• Ел мұраты
  • 30 Қараша, 2023

Қоғам дамуының заңдылықтары

Әлеуметтану теориясындағы ірі идеялар уақыт сынынан өткен, қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге жүйелі көзқарас қалыптастырған маңызды, теориялық тұжырымдар болып саналады. Әлеуметтанулық теориялардың дәл шыққан уақытын анықтау мүмкін емес. Бағзы заманнан бері  адамдар әлеуметтік өмірге қатысты түрлі пайымдау жасап келеді. Бірақ XVII ғасырға дейін арнайы әлеуметтану деген ғылым болмауы себепті олар әлеуметтану ғылымының  теоретиктері деп аталмайды. Әлеуметтану индивидке көп назар аударғанымен де, оның орталық зерттеу нысаны – әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, сондай-ақ әлеуметтік үдерістер. Әлеуметтану әлеуметтік құндылықтар, әлеуметтік өзгерістер, девиантты мінез-құлық, діни және отбасылық өмір модельдерін қарастырады. «Әлеуметтану – бұл әлеуметтік қауымдар мен оларды ұйымдастыру формаларының: әлеуметтік жүйелердің, әлеуметтік құрылымдар мен институттардың қалыптасуы, дамуы және қызметі туралы ғылым. Бұл әлеуметтік субъекті – қауымдардың белсенділігі туғызған әлеуметтік өзгерістер туралы ғылым; алуан түрлі әлеуметтік қауымдастықтар арасындағы, тұлға мен қауым арасындағы өзара байланыс пен өзара әрекеттестік механизмдері ретіндегі әлеуметтік қарым-қатынастар туралы ғылым; әлеуметтік әрекеттер мен бұқаралық мінез-құлық заңдылықтары туралы ғылым»  деп жазады бұл жөнінде ресейлік әлеуметтанушы-ғалым В.А.Ядов. 
 

Әлеуметтік үдеріс қоғам жағдайының немесе оның жекелеген жүйелерінің дәйектілікпен ауысуын білдіреді. Демек, әлеуметтік үдеріс белгілі бір бағыттағы қозғалыс. Онда өзгеріс пен тұрақтылық, үздіксіздік пен үзіктілік үйлесім тапқан. Әлеуметтік үдеріс әлеуметтік жүйені нақты өзгерістерге алып келеді. Үдерістер әлеуметтік жүйенің әртүрлі деңгейлерінде: жеке индивид, әлеуметтік топ, ұйым, қоғамда жүзеге асады. Мұндағы қоғам әлеуметтік үдерістердің нәтижесінде белгілі бір сапалық деңгейге ауысады. Индустриялық-инновациялық үдерістер әлеуметтік үдерістердің бір түрі деп саналады.  
Индустриялық-инновациялық үдерістердің пайда болуы қоғам дамуымен тығыз байланысты. Әлеуметтік-философиялық ойдың тарихында қоғам дамуының материалистік концепциялары аз еместігі белгілі. Осындай концепциялардың қатарына географиялық детерминизм, экономикалық детерминизм, технологиялық детерминизм жатады. Мысалы, географиялық детерминизм қоғам дамуының барлық факторлары арасынан географиялық ортаның басымдығын негізге алады (Ш.Монтескье, П.Н.Савицкий, А.Хеттнер және т.б.). Экономикалық детерминизм әлеуметтік философиядағы ірі бағыттың бірі. Ол Маркске дейін-ақ пайда болды, дегенмен көптеген мамандар бұл ұғымды марксизммен байланыс­тырады. Өндіріс тәсілінің өзгеруі қоғамдағы барлық саладағы өзгерістерді айқындайды. Яғни, экономикалық фактор қоғам дамуының маңызды, жетекші факторы. К.Маркстің экономикалық детерминизмі өндірістік қатынастарды қоғам құрылымының барлық формаларын ауыстырудың негізінде жатқанын мойындауға сүйенді. 
Технологиялық детерминизм Д.Белл, Р.Арон, О.Тоффлер еңбектерінде көрініс тапқан. Олар машиналар мен машиналар жүйесін, олардың қоғам құрылымы мен сипатындағы өзгерістерге тигізетін ықпалын зерттейді. Бұл қоғам «индустриалдық» деп аталады. Бұл қоғам машиналық өндіріске негізделеді. Индустриалдық қоғам қойнауында пайда болған компьютерлер ақпараттың билігі келгенін білдірді және ақпараттық қоғамға қадамды бастап берді. Постиндустриалдық қоғамның басты мәселесі білім мен құзіретсіздік арасында жүреді. Мұнда қызмет көрсету саласы маңызды орын алады, басқару саласы ақпарат негізінде жүргізіледі. Қоғамды дамытудың қозғаушы күші ақпараттандыру, өндірісті роботтандыру және автоматтандыру болады.ХХ ғасырдағы әлеуметтік-ғылыми білімнің дамуына едәуір бағыт берген Макс Вебердің тарихи тұжырымдамасы «Түсінікті әлеуметтану» әлеуметтік іс-әрекетке баға бере отырып, оның себептерін түсіндіруге тырысады. Вебер әлеуметтік әрекетті рационализациялау – бұл тарихи процестің өз үрдісі деп пайымдайды. Вебердің пікірі бойынша, соңғы жүзжылдықтағы тарих және өркениеттердің индустрияландыру жолына түсуі рационализацияның бүкіләлемдік тарихи үдеріс екенін дәлелдейді. Барлығы да рационалданады – шаруашылықты жүргізу тәсілі де, басқару да, адамдардың ойлау жүйесі мен өмір салты да. Бұның бәрі ғылымның әлеуметтік рөлінің артуымен қатар жүреді, сол арқылы адамның магиялық нанымдардан арылуы жүзеге асады. Вебер мұны қазіргі заманғы әлеуметтік-мәдени дамудың нышаны деп біледі. Батыс елдеріндегі капитализмнің жеңіске жетуі рационалдық қасиеттердің басым болуына тікелей байланысты. Қазіргі нарықтық қатынастар да әр адамнан осындай іс-әрекетті күтеді. ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басында батыс елдерін қамтыған өнеркәсіптік төңкерістер әлеуметтанулық теорияның қалыптасуына үлкен ықпал етті. Өнеркәсіптік революция жекелеген оқиға ғана болып қойған жоқ, ол іле-шала өзара бір-бірімен байланысқан өзгерістерді алып келді, оның шырқау шегі Батыс әлемінің ауыл шаруашылық жүйесін (негізінен) индустриалды әлемге айналуына жеткізді. Қаншама адам фермалар мен егіс даласын тастап фабрикаларға жұмысқа кетті және олардың саны барған сайын арта түсті. Мысалы, XVII-XVIIІ ғасырларда Ұлыбританияда ауыл шаруашылығы мүлдем жойылып, өнеркәсіптік елге айналды. Фабрикаларда ірі технологиялық жаңалықтар жүзеге асып жатты. Өнеркәсіп қажеттіліктеріне қызмет ететін экономикалық бюрократия табы және капиталистік экономикалық жүйе пайда болды. Бұл жүйенің жетістігі – еркін нарық, орасан зор көлемдегі өнеркәсіп өнімдерін алмасу. Өнеркәсіптік жүйе мен капитализмге қарсылық жұмысшы қозғалыстарының құрылуына алып келді және батыс қоғамының құрылымында үлкен өзгеріс туғызды. Көрнекті ойшылдар К.Маркс, М.Вебер, Э.Дюркгейм, Г.Зиммель және басқалар қоғамдағы өзгерістерді және осы өзгерістер салдарынан болған әлеуметтік проблемаларды жіті зерттеді. Бұл ғалымдар әлеуметтік мәселелерді зерттеу барысында олардың шешімін табу бағдарламаларын ұсынды. 
Бірқатар әлеуметтанушылар индустриялық проблемаларды шешудің құралы ретінде ұсынған социализмге көпшілік адами және ғылыми тұрғыдан қарсы шықты. Вебер мен Дюркгейм сияқты алғашқы социологтар социализмді қолдамады. Капиталистік жүйе ішінде проблемалардың бар екендігін мойындай отырып, олар Маркс жақтаған төңкерістен гөрі әлеуметтік реформалар жасауды артық көрді. «Маркстің капитализмге балама ретінде социализмді қолдауға бағытталған күш-жігері олардың социализмнен үрейленуін күшейте түсті және әлеуметтанулық теориялардың одан әрі дамуына ықпал етті. Іс жүзінде әлеуметтанулық теория марксизмге қарсы реакция нәтижесінде қалыптасты және социалистік теорияға қарсы бағытталды» деп жазады Дж. Ритцер «Қазіргі заманғы әлеуметтану теориялары» атты еңбегінде.
Маркс пен Вебер қоғам мен капиталистік экономика сияқты ірі ауқымдағы проблемалармен айналысқан болса, ал Г. Зиммель жеке адамдардың іс-әрекеті мен өзара қатынасы мәселелеріне назар аударды. Оның пайымдауларында өзара әрекеттесу формалары, әрекеттесуші тұлғалардың типі пайда болды. Зиммель адамдар арасындағы өзара әрекеттестіктің мәнін ұғыну әлеуметтанудың негізгі міндеттерінің бірі деп есептеді: «Бұл үшін әлеуметтік өмірдегі өзара әрекеттестіктің түрлері мен әрекеттесуші тұлғалардың типтері қалай пайда болғанын білу қажет». 
Қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың негізін қалаушылардың бірі Толкотт Парсонстың құрылымдық функционализміндегі әлеуметтік жүйе ретінде қоғамға қойылатын талаптар мынадай:
– Қоғам ортаға бейімделуге тиіс.
– Қоғамның алдына қойған мақсат­­тары болуы керек.
–Қоғамның барлық элемент­тері үйлестірілуге тиіс.
– Қоғамда құндылықтар сақталуы қажет. 
Т.Парсонс өзінің «Қазіргі заманғы қоғамдар жүйесі» атты еңбегінде дамыған елдердегі қоғамға сипаттама береді. Оның тұжырымы бойынша, капитализмнің америкалық үлгісінің екі ерекшелігі бар. Біріншісі – бұл жаппай өндіріс, оның бастауында «Форд мотор» компаниясы тұр. Бұқаралық жаппай өндіріс қажеттілікке байланысты ірі тұтыну нарықтарына (негізінен ішкі нарық) бағдарланатын болғандықтан, көп ұзамай пайда фирманың «нарықтағы өз үлесін» жеңіп алуына ғана тәуелді емес, сонымен бірге тұрғындардың сатып алу қабілетінің жиынтығына, оның жалпы табысына байланысты екені түсінікті болды. Г.Форд жүргізген жоғары еңбекақы саясаты (кәсіподақтың қысымынсыз) көп еңбекті қажет ететін өндірістен капиталқұрамдас өндіріске өтуді білдіреді. Мұның нәтижесі өндіріс көлемінің ұлғая беруіне қарамастан, тікелей өндіріске қамтылған жұмыс күшінің үздіксіз қысқаруына әкеп соқты. Сәйкесінше «ақ жағалылардың» арасында және қызмет көрсету саласындағылардың еңбекке қамтылу деңгейі өсті. Екінші ерекшелік Германияда пайда болды, бірақ АҚШ-та жақсы дамыды. Ол ғылыми білім мен өндіріс арасындағы байланыстың жолға қойылуынан тұрады. Ол химия және электротехника салаларынан өзге көптеген салаларға тарады. Бүгінгі таңда бұл бағытта кибернетикаға және ақпаратты өңдеуге байланысты электроника қарыштап, алға жылжып барады. Еңбекпен қамтылу бойынша жалпы және үздіксіз даму жүзеге асты. Заманауи жұмыс күші құрылымында біліктілігі жоқ еңбек күшіне орын қалмай барады. Өндірістік революцияны зерттеушілер ұзақ уақыт бойы өндірістің физикалық көлемінің, ақша капиталын салудың және өндіріске қамтылғандардың саны өсуін өндірістің өсуінің өзара тығыз байланысты көрсеткіштері ретінде қарастырды. Алайда кейіннен жағдай өзгерді. ХХ ғасырдың 50-жылдарымен салыстырғанда Құрама Штаттардың өңдеуші өнеркәсібіндегі ішкі өнім сандаған есе ұлғайды, ал ондағы жұмысшылардың саны сол деңгейде қалды, қолданылатын жұмыс күшінің үлесі едәуір төмендеді. Бұл құлдилау, ең алдымен, «механизация», бүгінгі тілмен айтқанда «автоматизациялаудың» және ұйымдастыруды жетілдірудің нәтижесі болып табылады. Барған сайын белгілі бір мамандық бойынша жеткілікті біліктілігі жоқ мамандардың жұмыс табу мүмкіндігі шектеліп келеді. Дегенмен, бұл жағдай қайта оқыту арқылы жұмыс күшінің сапасын жаппай көтеруге алып келді. Қазіргі кезде жалпы даярлығы жоғары, тиісті дағдыларға, яғни құзіреттілікке ие мамандарға деген қажеттілік одан әрі өсе түсуде. 
ХІХ-ХХ ғғ. әлеуметтануда қоғамның революциялық өзгерісі жайлы теория қалыптасты. К.Маркс ХІХ ғасырдың өзінде-ақ ғылым қоғамның өндіргіш күші деп атап көрсетті. Ол ғылыми білім – «жалпыға бірдей өндіргіш күш», білімдер мен дағдыларға ие болу – «қоғамдық мидың жалпыға ортақ өндіргіш күштерін жинақтаудың» мәні деп жазады. Марксизм экономикалық детерминизмге сүйенді және әлеуметтік дамудың басты факторы – қоғамның экономикалық базисі деп тұжырымдады. Маркс экономикалық жүйеге баса мән берді және ол қоғамның барлық басқа жүйелерін: саясатты, дінді, дүниетанымды және т.б. айқындайды деп дәлелдеп берді. Сол үшін Марксті диалектик екендігіне қарамастан экономикалық детерминист санайды. Диалектика бойынша, қоғамның әртүрлі бөліктері арасында үздіксіз кері байланыс пен өзара әрекеттестік бар. Демек, саясат, дін және т.б. да өз кезегінде экономикаға ықпал етеді. Маркстің үзеңгілесі Ф.Энгельс маркстік теорияны жақтады. 
К.Маркстің әлеуметтану теориясында көптеген бағалы ой-пікірлер, тұжырымдар бар. Мысалы, К.Маркс қоғамның даму заңдарын түсіндіргенде, әр уақытта экономиканы (яғни, өндірістік тәсілді, оның ішінде өндіргіш күштерді, оларға сәйкес өндірістік қатынастарды) ең басты, қозғаушы, шешуші күш деп санады. Маркстың әдістемесінде қоғам дамуының екі басты үлгісі бар: а) органикалық, б) механикалық. Біріншісі, әлеуметтік эволюциялық процесті түсіндіру үшін қолданылады. Басқаша айтқанда, бірінші үлгі қоғамды тарихи процесс ретінде қарастырады. Екінші үлгі, формацияның негізгі екі компоненті – базис пен қондырманы талдағанда, олардың арасындағы қатынастарды механизм ретінде түсіндіреді. Сондай-ақ Маркс әлеуметтік құрылым (яғни, қоғамды таптарға, топтарға, жікке бөлу) теориясын жасаған авторлардың бірі болды. Жікке, топқа бөлудің негізгі, басты белгісі өндірістік құрал-жабдықтарына меншік формасына байланысты екенін көрсетті. Сөйтіп К.Маркс қоғамның әлеуметтік құрылымы экономикалық таптардың қатынастары арқылы анықталады деп көрсетті. Осыған орай К.Маркс жеке тұлғаны зерттеудің қажеттілігін айтып, оны қоғамдық қатынастардың жиынтығы деп түсіндірді. Марксизмнің ерекшелігі эволюцияны революциямен біріктіруге ұмтылу, яғни тарихтың дәйекті дамуы үшін революциялық жаңғыртулардың маңызын дәлелдеуі болып табылады.Әлеуметтану ғылымының тарихында Огюст Конт ашқан еңбектің бөлінуі және оны кооперациялау туралы заңның маңызы зор. Бұл фактілердің негізінде қоғамда әлеуметтік және маманданған топтар пайда болды, осы кезден бастап адамдардың әл-ауқаты, материалдық тұрмыс жағдайы біршама жақсара бастады. Екінші жағынан, бұл факторлар қоғамға кері әсер етті, өйткені бұлар байлықтың бір қолға, немесе кішігірім топтардың қолына жиналуына әкелді, сөйтіп қанаушылыққа жол берді. Әлеуметтік сезім бір мамандықтағы адамдарды топтастырады. Осыған орай адамдардың бойында түрлі корпоративтік эгоистік мораль пайда болады. Ал, осылар бақылаудан шығып кетсе, онда қоғамның негізі, ұйытқысы іспетті, адамдардың арасындағы ынтымақтастық және келісім бұзылатын болды. О.Конттың пікірінше, «осы адамдардың арасындағы ынтымақтастықты, келісімді тек әлеуметтану ғылымы реттеп отырады және қоғамның ілгері дамуы негізінде рухани бастама, адамзаттың ақыл-ойының дамуы жатыр».Әлеуметтік өмір – бұл үздіксіз, үнемі жаңарып отыратын, қайта құрылатын, өзгермелі үдеріс. Әлеуметтанушылар белгілі бір уақыт өткенде мәдениет, әлеуметтік құрылымдар мен мінез-құлық үлгілерінде жүзеге асатын іргелі өзгерістерді атап өтеді. Сондай өзгерістердің бірі, қоғам дамуының жаңа сатысы ретінде пайда болған индустриялық-инновациялық үдерістерге сипаттама беру үшін алдымен әлеуметтік үдеріс ұғымына анықтама беру қажет. Қоғамда орын алған әлеуметтік үдерістер нәтижесінде жағдай дәйектілікпен ауысып, әлеуметтік жүйелер немесе оның бөлімдеріндегі элементтердің қозғалысы белең алады. Үдерістер өзара ретті, ұзақ мерзімдік және әлеуметтік жүйенің белгілі бір нәтижесіне бағытталған. Басқаша айтқанда, үдерістің тиімділігі жетістікке жету немесе жетпеуіне қарай бағаланады. Әлеуметтік үдеріс әлеуметтік динамиканың көрінісі болып табылады. Яғни, әлеуметтік үдеріс адамдардың іс-әрекеті, соның нәтижесінде әлеуметтік объектілердің дамуында белгілі бір мақсаттарға қол жетеді, ал сол объектілердің жағдайы үнемі өзгеріп отырады. 
Әлеуметтік үдеріс ұйымда, топ құрылымында болып жатқан құбылыстар мен өзара әрекеттестіктер тізбегі болғандықтан, олар адамдар мен қауымдастықтың құрамдас элементтері арасындағы қатынастарды өзгертеді. Әлеуметтік үдерістердің маңызды қасиеті олардың жалпыға ортақтығы және осы үдерісті жүзеге асырушымен байланысы. Қоғамдағы бір де бір оқиға әлеуметтік үдерістен тыс өтпейді. Қоғамның қызметі мен дамуы әлеуметтік үдерістердің әртүрлі формаларында жүріп жатады және адам қызметінің барлық саласын қамтиды. Қазіргі заманғы теориялық әлеуметтанудың ең көрнекті өкілі П.Штомпка атап көрсеткендей, «әлеуметтік үдеріс» идеясы өте маңызды және ол өзара бір-біріне ықпал ететін өзгерістердің салдарын сипаттайды. Ал П.Сорокин болса, әлеуметтік үдеріс ұғымына классикалық анықтама берді: «Кез келген қозғалыс, модификация, трансформация, кезектесу немесе «эволюциялар», қысқасын айтқанда, зерттелетін нысанның белгілі бір уақыт ағымындағы кез келген өзгерісі, мейлі ол оның кеңістіктегі орнын ауыстыруы болсын, не болмаса оның сандық немесе сапалық сипаттамаларының модификациясы болсын, үдеріс деп түсіндіріледі».
Демек, әлеуметтік үдеріс тиісінше әлеуметтік өзгерістердің тууына алып келеді. «Әлеуметтік өзгеріс» ұғымы әлеуметтік жүйелердің, қауымдардың, институттар мен ұйымдардың бір жағдайдан келесі бір басқа жағдайға өту үдерісін білдіреді. Бұл үдеріс барысында, әртүрлі әлеуметтік факторлардың (экономиканың, саясаттың, мәдениеттің) өзара ықпалдастығы нәтижесінде қоғамда жаңа сапалық өзгерістер жүреді. Әлеуметтанудың маңызды мәселесі әлеуметтік өзгерістерді, олардың тетіктері мен бағыттарын, яғни қоғамның даму динамикасын зерттеу болып табылады.«Әлеуметтік өзгеріс» ұғымы «даму» ұғымымен нақтылана түседі. Даму – бұл материалдық және идеалдық объектілердің қайтымсыз, бағытты өзгерісі, олардың қарапайымнан күрделіге, төменнен жоғарыға ауысуы. Дамудың дара-технологиялық теориясы әлеуметтік өзгерістерді өндіріс саласындағы өзгерістен туындайды деп қарастырады. Мұндағы белгілі теориялар – У. Ростоу мен Д. Белл құрған экономикалық өсім теориясы. Олар қоғам дамуы өндіріс технологиясының өзгеруімен анықталады дейді. Әлеуметтік өзгерістерді сипаты, ішкі құрылым, қоғамға ықпалы бойынша екі үлкен топқа бөледі: эволюциялық және революциялық өзгерістер. Сондай-ақ әлеуметтануда өзгерістер мен дамудың прогрестік, регрестік, имитациялық және инновациялық типтері де сипатталады. 
Эволюциялық үдерістер – бұл қоғамдағы объектілердің баяу түрде өтетін сандық өзгерістері.
Революциялық – бұл салыстырмалы түрде жылдам, секіртпелі сапалық өзгерістер. ХІХ ғасырда әлеуметтануда дарвинизмнің ықпалымен эволюционизм нықтап орын алды, бұл әлеуметтік дамудың объективті сипатын мойындайтын көзқарастар жүйесі. Эволюционизмнің негізгі идеясы адамзат қоғамының тарихи кезеңдерінің болуына негізделеді – қарапайымнан күрделіге қарай даму, дәстүрліден (қол технологиясынан) жеке-дараға (машиналық технологияға). Біртектіліктен саналуандыққа, ұйымдастырудың қарапайым түрінен күрделі формасына ауысу – міне, бұл эволюция. Индустриялық-инновациялық үдерістер эволюциялық үдеріске жатады деп санаймыз. Өйткені ол адам ақыл-ойының, тәжірибесінің, білімінің дамуы арқылы өндірістің, экономиканың, әлеуметтік өмірдің жетілуі, жаңғыруы түрінде дәйектілікпен жүзеге асады. Осы эволюция барысында алдымен инновациялар қалыптасады – әлеуметтік жүйеде үдерістер пайда болады, оның жаңа қасиеттері, сапасы мен элементтері түзіледі. Одан кейін біртіндеп инновациялар іріктеледі, яғни бір инновациялар сақталып қалса, келесілері лақтырылады. 
Әлеуметтік эволюционизмнің жарқын үлгісі Герберт Спенсердің органикалық әлеуметтануында көрініс тапқан. Г.Спенсер қоғам эволюциясының мәні қоғамдық өмір формаларының күрделенуінде, олардың ұйымдастырудың жаңа деңгейіне интеграциялануы және жіктелуі деп білді. Спенсер бойынша, дифференциация идеясы жүйенің бөліктері арасындағы функциялардың бөлінуі және анағұрлым тұрақты құрылымдық арақатынастарды сұрыптап алу ретінде түсіндіріледі. Кез келген жүйенің эволюциясы оны ұйымдастыруды дамыту және күрделендіруден тұрады. Ал дифференциация әрдайым интеграциямен қатар жүреді, өйткені эволюциялық өзгерістер жүйенің бүкіл элементтерін құрылымдық және функционалдық жағынан сәйкестендіру, үйлестіру бағытында жүреді. Г.Спенсер қоғамның эволюциясын оның интеграциясымен, жүйенің өзінің барлық новацияларын бейімдеу жолымен байланыстырды. Спенсер сонымен бірге әскери қоғамнан индустриалдық қоғамға өтудің эволюциялық теориясын ұсынды. Ертеректе әскери қоғамдардың құрылымы жаулаушы және қорғанушы соғыстардың қажеттілігіне орай айқындалды. Спенсер бұл қоғамның міндеті жаулап алу арқылы қоғамдарды біріктіру және неғұрлым ірі адамдар қауымдастығын құру болды дейді. Ал мұның өзі индустриалдық қоғамды дамыту үшін қажет еді. Алайда индустриалдық қоғамның пайда болуымен соғыс өзіне тән сипатты қызметін жоғалтады және одан әрі эволюциялық даму үшін кедергі келтіретін болады. Өйткені индустриалдық қоғам достыққа, альтруизмге, тар шеңберлі мамандануға, жетістіктерді ынталандыруға және жоғары тәртіппен ұйысқан индивидтердің ерікті кооперациясына негізделеді. Мұндай қоғам ерікті келісімді қатынастармен және жалпыға ортақ моральмен бірігеді. Үкіметтің рөлі шектеулі. Дегенмен, Спенсер индустриалдық қоғам эволюциясын көрсете отырып, ара-тұра соғысқа жүгіну кезеңдерін де жоққа шығармайды. Мұнда да «ең мықты қоғамдар озып шығады, ал әлсіз қоғамға жойылу қаупі тән. Бұл процестің нәтижесі – қоғамның тұтастай биік деңгейге бейімделуі». Міне, қазіргі біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасырда инновациялар – мемлекеттің болашағын айқындайтын маңызды шартқа айналды, яғни инновация жоқ жерде даму да жоқ, ол елдің келешегі күмәнді.  Ең маңызды әлеуметтанулық аспектілер ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында дүниеге келді және әлеуметтануды дамытуда үлкен маңызға ие болды. Бұл негізінен ХІХ-ХХ ғасырларда батыс елдерінің көпшілігін қамтыған өнеркәсіптік төңкеріске байланысты. Өнеркәсіптік төңкеріс бір жолғы оқиға емес еді, осы бір өзара байланысқан өзгерістер тізбегінің шарықтау шыңы Батыс әлемін ауыл шаруашылығы басым елден индустриалды жүйеге айналдырып тынды. Бұл жүйенің идеалы – еркін нарық, онда өнеркәсіптік өнімнің саналуан түрімен айырбас жасалады. Бұл жүйеде біреулер ғаламат табысқа жетсе, енді біреулер күнұзақ болмашы жалақыға жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мұның бәрі әр адамның жеке бас қабілеттеріне – бәсекелестікке төтеп беруіне тығыз байланысты.  
Э.Дюркгейм «Әлеуметтану әдістерінің ережелері» еңбегінде әлеуметтік фактілердің екі типін көрсетеді: материалдық және материалдық емес. Ол өз еңбегінде материалдық емес фактілерге: мысалы, мәдениетке, әлеуметтік институттарға баса назар аударады. Дюркгейм ертедегі қоғамды негізінен материалдық емес әлеуметтік фактілер, әсіресе қатаң ұжымдық мораль немесе «ұжымдық ар-ұят» біріктірді дейді. Алайда заманауи қоғамның күрделілігінен сол ұжымдық мораль жойылды. Қазіргі заманғы қоғамды біріктірген еңбектің бөлінуі адамдар арасында тәуелділікті қалыптастырғанымен, бірқатар патологияларға да дұшар етті. Бірақ Дюркгейм бұл проблемаларды шешу үшін революция қажет емес дейді. Керісінше, ұжымдық ар-ұят билік құрған заман қайтып келмесе де, ол қазіргі жүйені емдейтін және қолдайтын реформалар жүргізуді ұсынды.Индустриалдық және капиталистік қоғамның теориясына арналған саяси экономия нарықты жағымды күш, тәртіптің, қоғам үйлесімі мен бірігуінің көзі деп санайды. Әлеуметтанушының міндеті қоғамды сынау емес, оның қызмет ету заңдылықтары туралы мәліметтер жинау. Мақсат – үкіметті жүйе қалай жұмыс істейді және оның жұмысын ақылмен басқару үшін не қажет, - осы фактілермен қамтамасыз ету. Қандай фактілерге басымдық беру туралы Маркс, Вебер, Дюркгейм мен Конт қоғам құрылымынан базалық фактілерді іздестірді, ал британ ойшылдары осы құрылымды құрайтын индивидтерге назар аударды. Олар жеке деңгейде мәліметтер жинап, сосын оларды ұжымдық портретті қалыптастыру үшін біріктіруге тырысты. ХІХ ғасыр ортасында британдық әлеуметтану ғылымында статистика жетекші орын алды, мәліметтерді жинаудың бұл түрі әлеуметтанудың маңызды міндеті саналды. Оның мақсаты таза фактілерді жинақтау. Статистиктер мәселе саяси-экономикалық жүйеде жатыр деген түйінге келді. Дюркгеймнің қоғамдағы жағымды және патологиялық ахуалдың айырмашылығы, әлеуметтік аурулар мен оларды жеңудің тәсілдері туралы пайымдаулары терең әрі өзекті. «Әлеуметтік денсаулық, - дейді Дюркгейм,- индивидтің, ұжым мен тұтастай қоғамның өмірлік күштерінің дамуына, олардың қоршаған орта жағдайларына бейімделуге қабілеттілігіне және осы жағдайларды өзінің дамуы үшін қолдана білуіне негізделеді. Ауру қоғамның кез келген саласында туындауы мүмкін, ал егер де ол тұтастай ауру болса, онда оны кешенді түрде емдеу қажет. Қоғамның моральдық және саяси дені сау болуы, оның барлық саласына адамдардың қызметі мен қарым-қатынасын тиімді ынталандыруды енгізу аса маңызды». 
Мысалы, әлеуметтік құрылымдағы ахуалға байланысты барлық адамдар табысқа жете бермейді. Егер де адам дүниеге келген сәттен бастап төменгі әлеуметтік-экономикалық тапқа жатса, кейіннен көп болса бір жоғары оқу орнының түлегі бола алады, ал оның экономикалық табысқа жалпыға ортақ тәсілмен (мәселен, дәстүрлі жұмыстар саласында) қол жеткізу мүмкіндіктері шектеулі немесе мүлдем жоқ. Мұндай жағдайда қоғамда аномия орын алады, ал   оның нәтижесі – девиантты мінез-құлық. Кейбір кезде девиантты мінез-құлық экономикалық табысқа жетудің заңсыз құралдарын пайдалануға әкеп соғады. Әлеуметтанушылар оған есірткі саудасы немесе жезөкшелікпен айналысуды келтіреді. Бұл құрылымдық функционализм тұрғысынан қылмыс пен девиантты мінез-құлықты түсіндірудің бір тәсілі. Осылайша, қоғамның іс-әрекеті экономикалық, әлеуметтік, саяси және өзге де саналуан үдерістерден көрініс табады. Соңғы кезге дейін олар әртүрлі ғылымдар, экономикалық, саяси және т.б. негізінде жеке-жеке зерттеліп келді. Дегенмен, қоғам дамуын сипаттайтын үдерістер өзара тығыз байланысты. Әсіресе, ХХ ғасырдың соңына қарай бұл байланыс ерекше мәнге ие болды. Әлеуметтанудың негізін қалаушылардың бірі О.Конт атап көрсеткендей, «қоғамдық өмірдің барлық аспектілері өзара тығыз байланысқаны соншалық, олардың кез келгенін арнайы жеке зерттеу міндетті түрде бекершілік болады».Жалпы әлеуметтік мәселелерді зерттеудің әдіснамасы жеке теория ретінде ХХ ғасырдың ортасынан бастап институцияланды. Мұнда біртіндеп екі негізгі зерттеушілік парадигмалар қалыптасты, олар объективтік және субъективтік теориялар. Объективтік тәсіл бойынша әлеуметтік мәселе қоғам құрылымындағы объективті әрі теріс құбылыс болып табылады. Бұл тәсіл әлеуметтік мәселелердің пайда болу себептерін ашып көрсетеді және оларға сандық сипаттама беруді көздейді. Объективтік тәсілге «әлеуметтік патология» (Ч.Ломброзо және т.б.), «әлеуметтік аномия» (Э.Дюркгейм), девиантты мінез-құлық пен дисфункциялар (Т.Парсонс, Р.Мертон, Р.Нисбет), әлеуметтік жанжал (К.Маркс және басқалар), сонымен бірге солшыл радикалды және феминистік тәсілдер кіреді. Әлеуметтік патология қылмыс, маскүнемдік, нашақорлық, жезөкшелік, сыбайлас жемқорлық сияқты әлеуметтік құбылыстарды білдіреді. Девианттылық генезисінде маңызды рөл атқаратын іргелі қайшылық адамдардың қажеттіліктері мен оларды қанағаттандыру мүмкіндігінің бірдей еместігінен туындайды. Бұл ең алдымен индивидтер мен әлеуметтік топтардың қоғамның әлеуметтік құрылымында алатын орнымен анықталады. Яғни, әлеуметтік теңсіздік – девианттылықтың бір көзі. Ф.Турати, Р.Мертон, Д.Белл, Р.Дарендорф және басқа да ғалымдар қылмыстың негізгі себебін әлеуметтік теңсіздіктен көрді. Т.Парсонс «стратификация әлеуметтік жүйелердегі құрылымдық жанжалдың ең басты түйіні болып табылады» деп тұжырымдайды. Мұндай қайшылықтар мен әлеуметтік теңсіздік кез келген қоғамға тән құбылыс. Бүкіл әлеуметтік апаттардың бастауы әлеуметтік теңсіздік деп білген К.Маркс пен Ф. Энгельстің оларды жою үшін пролетарлық төңкеріс жасауды ұсынғаны белгілі. Алайда, теңсіздіктің шектен шығуы, әлеуметтік топтар арасындағы айырмашылықтың тым терең сипат алуы аса қауіпті апаттарға әкеп соғуы мүмкін. Байлық пен кедейліктің оқшаулану үдерісі әлеуметтік-экономикалық даму үшін аса қатерлі. Мысалы, қазіргі кезде дамыған елдерде адамдардың әлеуметтік жағдайы арасындағы айырмашылық аса үлкен емес, ал дамушы елдерде бұл арақатынас алаңдатарлықтай, тым үлкен. Мұның өзі өз кезегінде әлеуметтік қайшылықтардың пайда болуына алып келетіні сөзсіз. Әлеуметтік норма мен ауытқулардың арақатынасы мәселесімен алғаш айналысқандардың бірі француз социологиясының классигі Э. Дюркгейм болатын. Оның пікірі бойынша, қоғамның қалыпты жағдайы дамыған экономикалық жоспарлаумен және еңбек қатынастарын нормативтік реттеумен сипатталуы тиіс. Ол қалыпты жағдайды оңтайлы, яғни қоғам азаматтарының басым көпшілігі үшін пайдалы деп санады. Сондай-ақ Дюркгейм аномияны «әлеуметтік функциялар арасындағы қатынастарды реттейтін ережелердің дұрыс жасалмағанынан» деп түсіндірді. Ал Р.Мертон болса, Дюркгеймнің «аномия» түсінігін ала отырып, оны қоғамдық және дербес сананың адамгершілік-психологиялық ерекше жағдайы, «моральдық құндылықтар жүйесінің іріп-шіруі», «идеалдар вакуумы» деп сипаттады. Мертон аномияның себебі – басым мәдениеттің «норма-мақсаттары» мен осы мақсаттарға қол жеткізудің құралдарын санкциялаушы институттардың арасындағы қайшылық деп пайымдады. Бұл қайшылық «теріс девиацияның, оның ішінде қылмыстың, апатия мен өмірден түңілудің негізінен көрініс табады. Бұл жанжал индустриалды қоғамға, қалалық ортаға тән құбылыс. Дисфункция тіршілік пен адаптацияға кедергі келтіруші». Ауытқулы мінез-құлық нақты әлеуметтік институттың қандай да бір құндылығын абсолюттендірудің дәлелі және оның өзі үшін дисфункциялы болып табылады. Француз социологы әрі криминологы Г.Тард негізгі әлеуметтік үдерістер деп «өнертабысты» (техникалық жетістіктерден бастап адами құндылықтарға дейінгі) және «еліктеу» мен «оппозицияны» (әлеуметтік жанжал) санады. Ол қылмыстың себебін индивидтің психологиялық ерекшеліктерінен және оның әлеуметтік ортасынан іздеді. Әлеуметтанудағы антропологиялық мектептің негізін қалаушы, итальяндық дәрігер-психиатр Ч.Ломброзо ХІХ ғасырда бірінші рет «туа бітті қылмыскер» ұғымын енгізді. Оның пікірі бойынша, қылмыстың себебі «антропологиялық белгілі жеке факторда» (генетикалық) жатыр. Сәйкесінше, қылмыс – табиғи-тарихи құбылыс, ол адамның қалыпты психофизикалық әрекетінің нәтижесі. 
Әлеуметтік патология «маргиналдылық» ұғымымен де тығыз байланысты. Бұл ұғымды бірінші рет енгізген америкалық социолог Р. Парк болатын, ал Г. Зиммель әлеуметтік «бөтен» типін әмбебап ұғым ретінде қарастырды. Маргиналдылық тұтас қоғам және жеке адам үшін аса қауіпті девиантты мінез-құлық пен дисфункционалды тетіктерді зерттеуге жол ашады. Жалпыға ортақ нормативтік-құндылықты ортаның бұзылуы ақырында теріс девиациялар мен патологияға алып келеді. Бұл саладағы зерттеулер қоғамдық дағдарыстар жағдайындағы тұлға психикасының ерекшеліктеріне негізделген. 1930 жылдары АҚШ-тағы Чикаго мектебі аясында У.Томас және басқа да ғалымдар алғаш рет «жағдаятты анықтау» субъектісі туралы мәселе қойды және әлеуметтік проблеманы социеталды анықтау процесіндегі оның рөлі анықталды. Осылайша ХХ ғасырдың ортасына қарай оны зерттеудің екі парадигмасы қалыптаса бастады: объективті және субъективті парадигмалар. Бұлардың әрқайсысы әлеуметтік мәселелерді өзінше түсіндіруге тырысты. Әлеуметтік мәселелер социологиясының объективтік жағы ХІХ ғасырдағы позитивті социологиядан бастау алды және әлеуметтік мәселелер қоғам құрылымындағы объективті жағдай ретінде тұжырымдалды. Әлеуметтік мәселелерді әлеуметтік жүйенің дисфункциясы ретінде қарастыру тәсілін ХХ ғасыр ортасында Т.Парсонс пен Р.Мертон ұсынған. Олар әлеуметтік мәселелерді «әлеуметтік нормадан ауытқыған индивидтердің немесе топтардың мінез-құлқы және әлеуметтік жүйеге қиратушы ықпал етеді» деп түсіндірді. Ресейлік әлеуметтану ғылымында объективтік тәсілді ұстанған В.И.Куценко, И.В.Бестужев-Лада сияқты ғалымдар әлеуметтік мәселелерді әлеуметтік жүйеге қайшылықты құрылым деп пайымдады. Әлеуметтік мәселелер әлеуметтануының субъективтік тәсілі әлеуметтік өзара әрекеттестікті зерттеу дәстүрлеріне сүйенді және қандай да бір әлеуметтік жағдаятты әлеуметтік мәселе ретінде «кім» және «қалай» біртектілендіреді дегенге назар аударды. Мысалы, Р. Фуллер мен Р. Майерс «Әлеуметтік мәселенің тарихы» атты еңбегінде объективті жағдай әлеуметтік мәселені анықтау үшін жеткіліксіз деп санады. Олардың пікірі бойынша, егер де қандай да бір жағдайды адамдар проблема деп есептемесе, онда бұл әлеуметтік мәселе емес. Символистік интеракционистер әлеуметтік мәселені анықтаудың субъектісін жекелеген топтан тұтас қоғамға дейін кеңейтті және әлеуметтік мәселелерді жағдаятты ұжымдық анықтау үдерісінің нәтижесі деп қарастырды. Тіпті шектен шыққан субъективистер, яғни әлеуметтік конструкционистер болса, әлеуметтік мәселелерді «наразылық білдірген индивидтер мен топтардың кейбір жағдайларға қатысты талаптарын жариялаған іс-әрекеті» деп түсіндірді. Субъективтік тәсіл қалыптасқан әлеуметтік жағдаятты әлеуметтік мәселе ретінде кімнің қалай қабылдайтынына назар аударады. Яғни, Р.Фуллер мен Р.Майерс бойынша, «адамдар нені әлеуметтік мәселе деп санайды, сол – әлеуметтік мәселе».Әлеуметтік мәселелерді зерттеудің тағы бір саласын жалпы және жеке әлеуметтанулық теориялар құрайды. Олар әлеуметтік мәселелердің қандай да бір бөлігін қозғайды және бұларды дәл осы саладағы әлеуметтік мәселелерді шешудің әдістерін әзірлеу кезінде қолдануға болады. Мұнда П.Штомпка мен П.Сорокиннің әлеуметтік өзгерістер теориясы, К.Поппер, Д.Роулз сияқты ғалымдардың әділеттілік теориясы және т.б. бар. Осы теорияларды әлеуметтік мәселелерді зерттеуде қолдану заманауи әлеуметтанудың бүкіл әлеуетін барынша пайдалануға көмектеседі. 
Әлеуметтану ғылымында кез келген ғылымдағы сияқты білім және оны алудың құралдары деген негізгі компоненттер бар. Бірінші компонентке білім туралы білімдер (әдіснамалық білім) және пән туралы білім кіреді. Екінші компонент – бұл жекелеген тәсілдер мен әлеуметтанулық зерттеулер. Әдіснама ғылыми білімді ұйымдастырудың әмбебап қағидаларының жүйесі болып табылады және жалпы ғылыми ізденістердің бағдарын айқындайды. Әдіснама көптеген зерттеу міндеттерін шешудің кілті және қандай да бір ғылыми проблеманың қырларын ашуға, мән-мағынасына жетуге көмектеседі. Кез келген көлемдегі әлеуметтік нысан, оның қызметі мен дамуы, қоршаған ортамен қарым-қатынасы туралы неғұрлым толық, көлемді түсінік алуға өзара бірін-бірі толықтыратын әдіснамалар тұжырымдамаларының теориясы мүмкіндік береді. Әлеуметтанулық әдіснама – әлеуметтанулық білімнің құрылымын, оны алуды, дамытуды және қолдануды түсіндіретін онтологиялық алғышарттардың, қағидалардың, әдіс-тәсілдердің жүйесі туралы ілім. Әдіснамалық талдауды ғылыми қызметтің ерекше бір саласы етіп бөлу қажеттілігі адамдардың ғылыми қызметінің барлық түрлерін дамытудың жалпы заңдылығы болып табылады. Ғылыми қызмет күрделі болған сайын, оны талдауға деген мұқтаждық та өткір бола түседі. Бастапқыда әлеуметтанудың әдіснамалық әзірленімдері әлеуметтанулық теорияны дамыту шеңберінде, әлеуметтанулық теориялардың объектісі мен субъектісін негіздеу аясында жүзеге асырылды. Дюркгеймнен басқа әлеуметтанулық ой классиктерінде әдіснамалық проблемаларды талдау жөніндегі арнайы жұмыстар жоқ. Әлеуметтанулық әдіснама әлеуметтанулық білімнің арнайы саласы ретінде ХХ ғасырда қалыптаса бастады. Осы ғасырдың ортасына қарай әртүрлі бағыттар пайда болды. Олар әлеуметтанулық зерттеулердің онтологиялық негіздері бойынша, қолданылған тәсілдері бойынша ерекшеленеді. Әлеуметтану ғылымында жалпыәлеуметтанулық әдіснама функциясын әлеуметтанулық теория атқарады, ол жеке әлеуметтанулық теориялар әзірленімдерінің қағидаттық негіздеріне қатысты нұсқаулар береді. Ал жеке әлеуметтанулық теориялар өз кезегінде аталған пәндік саладағы зерттеулердің қолданбалы логикасы ретінде қызмет етеді. Қолданбалы әлеуметтануда сапалық тәсілдер адамдардың сыртқы ықпалға, мәселен биліктің жарлықтарына немесе коммерциялық новацияларға реакциясын зерттеуде жақсы нәтиже береді. Бұқаралық зерттеу үлкен қаржы шығындарын талап етеді, ал сапалық тәсілдер үнемдірек. Алайда сапалық тәсіл уақытты көп жұмсауды және интеллектуалдық шығармашылық күш-қуатты, зерттеушінің жоғары кәсіби білімі мен мәдениетін талап етеді дейді әлеуметтанушы-ғалымдар.Әлеуметтік мәселелерді шешудің әртүрлі теориялық тәсілдерін қарастырған кезде олардың барлығы да әлеуметтік мәселелердің шығу тегі бойынша құрылымдық негізде екенін және әлеуметтік өмірдің түрлі деңгейінде пайда болатынын мойындайтынын көреміз. Р.Фуллер мен Р.Майерстің «Әлеуметтік проблема сатылары» атты еңбегінің негізгі тұжырымы бойынша, «кез келген әлеуметтік мәселенің өз тарихы бар, нақты әлеуметтік мәселелерді зерттеу үшін тарихи тәсіл маңызды концептуалды шеңбер болып табылады». Проблема ретінде анықталған объективті жағдайда мәдени құндылықтар басты себеп рөлін атқарады. Мысалы, нәсілшілдік, қылмыс, ажырасу, жұмыссыздық және соғыс сияқты объективті жағдайлар көбінесе адамдардың белгілі бір көзқарасты ұстануы және осы жағдайларды тудыратын нақты әлеуметтік институттарды қолдауы салдарынан пайда болады. Осыдан келіп әлеуметтанушылар әлеуметтік мәселелердің объективті жағдай ретіндегі осы қырларын ғана зерттеп қоймай, сонымен бірге оған тартылған адамдардың қандай да бір жағдайды және оны шешу құралдарын әрқилы айқындауына мәжбүрлейтін құндылықтық пайымдарын да зерттеуі тиіс екендігі жөнінде ой туады. Барлық әлеуметтік мәселелердің пайда болуының және пісіп жетілуінің белгілі бір кезеңдік дәйектілігі болады. Тарихи тәсіл әлеуметтік мәселелердің сипаттамаларын зерттеудің концептуалды бір құралы ғана. Әлеуметтік мәселелер әрдайым динамикалық жағдайда болады, яғни белгілі бір мезетте тұрғындар өздерінің маңызды бір құндылықтарына қауіп төнгенін түсінеді. Әлеуметтік мәселе оны адамдар ұғынған кезде ғана айқындалады. Осыдан кейін барып мәселе талқыланады, балама шешімдер ұсынылады. Мақсаттар мен құралдар анықталады, «не істеу керек» деген сұрақ туындайды. Келесі сатыда әкімшілік тұлғалары әлеуметтік мәселені шешуге кіріседі.  Міне, әлеуметтік мәселелерді шешуде осы үш саты көбінесе сәйкес келеді. 
Макс Вебердің әлеуметтік-тарихи зерттеудің әдіснамалық құралы ретінде идеалды тип ұғымы бойынша, теориялық әлеуметтанулық зерттеу салыстырмалы талдауға және әлеуметтік-тарихи іс-әрекеттің эмпирикалық фактілеріне сүйене отырып, әлеуметтік құбылыстардың – әлеуметтік іс-әрекеттердің, институттардың, қоғамдық ұйымдар формасы қатынастарының, тарихи-мәдени феномендердің, экономикалық қатынастардың және т.с.с. – идеалды типі туралы түсініктерді қалыптастыруға алып келуге тиіс. Идеалды тип әлеуметтік құбылыстардың саналуандығы мен күрделілігін оңайлату және идеалдандыруды білдіреді, оны зерттеуші өзіне берілген эмпирикалық материалды жүйелеу және оны одан әрі салғастыру мен зерделеу мақсатында жүзеге асырады. Идеалды тип, Вебердің пікірінше, «бір немесе одан көп көзқарасты біржақты көрінеу ерекшелеумен және осы көзқарастарға сәйкес біртұтас логикалық конструкцияға бірігетін, өте көп көмескі, азды-көпті бытыраңқы, бірде бар бірде жоқ нақты жеке-дара құбылыстарды синтездеумен қалыптасады». Вебер өзінің «концептуалдық тазалығымен» алынған идеалды тип эмпирикалық нақтылықта табылмайды деп тұжырымдады. Мысалы, нақты тарихи өмір сүрген қоғам бір қатынастарда феодалдық болса, екіншісінде – патронимдік, ал үшіншісінде – бюрократтық, төртіншісінде – харизмалық болып табылады. Таза феодалдық, бюрократтық, харизмалық және басқа да қоғамдар туралы түсініктер бұл тұрғыда идеалды тип саналады. Вебер атап көрсеткендей, идеалды типтер тар мақсатқа жатпайды, керісінше әлеуметтік-тарихи талдаудың құралын ғана білдіреді. Бұл оны зерттеу және ондағы қандай да бір мәнді мезеттерді анықтауға арналған әлеуметтік нақтылықты салыстыратын шеткері ұғым. Идеалды типтің әлеуметтік нақтылықпен сәйкес келмеуі зерттеуді ынталандыра түседі, осы сәйкестікті туғызған факторларды айқындауға мәжбүрлейді. Вебердің өзі идеалды типтерді жіктеумен айналыспаған, дегенмен ол енгізген ұғым әлеуметтік ғылымдардағы типологиялық процедураларды жүзеге асырудың әр түрін қамтиды. Вебер енгізген әлеуметтік әрекет типологиясы, билік пен үстемдік типтерін ажырату әлеуметтік идеалды типке мысал бола алады.Уильям Томас пен Флориан Знанецкийдің «Әлеуметтік дезорганизация ұғымы» атты еңбектерінде қауымның өзіне-өзі жеткілікті болуы, оқшаулануы жағдайында қауым мен сыртқы әлем арасында дезорганизация үдерісі өріс алатыны тұжырымдалады. Қауым мүшелерінің жаңа ұстанымдары ескі әлеуметтік ұйымның талаптарына сәйкес келмейді. Әлеуметтік мәселелер объективті жағдайлардың жиынтығы ретінде дербес өмір сүре алмайды және ең алдымен ұжымдық әрекет үдерісінің нәтижесіне негізделеді. Алайда бұл тұжырым әлеуметтік мәселелерді әлеуметтанулық зерттеудің алғышартына қайшы келеді. Әлеуметтік мәселелерді зерттеудің дәстүрлі тәсілі әлеуметтік мәселені қоғам құрылымындағы объективті жағдай деп түсіндіреді. Бұл объективті жағдай зиянды және дені сау, қалыпты қоғамның табиғатына жат. «Социологтың міндеті осы зиянды жағдайды анықтау және оны мәнді элементтерге немесе бөліктерге бөлуге келіп тіреледі. Бұл проблеманы туғызған шарттарды анықтаумен және оны шешудің жолдарын ұсынумен жалғасады. Әлеуметтік мәселенің объективті табиғатын талдап, оның себептерін анықтап, шешу жолдарын ұсынған ғалым-социолог өз міндетін орындап біттім деп есептейді» деп жазады Г.Блумер «Әлеуметтік проблемалар ұжымдық мінез-құлық ретінде» атты еңбегінде. Бірақ социологиядағы осы қисынды, дәлелденген тәсілді Г.Блумер тиімсіз, әлеуметтік мәселелердің табиғатын терең түсінбеу дейді. Мысалы, қоршаған ортаның ластануы қазіргі кезде аса өткір әлеуметтік мәселе саналады, алайда экологиялық ахуалдың қауіпті сипат алғанына ондаған жыл өтті. Яғни, социологтар үнемі әлеуметтік мәселені зерттеген кезде қоғамдағы алаңдаушылықты ғана басшылыққа алады. Олар көптеген күмәнді және қауіпті құбылыстарға немқұрайды қарауы мүмкін. Бұл құбылыстар әр уақытта байқалып жүрсе де, күрделілігіне қарамастан әлеуметтік мәселе мәртебесін ала алмайды. Яғни, Блумердің пікірі бойынша, социологтардың әлеуметтік мәселені мойындауы тек қоғамдағы көзқарасқа негізделеді. Мысалы, әлеуметтік мәселе деп танылмаған девианттылықтың түрлері өте көп, бірақ олардың қашан және қалай әлеуметтік мәселеге айналатынын ешкім тап басып айта алмайды. Блумердің пайымдауынша, егер де дәстүрлі әлеуметтанулық теория әлеуметтік мәселелерді сәйкестендіруге қабілетсіз болса, социологтар әлеуметтік мәселені қоғамның көзқарасына бағдарланып сәйкестендірумен айналысса, онда әлеуметтік мәселені зерттеушілер қоғамға әлеуметтік мәселені мойындататын үдерісті зерттеуге тиіс деген тұжырым туады. Блумердің тұжырымдауы бойынша, әлеуметтік мәселені социеталды мойындау оған өмір береді. Яғни, әлеуметтік мәселе туа салып жоғалмау үшін ол әлеуметтік легитимділікке ие болуы тиіс. Әлеуметтік мәселе мойындалған соң ол әлеуметтік қолдауға ие болып, ары қарай дамиды. Әлеуметтік мәселенің қажетті деңгейде мәртебеге ие болуы оның қоғамдық талқылаудың беделді сахналарында қарастырылуына құқық береді. Қазіргі кезде мұндай сахналарға баспасөз, өзге де коммуникация құралдары, интернет, әлеуметтік желілер, мектеп, азаматтық ұйымдар, қоғамдық кеңестер, лауазымды тұлғалар жиналатын отырыстар және т.б. жатады. Егер де әлеуметтік мәселе арнайы мәртебеге ие болмаса, онда ол жабулы күйінде қалады. Міне, сол себепті әлеуметтанушы ғалымдар әлеуметтік мәселенің зерттелу мәртебесіне ие болуы үдерісін зерттеуі қажет. Әлеуметтік мәселелер осы үдерісте мойындалады, одан әрі қарай дамиды және тағдыры шешіледі. Сондықтан да бұл үдерісті елемеу әлеуметтік мәселердің жалпылама, үзік-үзік бейнесін ғана береді. Әлеуметтік мәселенің пайда болуы осы жағдайды жою, жақсарту немесе басқаша өзгерту туралы талаптарын ұсыну жөніндегі іс-әрекетті ұйымдастыруға тікелей тәуелді. Әлеуметтік мәселелер теориясы үшін басты проблема талап-тілектерді ұсыну жөніндегі іс-әрекетті сипаттау және қолдау, пайда болуын түсіндіру болып табылады. Малькольм Спектор мен Джон Китсьюз әлеуметтік мәселе бойынша заңнамалық актілер қабылданып, арнайы органдар құрылып, қандай да бір бағдарламалар жүзеге асырылғаннан кейін не болатыны жайлы сұраққа жауап бере отырып, өз тұжырымдамасын ұсынады және ол 4 сатыдан тұрады.
1-саты. Топ немесе топтар қандай да бір жағдаяттың бар екенін дәлелдейді, оны зиянды, теріс деп анықтайды, бұл тұжырымдарды көпшілікке жария­­лайды, талқылау ұйымдастыр­ады, сөйтіп мұны қоғамдық және саяси мәселеге айналдырады. 
2-саты. Осы топтың легитимділігін қайсыбір ресми ұйымдардың немесе институттың мойындауы. Бұл ресми тергеуге, реформалар ұсынуға, осы талап-тілектерге назар аудару үшін арнайы ұйымдар құруға алып келуі мүмкін.
3-саты. Бастапқы топтың аталған жағдайға қатысты істің жүргізілу тәртібіне, бюрократиялық қарым-қатынасқа қанағаттанбай, өз талап-тілектерін қайталап ұсынуы.
4-саты. Талап-тілек ұсынған топтың ресми ұйым немесе институт қызметінен бас тартуы, немесе ресми түрде назар аударылмауы салдарынан балама немесе қарсы әрекет ететін институттар құру жөніндегі іс-әрекетке баруы. 
Конструкционистер (мысалы, Джоел Бест) әлеуметтік мәселелерді талап-тілектерді ұсыну тұрғысы­­нан анықтайды; олар субъек­тивті пайымдауларға баса назар аударады (ал объективистер мұны елемейді). Конструкционистік тәсілдің дамуына үлкен ықпал еткен теориялық еңбектердің арасында мынадай зерттеулерді атап айтқан жөн: М. Спектор мен Д. Китсьюздің «Әлеуметтік мәселелерді құрастыру» деген еңбегі,  Герберт Блумердің «Әлеуметтік проблемалар ұжымдық мінез-құлық ретінде» атты мақаласы. Шағымдар, наразылықтар және жағдайды өзгерту талаптары жөніндегі іс-әрекет әлеуметтік-проблемалық әрекеттің мәнін құрайды. Жағдайды әлеуметтік мәселе деп анықтау жағдаятты адам төзгісіз деп тауып, назар аудартуға тырысқан қоғам мүшелері тарапынан құрастырылады және олар осы жағдаятқа қатысты бір нәрсе істеу үшін барша қауымды жұмылдыруға ұмтылады. Талап-тілектерді ұсыну дегеніміз бір тараптың екінші тараптан қандай да бір жағдайға қатысты бір нәрсе істелуін талап етуі. Талап-тілектерді ұсынуға арыз-шағым жазу, сотқа арыз беру, баспасөз конференциясын ұйымдастыру, қарсылық хатын жазу, қарар қабылдау, көпшілік алдында әшкерелеу, газеттерге шағыну, петиция жазу, пикеттер өткізу, бойкот жариялау кіреді. 
Мысалы, баспанасыздық проблемасына қатысты объективистік тәсіл үйсіздердің санын, себебін анықтауға немесе баспанасыздықты әлеуметтік жағдаят ретінде өзге де қырынан зерттеуге назар аударады. Ал конструкционистік талдау кімнің талап-тілектері баспанасыздықты қоғамдық назардың пәніне айналдырғысы келеді, бұл талап-тілектер баспанасыздарды қалай сипаттап көрсетеді, әлеумет пен саясаткерлер осы талап-тілектерге қалай қарайды және т.с.с. мәселелерге шоғырланады. Бұл екі тәсіл әлеуметтік мәселелерді әртүрлі анықтайтын және әртүрлі мәселелерге шоғырланатын болғандықтан объективизм мен конструкционизмді біртұтас теория аясында үйлестіру оңай емес. 
Талап-тілектерді ұсынған индивидтер мен топтар да талдаудың нысаны болып табылады. Ең алдымен талап-тілектерді ұсынушылардың кім екенін анықтау қажет. Олар кімнің мүддесін қорғайды? Талап-тілектерді ұсынушылар белгілі бір ұйымдардың, әлеуметтік қозғалыстардың, кәсіп түрінің немесе мүдделі топтардың көсемдері немесе өкілдері ме? Олардың мүддесі немен байланысты – өздері көтерген мәселемен, олар қолдайтын саясатпен, немесе науқанның табысқа жетуімен бе? Тек талап-тілекті ұсынуда төзімділік таныту ғана нәтижеге жеткізеді, кейбір жағдайда оны ұсынушылар белсенді әлеуметтік қозғалыс ұйымдастырып, әлеуметтік саясатқа ықпал етуі де мүмкін деп тұжырымдайды әлеуметтанушылар. Осылайша, конструктивизм пайдалы, нақты зерттеулердің бір түрі болып табылады. Бұл әлеуметтік мәселелердің жалпы теориясының пайда болуына алып келуі де мүмкін. 

Дина ИМАМБАЙ
«Aqiqat»

4016 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз