• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Мал шаруашылығындағы жаңа бағыт

Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары экономиканы қарқынды дамытуға мүмкіндік беретін, әлемдік нарықта көп сұранысқа ие мұнай, газ тағы да басқа қазба байлық өнімдерін өндіру мен экспорттауға басты назар аударылғаны ақиқат. Ол нәтижелі болды. Global Finans басылымының  мәліметтері бойынша, еліміз әлемдегі технологиясы дамыған 67 елдің тізіміне кіріп,  36-шы орынға ие болып отыр. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі табыс 8830 долларға жетіп, Италия, Қытай, Сауд Арабиясы сияқты елдерден де озықпыз. 
Дегенмен, қазіргі таңда экономиканың негізі болып тұрған көміртегі мен минералдық шикізаттардың сарқылып таусылары хақ. Сондықтан да сарқылмайтын байлық көзі – ұдайы жаңғырып отыратын жер, су және де басқа табиғи ресурстарды тиімді пайдалану негізінде өркендейтін аграрлық саланы орнықты дамытудың тиімді жолдарын қарастыру ғылыми тұрғыдан ең өзекті мәселелердің бірі және бірегейі.
Осы орайда, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің отандық және әлемдік ғылым жетістіктері негізінде орнықты дамуы еліміздің азық-түлік қауіпсіздігінің нығайуына, халқымыздың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына және әлемнің өркениетті елдері қатарына қосылуына басты кепіл. Тәуелсіздік алғалы бері ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында көптеген бағдарламалар қабылданды. Осы шаралардың арқасында еліміздің ауыл шаруашылығы бір орында тұрған жоқ, ақырын, бірақ сенімді түрде алға жылжуда. Ауыл экономикасын көтеруге көптеген жастар мен ілкімді азаматтар келді. Қол жеткен табыстармен қатар әттеген-ай дегізген тұстарымыз да жеткілікті. Оның өзі аграрлық саланы алдағы уақытта орнықты дамытудың дұрыс бағыт-бағдарларын анықтауға көмектесері хақ. Кемшілік болса да, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның ауыл шаруашылығы айтарлықтай өзгерді. Бүгінгі таңда егістікте өнімділігі жоғары импорттық техникалар жұмыс атқаруда, сүт өндірісі қарқынды технологияға өтіп, фермаларда асыл тұқымды малдардың саны артып келеді, элеваторларда, ет комбинаттарында және сүт зауыттарында заманауи қондырғылар жұмыс істейді. Алайда бұл жетістіктер әлі де қазіргі заманның өскелең талаптарына сай келмейді.
Агроөнеркәсіп кешенінің басты саласының бірі – мал шаруашылығы. Бұл саланың дамуы Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген жоғары деңгейдегі басымдықтарға сәйкес болуы тиіс. Яғни, елімізде мал шаруашылығын дамыту бойынша жасалатын бағдарламалар үш нақты бағытты қамтуы шарт: 
Біріншіден, елімізде минералдар мен мұнайдың экспорты азайған кезде Ұлттық қорды құрайтын салымдар табысы қамтамасыз етілуі керек;
Екіншіден, шағын және орта шаруалардың дамуын ынталандыру мен ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына мүмкіндіктер жасалуы керек;
Үшіншіден, бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімділігін арттыруды, тиімді өндіріс саласын ынталандыруды және Қазақстандағы жайылымдардың орасан зор әлеуетін пайдалануды толық қамту керек. 
Айналаға қарасақ, азық-түлік өнімдерін тұтынатын үлкен нарықтар бар (Қытай, Ресей). Бұл басты мүмкіндік, яғни өнімдерімізді өткізетін нарық дайын. Осы жағдай еліміздің Еуразия кеңістігінде жетекші ауыл шаруашылығы орталықтарының біріне айналуына мүмкіндік беретін басты әлеует. Әлеуетті толық пайдалану үшін мал шаруашылығында сапалы серпіліс жасап, өнімді экспорттай алатын агроқұрылымдардың санын арттыруға жұмыс жасау керек. Үнемі қол жеткізген нарықтағы орнымызды сақтап, экспортты әрі қарай ұлғайту жолында мал өнімдерінің көлемін арттыру және сапасын қамтамасыз ете алатын кәсіпорындар шоғырын қалыптастыру керек. Қазіргі кезде малдың басым бөлігі, ресми мәліметтерге сүйенсек, 80 пайызы орта және шағын жеке шаруашылықтарда. Олардың көпшілігінде заманауи технологияларды қолдану және мемлекеттік қолдау қаржыларын игеру мүмкіндіктері жетіспейді. Сондықтан да ветеринария саласы, мал асылдандыру жүйесі және жем-шөп өндіру істері кенжелеп қалғаны мәлім. Осы жәйттің мал шаруашылығын дамыту мен мал өнімдерінің экспорттық әлеуетін көтеру бағытында қолбайлау болып тұрғаны ақиқат.
Бұл мәселе қосымша құны жоғары мал өнімдерін экспорттаумен табысты шұғылданып жүрген агроқұрылымдардың мал өсіру, өнім ұқсату мен шығару және оны нарықта өткізу тізбектері шеңберінде үйлесімді бірлескен тиімді жүйе қалыптастыру арқылы шешілуі тиіс. Әрине, алғашқы кезде  барлық шаруалар бұл тізбекке бірден қосыла алмайды. Уақыт талабына сай іріктеуден өткен шаруалар экспортқа бағдарланған ірі агроқұрылымдардың тиімді өндірістік және тұрақты өнімді өткізу тізбегіне қатысудан пайда алары хақ, бәсеке барысында шаруашылықты ұйымдастыру тәжірибесін жақсарта отырып, мал өсірудің озық әдістерін игеруге және мал асылдандыру жұмыстарын жандандыруға қол жеткізеді. Осы орайда, шаруашылықтардың бірігуін /интеграциясын/ нығайту үрдісіне кооперациялық бірлесуді ынталандыру арқылы және жеңілдетілген несиелер беру арқылы пәрмен берілгені абзал. Мал шаруашылығындағы саясат, мемлекеттік қолдау үрдісін әлеуеті зор агроқұрылымдардың аясында экспорттық мүмкіндікті дамытатын ғылыми қамтыл­ған үйлесімді үрдістер төңірегінде шоғырлануға бағыттауы тиіс. Мемлекет тарапынан, заман талабына сай экспортқа бағытталған мал өнімдерін өндіру мен өткізу тізбегін дамыту үшін қоршаған ортаның экологиялық тұрақтылығын камтамасыз ету өте маңызды. Өйткені, заманауи технологиялық жағдай қоршаған орта мен климатқа әсері аз өнімдерді өндіруді қажет етеді. Мысалы, ет пен сүт өндіру үрдісі, әдетте, парниктік газ шығарындыларының мөлшерімен, жердің деградацияға ұшырауымен және басқа да жағымсыз әсерлермен тікелей байланысты. Мәселен, парниктік газ шығарындыларын 15-25%-ға қысқартудың жалпы экономикалық мақсатын белгілейтін Париж келісімі бойынша Қазақстанның ұлттық деңгейде қабылдаған міндеттемелерінің орындалуы аса маңызды.Қазіргі кезде мал шаруашылығы саласында климаттық оңтайландырылған жүйелерді қолданған елдер әлемдегі көміртегі квотасы бойынша орнықты және қымбат нарықтарға қол жеткізіп отыр (мысалы, Уругвай). Бізге де бұл бағытта нақты қадамдар жасауымыз керек.Өкінішке қарай, мал шаруашылығының дамуын қамтамасыз ететін жем-шөп қорын жасақтау жүйесі елімізде әлі қалыптаспаған. Норма бойынша әр шартты мал басына керек 30 центнер азық бірлігінің орнына, орта есеппен 16 центнер азық бірлігі ғана қамтамасыз етілген. Бұл мәселені шешудің тиімді жолы тәлімі және суармалы егіс алқаптарында ғылыми негізделген егіншілік жүйесін қалыптастыру. Қазіргі кезде егістік алқаптарда көпжылдық шөптердің үлесі 10-12 %, ал ғылыми негізделген меже 30-35 %. Осы меже ауыспалы егістік негізінде сапалы өнім өндіруге жағдай жасап, мал азығының кажетті қорын жасақтауды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Қытай және басқа да Таяу Шығыс елдеріне престелген немесе түйіршік түрінде шығарылған жем-шөпті сату бизнесін дамытуға мүмкіндік береді.Мал шаруашылығын қарқынды дамыту үшін жердің жұтауын тоқтатуға және мал азығы өндірісінің орнықты жүйесін қалыптастыруға бағытталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бар мүмкіндікті жұмылдырған абзал. Оған біздің институт ғалымдарының қатысуымен Карағанды облысы Шет ауданында іске асырылған Бүкіләлемдік банктің «Қуаң жерлерді басқару» жобасының нәтижелері үлгі бола алады. Жоба аясында шабындық немесе жайылымдық ретінде пайдалануға жарамай бос жатқан 35 мың жерге еркекшөп, жоңышқа, сиыр жоңышқа, тарлау сияқты көпжылдық шөптер егілді. Олар жердің деградацияға ұшырауына тосқауыл болумен қатар, әр гектардан 1,5-2,0 тоннадан сапалы пішен алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, аудан бойынша ет және сүт өндіру үш есеге жуық артты. Жоба нәтижесінде, Шет ауданы аграрлық саласы орнықты дамыған, ауыл тұрғындарының тұрмыс дәрежесі жақсарған іргелі аудандардың біріне айналды. Осы игі бастама Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының гранттары есебінен еліміздің әртүрлі топырақ және климат жағдайларында 30-дан астам серпінді жобалар тізбегіне ұласты. Әр өңірдің және шаруашылықтардың табиғи ерекшелігіне сәйкес институт ғалымдары мал азығы дақылдарының сұрыптары мен технологияларын ұсынып, жобаның орындалуын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз етті. Нәтижесінде жердің құнары артып, шаруалар өздеріне керекті мал азығы қорын дайындап, қосымша табысқа кенелді. Инс­титут ұжымы жобаны іске асыру барысында шаруаларды көпжылдық шөптерді егуге ынталандырудың оңтайлы тұстарын айқындады. Жоба бойынша көпжылдық шөптерге керекті тұқым мен жанар-жағар май грант қаржысы есебінен қамтылды, ал жерді дайындау, тұқым себу, егісті баптап күту, қорғау және де басқа дала жұмыстарына шаруалар өз қаржысын жұмсады. Бұл екі жақтың да жауапкершілігі мен қызығушылығын арттырып, жобаның нәтижелі болуына және шаруалардың табысты жұмыс істеуіне мүмкіндік берді. Енді, осы оң тәжірибелердің негізінде мал азығы өндірісіне мемлекеттік қолдау көрсетудің тиімді жолдарын қарастыратын бағдарламаларды іске асыру керек. Біздің есеп бойынша Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан Ұлы Дала аумағында 9 млн гектарға, ал оңтүстік және оңтүстік шығыс өңірлерінің тау бөктері мен суармалы жерлерінде 1 млн га жуық көпжылдық мал азығы дақылдарын егуге болады және ол жыл сайын 10 млн тоннадан астам, яғни қазіргі кездегіден екі жарым есе көп жем-шөп қорын дайындауға мүмкіндік береді. Қазақстан табиғи жайылымдардың аумағы зор әлемнің бес елінің бірі, ежелгі көшпелі өркениеттің мұрагері, сонымен бірге өзі үшін «жасыл даму» жолын таңдаған Азияның орталығындағы орнықты дамып келе жатқан мемлекет. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта жайылымдарды үйлесімді басқару мен тиімді пайдаланудың ғасырлар бойы қалыптасқан жүйесі ұмыт болды, ал заман талаптарына сай жаңа жүйені қалыптастыруға бағытталған мақсатты жұмыстар кешеуілдеп жатыр. Жайылым алқаптарын пайдалану барысында ғылыми негізделген мал жаю ережелері мен нормаларының сақталмауы осы жерлердің жұтауына (деградациясына) әкеп соғуда. Елді мекендер мен қыстақтардың айналасында жыл бойына мал жаю үрдісі әлі тоқтаған жоқ. Бұл жәйт, жайылымдық жерлердегі шөптердің табиғи жағдайда өз қалпына келуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан да ауыл немесе қыстау маңындағы жерлер мал таптауынан тозып жатса, мал жайылмайтын мемлекеттік қор және ерекше қорғалатын аумақтардағы пайдаланылмай жатқан жерлерде қаулаған шөптің өсуі өрт шығу қаупін арттыруда. 
Кейінгі жылдары белең алған жайылымдық жерлерде мия тамырын заңсыз, әрі жүйесіз жинау әрекеті де үлкен зиян келтіруде. Бұл жәйт жайылымдық экожүйенің орнықтылығына кері әсерін тигізетін орны толмас кемшілік. Әдетте, мия табиғи жағдайда дәнді-жусанды- бұршақты және басқа да аса құнды дәрілік өсімдіктер қауымдастығында өседі. Мия тамырын қазып алғанда жер бетіне тек мия тамыры ғана емес, онымен бірге жусан, бидайық, бетеге, жоңышқа сияқты құнды көпжылдық өсімдіктердің және мыңжапырақ, жантақ сияқты дәрілік өсімдіктердің тамырлары да шығарылып тасталады. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан топырақ құрылымының бұзылуына және көпжылдық жайылымдық өсімдіктердің құнды биоценоз құрамының жойылуына әкеп соғады. Нәтижеде, су мен жел эрозиялары күшейеді, жергілікті жағдайларға бейімделген жоғары өнімді көпжылдық өсімдіктердің орнын өнімі мен сапасы төмен немесе улы өсімдіктер басады. Бұл өз кезегінде, жайылымдық жерлердің өнімділігін күрт төмендетеді және олардың өнімділік мерзімін едәуір қысқартады. Біріккен Ұлттар Даму бағдарламасының қаржылай қолдауымен Алматы облысы Жамбыл ауданының аумағында Институт ғалымдары жүзеге асырған «Жайылым ресурстарын орнықты басқару» жобасы осы мәселелердің заңдық тұрғыдан шешілу тетіктерін анықтады. Жергілікті шаруалардың жайылымдық жерлерді пайдаланудағы жауапкершілігін арттыру үшін ауыл округтерінде қоғамдық негізде «жайылым қауымдастықтары» құрылды. Олар жайылымдарды жақсарту мен пайдалану, жайылымдық жерлерде мия тамырларын жинауға тосқауыл қоюдың нақты жолдарын айқындады. Малды маусымдық жайылымдарға шығару бойынша шешім қабылдап және олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етті. Мал азығы қорын құрудың өзектілігін ескере отырып тозған жерлерге көпжылдық дақылдарды егіп, жоғары өнімді шабындық-жайылымдық алқаптарды қалыптастыру жүзеге асты. Жайылымдардың тозуына жол бермеу үшін де қарапайым шаралар қарастырылды. Алдымен, жайылым типтерін ескеріп, өрістегі шөп қауымдастығының жетілетін уақытына орай мал жайып, өрісті дер шағында ауыстырып отыру жүзеге асырылды. Бабалар ұстанымымен жер ыңғайына қарай далалық, шөлейттік және таулы жайылымдар әлеуетін маусымына орай толық пайдаланылу іс жүзінде орындалды. Мал өрісі тарлық еткен алқаптарда, қолданыстағы жайылымды жақсарту үшін мал тұяғына төзімді тарлауқияқ (волоснец) пен еркекшөп (житняк) сияқты шөптер үстеме егілді. Жоба аясында Жамбыл ауданының төрт ауылдық округтерінде 45 мың гектардан астам шалғай жайылымдар игеріліп, ауыл тұрғындарының малы жаз жайлауға, қыс шөлдегі жайылымдарға шығарылды. Күн генераторлары арқылы шалғайдағы жайлаулар мен жазықтағы қыстаулар электр энергиясымен қамтылды. Жарықтандыру іске асырылып, кір жуу, сүт тартып қаймақ алу, күбі пісіп май алу, қымыз және шұбат сусындарын дайындау, ұялы телефондарды зарядтау сияқты шаруалардың күнделікті тұрмыс тіршілігіне керекті электр энергиясы іске қосылды. Осындай мақсатты істердің арқасында шаруалардың тұрмыс дәрежесі едәуір жақсарып, бір кездері ошаған басып, шаңы шығып жатқан ауыл маңының жерлері жасыл желекпен көмкерілді. Бұл тәжірибе ата-бабаларымыз­дың ғасырлар бойы қолдан­ған мал бағу тәжірибесінің заманауи жалғасы. Осы орайда, табиғи жайылымдар мен шабындықтарды игерудің тағы бір тәсілін ескерген жөн. Мысалы, жайылым мен шабындық жерлердің өнімділігін арттырумен қатар, ауадан сіңірілген көмір қышқыл газы есебінен көміртегі қорын қалыптастырып, оны еркін көміртегі нарығында (Voluntary Carbon Market) сату арқылы әр гектар жерден 50-150 мың теңге қосымша табыс табуға болады. Еуропа және экономикасы дамыған басқа да елдер қоршаған ортаға зиян келтірмеу, көмір қышқыл газын ауаға шығаруды шектеу жөніндегі міндеттемелерін орындау үшін көміртегі квоталарын сататын тұрақты, сенімді және тиімді серіктестерді іздестіруде. Көміртегі квоталарының бағасы жылдан жылға өсуде, сарапшылар жақын жылдардың өзінде оның әр тоннасының бағасы 30 АҚШ долларына жетеді деген болжам жасап отыр.Әлемдік нарықта Орталық Азия елдерінде көміртегі квотасын қалыптастыру мен сауда жасау ісі әлі жолға қойылмаған. Дегенмен, осы мәселенің түйіні біздің АҚШ ғалымдарымен бірге Қарағанды облысының Шет ауданының қуаң жерлерінде жүргізген зерттеулерімізде қамтылды. Зерттеу барысында, жұтаған жерлерде бидайық, жоңышқа сияқты көпжылдық шөптер егу арқылы өнімділігі қалпына келген шабындық пен жайылымдық жерлердің әр гектары жыл сайын ауадан 4 тоннаға дейін көмірқышқыл газын соратыны анықталды. 
Қазіргі таңда институт ғалымдары Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының (ПРООН) және оның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) отандық және халықаралық сарапшыларымен бірлесе отырып Қазақстандық көміртегі квотасын қалыптастырудың моделдерін жасау, оның нақты мөлшерін анықтау, сертификациялау және еркін нарықта сату ережелерін дайындауды пысықтауда.Бұл ғылыми жұмыстардың нәтижелері жыл сайын әлемдік нарықта тапшылығы артып тұрған көміртегі квотасының Қазақстандық қорын қалыптастыруға және онымен әлемдік нарықта сауда жасауға, ел экономикасында 2060 жылға дейін мақсат етіп отырған көміртегі бейтараптығын қамтамасыз етуге, климаттың жаһандық жылынуына және қуаңшылыққа қарсы күрес жөніндегі халықаралық міндеттемелерімізді орындауға ықпал етеді. Ең бастысы, біздің ел бәсекеге қабілетті мал шаруашылығын өркендетіп, экологиялық таза мал өнімдерін өндіруді заман талаптарына сай ұйымдастырып, жайылымдардың орасан зор әлеуетін ұтымды пайдалана алады және мал өнімдерінің әлемдік нарығында өзінің лайықты орынын алары да хақ. Сонымен, табиғи жайылымдардың тозуына жол бермей, оларды тиімді, әрі толық игеруді жүзеге асырсақ, бір жағынан мал шаруашылығын дамытып, екінші жағынан көміртегі квотасы қорын қалыптастырамыз және климаттың жаһандық жылынуына тосқауыл қоямыз. Осы орайда, әлемдік нарықта тапшылығы артып тұрған көміртегі квотасы Қазақстан қазынасына мол табыс әкеледі. Осы шаралар арман сияқты көрінгенімен, оларды ғылыми негізде жүйелі және мақсатты түрде жүзеге асыру жақын жылдарда еліміздің жыл сайын жаңғырып отыратын табиғи сарқылмас қазынасының толассыз толып отыруына жол ашатын жаңа бағыт екені айқын.

Айбын ТӨРЕХАНОВ,
Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми зерттеу институтының басқарма төрағасы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

1873 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз