• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Мәтін философиясы

 Эссе

Дидар АМАНТАЙ

Біз көтеріп отырған тақырып, бір қарағанда тілтану ғылымынан тыс нәрсе тәрізді көрінеді. Бірақ, бұл – жаңсақ түйсік, ұшқары ой, үстірт көзқарас.
Қазіргі таңда, тарих сахнасынан кетіп бара жатқан постмодернистік дәуірде (кемел модернизм) сәнге айналған, уақыты өтсе де маңызын жоя қоймаған, қоршаған орта, қоғамға ықпалы қайта арта түскен, белсенді, күрделі мәселе жөнінде әңгіме қозғамақпыз. Мәтін бүгінде ғалам пішіні, дүниетаным қалыптастыру, әлем туралы түсінік сомдауда алдыңғы орынға шықты. Ғылым да, технологиялық табыстар да, өндірістік жаңа талпыныстар да болжамында, кесіндемелерінде, жөн-жосық, жобаларында мәтінге, жалпы, тіл құрылымына сүйенетін болды. Бейсана тіл тәрізді құрылған, деп жазды Жан Лакан. Жак Деррида, мәтіннен сырт ештеңе жоқ, деген пікір қосты.
Ойшылдар жаңа кезең жайлы жарияла­ған тұжырымдамаларында, соңғы кездері мәдениет пен қоғамда, тіпті, ғылымда ірі өзгерістер жүріп жатқанын паш етті. Ел көкжиектен тәрелкеге мінген басқапланеталықтарды күтіп жүргенде, қоғамда, алты құрылықта коммуникациялық дүмпу жүзеге асты. Байланыс, ақпарат тарату құралдары көбейді, түрленді, компьютерлік техника, технологиялық табыстар тұрмысқа, күнделікті өмірімізге дендеп енді. Клавиатура, принтер, сканер секілді жеке, оқшау қолданылатын дүниелер негізгі техникалық белгі қабылдау, белгі тарату құрал-жабдықтарымен қатар кемелденді.
Тіл машина тіліне айналды. Қоғамдық формация дамуының көрсеткіші болды. Бұл тұста Батыс әлеуметтанушылары Маркс философиясын толық қолдады.Бұрын тіл нәтиже болатын, қазір мән-мағына, құндылық-қасиет туғызушы. Яғни, мазмұн өзгерді.Тілдік құрылым, ереже-тәртіп, қызметі күллі салаларға тарады, маңызы артты, гуманитарлық пәндерден жаратылыстану ғылымдарына дейінгі аралықты қамтыды. Дүние – мәтін, текст мен текстура түсініктері қалыптасты. Ой белгі, Пирстің айтуынша, онда, ойды бойына сіңірген тіл де белгі, байыған белгі.
Белгі – басқа мазмұн жалғасы. Белгілі бір бедерлі текстура беті де – таңбалар жиынтығы. 
Жаратынды/жасалынды дүние текстурасы мәтінге айналды. Мәтін философиялық проблема дәреже-деңгейінен көрінді. Мәтін философиясы дегеніміз – ғылыми-философиялық, гносеологиялық-методологиялық таным түрлерін бір арнаға біріктіріп, кешендеген (универсиализация) мәтін концепциясы.Ол постмодернизм аясындағы семиотикалық ізденістерді, лингвистикалық прагматикалық көзқарасты, пайымдаудағы құрылымдық синтаксистік ережелер жиынтығын, логикалық семантиканы және сараптамалық филологияны қамтиды. Философиялық тұрғыда аталған пәндердің (институттар) ұстын, ұстанымдарына арқа сүйеп, ойлау процесінде терминдерін, категорияларын пайдаланып, гуманитарлық кеңістікте қалыптастырған құралдарын (инструментарий) кеңінен қолданады. Бұл анықтамаға сала алдында қандай міндеттер тұр, күн тәртібіндегі мәселелер қалай шешіліп жатыр, бәрі түгел енеді. Біздің көздеген мақсат-мүддеміз тілдің тарихи жолын ретке келтіру емес, логикалық төте жолын қарастыра отырып, концепттердің өзара ықпалдастығын айқындау әрі келешегіне болжам жасап көру мәселесі.
Таңба пішіні. Жалпы, мәтін тосын туған, кездейсоқ жаратылған стихиялы құбылыс емес, еркін пассаждардың өзі алдын ала дайындаған (адамзат қазынасы, мұрасы, күйі, дамуы) тезистермен бірге келеді, Юнг ашқан ұжымдық бейсана (коллективное бессознательное) секілді, дүниеге әкелген мотивтері (ниеттері) мұратына айналады.Меніңше, мәтін үнемі динамикада, белсенділікте, тіпті, алғашқы тарихи нұсқаларының (ескерткіштер) өзі қашықтаған сайын өзгеріске ұшырайды, қалай – біздің оны оқуымыз өзгереді, сонда, мәні (субстанциялық) және көзқарасымыз (аксиологиялық) түрленеді, көзқарас мәннен туады, сосын, мәні мазмұнына (онтологиялық) немесе танымына (гносеологиялық) әсер етеді, біз бұл пішінге (таңба және таңбадан туған сөз бен сөйлем) басқа мағына береміз, көзқарас ескіше оқысақ та өзгеруі мүмкін, жаңаша оқысақ та өзгеруі мүмкін. Демек, мәселе объекттің алға тартылысында емес, оның субъект ойында қандай шешімге ие болуында. Бұл – оның айнымалы қасиеті. Қалай оқуды ұйғардық, сондай мазмұн табамыз, Жиль Делез теория­сы бойынша, мағына дегеніміз хабарлама, яғни, біз мәтінді емес, санамыздағы шешімді оқимыз.Делез белгілі бір денеге пышақтың жүзі түсіп, із қалдырса, кескен жері енді сол дене қасиетін не сапасын білдірмейді, жаңа тәртібін айқындап, ерекшелігін («отличие» немесе «различие») жария етеді. Қасиеті қалады, айырмашылығы өзге. Мағына – жаңа ерекшелік, алайда, басқа ахуал емес. Құрылымға әсері жоқ, демек, қасиет орнында. 
Жария етуші – етістік белгілеген жай-күй. Өзекті өзгертпейді, яғни, ахуал қалпында, түрі өзгеріп, кескін-келбеті ғана ауысқан. Тілім (тілінген) бет, жырық (жырылған) ерін, жыртық (жыртылған) шалбар, жарық (жарылған), (шабылған) балта. 1969 жылы постмодернистік ойшыл Жиль Делез әлемді төңкерген атақты екі кітабын жарыққа шығарады: «Қайталама мен айырым-белгі»/ «Мағына логикасы». Жиль Делез, мағына сөйлемде кейіптеледі, бірақ, нәрселерде өмір сүреді, дейді («Логика смысла», 10 бет, Мәскеу, «Академия» баспасы, 1995 ж.). 
Енді, концепцияны түсіндірейін. Мысалы, қазақтың латынша әліпбиіндегі әріптерді басқаша оқып, басқа әліпби жасауға болады. Әріптерді өзгертпейсіз, оқуды өзгертесіз. Болды. Мен бұны «Пұт-кітап» атты повесімде көрсеттім. Кезінде, экзистенциалистік ағым постулаттарын көркем әдеби шығармаларында пысықтай білген Жан-Поль Сартр («Тошнота», роман), Альбер Камю («Посторонний», повесть) тәрізді. Жалпы, француз ойшылдарының бұл қасиеті – аса бір ерекше қасиет. Мысалы, Ален Роб-Грийе жаңа роман тұжырымдамаларын көркем туындыларында қалыптады. Біз ұсынған мәтін философиясы туралы қорытындылар, әрине, шартты түрде, теорияда: себебі, таңба шежіресі тарихи кезеңдер таным-түсініктерін өзіне сіңіріп отырады, қосылғаны, қордаланғаны білім құрылымына айналады, қарайып тұрған таңба жалғыз өзі оқшау қалқиып көзге түскенімен, тамыры тереңде жатыр, айсберг сияқты, қалқайғаны, көрінген бөлігі жасырын бойынан қанша қысқа (еселеген) болса да, байланысы үзілмейді. 
Вертикаль мен горизонталь шежіреде кездеседі, нүктелерде сатылап тоғысып отырады. Мәдениет тамыры жоғары қарай өседі. Дене бойындағы өзгерістерді мағынада ерекшелейді. Енді атауы, мағынасы басқа. Мағына тілде бейнеленеді, тіл арқылы жеткізіледі, нәрсеге хабарланған мәлімет мағына тұжырымында аталады. Тілде туады, нәрседе өмір сүреді. Бір заттан екінші затты айырып тұрады, бірақ, жаңа мағына бермейді, мағына ескі не жоқ болмайды, айырма-белгісінде өзгерістер жүріп жатады.
Мағына – өмірде жоқ жай (несуществующая сущность). 
Мен айтып отырған ұқсамалы мәтін Юнг архетипіне ұқсайды. Немесе гештальт психологиясына келіңкірейді. Бірақ, айнымастық Витгенштейннің тілдік көріністерінде жатыр. Ол екінші бір еңбегінде, біз акустикалық образ дыбысталған кезде, тіпті, оқыған кезде әр түсінік санамызда суретке айналып жарқ етіп көрінеді, деген пікір келтіреді. Ресей ғалымы Татьяна Черниговскаяның айтуынша, біз әлемді көрмейміз, әлемді көруге ниет еткен, пейілден туған жаратылысты көреміз. Көңіл күйіміз жақсы болса, дүние де жарық, реніштен не наразыдан күн де жаман. Мысалы, қазақ мақалдарына назар аударайық. «Қайыршыға жел де қарсы» немесе «Жыртық үйдің Құдайы бар». Шын мәнісінде, ауа райы әдепкі әдетінен айныған жоқ, бірде суық, бірде жылы, алайда, көңіл күйіміз табиғи құбылысты қабылдауымызға әсер етеді, күн күлетін сықылды, қара бұлт қаптап, қара аспан төніп келе жатқан тәрізді. Жел ашуланып соғады, тамшылар жылап ағады. Болмыстың түсі көңілдің қолында.
Бұл бер жағы.
Таңба пішіні қаз-қалпында қалуы (салыстырмалы түрде) біздің философиямыздың тұрақтылық қасиетіне жатады.
Әр мәтін өмір сүрген аясына байланысты мән-мағына тудырады. Мәтінді қалай оқуды ая шешеді. Ая – қоршаған орта, атмосфера, қоғам, таным биігі.
Ең кіші мәтін – сөйлем. Бірақ, сөйлемнің өзі жеке түрде – мәтін емес. Өлшем бірлігі.
Әр мәтін сыртында терең мағына жасырынып жатыр. Тарихи вертикаль (бірінші) тұңғиығында. Мәдени горизонталь (екінші) қыр-қабаттары жазықтарында. Ол – жыраулық поэзия, халықтық көне жыр-дастандар, қисса-толғаулар, тіпті, ұлт бастауында тұрған аңыз-әфсаналар. Руна жазулары, ой-таным үлгілері, құрылымдары, семантикалық мәндері, лексикалық қоры мәтін жасалғанда айналымға түседі. Бұл рухани және материалдық игілік сигнификациялық мәтін құрамын кіреді. 
Дағды бойынша, сөйлем табиғатынан үш түрлі қатынасты көруге болады: денотация (белгілеу) немесе индикация (көрсету), бұл дегеніміз сөйлемнің нәрселердің сыртқы жағдайына деген қатынасы, манифестация, сөйлем мен сөйлейтін әрі өзін кейіптейтін субъекті арасындағы байланысы, тілек пен сенім (пікір), сенім, Жиль Делезше, – объект пен нәрселер жағдайын алдын ала болжай алу. 
Үшінші қатынас түрі – сигнификация (мән, «значение»). Сөздің әмбебап немесе жалпылама түсініктермен байланысы туралы, синтаксистік байланыстар қатынасы.
Субъект, бір тараптан, жалпы адамзаттық қазына мұрагері, мирасқор. Ғаламзат – денотацияны манифестациялаған кездегі сигнификациялық сүйеніші, сілтеме жасайтын дереккөзі. Мәтіндер бір-бірінен дербес, бірақ, мотивтерге (ниеттерге) тәуелді. Мотив көлемді айқындайды, тереңдігін белгілейді, жазу мәнерін (стиль) таңдайды.Әрі мәтін элементтері бір-бірімен тығыз байланыста. Элементтер бір-бірімен мотивтер (ниеттер, пейілдер) арқылы жалғасады. Бартқа дейінгі түсінікте – шығарма авторы жоқ, қаламгер ғана бар. Әрі жазушы үдеріс (процесс) немесе шығармашылық белсенділік (акт) кезінде ғана өмір сүреді, бұрын не кейін – жоқ. Ролан Барт оқырманды алға шығарады. Туынды күшін, көркемдік қуатын жазушы тұлғасы емес, оқырманы шығармадан алған әсерімен өлшейді.
Шығарма мен оқырманды бетпе-бет, оңашада, оқшау кездестіру қажет. Жолда автор киліксе, шығарма мәнінен адастырады, мәтін кеңістігін шектейді. Классикалық дәстүр мәтінге қатыстыларды үшке бөледі: автор, оқырман, контекст (ая). Үшеуі арасында диалог жүреді, өзгереді, дамиды. Бірақ, Барт авторды жойып, орнына қаламгерді ұсынады. Объективті дәйек. Қаламгер деп атайық, дейді. Мақсаттың ойы интерпретцияны құрту, жазушымен жағаласып, мәтінге қатысты пікірін білдіре беретін субъективті ықпалды тоқтату. Кез келген мәтінді оқып отырсаңыз, мекенсіз сөздерді кездестіріп қаласыз, мысалы, жаз мезгілі, ел жайлауға көшкен кез, дейді де, автор оқиға желісіне кірісіп кетеді, ара-арасында қаһармандарына мінездеме беріп үлкен-үлкен шегініс жасайды, сонда, бұл автор кім, жазушы атынан сөйлей ме, әлде өз тарапынан баға бере ме, оқырманға сенбей ме, неғылған интерпретация?
Ролан Барт автор мәселесін әділ шешеді: мәтінді билеп-төстеген автордың қазасын жария етеді, шығарманы автор қиянатынан құтқарады, көзін жояды, интерпретация құрдымға кетеді, автор қазасы деген осы.
Екі анықтама. Тіл – қарым-қатынас құралы. Рас, бірақ, бірінші кезекте, тіл – таңбалардың әмбебап жүйесі. Өткен ғасырларда (XIX, XX) тілдесу құралы, сөйтіп, таңбалар жүйесіне айналды. Бұл – ұлы процесс. Әлемді тану, түсіну, ұғындыру жолын өзгерткен кезең бағыт-бағдары. Сөз (немесе сөйлеу тілі – речь) – тілдің жүзеге асуы, қолданысы. Біз аталған тақырыпқа әлі қайтып ораламыз.
Субъект. Индивид. Әуелі, туғанда – адам нәсіліміз. Перзент. Кім болатынымыз белгісіз. Көптің бірі – сан иесіміз. Кейін, сан біртіндеп санаға айналады. Қазір, есіміз жоқ, көзіміз көрмейді, қараға елеңдейміз, құлағымыз дыбысты естімейді, дауысты таниды, аяғымыз жүрмейді, қолымыз бостан, мақсатсыз ербеңдейді. Біз индивид кейпіндеміз. 
Бірақ, бір ұлы мүмкіндігіміз бар: Құдай өмір жазса, адам болып кете аламыз. Тез дамып, онтогенездің тарихи жолын филогенездің жеке тағдырында елу-алпыс жыл ішінде жылдам жүріп өтеміз. Демек, жабық арналар ашылып, біз әлемді танып, ойшыл тұлға дәрежесіне жетеміз. Жалқы жан иесі күллі адамзат тәжірибесін игереді, бел баласы, нақ өкілі тұрғысында қалыптасады, мұратын жалғастырады, мұрасын сабақтастырады. 
Субъект. Қоғам. Әсілі, адам – қоғамдық қарым-қатынастардың жолайырығында тұр. Карл Маркс сөзі. Яғни, бізді тәрбиелейтін, көкірегімізге білім құятын, санамызға ақыл-ес бітіретін, бойымызға кісілік қасиеттер сіңіретін – қоғам, қоршаған орта. 
Субъект. Тұлға. Индивидтен озып, тұлғалық деңгейдің биігіне шығамыз. Бірте-бірте адам қалпына келеміз. Адамзаттың бүкіл әлемдік мәтінімен танысып, тарихын танып, бұл жас ұрпақ құндылықтар мазмұнын түсінетін, мағынасын білетін, кісілікті, білімді, саналы қызмет субъектісі, қоғамдық өмірде жүзеге асырылатын әлеуметтік сипатты, қасиетті, сапалы, – адам. 
Объект. Таным. Объект – біздің санамыздан тыс жатқан, тәуелсіз жарық дүние, материалдық өлке.
Немесе, қандай да бір қызмет назарындағы (интенциональность, «направленность сознание на предмет») белгілі бір құбылыс, нәрсе. 
Дыбыс – объект – толқын.
Біреу үн қатты, дыбыстады, алыстан ат дүрсілінің дабысы жетті, айқай-шу естілді, тау құз-шатқалдары жаңғырықты: белгілі бір ортада тараған нығыз толқындар жиілігі. Табиғи дыбыстарды жиырма төрт мың жыл бұрын қалыптаса бастаған алғашқы тайпалар қайталай білді, әртүрлі дыбысты біріктіріп акустикалық образ құрады. Сөз, мысалы, үштүрлі дыбыстан тұрады. Кез келген тілде қатаң/жұмсақ, дауысты/дауыссыз дыбыстар бар, олар сөзді бөлшектеп түсінуге, тануға мүмкіндік жасады. Себебі, кез келген нәрсені түсіну үшін әуелі сол нәрсенің (мәселенің) көлемін айқындап, тұтастан бөліп алып қарастыруға тиіспіз. Бүтін мен бөлшек диалектикасы: герменевтика талаптары.
Объект. Таңба. Ол – белгілеуші, түсінік – белгіленуші. Таңбаның өз бойында ештеңе жоқ, бірақ, ол басқа мәнді жеткізуші. Симулякр. Постмодернистік термин. Қасиетінен айырылған таңба, өзгенің мазмұнына сілтеме жасайды, өзінікі жойылған.
Түпнұсқа жоқ, нұсқалар түп тамырынан үзілген, кураж, постмодернистік философия мәдениет пен өнердің өзі құрып, орнын культура/имитация басып келе жатқандығын білдіреді. Таңба түсінікті белгілейді, акустикалық образға ие болады. Яғни, түсінік таңбаға енгізіледі, дыбыстық бейнемен аталынады. Екеуі де идеалды, затсыз кейіптер, сонда, үшіншісі – таңба. Үшеуі біртұтас.
 Сөйлем/мәтін. Бір-бірімен мағыналас сөйлемдердің грамматикалық ереже бойынша байланысын мәтін деп атаймыз.
Басты ойы бар, ол күрмеуінде жатыр. 
Белгілер жүйесі
Мәтін тақырыбы атауынан көрінеді
Жоғарыда айтып өттік, сөйлем табиғатынан үш қатынасты байқауға болады: дүниеге деген (денотация/индикация), субъектке деген (сигнификация), жалпылама ұғым-түсініктерге деген (манифестация).Сөйлем контекст аясында – ең кіші мәтін әрі мәтін бірлігі. Жеке алғанда – сөйлем мәтін емес.
Денотат дегеніміз – ойдың объектісі. Тілдің өзі болмаса тіл бірлігінің (аты-жөні) нәрсені немесе нәрселерді бейнелеуі мен белгілеуі.
Объекттің мәндік атауы әрі нақты түсінігі.
Гносеология. Сезім мүшелері арқылы ғана біз сырт дүниемен байланыс орнатамыз, соларға бола, таным мүмкін болып отыр. 
Есту, көрудің маңызы аса зор. Бірақ, тілсіз пайымдау («мышление») жоқ, демек, сөйлеу де тілге бағынышты. 
Жазу – кейінгі тарих. 
Оқу – тезариус кеңістігі ішіндегі сауат.
Типтер мен стильдер. Шығарманың үш түрі немесе типі (баяндау, суреттеу, талқы), бес стилі (көркем, көсемсөздік, ресми-іскерлік, ғылыми, ауызекі тіл) бар. Стиль – оқшаулығын айқындап тұратын ерекшеліктер. Немесе қолтаңба деп те аталады. Толығырақ, тілдің жүріп өткен тарихи жолында қалыптасқан түрлі тілдік құралдар мен амалдар жүйесі. Хат жазу әдіс-тәсілі. Рецепт.
Көркем стиль автордың оқшау, қолтаңбалық шеберлігіне қарай, әсемдігіне орай – деңгейлерге, дәрежелерге бөлінеді. 
Мәтін бөлшектері. Тілдің шығу тегіне байланысты талас он тоғызыншы ғасырда күшейе түсті. Әдетте, тілдің («язык») өзі бар, сосын, сөйлеу тілі бар («речь»), ол – тілдің көрінісі, қызметі, тілдесудің нақ өзі, әр адамның өз сөйлеу тілі – жалқы, жеке тұлғалық және қайталанбайды. Тіл мен сөйлеу тілі – бір құбылыстың екі жағы. 
Тіл дегенімізді ертеден қарым-қатынас құралы деп келдік. Қазір бұл түсінік өзгерді. Енді, ол – таңбалар жүйесі. Дәлірек, ауқымдырақ алсақ, таңбалар («знак») мен белгілердің («символ») әмбебап жүйесі. Бұл жаңалықты Фердинанд де Соссюр ашты. 
Мәтін кезеңдері. Аталған ой тілдің шығу тегіне қатысты теорияларда алапат лингвистикалық төңкеріс жасады. Яғни, әуелі тіл дыбысталған жоқ, түсінік боп таңбалар бойына орнықты. Морфема фонемадан озды. Демек, мағына айтылған жоқ, жазылды. Мағына ойда пайда болды, сосын, тасқа басылды. Сонда тілдің жолы былай: әрекет, іс-әрекет, қаракет, пайым үдерісі, ой қорытындысы, түсінік, таңба, таңбалар жүйесі, мәтін, тіл. Біз бұл формулаға да әлі ораламыз.Таңбалар жүйесі. Чарльз Пирс (1839-1914), америкалық ойшыл, прагматизм ағымы мен семиотика ғылымының негізін қалаушы, белгі қызметіне қатты көңіл бөлді. Оның сырын аша отырып, көп нәрсені ұғатынымызды алғаш аңғарды. Демек, кез келген ой – белгі, кез келген белгі – ой. Семиотика немесе семиология белгілер жөніндегі ғылым тақырыптары.
Белгілер үш түрге бөлінеді. Икондық, индекстер және символдар. Икондық, негізінен, белгі мен объект арасындағы ассоциациялық ұқсастықтар қарым-қатынастарын білдіреді. Мысалы, метафоралар, суреттік («живопись»), фотографиялық, скульптуралық (мүсіндік) образдар, сосын схемалар – кескіндемелер, диаграмма көріністері, бәрі түгел ұқсастықтарға құрылған. Индекстер – объект ықпалындағы, әсеріндегі белгілер, тура ұқсастық жоқ, бірақ, ізі бар: оқ тесіп өткен жер, алгебрадағы қаріптер символдары. Енді символдық белгілер. Не ұқсастық жоқ, не байланыс жоқ. Шартты. Объект екеуі арасындағы қатынас келісімге құрылған.
Неміс философы Готлоб Фреге (1848-1925), объектіні бейнелеген белгі жөніндегі өз түсінігін алға тартты. Ол кейіптеген денотат (Bedeutung) пен оның мағынасы (Sinn) арасына айырмашылық енгізді. Денотат (референт) – белгіге мағына хабарлайтын нәрсе не құбылыс. Фердинанд де Соссюр (1957-1913) өз теориясын ұсынды. Тіл дегеніміз – екі жақ түсініктерімен алмасатын белгілер жүйесі. Семиология – қоғам өміріндегі белгілер жүйесін зерттейтін ғылым, лингвистика – осы жалпы ғылымның бір бөлігі, семиотика соссюрлік семиологияның синонимдес атауы.
Пирстің шәкірті Чарльз Моррис (1901-1979) семиотиканы үш салаға бөлді:
1.Семантика (көне грекше: белгі) – белгілейтін нәрсе мен белгі арақатынасы.
2.Синтактика (көне грекше: құрам, байланыс) белгілердің өзара арақатынасы.
3.Прагматика (көне грекше: іс-әрекет) белгілер мен белгіні пайдаланатындар (субъектілер, адресаттар) арасындағы қарым-қатынас.
Ф. де Соссюр аса маңызды мәлімдеме жасайды, оның ойынша, тіл белгісі – нәрсе мен оның атауы арасындағы байланыс емес, түсінік пен акустикалық образдың біртұтастығы.
Түсінік – кез келген нәрсенің кескіндемелік қорытынды образы. Акустикалық образ – түсініктің біздің санамыздағы дыбыстық эквиваленттік түрі. Екеуі де психикалық формада, идеалды әрі ойымызда ғана өмір сүреді. 
Демек, белгі белгіленуші/белгілеуші тәрізді екі жақты психикалық түпнегізден тұрады. Түсінік – белгіленуші (означаемое), акустикалық образ – белгілеуші (означающее): екеуі таңбада тұтасады. 
Тіл. Табиғи тілдер хат-хабар, ақпар-мәліметпен өзара алмасу мақсатында қолданылады. Тіпті, кезінде емеурін мен көрсеткен тұспал да тілге айналды.
Жасанды тілдердің белгілі бір салада қолданылу тиімділігі артық еді. Арнайы жасалған тілдер қатарына ғылым (математика, геометрия, химия, физика, филология), әскери шендер белгілері, жол сілтемелері, бағдарламалар тілі, Морзе, семафор, ноталар жатады. Жасанды тілдерге қарағанда, табиғи тілдер хабарламалардың кез келген түрін тарата алады. Тіл таңбалары жүйе құрайды. Тіл жүйе ретінде: дыбыс, морфема, сөз, сөз тіркестері, сөйлем, мәтіннен тұрады. Тіл бірліктері күллі деңгейде бір-бірімен тығыз байланысқан: фонетикалық, сөзқұраушылық, морфологиялық, синтаксистік, лексикалық деңгейлерде.
Тіл – әлеуметтік тұрғыдан пысықталған, тарихи тұрғыдан тұрақсыз, таңбалар жүйесі, негізгі тілдесу құралы, ауызекі тіл немесе мәтін формасында өмір сүреді. Тіл жүйе болса, сөйлеу – жүйенің жүзеге асуы. Сөйлеу – әрекеттегі не әрекет үстіндегі тіл, тілдің нақты формаларының бірі. Тіл сөйлеген кезде ашылады әрі көрінеді. Сөйлеу – нақты, реалды дүние объектілерімен байланыста, жағдайға қарай өзгереді, жалқы.
Тіл – сөйлесу құралы, сөйлеу – сөйлесудің өзі. Тілге жалған не рас деп баға бере алмайсыз, сөйлеу тілі не шындықты, не өтірікті айтады, тіл мақсатты іс-әрекетке жағдай туғызады, сөйлеудің қашанда көздеген мақсаты бар, тіл абстрактілі, сөйлеу метариалды, есту немесе көру арқылы, тіл – ұжымдық еңбек әрі бәріне ортақ, міндетті, сөйлеу субъективті, еркін, тіл тәртіпке бағынышты, ретті, сөйлеуде ауытқушылық болады. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың, көре-көре көсем боласың», дейді халық даналығы.
Тілдің коммуникативтік (референтивтік), реттеуші, эстетикалық функциясы бар, ал сөйлеудің, Роман Якобсон («Лингвистика және поэтика», 1960 жыл) теориясы бойынша, ақпараттық, номинативтік, эмотивтік (экспрессивтік) бұйрықты (aпеллятивтік), дәнекерлік (фатилік), метатілдік қызметі бар.
Мәтін шексіз. Таным соңынан еріп, үлкейіп келеді. Жалпы, таным соқасы тың жердің топырағын (сырын) қопарып, жаңа кеңістіктер мен көлемдерді үздіксіз игеріп жатыр. Танымда шек жоқ, алайда білуге ұмтылған құштарлық та шексіз. Тануға деген ынта ұрпақ сайын қайта туады. Демек, мәтін ғарыштың өзіндей кең, терең әрі биік, бағыты сырдың, жұмбақтың орналасқанына қарай, не төмен, не жоғары.
Дүние жарық пен қараңғылықтан тұрады, жалпы ауданы мәтінге жапсарлас. Оқығанымыз оқымағанымыздан әлдеқайда аз. Танық бөлігі жұмбағын жастанып бізді күтіп жатыр. Бір күні жетеміз, бірақ, түбіне жетпейміз. Таным жолы Құдайдың сапарына тең. Михаил Эпштейн (22.11.2004) тіл философиясы тақырыбына арналған мақаласында, виртуалды параллель әлем қалыптасқаны жаңа терминдердің тууына жағдай жасағаны туралы ақпар-мәліметін алға тартады: жоғарымәтін (supertext), мегамәтін (megatext), унимәтін (unitext), перимәтін (peritext). Электронды жаратылыс адамзатты мәтінге байланып оқудан бұзып-жарып оқуға бұрды: «от связного чтения – к сквозному».
Мәтін – тіл құрайтын екі бөліктің бірі. Тіл – сөйлеу мен мәтіннен тұрады. Лингвистикалық иерархияда мәтін тіл құрамындағы ең жоғарғы бөлшек, ең үлкен бірлік. Мәтіннен кейін – сөйлем, сөйлемнен соң – сөз тіркестері, сосын, сөз, морфема, ең аяғы – таңбаланған дыбыс. 
Мегамәтін (megatext) дегеніміз – бір тақырып, бір лейтмотив, бір архетип, бір символдар тәрізді басты тұжырымдар бойынша біріктірілген мәтіндер тобы. 
Жоғарымәтін (supertext). Мегамәтін тақырыптық немесе тарихи категориялар қатарына жатады, ал жоғарымәтін – реляциялық құбылыс. Дәлірек, жоғарымәтін – белгілі бір мәтіндер тобына жеке мәтін сегменті ретінде ене алатын, көлемі бір сөзден бірнеше сөйлемдерге дейін созылатын мәтіндер шоғыры. Унимәтін (unitext) – дүниедегі күллі мәтіндердің немесе адамзаттың жалпығаламдық мәтіндерінің жоғарымәтіні.
Бүкіл таңба атаулыны бойына жинаған ғаламтор өміріміз бен қызметімізге дендеп енгелі, әлемдікмәтін қалыптаса бастады. Uni-мәтін – әрі Uni-versal, Uni-que мәтін. Әлемдік тілдерде жазылған күллі мәтіндерді қамтитын, Google көмегімен бір-біріне оңай аударыла беретін жалпыадамзаттық мәтін. Енді перимәтінге (peritext) келейік. Пери сөзі төңірегінде, маңайында дегенді білдіреді. Мысалы, периферия. Бұл топқа іздеу жүйелері алып шыққан бүкіл мәтін жатады. Ол, шын мәнісінде, жоғарымәтін атаулары. Бүгінде, іздеу жүйелері оқу методының біріне айналды. Бұл форманы Милорад Павич «Хазар сөздігі» романы үлгісінде жақсы бейнелеп көрсетті. 
Шексіз мәтін немесе ғарыш-мәтін. Әсілі, мәтін космос тәрізді ұлғайып келеді. Мәтін космосы шалқып жатқан ғарышқа тең. Көлемін жобалап білеміз. Табылған, бірақ оқылмаған (зерттелмеген) объектілер көп. Таным – шексіз процесс, қол жетпейтін, жалғаса беретін мұрат. 
Ғаламтор мәтінді еселеді. Электронды мәтін пайда болды. Текстурасы – кванттар атылысы: жылдамдығын өлшесеңіз, орнын таппай қаласыз, орнын айқындасаңыз жылдамдығынан адасасыз.Реалды мәтін тасқа басылды, пальма жапырақтарына жазылды, пергаментке түсті, ағаш қабықтарына бейнеленді, пиктографиядан графикалық қаріптерге жетті, сөйтіп, ары-бері ұшқан, тынбай қозғалып тұрған нүктелер виртуалды мәтінге айналды.
Ол шекарасыз, түпсіз ғарыш. Белгілері мынадай: 
Шексіз.
Рух – мәтінге тәуелді.
Үнемі белсенділік үстінде (динамикада).
Таңба пішіні тұрақты: салыстырмалы түрде.
Адамның көзі – ішінде. Біз өзімізді көреміз. Біреуге қарағанда, өзімізді көреміз. Біреуге қарамағанда, өзімізді көреміз. Негізі, адам өзінің ішкі жан дүниесіне тең. Сонда, адам өзін көреді. Кітапты емес, кітап туғызған ассоциацияларды оқиды. Ішіміз толы мәтін. Көп. Қабат-қабат. Өмір сүру дегеніміз – өмір бойы өзің жазған мәтіндерді оқып өту. Демек, адам – алфавит. Әліпби. Өзгеру үшін әріптерді ауыстырудың қажеті жоқ, басқаша оқысаңыз болғаны.
Мәтін шақырған ұқсастықтар. Әдетте, біз кітап оқығанда, екі тұрғыда салғырттық танытамыз: бірінші, оқып отырып мүлдем жат, басқа нәрсені ойлап кетеміз, екінші, оқып жатқан мәтіндер мазмұны немесе мәтін төл бойына жинаған белгілі бір денотат не индикатор басымыздан кешкен өз жайттарымызды еске түсіруге мәжбүр етіп, ойландырып жібереді. Біз мұны мәтін шақырған ұқсастықтар деп атадық. Қолданысқа ыңғайландыру мақсатында Мәтін шақырған ұқсастықтарды МШҰ деп аббревиатураладық. Қысқа атау қолданысқа жақсы. Кезінде Людвиг Витгенштейн тіл құрылымына енетін сөздерді естігенде не оқығанда адам санасында сол аталған сөздердің суреттері пайда бола кететінін жазған еді. Оқу процесі – күрделі еңбек. Екеуі арасында көрінбейтін көпір жатыр. Тығыз байланыста. МШҰ – мәтінде жасырынған нарративтердің шығар жолы. Адам, сөйтіп, өзін байлаған шынжырлардан босап отырады. Қайнаған су сыртқа төгілмесі үшін бу жүретін жолы, саңылауы болады. Кітаптың емдік қасиеті бар.
Белгі мен таңба. Постмодернистік дәстүрдің өзін-өзі қысқа не ұзақ қайталайтын заңдылығы бар еді, аталған салтқа ұқсатып, сәл ертеде, көп эссенің бірінде жазылған тұжырымдамадан қайталама келтіре кетсем деп ойлап отырмын.
Бәрімізге белгілі, Батыста тілдің шыққан сойы-тегіне байланысты үлкен тұжырымдама өзгерді. Швейцариялық тілтанушы ғалым Фердинанд де Соссюр белгі, түсінік, дыбыс мәртебесін қайта қарастырды. Бұрын тілдің шығу тегін дыбыстан таратып, табиғат шуына, үніне еліктеуден туды деген гипотеза үстемдік құрған еді. Енді айырым-белгі алдыңғы орынға шықты. Ғадетте, белгі – таңбадан аумақты, кең ұғым. Әр нәрсенің өз таңбасы (қаріптік жазуы) бар, бірақ, белгінің араласатын, қолданылатын саласы көп, рухани дүние, материалдық дүние – екеуі де белгінің мекені, таңба, негізінен, заттық-бұйымдық мәнді бейнелеп тасымалдаған кейіп, алайда, хабар көшкіні, бір-бірін оқығандығы – мағынасы бір-бірін танығаны емес, бір-біріне ұқсастығында тұрған да ештеңе жоқ, тіпті, жеткізілетін мән тыс бейнесі қабылдайтын екінші объектімен сырт байланысында бір-бірін қайталамайды, реалды дүние ішінде ақпарат легі ешқайсысына ұқсамай-ақ, қос тарап арасында көшіп-қонып жүреді, себебі, мағына объектіге субъект арқылы хабарланады. Кез келген өзгеріс – белгі. Тіпті, ой да – белгі, бірақ, таңба емес, алайда, оны таңбаласақ болады. Таңба – көбіне, мәні тұрғысынан, белгіге тең.Жалпы, таңба қазақ түсінігінде позитивпен қатар негативтік мәнге де ие. «Сүйекке түскен таңба», «қара таңба», «таңбалы».
Жағымды образ белгі тағады, жағымсыз кейіпкердің маңдайында не желкесінде таңбасы бар. Таңба құлдыққа шақырады, белгі жақсылыққа жетелейді. 
Физикалық түсінік. Әлқисса, қатты зат бөліктерінің тәртіппен орналасуын текстура деп атаймыз, яғни, материал құрайтын элементтер бағыт-бағдарының кейпі.
Әдепкі тақта бетінен көзге таныс «волокно» кескінін – тектстураны – байқай аламыз.Көптеген металл немесе керамикалық материалдар үсті де кристалл торларды біріктірген, бір тәртіпке келтірген дәндер құрылымынан тұрады. Әдетте, жолдас, бағыттас келеді. Бұл өзі латын тілінен алынған textura (ткань) деген сөз. Ертеде готикалық жазудың атауы да (текстура қарпі) болды. Қазір философиялық мәселені бейнелеген орнықты категориялардың біріне айналып отыр. Сөздің этимологиясы – ұғымның тарихы. Мазмұн – уақиғаның үдерісі, сюжеті, мағына – субъект қондырған хабарлама, яғни объект тұрғысында оның осы аядағы маңыздылығын субъект шешеді. Демек, текстураның екі мағынасын тапқан (Виктор Франкл, «Мағына іздеген адам») әрі жолдаған (Жиль Делез, «Қайталама және айырым-белгі») біз оны физикалық және философиялық тұрғыда түсіне отырып, ақпар-мәліметтің түбегейлігіне, дәйектілігіне һәм деректілігіне түпкілікті сеніп, кепіл бола аламыз ба?Бұл қаріп үлгісінің созылыңқы әріптері қағаз бетін тұтас жауып тастайтын еді. 
Текстура – материалдың сырт бейнесі, өрнегі, мысалы, ағаш қыртысы (қабығы емес), тас бедері. Ал, фактура – бетінің түрі немесе түр рельефі (табиғаты): күңгірт («матовая») немесе жылтыр («глянцевая»), тегіс («гладкая») не көлемді («объемная»). Текстура мен фактура біздің визуалдық және тактильдік сезімдерімізбен тығыз байланысты. 
Визуалдық – көргеніміз.
Тактильдік – терімізбен сезінуіміз (бас бармақ, алақан, саусақ), нақтырақ – жанасудан туған сезім, түйсік. Фактура – беттің визуалдық әрі тактильдік баяны. Оның бедерлену не бедерлеу түрі. Яғни, суреттелуі: тегіс («гладкая»), қыртысты («ребристая»), кедір-бұдыр («рельефная»). Тактильдік – денеге тигендегі түйсік/сезім: бұжыр-бұжыр «шершавая», тегіс («гладкая»), қатпарлы («ребристая»), тікенекті («колючая»).
Біз бетінің тегістігін көреміз, алайда, қолымыз тигенде, бедерін аңғарамыз. Текстура – белгілі бір нәрсе бетінің заттың ішкі құрылымы, табиғаты жайлы хабар беретін визуалды әрі тактильді қасиеті. Яғни, көргенімізге немесе денемізге, әлде қолымызға дарығанына, тигеніне қарап, алдымызда қандай зат тұрғанын не жатқанын аңғарамыз. Визуалды текстура – біз бетін байқап, қандай нәрсе екенін түсінеміз. 
Тактильді текстура – біз заттың өзін қолымызбен ұстап көргенде ғана ұғынамыз. Әр заттың текстурасы мен материалы сәйкес келе бермеуі мүмкін. Егер сай келсе, онда нәрсенің табиғилығын білдіреді. Егер, қолмен өңделсе, онда жасанды текстура пайда болады. Бұл құбылысты имитация деп атаймыз.
 Физикалық түсінік. Готика жазуы. Жазудың бұл түрі орта ғасырлық латын қарпі тобына жатады. XII-XVII ғасырлар аралығында бірқатар еуропалық елдерге кеңінен тарады.
Кітап басу технологиясы ашылғанда, шрифтке айналды. Гутенбергтің атақты Бабылы текстура жазуымен басылған болатын.XV ғасырда текстура жазу үлгісі жабайы шрифт ретінде ығыстырыла бастады. Орнына көне Рим хат нұсқасын еске салатын жаңа әріптер келді. Ол антиква атауына ие болды. Антиква Еуропада көп таралды. Бірақ, готикалық текстураның дамыған үлгісі ретінде фрактура қолданысқа енгенде, антикваның емін-еркін жүруіне, жеке-дара билеп-төстеуіне кедергі келтірді. Әсілі, антикваның бір аты – швабахер. Ол ақыры текстураны жеңді: антиква өзгеріп-өзгеріп, бүгінгі әріптер бейнесіне жақындады.
Ашық текстура. Философиялық түсінік. Мәтін, жоғарыда тоқталғанымыздай әрі талқылағанымыздай, үнемі бір жақты пікір-көзқарасты ұстанып отырады, орны, көзқарасы тұрақты, аксиологиялық тұрғыда не оң, не теріс тарапты жақтайды, немқұрайды қала алмайды, бірақ, тілдің өзі түбегейлі түрде жақсы/жаман категорияларына бөлінбейді, тармақталмайды, ол қашанда бейтарап, ауызекі тіл немесе сөйлеу, керісінше, – субъективті. Жазба тілі – мәтін. Ең кіші бөлшегі – сөйлем. Ғалам да, ғаламтор да – мәтін. Белгілеген таңбалары мәтін құрайды.Мәтін табиғатын түсіндік, пішіні о бастан белгілі, мағынасын субъект хабарлайтынын білдік, енді мазмұнын қарастырып көрейік: ақпар-мәлімет, хат-хабар тасымалдайтын дағдылы сөйлемде айтылған білім (кіші білім/аз сағаттық білім) толық па, ақпаратты түгел беріп тұра ма? Информация ескіреді, ол белгілі бір кезеңге ғана (кезеңде ғана) анық ақиқат, дәлірек, шындық, ақиқат бөлшегі.Мысалы, «Көшеде екі адам кетіп бара жатыр» деген хабарлама түсті делік. Біз екеудің біреуі әйел ме, әлде екеуі де ер адам ба, жоқ, екеуі де әйел адам ба, білмейміз, ол туралы еш дерек жоқ. Дәйектеу мақсатында, қайта іздеп, талпынып көрелік, талпыныс нәтижесінде не шығады екен: қай мезгілде (қай сағатта) екені, аптаның, айдың қай күні екені, жылдың қай маусымы екені – тағы белгісіз. Қопара берсек, беймәлім сырлар көбейе береді, танық нәрселер қаптай бастайды, көріне түседі.Бұл жайт сөз-түсініктің текстурасы жыртық не тесіктігін, саңылауы көптігін аңғартады. Сөз ешқашан сұрақ қалдырмайтындай, толыққанды бола алмайтынына емеурін жасайды. Сондықтан, кез келген хабар көп сұрақ туындатады. «Бір қайғыны ойласаң, жүз қайғыны қозғайды», дейді Абай.
XX ғасырдың ортасында Фридрих Вайсман мен Герберт Харт ашық текстура философиясы атты жүйе қалыптастырды.Бүгінде, Харттың «Құқық түсінігі» (1961) еңбегінің тұжырымдамасы мен идеясы Вайсман («Верифицируемость», эссе, 1945) философиясынан алынғаны дәлелденіп отыр, алайда, кей деректер, керісінше, уақыт тұрғысынан, мәселені зерттеуде Харттың алда екенін көрсетеді.Бұл дауды өздеріне қалдырайық. Бізге, біз үшін маңыздысы, Харт өз сараптамалық лингвистикалық философиясында тілдің жалпылама тұжырымдасын жасағаны: ашық текстура осы жүйенің перзенті. Дәлірек айтсақ, бір тармағы. Мәселе эмпирикалық түсініктердің ашық тектурасы мен верификационизм проблемасы туралы. Бұл, бір тараптан, таным тарихына сілтеме жасайды әрі ақиқатты орнатпақ болған басқа да ағымдарға, көзқарастарға, кешенді тұжырымдамаларға барып тіреледі, арқа сүйейді. Верификация дегеніміз – белгілі бір теория негіздемесін, алгоритмін, бағдарламаны және процедураны эталондық не эмпирикалық нәтижелермен салыстыра отырып тексеру, құптау не бас тарту, дәлелдеу жолдары, методы. Сәйкестігін айқындап, объект/құбылыс туралы білім деңгейін өлшеу амалы.Әуелі гипотеза ретінде – әлі дәлелдене қоймаған, бақылау нәтижелері шешімін құптайтын, шындыққа жақын, постулаттары байлаған түйінін қолдайтын қорытынды, екіншісі, концепция – дәйекті, дәлелденетін фактілері ақиқаттылығын негіздейтін үлгі, модель. Үшіншісі, теория – дәлелі жеткілікті анықтама.
Фальсификациялау түсінігі бойынша, эксперимент жүзінде дәлелденбеген тұжырым ғылыми ақиқат емес. Әдетте, эмпирикалық тұжырымның екі шарт бойынша түпкілікті ақиқаттылығын тану мүмкіндігі күмәнді: бірі – объект сипаты толық еместігі екіншісі, пайдаланылатын түсініктердің ашық текстурасы.
Бұл – түсініктің имманенттік қасиеті, «a priori» мазмұны. Ашық текстура – Вайсман лигвистикалық антиредукционизмінің онтологиялық негізі. Ол – феноменалистік ұстанымның верификацияға қарсы аргументі ретінде пайда болды.
Вайсман верификация талаптарына қанағаттана қойған жоқ. Оның ойынша, түсініктердің ортайып тұратыны эмпирикалық сипаттаудың толық еместігінен туындайды.
Түсініктердің ашық текстурасы бар. Ол – лингвистикалық айқынсыздықтың бір түрі. Термин ағылшын нұсқасында – «open texture»: неміс тіліндегі «die Porositдt der Begriffe» сөзінің аудармасы. Ағылшын нұсқасын («open texture») ұсынған – Уильям Нил. Екінші бір атауы – «the porosity of concept», немісше түпнұсқа «die Porositдt der Begriffe» тәржімесі. Орысша – «пористость понятия» немесе «нестабильность понятия», түсінік семантикасы осыған сілтейді, қазақша – «тұрақсыз түсінік» не «айнымалы түсінік» болар еді. Герберт Харт ашық текстураны қайта көтеріп, мәселені күн тәртібіне қойды. Әрі оны методологиялық ұстынға айналдырады. Заң ғылымына сіңіп, жеке салаға айналды. Сондықтан, тілдің (эмпирикалық немесе заңдық) ашық текстурасы құқық философиясы тарапынан жаңа импульс алды.
 Харт пен Вайсман бұл ұғымды бірдей түсінді ме? Ашық текстура құқық па, әлде тіл мәселесі ме? Екі текстура бірізді ме, екі түрлі ме? Бұл түйіндерді шешу үшін Вайсманның «Verifiability» және «Language Strata» еңбектеріне жүгіну керек. Эмпирикалық түсініктердің ашық текстурасы эмпирикалық сипаттаудың толық еместігімен қалай байланысты? Түсініктерді білдіретін терминдерді анықтау логикасын қалай түсінеміз? Фредерик Шауэр айтуынша, Вайсманды ашық текстура мәселесі толғандырып жүрген кезі, Джон Лэнгшо Остиннің бұл идеямен терең айналысып жатқан шағы көрінеді. Остин «Басқа саналар» («Другие сознания») атты кітабында: Вайсман сұрағына ұқсас «Біз жас екенін қайдан білеміз» деген сауал тастайды. Шынымен, қайдан білеміз. Білсек, сөзімізде нақты белгілері бар, бірақ, келтірген мәліметтеріміз толық па? Түсініктің ашық текстурасы – мәтін шексіздігінің бір дәлелі. Қарақұрдым секілді көрінбей жатқан мәтіннің аңғарылған өткелі.
Философия даңғылы: мәтін аялдамасы. Тарих бастауында Шумер өркениеті тұр. Тезаурустың – біліміміздің – жеткен жері осы: әрі қарай ұлан-байтақ дерексіз аймақ жатыр. Жұптың күресі мен бірлігі, ғұмыры мен ажалы кейінгі өнер-мәдениет, дін, әдебиет үлгілеріне қатты әсер етті. Мәңгілік өмірдің гүлін ұрлаған жылан Қорқытты да шағып өлтірді. Дала тұлғасы Энкиду мен қала перзенті Білге-мес (Гильгамеш) цивилизацияның екі жолын көрсетті. Бұл эпос адамзат тарихындағы тұңғыш мәтін еді. Сөйтіп, мәтіндік мәдениет күллі мәдениет-өркениет қайнарына, ежелден келе жатқан дәстүрдің даңғыл жолына айналды. Бірақ, неліктен адамзат көрген-білгенін айтуға, жазуға құмар болды? Білуге құштар нәсіл, тануға ынтық пенде неге білдіруге талпынды, сырымен бөлісуге тырысты? Мәтінге деген қызығушылықты қыздыра түскен Л.Т. Рыскелдиеваның, Қырым университеті, айтуынша, бірқатар нәрсе, қатты ықпал еткен әсерлердің ішінде аса белсенділері де бар. 
Бірі – П.Рикёр мәтінді қоғам және мәдениетті зерттеуге ыңғайлы үлгі ретінде көруге (қолдануға) шақырды, әлеумет қаракетін хат мәтіні тұрғысында түсіне отырып, қоғамтану ғылымын талқы (түсіндіру) әрі интерпретация (түсіну) арқылы әлеуметтік мағыналар герменевтикасына айналдырды. Ж.Деррида «Грамматология» атты еңбегінде хат метафизикасына қатты көңіл аударды. 
Л.Т. Рыскелдиева мәтіндік мәдениет форматы деген түсінік енгізеді. Формат басында типографиялық ұғым еді, 1:1,414 – қағаз парақтың жан-жағы, тең тараптарының арақатынасы (екіге, төртке, алтыға бөлгенде (бүктегенде) қатынасы өзгермеуге тиіс еді). Сіз, не қылған инварианта, не үшін қажет деп отырған шығарсыз. Бұл кітап форматы туралы түсініктің қайдан шыққаны, неден қалыптасқанын аңдатады. Формат – мәтіннің сыртқы бейнесі. Форма. Ішкі мәні – мағына. Мағына мен формат арақатынасы қандай? Форматтың мағынаны өзгертуі мүмкін бе? Жалпы, мәтін басқа жазу үлгісіне (тілге) көшірілгенде, аударма оны теріс түсініктемеден сақтайды, себебі, түпнұсқаны білмегендіктен тәржімені түсіндіруден тартынамыз. Түсініктеменің терістігі төмендегідей шарттардан туындайды: мәтін өзіне тән үлгіден кетіп, жат қаріп түріне көшірілгендіктен, бөтен жазу үлгісінің әріп тарихы мен мәдениетінен тыс қалады. Болмысы, табиғаты бөлек, жақын һәм туыс емес, бөгде орта, архетипі, санасы өзге. Әрі авторы (аудармашысы) басқа, мәтін көркемділігі негізгі жазушы (пишущего) қолында, көптеген нәрселер құзырында.
Біз жазғанымызға жауаптымыз. Кезінде постмодерн ойшылдар, кітап ақыры таяу, бірте-бірте жойылады деп жар салды. Бірақ, назар аударсақ, бір жағынан, өле қойған кітап жоқ, керісінше, таралымы көбейіп жатыр. Баспаханалар жаңа технологияларға көшті. Өнім шығару арзандады, мәтіндер саны артты.Оқиға көбейді – оқырман азайды. Ерте заманда, көне Грекияда жаңа терминдер қалыптасып, баспа ісі өркендей бастады, күллі жұмыс қолмен атқарылды: экдосис – жарыққа шыққан мәтін, архетип – баспаға дайындаған үлгі, антиграф – түпнұсқа көшірмесі. Философиялық мәтінді бірінші басып шығарған – Анаксагор екен (Клазомен), Л.Т. Рыскелдиева «Tекстовая культура как объект историко-философских исследований» деген еңбегінде дәйек келтіреді.
Қорытынды. 
Мәтін дегеніміз – кітап. Біз тілдің күрделі даму тарихын алға шығара отырып шағын ғылыми шығармада лингвистикалық мақсатқа қатысты нәрсенің бәрін тегіс шолып өтуге, шартты көлемге мәселені түгел сыйғызуға тырыстық. Мәтін мәдениетін де назардан тыс қалдыра алмадық. Сатылап, таңбалардан метанарративтерге көштік. Мәтіннің түр-түрін таптық, таңбаладық, анықтама бердік. Күйіп тұрған мәселе жоқ, алайда, зерттелуге тиіс өзекті тақырыптар жеткілікті. Жазу сөйлеуден бұрын туды ма, әлде, әуелі сөйлеп, сосын жаздық па, талас кеше басталып, ертең бітпек емес, мәселенің түбіне жету үшін мәңгілік сұрақтардың жұмбағын шешіп, сырын ашу қажет шығар. Бір нәрсе анық – жазудың заманы үстемдік құрып келеді. Қазірдің өзінде әлемді билеп-төстеп отыр. Тіл – білім, мұра, құпия, тарих, келешек – бәрінің қоймасы. Тілді зерттеудің маңызы зор. Ешқашан жойылмайды. Тереңдеген сайын – таң қаламыз. Жаңа көкжиегін ашамыз, жаңа қасиетін табамыз, жаңа қызметін аңғарамыз. Мәтін – тілдің туындысы. Өмір сүру формасы – кітаби формат. Мәтін десек, кітап есімізге түседі, кітаптың атын атасақ, көз алдымызға мәтін келеді. Кітап – ең құнды сыйлық, ең қымбат байлық.
Тасқа ойылып басылған таңбалар алғашқы әріптер еді. Әуелі иероглифтерге ұқсаған бөлшек-бөлшек пиктограммалар қолданылды. Оның алдында жабайы аң-құс, адамдар бейнесі салынды. Кейін әр сурет табиғи нұсқасынан алыстап, кез келген мағынаны жеткізе алатын абстрактілі таңбаға айналды, постмодерн ойшылдары оны симулякр деп атады. Сурет-таңбалар ықшамдалып, белгі болды. Белгі түсінікті білдірді. Атауы дыбыстық образда бекіді. Жазу құралдары қалыптасты, кедір-бұдыр тас тегістелді, бетіне қаріп түсірілді, бірте-бірте қыш тақталар заманы келді. Тілдің мәтіндік жолы өркениет дамуына әсер етті. Хаттар пальма жапырақтарына жазылды, пергаменттерге көшірілді. Бертін келе мәтіндер көбейіп, енді оны бір-біріне байлап ұстады, сөйтіп, кітаптар қалыптаса бастады. Кітап мәтіндерден жаралды.Кітаптар – кітапханаларда сақталды. Ойшылдар, оқымыстылар, білім иелері пайда болды. Кино, фотоаппарат туғанда, көптеген сәуегей білгір жұрт кітап өлімін жариялады. Бірақ, кітаптар әлі оқылып келеді. Ең бастысы – жазылуы тоқтаған емес. Кітапты неге жақсы көреміз? Оны ақылшы санаймыз, жолға – серік көреміз, мазмұн-сюжетінен жұбаныш ізейміз.
Білімнің кітаптық форматы, оқудың кітаптық форматы технологиялық өзгерістер табысты жүріп жатса да, қаперімізден шықпайды, көкейімізден кетпейді, тіпті, электрондық мәтінді кітап форматында оқығымыз келеді. Кітап – көркемсөз ғана емес, саяси, әлеуметтік проблема. Жасынан баланы кітапты сүюге үйретеміз, кітап оқып отырған жасты көрсек – қуанып қаламыз. Кітап – тәрбиенің шешімі, өнеге нәтижесі. Уақыт өтеді, замандар ауысады, технологиялар күшейеді, бірақ, мәтін форматы мәңгілік – кітап ұғымы мәдениет/өркениет түсініктерімен тығыз байланысты.
Кітаптың туған жылы бар, өлген жылы – жоқ. 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Руднев В.П. Словарь культуры XX века: ключевые понятия и тексты. – М.: Аграф, 1999. – 381 с.
2.Сартр Ж.П. Санкт-Петербург: Азбука, 2007. – Т. 1. – 256 с.
3. Делез Ж. Логика смысла. – М.: Академия, 1995. – 297 с.
4. Соссюр Ф. Курс общей лингвистики / Пер. с французского А. М. Сухотина, под редакцией и с примечаниями Р. И. Шор. – М.: Едиториал УРСС, 2004. – 256 с.
5.Деррида, Ж. О грамматологии / Пер. с фр. и вступ. ст. Н. Автономовой. – М.: Ad Marginem, 2000. – 256 с.
6.Эпштейн М. Знак пробела: О будущем гуманитарных наук – М.: Новое литературное обозрение, 2004. – 864 с.

1728 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз