- Ел мұраты
- 25 Желтоқсан, 2023
ЕЛДІҢ БАҒЫ – ТӘУЕЛСІЗДІК
Желтоқсан – жұртымыз үшін қастерлі ай. 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні. 17 желтоқсан – Қазақстанның Демократиялық жаңғыру күні. Мемлекет тәуелсіз болғанда ғана ұлтымыз, ұлттық құндылықтарымыз өміршең. Тәуелсіздіктің маңыздылығы да сонда – ол өзін-өзі басқарудың, ұлттық болмысты сақтаудың және ұлт-мемлекет ретінде дамудың басты шарты.
Ел тәуелсіздігі сырттан ешкімнің ықпал етуінсіз мемлекеттің өзін-өзі басқаруын, дербестігі мен шешім қабылдау қабілетін білдіреді. Тәуелсіздік елдің өз даму жолын белгілеуге, өз саясатын қалыптастырып, өз тағдырын айқындауға, өз халқының бойында егемендік сезімін дамытуға ықпал етеді. Тәуелсіздік – ұлттың төлтума қасиетін сақтай отырып дамуының басты шарты. Сондықтан да, тәуелсіздік – қол жеткізуге лайықты бірден-бір байлық.
Тәуелсіздік мемлекет үшін тарихи тұрғыдан да, қазіргі заман тұрғысынан да аса маңызды мәнге ие құбылыс. 1991 жылы 16 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңға қол қойылды. Бұның алдында, 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның Егемендігі туралы декларация қабылданған болатын. Өз алдына дербес мемлекет болу процесі осылай заңды түрде жүзеге асты. Декларация мен Тәуелсіздік туралы заң Қазақ елінің елдігін құжат жүзінде бекітіп берді. Жаһандық саясат сахнасына Қазақстан атты мемлекет нық қадаммен аяқ басты. Қазақстан Республикасы бүкіл дүние жүзіне өзін тәуелсіз, құқықтық-демократиялық мемлекет, зайырлы қоғам деп мәлімдеді.
Қазақ елінде тарихи мемлекеттілік бұрын да болды, қазіргі Қазақстан – сол елдіктің заңды жалғасы. Кең байтақ сайын даламызда елдік құрған ғұндар мен сақтар, төрт құбыласын түгендеген түркілер империясының бүгінгі ұрпағы – қазақтар екендігі ғылым тарапынан дәлелденген. «Осы замандағы Қазақстан территориясы – ерте дәуірлерде осы аймақты мекендеген адамдардан тараған ұрпақтардың Төл Отаны» деп жазады атақты антрополог Оразақ Смағұлов. Көне түркі халықтарының қара шаңырағының иесі де – қазіргі қазақтар. Қоғам мен қауым алмасып, уақыт көшінде бір мемлекетті келесі мемлекет ауыстырып жатқан кезеңдерде осынау дала ешқашан иесіз болған жоқ. Қазіргі Қазақстан – сол мемлекеттердің және бес ғасырлық тарихы бар Қазақ хандығының тікелей мұрагері.
Тарихи тұрғыдан тәуелсіздік ұлттың өзін-өзі айқындау құқығының салтанат құруын білдіреді. Өйткені ұлт бұл артықшылыққа ұзақ күрестер мен құрбандықтар арқылы келеді. Қазақ тарихына зер салсақ, соңғы үш жүз жылдағы жүздеген көтерілістер ұлттың өзін-өзі билеу құқығына ие болуы үшін жүргізілгені ақиқат. Сан сапырылысты бастан кешкен халқымыз патшалық отаршылдық дәуірінде де, Кеңес Одағы кезінде де егемендікке ұмтылысын тоқтатпады. Тәуелсіздік құрбандықтарын айтудың өзі ауыр, қазақтың бүкіл тарихы – тәуелсіздік үшін күрес тарихы. Арғыны айтпағанда, Тәуелсіздік күнінен соң іле-шала атап өтілетін Қазақстанның Демократиялық жаңғыру күні – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің жаңғырығы әлі жадымызда. 1986 жылдың 17-19 желтоқсан күндері Алматыда қазақ жастары КСРО билігінің әміршіл-әкімшіл жүйесіне қарсы бейбіт наразылыққа шығып, әділеттілікті талап етті. Бірақ оспадар орталық жастар наразылығын асқан қатыгездікпен аяусыз басып-жаншыды. «Еркек тоқты құрбандық» деп жазықсыз опат болған жап-жас Желтоқсан қаһармандары, сол ызғарлы күндер тағдырын тас-талқан еткен қыз- жігіттердің тәуелсіздікке жетуге қосқан үлесі зор. Сондықтан да бұл қастерлі күннің тарихымыздағы орны бөлек.
Тәуелсіздік, яғни сыртқы бақылаудан еркін болу азаматтардың мемлекетті басқаруына қатысуға, ұлттық идентификация сезімін дамытуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта тәуелсіздікті бекемдеу, елдің дербестігі халықаралық қоғамдастықта терезесі тең болуы үшін өте маңызды. «Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бәрі Тәуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ, ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі және болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек» деген еді Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында. Егемен мемлекет қана өз мүддесіне сәйкес шешімдер қабылдай алады, басқа елдермен сауда-экономикалық қатынастар құрып, өз басымдығынан өрбитін мүддесін қорғап, әлемдік іс-шараларға қатыса алады. Тәуелсіздік – экономикалық дамудың басты тегершігі, өйткені мемлекеттің өз қажеттілігіне қарай тиімді экономикалық саясат жүргізуі, инвестициялар тартуы, инновацияларды дамытуы содан өрбиді. Тәуелсіз мемлекет қана ішкі проблемаларын дұрыс шешіп, ел болашағын сыртқы күштердің ықпалынсыз, өзі белгілейді. Тұтастай алғанда, тәуелсіздіктің маңыздылығы сонда – ол өзін-өзі басқарудың, ұлттық болмысты сақтаудың және ұлт-мемлекет ретінде дамудың басты шарты.
ХХІ ғасыр басындағы әлемдік геосаяси ахуал аса күрделеніп, қым-қиғаш оқиғалар белең алып отыр, бұл жағдайда мемлекеттің іргесін берік сақтау үшін ішкі әлеуметтік тұрақтылық мықты тірек болады. Қазір біздің қоғам өз тарихи аумағымызда өз мемлекетіміздің егесі болып қалуымыз үшін сынақтан өтіп жатқандай. Осы орайда Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдегі және әлемде қалыптасқан өткір мәселелерді егжей-тегжейлі көрсетіп, алдағы бағыт-бағдарды айқындап берді. Мемлекеттік басқаруды одан әрі жетілдіру шаралары қабылданып, реформалар жүргізіліп жатыр. Мұндай саяси-әлеуметтік өзгерістер халық әділетке сеніп, қоғамдық сана жасампаздыққа бейімделгенде ғана дәйектілікпен іске асырылады. Барлық мәселеге де елдік тұрғысынан келу, мемлекетшілдік көзқарас биліктегі лауазымды тұлғалардан да, қатардағы қарапайым азаматтан да талап етілетін тұсқа келдік. Өйткені елдікті сақтай білу – мемлекетті сақтай білу. Әлемде болып жатқан оқиғалардың бізге беріп отырған тағылымы осыны меңзейді. Бұл өзара жік-жікке бөлінуден, билік пен байлық жолындағы алауыздыққа жол беріп алудан сақтанатын кез.
Тәуелсіздік – біздің бүгінгі таңдағы баршамызға бірдей ортақ, бірдей қымбат бірден-бір жетістігіміз. Тәуелсіздікті сақтай білу – ең асыл мұратымыз. Сондықтан да осындай шешуші кезеңде өмір сүріп жатқан буын, барлық әлеуметтік топ өкілі еліміздің тәуелсіздігі мен халқымыздың азаттығын сақтауға хал-қадерінше үлес қосу керектігін жіті ұғып, ерекше қажыр-қайрат танытуға тиіс. Тәуелсіз ел болу – күн сайын, үздіксіз қажыр-қайратты қажет ететін үдеріс. Ол әр салада қызмет етіп жүрген азаматтардан шынайы елжандылық, кәсіби біліктілік, білімдарлық, асқан жауапкершілікті талап етеді. Әр азамат өзінің шама-шарқы келгенінше, республикамыз бен халқымыздың көкейкесті мүдделерінің ойдағыдай жүзеге асуы жолында күш салу өзінің қасиетті парызы деп ұғынса, ішкі орнықтылық беки түсетіні сөзсіз.
Ұлттық бірлік пен біртектілік қана тәуелсіздікті сақтап, қайта түлеуімізге ұйтқы бола алады. Қазақстанның өз ішіндегі бірлік – қазақ мемлекеттілігінің болашағын бекемдеудің кепілі. Қазіргідей жедел құбылмалы заманда мемлекеттілігімізді қастерлеу айрықша мәнге ие. Қазақстанымыз өзінің толымды тарихына сай көркейіп, қоғамның барлық саласы өркендеуі үшін баршамыз жауаптымыз.
Дина Имамбай
3032 рет
көрсетілді0
пікір