• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Тарихи құжат – ұрпаққа аманат

Қазақстан Республикасы «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толды. Соған орай Алматыдағы  Президент Архивінде «Тарихи құжат – ұрпаққа аманат» атты жиын өтті. Оған жиналған еліміздің архив саласына еңбек сіңірген қайраткерлері заңды қабылдау тарихы туралы естеліктер айтты. Сонымен бірге архившілер  мен ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері бүгінгі архив ісінің өзекті мәселелерін ортаға салып талқылады. 
 

Ұлттық архив қоры – еліміздің қалыптасу тарихы және тәуелсіздігімізді айқындайтын баға жетпес байлық, құнды жәдігер. Мемлекеттігіміздің тұғыры, елдігіміздің негізі. Қазақстан Республикасы Президенті архивінің құрылғанына алдағы жылы отыз жыл толмақ. Ал  биыл «Ұлттық архив қоры» туралы Заңның қабылданғанына 25 жыл толуы тәуелсіз елдің саяси тарихындағы  маңызды оқиға.  Тасқа жазылған тарихтың да, тарихы тасқа жазылған елдің де болашағы баянды. Ал оны қорғау мен сақтау, болашаққа аманаттау  ұрпақтан ұрпаққа кететін қасиетті борыш. Асыл мұраны ардақтау – мұрағат ісінің тікелей міндеті. Мәселен, іргеміздегі Қытайдың бес мың жылдық жазба тарихы бар дейміз, ол дегенің  сол елде мұрағат ісінің осынша жылдық тарихы бар деген сөз. Яғни, мұрағат қорының байлығы пәлен мың жылдық тарихының негізін қалап отыр. Ал Қазақстанда 1794 жылы құрылған Ішкі Бөкей ордасының мұрағатынан бастауын алғанның өзінде еліміздегі мұрағат ісінің 230 жылдық қана тарихы бар. Ал бүгінгі мұрағат саласы қандай күйде? 1998 жылы Заң қабылданғалы бергі 25 ішінде архивтік құжаттарды сақтау мен пайдалануға қатысты көптеген қағидаттар мен талаптар белгіленіп, 70-тен астам түрлі құжат қабылданыпты. Жеткен жетістіктеріміз аз емес. Дегенмен архив саласында талай жылдан бері қордаланып қалған, әлі шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер әлі де бар екен. Елiмiздiң тарихына қатысты мұрағат құжаттарын iздеу және тiзбесiн жасаудың, архив құжаттарын іздеу мен көшірмесін алуда аталған көрші мемлекеттер арасындағы уағдаластық пен ынтымақтастықты арттырудың маңызды екені аян. Бұған алыс шет елдердің кітапханалары мен ғылыми мекемелерінде жатқан құнды тарихи құжаттарды іздеу мен алуды қосыңыз. Ендеше, мұрағат iсi саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңiнен дамытпай болмайды.  
Кезінде «Ұлттық архив қоры және архивтер туралы» Заңын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының басшысы болған мемлекет және қоғам қайраткері, архив ісінің ардагері Рысты Халесқызы Сариева: 
– Архивтен көп нәрсе ұрланып, жоғалып жатады, ешқандай аудиторияда ешкім оны айтқысы келмейтін сияқты. Ал архив құжаттары – мемлекеттің қауіпсіздігі. Жеріміздің асты-үстіндегі байлық  қоры, шикізаттарымыз туралы құжаттарға шет елдік зерттеушілер құмар, сондықтан кейбірін ашық-шашық жайып тастауға да  болмайды.  Ал елімізге бұрын әкелініп қойылған, қырық жылдан бергі белгілі құжатты шет елден қайта сатып әкеліп, жерден жеті қоян тапқандай жалаулатып жатады. Қай елдерден не әкелінді, шет елдің архивінде не бар, соның бәрі бірыңғай ортақ базада болу керек, зерттеушілер  алдымен соны оқып, танысуы керек, сонда мемлекеттің бөлген ақшасы талан-таражға салынбайды, - деді.
Ал Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай:  
 – Бұрын әкелініп қойылған, жиырма-отыз жыл бұрын белгілі болған құжатты қайта сатып әкелудің құзырлы  мекемелерде  орын алып жатқаны рас. Мұның бәрі зерттеушілердің кәсіби білігінің төмендігі дер едім. «Қазақстан бай, бір құжатты қайта-қайта сатып алып кетеді» дегенді естідім өз басым  Ресейге барғанымда. Қазір  зерттеушілер бір жылдық немесе үш жылдық гранттар негізінде  жалақы алмай жұмыс істейді де, тақырыбына байланысты шетелге іссапарға ғана ақша бөлінеді. Осылайша кәсіби біліксіздікке жол беріледі, – деді. 
Біздің қазіргі ақпараттық ресурстарды жинақтау, жүйелеу, іздестіру мен пайдалан­уды дамыту – күн тәртібінде тұр. Ол үшін біздегі мемлекеттік мұрағаттың құрылымы халықаралық стандартқа сай болуы және мемлекеттің, қоғамның, азаматтардың ақпараттық қолжетімділігін арттыру үшін ел мұрағаттары материалдық-техникалық базасын түбегейлі жаңартып, соңғы үлгідегі электронды техника және автоматтандырылған технологиямен толық қамтамасыз етілуі керек. Ал қазіргідей бірыңғай мәліметтер базасының және мемлекеттік мұрағаттардың автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің болмауынан бұл салада біршама түйткіл пайда болды. Осылайша жиын барысында сала қызметкерлері еңбегінің тартымдылығын арттыру мен оларға жалақы беру жүйесін жетілдіру жайы түбегейлі шаралар қабылдауды қажетсінетіні айтылды. 
                   

Төреғали ӘЛІПҰЛЫ

1811 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз