• Ел мұраты
  • 25 Желтоқсан, 2023

ТІЛ ЖӘРДЕМ

Шаһизада Әбдікәрімов,
ақын, Қызылорда облысының Құрметті азаматы

 

«Тіл жәрдем» деген сөзді естіп көрдіңіз бе? Есітсеңіз де, есітпесеңіз де, оның жылуы сіздің бойыңызда, жүрегіңізде бар екеніне күмәнім жоқ! Бұл енді қазақтың қазаққа шын жанашырлығын мегзейтін, рухын қайрайтын аяулы сөз!
Киесі кеткен әулиедей, Кешкенде бастан нелер сын, Түндіктен түскен сәуледей, Түсіме талай енерсің. Қызыққа сонда малтықпай, Жаныма жақпай жат ұран, Өлімнен қашқан Қорқыттай, Өзіңе тартып отырам, - деп, жүрегімнің түбінде үшбу хаттай бүктеп сақтаған Сыр Елім ғой бұл менің! Арғы-бергі тауарихын түгендеп, бүгінін байсал баяндап, ертеңін еліге елестетіп, Расул Ғамзатовтай, Бөкейдің Оралханындай «алыстан сермеп, жүректен тербеп» (Абай), ағыл-тегіл жырлайтын ұзын сөзді ұласқан күндердің еншісіне қалдырайық. Осыдан он бес шақты жыл бұрын Қызылордаға ат тізгінін іріккен ғұлама жазушы, жүрегі басына жақын мемлекетшіл, ақылдың кені, пейіште нұры шалқығыр, Әбіш көкем Кекілбай Жанкентке қарай құйысқан көтерген тұста, автокөліктің әйнегінен қияғы қырқылған қиян далаға кірпігін сүзіп: «Шеребесі шайылмай, шежіресі тұнып тұрған шерлі мекен-ай! Көл-көсір қазынаңды қашан қазып шығарар екенбіз жарық жалғанға...», - деп, күрсіне күбірлеп, таусыла толғанған. Жан-ағамның демінен түтеген лапыл лезде ащы өксікке айналып, лықсып алқымыма тығылды. Жайдақ желі жейдемді кернеп, шағырмақ күні ындынымды кептіріп, қара суығы сүйегімді қарып, жандалбаса жортып жүрген менің көзіме мына байтақ сонда, аға ләмінен соң, басқаша, мүлде бөлек – ғажайып, ғарыштың астарынан жыртып алған тәбәріктей көрініп, соны осы уақытқа дейін, аңғарсам да, зерделемегеніме өкініп, өзімді жат перзенттей сезіндім, қарадай қысылдым. 
Бірде Әбіш абыздың көлеңкесінде түнеп, ізіне іркілген інжуді теріп алып, «сырлы сандығын» толтырып жүрген арда ақын Светқали Нұржанға:
– Маңғыстаудай киелі өлкенің қойын-қолтығы құпия құбылыстарға толы. «Секретные материалы» апталығынан осында жата қалып жер иіскеп, «қара май» іздеген геологтың «кей күндері, әсіресе, жаз мезгілінде, түн ауа маң даланың төсінде жұмбақ қала көшіп жүреді. Ташауыздың жолында сол шаһарды өз көзіммен көрдім. Қам кесектен қобылап салған іркес-тіркес тамдардың арасында қысыр жылан қабыршағын қалдырып өтетін соқыр соқпақ та жоқ. Үңірейген терезелердің әйнегі ай сәулесіне шағылып, үрей үйіреді, тылсымдап өзіне шақырады. Ескі көздер ондай ғайып-ерен кенттің маңына жақындауға болмайды, жұтып қояды дейтін. Ертеңіне түнемелік қайтқанда жұрнағын да таппадық, ізім-қайым...» деп жазғанын оқығаным бар. Ол жайында не білесің? – деп сұрадым. 
– Иә, мен де естігем... – деп, тосын сауалдан тосырқаған інім, қоздатқан шоғымды үрлеп сөндіріп, қарсы сұрақ қойды. – Шәке, сіз Сырдария атауының Пайғамбарымыздың хадисында тәпсірленгенін білесіз бе?
– Бірінші рет естіп тұрмын. 
– Хадисте «Сейхун уә Жейхун мин әнһарил жаннаһ», яғни, «Сейхұн, Жейхұн – жәннаттың өзендері» дейді. 
Діл мен дінді дәнекерлеп, ұлтымыздың ұлағатын ұлықтаған, дәнекүс дінбұзарларды дымын қалдырмай әшкерелеп, әуселесін басқан, өлеңдері оттан да ыстық Светжанның қай сөзіне де қайылмын ғой, бұл жолы да теңселіп барып... түзелдім. 
Қилы-қилы заман кешкен,
Бұл даламның тақыр-шөлі. 
Қанаттас ел жағаңда өскен, 
Қақтап сауып жатыр сені. 
Сонда біз, Алаш баласы – тәжігің, өзбегің, қырғызың, қазағың, қарақалпағың бар, аңызақтан аңқамыз кеуіп, қара желден өкпеміз қабындап, өлі суды өңешімізден өлшеп өткізіп, таудан тамшы аз тамған жылдары бір-бірімізге алая қарап, 
Сусамыр боп өскесін бе, 
Қаталаймын қаным тұтып, 
Менделеев кестесінде 
Кездескеннің бәрін жұтып. 
Аш өзекке от құлайды, 
Ақырет те жақын әрі... 
Ауызымнан атқылайды, 
Азияның запыраны, – 
деп, жәннаттың жаға­­сында шалқамыздан түсіп шәниіп жатқан­­быз ба? Бүгінде балағыңды түріп кешіп өтетін, ислам­ға дейінгі тауарихта – жаһанды жалынан тартып, жамбасынан жыққан жиһангер Ескендір Зұлқарнайынға өткел бермей, Буцефалының басын кері бұрғызған ұлы дарияның жұмақ қақпасынан саңылау тауып, фәни мен бақиды жалғап ағатынына шынымен сенемін. Сіздер де сеніңіздер, ағайын! Бәсе, қанша ғасыр алмасып, нәубат замандардың зауалын басынан кешірсе де, төзім мен қайсарлығын қалқан ғып қорғанған, сүйекке сіңген салт-дәстүрін, тамырында жүгірген тарихи тәлімін, хош иісті тілін тұмардай қастерлеген Сыр бойының құдіреті неде десек, жұмақтың жұпарын жұтып жүр екенбіз де! Тақап айтсам – Рухтың Жұпарын... 
Әуелден-ақ қазақтың қара сөзі мен әдеби тілінің қордасы болған бұл ел Кеңес дәуірінде де, сыртымыз жылтырап, ішіміз қалтырап өмір сүрген кешегі кермал кезеңде де иен даланы басына көтеріп қазақша сөйлеп келді. Бүгін де, ертең де, ал, қайтесің, өлгенше солай сөйлей береміз. Халықаралық «Қазақ тілі» Қоғамы бізге алаңдамаса да болады. Сол Қоғамның облыстағы басты өкілі, «Парасаты» омырауында һәм жүрегінің қоңырауында жарқыраған Сәдуақас Аңсат ағамыз тілі тұтықпаған Сырда әлсін-әлсін шаралар ұйымдастырып, рейдтер жасап, «шанышқыдан жырылған» шалағайлардың төбесінен қамшы үйірсе, ол тіпті де науқаншылдық емес, жаһандану ортамызға жарып кіргенде, басқаларға еліктеп кетпейік деген адал ниеттен туған сақтық. Сақсыры қанға толса да, сыртқа сыр бермейтін мына жұрт өзінікі ғой, өйткені. Нағашылы-жиенді ілік-шатысымыз бар, ілуде ағамды «егінге қара түсірмейтін көлем қарауылы» деп қағытып қоямын. 
Біздің елдің сөз қолданысын айтсаңызшы! Оңынан да, солынан да суырып алып, көркем көсілеміз. Әсіресе, бала кезіміздегі ауызекі тіл қатысудың жөні бөлек. «Қауындыққа су жығып қайттым» дейді он жасар бала кетпенінің шүйдесіне жабысқан сары сазды етігінің тақасымен қаққылап. «Бүгін суын тартамыз» дейді әкесі баласына. Буылған пішенді әр жерге итарқа ғып жинаймыз дегені. 
«Әй, бұл шаруа қолайыма келе қояр ма екен?» дейміз жалқаулығымызды жасырғансып. «Бетті, тілді жігіт қой!» деп мақтаймыз. Беделді, шешен демейміз. Сыр өңіріне қызмет бабымен немесе арнайы келген азаматтар түбінде таза қазақша сөйлеп шығады. Әйтпесе, күлкі болады. Тұңғыш ғарышкеріміз Тоқтар Әубәкіров осында бір-екі ай қонақтап, тілін ұстартқан. Тағы бір қарындасымыз, тоқсаныншы жылдардың аяқ шеніндегі облыс әкімінің идеология жөніндегі орынбасары «Допустим, Хорхут паровоз, Сыр сулейлері (Закарпат елдеріндегі арақ өлшемі. – Автор) вагондар, например, Каракасал Еримбет, Дур Унгар» деп, шыбығымыздан қақпай-ақ шалқамыздан түсірген! 
«Тіл жәрдем» деген сөзді естіп көрдіңіз бе? Есітсеңіз де, есітпесеңіз де, оның жылуы сіздің бойыңызда, жүрегіңізде бар екеніне күмәнім жоқ! Бұл енді қазақтың қазаққа шын жанашырлығын мегзейтін, рухын қайрайтын аяулы сөз! 
Астана қаласында ескі танысымды жолықтырдым. Амандық-саулықтан соң бетіме аса бір мейірбандықпен жымия қарады, сосын қарқылдай күліп, қапсыра құшақтады. 
– Ей, не болды жынды адамша... 
– Айтпа-айтпа... – Күлкісін әзер тыйып, сабырына сүйеніп, әңгімесін бастады. Көзі әлі күліп тұр. – Іргедегі «Қосшы» ауылынан жер сатып алып, кезекті демалысымда үй көтеруге кірістім. Айналамда өзім құсағандар. Бірі апыл-құпыл іргетасын қалап, биылғы шаруа осымен бітті дегендей, қарасын көрсетпей жоғалса, екіншісі ақшаның бетіне қарамай, қымбат-қымбат материалдарды төгіп тастап, ұзынды-қысқалы крандар жалдап, Самарқанның саусағында көзі бар шеберлерін жегіп, зіңгіттей сарайдың шатырын лезде көкпен таластырды. Дүмдінің құйрығы диірмен тартады деген осы. Мен де құралақан кіріспегем, бірақ беліме байлаған түйіншектің беторамалға айналғаны қаш-шан, бір айлыққа қарағанның күні құрсын, енді достарымнан жылу жинап, жақын-жуыққа қарызданып, намысқа тырысып жатырмын. Байқаймын, шығыс беттегі көршімнің тірлігі де менімен маңайлас. Үйелмелі-сүйелмелі балалары лай тасып, өзі кірпіш өріп, қосағы жолым үйде қазан қайнатып, ертелі-кеш тыным табар емес. Аяғы шыққан қарадомалағы да бір іске сеп. Үйімнің төбесін жауып, шатырлап аспан құласа да шатырын келесі жылы қиықтармын деп, іргеге арқамды сүйеп, демімді басып отырсам, әлгі көршім келіп тұр. Бір балағын тобығына, бір балағын тізесіне дейін түріп алған, жейдесі жауыр аттың жабуындай, жөн сұрастық. 
– Келгелі бері көзімнің құйрығынан қарап қоям, өзің бір етің тірі бала екенсің. «Қоңсыны құдай береді» деген рас екен, қуанып жүрмін, – деді қатарласа қона кетіп. – Қалада қызмет істейтін жалғыз ұлдың қасында қарайып отырайық деп Қызылордадан қоныс аудардық. Биыл бір-екі бөлмесіне кіріп үлгерсек... Өзің ше? 
– Мен осымен біттім, аға! Ақша да, басқа да таусылды, – дедім қабағымды көтермей. 
– Әй-әй, сен олай таусылма. Мынау аз дүние ме? Ұқшатып (ұқсатып деген жоқ) көтеріпсің. Ертең-ақ есіктен еңкеймей еніп, төрде төбедей боп отырасың. Маған ұнап тұрсың, інім бол, бауырдан аянарым жоқ! – деді екіленіп. – Құдай қосты, садағаң кетейін. Сенен немді аяйын. Еш қысылма, тіл жәрдем керек пе, беремін. Неге бермеймін сендей жігітке тіл жәрдемімді. Қолымдағымды бөлісер едім, өзіме де жетпей жатыр, ал, тіл жәрдем саған тегін, сұраусыз! 
Ақ көйлек ағаның алғаусыз пейіліне иіп, көңілім көтерілді. Шиыршық аттым. Шамырқандым. Шықшытым шықырлады. Шекемнен шікірейдім! Ой, атасына нәлет, не болды сонша шаршап-шалдығып. Қолынан келген салсын мұндай үйді! Келесі жылы көздің құртын оятып қоныстой тойлаймын. Шатыр ма, алтындатып... дей жаздап, тілімді тістей алдым. Көрші ағаның гәп арасына қайта-қайта қадап қыстырған «тіл жәрдем» сөзінің төркінін түсінбей, сұрағым кеп отырғам. Жетеме жетейін деді. Сұрағыңа болайын, кеще неме! Алқымым ысыды, көзімнің аңғалағы айғызданды-ау деймін, анадайда ағараңдап, бөкен желіспен бүлкілдеген ағамның арқасы бұлдырап көрінді». 
Досым тәмсілін тәмамдап, бетіме қарады. Сосын қарқылдап күліп, қапсыра құшақтады. Әлгіндегі сөзімді қайталадым: 
– Ей, не болды жынды адамша... 
–Тіл жәрдем керек пе? – Екеуміз қосыла күлдік. – Былтыр үйді бітіріпсің, қоныстойыңа шақырмадың, – деп өкпемді айттым.
 – Қайдағы қоныстой! Көрші ағам екеуміз есімізді енді жиып жатырмыз. Ақылдаса келе, келер күзде қабаттаса тойлаймыз. Әзірге бір-бірімізге «тіл жәрдемімізді» беріп, аяқ-табақ қағыстырып, дайындық қамындамыз. 
Тағы да сол «Қосшы»... Қай бір жылы, «Сыр-Медианың» сардары Аманжол, «Бақ-Берекенің» баһадүрі Қайрат бар, үшеуміз бір алпауыттың пышақ үстінде саудалаған жел телімдерінен, бағасы нарықтан недәуір арзан болғасын, үлес алып қалғанбыз. Бірақ, бүгін-ертең қабырға көтеру ойымызда жоқ. Ретіне қарай көрерміз. Мен ара-тұра Астанаға барғанда, болашақ шаңырағымыздың орнын сыртынан шолып қайтып жүрдім. Заңсыздық заңғардан зәрін төгіп тұрған заман ғой, алаяқтар иемденіп кетіп, ит мініп, ирек қамшылап қалмаймыз ба деген қауіп. Сәтті күні Сақыптың Аманжолын ертіп бардым. Жаңа қонысқа көшелер түсіп, ұядай-ұядай үйлер бой түзеп, жоталанып тұр. Ал, біздің жеріміз... «Бородино даласындай»... кешіріңіз, «Ералының жазығындай» етпетінен жатыр! 
– Ел-жұрттан ұят-ты, келер жылы кірісейік, биыл жобасын жасап қоямыз, – деді інім. 
Дауысы сенімсіздеу. Бағанадан айналаны адақтап, үлкенді-кішілі тамдардың қасбетін қызықтап тұрғам. Үйлер де криптограмма секілді, көзің мен түйсігіңді қатар жүгіртіп, бажайлап қарасаң, иесінің кім екенін, тірлік-тірнегін, тіпті, мінез-құлқын да танығандай боласың. Белортадағы қос қабатты мекен-жайды нұсқап: 
– Мына жоба бізге дөп келеді, – дедім. – Барып көрелік. 
Жарыла ашылған темір қақпадан бір баланың басы қылтиды. 
– Үлкендер қайда? Шықсын бері. Сөйлес керек, – дедім шағатайшылап. Қалбалақтап жеткен жігіт ағасы сәлемімізді ала бере:
– Әй, босағада неғып тұрсыңдар, кіріңдер ішке, – деп ентелей жөнелді. Бейне бір жылан жылы жоғалтып алған бауырларын жолықтырғандай, мәре-сәре.
– Жанат, дастарқаныңды қамда, қонақтар келді! 
Жеңінен тартып, жүзіме қараттым: 
 – Аға, осы сіз қызылордалық емессіз бе? 
– Оны қайдан білдің? Иә, Сыр елінің тумасымын. Алда-ғана айналайын, жекен жұртым-ай! Қайда барсам да, бауырмал болмысыңмен, кең балақ кеуіліңмен, тазайын қалпыңмен, дархан дәрпіңмен алдымнан күтіп, «аузыңа салған адал асым кіндігіңде тұрып қалмасын» деп қарақтап жүресің-ау! Қалмақтың қалшасындай қақиып неғып тұрмын?... 
Шай үстінде жөн сұрастық. Ширек ғасыр бұрын Арқаға қазық қаққан Ерғали Алдоңғаров ағамыз талай толымды қызметті ерттеп мініпті. Қазір зейнеткер. Шалдуар жел де шалғайымнан тартпасын деп, қылышымен айналдыра кесіп тастап, жұлқына жауға шапқан «келте тонды» Келмембет батырдың тұқымы емес пе, біреудің төбесін тесіп, біреуді төбесінде ойнатып қашанғы отырсын, қат-қабат үйден сытылып шығып, осында жайғасыпты. Біздің мінәйі себебімізді білгенде:
 – Әп-бәрекелде, іске сәт! Жамбасымды жалаңаштаған мына жер бір байдікі шығар, бес күнде бес қабатты сарай салып, желкемнен жымсиып күліп қарап тұрады-ау деп уайымдаушы ем, өзіміздікі екен ғой, – деп, алқым түймесін ағытып, ағыл-тегіл төгілді. 
– Мен сендерге жобаның көкесін тауып берейін. Ұзатпаңдар. Ас үй мен төргі бөлменің арасында етегі дөңгеленіп, дастарқанды үстемелеген Мағауиннің «Қыпшақ аруы» – Жанат жеңешеміздің құлағы «алтын сырғадан» ада, әңгімемізге қанық. 
– Күнделікті ас-суандарыңды өзім әзірлеймін, аш жүрмейсіңдер, – деп жарқылдай күледі. 
– Ол рас. Сендердей інілерімнен тіл жәрдемімізді аяп не көрініпті, – дейді Ерекең де қостап. Ағамызды, қысқасы, «алдап соқтық!». Үйіміздің іргесі келесі жылы да, одан кейін де, бүгін де көтерілген жоқ. Ығыты келмеді. Анда-санда Астанаға соққанда, қызыл іңірді жамылып, жарылып ашылатын қақпаның тұсынан жылыстап өтіп, жерімізді шолып қайтамын. Бәрібір ағам мен жеңгемнің «тіл жәрдем» ықыласы соңымнан қуып жетеді. Құдай-ау, осы бір жалғыз ауыз сөздің құдіретін, қадір-қасиетін енді ғана сезінгендеймін бе, қалай? 
…Аяз сынып, амалдың алқын демі тершіткен тепсеңде тұрмыз. Аяғымыздың асты әлі тайғанақтау. Жер қойнына үт жүгіріп, көк байырқалайтынына сенгің келеді. Бірақ есеймей жатып ескірген, ащы үні құлақ кестірген кешегі «дәуірдің» қатпарында қырауланған ызғардың сесі сүйегіңді сыздатып, кеудеңді кернеген қасіретіңді көмейіңе әкеп тірегендей. «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!» деген аяулы һәм қаяулы ақын Ольга Берггольц сөзі – тарихтың таразысы, біз де ешнәрсені ұмытпаймыз! Алла берген Азаттығымызға мың мәрте тәубе айта отырып! 
Жоқтық деген немене – барлық делік,
 Бақыт деген дүние ме – алдық бөліп. 
Дүниедегі ең ұлы көрініс не? 
Ол – шідерін үзген ат қарғып келіп. 
Мен қайрылдым, 
сен-дағы бұрылшы, інім, 
Қалай, не деп ұғамыз мұның сырын. 
Аяғыма қараймын – шідерім жоқ, 
Неге қақсай береді жіліншігім? – 
деген алдаспан ақын Есенғали Раушановтың егемендік хақындағы екі ауыз өлеңінің астарында қылаңытқан қатыбас, қаныпезер кезеңдердің сұрапыл суреттерін сен ұмыта аларсың ба, Қазақ! Соны ойлағанда, түн баласында кірпік қамастырмай, зәрің басыңа шауып, қылбұрау салмай-ақ қылғынып, өзді-өзіңнен қиналып, аласұра дөңбекшіп шығасың ғой. Өтірік деші?... 
Рас, отыз жылда төрткүл дүние таныған тұғырлы мемлекетке айналдық! Арғықазақтың тұсында да Ұлы Даланың ұраны ұшанға жеткен! 
Жүрегіңе абай болғын жол шексең, 
Әуре болма өрісімізді өлшеп сен: 
Зорығып-ақ өлер едің, Бабамның 
Қонған жерін қылышыммен көрсетсем!
 Біз – сол Ұлы Даланың жұтылмайтын жаңғырығымыз! Ғарыш заманының жаңалықтары мен жетістіктерін бойымызға һәм ойымызға жатсынбай сіңіріп, өркениеттің өркенінде түйнек байлап жатырмыз. Мысалы, мен Алматы мен Амстердамның, Астана мен Анкараның айтарлықтай айырмашылығын көріп тұрғаным жоқ, Шымкенттің Шанхайдан несі кем? «Үш күннен кейін көрге де үйренетін», «жұмақтың есігінен сығаласа, төріне шығатын» Қазақ Еуразиядағы еңселі мемлекетті өз қолымен нығайтты! Оған дауың болмасын! 
Сабырды сарқуға, үмітті үркітуге болмайды, ағайын. Көз ұшында бұлдыраған сағым сәтте сылдыраған бұлаққа айналып, шөлімізді қандыратын күн де туар. Сәл шыдасақ ше? Отыз жыл емес, әрине... 
Көрген де жоқпыз жасқанып, 
Кешетін қызық, думан көп. 
Өмірді енді бастадық, 
Өткен күн әлі туған жоқ! 
Әңгімеміздің әлқисасында Сыр бойында жиі қолданылатын «Тіл жәрдем» сөзі туралы шама-шарқымызша шешіліп айтқанбыз. Қазір бізге керегі – СОЛ! «Үй сыртында кісі бар». Ол қандай кісі екен? Абыржып тұрғаныңда арандатушының ақылы да алтындай көрінеді. 
Шала тастап, ши жүгіртіп іргемнен,
 Қарап асқақ, көкірегін кім керген? 
Таптап өту үшін менің жерімді, 
Аттап өту керек шығар мүрдемнен. 
Мойның сөзсаң иығымнан ілгері,
 Көрер едің үрдісімді іргелі.
 Мүрдесінен аттатқызып қоятын, 
Момақан деп айтты саған кім мені? 
Аяз сынып, амалдың демі тершіткен тепсеңде тұрмыз. Көктемнің келетіні, жазға ұласатыны, күздің мәуелейтіні анық! Сәл ғана шыдаңыздаршы... Есесіне: 
Бір-бірін, ой-хой, ағалап,
Найқалсын елдің нұр-құты. 
Көк астындағы қағанат, 
Біздікі емей, кімдікі? – 
деп, бір-бірімізге жақындасып, жылы жүріп, жылы күліп, бір тізгіннің ұшынан табылып, «тіл жәрдемімізді» аямайықшы, бауырлар! 1913 жылы «Әлхамдулла, 6 миллион болыппыз» (Ахмет Байтұрсынұлы). Қырық миллион қазақты кім тауып береді бізге?...
 

2426 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз