпелеген Бағаналының басшысы елін артынан ертіп, Алтайдан Орталық Қазақстанға көшіп келеді. Бұл аңызды бірінші рет жазып алған Г.Н.Потанин, бірақ онын жазуында аңызға айналған «көк бұқаның» орнына «жылқы» айтылады. 
Рим жазушыларының ғұндардың ортасынан жазып алған аңызы бойынша, ғұндарға елес беріп, жол көрсетіп отыратын киелі нәрсе – ақмарал. Бір топ ғұн аңшылары Мэотіс батпағынан шыға алмай қиындыққа түскенде кенеттен бір марал келіп, батпақты кесіп өтіп, судың ар жағына шығып тұрады. Оған таңқалған ғұндар маралдың ізімен бірге шығады. Олар шыққан кезде ақмарал орнынан тайып, көз ішінде жоқ болады. Бұл аныз Рим жазушыларына үлкен әсер етіп, әрбір әдебиет сюжеттерінде еске түсіріп отырады.
Ақмаралды осы күнге дейін қадірлейтін ғұндардың ұрпағы қазақ ұлысы. Жақсы туған қызын әрі ақылды, әрі сұлу болсын деп Ақмарал деп атайды» (197 бет). Қазақта «бір үйір жылқыдан жеті шобыр ат шыққанша, жеті үйір жылқыдан бір сәйгүлік шықса етті» дейтін сөз бар. Ел тарихында жылқыны аруақтап ұстаудың бес мыңжылдық тарихы бар. Бұған адамзат өркениеті тарихындағы Ботай мәдениеті айғақ. Ә.Х. Марғұлан айтады: «Қазақ сахарасы мен Орта Азия тарихында кездесетін түркі тайпаларының барлығы ғұндардан тарап өсті. Олардың ең қадірлі ісі – жылқыны әдемілеп бағатындығы, асқан тұлпар атты қадірлеп, оны культке айналдыруы. Бұл әдет қазақтарда осы күнге дейін сақталды. Қытай тарихында ғұндардың тұлпарларын күнінде 1000 ли (500 километр) жүгіретін жүйрік деп атаған. Ондай асқан жүйрік Бөденің әкесі Тұман ханда болған. Күніне мың ли жүгіретін ғұнның тұлпарлары асып түскен ұлы қазына дейді Қытай жазушылары.
Ғұндардың шаруашылығы, тұрмысы, шығуы, тілі сөйлеуі тегісімен түрік екендігін тағы да толып жатқан деректерді көп ғалымдар келтіреді.Ғұндардың ескі дәуірдегі кісі аттары, олардың сол кездегі сөйлеген сөздерінің бірталайы кейінгі заманға дейін келіп жетті. Академик В.В.Бартольдтың анықтауынша, ғұндардың тілі ең ескі түрік тілінің бірі. Ғұндар екінші ғасырда Орал өзені бойын қоныстап отырғанда, Птоломейдің хабарлауынша, олар ол жерді Даиқ деп, кейін Мениндр Дайх деп жазады, демек Яик деген сөз. Мүмкін ғұндар кейін айтылатын и не ж-ның орнына д әрпін пайдалануы ғажап емес. Бұл «Яик» сөзін ерте кезде қолданғаны анық, бірінші түрік сөзі деп түсінуіміз керек. Екінші бір өте ерте кезде қолданған сөз «Картасым» (Қардасым). Бұл «қардасым» сөзі ескі дәуірінде айтылған бірінші түрік сөзі. В.В.Бартольдтың зерттеуінше, «Картасым» скиф (сақ) заманында айтылған өте көне сөз сияқты. Күнбатыс ғалымдарының болжауынша, ескі түріктер скифтермен туысқан ел, антик заманында көшіп жүрген ел. 
Академик Ә.Х.Марғұлан ой-тұжырымдарының беломыртқасы – ғұндар хаттарының мәтіндері, лидерлік, патриоттық, стратегтік ойлары. Мысалы: «Ғұндардың хаттары көбінесе қақтаған ағаш қалақшаға, не теріге жазатын болған (грамота на дщице, длиной 30 см.). Ең таңсық нәрсе Қытай үкіметіне арнаған ресми хаттары. Ол хаттарда ғұнның ел басқаратын Тәңірлері өздерін ұлы бейнеде, жойқын алып түрде көрсетіп, «Біз көк пен жерден туған, таққа күн мен ай әкеліп отырғызған ғұн Тәңірісі» деп көрсететін болған.Біздің заманымыздан 192 жыл бұрын ғұнның атақты алып ері Бөде, көрші елге тыныштық бермейтін қанішер Қытай елін сөгіп, оларға жазған хатында былай деген: «Қынжылғыш алжыған кәрі патша, батпақтың арасында туып, жылқы мен сиырдың арасында өскен, талай рет жеріңе бардым, әуес еткенім сенің еліңді білу еді».Одан бір жылдар өткеннен кейін (176 жылы б.з.б.) жазған хатында Күншығыс Күнбатыстағы тайпалар, Орта Азия, Каспий теңізіне дейінгі жер бізге бағынады. Жалғыз-ақ бір қиянат нәрсе – Қытайдың шекарада тұратын ұлықтары көрші елдің тынышын кетіріп, оларға тілін тигізеді. Бұл біздің татулық туралы жасасқан келісімге тура келмейді. Хуандиді татулыққа шақырып, Тәңірі Құтлук деп қол қояды». «Ғұндардың жазу үлгісі тек тарихи белгілерде ғана сақталып қалған жоқ. Ол Қытай анналдарында айқын түрде суреттеліп отырады. Олардың көрсетуінше, ғұн мен үйсіндердің, қаңлылардың бір тәртіпке түсірген әліппе жазулары, ресми жарлықтары болған. Ол жазуды олар саяси істе, рухани тіршілікте (ағаш қалақ), ыдыс-сауыттарда, құрбандық (табыну) істерінде пайдаланып отырған. Оның бірталайын біз жоғарыда мысалға келтірдік. Ол жазуды ескі Қытай анналдары Ху (Куу) елінің жазуы деп көрсетеді. Демек «Ху» (Куу) ғұндардың ескі аталары. Чжоушу (глава 50), Суйшу (гл. 84) айтылған: «түріктердің жазулары Ху (Куу) елінің жазуына ұқсас».
***
Ғұндар «туысқаның Картазис деп атаған. Оған ой бөлген Нельдеке бұл ескі түрік сөзі «Қардашы» болу керек деп түсінген. Гутжмід оны «Мүмкін, түрік халықтарының тарихта ең алғаш болғанын сипаттайтын бірінші із» деп көрсеткен. Академик В.В.Бартольдтың зерттеуінше ең ескі дәуірдегі деректер Геродот тарихында да бар. (IV, 23). Ол, әсіресе, сол кезде жасаған тайпалардың бірі аргимпейлер (аргымбайлар), түрікше айтылатын әдемі сөз исі (ащы), айранға сүт қосып ішетін ащы сусыны. Қытайлар түріктерді ғұнның ұрпақтары деп атады. Түріктердің ең ескі сөзі осы ғұн тілінде сақталып келді. Олардың ең ескі дәуірде сөйлеген сөздері біздің заманнан 1022 жыл бұрын жазылған Қытай шежіресінде кездеседі. Ф.Хирттың анықтауынша, бұл сөз «Самое Древнее известное тюркские слово» «the oldest Turkish word on record», бұл «қынлук» деген сөз, беріректе айтылуы «қынжар» – қанжар. Бұл сөз біздің заманымыздан 47 жыл бұрын ғұндар Қытай үкіметімен келісім жасап отырғанда тағы кездеседі, Қытайдың жазуы бойынша цин-лу, ескі замандағы сөйленуі цин-лук не қын-лук – парадный меч гуннов, қазақша айтқанда ғұндардың ұзын селебесі. Ерте кездегі Қытайдың Чжоу заманында оларға үлкен әсер еткен Қансу, Өртөс, Күншығыс Түркістанда ескі түрік тілінде сөйлеген ғұндар, солардың арғы аталары. Олардың тілінде «иер», «су», «ат», «Тәңірі», «ажұн» (дүние) сөздері айтылатын болған. Мұндай мысалдарды тағы да көп ғалымдар келтіреді». 
***
Орхон жазуларының тарихы жаңаша көзқарас, жаңаша таным тұрғысынан қарастырылған. «Көп ғалымдардың жобалауынша, Орхон жазуының шығуы VІ ғасыр емес, ІІІ ғасыр, не одан көп бұрын. П.М. Мелиоранскийдің байқауынша, түркі тіліндегі руналар ІІІ ғасырдан белгілі.
Абель Ремюза мен Г.И. Спасскийдің дәлелдеуінше, ғұндардың жасырын жазатын жазулары, тасқа түсірген жазулары болған. Алтайда, Бұқтырма өзенінде, жоғарғы Ертіс бойында, оның ішінде Зырянов кенінің қасында, Гусиная прис­таль маңында қия тасқа түсірген Самра бітіктер тегісімен ғұндардікі екені байқалады.Мадьяр, Румынияда, Балқан тауларында табылған руна жазуларын ол жерге IV ғасырда алып барған ғұндар. Академик В.В.Бартольдтың көрсетуінше, ғұндар түріктің тіл элементтерін, оның ішінде бітік сөзін мадьярдың есінде қалдырған көрінеді». 

***

Бағзыдан қазақ жұртында нешеме алуан асыл тастардан жүзіктің көзінен өткендей зергерлік әшекейлер жасау, кесте тоқу, темірден таңғажайып бұйымдар мен құрал-саймандар істеу, ағаш өңдеу, киіз үйдің сүйегін, үй жиһаздарын, музыка аспаптарын, ыдыс-аяқтарды жасау, сәні мен салтанаты айрықша киімдер тігу, бір сөзбен айтқанда, ұсталық пен зергерліктің, талғампаздық пен мәдениеттіліктің жарқын көрінісі. Әрі мұнда мыңжылдықтардың жаңғырығы бар екендігі мәлім. Себебі, өнерлі, өнегелі ұлтымыздың адам және ғалам, адам және кеңістік, адам және қоғам жайындағы ой-қиялы, таным-түсініктері, тәжірибелері, әдет-ғұрып, наным-сенім, салт-дәстүрлері қолөнер туындыларында терең із қалдырған.
Қазақ халқының мыңжылдық қолөнер тарихын барынша терең, толық тексерген ғұлама ғұн шеберлерінің өнері хақында былай деп жазады: «Ғұн шеберлерінің ескі дәуірде қолынан шыққан, әсіресе, алтыннан құйылған кісінің ұлы бейнесі, бөрінің алтын басы. Қытай анналдарының көрсетуінше, ұрпақтары бабасына бас игенде көкке қарап осы алтын мүсінге табынған». 
Б.з.б 121 жылы Қытай әскері ғұндарды жеңіп, талан-таражға түсіріп, алтын-күмістері тегісімен қолды болған.Академик Ә.Х. Марғұланның зерттеуінше, ғұн мен үйсіндердің тарихи бай дәстүрін өзіне толық мирас еткен қазақ пен қырғыздар, Алтай елдері, ғұнның ескі өрнегін бүгінге дейін сақтап келген. Бұған Ноин-Ула обаларынан, Пазырықтан табылған киіз кілемдер, сырмақ, текемет, түс-киіз, киіз есік, аяқ-қап, бау, тағы басқалар да айғақ.

***

«Бұл жергілікті ғұндар туралы әдебиет орасан көп. Ұлы сахараны ерте кезде сақпен қатар отырып қоныстаған ғұн тайпаларын, соңынан Түрік қағанатына қосылып, олардың жеке-жеке тайпалар болғанын (оғыз, қыпшақ, найман, керей, қоңырат, арғын) ұлы ғалымдар көп деректермен мейлінше терең суреттеген. Олардың ішінен, әсіресе, жеке шығатын Ф.Хирт, В.В.Радлов, В.В.Бартольд, Де Грат, Ед.Шаванн, Ф.Альтхейм, К.А.Иностранцев, А.Н.Бернштам. Қазақстан мен Орта Азия­ны жасаған ғұндар туралы бірнеше жарқын деректер берген ғалымдар Меншен-Хелфен, Х.В.Бэйли, К.Еноки, Л.Базин, Е.А.Томпсон. Көп жерінде менмендік көрсетіп, империализм көзімен қарайтын ғалым, ол – Е.А.Томпсон. Қытай мен Рим тарихында ашық сипатталған мәселелер – ғұндардың қауым құрылысы, олардың тұрмысы, әдет-ғұрпы, байлығы мал өсіру, кен қазу.«Олардың ең көркем дүниелері – жазғы киіз үйлері, әдемілеп жасаған ордалары, ата-бабасына арнап түсірген жазуы бар құрбан тастары, түйе, өгіз жегіп жүретін әдемі күймелері. Бұлардың барлығы бергі кезде қыпшақта, ноғайда, қазақтарда толығымен сақталып келді».
Қорыта айтқанда, Әлкей Марғұланның ғұн өркениеті жайында айтқан негізгі ойлары осындай. Академиктің телегей-теңіз мұрасын өскелең ұрпаққа, сондай-ақ көпшілік оқырман қауымға жан-жақты таныстырып отыру – маңызды міндет. 
 

Серік НЕГИМОВ, 
   Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы  
          
 

2675 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз